немесе
жазушылықтың ақысы
(«Әдебиет порталына» шыққан Тоқтарәлі Таңжарықтың
«Жас әдебиетшілерді «эмиграцияға» жіберу керек» деген мақаласынан кейінгі ой)
Ақын Тоқтарәлі Таңжарық мақала жазыпты. Әдейі, жас ақын демей, ақын деп отырмын.
Мен бұл туралы жазсам ба, жазбасам ба деп жүр едім. Басында Елбасының мақаласын оқыған соң-ақ жазуды ойладым. Ондағы «...бұл жұмыста шығармашылық зиялы қауым, оның ішінде Жазушылар одағы мен Ғылым академиясы, университеттер мен қоғамдық ұйымдар үлкен рөл атқаруға тиіс» деген бір сөйлем ішімді қылп еткізді. Одан соң телеарнада жазушылар мен Елбасының кездесуін көрсетіп жатыр дегенде тіпті мазам кетті. Бірақ қарағам жоқ.
Дегенмен сырттарынан тон пішпейін деп көріп шықтым. Бірден айтып қояйын, жазушылардың әңгімесіне көңілім толған жоқ. Бұл үш кісіге және ол кісілердің осы жолғы әңгімесіне ғана емес, жалпы жазушылар қауымына, одағына, үлкен-кішісіне наразы болып жүргелі көп болып еді (Осы жерде «сенің ризалығың кімге керек» деп мырс ете қаласыз-ау).
Әлихан Бәйменов «Әдебиет порталын» қарап отырамын, жазушылар бірін бірі жағадан алғанша шығармашылықпен айналысса ғой» деген мәндегі сөз айтыпты дейді. Бәйменовтің ғана емес, көпшіліктің ойы осы ғой. Соны түсініп, ешқашан ешкімге қарсы ештеңе жазбаймын ғой деуші едім. Бірақ мазаны қашырып тұрған ойларды бір айтып қалмасам болмайын деп тұр. Қашанғы бала болып жүре береміз? «Самое страшное не то что мы теперь взрослые, а то, что теперь взрослые – это мы» дегенді оқып едім. «Біздің ересек болып қалғанымыз ештеңе емес, қорқыныштысы – ересек деген мына біз екеніміз» дейді. Жауапкершілікті біз сезінбесек, кім сезінеді? Ал үндемей қалу жауапкершіліктен бас тарту емес пе?
Тоқтарәлі қазақ әдебиетінің шет елге аударылуы туралы айтыпты. Мен бұл тұрғыда айтқандарының бәріне дерлік келісемін, тек бір нәрсеге келіспеймін. Менің ойымша қазақтарды басқаларға аудармай-ақ қоя тұру керек. (Жоқ, әрине болмасын демеймін. Болсын. Бірақ бір ойланатын нәрсе бар бұл жерде). Егер ел болып қалатынымызға, дамитынымызға сенсек, қазіргі дайындықпен, қазіргі уақытта өзіміз өзімізді шет елге аудару түк те керек емес. Дамысақ, жұрт өзі аударып алады. «Тургенев пен Толстойды, Достаевский мен Чеховты шет тілге орыстар аударған жоқ. Бізді мақташы деп, ешбір орыс ағылшын мен французға, немесе неміске жалынған жоқ. Жапондар да ешкімге ештеңесін зорлап тықпаламады – әдебиетін, басқасын былай қояйық, қазір әлем олардың икебана, шай рәсімі сияқты «ұсақ-түйектеріне» дейін қызықтайды. Неге? Себебі, орыс – күшті, жапон - мықты. Өзіндігі мықты. Ең алдымен, өзін жақсы көреді. Алдымен – Өзі, сосын – әлем. Олардың өзіндігі, ең алдымен, олардың жаппай өз тілінде сөйлеуінен көрінеді. Мен анық білем – барша қазақ тегіс қазақ тілінде сөйлеген күні әлем бізге өзі келіп сәлем береді. Сіздің аңсаған, зарыққан, шөлдеп өлген «деңгейіңіз»– тойымсыз мақтанқұмарлығыңыздың көмейін өзі келіп тығындайды. Абайды сізден сұрамайды – Абайды өзі тауып алады да, көкейіңізді жегі құртша тескен әлемдік биікке өзі алып кетеді. Бірақ, алдымен өзіңді өзің құрметтемей, ондай құрмет сізге жоқ...» дейді Тұрсынжан Шапай. Бұл кісінің ұстазы Мұхтар Мағауин да «Шыңғыс ханды шет тіліне аудартасыз ба?» деген сұраққа: «Оған уақытым жоқ, мезгілі жеткенде өздері аударып алады» деген мәнде жауап береді. Осы ұстанымға толық қосыламын. Ал егер... егер ел болмаймыз, көп ұзамай бәріміз ағылшынша сөйлеп кетеміз, басқа ұлт өкілдері инвестор ретінде, күйеу бала ретінде, тағы басқа да себептермен қаптап кіреді (олар да ағылшынша сөйлейді, тура болашақтағы біздің қазақтар сияқты), біз тоқ, бірақ «қазақ» деген сөздің төңірегінде бас қатырмайтын, Олжас Сүлейменовше айтқанда «нород» емес, «населениеге» айналатын болсақ, онда аударып-аударып қойған дұрыс. Ең болмаса, қазақтар басқа тілде болса да кітапханаларда тұрсын.
«Кішкентай елдің үлкен жоспары болуы тиіс» депті Тоқаң. Ол жоспарды алдымен зиялылар жасауы керек қой деп ойлаймын. Мұхтар Мағауин өзінше сол жоспарды ұсынды да. Бүкшеңдеп қалған қазаққа «мен» деп қасқаюды үйретті. Зіл батпан ойымен Әбіш кеңдікке шақырды. Сол секілді әр буыннан, әр саладан әркім әртүрлі көлемде ой ұсынды. Тұтас бір жоспар құрып, ел болып соған ұйысу деген енді болмайтын да шығар. Заманның беталысы басқа ғой. Әртүрлі болып-ақ, бір-бірімізге бір елдің азаматы ретін құрметпен қарап, бағалап өмір сүруді үйреніп, тынышталатын шығармыз... Дегенмен, осы Қазақстанда өмір сүреміз, балаларымыз осы жерде өсіп-өнеді деп ойлайтын халықтың атынан зиялылар ойланып, Құдайдың берген қабілетінің ақысын беріп, уайым жеуі керек қой деп білемін. Осы жағынан келгенде, жазушыларға, одаққа, жасы-кәрісіне көңілім толмайды. Өйткені, жазушылар өмірден қалып қойды деп есептеймін.
Той-томалақ, өлім-жітім, мүшәйра, тендер, меценат, ескерткіш, награда, ауданның құрметті азаматы деген сияқты ұғымдар тұрғанда үлкен жоспарға орын да қалмайды өзі. Жастар да осы кісілердің соңынан еріп бара жатқандай. Ендігі уақытта темекі тартып, өзіңнің әдебиет туралы көзқарасыңды кездескен адамның бәріне қайталап айтып жүре беретін заман өткенін көбі түсінбейді. Жазушылар қараусыз қалды. Ол заңды да. Бәсекелік қабілет болмаған соң, басқаша бола ма? Кітап саудасы, идеологияға ықпал ету, шет елдіктерді аудару, шет елге аударылу, жазушылар иммиджі, тағы басқа сияқты нәрселерді өздері ұйымдастыра алмаса не ұйымдастыра алатын біреуді іске тартпаса, оның бәрі өз-өзінен дами ма? Жазушылар өздері жаңғырып, дамымағанмен, басқалар сөйтіп қарап отыра ма? Әртүрлі салада жүрген жастар бар, білім жағынан жазушыларды сан орап кетеді.
Сен өзің кімсің дейсіздер ғой. Мен де сол бір жазушымын. Жаспын демеймін. Не бітірдің дерсіз? Бір нәрсе бітірдім: көп нәрсе бітіру керек екенін түсіндім. Соның жолында ізденіп жүрмін. Не істесе болады деп көп ойланамын. Жазушылықпен ғана емес, жалпы азаматтықпен бітіретін шаруа өте көп. Бірінші, өз-өзімді рухани, интеллектуалдық, материалдық, физикалық жағынан жетілдіруім керек. Сөйтіп жүріп, бірнеше мәселелерді шешуім керек деп өзіме міндет етіп қойып алдым. Ол нәрселер, бұйырып, реттелсе, өзі белгілі болады.
Бір мезгіл ішімізге үңіліп, одан соң, жан-жағымызға қарап алар уақыт баяғыда жетті. Енді ол сәт өтіп кетуі де мүмкін. Күші бар адамның мысы болады. Халықтың бір күші – ойы. Ал ол ой зиялыларда, соның ішінде жазушыларда. Оның сұрауы бар.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.