Әсет – қазақтың көрнекті лирик ақыны. Замана шындығын шынайы суреттеу, айналасында болып жатқан оқиғалар мен құбылыстарды айқын көркем жеткізу – Әсет лирикасына тән қасиеттер.
Ұлы Абайдың сөз өнеріне деген ерекше ықыласын сезіне жүріп қалыптасқан Әсет о бастан-ақ ақындық өнер жолындағы өзінің биік нысанасын, асыл мұратын жете түсінді, лирикалық поэзияны айрықша қастерлі дүние деп есептеді. Оның болашақтағы шығармашылық өсу жолына үзілмес желідей болған идея да осы сезімнен туды. Халқының мұңын жырлау, адам бойындағы жақсылы-жаманды қасиеттерді бағалау оның лирикалық шығармаларының тақырыптық аясын айқындап берді.
Әсеттің ақындық өнер жолында үлгі-өнеге алған ұстазы – Абай. Әсет 1889 жылдан бастап ұлы ақынның ауылында болып, Абайдан тәлім-тәрбие алған талантты шәкірттерінің бірі. Әсет мұраларының өн бойында Абай өнегесі өріліп жатады. Оның лирикалық шығармаларында ақынның айналасында болып жатқан оқиғалар мен құбылыстарды Абайша қабылдау және оларды Абайша шыншылдықпен, шынайы суреттеу қасиеті, шыншылдық дәстүр нышаны айқын аңғарылады.
Сұрасаң, ақиқатшыл атым Әсет,
Айтып-айтпай болдырдым арым кетіп,
– деп Әсет алдымен, өз заманының шындығын көре білді, әр құбылысқа сыншыл көзқараспен қарады. Бұл орайдағы ой-түйіндері қалың елі – қазағымның қамын ойлап, шарқ ұрған Абайдың сезім-күйлерімен тамырласып жатыр. «Қалдың ба, қайран қазақ, қамданбастан», «Сарбаздар санасы жоқ сатылып жүр», «Жас жігіт надандықпен алданады» т.б. өлеңдерінде ақын өз ортасының ащы шындығын бейнелейді, халқының басындағы ауыр тағдырға күйзеле отырып, өзінің ақындық, азаматтық парасатын паш етеді. Әсет өлеңдерінде Абай поэзиясына тән имандылық қасиеттердің ізі сайрап жатыр. Ол әрдайым шыншыл болуды, адамдық қасиеттерді бәрінен де жоғары қоюды талап етеді.
Абай табиғаттың көркем көрінісі мен сан алуан суреттерін толық береді. Ал Әсет «Мұңды қыз» өлеңінде табиғат көріністерін былайша суреттейді:
Шілденің жанға жайлы күншуағы,
Жайнаған жанға рахат жапырағы.
Көңіл хош бір алланың нұрыменен,
Теңеліп көтерілер жанның бағы.
Майысып гүл мен ағаш қарағанда,
Желкілдеп жерде жуа, сарымсағы.
Бұлбұлы, әншіл құстар өлең айтсын,
Шымырлап қуат балқып бойындағы.
Тойғанда самал, салқын желі соғып,
Сұлудай бұраңдайды әр бұтағы.
Көкорай, көк шалғынға ауыл қонып,
Жарасар ақ үйлердің шаңырағы.
Осындай табиғат сұлулығына еліткен көңіл-күйін ақынның «Қисмет» өлеңінен де көруге болады.
Жаз шығып, жаманшылық жоғалғанда,
Тал гүлдеп, өмір шалқып оңалғанда.
Оранып жердің беті көкорайға,
Самалы салқын сая болар жанға.
Басына бұлбұл қонып сайрағанда
– деп, шынайы тартымдылықпен әсем көріністі табиғат суреттерін көз алдымызға әкеледі.
Дәуірі мен ортасына, жеке басының көңіл-күйіне байланысты әр ақын оны өзінше жырлайды. Біреулер таза пейзаждық суреттер жасаса, екінші біреулер табиғат арқылы қоғамдық өмірді, тартысты, өз көңіл-күйін суреттейді. Халқы үшін табиғат адам баласының еңбек етіп, өмір сүретін ортасы. Ұлы Абай да, Әсет те табиғат жайлы өлеңдерінде табиғат суреттерін жырлай келе, оны қазақ халқынан бөле жарып жырламай, қазақ тұрмысының табиғатпен біте қайнасып жатқан байланысын «Жаз шығып, жаманшылық жоғалғанда», «Майда қоңыр» өлеңдерінде реалистік шынайылықпен нақтылы бейнелей білген. Ұлы ақын Абай да, шәкірті Әсет те адам мен табиғаттың бірлігі жайлы тақырыбын қазақ өмірімен байланыстырып кең дамытты деуге болады.
Әсет өлеңдерінде үстем тап өкілдерінің зорлық-зомбылығын, қулық-сұмдығын қатты сынға алған. Оларды құзғынға теңейді. Ақын ел ішіндегі бақастық, күншілдік дегендерді де оңдырмай мінейді.
«Күншілдікпен күні өткен мас елім-ай»,- деп қиналады. Қараңғы қазақ елінің аянышты халіне қабырғасы қайысады. Ел ішіндегі орынсыз дау-жанжал, алауыздық, өсек-аяң, кертартпалыққа қатты ашынады.
«Бірлік жоқ, ынтымақ жоқ, әділдік жоқ,
Тартқызды сазайыңды әдет-ғұрпың»,
- дейді.
Ақынның өлеңдерінде ғылымға, білімге шақырған ағартушылық сарын басым. Бұл жағынан алғанда Әсет шығармаларының тақырыбы мен идеясы Абай мектебіндегі ақындармен толық үндесіп жатыр.
Әсет құдай, құран, иман жолын, шариғатты өлеңмен уағыздаған. Әсеттің дін, Алла жайындағы өлеңдері туралы жазушы С.Мұқанов өз ойын былай сөз етеді:«...Ол да Көкбай мен Әріп сияқты ағып тұрған діншіл. Адалын айту керек бұл – ақын адам. Бірақ өлеңдерінің жүзден тоқсан тоғызы ахиреттік тақырыпқа арналады»,- деді. Әсеттің артында қалған мол мұрасының Кеңес өкіметі кезінде зерттелмей келуінің де бір себебі, сол кездегі осындай кері түсініктің арқасында еді.
Ұлы Абай да, Әсет те Алла сөзін ауызға ала салмайды. Дінге иланып, дінге құлақ қойып өскен халыққа сол діннің өзін пайдаланып ақыл айтады. Олар Алла мен пайғамбар сөзін өз ойларына дәйек ете отырып, қалың елі – қазағын, Алланың ақ жолына түсіп, иманды, берекелі ел болуға шақырады.
Абайдың туған халқының болашағына қайғырып, қамығуы Әсетке де қатты әсер еткенін оның шығармаларын оқыған сайын көз жеткізесіз. Абай:
Заман ақыр жастары,
Қосылмас ешбір бастары
БІр-біріне қастыққа-
Қойнына тыққан тастары, –
деп жырласа Абайдың бұл ойына Әсет былай деп үн қосады:
Қалып тұр қазағымнан туысқандық,
Заман ба, пенде азды ма – суысқандық,
Кісі өлтіріп, мал талап, әдепсіз боп,
Бұрынғыда бар ма екен бұл дұшпандық?
(«Сарыарқа салқын тауда тәтті сулы») өлеңінде.
Екі ақын да «Заманына қарай адамы» демекші, кері кеткен заманмен бірге адам пиғылының да өзгергенін, әділетсіз басшы, қайрымсыз байдың пайда болғанын, олардың әрекет-қимылдарын жиіркене жырлайды.
Абай:
Байда мейір, жалшыда пейіл де жоқ,
Аңдастырған екеуін, құдайым-ай! – десе,
Әсет:
Иман қажет болмайды кейбір насқа,
Малым аман болсын деп үш-төрт түлік.
Қажы бармас, малынан зекет бермес,
Қайырсыз надан байдың бәрі өлік –
деп ел басқарған старшын, сұлтан, төре, байларды өлтіре сынайды.
Көне заманнан қазақы қоғам өзін-өзі басқарып келген. Ел әділ де абыройлы адамдарына бас иіп, айтқан сөзін заң деп қабылдаған. Енді сол билерден ұят, ар-намыс кеткенін Абай:
Болыс болдым, мінеки,
Бар малымды шығындап.
Түйеде қом, атта жал,
Қалмады елге тығындап, –
дей келе болыс өмірінің күлкілі, ұнамсыз шындығын оның өз аузынан айтқызады.
Әсет:
Үш жылда бір келетін сайлау болса,
Бар малын ысырап қып төгіп өткен,
- деп болыстың әкімдікке қол жеткізу жолын, сайлау кезінде атақ, шен үшін бар малын шашқан қылықтарын шенейді. Осы тұста Әсет туындыларының Абай шығармаларындағы әлеуметтік тартыс шындығын реалистікпен бейнелеу әдісімен астасып жатқанын көреміз. Абайдың қазақ би-болыстарының озбырлық, қорқаулық қылмыстарын ащы тілмен шенеп, қоғам денесіндегі дертті сылып алуды меңзеген жазу үлгісі Әсетке де үлгі болған.
Зерттеуші Болатжан Абылқасымов «...Абай поэзиясының бүкіл рухы, шынайы болмысы – лирикасында. Біздіңше, Әсет эпикалық жанрға бейім. Ақын жиырмаға жуық хисса-дастан шығарған, қазір оның ғылымға жартысынан көбі белгілі болып отыр», - деп жазады өзінің «Әсет шығармаларының зерттелуі» деген мақаласында.
Әсет тілге бай, сөзге еркін, ешбір бөгелмей түйдектеп тастап отыратын шын жүйрік. Ол өзінің айтқан өлеңіне, өзінше жаңа ырғақ, жаңа жол тауып отыратын ақын. Оның көпшілік өлеңдерінің аяқ үйлесімі бірдей шығып отырады. Ақынның Омар деген кісіден түлкі сұрап хат жазғандағы өлеңінің бір ауызын келтірейік:
Қолға алса құйқылжыған түрі болсын,
Күмістей жалтыраған жүні болсын.
Аса қара, болмаса қоңырала,
Ал күрең үш қызылдың бірі болсын.
Келінім Мәдинеге дуғай сәлем
Ағаңның сұрағаны шыны болсын..., -
дейді.
Әсеттің өлеңінің қай-қайсысын алып қарасаңызда, қазақтың жатық, көркем тілімен жазылған. Ол араб-парсы тілін көп оқыса да, өлеңінде ешбір шұбарланған сөз жоқ, өлеңінің барлығы да көркем әрі ұғынықты.
Әсеттің өлеңдерінде жаттап, нақыл ретінде айтып жүретіндей шумақтар көп. Мысалы:
Құдайым сауысқанға берсе бақыт,
Самұрық қызмет етер саясында...
Жаман туыс бір масыл,
Арқалаған құммен тең.
Жақсылығың істеген
Елекке құйған сумен тең.
Бұлар дәстүрлі ақындық шеберліктің шеңберіндегі жаттанды сөздер емес, тек Әсеттің өзіне ғана тән тапқырлық, қанатты сөздер деп білу керек. Әсет өз шығармаларына дәстүрлі ақындық шеберліктің көне үлгілерін де өте шеберлікпен пайдаланған.
Абай – ұлт ақыны. Оның ақындық мұраты – халқына қызмет ету. Осы тұста Абайдың ең бір артық өзгешелігі – заманның ыңғайына жүрмей, өзінің «өзіндік» бетін мықтап ұстап, қылт еткенді көретін қырағы қырандай сыншылдығы.
Абай:
Қалың елім, қазағым, қайран жұртым,
Ұстарасыз аузыңа түсті-ау мұртың.
Әсет:
Қалдың ба, қайран қазақ қамданбастан,
Барыңды қолыңдағы малданбастан?...
Бұл орайда Әсеттің ой-түйіндері «қалың елі қазағының» қамын ойлап шарқ ұрған Абайдың сезім күйлерімен тамырласып жатыр.
Абай өз ұлтының бойындағы заман қайшылықтары тудырған ұнамсыз мінездерді аямай сынайды, шенейді. Бұл тұрғыда ол ұлт психологиясын терең танушы әрі шебер суреттеуші. Оның қай өлеңін алып оқысаң да, өзімізге таныс мінездер кездеседі. Қазақтың сол кездегі көрсеқызарлық, еріншектік, жалқаулық, кертартпалық сияқты мінездерін бетің бар, жүзің бар демей өлтіре сынаған. Өз халқының тағдырына тебіреніп, қолына қалам алып, сол заман адамының қыр-сырын, мінезін «Сабырсыз, арсыз еріншек» өлеңінде былай суреттейді:
Абай:
Өзін-өзі күндейді,
Жасынан жалған міндейді,
Ол арсыздық белгісі,
Ұятсынбай, ойланбай,
Қой дегенге тіл алмай,
Іс қылмай ма ол кісі?...
Абай осы сарында «Сәулең болса кеудеңде», «Өкінішті көп өмір кеткен өтіп», «Көжекбайға», «Күлембайға», «Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек», «Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да», «Адасқанның алды – жөн, арты – соқпақ», т.б. өлеңдерін айтуға болады. Әсеттің «Сарыарқа салқын тауда тәтті сулы» өлеңінде:
Пайдасыз дау, өсек пен қулық, сұмдық,
Бұл сөздерді келеді жаттағымыз.
Ұйқы, еріншек, надандық, маскүнемдік,
Інжулі су моншаққа сатпағымыз, –
деп Абайша ел ішінде күншілдік, надандық, еріншектік дегендерді оңдырмай сынаған. Осы үндестікті Әсеттің бірталай шығармаларынан кездестіруге болады.
«Абай өзінің бүкіл творчествосымен, эстетикалық-көркемдік принциптерімен бүкіл қазақ поэзиясының жаңа арнада дамуына, онда реалистік әдістің белең алуына айрықша әсер етті. Ал бұл әсер оның өз төңірегіндегі ақындарға тіпті күшті болды. Абайдың Әсет пен Әріпке, Ақылбайға арнап өлеңдер шығаруы оның жас талант иелерін ақын да, азамат та болуға үндеген талабын анық танытады. Ондай өлеңдерінде Абай жеке бастың ашу-ызасын айтудан аулақ. Ол бұдан әлдеқандайда жоғары мүдде, яғни идеялық-творчестволық, ұстаздық мақсұт көздеген. Абайдың шәкірт ақындарына идея, тақырып, сюжет беріп жырлатып отырғандығы жайлы естеліктер мен аңыздарды, әдеби деректерді ақынның сол өлеңдеріндегі ойлар анықтай түседі», - деп жазады А.Нұрқатов «Абайдың ақындық дәстүрі» монографиясында.
Қорыта келгенде, Әсеттің өлеңдерінің мазмұны мен идеясы Абай мектебінің үрдісімен жанасып жатқандығын көруге болады. Олай болса, ақын шығармаларының жетістігі ұлы ұстазы Абай шеберлігінің көрінісі әрі жалғасы деп тану орынды.
Нұрсұлу Санақбекқызы,
Абай музейінің жетекші ғылыми қызметкері
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.