Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ҰМЫТПАҢДАР МЕНІ
Асылдың сынығы, Алаштың мұрагері......

15.06.2024 976

Асылдың сынығы, Алаштың мұрагері... 12+

Асылдың сынығы, Алаштың мұрагері... - adebiportal.kz

Ұлттық әдебиетіміз үшін қиын күндер болды бұл ай. Кешелері Зәкір Асабай, Мылтықбай Ерімбетов..., енді міне Мұрат Әуезов дүние тіршілігінен жүзін жасырды.Күрес-өмірмен, арпалыс-ғұмырмен тағдыр өткерсе де әмісе бекзат болмысынан жаңылмай, Адам дейтін биік атақты жоғары ұстаумен кетті Мұрат ағамыз.        

Жарықтық, осы күндері көп айтылып-жатқандай, шынында да бекзат болмысты, биік мәдениетті білімдар кісі еді. Алтынның сынығы, жауһардың ұшып түскен жаңқасы оған бұл қасиеттер ата-анасынан жұққаны, солар арқылы түпкі алашшыл жәдид қайраткерлерімізден дарығаны бүгінде анық нәрсе. Алаш қозғалысы - перманентті қозғалыс, онда үзіліс, үзік болмаған. Мұрат Мұхтарұлы құрған " Жас тұлпар" ұлттық қозғалысы, сананы алапат күшпен жаншыған идеологиялық прессинг жағдайының өзінде Алаш идеясын үзбей алға жылжытқан үздіксіз өсудің көрінісі және бұл ұлттық тарихымыздағы ең айшықты құбылыстың бірі деуге аузымыз барады.                    

Жайшылық өмірде барынша қарапайым, үлкен үйге кіре білетін, кіші үйге сыя білетін зияли оның шын азаматтық ажары, күрескерлік қажыры, темірдей принципшілдігі ұлт тарихындағы шешуші сәттерде барынша танылушы еді. Мұндай сын шақтарда ол талантты эссеист ретінде қалам күшін де, саяси қайраткер ретінде қарекетшіл темпераментін де қатар жұмсап, төске ұрып шықпастан көп елеулі іс тындырды. Оның бұл қос қырын қабат айтатын, зерттеп-зерделейтін уақыт алда. Бағзытүркі тарихы, көшпелілер мәдениеті хақындағы терең мазмұнды тарихи эсселері, өзі шығарған "Айт" журналы, Қазақ телевидениесінен жүргізген "Уақыттарды жалғаған тін" хабарлары... соларда бәдізделіп қалған сұлу да сырбаз мәнер, сауатты сөйлеу мәдениеті, құлаққа жағымды мақпал даусы...әлі-ақ өскелең ұрпақтың зердесіне құйылып, құлағына келер.        

Алдынан жарылқасын асыл ағамызды, иман байлығын беріп, пейіште нұрын шалқытқай.                       

“Әдебиет порталының” ұжымы

 

Әлия Бөпежанова

Қазаның ауыр-жеңілі жоқ. Дегенмен де халқына сүйікті, ардақты Мұрат ағамыз, Мұрат Мұхтарұлының дүние кешуі - барша қауымға ауыр қайғы.

Бүкіл өмірі мен шығармашылығы  Ұлттың өзін-өзі тануының ғана емес, терең зерделеуінің, ең бастысы шыңдалуының, осылайша жаңа мазмұнға шығуының хас үлгісіндей Тұлғалар болады. Олар санаулы. Санаулы болатыны бұл дегеніңіз -ауыр миссия…

Осындай санаулы тұлғаларымыздың бірі - көрнекті замандасымыз Мұрат аға, Мұрат Мұхтарұлы ӘУЕЗОВ еді.

Ұлттық сананың, Түркілік болмыстың жаңа мазмұны.

Ол мемлекеттік, қоғамдық қызметтің қайсысында болсын мейлі - терең білігі мен білімін, биік те жарқын ақыл-парасаты мен жасампаздық энергиясын елінің, ұлтының игілігіне жұмсаған қайраткер болды.

ХАС ЗИЯЛЫ. Замандастары, ортасы оны осы биіктен көрді.

Ал, Мұрат ағаның өзі үшін мұның бәрі -ӨМІРЛІК ҰСТАНЫМЫ, әлгінде айтылған “ауыр миссия” ӨМІР КЕШУ формасы ғана болды.

Барша қауымға осы табиғилығымен де қадірлі және қымбат, ардақты Тұлғаны енді көрмейтініміз, жанға дәру әңгімелерін, кез-келген құбылыстың түп тамырын дәл танып-зерделететін ой-толғамдарын өз аузынан естімейтініміз үлкен өкініш…

Марқұмның отбасына, лайықты ұрпақтары Зифа және Мағжанға, ағайын-туыстарына және қалың жұртшылыққа қайғырып көңіл айтамын.

Қош, сүйікті Мұрат ағатай - иманыңыз саламат болып, рухыңыз пейіште шалқығай!

 Сізді әлі көп іздейтін, жоқтайтын боламыз…

Халық барда ұмытылмайтыныңызға, рухани бай да терең мұраңыз, бекзат болмысыңыз сан ұрпаққа үлгі болатыны сөзсіз. 

 

Махат Садық

Абыздың жалғасы Мұрат Әуезов өмірден озды. Ұстазымыз болды. Көп дүниені үйретті. Тәлімді тұлға, абыз ақсақал еді. 

Өсиет- өнегені өрелі жан айтса дейміз.

Бұл ағамызбен бір кездескенімізде қағазға түскен әңгіме еді…

Үміт пен мақсат айқын. Осының бәрі бүгінгі замандастар жасаған жаңалық емес. Ол Ұлы Абайдан бастау алған қазақ мүддесі. Оған жалғас Алаш азаматтарының қазіргі, бәлкім келешек ұрпаққа қалдырған аманаттары. Бостандық пен Тәуелсіздік тұрғысындағы олардың айтып және жазып кеткендерін тереңнен толғап зерттеуіміз керек. Жаңа заманда жаңаша сын-қатерлер туындауда. Қазақты сақтап қалар бір ғана ұлы күш бар. Ол қазақтың ауызбіршілігі.

Басыңдағы баспаңнан ба мәңгілік?

Қышқа басқан тас таңбаң ба мәңгілік?

Бірге өскен бауырың ба мәңгілік?

Адамдарды бір-біріне айдап сап,

Қырқыстырған күндестік пе мәңгілік?

Махат бауырым, бұл ойлар Нұх пайғамбар сияқты судан аман қалған аккадтық Утнапиштимнің монологы. Қаншама ғасырлар өтсе де, осы сөздердің мән-мазмұны жоғалған жоқ. Кештен таңға созылар жыр әуенінен адамдарды бауырластыққа, өзара түсіністікке шақырған ізгі тілектердің үні айқын естіліп тұр. Монолог «Сұм ажал ешкімді де аямайды» деп келетін жалпылама ой ауанымен басталады да, адамның қолында ештеңе жоқ екені, бәрі де құдайлардың маңдайына не жазғанымен аяқталатынына тоқталады. Ажал бәріне соңғы нүкте болмақ. Жауыздыққа да, мейірімге де, олардың өзара тартысына да. «Мәңгілік» ештеңе жоқ. Өйткені ештеңе мәңгілік болып жаратылмаған.

«Тәуелсіздігіміз тұғырлы, мемлекеттігіміз ғұмырлы болсын!» дейміз әрдайым. Бұл тұрғыда биліктің басты міндеті меніңше, мемлекет, қоғам және жеке адам мүддесінің ұтымды тепе-теңдігін қамтамасыз етуі. Өркениетті елдерден үйренеріміз осы. Шынайы әділеттілік осылай орнайды. Өзімнің өткен өмір жолымды саптап, саралап қарасам - оның қай-қайсысында да ең басты ғұмырлық ұстанымым - әділ болу, әділдікті мойындау, әділетсіздікпен күресу болып келеді екен. Әділ мен әділеттілік-жадыма жатталып, жанымды жаңғыртып, ата-бабаларымның қанымен келіп, көңілімді асқақтатып, кеудемді тіктеген ұғым. Осы ұғымнан туатын тұжырым елімізде әділеттің ақ туы тігілсе - қазақтың ауызбіршілігі орнайды. Ол кемел келешегіміздің кепілі.

Махат, өзің әңгімеміздің әлқиссасында атап өткеніндей, «Ділім» атты кітабымда былай деген едім. Өзімнің тәй-тәй басқан алғашқы қадамымнан бастап, анамның:

Тілі жат,

Діні жат,

Ділі жат,

Жат елден таяқты жеп едің,-

деген жолдарды әнге қосып жырлағанын естіп өстім. Сол кезде тіл мен дінді түсінемін. Діл дегенді ұғына бермейтін баламын. Бірақ бала болсам да, бұл өлең жолдарындағы ең маңызды ойдың осы Ділге келіп тірелетінін бүкіл болмыс-бітіміммен сезінгендей болатынмын. Ділдің құдіреттілігі де осы. Міне қазір, Тіл мен Дінге сол Діл дербестігі арқасында оралдық.

Менің бағдаршамым да осы - менің Ділім. Діліміз мықты болса, тәуелсіздігіміз де мығым.

- Мұхтар Омарханұлының бір жазбасынан оқыдым. Мен ұлым Мұратпен Гегель философиясын талқыласақ таң атқанша таусылмайтын әңгіме басталады дегенді. Әке арманы, әкенің мақтаныш сезімі осы бір сөйлемге сыйып кеткендей. Бір сөзіңізде: «Соңғы кездерде мен әкем жүрген жолмен қырғыз жеріне жиі-жиі келемін. Қазақ-қырғыз арасын байланыстырған ата дәстүрін жалғастыру мен үшін үлкен ғанибет. Әкемнің ісі – өсиет»,- деп айтыпсыз. Әңгімемізді әке мен бала арасындағы есте қалған рухани оқиғаман сабақтасақ.

- Мұхтар Әуезов 1957 жылы Лениндік сыйлықтың лауреты атанды. Сыйлық ережесі бойынша лауреат атағын алған адам Совет Одағының кез-келген жеріне барып демалып тұруы үшін, қалаған жерінен саяжай алуға хұқысы болды. Сонда әкем Ыстықкөлді таңдады. Он үш жасымда бауырым Ернар екеуіміздің Ыстықкөлге барғанымыз есімде. Атақты қырғыз жыршысы, атақты манасшы, халық артисі Саяқбай Қаралаевтың үйіне тоқтадық. Алыс-жақын елдерден бірқыдыру мәдениет қайраткерлері, әйгілі ақын-жазушылар жиналған екен. Саяқбай жыршы манасшылап ұзаққа жырлап кеткен бір сәтте әкемнің жанына жақындап, жыраудың не айтып жатқанын құлағына сыбырладым. Сонда әкем, көзін жұмып, жыр құдіретіне шомған Саяқбайды тоқтатып: «Мұрат ұлым сіздің жырды түсініп, өз ойын былайша пайымдады» деп сөзімді отырғандарға жеткізгені есімде. Жиналған мықтылар мына сөздер Гегелдің тұжырымына келеді десіп даурығысқан сонда. Ұлылардың алғашқы батасын алып білуге, көп ізденуге ұмтылыстың басталуына сол оқиға ерекше әсер берді. Қазақтың баланы жастан тәрбиеле дегені осыдан шыққан болар.

- Адамның балалық шағы қимастық сезімге толы оқиғалар. Сұхбатымызды осы бағытқа бұрсақ. Мен естігенім мен оқығанымды тілге тиек етсем. Сіздің әкеңіз, қазақты ғұламасы Мұхтар Омарханұлының ғаламат таланты туралы сан кітаптар жазылды. Ал, ол кісі қандай әке болды? Сталиндік тоталитарлық кезеңде жасқанбай «халық жауы» танылып атылып кеткен екі мықты азаматымыздың жесірі, анаңыз Фатима бегімді жалғыз тастамауын, мен таңғажайып адамзаттық парасаттылық, ер адамдар үлгі алар өнеге дер едім. Ол тұста Мұхтар Әуезовтің өзі де қырағы көз чекистердің қудалауында жүрді. Шығармаларынан «ұлтшылдық» пен «алашшылдықты» іздеген аяусыз сын партия тапсырмасымен баспасөзде жиі шығып жатты. Жамбыл облысына жер аударылған халық жауларының жесірі Фатима бегім қазақтың арда азаматтарың ұрпақтарын қалай аман сақтап қалды? Сізден аздап сыр тартсақ?

- Махат сұраған екенсіз, айтайын. Біләл Сүлеев менің шешемнің бірінші жолдасы. Белгілі қоғам қайраткері, ақын, ағартушы, журналист, драматург. 1918–1927 жылдары халықты жаппай сауаттандыру ісімен айналысып, Жетісу өлкесіндегі қазақ ауылдарында екі жылдық бастауыш мектеп, аудан орталықтарында жеті жылдық орталау мектеп, облыста тоғыз жылдық орта мектеп ашуға мұрындық болған. Бұл мектептерде кейбір пәндер орыс тілінде оқытылған. Сүлеев енгізген бұл тәжірибе Жетісудағы қазақ жастарының Совет Одағының барлық қалаларындағы жоғары оқу орындарына оқуға түсулеріне мүмкіндік берді. Семей педогогикалық институтын ашып, алғашқы ректоры болды. Семейде жүргенде жазықсыз қамауға алынған. Сол қамаудан аман шыққан соң, 1934 – 1937 жылдары Қарақалпақ автономиясында халық ағарту комиссары болды. 1937 жылдың соңында екінші рет қамауға алынып, ату жазасына кесілген.

Біләл Сүлеевтен Фарида, Жәнібек және Азат есімді үш бала қалды. Фарида он бір жасында қатты науқастанып қайтыс болады. Жәнібек жанып тұрған азамат еді. Ұлы Отан соғысына қатысты. Ерекше ерлігімен көзге түскен. Азат біздің бәрімізге қамқоршы аға болды.

Ал, халқымыздың ұлы ақыны, саяси-құғын сүргіннің құрбаны Ілияс Жансүгіровтен Үміт, Ильфия, Болат өмірге келді. Ілияс атамыз атылып кеткен соң, шешеміз Фатима да репрессияға ұшырап, Меркіге жер аударылады. Меркіде мен өмірге келдім. Бұл, біле білсеңіз, үлкен дүние. Шыр етіп осы дүниеге келгелі бергі ғұмырым жол үстінде келеді. Жасым сексенге қарай бет алса да, сол баяғыдай жолда келемін. Көңіл де, жүрек те, сана- сезім де әлі де әлденені іздегендей. Жауабын тапқандай да боласың. Бірақ ол сағым - сәттер. Қайтадан жол, қайтара іздеу. Бәлкім бұл, Әке аманатын іздеу жолы ма?! Менің әкем маған, яғни өз ұлына қамқорлық жасауым парыз деген желеумен жердің түбіндегі Меркіге жиі келіп тұрды. Осылайша өзінің үзеңгілес достары Біләл мен Ілиястың ұрпақтарының аман қалуына, өсіп жетілуіне себепкер болды. Бүгінгі уақыт биігінен қарасақ, әкем Мұхтардың Біләл мен Ілиястың балаларына қамқорлық жасауы - үлкен азаматтық ерлік. Адам кешегісімен, қазіргісімен және келешегімен өмір сүреді. Менің әкем ұлтымыздың екі ұлы тұлғасының осы үш сатылық жалғастығын сақтап қалды.

Біз әлемнің жеті кереметінің бәрінің де тарихын біліп, қайран қалып таңдай қағамыз. Бірақ жанымызда жүрген жандардың ішкі дүниесін тануға ұмтылмаймыз. Мен бақыттымын. Жас кезімде Әкем болса, қазір әкемдей дана азаматтармен доспын. Олармен уақыт тауып арнайы клубымызда бас қосамыз. Тұрмыстық пендешіліктен ада сондай замандастарыммен әрдайым кездескен сайын марқайып қалам. Адамды өмір сүруге құштар ететін дүние адал, ақ ниеттен шығатын қадамдар.

Әкем мені Біләл мен Ілиястың балаларындай тәрбиеледі. Бөліп – жарған жоқ. Жақсыны да жаманды да солармен бірдей бөлістім. Меркіде Қарасу деген өзен бар. Баламыз. Болат ағам менен бес жасқа үлкен. Бірде сол Қарасуда қайықпен жүзіп жүргенде су түбіне кеттім. Қайықтың түбі тесік екен. Сонда Болат ағам суға ағып бара жатқан мені құтқарып қалды. Егер көкейінде әкеміз бөлек деген күпірлік пендешілік болса басқаша болар ма еді. Шешеміз Фатима бегімнің үйреткені мол. Әкем де шешемнің балаларын бөлмей, өгейсітпей бәрімізге бірдей қарап, барынша көмектесіп отырды. Соғыс аяқталып, аңду тынышталғанда бәрімізді Алматыға көшіріп әкелді. Үй әперді. Балаларды оқуға орналастырды. Анам Фатима Ғабитова керемет жан еді. Табиғат көрікті де, ақыл-парасатты да аямай дарытқан. 1956 жылы Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин ақталған тұста, анамның Жазушылар одағы мінберінен сөйлеген сөзі жиналған жұртты тебіретті. Ел анамның айтқанын аңызға айналдырып жалғастырды. Маған анамның тұлғасы ғашықтардың пірі Бибі-Фатимаға, от анасы Ұмайға ұқсап кететін. Маған анам қазақтың үш бірдей азаматының ұрпағын жетілдіру үшін Алланың аспаннан жіберілген періштесі секілді көрінетін. Қазақ халқы Анаға қашанда құрметпен қараған. Жер Ана дейміз. Ана тілі дейміз. Діліміздің діңгегі де Ана тамырына байланған.

 

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар