Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
«Әр адамның өз үні болуы керек...»...

17.05.2024 1677

«Әр адамның өз үні болуы керек...» 12+

«Әр адамның өз үні болуы  керек...» - adebiportal.kz

Жақында Ұлжан Киікбай есімді бір қарындасым өздерінің «Үн» атты дербес шығармашылық тобы бар екенін, жақында «Құланиек» атты адамның  балалық шағына қатысты қойылым қоятынын, сол кештің құрметті қонағы ретінде қатысуымды өтініп хабарласқан еді. Бардық, жастардың жанып тұрған көзі мен шығармашылық талпынысын көріп қатты қуандым. Кештен кейін жастармен аз кем тілдескен едік. Бұл материал шығармашылық топтың осы талпынысын  аз да болса насихаттау мен қолдау көрсету мақсатымен арнайы жарияланып отыр. Енді «Үн» шығармашылық тобының жетекшілерінің бірі Зылиха Бауыржанқызы мен  Ұлжан Киікбаймен  шағын сұхбатымызды өздеріңізге ұсынып отырмыз құрметті оқырман қауым.

-Ұлжан қарындасым, алғашқы сұрағымды қарапайым ғана мына сауалдан бастасам деймін. «Үн» бұл шығармашылық топ па Топ болса оның табиғаты мен мазмұны қандай«Үн» деп ат қоюларыңыздың мақсаты неОсы сауалдар жайында  айтып берсеңіз?

-Иә, “Үн” шығармашылық топ. Бұл жоба дүниеге келмей тұрып, біз жазушылар жайлы олардың шығармалары жайлы көп сөйлесетінбіз. Кітаптың тұсаукесері бола қалса қалмай барып, жаңа жазушы танып-білсек қатты қуанып соны біразға дейін әңгімелейтінбіз. Сөйтіп жүргенде мынаны байқадықЖазушылардың шығармасы оқылған жерінде сол тұсауы кесілген жерінде қалып, ары қарай таратылуы, айтылуы  тым сирек екен. Шығарманың желісімен түсірілетін фильмдер тіпті жоқтың қасы. Содан кейін прозадан гөрі поэзия кештеріне адамдар жиі баратынына қызығамыз. Осындай ішкі, сыртқы факторлардың әсерінен біз прозаға иек сүйеген жоба боламыз деп шештік. Мазмұнына келсек, моральдан аулақпыз. Өз сөзіміз өзіміздікі. Түйінді тыңдаушы жұрт өзі шешу керек деп ойлаймыз. Айтқысы келетін жазғысы келетін кез-келген адамға есігіміз ашық. Содан кейін біз ескі, есті әндердің өз кештерімізде орындалғанына көп көңіл бөлеміз. Сосын әр кеш соңында келген жұртқа сөз беретін “ашық микрофон” деп аталатын шағын айдарамыз бар. Айтылған тақырыпқа қатысты немесе одан тыс ойындағы дүниелердің бәрін айтуға болады. Бұл адамдарға өз сөзін анық, жүйелі, жеткізуге бір сәтке болсын өзінің булығып жүрген ішкі шерінен арылуға мүмкіндік береді деп ойлаймыз. Ал, ат қоюға келгенде ұзақ ойланғамыз жоқ. Әр адамның айтатын өз үні болу керек дедік. Ол өз басының қамын ғана күйттемей қоғамдағы мәселелерді де айта алуы, жаза алуы керек деп ойлаймыз. Ол үшін оның ішкі өзегі яғни әр адамның өз үні болуы  керек деп санаймыз

-Зылиха ханым, бұл идея сіздерге қай кезде келдіҚашаннан бастап шығармашылық топ ретінде жұмыс жасап жатсыздарТоптың негізгі мүшесі қанша?

-Бұл идея жалпы бірнеше жылдан бері ой түйсігімде жүрді. Сөйтіп жүргенде театрдан “Кешкі 7” деген қойылымды көрдім, сол қойылымда әр қатысушы ортаға шығып әртүрлі оқиғаны, өз эмоцияларын қиындықсыз, қарапайым тілмен жеткізіп жатты. Сол қойылымдағы форматты көріп  біздің іздегеніміз «осы екен ғой, сол дедім». Бірде шай үстінде Ұлжанға осы ойымды айтып едім, ол бірден қолдай кетті. Сол жерде өткізетін күнді белгілеп, өткізетін орынды да таксимен бірден барып келісіп қайттық. Ол кез осы жылдың ақпаны еді.  Жобаны бірден қолға алып,  наурыз айының 3-і күні ең алғашқы кешті бердік. Ең бірінші кеш үш қатысушының осы кезге дейін айта алмай, бөлісе алмай жүрген жекеленген үндеріне бағытталды.  Осы кештен кейін адамдарға ерекше әсер қалдырғанымызды байқадық. Олар ашық микрофон барысында тақырыпқа ұқсас жайларын бөлісіп, өздерін өте еркін сезінгендерін жеткізді. Негізгі мүшесі осы Ұлжан екеуміз. 

-Инстаграмдағы парақшаларыңыздан байқап отырмын «Мизамкөк», «Құланиек» атаулары ерекше ұнады. Таза төл түсініктен қуат алған қазақы пайым екен. Сол үшін де өздеріңізге ағалық алғысымды білдіремін. Тағы бір сұрайын дегенім сахналық қойылымның сценарин кім жазадыӘр адам өз сөздерін автономды (жекелей) өздері жаза ма?

ә, атау қоюға қатты мән береміз. Өзіңіз байқағандай төл түсініктен қуат алып, қозғалғалы отырған тақырыбымыздың дертіне дауа болмаса да, дөп көрсетер атау қою басты шартымыз. Дұрыс айтасыз, әр сөйлеуші өз сөзінің авторы. Бағана айтқанымыздай әр ерік білдірген адам біз алып отырған тақырыпқа қатысты, өз жазғанын оқи алады. Бізде жазушы болу үшін, еленуің үшін том-том кітабың болуы шарт қой. Қала берді бұл өмірде болмасаң тіпті жақсы. Ал біз қалам ұстағым келеді деген кез-келген адамның сәл де болса арманы орындалса дейміз. Сценарий дегенде екеуміз белгілі бір реттілікпен айтылатын монологтарды қойып шығамыз жанына ән қосамыз, мұны біз әдетте “қаңқа” дейміз. 

- Ұлжан өзіңнен сұрайын дегенім, белгілі қаламгерлердің шығармаларын манга мен комикс тәсілдерімен шығарады екенсіздерБұл не десек те ғажайып бастама ғой. Туындыны баланың тіліне бейімдеп суреттерін кім саладыҚаржылық жағы қалайДемеушілеріңіз бар ма?

- Бұл өзі аяқ асты басталған бастама болды. Құрбым Үпіл екеуміз Амангелді Иманов көшесінің бойындағы “Алматыкітап” баспасынан бір-екі кітап алып шығып келе жатқамыз бір кезде оның:  “қазақша жазылған мангаға не комикске арнап сурет салғым келеді”,- демесі бар ма? Идея көрсем қолдай кететін басым,  “соны неге жасамасқа”,- дедім. Сөйтіп, жол-жөнекей осы ойды пісіріп, әуелі қазақ әдебиетіндегі бір шығарманы алып көрейік деп шештік. Ол суретін салып шыққан соң, мен мәтінін қалыптап шығатын болып келістік. Идеяны Зылихаға хабарладым, ол да қолдай кетті. Дәл сол кезде біз “Мизамкөкке” дайындалып жүргеміз. Бұл кешті әйелдер тақырыбына арнаған едік. Монологтардың бірінде зорланған қыз жайлы айтылатын жерін  әңгімелесе келе Әуезовтің “Қорғансыздың күніне” тоқтадық. Салуын салып алған соң бұл манга ма әлде комикс пе деп біраз ойландық, зерттедік. Қарасақ, манга бастауын шығыстан алған, көркем әдебиетті де бағыттауға болатын және ересектерге де арнап жазыла беретін жанр екен. Ал, комикс о баста балалар мен жасөспірімдерге қалыпталып шығарылған жанр көрінеді. Сол үшін де біз бұны манга деп атадық.  Суреттерді Үпіл өзі салады. Шыққан екі манганы да өзі салды. Айтпақшы, екінші манга Ақберен Елгезектің “Болмаған балалық шақ” шығармасына арналды.

Бастамай тұрып, Ақберен ағаның бірауыз рұқсатын алғанымызды да айта кетуіміз керек шығар. Ең бірінші шыққан Әуезовтің “Қорғансыздың күнінен” байқасаңыз, қыздың бар қайғысы мен қасіретін гүл көтеріп тұрғандай күй кешесіз, гүлге сондай символикалық мән беру суретшінің сәтті шешімі деген болар едім. Мәтіндерді мен өзім қалыптаған боламын. Бірақ, ескере кету керек дүние ешқандай да автордың сөзін бұзып, не өзгертпеймін тек салынған суретке сай жүйелеп шығамын. Жалпы жоба бойынша да, манганы салу бойынша да ешқандай демеушілеріміз жоқ. Сол үшін де келушілерге билеттерді сатамыз.  Түскен қаржы өтетін жерді жалға алуға және манганы шығаруға кетеді. Манганы да сатылымға қойсақ дейміз. Әзірге қазақша манганың оқырмандары сирек әрі шығып жатқанын көп жұртшылық біле де бермейді. Оның үстіне бұл салада алғашқылардың бірі болғандықтан тәжірибеміз сәл аздау, сол үшін де жүрексінетініміз еш өтірік емес. Асылында, осындай жаңашылдықтың арқасында әдебиеттің оқырманы көбейсе, салынған суреттерге қарап мектеп оқушылары да кітап оқуға қызығушылық танытса біз бек қуанышты болар едік

-Зылиқа байқаймын, тақырыптарыңыздың дені әйел тақырыбына арналған екенӘйелді таған ретінде таңдауларыңыздың мәнісі не?

-Алғашқы кештердің тақырыбының бірін әйелдерге арнағанымыз рас. Бірінші, сол мезетте қоғамда қатты талқыға алынып жатқан тақырыптардың бірі болды. Екінші, қай ғасыр болмасын өзектілігін жоймай тұрғаны тағы бар.  Бірақ біздің айтқымыз келетін, жазғымыз келетін тақырып тек “әйел” емес. Тағанымыз — проза, қазақ прозасы.  Алдағы уақытта тағы басқа тақырыптарды қозғасақ деген тиетіміз бар. Мысалы, соңғы кешіміз бала арман, бала қиял, бала махаббат аясында өтті.

-Алдағы жоспарларыңыз қалай?

-Жоба бұл маусымды аяқтап, келесі маусымда көрермен мен тыңдарманға қайта жол табады деп сенеміз. Бастала сала бірден, үн-түнсіз жоқ болып кеткіміз келмейді. Екінші маусымға дейін манга жанрын толығырақ зерттеп, басынан бастап қазақша мангаға арнап жазылған бір дүние жасап көрсек дейміз. Бірақ, әзірге бұл ниет қана. Тағы басқа байқап көрсек деген жоспарларымыз көп. Мысалы, осы кезге дейін кітабы жарыққа шыққан жазушыларды шақырып, әңгіме-дүкен құрсақ дейміз. Жазушылардан шығармаларының шығу тарихы жайлы, жазудағы тәжірибелері жайлы көбірек естіп, білсек дейміз. Жоспар да, идея да көп кейбіреуі құпия болып қалса деген де тілегіміз бар. Кезі келгенде оны өздеріңіз көре жатасыздар ғой. 

-Әңгімелеріңізге көп-көп рахмет!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар