Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Бахман Гобади. Күрд киносын жетім балаға ұқсатамын...

26.09.2022 2001

Бахман Гобади. Күрд киносын жетім балаға ұқсатамын 14+

Бахман Гобади. Күрд киносын жетім балаға ұқсатамын - adebiportal.kz

Отыз төртінші реткі Стамбұл кинофестивалі аясында көрсетіліп жатқан «Құдайлармен сұхбат» фильміне орай күрд режиссері Бахман Гобадимен кино, өмірлік дағдысы туралы арнайы сұхбат алған едік. Тоғыз режиссердің қысқаметражды фильмінен тұратын «Құдайлармен сұхбат» фильмінде Йылмаз Ердоғанның басты рөлде ойнайтын Мардинде түсірілген бөлімі де бар. Сұхбаттасхан журналист Кубра Чаглаян.                   

Кубра Чаглаян: Әуелі сізбен сұхбаттасу мүмкіндігіне ие болғаныма өте қуаныштымын. Мен сіздің фильмдеріңіздің жанкүйерімін.  Уақытымыз аз болғандықтан, енді тікелей сұрағыма көшейін. Бір сұхбатыңызда  азап пен қайғыға жаныңыздың жақын екенін меңзеп едіңіз. Бұл сіздің киноңызға әсер ететінін білемін. Егер бейбіт, әділетті және шекарасыз әлемде дүниеге келсеңіз, тағы да режиссер болуды қалар ма едіңіз?

Бахман Гобади: Бірдеңе дей алмаймын. Менше бұл менің алмағайып тарихи кешулерге толы топырақта туғаныма байланысты. Адам болашаққа қадам басқанымен, бір жағынан қашан да өткеннің естеліктерімен өмір сүреді. Менің де өткен өмірім қиын-қысталаң тағдыр кешуіне толы, әрі материалым да солар. Болашақта қандай да бір жақсы мүмкіндіктер берілгенімен, мен тағды да баяғы «Бахманмын», басқа бірі бола да алмаймын. Егер өткен өмірімде осынау ауыр, азапты тағдыр жолы болмаса, қарсыңызда осылай отырмас едім.
Кубра Чаглаян: Жақсы. Көрермен қауым немесе халқыңыздың көргенде сізді еске алуы үшін фильмдеріңздің ішінен бірін ұсыныңыз десем, ішінен қайссын таңдар едіңіз? 

Бахман Гобади: Ешқайсысын таңдамас едім, себебі мен өз фильмімді мынау ерекше еді деп бөле алмаймын.

Кубра Чаглаян: Шынымен де, ешбір фильміңізді ұсынбайсыз ба? 

Бахман Гобади: Жо, жоқ. Былай түсіндірейін: мен өз фильмімді тек бір рет көремін. Яғни қайта-қайта көрмеймін. Түсірім аяқталды, бітті дегендей. Мысалы, осы сұхбатты жылдар өткеннен кейін қарасаңыз, көптеген қателік табасыз. Өйткені, жыл өткен сайын кәсіби деңгейіңіз артып, қандай қателіктер жібергенімізді оңайырақ көретін боласыз. Мен фильмдерімді қарасам, көптеген қателерді байқап қоямын. Мысалы, осы фестиваль бағдарламасындағы «Құдайлармен сұхбат» фильміне түсірген қысқаметражды фильмді қарағандыда, маған Мардиндегі сәттер қатты ұнады. Сосын, «Тасбақалар да ұшады» атты фильміді түсіргенде камера сыртында өзімді сондай шабытты сезіндім, Иракта тұратын күрд халқы артымда тұрып, мені қолдады. Ал «Мас жылқылар заманы» фильмінің түсірілім барысы аса қиын болды. Қажетті бюджетті белгілеу үшін екі жыл күттім. Бұл менің өмірімдегі ең бір торығыңқы, үмітсіз кездер болды. Тіпті, үш күн ұйықтамағаным есімде. 

Кубра Чаглаян: Өзіңіз  айтып отырған осы қиындықтардың өзі бір фильмге арқау боларлықтай,  тіпті мұны түсіруіңіз керек шығар. Сонда көпшілік киноларыңыздың қандай жағдайда, қандай қиындықпен түсірілгенін аңдап, білер еді. Сізді тереңірек танып, өнердің қасиетін бағалар еді. 
Бахман Гобади: Мүмкін... Шынымды айтсам, жайланып режиссерлік орындыққа отырып, монитордан өз фильмімді көруге ешқашан мүмкіндігім болған емес. Иә, атап өткеніңіздей  фильм түсіру кезінде камераның артында не болып жатқаны туралы фильм түсіруге болар еді. Алайда, бұрынғы түсірген фильмдеріме  қайта  шұқшиып қарап, тәптіштей алмаймын. Бұл өзімді де қынжылтады. Мардинге қайта оралып, сол кезеңдерді қайта еске түсіргім келеді.
Бұндай нәрселерді көп қаузай бергім келмейді, себебі,  дүниеге қайта келуге мүмкіндігім де жоқ. Осы өміріме ризамын. Осылай көп нәрсені үйрендім. Мен туған топырақта үздіксіз толқулар жіп ұшынан жалғасып, халықтың азаттыққа деген талпынысы толастаған емес. 

Қазір ойымда көптен толғандырып жүрген үш мәселе бар. Үшеуі үш түрлі өңірде өтеді, осы фильмдермен әбігер боп жүрмін. 

Кубра Чаглаян: Осы қиындықтардың барлығы Бахман Гобадиді тудырды ғой? 

Бахман Гобади: Иә, осының бәріне тәубе деймін. Себебі жаным қалаған іспен айналыстым, аз да болса қолға алып, атқарған шаруаларыма да көңілім хош. Бірақ босқа кеткен уақытыма әттеген-ай деймін: әсіресе бала кезімде; күн сайын май, нан т.б қажеттіліктерімізді алу үшін он сағаттан астам уақыт кезекте тұратынбыз. Ешкім бізге кітап беріп, оқы деген емес. Сол кездерді, жоғалған сағаттар мен күндерімді аңсаймын, қайта оралуға болса ғой деймін. Біреудің маған оқы деп кітап сыйлағанын қалар едім. Үнемі осы  бақытсыз балалық шағымның естеліктері туралы ойлаймын. Таяу Шығыста, әсіресе Иранда, Ирактағы Күрдістанда тыныштық жоқ. Онда азапты тағдырдың ауыртпалығынан бас көтермеген менің халқым бар. Бұл мәселелерге басқа қырынан қарауға итермелейді. Ұрыс даласында, оған жақын жерде жүру мені жігерлендіре түседі. Бір кездері балаларға арнап сынып аштым, жеті ай бірге болдық. Егер мен осы өңірде туылмасам, бұл салаға келіп, тұрақтап қала алмас едім, ол жерде сабақ та өтпес едім.  Қуанарлығы бізде адамдарға, балаларға, киноға және фотосуретке баулу үшін осындай арнайы орта болды. 

Кубра Чаглаян: Тамаша. Білумше қазір сіз Иранда тұрмайсыз? 
Бахман Гобади: Иә, жеті жыл болды Ираннан кеткелі. 
Кубра Чаглаян: Туып-өскен мекеніңізден басқа жерде фильм түсіру қиын емес пе? 

Бахман Гобади: Алғашқы жылдары біршама қиын болды, бірақ қазір үйрендік. Қай фильмге қандай ортаның ыңғайлы болатынын, бақылап болжап шеше аламыз. Нью-Йоркті де қазір танып, білдім. Қазір ойымда үш мәселе бар. Осы үш түрлі жерде өтетін үш фильмнің түсірілім жұмыстарымен әбігермін. 
Кубра Чаглаян: Үш түрлі фильм? 

Бахман Гобади: Иә, дайындық, түсірілім жалғасуда. Біреуі түсірімлге дайын. Кейіпкерлерім өте жігерлі, батыл адамдар. Түсірлім үшін Иранның жайы қалай болатынын сұрасаңыз: жоқ, фильм үшін Иранға қайтып бара алмаймын, мүмкін емес. Бейне Қытайға бара алмайтыныңыздай. Иранда күрд тілінде немесе басқа тілдерде фильм түсіру үшін ислам мәдени орталығынан, полициядан немесе мемлекеттен рұқсат күтумен-ақ бір-екі жыл жоғалтасыз. Осының өзі жүйкеңізді жұқартып, ауруханадан бірақ шығарады. Сау болып барсаңыз, біраз уақыттан кейін олар сізді де жынды қылып шығарады. Қысқасы, Иранда жұмыс істеу қиын. 

Кубра Чаглаян: Демек, мейлі Иранда болсын, мейлі басқа жерде болсын жоба-жұмысыңыздың ойдағыдай шығатынына сенімдісіз ғой? 

Бахман Гобади: Иә, әйтеседе аздап қобалжу бар. 
Кубра Чаглаян: Осы жоба туралы аздап айта аласыз ба? 
Бахман Гобади: Егер қазір айтсам, фильмді түсіре алмаймын. Көпшілік те уқытында көре жатар.
Кубра Чаглаян: Жаңа фильмді көп күтуіміз керек пе? 
Бахман Гобади: Жуырда екі фильм түсірдім. Бірі Күрдістанның жұртқа беймәлім тұстарын ашатын деректі әрі көркем фильм. Екі күн бұрын бітірдік.
Кубра Чаглаян: Екі күн бұрын? 

Бахман Гобади: Иә, Иранда бітпей қалған соңғы түсірілім жұмыстарын осында жасадық. Бұдан басқа  тағы бір фильм бар. Әуелі жеті айлық курс аштық. Мен Иран мен Күрдістандағы жеті режиссерді шақырдым, команда болып жұмыс жасадық. 120 балаға фото, киноға қалай түсуді үйреттік. Өзім жиырма шағын фотоаппарат сатып алып, студенттерге бердім, солармен жұмыс істедік. Олар сабақ үстінде он алтыға жуық қысқаметражды фильм түсірді. Мұның ішінен сегізін таңдадым. Соларды біріктіріп, көркем фильм түсіріп жатырмын. Бұл Кобане және Язидилердің дауысы (Кобане және Язиди дауысы) деп аталады. Тағы бірі дайын болса, шығарылымға жолдаймыз. Бұл таза, түпнұсқа фильм. Себебі олар өздері туралы ешқандай цензурасыз, авторитетсіз фильм түсірді. Өз басым бұған қатты қуандым. 

Шынымды айтсам, Түрік үкіметі күрд фильмдерін қолдағысы келеме-келмейме білмеймін, бірақ қазір күрд фильмдеріне назар аударатын уақыт келді деп ойлаймын. 
Кубра Чаглаян: Сіздің фильмдеріңіз маған неге соншалықты әсер еткенін риасыз әңгімелеріңзден түсіне бастадым. Экономикалық, әлеуметтік және мәдени жағдаяттары әртүрлі күрд режиссерлері әлемнің түрлі өлкелерінде өмір сүріп, біршама  фильмдер түсірді. Осы көптүрліліктің жиынтығы ортақ тақырыбы бар күрд киносының бар екенін көрсете ала ма?  Сонымен бірге күрд киносының болашағы туралы ойыңыз қандай? 
Бахман Гобади: Әрине, күрд киносы диссидент, эмигрант режиссерлердің машақатты еңбегінің арқасында сең бұзып, ілгерлеп келеді.
Алайда,  күрд режиссерлеріне ешқандай қолдау көрсетілмейтінін атап өткен жөн. Менің ойымша, бұл күрд киносының ең үлкен проблемасы. Себебі де сол күрд режиссерлерінің көпшілігі фильмдерін Иранда түсіреді және Иран үкіметі күрд фильмдерін қолдамайды. 

Кубра Чаглаян: Араларында әлемнің түрлі елдерінде тұрып жатқандары да бар. 

Бахман Гобади: Иә. Білесіз бе, әлемде шамамен 40-45 миллион күрд бар. Бір жылда түсірілген күрд фильмдерін есептесеңіз, шамамен 10-20 шақты ғана. Мұның екі-үшеуі толықметражды, ал он немесе одан көбі қысқаметражды фильмдер. Ал бұл 45 миллион халықтың рухани қажеттілігі үшін түк емес, мардымсыз бірдеңе ғана. Себебі күрд халқының мыңдаған жылдық тарихы, шешуін таппаған қилы мәселесі бар, бірақ, өкінішке орай, жаңа айтап өткенімдей, арнайы қолдау көрсетіліп жатқан жоқ. Мен өзі фильмдерімді түсіру үшін әлектеніп, қаржы топтаймын. Ал бұл болашақ ұрпақ үшін тіпті қиын. Түрік үкіметі күрд фильмдерін қолдай ма? Қалай қарайды? Бұл жағын нақты білмеймін. Алайда қазір күрд фильмдеріне назар аударатын уақыт келді. Себебі тіліміз бөлек, мәдениетімізде де айырмашылықтар бар. Демек, Түркияның көп мәдениетті екенін көрсетуге мүмкіндігіміз бар. Дәл Иран сияқты. Біз бұл мультикультурализмді көрсетуіміз керек, өйткені түрлі мәдениеттердің бірігуі табыс әкеледі. Осының бәрі қазір қиын болып көрінгенімен, болашаққа деген үмітім зор.
Кубра Чаглаян: Күрд киносының даму процесі үздіксіз жүріп жатыр дейсіз ғой? 

Бахман Гобади: Иә, иә, мен күрд киносын ата-анасы  жоқ, жетім балаға ұқсатамын. Осы баланы көшеде байқап қалып, қолына біредеңе ұстатсаңыз, қарны тоқ бала сізден бірдеңе үйренуге ұмтылады. Маған солай көрінеді.

Кубра Чаглаян: Сіздің киноңыздың ықпалында жүрген Түркиялық жас режиссерлерге қандай кеңес берер едіңіз? 

Бахман Гобади: Шынымды айтсам, мен ақыл-кеңес беруге шорқақ адаммын. Басқаларға ақыл-айтқаннан гөрі, кеңесін тыңдауға көбірек пейілмін. Негізі жастарға кеңес беру өте қиын. Өйткені маған олардан кеңесі көбірек қажет сияқты. 

Кубра Чаглаян: Кино саласында үлкен жетстікке, бірсыпыра марапатқа қол жеткіздіңіз. Нақты кеңесіңізді естігім келеді? 

Бахман Гобади: Иә, ақыл – ауыс деген. Өз басым жастармен, достарыммен үнемі кеңесіп отырамын. Жастарға айтарым: не істесеңіз де, беріліп, маңдайыңыздың еңбегін сауып әрекет етіңіз;  қарапайым нәрсеге уақыт жоғалтпай, бәрін тереңірек зерттеңіз. Себебі қазір әлемде, қай салада болсын, бір бостық, кері жаһандану белең алды. Келелі мәселелерді, адамзаттың жан-айқайын, мұң-зарын сипаттайтын фильмдерді көре алмайтынымыздың себебі де осыдан. Бұрынғыдай кітап оқымайтын болдық. iPhone, Facebook және технология ұсынатын көптеген инновациялар фильм көруге кедергі жасайды. Кейде өзіме сұрақ қоямын: Мен осы не үшін фильм түсіремін? Себебі көрерменмен байланысқым келеді. Күрд халқының жағрафиясын, тіршілігін көрсету үшін күрд тілінде біршама фильм түсірдім, бірақ осы фильмдерді көрсететін кинотеатрларымыз жоқ. 

Кубра Чаглаян: Сіздің жеке кинотеатр салғыңыз келетінін естіп едім, осы рас па? 

Бахман Гобади: Иә, бірақ болмады.  Құрылыс аумағына ИСИМ шабуыл жасады, содан жобаны тоқтатуға тура келді. Сосын өнер галереяларын ашып, кинофестиваль ұйымдастырғым келді. Ауқымды жоспарларымыз бар еді, бастап едік. Жоба тоқтап қалды, себебі ДАИШ-тің тағы қашан келетінін білмейміз, көңілде алаң көп. Бұнда уақытты босқа өткізбейін деп, басқа ыңғайлы орын іздеудемін. Қазір Стамбулдамын. Стамбұлды жақсы көремін, біраз тұрақтап қалатын сияқтымын. Әдетте, Нью-Йоркте көп боламын, Күрдістанға жиі барып-келіп тұрамын. Соғыстың бітсе деймін, тыныштық орнаса бір жола еліме оралып, көпшілік үшін қызымет еткім келеді. 

Кубра Чаглаян: Бұйырса, қашанда тілеулеспіз. 

Бахман Гобади: Бұйырсын. 

Кубра Чаглаян: Қымбат уақытыңызды бөліп сұхбат бергеніңіз үшін көп рахмет. 

Бахман Гобади: Сізге де рақмет!

                                   Аударған: Естемес Шакіржан 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар