Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Әженің баласы, Әкенің інісі...

03.02.2016 3803

Әженің баласы, Әкенің інісі

Әженің баласы, Әкенің інісі - adebiportal.kz


Сұхбатымыздың тақырыбын «Әке баласы» деп қойсақ, тіпті жарасар еді. Әкенің ақындық жолын жалғастырып, өнер әлеміне бірнеше деректі киноларымен қоса енген Бақыт Қайырбеков қай жағынан қарасаңыз да, әкеге лайық ұл атанғаны бәрімізге белгілі жайт қой. Алайда, өлеңнен кино өнеріне қарай бет түзеген ақынмен әңгімеміздің басы әже тәрбиесіне арналды. Дала мен қала өмірінің аражігі, қазақы тәрбиенің негізі жайлы сұхбат құрған қаламгер ұлттық тамырынан алыстамағанын байқатты. Әже алақанының жылуы маңдайында әлі сақталған ақын алғашқы жырын шешесіне (әжесіне) оқып бергенін айтады: «Әлде үш, әлде төрт жасымда әжеме: «Шеше, мен өлең жаздым», – дедім қуанышым қойныма сыймай. Одан әрі таң-тамаша қалып тұрған оған өлеңімді судыратып оқи жөнелдім: «та-та-та, та-та-та, та-та-та». «Мұның сөзі қайда?», – деді әжем жөпелдемде не дерін білмей. Өлең сөзіме әжем айтқан мұндай сынға кәдімгідей ашуландым...».


Ақын өмірінде әке шығармашылығы, әке танымының да үлкен орын алғаны байқалады. Жыр жинағында «Туған жердің шалғыны» атты циклді әкесіне арнапты. Себебі, «даланы әкемнің арқасында таныдым» дейді бала Қайырбеков. Бала деп отырғанымыз болмаса, бүгінде Ғафуұлы Бақыттың өзі пайғамбар жасына жетеқабыл. 
Сонымен, әке жолын жалғастырушы әже баласымен арадағы әңгіме былай жалғасты...



– Әже тәрбиесін көрдіңіз. Сол үлкен кісілердің таным-нанымы және тиымдарын осы күні қаперге де алмайтын кездеріміз болады. Қалай ойлайсыз, біз әдетімізбен, мінезімізбен ата-баба жолынан ауытқысақ, мүлдем басқа ұлтқа айналып кетпейміз бе?


– Жалпы, өткенмен байланыстырар жі­бі бар әр үйден тәлім алған бала өзгере­ді деп ойламаймын.
«Сүтті жерге төкпе», «күлді баспа» де­­ген тиымдарды біз бала кезден естіп өс­тік. Тиым салынды, демек – болмайды! 
Әжем ерте жесір қалған адам. Жарына көрсете алмаған махаббатын бізден аяған емес. Өзі бақыт көрмеген соң ба, ар­маны сол болды ма, менің атымды Ба­қыт деп өзі қойды. Маған: «Сенің әкең өлген, оны 37-жылы жаман адамдар алып кеткен», – деп үйретті. Басында шы­нымен де солай шығар-ау деп жүрдік. Кейін шындықты білген күннің өзінде де әкемізге тіс жарған жоқпыз. Бірақ бір күні ол әңгіме әкемнің де құлағына же­тіп­ті. Ол уақытта Жазушылар одағы қа­лам­­герлерді әр түрлі курорттарға жібе­ре­тін. Оған баланы апаруға рұқсат жоқ. Мені жеке үйге түсіретін болып жолға бірге алып шықты. Жолда рұқсат қағазын көрсететін жер бар, сол жерде мені ертіп жүр­ген әкемнің Әсет деген жолдасынан: «Мынау сіздің балаңыз ба?» деп сұ­рағанда мен: «Жоқ, менің әкем жоқ», – дегенмін ғой. Соны жолдасы әкеме ай­тыпты. Оны естіген әкем қатты рен­жі­ген еді. 
Ал әжем сол сөзінен танбады. «Менің ба­лам» дейтін. Болды. Оған ешкім таласа алмайды. «Шешеме» деп, әжеме арнап бір­неше өлең жаздым. Тіпті, мен өлеңді де әуелі «Шешеме» деп, сол кісіге арнадым. Әжем марқұм 1970 жылы қайтыс бол­ды. Жеке бөлмеде жатыр еді, кешке бөл­месіне кіріп маңдайынан сүйдім. Кө­ңілім алай-дүлей. Жоқ, шешем әлі көзін жұ­ма қойған жоқ. Бірақ бір жамандықты жүрек сезді. Ешуақытта әкемнің жұмыс үстеліне жоламайтын едім. Үнсіз барып сон­да отырдым да, қолыма қағаз, қалам алдым... 
Әжем маған өлеңге жол ашып берген­дей. Екі жылдан кейін өлеңдерім «Просторға», «Қазақ әдебиетіне» басылды. 
Салт-дәстүр туралы деректі фильмді тү­сіргенімде де әжем айтқан тиым сөз­дер көп көмектесті.


– Қазақтың өзгеше үнді ақында­ры­ның бірі, өз әкеңіз Ғафу Қайырбековпен діл тұр­ғысынан қаншалықты жақынмын деп ойлайсыз? Әке рухын түсіну үшін тіл сізге қан­шалықты кедергі болды?


– Қалада өскен ұлмын, бірақ кіш­кен­тай кезімнен даладан алшақ болғаным жоқ. Маған шешем тұяқтың ізі қалған шұқанақтағы суды да берген екен. Далада білесіз ғой, кейде тамшы тамбай қоя­­ды. Бір күн бе, екі күн бе, далада ма­ши­­намен тұрып қалыптық. Не су, не та­мақ жоқ. «Мына бала өлетін болды-ау», – деп ойлап тұрып, әлгі тұяқтың орындағы суға орамалын батырып, соның сөлін кезерген ерніме тамызыпты. Жоқ, орыс ертегілерінде айтатындай, ешкі тұяғын­дағы суды ішіп, ешкіге айналып кеткен жоқ­пын, шүкір, адамдық қалпымды сақ­тай алдым.
Осы күні әкем түсіме жиі кіреді. Осы күні. Негізінде, әжемнің қолында өскен соң, мен ол кісімен көп араласпадым. Жа­қын болып сөйлескенімізбен, соңғы уақыттары болмаса, тіпті «папа» деп ай­ту­ға батылым да жетпеді. Сіз деп сөй­лес­тім, әрине. Шәй ішетін болсақ, ка­би­не­ті­нің есігін қағатынмын да: «Сізді шай­ға шақырады», – дейтінмін. 1 класқа дейін орыс­ша білмедім, оныншы класты бітіргенде, шығарманы орыс тілінде өлеңмен жаздым. Мәскеудің институтынан Климович деген профессор келді. Әкем өлеңімді сол кісіге көрсетіпті. Өзім математикадан жақсы едім, олимпиа­даларға қатысып жүргенмін, «физ-матқа» тапсырамын деп ойлағам. Біраз уақыт­тан соң, «байқаудан өттің, Мәскеуге барасың» деген хабар келді. Әкемнің маған көмегі – осы. 
Өзі диплом қорғауыма қатысты. Ма­ған ештеңе айтпай, өзі келіпті. Қорғап шық­сам, әкем мені күтіп отыр екен. Мен орыс­шаға аударғанда өлеңдеріне бір­не­ше жол қосып жіберген едім, соны біліп қой­ды ма деп қорқып кеттім. Әкем үнде­ген жоқ. Дипломдық жұмысыңды қорғау тәртібі мынандай – әуелі өзіңнің өлеңіңді, екінші аудармаңды оқисың. Оған екі оппонент береді. Біріншісі – Сергей Машинский деген атақты ғалым. Екінші-
сі – қазақ тілін білетін Көроғлы деген түр­ко­лог. Екеуі де жақсы сөйледі. Үздік қор­ғап шықтым. Соған әкем қатты қуанып, ме­ні мейрамханаға, «Славянский баз­ар­ға» апарды. «Мұнда Пушкин болған! Се­нің ақын екеніңе сеніңкіремей жүр едім, үлкен кісілер айтып жатыр ғой, оларға сенуге болатын шығар», – деді. Содан бе­рі маған ешбір өкінішін, ренішін айт­қан емес. «Сен ақынсың ғой, ақылың же­те­ді ғой», – деп құрметтеп өтті. 
1975 жылы М.Горький атындағы Әде­биет институтын бітіріп, Жазушылар ода­ғында орыс поэзиясы бөлімінде редактор болдым. Біраз ақынның өлеңі баспа бетін көруге жарамсыз деп шешім шығардым. Ол уақытта өзге ұлттардың намысы бүгінгідей емес, маған көп адам: «Сен кімсің соншама, өзің жассың және қазақсың, бізге қалай жазу керегін үйрететін сен бе?», – деген еді. Тіпті, ОК-ға арыз да жазыпты. О, ол күндері ОК-тің арыны тым қатты. Марқұм Исиналиев Михайл Иванович деген кісі бөлім мең­герушісі еді. Сол бір күні мені шақырып алды. Барсам: «Сенің үстіңнен қаншама адам арыз жазды, не болды?», – дейді. Түсіндірме жазуымды сұрады. Әр қол­жаз­баға редакторлық тұжырымдамам бұрыннан да бар еді, соны әкеле қойдым. «Ба­лам, бәрі дұрыс екен ғой», – деп ме­нің сөзіме сенді. Сосын бұлар енді жол­дас­тығын пайдаланып әкеме хабарлас­пай ма: «Ана балаң не істеп жүр? Онысы несі? Бізге тиісіп, кітабымыз шыға алмай, баспада сарғайып жатыр», – дейді. Ара­да біраз күн өткен соң, әкем телефон шалып тұр: «Жағдайың қалай, бәрі жақ­сы ма?», – дейді. «Не болды, сізді де тыныш қоймай, телефон соғып жатыр ма?», – десем, «Жоқ, жәй жағдайыңды біліп жатқаным ғой, кітаптарыңды қарап жүр­сің бе, бәрі жақсы ма?», – деді де қойды. Біраз уақыт өткен соң, әкеме телефон шал­ғандардың біреуі айтты: «Әкеңе назы­мызды жеткізген едік, Ғафекең: «Ол бөлек ақын, мен оған ештеңе айта алмаймын деді...». 
Әкем менің жолым бөлек екенін біл­ді. Мені жеке ақын ретінде құрметтеді.


– Әкеңіздің сіздің шығармашылық та­­бысыңызға қуанған сәті есіңізде ме?


– Әкеммен бірігіп кеш өткіздік. Әкем үшін де, мен үшін де ең бір бақытты, қуа­ныш­ты сәт сол болды деп ойлаймын. Мен оның өлеңдерін орысшаға аударып, ол менің өлеңдерімді қазақшаға аударып оқыды. Әкелі-балалы екеуіміз поэтика­лық әулеттің де болатынын осылай сез­дір­ген едік. Сонда әкем қатты қуанды. «Ба­лақай, мұндай әр жерде кездеспейді», – дей берді.
Одан бұрын бір қызық әңгіме, бір күні кеш­құрым шешем телефон шалады. «Әй, не бүлдірдің?». «Иә, не бүлдіріппін?». «Ана әкең қарадай саған ашуланып отыр ғой». «Ен­ді не болып қалғанын өзі айтпай ма?». «Жарайды, болды, енді ертең ха­бар­­ла­самын», – деді де шешем телефонды тастай салды. Ертесі шешем тағы ха­бар­ласып, күледі. «Тағы не болып қал­ды», – деймін мен. Сөйтсем, әкем менің өлең­дерімді аудармақшы болыпты. «Пушкинді аудардым, Лермонтовты аудар­дым, не, сені аудара алмаймын ба?», – деп ашуланған ғой...


– «Әкеме өлеңдері арқылы жақын­дадым. Оны орысшаға аудардым. Ал ол болса, менің кейбір өлеңдерімді орыс тілінен қазақшаға тәржімалады. Мені өз ана тілімде оқығанын қатты қа­лаған еді. Өлеңдерімнің менің хал­қымның тағдырында маңызының аз­дығын ұққан соң, киноға бет түзедім» дей­сіз. Неге олай айттыңыз?


– Кезінде орысша жазатынымды бетіме басып, көңіліме ауыр алатын сөздерді айтушылар болды. Орысша жазатыныма мені өкінбеді деймісіз? Тіл білмейтінімді ұят санап, «мұным не?» деген кезім аз болған жоқ. Ақыры әл­дебіреулердің қыжыртпа сөзі басыл­маған соң, бүйткен өлеңі құрысын дедім де, өлең жазуды қойдым. 
Сол бір қиын уақытта Олжекең, Олжас Сүлейменов шақырып алып, «Қозы Көрпеш – Баян сұлуды жазсаң қайтеді» деген ұсыныс жасады. Осылайша, сценарий жазуға отырдым. Кейін кино саласында білімімді шыңдадым. Яғни Мәскеуге тағы оқу іздеп кеттім.


– Өлеңдерді, жыр-дастандарды ауыз­ша жатқа білетін, қара сөздің майын тамызып әңгімелейтін ұлттың осы күні өлең сөзді қадірлеуі, құрмет тұту сезімі кеміп бара жатқандай көрі­неді. Өлең жырды келер ұрпақ төбесіне көтере алады дегенге қаншалықты се­несіз?


– Жастар кітапты көп оқымайтыны рас, бірақ біз ауызша әдебиетін әлі жо­ғалтпаған ұлтпыз. Кітап оқығанын қой­­ғанымен, жастар ауызша өлең жат­тауға, өлеңді ауызша айтуға көшер. Қа­зір мысалы, жастардың көбі айтысты тың­дайды ғой. Меніңше, өлең ешқашан өлмейді. Қазақ үшін ән, жыр, өлең жо­ғал­мақ емес. Еуропа, басқа елді қараңыз, өлеңді жаппай көпшілік оқи бермейді. Ақын­дары да аз. Бізде екінің бірі өлең сөздің басын құрай алады. Тіпті, өлең­детіп сөй­лемесе асы бойына сіңбейтіндер де бар. Жалпы, өлең – жанның сыры сияқты. Оны адам әркез іздейді. Қазақта жүрек өлеңге құмар, сондықтан ол өл­мейді. Кітап оқылғанын қойғанымен, өлең ха­лыққа жетудің басқа жолын таба­ды. Онсыз болмайды.


– Деректі кино саласында өнімді жұ­мыс атқарып жүрсіз. Өнердің бұл түрі сізді несімен баурап алды? Әке тәр­биесін, әке тәлімін, оның жырла­рын­дағы екпін мен сұлулықты кино­доку­ментальді тілге қалай түсірдіңіз?


– Әкеммен еліне көп бардық. Күні бойы далада, сыртта жүреміз. Үйге кел­сең қойды әлі соймай, бата оқуын күтіп отырады. Одан қой сойылып, еті пісіп болғанша тағы біраз уақыт. Қазанға жас етпен бірге сүрді салады. Соны жеп, түні бойы шөлдеймін ғой. Су іздеп сыртқа шы­ға­мын. Тастай қараңғы, бір кезде қо­раға кіріп кеттім. Алдымда бірдеме тұр. Не екен деп қасына жақындасам, «пыс, пыс» етеді. Зәрем ұшып кетті. Сөйтсем, сиыр екен ғой. Қала баласының ауыл­дағы хикаяттары осындай болатын. Соны киномда көрсетейін деп шештім. Бұл – курстық жұмысымның тақыры­бының аясында түсірмекші кином. 
Курстық жұмысымның тақырыбы – әке мен балаға арналған. Әкелі-балалы екеу тіл табыса алмайды. Бірі қазақша, екін­шісі орысша сөйлейді. Бірі атқа, екін­шісі мәшинеге мінеді. Бөтенбіз. Осы сю­жетті өмірімде болған оқиғамен бас­тағым келді. 
Торғайда, елге қыдырып барғаны­мызда бізге арнап өзен жағасына екі киіз үй тіккен еді. Мен мәшинені жаңа үй­­реніп жүрген кезім. «Москвич» қой. Со­нымен қымызға баратынмын. Қым­ыз­ға барып, күтіп отырып, ұйықтап қалып­пын. Қарасам, қас қарайып кетіпті. Жол қараңғы, түк көрінбейді. Мен жүріп келем. Бойымды әлдебір үрей билей бастады. Бір уақытта, әлде әжемнің, әлде әкем­­нің дауысы «Бақыт!» деп жанұшыра шыққандай болды. Машинаны кілт тоқтаттым. Жан-жағыма қарасам, еш­қандай қауіп жоқ. Дөңгелектерін қа­райын дедім де, алдыңғы дөңгелегі жақ­қа қарай жүрдім. Мәшиненің алды тіптен тас қараңғы. Бұл не болды екен деп, сіріңке жағып қалсам, дәл бір метрден ары – жыра. Құдай сақтапты, әйтеуір. Буын-буынымнан әл кетіп, машинада бі­раз уақыт отырдым. Көлікті жаңа үй­реніп жүрген кезім, артқа жүру үшін «кері жыл­дамдыққа» қалай ауыстырарын есі­ме түсіре алмаймын. Әрең дегенде арт­қа бұрылып, өз жолыма түстім. Жолдан ерте бұрылып кетіппін, алға тағы жүріп едім, алдымнан бізге арнап тіккен қос киіз үй көрінді. Қуанғанымнан тежегіштің орнына газды басып жіберіппін. Киіз үйге кимелей келіп, әрең тоқтадым әйтеуір. Әкем киіз үйден атып шықты да, қатты кейі­ді: «Қайда жүрсің? Екіншіден, мы­науың не? Бізді басып кетесің ғой», – дейді. Мен үндемей қымызды үйге тасып біткен соң, жейдемді шешіп, сығып едім, малмандай су болыпты. Әкеме, әрине, ештеме демедім. 
Осы оқиғаны мен киномда көрсет­пек­ші болдым. Жігіт әкесінің дауысын естиді, ажалдан сол дауыс сақтап қа­ла­ды. Ол уақытта елде той болып жатыр. Әкемнің алпыс жылдығы. Мен болсам ки­но түсірем деген желеумен әкемді құм­­ға алып кеттім. Күн аптап ыстық. Сце­­нарий бойынша, әкем қайтыс болуы керек. Әкесін кішкентай баласы ша­қы­рады. Әкесі қарамай кетіп барады. Алыс­та бір ағаш тұр. Ол ағаш кенеттен жанып кетуі керек те, әке елесі сол ағашпен бір­ге жоғалуы тиіс. Бала «Көке!» деп қа­ла­ды. Ағаш та жоқ, әке де жоқ болуы тиіс. 
Студентке мегафон алу қайда? Қо­лым­мен сілтей қалып, «сен жүгір», «сен жүр» деп белгі беремін. Ағашқа қарай қолымды сілтегенде, оны жандыруы тиіс, ал ағаш, қырсыққанда, жанбайды. Үш рет түсірдік. Бір уақытта күн тіпті шыжи бас­тады. Қой, мына түріммен әкемді өл­тіріп аламын ба, тоқтатайын дедім. Әкемнің өзі шыдап, менің айтқанымды істеп жүр. Той болса, ауылда, өздігінен, әкем­сіз өтіп жатыр. Ағаш ақыры жанбады. Әрең дегенде түсіргендей болдық. «Мына ағаштың түбінде мені суретке тар­тып алыңдаршы, бұдан кейін көркем фильм­ге жоласам ба» дедім күліп. Жолшыбай өзен бар екен, әкем шомылам деді. Оны да түсіріп алдық. Әкем кіп-кіш­кентай, аяқ-қолы шидей, жүзі шаршаңқы, әлсіз. Жүзіне қараудың өзі сондай аянышты. «Менің бұл кейпім саған неге ке­рек болды» дегендей, әкем біртүрлі рен­жи көз тастады. Бірақ үндеген жоқ. 
Бұл курстық жұмыс қой, Мәскеуде қал­ды. Одан кейін деректі киноға кеттім. Әке­ме арналған «Мен саған сәбимін» фи­льмін өзі көріп кетті. Мен айтып өткен курстық жұмысыма қажет деп түсірген кадр­ларды пайдаландық. Әкем бұл жұмысыма қатты риза болды. 
Салт-дәстүр туралы деректі киномда әжем­нің үйреткендері көп көмектесті дедім ғой. Ол кезде қомақты ақша жоқ. Кейіпкер ретінде апам, әкем, кішкентай балам бар дегендей, өзіміз түсетін бол­дық. Ал енді келіп әжені іздедік. Қазіргі Достық көшесінің бойында Археология және этнография мұражайы бар еді. Соған жол түсіп бара қалсақ, кимешек киген әже отыр. Көктен іздегеніміз жерден табыла қалып, қуанып кеттік. Өйт­пе­генде! Ол кезде кимешек киетіндерді табу, тіпті қиын ғой. Әжеміздің де кинодан хабары бар көрінеді, жолдасы жарық түсіруші болып істейді екен. Бізге, тіпті, бесік те тауып берді. Мұражай басшыларымен таныстығымның арқасында екі сағатқа түсірілім жасауға рұқсат алдық. Соған тығылып жүріп бір жеті түсірдік қой. Бірде тауға шығатын болдық. Папам ол уақытта таяқпен жүретін. Әбден шаршады. Тауда түсіреміз деп ескі нар қо­быз­ды өзімізбен алып алғанбыз. Қазақта қобыз қасиетті аспап қой, оны ол кезде білмеймін, камера қобызға бұрылғанда, істемей қалды. Есептегіші сынып қалып­ты. Ондай болуы мүмкін емес еді. Қай­те­міз, кино түсірілмейді, кері қайта­мыз де­­ген соң, әкем шын ренжіді: «Әй, мы­на­уың жұмыс па? Одан да өлең жазбайсың ба? Мен ақынмын, маған не керек? Қа­ғаз жақсы болса, қалам жақсы болса, си­гарет жақсы болса болды, басқа түк те керегі жоқ. Сен тіпті темекі де шек­пей­сің! Қағазың мен қаламың қалтаңда, жа­за бермейсің бе?», – деді...


– Осы сұрақты біз де қойғымыз ке­ліп еді. Сіз жаңа өлеңді қойып кеттім де­діңіз. Өлең деген қойдым дегенге қойы­ла қала ма екен?


– Олай емес екен. Терезені тарс бе­кі­тіп алғандайсың. Таза ауа кірмей қал­ған­дай. Тазару болмай қалатындай. Өлең кел­генде жазбай қойсаң, өте қиын екен... 
Өлең келгенде өлең де жаздым, бірақ енді не жазатынымды ешкімге айтпадым. Киноны да түсіріп жүрмін. Жұмыс­сыз қалып, екі жылдай үйде де отырдым. Пай­дасы – кітапты көп оқыдым. Аударма жасадым. Абай туралы екі фильм түсіріп едім, жібермей қойды. Бір кейіпкерім – қайыршы, тағы бір кейіпкерім – анау-мы­нау, кәкір-шүкір, азық-түлік сататын сау­дагер еді. Ешкімнің аузына сөз сал­ғаным жоқ. Абайдың қара сөзінен үзін­ділер алып, біреуін қайыршының аузына, ен­ді бірін саудагердің аузына саламын. «Қа­зақ еш уақытта қайыршы болған емес» деді, «қазақ ешқашан саудагер бол­ған жоқ, оны неге телеэкраннан көр­се­тесің» деді. Сөз – Абайдікі еді ғой дей­мін мен. Сөздің соңы – мұндай фильм біз­ге керек жоқ деді. 
Ол уақытта қосымша пұл болсын деп сце­нарий де жазып жүргенмін. Сол жұ­мыстармен Павлодарға бардым. Қолым бос болғанда сценарий жазып бер деп өті­ніш жасаған жігіттерге екі фильмімді көр­сеттім. Біреуі – Абайдың Қара сөз­дері, екін­шісі – әндері жайлы. Екінші фильмде Абай әндеріне сопылық тұрғы­дан келдім. Со­пылықта жарға жазған өлең, Аллаға жаз­ған өлең демей ме? Оны да жылы жауып қойды. Осы екі фильмімді жігіт­терге көрсетсем, олар үндемейді. Мен: «Жа­рамаса, жарамайды деп айтсаң­дар­шы, неге үндемейсіңдер?», – дедім. Сөй­т­сем, бұлар Қарауылдың жігіттері екен. Деректі киноларымды аттай қалап, сұрап алды. Ұнатыпты.
Сол аралықта бір жазушының кітабын аудардым. Алғыс есебінде кітабымды шы­ғарысуға көмектесетін болды. Сөйтті де қағаз тауып берді. Бір күні полиграфтан хабарласады, «кітабыңыз баспаға дайын, толық басылып шығуы үшін қа­ра­жат керек», – дейді. Сасқанымнан әлгі Пав­лодардағы жігіттерге хабарластым. Үс­темесіз, қарызға ақша бере тұр­саңыз­дар қайтеді, кейін қайтарып бе­ре­мін дедім. Қанша керегін де білмеймін. Олар есепшотты өздеріне аударуларын сұрады да, кітапқа керек қаражатты тауып берді. Бір жетіден кейін полиграф тағы хабарласып тұр, енді кітаптарымды алып кетуім керек екен. Барсам, ешкім жоқ, жер аппақ қар. Кітаптар жерде үйіліп тұр. Бір жағынан қуанып, бір жағынан көңілім босап кетсе де, кітаптарды түгел жинап алдым. Москвичыма тиеп, үйге әкелдім. Адам бақытты да көтере алмай қалатын кездері болады екен, ауырып тұрдым. Абайды түсіріп, жолым болмағанда ақын бабамның жолы ауыр екен-ау деп асы­лық ойлаппын. Абайға жасаған еңбегім өзіме жеке кітабым болып қайтты. 
Кейін бірнеше деректі фильмдер топ­тамасын жасадым. Шарманов, Жолдасбеков, Қонаевтардың тұлғасын деректі фильм арқылы сомдадым.


– Бала күнді еске алғанда, алдымен, нені ойлайсыз? Сіздің үйдің дас­тар­ханынан дәм татқан әкеңіздің жол­дас-жоралары қандай әңгімелердің тие­гін ағытатын?


– Әжем марқұм кең адам еді, кешке ет­ті қазанға молынан салады. Оған әкем: «Не болды, мынаны қалай тауысамыз», – десе, әжем еш саспастан: «Біреу-мі­­реу келіп қалар», – дейтін. Шынымен де біздің үйге әкемнің жора-жолдастары көп жиналатын. Ол уақытта жас ақын­дар­д­ың көбінің пәтері жоқ, әкем бірінші болып Тастақтан үй салды. Үйге келетін­дердің көбі Жазушылар одағына мүше бола қоймаған кезі, бәрі жас. «Ғабекең өлеңдерімізді оқып, талдап беретін», – дейді бір естелігінде Тұмаш аға. 
Әкем шынымен сондай адам еді, еш­кімге тиіспейтін, қайта жастарды қанат­тан­дырғанды жақсы көретін. Жастардың кітабына алғысөзді де көбірек жазды. Мен: «Алғысөзді неге көп жаза бересіз, өлеңдері жақсы деуге де келмейді», – деп сұрадым. Әкем: «Өлеңдерін жөндеуге болады екен, жаны таза болса, дарынды болса, одан ақын шығады», – деуші еді. 
Ғабит Мүсірепов, Тайыр Жароков, Сырбай Мәуленов, Сағи Жиен­баев, Тұманбай Молдағалиев – көп­теген ақын-жазушылар үйге келетін. Оты­рып алып ойнайтын бір ойындары бар еді. Автоқаламның да жоқ кезі. Ақ қа­ғазға қарындашпен А-дан бастап, әр­бір әріпке өздері білетін ақын-жазу­шының аты-жөнін жазысатын. Кім көбір­ек жазады – сол жеңеді дегендей. Олар жазған тізімде біреуді білмей қалса, араларында біреуі: «Мынауың, кім-ей, білмейді екенбіз», – деп жатса, әлгі жазушы не ақынның есімін жазған адам оның кім екенін, не жазатынын толық тәптіштеп түсіндіріп береді. Бұл да білімді жетіл­дірудің бір түрі ғой. Өлең оқу, ән айту, домбыра тартулары өзінше бір бө­лек әңгіме.


– Адам жасы ұлғайған сайын тамы­ры­­нан алыстай бере ме екен, әлде өз тү­біне қай­та оралғысы келе ме екен?


– Бала күнімде мына бір көріністі тап­жылмай отырып қадағалағанды ұна­татынмын. Арықтан су ағады ғой, өзіңіз де көрген боларсыз. Сол судың жолына анықтап қарасаңыз сәл оңға, сәл солға бұрылып, кейде қиғаштай ағады. Су өз жолынан адаспайды. Алдында жапырақ, не қоқыс үйіліп, бөгет жасаса, әуелі, жан-жағынан сыздықтап ағады да, күшейе келе, әлгі жапырақ не қоқысты өзімен бірге ағызып әкетеді. Жалпы, су туралы көп айтуға болады. Адамның үштен бір бөлігі судан құралатынын да ғалымдар дәлелдеді. Үш күйде – қатты, сұйық және бу күйіне ауыса алатын да осы – су. Қазір тіпті суда жады барын да айтады. Су – мәңгі қозғалыс. 
Көшпенді халықтың философиясы да – мәңгі жол. Қытайдан келген дә­рігерлер «Біз­ді өзге ауру қызық­тыр­май­ды. Біз қан­ның жүру жолын іздейміз. Инемен сол жолды ашып береміз» дейді. 
Ежелде атақты батырды өлтірсе, оның әруағы кейін ұрпағына көмекке кел­месін деп, омыртқасын үзген. Омырт­қа да – жол. Біздің философиямыз да – жол. Біз кез келген уақытта «ақ жол» ті­лей­міз. Осы күнгі адамдардың бір бөлігі Еуро­центризмге беріліп кетті де Еуропадан жоғын іздейді. Ал енді бірі «Жібек жо­лы» болған соң, жіптің ұшын Қытайдан тар­қатады. Олай емес, біз өзіміздің түбі­міздің терең екенін білуіміз керек. 
Мені осы қызықтырады қазір. Тамырымнан алыстап кеткенімді, әлде жақын­дауға ұмтылғанымды осыдан біліп аларсыз...

– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан Қ.СІМӘДІЛ.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар