Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы

27.02.2023 3072

Асқар Алтай әлемі 14+

Асқар Алтай әлемі - adebiportal.kz

Асқар Алтайдың мерейтойына орай кітапханада шығармашылық кеші өтеді дегенді естіген күннен-ақ шығармаларын қайталап оқи бастадым. Емтихан тапсырып, сөйлеудің керегі жоқ болса да, бұрынғы оқығанымды есіме түсіргім келді. Студент кезімде ең алғаш Асқар Алтай шығармаларымен «Кентавр» әңгімесі арқылы танысқан едім. Өзім де сол жақтың тумасы болған соң, әрі Семей полигонының әсерінен түрлі кемшілікпен туған сәбилерді көрген соң, Басарыстың оқиғасы маған қатты әсер етті. Керімғазы бесатардың шүріппесін басып қалғанда, көзімнен ып-ыстық жас тамып, бірер минут мең-зең боп отырдым. Санадағы сан сұрақтың жауабын таба алмай қанша уақыт ойланып отырғанымды білмеймін. Көз алдыма полигонның зардабын шеккен сан мың сәбидің бейнесі келе берді... 

Кейіннен қаламгердің «Алтайдың алқызыл модағайы» атты романын оқып, авторға деген құрметім одан сайын артты, жазушының шеберлігіне, сөз саптауына тәнті болдым. Негізі әңгіме шығармашылық кеш туралы еді ғой...  

Cөйтіп, көптен күткен 17 ақпан күні Ұлттық академиялық кітапханада қазақтың белгілі жазушысы, Халықаралық Алаш әдеби сыйлығының лауреаты, Франц Кафка атындағы алтын медальдың иегері Асқар Алтайдың 60 жасқа толуына орай «Алтай балладалары» атты шығармашылық кеші өтті.

Асқар Алтай - 1963 жылы Шығыс Қазақстан облысындағы Зайсан қаласында туған. Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. Қазақстан Жазушылар одағының Жастар арасындағы прозашылар форумының, Т.Айбергенов атындағы сыйлықтың, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты. «Қызыл бөлтірік» кітабы  Халықаралық Сорос қорының бас жүлдесі – грантын жеңіп алған. Кеште жазушының 60 жасына арнап шығарылған «Алтай новелласы» кітабының және Фолиант баспасынан жарық көрген «Былғары табыт» романының  таныстырылымы болды. 

Кешке жазушыны құрметтейтін оқырмандары, сыйлас достары, әріптестері, белгілі ақындар, жазушылар, ғалымдар жиналды. Ең алдымен Асқар Алтайдың өмірі, шығармашылығы жайлы бейнеролик көрсетіліп, ол жерде біраз адам бұрын естімеген тың ақпараттар да айтылды. 

Асқар АЛТАЙ!

Бұл күнде алты Алашқа аты мәшһүр жазушы. 

Қазаққа аты белгілі қаламгердің Алаш ардақтыларына да тікелей қатысы бар. Ол туған Зайсан қаласында алаш қайраткері Райымжан Мәрсеков әйгілі «Шығыс Алаш атты әскерін» құрған. Оған жазушының «Марқа мырза» атанған Алпысбай атасы да Марқакөл өңірінен жігіттер жіберіп, мінер жылқы беріп, ат салысқан. 

Ал алаш ардақтысы Жүсіпбек Аймауытов Күршім ауданындағы Қаратоғай мектебін салдыруға себепкер болғаны ақиқат. Бұл мектеп – Дариға болыс салдырған алғашқы мектептің тікелей мұрагері... Атақты «Ақбілек» романын жазған Аймауытов  та осы Қалғұты жерінен дәм татқан. Ал осы мектепте болашақ жазушы – бала Асқар оқыған. Алтай-Марқа өңірінен шыққан тұңғыш әйел болыс – Дариға да Жүсіпбектің «Ақбілек» шығармасының кейіпкері. Дариға болыс та Асқарға туыс болып келеді. 

Дариға болыс пен Жүсіпбек Аймауытов туралы Асқарға бала кезінен әкесі Құмар айтқан. Алаштың ұлы ақыны Мағжанның «Алтайда ел нары екен қалың найман, Қытайға қалың найман қанат жайған» дейтін өлеңдерін ұлына жатқа айтқызып өсірген. Анасы Меңке-Меңсұлу да ұстаз болған, Шәкерімнің «Қалқаман-Мамыр» жырын жатқа оқитын. 

Жастайынан осындай өнегелі ортада өседі. Бала кезінен Алаш рухымен сусындаған арманшыл Асқар жазушы болмасқа хақысы да жоқ еді...

Асқар өмірге келген Алтай жері – Әлемдегі ең бір сұлу табиғат өңірі. Қыста ақ боранды аязымен жанарыңды байлайды. Ақ шаңқан алабымен көз қарықтырады. Жазда жаныңды жадыратар жап-жасыл орманымен, көкорай тауларымен, жазира белдерімен көз тартады. Көктем сайын Алтайдың алқызыл модағай гүлдері кес-кестеп алдыңнан жамырай шығады. Құз-шыңды шолған ақиық қырандары мен орман-тоғайын кезген аю-маралдары қапталдай қашады. 

Әлемге әйгілі Зайсан көлі мен Марқакөлдің күнге шағылысқан мөлдір айдыны көз суырады. Мұзтау мен Сарытаудың ақ қар, көк мұз сауыры санаңа қона қалады. Өр Құзғынды мен ер Ақазу шыңдары жұдырықтай жүрегіңді суырып алады. Ал бала Асқарды тербеткен жылымды Күршім мен жайбарақат Қалғұты өзендері жылыстай ағады. Тауды жарған Бұқтырма мен тасты жарған Қалжыр сарқырамалары есіңнен тандырады. Мөлдір бұлақтары мен тастай тұмалары шөліркеген сарайыңды ашады. 

Бәрінің кәусар бастауы Хан Алтай асқақтай қарайды. Сулары сарқып құяр сағасы – ұлы Ертіс теңізі ыңырана толқиды. Ұлы судың ұшығы сонау Мұзды мұхитқа барып құяды... 

Жердің жәннаты мен судың тұнығы көкірегіңді қуанышқа толтырады!.. Жаныңды рухани байытады!.. 

Бала Асқар да ұлы  Әдебиет атты мұхит әлемге Ерен Ертістей келіп қосылған бір сарын. Оның қаламынан туған шығармалар сүлейі – Алтай топырағынан нәр тартқан бірегей балладалар әлемі... Алтай балладалары!

Жазушы әлемінің кейіпкерлері адуынды, ер мінезді, мәрт азаматтар болып келеді. Өмір толқынында басын тауға да ұрып, тасқа да соғылып жүрген жандар. Олар бірақ қитұрқы қоғамда өздерінің адамгершілігін жоғалтпаған. Адасса да адал жүріп адасқан, қателессе де кісілігін сақтап қалған адамдар. Адамдарға тән барлық кем-кетігімен, кемшілікті мінез-құлқымен өмір сүрген кейіпкерлер.

Сондықтан да суреткер Асқар Алтай шығармалары Қоғам мен Адам қарым-қатынасының күрделі жақтарына сәулесін түсіріп отырады. Тағдырдың көлеңкелі тұстарына үңіледі. Өмірдің мәні мен мағынасыздығы туралы экзистенциалдық философиясына барынша барлау жасайды. Туа сала жат болатын адам табиғатын «туажат» философиялық астарымен ашады. 

Ұлтымыздың жадынан айырылғаны, ұлттық кодының дағдарысқа ұшырағаны туралы терең толғанады. Жат ұлттардың, жат жұрттардың айтқанымен жүретін «жат жады» халыққа айналып кеткеніне философиялық тұжырым жасайды. Жазушыға тән терең сезімге беріледі. Жан әлемін ұлы мифтер мен аңыздар арқылы ашады. Жаны қинала ауырады. 

Суреткерлікке тән ерекше қолтаңба – ұлттық әдебиетімізде «Асқар Алтай әлемі» болып қалыптасқаны ақиқат!

Кеш модераторы Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының  орынбасары, белгілі ақын, ҰҒА академигі Бауыржан Өміржанұлы Жақып жазушыны туған күнімен құттықтап, ең бірінші ресми құттықтауларды тыңдап алайық деген пікір білдіріп, алғашқы сөз кезегін Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қуандықұлы Қыдырәлі мырзаға берді. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың, Қазақстан Республикасы Президентінің Кеңесшісі Ерлан Қариннің және Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі Басшысының орынбасары Аида Ғалымқызы Балаеваның құттықтауларын оқып, өзіне табысталған аманатты орындап болған соң, жеке пікірін, ізгі тілегін білдірді. 

«Біздің Асқар Алтай ағамыздың да Алтай тауларына ұқсастықтары бар. Алтайда дүниеге келіп, суреткер болмау мүмкін емес дүние. Алтай дегенде Оралхан Бөкей, Қалихан Ысқақ, Дидахмет Әшімхан, Әлібек Асқар, Асқар Алтай тәрізді қабырғалы қаламгерлеріміз ойға оралады. Олардың шығармаларын оқысаң, Алтайдың әсем табиғатына деген сағыныш байқалады. Бүгін алпыс жасқа толып отырған қазақ қара сөзінің хас шебері, Алаш сыйлығының иегері Асқар Алтай ағамыз да Алтайдың даңқты перзенттерінің бірі. Асқар аға тоқтаусыз ізденіс пен тынымсыз еңбектің нәтижесінде бағдарын айқындап, өз қолтаңбасын қалыптастырған, өзіндік стилі бар сөз зергері», - дей келе, жазушыға шалқар шабыт, ұзақ та баянды ғұмыр тіледі.

Ия, бұл кеште ресми тілектердің легі мол болғаны, қаламгердің қазақ әдебиетінде өзіндік орны бар екенін, халқына, оқырманына сыйлы екенін тағы бір дәлелдеді. Шалқыған күй, әсерлі ән мен ізгі тілектердің қатары тола берді. Соның ішіндегі ең ерекше тілектердің бірі жазушының досы Бауыржан Омарұлының әзіл-қалжыңы аралас, жастық шақтың жып-жылы естеліктері бар, өзі «Асқар Алтай балладасы» деп атаған тілегі болды: 

«Жап-жас күнінде «Көз» деген әңгімесін, «Қызыл бөлтірік», «Қаладағы құтпандар» деген повестерін жазды. Өзінің көзі де Алтай жақтан Алматыға қарай шоқ шашып тұратын Асқар Алтайдың бұл «Көзі» шынында да керемет еді. Көз тимесін деп біразға дейін үндемедік. Бірақ кейін бірыңғай аң-құсты, жануарларды қаламына іліктіре берген соң ептеп тіліміз шыға бастады. Бөлтірік, құтпан иттер... Кейін аюларға ауыз сал­ды. Аю демекші, қатты қысқан жұдырықтай, тып-тығыз, дене тұрқы шап-шағын Асқар Алтай – қаршадайынан тау-тасқа өрмелеп, образбен айтқанда, қалың тоғайдың ішінде аюмен алысып, жолбарыспен жұлысып, қонжықпен күресіп өскен перзент. Кейде ол жеңеді, кейде қонжық жеңеді. Табиғаттың қыр-сырын жетік біледі. Пейзаж жазудың шебері. Жұрт көре қоймаған нәрсені әп-сәтте іліп түседі. Тосын тақырыптарды тауып алады».

2018 жылы «Дидар» газетінде жарияланған «Орағам Алтайды биіктетті, Алтай мені биіктетті» атты сұхбатқа көзім түсті. Бұл сұхбаттан оқыған ең қызық ақпараттың бірі біз білетін Асқар Алтайдың тегі Алпысбаев екені. Бұл туралы автор биыл жарық көрген «Хан Алтайдың хан ұлы» атты эссесінде де жазған еді. Десек те, біздің оқырмандарымыз үшін де бұл ақпарат қызық болар деген оймен, Асқар Алтай атымен ең алғаш танылған уақыты мен танытқан шығармасы жайлы автордың жауабын айта кетуді жөн көрдік: 

«90-жылдардың аяғында шағын репликамның соңындағы Алпысбаев деген фамилиямды сызып, Асқар Алтай деп жариялап жіберіпті. Жұмысқа келіп, Орағаңа: «Мұныңыз не? Атамның атын өшіріп тастапсыз», – дедім ренжіп. Сонда Орағаң жүзі жарқылдай рақаттана күліп алып: «Өткенде Шығыс Түркістанның тарихы жайлы жазған «Ағажай Алтайдай жер қайда?» деген мақалаң қатты ұнады. Алтайдың арғы беті мен бергі бетін жетік біледі екенсің. Саған Асқар Алтай деген есім жарасады. Қалиханнан бастап бәріміз Алтайдың атын шығарып жүрміз. Жазушыларда үлкен псевдоним болуы керек. Менің аузым дуалы. Айтпады деме, жұртқа осы атпен таныласың», – деді. Сөйткен Орағамның айтқаны келді. Әдебиетте Асқар Алтай болып танылдым. Әдебиеттегі есімімді көтеріп әкеткен осы ағамыздың шипалы сөзі еді».

Белгілі жазушылар, ғалымдар, әдебиет сыншылары жоғары баға берген Асқар Алтайдың қандай жазушы екенін айтпасақ та, білетіндеріңізге сенімдіміз. Десек те, оның ерекшелігі жайлы жазушы Дулат Исабековтың тілімен айтар болсақ: «Ол өзінің ешкімге ұқсамайтын, алдындағы ағаларының сарынын қайталамайтын, өз тақырыбы, өз үні, өз тілі, өз стилі бар, нені жазса да жанымен жазатын, біліп жазатын, нені айтуды емес, қалай айту тәсілін түбегейлі меңгерген, қазақ қара сөзінің бояуын қанына сіңіре білген жазушы екенін танытты».

Ал филология ғылымының кандидаты, профессор Шерияздан Елеукенов «Алтайдың алқызыл модағайы» романына жоғары баға беріп, оның тереңдігіне үңіле білгенін келесі пікірінен байқауымызға болады: «Айқоңыр кейіпкер ретінде – адамның құпия бейсаналығының айнасы. Бұлан-талан бұлағай салған жүгенсіз тағылық сезім әрекеті. Ондай сезімді ноқталап қана ұстау керек. Ноқта – адамзат мәдениеті, өркениеті, ар-инабат секілді Құдай дарытқан қасиеттер болса керек. Алтайдың ал қызыл модағайлары ғана жаз шыға тіршілік белгісін береді. Көңілден бәрі ұмыт. Ұмытылмағаны – жұмбақ аңыз, миф. Енді роман беттерінде көркем бейнеге айналды. Ендігі жерде, тіпті ұмытылмақ емес. Өйткені тіршіліктің терең құпияларына көз жіберген талап қағаз бетінде таңбаланды. Өмір көкжиегінің арғы жағында не барға ұмтылды. Ал алқызыл модағайлардың ат тұяғындай ауыр бастарын шұлғытып тұрған жел – романтика желі...»

Кеш соңында автор жиналған қауымға алғысын білдіріп, өз шығармашылығына әсер еткен дүниелермен бөлісті.

«Бісміллә» сөздің басы дейді, «Бісміллә» деп бастайын. Құрметті қауым, менің мерейтойлық жасыма құрметтеп келген сіздерге мың да бір алғыс. Абай атамыз айтқандай, әдебиет әлеміне «әркімнің де бар таласы». Сіз де сол сөздің таласымен келген жан болуыңыз керек, бәлкім?! 

Жақында менің туған жерім Алтайдан өзім танымайтын бір журналист маған сұрақтар жіберіпті, соның арасында мына бір сұрақ ерекше әсер етті: «Жазушы болу сіздің тағдырыңыз ба, таңдауыңыз ба?» Мен көп ойландым. Шынымен де, жазушы болмасам, кім болар едім? Әлі мектепке бармаған кезім, алты жас шамасында болуым керек, Алтайда жүрген кезімде орманның арасынан геологтарды көп көруші едім. Керемет жасыл орманның ішінде, таудың етегінде, судың жағасында, атақты Майқапшағай деген керемет жерде жап-жасыл, сап-сары, қып-қызыл шатырларын тігіп геологтар жататын. Сол маңда жас қыз-келіншектер ет пісіріп жүретін. Содан әкеме: «Әке, анда барып көрсем қайтеді», - деймін. Ол жерде жүрген адамдардың бірен-сараңы қазаққа ұқсаса да, бәрі орысша сөйлейді. Мен орысша түсінбеймін. Бір барғанымда таң қалғаным, аюдың қонжығын байлап қойыпты. Сол жерде өсіп тұрған шыршаның тамырына байланған аюдың баласы ақырып тұрды. Біраз күн өткен соң, у-шу шықты, сөйтсек, қызыл шатырдағы геологтардың екеуі жас әйел болған екен, аю соның бірін өлтіріп, баласын алып кетіпті. Екінші әйел қашып, таудың басына шығып кеткен екен. Әкем сол әйелді құтқарып, атқа мінгізіп алып келген еді. Сол кезде ана әйел жынданып кете жаздаған. Қорыққан кезде адамның өзі адамға көнбейді екен. Балалық шағымда сол жандарға қарап, геолог боламын деп ойлаушы едім. Кейін әкемнің қасында көп еріп жүрдім, біраз адамдарды көрдім, ішінде әскери адамдар да болатын. Әкем олармен шетке шығып кетіп әңгімелеседі, ал мен әкемнің қасынан қалғым келмейді. Әкем маған бір қарайды да, жанына ертіп алады. Көп шығармаларым сол әкемнен естіген әңгімелердің негізінде жазылған. Бала кезімде құйма құлақ болатынмын. Сол кезде естіген дүниелердің көбі жадымда сақталып, «Сират» романындағы әңгімелердің сұлбасына айналды. Кейін білім алдық, іздендік, сол уақытта Шығыс Түркістанға байланысты көп ізденіс жасадым. Балалық шағымда әскери адамдарға қызығып, әскери адам не заңгер болғым келді, - деп жазушы оқырмандарымен бірге жастық шағына саяхат жасап, “жазушы болу  -  тағдырдан шығар” деген қорытындыға келді.  


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар