Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
УАҚЫТ ПЕН КЕҢІСТІК
Әсемқұловтың мифореставрациясы...

17.07.2024 1175

Әсемқұловтың мифореставрациясы 14+

Әсемқұловтың мифореставрациясы - adebiportal.kz

Шеллинг мифологияда таным, ой қорыту, ойлану секілді маңызды аспектілерді көрсетті. Миф және мифологиялық жаңа тенденциялардың бастауын сол ізденістерден өрбітуге болады. Фольклорда, әдебиетте және жарнамада мифті көрсетудің жалпы процесін белгілеу үшін қолданылатын ең сәтті терминдердің бірі – «мифореставрация». Бұл терминді ХХ ғасырдың аяғында орыс ғалымы Сергей Маратович Телегин енгізді. Мифореставрация – көркем мәтінді талдау әдісі, ол мәтіндегі мифосананың элементтерін анықтауды, миф жасау заңдарының белгілі бір әрекеттерін, мәтіннің мифологиялық дәрежесін белгілеуді, мифомотивтерді талдауды және мифосюжетті түсіндіруді қамтиды.

Біздіңше, мифореставрация – тек бұрынғы ертегілерді талдау ғана емес, автор ретінде ертегілерді жаңа заманның үдесіне лайықтап, қайта жазып шығу. Яғни, бір көне ғимараттың негізін қалдыра отырып, оның сыртын әрлеу, сылау, жаңа кірпіштермен қаптау секілді процесс. Объектінің іші сол қалпында қалады да, сырты өзгереді. Мазмұн мен форманың арақатынасы осыған саяды. 

С.М. Телегин «Мифтің поэтикасы» еңбегінде бұл әдіске мынандай анықтама берген: «Мифореставрация – өлі нәрсені қалпына келтіру емес, қазіргі таңда жоқ, бірақ қандай да бір жағдайларда өмір сүріп жатқан, нақты болмаса да, болмысы бар, адамның санасында және көркем шығарманың субтекстінде көрініс табатын мифті анықтау және талдау. Мифті «фантастика» деп түсінуден бас тарту. Миф – адам жанындағы Логостың шындық болып ашылуы».

Көне грек философиясы бойынша, Логос бір уақытта екі мағынаны бере алады. Біріншісі – сөз болса, екіншісі – таным. Оның мифтік ерекшелігі осында жатыр. Ол «ой», «дауыс», «сөз», «заң», «мағына», «себеп» секілді таңбаларды да «жарыққа шығаратын» қасиетке ие. Ал иудаизм канондарында Логос – «Құдайдың бастапқы сөзі» мағынасын иемденген.  Адамның жан дүниесін қалпына келтіру мәселесі – санадан тыс, армандар мен армандардағы мифтің элементтері мен құрылымдарын ашу. Миф табиғатына үңілсек, оның дінмен, тілмен, мәдениетпен, өркениетпен біте қайнасып кеткенін байқаймыз. Дегенмен, әр ұлтта бұл жанасу әртүрлі деңгейде жүреді. Макс Мюллердің алғашқы поэтикалық метафораларды және олардың мифке айналуын «ұмыту» жолы, Н.Фрейдің миф пен дінді ұштастыру философиясы, Н. Афанасьева, Ф.И. Буслаева, А.А. Потебня, Дж. Фрэзердің еңберіндегі мифтің көрінісі, З. Фрейд пен К.Г. Юнгтің мифтегі бейсаналық теориясы, К. Леви-Стростың миф структурасын зерделеуі, М. Элиадтың мифке сакральді танымды тасушы элемент ретінде қарауы бізді мифошығармашылық пен мифореставрацияға жақындатады. Кейбір зерттеушілер тек «жаңа мифтерді шығару» процесін миф жасау деп ұғады және оны «қазіргі заманғы еуропалық әдебиетке тән құбылыс» деп анықтайды. Сонымен қатар, дүниелік, зайырлы мотивтер өте белсенді болған кезде мифтің десакральдануы байқалады. 

***

Т.Әсемқұловтың «Атайы» әңгімесі – аңдар патшалығынан сыр шертеді. Қара орман халқының мистикалық сарыны, Атайы патшаның оқиғасы – хайуанаттар туралы ертегілерді жаңғыртудың ізденісі. Автор осы әңгімесін «аллегориялық әңгіме» деп сипаттағанына қарағанда, бұл тұтас символдық шығарма.  Әңгіменің басында мынандай бір тәмсіл бар: «Әр патша тақтан түсерде өзінен бұрынғы патшалардың ерліктерін шежіре қылып мұрагерге, туған халқына айтып кетуі керек. Салт солай. Қара Орман тарихын мен де шолып өтейін». Бұл тезис бүгінгі заманның шындығымен сабақтасып тұрғандай. «Бұрынғы патшалардың», яғни өзінен бұрынғы барлық қолбасшы, елбасшылардың ерліктерін мойындап, оны айналып өтпей, бір рет еске алып барып, тақты ұсыну керек. Дала демократиясы соған иек артады. Соны көксейді. «Мен» деген эголық ұстанымнан, «біз» деген концептуалды жүйе анағұрлым тиімді екенін түсінеді. Әңгімеде Атайы арлан, Бағыз арыстан, Дауылқар бүркіт, Шыңырау (Дауылқардың ұрпағы), Керіскей, Базар кірпі, Мамыт жолбарыс және т.б. аллегориялық кейіпкерлер қатысады. Әр кейіпкер өзінің табиғатына тән характерді көрсетіп, шығарма бойы күреспен өтеді. Көк бөрілер Атайы арланды таққа отырғызу арқылы автор көне Түріктер дәуірін меңзеген сыңайлы. Миф, таным, көзқарас ұстанымдарынан осы астарлы идеяны тануға болады.  «Мен тақта отырған кезең де тыныш болған жоқ. Тұтқиылдан жасалған май­мыл­дардың шабуылы… Күн тұтыл­ған сасық бөрілердің жорығы. Бірақ өзіне көп руды қосып, айбынды елге айналған Қара Орман әулеті қайыспады!» деген эпизодтан Орхон маңындағы көне түрік жазуы еске түсетіндей. Бұл – реставрацияға түскен мәтін. Идеялық синтезден жаңа мәтін туып отыр.  Автор мифтік мотивтерді шын өмірмен сабақтастыруды да ұмытпаған. Адамдарды «екі аяқтылар» дей отыра, олардың қылықтарын аң көзімен суреттейді. Осылайша, мифтік шығарманың ішіне реализм ұшқындары да кіріктірілген.

***

Т.Әсемқұловтың қаламынан туған тағы бір көркем туынды  «Бекторының қазынасы» шығармасы былай басталады:

«Бала кезінде ең жақсы көріп тыңдайтын ертегісі «Ер Төстік» еді. Әжесі таңғажайып хикаяны айтып болып, – Міне, немелтайым, осындай да кеп болған екен, – дейтін күрсініп. Түнде түсіне, Ерназарды құдықтың жанында ұстап алып азапқа салған Бекторы кіреді. Оянғанда көргенін әжесіне айтатын. – Ол жын-пері ғой, ойлама, – деуші еді бұндайда әжесі, – Құдай Бекторыны кездестіргеннен сақтасын».

Есейіп, ер жетіп, қымбат ресторанда жұмыс істеп жүрген Қайырболды бір күні ыңғайсыз жағдайға тап болады. Үш бойжаткен бардың есеп-қисабын жабарда ақшалары жетпей қалады. Қайырболды оларға көмектесіп, жауып береді. Риза болған сұлу қыз бұған жүзікті сыйлап кетеді. – «Ыңғайсыз болды, – деген Қайырболды жанына келгенде, – Міне, мынаны алыңыз. Көркіне көз тойғандай, гаухар орнатылған ауыр алтын жүзікті жігіттің алақанына салды». Қанша қысылса да, Қайырболды жүзікті алады. Сонымен, сол күн де тәмам болып, өмір жалғаса береді. Жүзікті ломбардта сарапшы болып істейтін Сәрсенге көрсеткенде, ол таң қалып, бұл затты қайдан алғанын сұрайды. Екеуара әңгімеден кейін жүзіктің бағасы өте қымбат тұратынын анықтайды. Алтын-күмісті бес саусағындай білетін Аристархқа көрсеткенде ол: «...сиқыр арқылы жасалған алхимиялық алтын» деп жоғары баға береді. Яғни, мұндай құнды жүзік әлемде жоқ. Дежавю. Бір уақыт пен кеңістіктің қайыра қайтаралауы шығармада кездеседі. Бірер күннен кейін әлгі үш қыз, сол бұрынғы киімімен өткендегі оқиға сияқты тағы да ақша төлей алмай тұрады. Бұл жолы Қайырболды оларды құтқаруға еш қымсынбай, қалтасындағы долларларды шытырлатып санап, төлеп береді. Бәрі аяқталып, әлгі қыз екеуі оңашада сырласады. «Қайырболдының жүрегі әлдебір жамандықты сезіп сыздай ауырған. Алыстан талықсып бір қорқынышты әуен естілгендей болды». Қайырболдының жүрегі үрейленді. Егер қыз мына жүзіктің қанша тұратынын білсе, неліктен оған оп-оңай қалдырып кетті? Мұның сыры неде? Қайырболды соның түйінін шеше алмай, аң-таң. «Қорқынышты әуен» – қандай да бір зұлымдықтың басы. Бірақ зұлымдық қызды кездестіргеннен-ақ басталып кеткен. Қыздың кім екенін қанша сұраса да, біле алмады. Ақыры қыздың үйіне барғанда ғана оның кім екені анықталады. Ол диалог былайша өрбіген:

– Ал, енді танысуға болады, – Қыз жақындап келіп Қайырболдының көзіне көзін қадаған, – Мен Бекторымын. Қайырболды үндемей тұра берді.

– Иә, иә, сол баяғы перінің қызы Бекторымын, – деген қыз, адамның ойын оқитын әдетімен, – Әжең талай айтып берген «Ер Төстік». 

Түпсанаға оралу. Уақыттар арасында саяхаттаған екеу. Бекторы – Қайырболды санасындағы таңба, бейне. Сол бейне бірнеше жылдан кейін оралып тұр. Осы сөздерді естігеннен кейін Қайырболды одан сайын үрейленіп, тұла-бойын қорқыныш билейді. Бұл қалайша? Бұл – түс пе, өң бе? Жүректі түршіктірген сезім. Алай-дүлей, астаң-кестең болып кеткен дүние. Не болып жатқанын анық айтып беретін ешкім жоқ. Оған қоса, қыз «сенде жүрек жоқ» деп тағы да айып тақты. Қайырболды бұған да қайран қалады. Бейне бір «саған жүзік бергенде, сенің жүрегің жоғалып кеткен» деген секілді. Өйткені ол өмір бойы кедей болып жүріп, аяқ-астынан шексіз байлыққа ие болды. Сөйтті де, ең қымбат қазынасы – жүрегін жоғалтты. Бұдан кейін Қайырболды беделді бизнеспен айналысып, ауқатты адам болып шыға келеді. Байлық пен дәулетке шомылған ол бұрынғы жарлы өмірін ұмытып, басқа өмір бастайды. Бірақ барлығы да адамның қалауындай бола бермейді. «Бір кем дүние». Бір күні қымбат көлікпен асығып келе жатып, алдынан шыққан бейтаныс баланы қағып кетеді. Топ ішінен суырылып шығып қараса, бала өзінен аумайды. Бәлкім, бұл бала – кішкентай кездегі өзі ме екен? Автор осы эпизодқа ерекше тоқталып, мән-жайды түрлі детальдармен анық суреттеген. Болған сәтке, көлік апатына өкінген, толағай байлықты да, ақсүйек аштықты да басынан кешкен Қайырболды соңында Бекторыға қайта келіп, болған жайды баяндап береді. Қысқаша әңгімеден соң, бұрындары ештеңе болмағандай баяғы қалыпқа түседі.

«...Сыртқа шыққан Қайырболды машинасын көре алмады. Артынша үстіндегі өзінің бұрынғы қарапайым киімін танып, бәрін түсініп, рахаттанып тұрып күлген. Содан соң Медеудің жолымен төмен қарай асығып жөнелді Алматыға». Бекторы – бір бойына бірнеше қасиетті жиған кейіпкер. «Зұлым» деп айдар тағып, ат қойсақ та, бәрібір адам ішіндегі адамды жоғалтпау керектігін уағыздап жүрген де осы Бекторы. Бәлкім, пері дегеніміз жоқ шығар? Біздің санамызда оған деген жеккөрініш сезім ғана бар шығар? Асылы, жамандықты көрмей, жақсылықтың бейнесі ашылмайды. Сөйтсе, мұның барлығы Сағындықтың түсі болып шығады. Түс әлемі – шытырман жұмбақтарға толы планета. Адам санасындағы галактика. Әңгімеде түстен түске өту, бірінші түстен екінші түске ояну желісі бар. Яғни, түс қабаттары арқылы бір субъект көшіп жүр. Психологиялық параллелизм ерекше динамикамен дамыған мәтін. Автор постмодерндік стильге құлаш ұрғысы келетіні анық сезіледі. Кейбір элементтері Кристофер Ноланның «Бастау» фильміне ұқсайды. Реалды әлемге миф әлемінен келген Бекторы – нақты бір идеяның жемісі деуге келмейді. Ол  – ыдыраған мотивтердің нәтижесі. Шығарма жартылай реализмге, жартылай мистикаға негізделгендіктен, оның бастапқы канондарын бірден тауып, бірден ажырату қиын. Бір анығы, автор ежелгі ертегілердегі фабуланы бүгінгі мәтінге кірістірген. Сөйтіп, бұрынғы әдеби шығармаға, яғни «Ер Төстікке» мифореставрация жасаған. 

***

Миф – құтқарушы. Неге? Себебі жаһандану дәуірінде ұлттық танымды тек өткен дәуірдің өлмес мұралары ғана сақтап қалады. Ұлт ретінде жоғалып кетпеудің бар амалы осында жатыр. Біз санамызға, стратегиямызға, идеологиямызға реставрация жасауымыз керек. Мұны бүгін қолға алмасақ, ертең кеш болары даусыз. Қазір әлем мифореставрациямен «ауыруда». Оған түрлі сюрреалистік «эпидемияның» дерті жұққан. Американдық жазушылар жартылай реализм, жартылай миф араласқан туындылар жазуға көшкелі қашан?.. Мистикалық реализм ұшқындары көркем шығармаларда, фильмдерде, музыкада белең алып жатыр. Қорыта келе, біз М.Задорновтың мынадай сөзімен миф туралы мақаламызды аяқтаған жөн көріп отырмыз:

«Мен ресми тарихтан гөрі аңыз бен мифке көбірек сенемін. Өйткені аңыз қаншалықты әсіре сілтесе де, ешқашан өтірік айтқан емес. Ал тарих мемлекеттік билік ауысқан сайын өзгереді».

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар