Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Ар безбені (әңгіме)...

24.04.2025 1457

Ар безбені (әңгіме) 18+

Ар безбені (әңгіме) - adebiportal.kz

Қыраулы күздің ызғарлы шағы еді. Хиуа бектері жәуміттерді адай ауылына айдап салып, екі елдің арасына от тастап, сырттай мұртынан күліп отыратын заман. Қотан аңдыған жыртқыштай, мысықтабандап, жымын білдірмей, екі көзін адай ауылдарынан алмайды. Жәуміттер алыстан тың тыңдап, ел арасына бейсауат жансыз салып, бейбіт елдің қапысын табудың жоспарын сызып отырады.

Малдың ыңғайымен, шаруа жағдайымен бір-бірінен іргесі ажырай қонатын қазақ ауылдарының сетінеген тұсынан ат ойнатып шыға келер Сейілханның жаужүрек ұлдарына сегіз арыс адайдың қайсар ұлдары да үнемі тойтарыс беретін-ді. Түрікпен мен қазақтың арасы бірде бұзылып, бірде түзеліп отырған. Екі ел арасына хиуалықтар сына қағып, жәуміттерді қайрап салған бір сәті екен.

Екі жақтың қолы тұрысып, итжығыс түсіп, бір-бірін ала алмай: «Қап бәлем, келесі кезде пірлер демеп, Алла біз жақтан болар!» деп шөгірмелілер кетті. Келесі кезде: «Қаратамақ найзамызбен кеуделеріңді жарып, бастарыңды допша домалатармыз, бәлем!» - деп адайлар қалды. Екі жақтан да шығын көп. Жараланғандар қарасы мол. Ауылдан аттанып кеткен жорықшылар түнеріп-түнеріп келді. Жау оғынан өлген азаматтардың шаңырағында жоқтау айтылып, заманақыр болып жатыр.

Шаңғара - жауға қарсы қайрат қылғандардың бірі. Үркіп қалған ауыл үйге басу айтып, отбасымен қауышты. Баласы Қаңғабай атын ұстады. Он үш жасар бала мылтық десе есі кетеді. “Мылтықты тазала”, -  деп, жорықтан келген Шаңғара винтовкасын баласына ұстатты.

Жорықтан оралған Шаңғараның қабағы қатыңқы. Қан майданнан қан кешіп келген адамда не жылылық болсын. Баласынан ауылдың амандығын сұрады.

- Ауыл тыныш па? - деді әкенің алғашқы тіл қатысы.

- Тыныш, көке, - деді бала.

Екі-үш күнде баласы өсіп кеткендей көрінді. Қаңғабай әлден-ақ аңшыларға қосшы бала болып ереді. Аңды тазы итімен ұстайды.

 Зайыбы Дәметкенге: "Есенсіздер ме?" деп амандасты.

- Аманшылық, аманшылық, - деп от жағып жатқан әйелі қалбалақтап жатыр.

Одан әріге есендік сұрасуға құлқы соқпады. Көкжиекті ойша шолып, қақ төрде қақшиып отырды.

- Атаңа нәлеттер-ай! - деді бір кезде.

Көкірегі қарс айырыла: "Атаңа нәлеттер-ай" дегені – қашан қой үстіне бозторғай жұмыртқалар заман келер екен деген уайымы еді. Айналасындағы әрнені бір сылтауратып, елге бүлгіншілік әкелер жауларына қарата айтқаны еді.

- Шаңғара, а Шаңғара! - деп сырттан дауыстап Дәуіт қария келді.

- Ақсақал, төрлетіңіз, - деді Шаңғара.

-Шырағым, Шаңғара, алты түтін ені басқа ел едік. Сендермен қашаннан араласып, көшіп-қонып жүрміз. Анау ұлым Жиғанның аш бүйіріне қорғасын оқ қадалып, қиналып жатыр. Алты үйдің әйел затынан бірде-біреуі шықпай, елге масқара болып жатырмыз, - деп қария кемсеңдеп қоя берді.

- Бұйымтайың не?

- Келін дәреттеніп барып, қарағымның үстінен аттап бермес пе екен. Ұшығы қабыл болып, қорғасын оқ сырттар.

Шаңғара екі сөзге келмей, үркіңкіреп тұрған Дәметкенге иек қақты. Иек қағуы мұң екен, Дәметкен босаға жақта тұрған құманға жылы су құйып алып, сыртқа беттеді.

- Мен тұрайын, - деп ақсақал тұра берді.

- Дәмнен ауыз ти. Бірге барамыз, - деп Шаңғара қарияға отыра тұр деді.

Дәуіт қарияның баласы Жиғанға жаяу мергеннің оғы аш бүйірден қадалған. Шықпа жаным, шықпамен кірпігі әзер қозғалып: «Ал кеттім!» - деп қорқытып жатыр.

Қазақ халқы киелі ел ғой. Мұндайда дәреті түзу әйел кісі еркектің үстінен аттаса, қорғасын оқ сыртқа теуіп шығады. Егер әйелдің дәреті түзу болмаса, жаралы кісі өліп кетеді. Ар мен тазалықтың таразыға түсер сәті осы.

Дәуіттен тараған алты түтіннен жөні түзу әйелдің шықпауында гәп бар. Осы ауылдың ұзын етектілері сылаңдаған, жыртыңдаған біреулер еді. Осы алты түтіннің әйелдері көксауыр етік тіктіргіш еді. Тәуекелге жарамай, бәрі басын алып қашқан. Ел құлағы елу, халық таразы ғой. 

Ал Шаңғараның жары Дәметкеннің тазалығына ел әңгіме айта алмайтын. Дәуіт қария көшелі кісі ғой. Шаңғараға жүз сала келгені, антқа адал жанды Алланың сынына салу үшін қол жая келген беті тұғын. Көрші қақысы – Құдай ақысы. Орынсыз дей алмайсың. 

Дәметкен – тік шаншылған найзадай сымбатты, ұзын бойлы, алма мойын, қыр мұрынды, атжақты, бидай өңді әйел затының бір көргенде-ақ көзге оттай басылар әсемі еді. Әшекей-салпыншаққа құмар емес. Қайын-құрдастарын маңына көп жуыта бермейді. Көзге түскісі келіп жасанды қылық жасамайтын, орынды орынсыз дауыс көтеріп күле беретін жыртыңбай емес-ті. Жаны қарапайымдылықты сүйетін. Қарапайымдылығының өзі асыл тектен дарыған. Ар-ұятты тұмардай тағынып өскен арлы әулеттің тәлімімен көкірегі ояу, жүрегі таза боп жетілген. Арына кір жұқтырмаған пәк қалпын сақтап, ел алдында да, ер алдында да ешқашан еңсесін түсірмеген.

Шаңғарадай ерінің бетіне жел боп тимеген, ерінің қабағынан күй таныған – нағыз аяулы жар. Сол бір шаншыла қараған жанарынан-ақ сабырдың, салмақтың, ішкі тазалықты оқуға болатын еді. Көп сөйлемейтін, өсекке араласпайтын, аузы кілтті. Аз сөзіне көп мағына сиғызатын сөздің де адамныңда қадірін білетін жан. Ауыл әйелдері арасында өзіндік орны бар, үлкеннің алдын кесіп өтпейтін, кішіні қабақпен тәрбиелейтін ұстамды бәйбіше.

Жылқышының қызы деген атына сай: қол-аяғы балғадай, анау-мынау жігітке бергісіз қарулы болатын. Қой қырқып, түйе күзеп, асауды ауыздықтаған сәтінде ауыл балалары таңдай қағып қарап қалатын. Тәсілі де тәуекелі де қатар жүретін. Қолынан келмейтін іс жоқ. Атасы Жары аулының атақты найзагері еді. Қаратамақ найзасы талай жаудың өңменіне кере қарыс бойлап шөлін қандырған ел қорғаны еді. Сол атасына тартып әйел болса дағы – бір сөзді. Туа бітті икемділік пен табиғи тәсілқойлық қанымен келген.

Жан тазалығы – оның ең асыл қасиеті. Үнемі дәретті күйде жүреді. Түйе сауғанда да: "Бісміллә" сөзін айтпай желінге қол тигізбейді. Күнделікті тіршілігінің әр сәті – бір ғибрат. Тек үй ішінің ғана емес, бүтін ауылдың берекесі сияқты. Ондай әйелдер – өмірге сирек келеді. Мұндай аналар – ұлттың өзегі.

Киіз үйдің төрінде бүктетіліп, шалажансар күйде жатқан Жиғанның тынысы әрең білінеді. Аш бүйірінен қадалған оқ діңкелетіп тастаған. Киімін жаңалап, жарасын таңғанымен, ер-азаматтар мен бозбалалардың қолынан келер қайран жоқ. Үнсіз қоштасып, іштей тілектерін арнап тұр.

Кенет сырттан: «Келе жатыр!» - деген дауыс естілді. Жұрт назарын сыртқа аударып, келе жатқан төртеуге көз тікті. Дәуіт қария Шаңғара мен оның зайыбы Дәметкенді, соңынан 13 жасар Қаңғабайды ертіп келеді. Дәметкен 33-34 жаста, Шаңғарадан бес жас кіші. Қаңғабай 1870 жылы туған болса, отасқандарына 14-15 жыл болғаны.

Жұрт екіге жарыла жол берді. Ағаш үйден әйелдер сығалап қарап тұр. Бірі: «Әулиелігіңді көрейін», - десе, екіншісі: «Өтірікке сеніп жүрген қақпас та алжып жүрген», - деп күбірлейді. Үшіншісі: «Мына қақай ине жұтқандай болып алып не бітірер екен!», - деп мысқылдасып, күбір-күбір, сыбыр-сыбыр...

Дәметкен қобалжып, шалажансар жатқан ер адамның үстінен аттамаққа ниеттеніп: «Бісміллә, Сұпы ата, абыройсыз қылма, Құдай жанын қалдыршы!» - деп іштей дұға етті. Дәуіт қария: «Келін, атта, Алла алдында жауабын өзім беремін", - деді. Жұрт: «Атта, атта!" - деп шу ете қалды. Дәметкен әлі де болса қобалжып тұрғанда, Шаңғара: «Аттасайшы, қиналып бітті ғой!" - деп зекіп қалды.

Дәметкен лып етіп аттап өтті. Жиған сол күйі тастай қатып, тіршілік нышаны білінбеді. Дәуіт қария күрсініп, опырыла отыра қалды. Киіз үйдің ішіндегі әйелдердің беттеріне қан жүгіріп, көңілдене қалды.

Шаңғараның: «Аттасайшы, тағы!" - деген үні қамшыдай сарт етіп, саңқ ете қалды. Түсі қарақошқылданып, әбден түтігіпті. Дәметкен тағы да аттады. Шалажансар Жиған өліп қалған ба деп жұрт үрейленіп тұр. Ол қасқыр тамақтап кеткен қойдай бүктетіліп, басы қисайып, әлі жатыр.

Киіз үйдегі әйелдердің қыбы қанып, бойы бір тұтам келіншек көксауыр етігін киіп сыртқа шықты. Алты үйден де әйелдер сыртқа шыға бастады. Барлығы өздерін тазамыз, ал сендер жаман ойлайсыңдар дегендей, айналасына шекелеп қарайды.

Дәметкен: «Сұпы ата-айй, таза едім ғой. Антқа тұрғаннан жаман қиналдым-ау!» - деп қамыға өксіп жіберді де, бойын тез жинап: «Бісміллә!» - деп үшінші рет батылданып, шалажансардың үстінен аттай бергенде, Жиған кенет ыңыранған бір дыбыс берді де: «Аһ», - деп жалын ата үн шығарады. Сөйтті де бүктетіліп жатқан денесін түзей бе, қайтадан талықсып кетті.

- Сырттады! Оқ түсті! Оқ түсті! - деп жұрт шу ете қалды. Жұрт жапырлай, Жиғанның үстіне төне түсті. Көйлекті айырып жіберіп қараса, ірік-ірік қан аралас қорғасын оқ арпаның дәніндей болып, екі бөлек болып жатыр екен.

- Алланың құдіреті! - деді Дәуіт қария жыламсырап:

- Ай, қарағым-ай, жапырағың жайылсын. Ақ безерген екенсің. Анадан қайта туғандай болдың-ау, - деді. Қарияның: «Қиналдың-ау, толғаттың-ау!» - дегені астарлы мағынада айтылған сөз еді.

Көксауыр етікті, бойы бір тұтам, келіншекті жер жұтып бара жатқандай тым аласарып кетті. Үйден батылданып сыртқа шыққан әйелдер жүні жығыла үйді-үйге қайта кіріп кетті.

- Шаңғара, келін шырағым! Жаңағы жамандарың қайда? Батамды берейін! - деді Дәуіт қария.

Осы кезде Жиған есін жиып, бір қырынан аунап түсті.

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар