Аударма кез-келген қаламгер үшін үлкен сын. Оның ең жарқын үлгісін хәкім Абай көрсетті. Әйгілі Пушкиннің "Евгений Онегинінен", Лермонтовтан жасаған аудармаларын оқығанда еріксіз сүйінесің. Ақын кейіпкердің тілін ғана емес, рухын қазақтандыра білген. Және бұл аударма өнер жарыстыру деңгейінде. Бастысы мұнда терең ойшылдар арасындағы үндестік жатыр. Төл туындыдағы ақынның жүрек дүрсілін жеткізе білген. Әдебиетке сөзбе-сөз аударма жүрмейді. Мақсат шығарманың ой мен сезімін көшіру. Ол үшін аудармашы түпнұсқаны толық түсіне алатын сол шығарма авторымен деңгейлес болғанда ғана осы үдеден шыға алмақ. Көп ретте талантты ақын-жазушылар аудармағаннан кейін жалаң сөйлем, құрғақ сөзбен аудармамыз ақсап жатады.
«Сергей Есенин: Өкінбеймін, Шақырмаймын, Жыламан...» атты кітапты 2015 жылы қазақтың белгілі ақыны Исраил Сапарбай аударып жарыққа шығарды. Қалың оқырман қауымды орыс табиғаты мен жанының жыршысы, ғажайып лирик ақын С. Есениннің шығармашылығымен жақынырақ таныстыра түсті. Бұған дейін де ақын өлеңдері ішінара аударылып, Ғафу Қайырбеков пен Қадыр Мырза Әли тәржімалары жеке кітап болып қазақ тілінде жарық көрді. Сол аудармаларды әбден оқып сіңірген ақын тіптен көсіле түскендей. Лирика оң жамбасына келетін «махаббат ақыны» Исраил ағамыз Есенинді тірілтіп қазақша сөйлеткендей күй кешіреді. Естуімізше ағамызбен араласатын қаламгер достары «Серік Есенұлы» етіпсің деп бағалаған екен. Біз де сол пікірдеміз.
Кейде ақынның табиғатына жақын ақындар болады. Меніңше Исраил аға өз ақынын тапқан. Қос ақында ғажап үйлесім бар. Аударма дегеніміздің өзі алдымен қаламгерді толық мойындау, оның шығармасына деген ыстық ықыластан туындаса керек. Ол шығармаларының өн-бойынан анық сезіледі. Жалпыға мәлім «Шаганэ ты моя, Шаганэ» өлеңін қараңызшы:
Шаганэм менің, Шаганэм!
Келгенімді білсең еді қай жақтан:
Солтүстіктен, сонау салқын аймақтан!
Көрсең етті өзіңе ұқсас жамалы
Ай астында аунап жатқан даланы...
Шаганэм менің, Шаганэм!
Солтүстіктен –
Сонау салқын аймақтан
Атып келе жатқан шақта жайлап таң,
Күнді көрсең жер-жаһанды жайнатқан!
Айнымайды-ау, айнымайды-ау Ай батқан
Сүт бетінен сүзіп алған қаймақтан.
Шаганэм менің, Шаганэм!
Өзіңдей қыз өзен бойын маңайлап,
Жан-жағына жаутаң-жаутаң қарайлап,
Жүрген шығар, жүрген шығар мені ойлап.
Шаганэм менің, Шаганэм!..
Шеберлік. Құдды ақынның өз өлеңіндей. Есениннің өлеңдерін ғана емес анасына, қауым-қарындастарына, қаламдас, қадамдас достарына жазған хаттарын да қоса аударды. Ол хаттарда ақынның жақындарына деген сағынышы, сол кезеңдердегі жағдайлар суреттеліп, жүрек сыры айтылған. Ақын хаттары сонысымен құнды. Исраил аға есенинтану ғылымын өз мойынына алғандай күй кешіреді.
Қазақ әдебиеті газетіне шыққан жазушы, журналист, аудармашы Ғазизбек Тәшімбай ағамыздан басқа бұл кітапқа пікір білдірген адамды әлі оқымадық. Аудармашы ағамыз да ақынның артықшылығына тоқталып келіп, аз-кем ескертулер де жасаған екен. «Шынымды айтсам, оқта-текте кездесіп қалатын «әл-күшім», «мұтылмай», «анжаққа» деген сияқты қайталаулар болмаса, мен бұл жинақтан пәлендей кемшін тұстар көре алмадым». Әділ баға.
Төрт бөлімнен тұратын жинақтың бірінші бөлімі өлеңдер болса, екінші бөлім хаттар, үшінші бөлім ақын жайлы естеліктер, төртінші бөлім ақынның махаббат әлемі. Осы төрт бөлім арқылы ақынды толық тануға болады. Төрт арна бір жерге тоғысқанда ақын болмысы тіптен ашыла түседі. Әсіресе М.Горький мен В.Маяковскийдің естеліктері көзімізге оттай басылды. Луи Арагонның, Алексей Толстойдың, Айседора Дунканның ой-пікірлері оқырман үшін өте құнды. Исраил ағамыз әрбір бөлімге өз көзқарасы мен пікірін жазып отырған. Бұл Есенин әлемін ашып беретін кілт тәрізді.
Ақын жаны алапат тебіреніске толы. Орда бұзар 30 жасында көз жұмған орыстың ұлы ақыны артына мол мұра қалдырды.
Бұл жерде Исраил ағамыз тек Есениннің өлеңдерін аударуды ғана мақсат тұтпаған, ұлы ақынның өмірі арқылы жалпы болмыспен бетпе-бет келген тағдыр, махаббат философиясын ашып берген. Осы ұлы идея жолында қалам тербеген. Қалам алуымызға да осы күш себепкер болды.
Америка, Еуропаны түгелдей шарлап Мәскеуіне қайта оралса да өз-өзіне сыймай жанып кеткен ақынның жүрек қылын басып, жан әлеміне бойлай білген.
Суреттер ашық интернет алаңынан алынды
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.