/эссе/
Жұрт хэйат наадамға1 жиналған. Тойдың ашылу салтанаты басталды. Қаладан келген ығай-сығай министр, депутаттар сөз сөйледі. Олар қанша тілдің ұшымен өтірік образбен ұрандатып сөйлесе, жұрт та соған сай қолдың ұшымен ғана қошемет көрсетіп жатты. Үшінші мінберге осы азғана аттөбеліндей тұба ұлтының қаймағы, рухани көсемі шықты. Бастапқы кіріспе сөзді мемлекеттік тілде сөйледі. Сөз соңында көзілдіргін алып мінберге қойды да, халыққа қарап, тұба (тыва) тілінде сөйлей жөнелді:
– Құрметті менің, асыл тұбаларым! Мені серкедей таңдап, қалың елді бастауға сенім арттыңдар. Арқама мың батпан аманат арқалап, басымды тауға да, тасқа да соқтым. Осыдан отыз жыл бұрын тұба халқының теңдігі үшін Монғолияның көсемі Ю.Цэдэнбалға2 тепсіндім. Тұба жұртының өсіп-өнуі; өз тілінде білім алуы; бір ортаға шоғырлануы және діні туралы мәселе көтердім. Сонда Ю.Цэдэнбал не дегенін білесіздер ме? Жұрт аңтарыла қалды. Шыбынның ызыңы естілмес тыныштық орнады. Бір жұтынып алды да қайта сөзін сабақтады:
– Сонда былай деді, – ұятты болса да айтайын: – Басымды көп қатырма, – деп басбармағын сұқ саусақ пен ортантеректің ортасынан салақұлаш қып бетіме тақады, – Бұл елде жалғыз ғана ұлт бар, ол осы мемлекетті құрушы - моңғол жұрты. Одан басқа ұлт жоқ! – деді. – Тұбалардан басқалары ештеңе ұққан жоқ. Тек көсемінің тебіренісіне тіксіне қарағаны болмаса. Көсем тағы да күрсініп былай деді: – Міне, бүгін, мыңға жуық адамдық төбелеріңді көріп, мен қатты толқып тұрмын. Сендер тұба халқының бар екенін тағы бір дәлелдеп бердіңдер, – деп бір тоқтады. Сөзінің аяғына қарай дауысы қарлығып шықты, көзіне ерік берген екен, екі тарам жас ағып сахнадан түсіп бара жатты...
***
P.S. Кейін білдім. Ол кісі – тұба жұртының рухани көсемі, әйгілі жазушы Чинагийн Галсан болып шықты. Жергілікті қазақтар Шымықбайдың Қалсыны дейді екен. Шығармалары неміс, моңғол, ағылшын тілінде жарық көрген. Өзі тұба (ана тілі), қазақ, моңғол, неміс тілдерінде еркін сөйлейтін, полиглот жазушы. Моңғолияның Баян-Өлгей аймағы, Сеңгіл ауылының тумасы. Жазушының алғашқы кітабы 1981 жылы Берлинде неміс тілінде жарық көріпті. Германияға кеңінен танылған. Еуропаның Треббиа сыйлығының иегері. Қазақ тілінде «Найзағайлы жылдар жаңғырығы», «Момақан жігіттің ізімен» атты тамаша әңгімелері аударылған. Жазушы Қуандық Шамахай түпнұсқадан сәтті қазақшалады.
Ол Моңғолияның Европаға кең танылған алғашқы жазушысы. Сонау сахарадан, қарапайым малшы отбасынан шыққан; әлемдегі жойылып кету қаупі басым аз санды тұба ұлтының азаматы Еуропа төрінде кезекті үлкен марапаттау кезінде алған сыйлығына қуануды да қоя тұрып, құр мораль соғуды да ысырып, тұбаның «Бүбе» уату әнін «кісінетіп» қоя береді. Алғашында абдырап қалған Еуропаның «аса мәдениетті» адамдары сахарадан келген адамның бұл да бір жабайлығы болды ғой деп қолапайсыз сезінген. «Бүбе-бүбе» деп кісінеген дауыс үлкен залды кернеп әкетеді. Құрметті сыйлықпен қоса ұсынған бір түп гүл шоғын аялап, құндақталған бөпе секілді тербетіп, «бүбе-бүбе» деп күңіренгенде Еуропа жұртының жүрегіндегі «мәдениеттің» тоңы жібіп, аңдамай көздеріне ерік беріп қойғандарын бір-ақ біледі. Өнерде ұлт жоқ, өнердің – тілі тілсіз тіл ғой, тәйірі. Баяғы қазақтың Бозінгені ботасын жоқтап зарлағаны секілді ән еді бұл. Бөпесін іздеген анасының зары. Міне, осыны түйсінген көрермен, орнынан тұрып, ұзақ қошеметпен қол соғып, жазушыға құрмет көрсетеді. Ол өз халқын осылай, ботасын іздеген Бозінгендей боздап жоқтайды. «Боздайды жаным» деп зарлайтын ұйғыр халқының әніндей боздайды. Иә, ол боздап қана қоймайды, өзінің әрбір тұбасын жанынан артық жақсы көреді. Ол тұбаларын көрсе әлемдік талай сыйлықтарды қырған Чинагийн Галсан емес, сол адамдардың әкесіндей, анасындай, әрқайсысын емірене өбіп жатқанын көресің. Ол өзінің ат төбеліндей аз ұлттан, бытырау-тарау жатқан тұба деген халықтан туғанын әсте қораш көрмейді. Өз ұлтын, өз тілін қорсынбайды.
Дағыстан десе – Расул Ғамзатов, қырғыз десе – Шыңғыс Айтматов, Колумбия десе – Г.Г.Маркес еске түседі. Енді біреу тұба жайлы айтса, я бір жерден оқып қалса, ойына еріксіз Чинагийн Галсан оралары сөзсіз. Бұ бәлки, шығармашылық қана емес ауыр жүк арқалаған алып та көсем жүректің құдіреті шығар...
Шығармалары әлемнің 40 тіліне аударылған бауырлас елдің жазушысы Чинагийн Галсан Нобель сыйлығына ұсынылып жатыр, осынау мәртебелі марапатты иеленуіне тілектеспін!
______________
- Хэйат наадам – киелі ат ойыны деген мағынаны білдіреді (хийморын наадам – моңғолша).
Бір сөзбен айтқанда аз ұлтты тұба жұртының аламан бәйгелі тойды сылтау етіп, бас қосу жиыны.
- Ю.Цэдэнбал – Монғолия мемлекетін қырық жыл басқарған көсем.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.