Қазақ әдебиеті тарихының даму жолындағы ең бір жойқын да күрделі, ауыр, алмағайып кезең осы ғасырымыздың алғашқы ширегінен орын алады. Ұлт-азаттық көтерілісінің дүмпуі, Қазан төңкерісі, қажыған жұртты қалжыратқан Азамат соғысы... Міне, өзара жалғасы, түбірлес әлеуметтік құбылыстар. Ғасырлар бойы алып даланың ат дүбірлі, төгілген қан, аққан жаспен тастай тапталып, көктей қордаланған кәрі жүрегі тағы бір қиналысқа түсті; өткенін қимаса да, күңгірт келешекке тік қарап, ертеңге сенім артты. Төңкеріс ту қылған азаттық, теңсіздікті дәріптеген идея шалғай аймақтар сияқты, қазақ жеріне де әртүрлі жолмен, түрлі сипатпен, қамырықты, қайғылы иірмен келіп жатты. Қалың отырған, көп дүниеден хабары аз, секемшіл ел ұлттық тәуелсіздік туралы ұғымы болса да, жеке бастың еркіндігі жайлы толық түсінік жинақтай да қоймаса керек. Тарихта кері шегіну жоқ десек, бұқара қауым ізгі әлем, жұмақ дәурен үшін алға ұмтылғанында дау жоқ.
Сондықтан да жиырмасыншы жылдардағы қазақ ақын-жазушыларының дүниетанымдық бағдары ең алдымен Қазан революциясына, оның қайшылықты қадамдарына көзқараспен анықталады. Революциялық дәуірдің қатал шындығын біреулер дәл ұғынып, сенімді шабытпен жырласа, қайсыбір қаламгерлер көп ішіндегі дүрмекпен ұраншыл тұрғыдан, жалаң-жадағай дәріптеу, ескілік атаулының бәріне ойланбастан қарғыс айту, қарғы байлау сарынына ұрынды.
Мағжан Жұмабаев адамзат тарихындағы өзгеше тарихи-әлеуметтік құбылысқа сыншыл көзбен қарап, өзінше баға берді. Революция атты алып метеорит қазақ жеріне де түсті, ел дүрлікті, өрт қаулады, қалың қауым жақсылық күтті, кеудедегі шідерлер үзіле бастады. Жабығып қамыққандар, зорлыққа тұншыққандар да емес еді. Зиялы жанды, ізгі сезімді Мағжан шын кедейлердің қуанышына назаланған жоқ тек ол бақыттың рас-күмәнділігіне, аз-көптігіне, ұзақ-қысқалығына шұбалана қарағаны ақиқат.
«Бостандық» атты өлеңінде (Сібірдегі реакция кезінде жазылған) ақын осынау дәуірдегі қатігез ақиқат сырын ашына суреттей отырып:
... Көк есігі ашылды,
Жұмақ нұры шашылды,
Келді ұшып бостандық.
Ғарыш нұрлы жүзі бар,
Кәусар жібек сөзі бар,
Әдемі, алмас ақ қанат, –
дейді. Алайда, «Жұмақтан да қуылған Адамзат» шамалы рахат, қызықтың өзін артық санайтындай. Тез «күйленгенін», «сәулеге» «бойы үйренгенін көтере алар емес. Жер бетіндегі күйкі, арамза пенделердің жауыздық істеріне «жұмақтың» «ізгі елшісі» – бостандық кінәлі ме? Азаттық ұғымы терең аллегориялық әрі философиялық мағынаға көшеді. Ақын бостандық – «жұмақтың» өзі емес, «ізгі» де болса, «елшісі» ғана екеніне назар аудартқан. Екі аяқтылардың арасындағы имансыздардан қорлық сөз естіп, «ақ қанаты кірлеген» «ізгі періште» – бостандық қайтадан кері ұшуға даяр тұр.
Жұмабаев бұл ащы ойын Колчак әскеріне ғана емес, жергілікті шолақ белсенділерге арнаса да артық етпес-ті. Кедейдің бәрі адал, момын ба? Байдың бәрі топас, қайырымсыз ба? Революциялық дәуірдің қатыгездігі мен қаталдығы, зорлықшылдығы – анық. Ақын осы бір уақыт жарасын тез аңғарып, жаны түршіге түңіледі. Өлеңнен Мағжанның аумалы-төкпелі жылдардағы барша идеялық-эстетикалық мақсат-аңсарын толық танып-білуге болады.
Басы – сайран, сұм жалғанның соңы – ойран,
Адам өмірі – тағдыр ойыны. Бір де ойлан!
Есіл Жастық ескен желдей гуілдеп,
Әлі-ақ кетер жүректен – от, күш – бойдан, –
деп ақын жүрегі әр кезде безек қағумен болады (Бүгінгі күн өмір, өлім – менікі). Уақыттың аяусыз қаттылығына қарамастан, ол алдамшы тіршілік кешіп, жалған уағыз, жалған жігерленуден қашады, иірім-бұрылысы көп ішкі рухани бай өмірінің әр қалтарысын бүкпесіз жыр кестесіне әсем өрнектеп бедерлейді.
Төңірегінен түңілгенде \мағжан кей сәтте сабыр сабасын тербеп, ауыр жан шындығын ақыл-төзімімен көтере біледі:
Жайнаған жаз көреді адам алдын,
Өткен күн – көңілсіз күз желді, салқын.
Қуаныш қайғыменен қатар жүрмек.
Болмайды толық минут жүзі жарқын.
(«Өмір», 130-б.)
Қоғам өмірі мен адам өмірінің тығыз байланысын сезіне тұрып, жеке бастың қызығы мен қайраты өзі үшін тыс үстем рухани күш екенін жасырмайтын ақын жалғанның өткіншілігіне ерекше мән береді де, мезеттің әртүрлі күй толқыны боларына көңіл артуымен өзгеше психологиялық ақиқаттың нәзік астарларына байыппен көз жүгіртеді.
Енді бірде Мағжан:
Өмір осы – бірде ол болар бұлтты,
Қатты желді, дауылды, кейде отты.
Құрып дымың, қайғырып жас төгерсің,
Бұлт ашылар – қайғының бәрі бітті, –
деп, едәуір оптимизм, өршіл сезіммен толғанады («Өмір», – екінші өлең. 191-б.).
Ертеде де, дауылды заман сапырылысында да ет-жүрегін елжіреткен махаббат сырын («Гүлсім», «Сүй, жан сәулем», «Г... ге», «Гүлсім ханымға», «Жәмила», Айрылғанда), «Жұлдызды жүзік, айды алқа ғып берейін» және т.б.) ересен құштарлық көңілмен үзіле, үздіге жырлайтын ақын айналадағы тіршілік тауқыметін ғашықтық әлеміндегі алаңсыз сұлу сезімдерін құшағында жатып, әбден ұмытқандай болады. Неғұрлым сезімге берілген сайын саяси дақпырттан, қоғамдағы дауасыз айтыс-тартыстан соғұрлым аулақ жүретіндей.
Мағжанның халқын сүюі туған ұлты, туысқан жұртын бірге бауыр тартумен сабақтас құбылыс болғанын «Тұранның бір бауында», «Ескі Түркістан» «Қырғыз», қазаққа , «Еділде», «Алатау» атты жарларынан аңғарамыз. Ол – бүлікке шақыраған, ел бірлігіне қас көңіл емес, шығыс, қазақ тарихына тән биік белестерді еске алу, бұқараны рухани азаттыққа үндеу рухымен кіндіктес ниет жемісі.
Жиырмасыншы жылдардағы қазақ әдебиетінде қоғамдағы осы тәрізді сан алуан тарихи-әлеуметтік, психологиялық ахуалдардың бәрі дерлік қамтыла суреттеледі. Таптық идеологиялық тартыс ауқымы да кеңінен көрініс берді. Бір-бірін айыптаған, мансұқ етуге дейін барған қатігез айтыс-талас та лаулаған оттай қанат жая жөнелді. Алайда уақыттың сұрапыл дауылы сол замандағы саяси, творчестволық интелегенция үшін көз аштырмас құйыннан кем соққан жоқ.
Иә, мұндай ауыр тағдыр құрығы тіршілікте келіспес мақсаты көп, әйтсе де іштей ақындық рухы туыс Мағжан Жұмабаев пен Сәкен Сейфуллинге бірдей тасталғаны мәлім. Сондықтан да, жиырмасыншы жылдардағы қазақ поэзиясы, оның ішінде поэма жанрының мол сырын кең алып қарау мүмкіндігі болмағандықтан, айтылмыш дәуірдегі бұл салаға тән идеялық-эстетикалық қасиет-өрнектерді терең танытатындай қос шығарма: Мағжанның «Батыр Баяны» мен Сәкеннің «Көкшетауына» тоқталмақпыз.
Бұл екі поэма халық тарихын жырлаудағы сюжеттік сарындар, фольклорлық арна, мекендік орта бірлігі, нақты деректер, поэтикалық жүйе тұрғыларынан мол ұқсастыққа құрылғанмен, өмір шындығын қорытудағы айтар ой, ұсынар мұрат жағынан айырмашылығы бар құнды дүниелер. «Батыр Баян» 1923 жылы жарияланса, «Көкшетау» 1929 жылы жеке кітап болып шығады. Авторлар қарым-қатынасы пікір жарыстыру, ақындық қуат, дүниетаным таласы ыңғайымен келгенде де қызықты. Мақсат айырмашылығы Мағжанның өткен дәуренге біржола табына қарауы мен Сәкеннің бүгінгі таңды сағына сөйлейтіндей айқын әуендерінен сезілсе керек.
Қазіргі жариялылық кезеңінің нәтижесінде әр алуан пәле-жаладан толық ақталып, творчествосы ел игілігіне айналғанға дейін М.Жұмабаев мұрасы, оның ішінде «Батыр Баян» да реакциялық романтизм туындыларына саналып келгені рас. Бұл жерде кеібңр зерттеушілерді сынаған бола тұрып, Мағжан есімін ойға салу ниетін де ұққанымыз жөн. Сол тәрізді дәл қазір жамырай мақтасуымызды да үлкен ерлікке баламас едік. Ерлік Мағжанның өзінде, ақынның терең қайшылықты, барынша адал, ақиқатшыл жүрегінде, қиярды кезген мазасыз сана рухында.
Ой-көңілдің ауытқушылығы, дүниетаным арпалысы ірі суреткерлерге ғана тән құбылыс. Құдайға сенген, дінді пір тұтқан, революция толғағын көрсе де, қантөгісті қолдамаған Лев Толстойды кінәлау дұрыс па? Кемеңгер уақыт талантты ұлдарын ерлігі үшін аялай алса, есті еркелігін көтере білмек. Алдымен жанының ақ, тазалығын қастерлемек. Ендеше Мағжанды уайымшыл, баяғы бағлан заманды дәріптеуші ретінде қаралау да негізсіз. «Батыр Баянның» прологындағы ақынның күйзеліс үстіндегі табиғи сезім-күйінің шыншылдығы кім-кімді де тәнті етеді. Ол халқының кешегі аумалы-текпелі дәіріндегі ертектей ғажап қаһармандық рухына сыйнады. Болашақ күндерден де халық үшін ертетегідей бірлік, елдік ұғымның жоғалмауын аманат етеді. Батыр Баян – халықтың ардагер аруақты перзенті, хан Абылай – кең байтақ сахара жұртын біріктіруші, зор дауды бітістіруші, елдің тәуелсіз дербестігін сақтаушы ретінде сипатталады. Абылай тұлғасын өз уақыты тұрғысынан сараптасақ, сыңаржақ тапшылдық салқынынан алыстай түсер едік. Ол пенде ретінде кемшілік, кінәдан ада болмағанмен, мемлекет қайраткері есебінде т.псіз айла, қиын ой, батыл шешім, нақты әрекеттің адамы ыңғайында көрініс тапқан. Ал шығармада хан бейнесі – Баян батыр тұлғасын неғұрлым айқын аша түсетін маңызды фон. Шоқан Уәлиханов «XVIII ғасырдағы қазақ батырлары туралы аңыздар» атты мақаласында Абылайдың басқа да таңдаулы сардарларымен бірге Баянды «ақылы мен ерлігі үшін бәрінен жоғары қоямын», – деген сөзін айғақ етеді. Мағжан шығармасындағы тарихи негізді осы Шоқан еңбегіне мегзейтін ақын шығармаларын шығарушылар тобының пікірі шындыққа саяды. Өзгешеліктер де мол. Ол арнайы зерттеулерге өзек болса керек.
Кезекті бір жорыққа жиналған кілең алып батырларды дәріптей өрнектеген автор досына бедел, жауына айбар, әйгілі ханның тек Баянды күттіріп қоюын ескертумен-ақ кейіпкердің ерен тұлғасын асқақ көрсетуге ұмтылған. Қаламгер алп-алп басқан айпара батырлардың жас Баян қылығына қабақ шытар сәл пендешіл сәтіне дейін назардан қалыс қалдырмайды.
Жас Баян жауды талай көрмеп пе еді?!
Сорғалап сұңқардайын төнбеп пе еді?!
Майданда жолбарыстай жалғыз ойнап.
Сан қолға аш бөрідей кірмеп пе еді?!
Жебесі көбе бұзып, жүрегі үзбей,
Найзасын, сірә, шалғай сермеп пе еді?!
Бәрін айт, айт та, басқа батыр
Баяндай «алашым» – деп еңіреп пе еді?!
Бұл жолы кешігуі жай емес қой,
Тұлпарым кез болды ғой орға, тегі!»
Батырға берілген үздік сипат, оның артықша жауынгерлік, азаматтық қасиеттері Абылай монологы арқылы асыра бедерленген. Әрине, бұл өзге де еңіреген ерлерді жоққа шығару емес, Жанатай батыр өлімін естігенде, көзінен жас тыйлмаған Абылайдың лайықты шағында әрбір сарбазына деген зор үмітті, сенімін аңғартатын зерек психологиялық деталь. Баянның романтикалық кейіпкер дәрежесінде бейнеленуіне сәйкес бір ұтымды дерек те осы көріністен басталады. Алдағы талай қиын өмірлік жағдайларда батырға байланысты «жолбарыс», «көкжал», «арыстан» сияқты эпитеттер мен аса сұлу, астарлы теңеу, баламалар сан құбылып, бірін-бірі дамыта, үдете түсіп отырған. Баянның арғы тегі де ірі – Ер Көкше, Ер Қосай атты даңқы мәшһүр батырлар ұрпағы. Баянның қиын жағдайлардағы тосын шешім, қимылдары да ерекше. Ауылын шауып, қолды қылған сұқсырдай сұлу қалмақ қызын зорлықпен емес, жүрек қалауымен алмақ. «Марал бар оққа ұшпайтын тым сақ бірақ, кезеңдерде кез келсе де қандай мерген»: «Қалмақтың қайсар қызы қайырылмаған, Болаттай жасу білмей, Майырылмаған» (сонда) іспетті жолдар ер Баянның айықпас трагедиясына айналатын тұтқын арудың «Алаштың аруы боп кетседағы, жанымен өз жұртынан айрылмаған» (сонда) тәкаппар да ер қасиетін, туған жеріне, ата-ана өсиетіне қарыздар пәк сезімін шынайылылықпен шешен кестелейді. Елін, жерін шапқан, бесіктегі баланы зар жылатқан қас жауын есті қыз ұната ма? Поэмада Баян сезіміндегі ар арпалысы да шынайы драмалық кернеуге ұласады. Әйтсе де бодандағы жас ару жүрегі батырдың жеткіншек інісі Ноянның ессіз махаббатына селт етпей қалмайды.
Екі жастың арасында кенет оянып, бүршік жара бастаған махаббат шуағы шығармада негізінен портреттік құбылыстарды сипаттау арнасымен өрістейді. Осы тұстарда әдепкі сұлуға «сұм сұлу» дейтін эпитет те жиі ілесіп келетінін байқайсыз. «Сұм сұлудың» елін, жерін айтып, Баяннан шығар қауіпті айтып толғанатын ыстық шері де тартымды, нанымды. Әрі аңғал, әрі ғашық Ноянның қызбен бірге қалмақ жеріне аттануға оңай көну сыры да қыз көркі мен «сиқыр сөзінің» терең байламымен табиғи көмкерілген.
Қысқасы, екі ғашық қуғынға шыққан ер Баянның сұр жебесінен қаза табады. Тағы да тосын, ерен оқиға. Туған жер мен ошағын тастап, көңіл арбауына ерген сүйікті іні мен батыр жанын кемірген, өлімге қимас қас сұлу – құрық бермес асау ашудың құрбаны.
Мағжан қаһарман жан сезіміндегі терең дағдарыс, күрес сарынын суреттеуде психологиялық параллелизм тәсілін ұтымды пайдаланған: «Жолды өзек» «Құнарсыз, ащы татыр сорлы өзек», Асан қайғы атаған «қанды өзек» – сұрапыл оқиға өтетін жер аттары. Жаманат іс те күңгірт кешке тап келеді. Шексіз зар, өкініш, күйініш запыранына толы Баян монологы жырлай арнау үлгісімен кейіпкер қасіретін үдете әсірелеу үстінде көрсетеді.
«Жыландай, бауырыма сап келдім неге?»,
«Салдырап шіріп қалғыр саусақтарым»,
Қанымен өз қозымның жудым неге?»,
«Тірлікте бетіңнен бір сүйе алмадым,
Тіл тартып ерке тотым, өлдің неге?!»
Тәрізді фразалар ой мен сезімнің қасарысқан қанды тартысын, адам жанындағы адам айтқысыз алапат қайшылық диалектикасын шебер мүсіндейді. Баян інісін опасыздығы үшін ғана емес, қызғаныштан өлтірдім-ау деп шошына күйінетін сәттерінде теңдесі жоқтай терең психологиялық шындық сана астарындағы ырықсыз сәттерді мол қамтитын көрініс береді. Таң жарығымен бірге кейіпкер қасіреті де ағараң тартып, Баян бұл сұлудың қылығын ел намысы, ер намысы жолындағы қасіретті бүлікке санап, Абылай ордасына бет түзейді.
Тоқтады Баян Абылай тағы өз сөзін.
Қайта айтты, біраз қарлы жүзін.
Хан да екі, Баян да екі қайырысты,
Алмастан бір-біріне тіккен көзін.
Жиналып көздеріне қызыл жалын
Қалса да, сыр беріспей қылды төзім.
Қалың топ хан ашуын байқаған соң,
Ағылтты «әрине» – деп, сөздің бөзін.
Шешілді сөз, қол енді күтіп қалды,
Елшінің ертеңінде келер кезін.
Шоқанның жоғарыда аталған мақаласында айтылатын тарихи дерек шығармада динамикалық портрет өзгерістері арқылы, авторлық, көпшілік репликасына да көз салатын аса жіті психологиялық деталь қызметін атқарған. Әміршіге қарсы келу екінің біріне тән енші емес. Ұса, Серен атты қалмақ басшыларының алдамшы сөзінен сақтандыратын, шабуылға қазір шығуды ұсынатын қабылан жүректі Баян хан алдында қалтыраудан аулақ. Әрине соғыс мұраты – жеңу. Ол дәуірдегі екі елді ақтау не қаралау мүмкін емес. Тағдыр талқысы қазақ пен қалмақты бірдей қатігез, аяусыз, ымырасы жоқ, бітіспес жауға айналдырған. Абылай алданады. Баян аз қолмен кек қуып барып, арпалыста қаза табады. Расында, өмірлік дерек бойынша батыр өлімі басқаша жағдайда болғанын білеміз. Ақын биік көркемдік жинақтау жасау мақсатымен Баянның соңғы ұрысын Жанатай ердің шайқасымен алмастырғандай. Баянның басынан да мұндай ересен майдан өткендіктен, сюжеттік шешім ілгерідегі оқиғалар, сезімдік тартыстар легімен сабақтас шыққандықтан поэма финалы толық нанымдылық тудырады.
Баянның Абылаймен сөз салғыстыруынан діндар қариялар шошынады, жігіттің бағы тайдыға жорып, іштей қамығып, торығатыны бар. Табиғат пен адамдардың дүлей зорлығынан беті қайтып, дағдарысқа жүретін, көкейінен үрей кетпейтін қауым халық іргесін сөкпей, басына бірлік ұялатқан, екі сөзге бармайтын, айлалы да білікті, маңайын әрі қорқытып, әрі ақылмен ұйытып тастайды Абылай хан бейнесін мистикалық дәрежеде ұғынады. Мағжан ірі саяси қайраткер тұлғасын едәуір дәріптегенде, осы тәрізді халықтық психологияға сүйене отырып, ой толғаған. Ал Баян қылығындағы ақыл мен өр мінезді, шағылмас қайсарлықты қалың қазақтың ерлікке құмар, паң көкірек, сабырлы парасатын, еркіндік аңсаған жігерлі болмысын сипаттау ретімен жырлайды. Ханға талай сын айтқан әйгілі Бұхар жырау сияқты, Баян да құр қара күштің иесі емес, қиырға көз салар көрегендіктің, сұңғыла ой, теңіздей сезімнің адамы ретінде поэмада объективті-реалистік аяда суреттеледі.
Сәкен Сейфулиннің «Көкшетау» поэмасын белгілі ғалымдар ұзақ уақыт бойы ақтара қарап, жіліктеп талдау бергендіктен ол шығарманың Мағжан туындысымен тамырлас және алшақтас келіп отыратын тұстарына ғана тоқтала кетпекпіз.
Сәкен «Батыр Баянмен» де, Мағжанмен де жете таныс. Уақыт сұрапылы қазақ поэзиясының екі ардақты тұлғасын екі басқа сүрлеуге салған. Мағжан байырғы замандағы іргелі тарихи, рухани құбылыстарға алаңсыз көңіл аударса, Сәкен өткен жылдар сілеміне жаңа заман, жаңа идеология тұрғысынан қарайды. Қазан төңкерісін қалтықсыз қабылдаған ақын ханның ойқастап жүргенін, қарқылдап күлгенін, тықыршыған сәттерін сипаттағанда, шынында да, тарихи тұлғаға баға беруде тек 20-жылдардағы саясат ауқымынан шыға алмайды, сыңаржақ тартып кетеді. Қаһарлы әмірші жеңілтек, мінезсіз болып көрінеді. Әйтсе де поэмадағы бір үлкен сюжеттік жүлде – тұтқын қалмақ қызына байланысты оқиға тұсында қолбасшының жар таңдау еркін ақылды сұлу қалмақ қызына беру әрекетінен әділдік шешім сыңайын байқамау мүмкін емес.
Қыз қойған негізгі шарттарды орындап, жұмбақты шешіп, Оқжетпес шыңындағы белгіні атып түсіретін мерген қарапайым халық ұлы – Адақ батыр. Кестелі тіл өрнегіне бай шығармада бұл эпизод шебер бейнеленген:
Әндетіп оқ жөнелді көкке боздап,
Әуенің дыңылдатып сымын қозғап.
Шаттанып шыңға қарай асқан сайын,
Елігіп жар салғандай шабандоздап.
Ұшқыр оқ шың басына кетті сарнап,
Жайқалған орамалға атқан арнап.
Қалың қол тыныс тартып, телмірісті,
Жаңғырды айнала тау қоса зарлап.
Қос тілді оқ, найзағайша көкті тіліп,
Айырып орамалды кетті күліп.
Орамал жырымданып қала берді,
Болат оқ шүберекті кетпеді іліп...
Әдеби кейіпкер Адақ есімі тарихи тұлға Баян батыр тәрізді әйгілі емес. Оның неғұрлым қарапайым, кішіпейіл, барынша мейірімді мінез өресімен өрнектелуі де, Сәкен ұғымынша, еңбекші тап мүддесіне лайық, бағдарына сай кейіпте көрінеді.
Мағжан поэмасы психологиялық тереңдігімен, романтикалық лебімен ерекшеленсе, Сәкен шығармасында эпикалық құлаш, композициялық тәсіл-амалдардың молдығы байқалады. Бұл ыңғайда қыз жұмбақтайтын кептер, лашын, сұңқар, бүркіт, жапалаққа қатыста сюжеттік аллегория, поэтикалық ой образдылығына, символдық мағына маңыздылығына күә. Қайырымды, қайратты лашын алыс елдегі мәрт батырды, еңселі сұңқар – қыз жарын тұспалдаса, Адақтың ерлігі ізгілік, кеңпейілділік мөлшерінен де асып түседі. Ұры екеш ұры – жапалақтарға дейін кептердің ауыр мұңын ұғысып, қол ұшын тигізген ғой. Адақ өз мейірімі арқылы тұтас халқының дархан көңіл, зерделі парасатын қалтықсыз дәлелдеп шығады.
Аңғарып отырғанымыздай, «Батыр Баянда» ең алдымен күрделі тағдыр иесі, замана қайшылығы, адам болмысы мен жанының арпалыс, күресі көркемдік-эстетикалық мұрат өресінен жырланса, «Көкшетауда» идеялық сарын жетекші принципке айналған. Екі поэмада да он бір буынды өлең өлшемі сақталады. Мағжан шығармаларында шумақ негізінен он жолдан тұрады, әдепкіде қара өлең ұйқасымен басталып, кейінгі тармақтарда аралас ұйқас үлгілері пайдаланылады. Ассонас, аллитерация, анафора, эпифора арқылы жүзеге асатын ерекше дыбыс әуезділі, жүрдек ырғақ, ширақ логикалы-эмоционалдық байланыс поэмаға бір деммен жазылғандай тұтас сом бітім береді. «Адақ ақын» атты тарауда Мағжан өлеңінің құрылымын С.Сейфуллин бірде 12, бірде 20 жол көлеміндегі шумақтардың өзіндік ерекшелігімен жаңғырта қолданады.
Әр суреткердің әдебиет ғимаратынан алар өз орны бар десек, әр дәуір олардан қалған қымбат мұраны өз өресінен қайталай пайымдап, ойын, пікірін жаңғыртып отырмақ.
"Мағжан әлемі" кітабынан алынған
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.