Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Береке Жұмақаева. «ВАЛЬС» әңгіме...

11.12.2023 1678

Береке Жұмақаева. «ВАЛЬС» әңгіме 14+

Береке Жұмақаева.  «ВАЛЬС» әңгіме - adebiportal.kz

Көктемдегі ВАЛЬС. Би. Қимылдың биігі, ең әсемі осылай аталса керек-ті. Би алуан түрлі. Ал, вальс қандай кербез!? Дәл бір аққу құстың айдындағы айнала шеңбер құрып еркелеуіндей. Вальс небір дарындардың шығармашылығына арқау болып еді. Иоганн Штраус, Шопендердің вальстері бүкіл Европа аспанында қалықтаған болатын. Ал қазақ вальсінің каролі – Шәмші ше?! Шіркін Шәмшінің вальске арналған әндері әрбір кештің сәні еді. Осындайда ойға ескі күндердің естелігі оралады. Қашан, қай жерде еді?

... Кең бөлме. Самаладай жарықтан сәл буалдыр тартып нұр тұнады. Әдемі әуен бойды билеп, санаңа небір сұлу көріністерді елестетеді. Әуен жүрекке құйылады. Өз-өзімен, өзінің ішкі әлемімен әуре болып тұрып жаңына келген жанды сезбей қалыпты. Оқыс үннен ойы кілт үзілген ол әнтек бұрылды.

- Сізді биге шақыруға болар ма екен?

- Ә, вальске ме?

- Иә, қарындас, билейтін бе едіңіз?

Онсыз да әуенге жаны тербеліп тұрған ол үнсіз мақұлдағандай қолын соза берді. Алғашқы тыныш тұрған кезінде әуенге шалқыған көңілі келесі тербеліс күйге енгенін сезінбеді де. Себебі ол үн ойнағаннан бастап дәл осы күйге еніп кеткен болатын. Әлгінде жаны билеп тұрса, енді аяғы тербеліп жүре берген. 

Алғашқы сезінгені қолтығының астынан қармай, жауырынынан  демеген қолдың тегеуріні. Өзін дәл бір тұғырға қондырғандай игеріп, бүкіл денесін билеп алған. Осыны сезінгенде ғана қарсы алдындағы сергек қимылды жанның жүзіне ақырын назарын аударды. 

Өзінен иығы биік жігіттің тұлғасы қоладан құйғандай шымыр екен. Екі иығы тік, жауырынды көрінді. Бұны бар денесімен қармап тұрғандай. Жігіттің жүзінен көзіне шалынғаны иек тұсы. Иегі сәл шығыңқы, жұқалтаң ерінді жігіттің жағы қушық, әйтсе де шықшыттылау екен. Қарасұр жігіттің өңі күнқақты. Көз ұясы кіріңкі, қысыңқы болғанымен, өткір көзі бұған қадала қарайды. Осыны сезген кезде көзін төмен тайдырып әкетті. Қас-қағым сәтте көз қиығымен шалғанда-ақ жанарға жазылып қалған бейне осы еді. Қайтып  көзін көтерместен назарын аударды. Қарсыдағы жанның өзіне қадалған жанары да өңменінен өтіп тұрғандай. 

Зейінін жұбына тоқтатқанда сәл бөлінген көңілі қайтадан әуен ырғағына ілесіп жүре берді. Айнала аспан-жер төңкеріліп бара жатқандай ерекше сезім биледі. Маңайында тоқтаусыз зырлаған көріністер бұларды шиырып табандарын жерден бүтіндей көтеріп бара жатты. Бір сәт қолтықтарынан демеген құдіретті әуен сиқыры қанат бітіріп, зеңгір тылсымға қалықтатып алып кеткендей көрінді. Аққанат періштерлерге айналып, қалықтап бара жатты...

Ендігі бір сәтте маңайдағы зырлаған көріністер баяулай бастады. Музыка үні де ақырындап барып тоқтады. Биден кейін өзінде қиналу не ентігу байқалмайды. Қайта жаңа күш-қуат келгендей ширақ. Сәл жүрек соғысы ғана жиілеп, денесі бусанған күйде екен. Енді  залдағы әуен жеңіл ырғаққа ауысты. Мұны шынтағынан демей ұстап орнына қарай ойысқан жігіт біразға дейін үнсіз ілесті. Тек бұл орнына келгенде ғана: 

- Жақсы билейді екенсіз, сізді бұрын қалай көрмегем, - деді.

- Көрмеуіңіз орынды. Мен құрбыма қонаққа келгенмін.

- Бізге хош келіпсіз. Әлі болатын шығарсыз – деді. 

- Мұнда бірер күнге ғана келген едім, ертең жолға шығамын.

- Әттеген-ай, сізбен билеп те үлгермедік-ау.

- Айып етпеңіз, есіміңіз кім?

- Рухназ.

- Есіміңіз әдемі екен. Мені Құрмаш десеңіз болады. 

- Сау болыңыз, Құрмаш.

Ертеңінде қол жүктерін алып жатақхананың фойесіне түскен еді. Құрбысы:

- Жолға сусын алып келе қояйын, сен такси келгенше осында отыра тұр, – деп жүгіре жөнелді. Фойедегі теледидардан беріліп жатқан таңғы жаңалықтарға самарқау қарап отырғаны сол еді:

- Қайырлы таң, – деген қоңыр дауыс еріксіз қаратты. Құрмаш екен. Спорт киімде, жеңіл күртешесі бар жанына келіп жымия қарап тұр. Оқыс кездесуді күтпеген, абыржып қалды. 

- Жолға жиналдыңыз ба?

- Иә, көлік күтіп отырмыз.

- Кеше бір би сыйлағаныңызға рахмет! Қанша уақыт бақыт құшағында қалықтағанымды білесіз бе? Бұл күтпеген сұраққа жымиған күйде қабағын көтеріп таңырқағанын танытты. 

- Жеті минут болар. Дәл солай, – деді бұны иландыра сөйлеп – Би әуенін қайта-қайта тыңдадым. Әттең уақыт... Дәл сол уақыттарда бақыт жұлдыздары жанып, мені айнала биледі дерсің!

Ойламаған жерден айтылған сөзге қысылып қалды. Беті де ду ете түсті. Осы бір сәтті күткендей машина сигналы естілді. Даладан «Рухназ» деген құрбысының да даусы жарыса шықты. 

- Сау болыңыз!

-  Сау болыңыз, жолдарыңыз болсын! Бізге тағы жолыңыз түсер. Соны тілеймін. Бұл үндемеген күйде иығын көтерді...

Вальс – әуен ырғағын бар жан дүниесімен сезінген жұптардың бір арнаға тоғысқан қалтқызық қимылын мүсіндейдіі. Әйтсе де, биді өз деңгейінен аспандата көтеретін басқа бір күш бар сияқты. Мұның көңіліне орныққан жылы сезім болса, оны бидегі жұбының жүрекжарды сөзіне балайды. Би өміріне өзек болған жалғыз қимыл ғана емес екенін де біледі. Ендеше бидің де жан-дүниесі, жүрек лүпілі бар. 

***

Жазғы ВАЛЬС. Демалыс орнына кеше келген. Жолсоқты болды ма, жоқ әлде осы бір орынның өзіндік сиқыры бар ма, келгелі өң мен түстің ортасында жүргендей күйде. Ванна кезегінде отырса да, бөлмеге кірсе де маужырай берген. Бесін ауа оянды. Бірге келген құрбысы жоқ, бөлмеде жалғыз екен. Тынығып қалыпты, ширақ тұрып киім ауыстырды, беті-қолын салқын суға жуып сергіп қалды. «Әйкен қайда жүр екен» деп ойлады. Ем-шара уақыты біткен, кешкі астың да уақыты жақындаған болу керек. 

- Рухназ, қайдасың, мұнда қарашы – деген құрбысының дауысы естілді сырттан. Бұлар екі қабатты корпустың шеткі бөлмелерінің біріне орналасқан. Жақпар тасты биік таулардың ортасына салынған санаторий ғимараты өзінен еңсесі биік таудың тегеуріне шыдамай жерге құныса түскендей бәкене көрінеді. Бұлардың орналасқан корпусы да екінші қабат болғанына қарамастан балконнан қараған адамға еңіске емініп тұрғандай. Төменгі орын қол созымдай жерде. Балконға шыққанда көргені: төменгі соқпақ жолмен аяңдай көтіріліп бұның терезе тұсына келіп тұрған құрбысы, жанында орта бойлы, иықты, қарасұр кісі. 

- Рухназ, танысып қой, бұл кісі - осы жердің дәрігері, менің танысым. Аты – Құрмаш. 

- Хош келіпсіздер. Біздің демалыс орны Сіздерге ұнайды деген сенімдемін.

 Иә, таныды... Өзгеріпті, жігіт ағасына айналған. Сөзі де салмақты әрі тым шартты естілді. 

Құрбысы бөлмеге аса көңілді оралды. Ауыз жаппай сөйлеп жүр.

- Біз  енді дәрігерге тексерілейік. Тағы біраз ем-шара жаздыртайық. Құрмаш бас дәрігердің орынбасары ғой, тағы массаж сұратсақ болады. Білесің бе, демалыс мекемелерінің үстінен қарайтын бастықтары келіп жатқан көрінеді. Бүгін клубтарында ойын-сауық кеші болмақшы. 

Құрмаштың қабылдауына кіруге ыңғайсызданып есік алдында бөгеліп тұрып қалды. Есіктен мұның төбесі көрінгеннен орнынан атып тұрған ол қолын созған күйі қарсы жүрді. Амандық-саулық сұрап жікжапар болып жатыр. Көргеніне, бұлардың келгеніне қуанышты екенін бастырмалата айтуда. Көп бөгелудің реті жоқ, өзінің қаралуға келгенін білдірді. Құрмаш дәрігерлік құзыретім осындай дегендей бар ісін тиянақты, ыждаһатпен атқарды. Жұмысқа байыпты әрі тиянақты екендігі көрінді. 

Сол күнгі кеш көңілді басталған-ды. Жақын ауылдың өнерпаздары болса керек көңілді әуен, ән-күймен жиылғандарды бірден баурап алды. Ұзамай кеш биге ұласты. Әдемі жымиған кейіпте күле сөйлеп Құрмаш жанына келді.  

- Сіздің жақсы билейтіңізді білемін. Келіңіз, билейік. Бүгін армансыз тербелетін болармыз – деді. 

Үстіне  киген көйлегі нағыз биге арналғандай, етегі ұзын  белі қиылып тігілген жібек-шайы би қозғалысымен көлбей ырғалады. Аяғындағы биік тюфлиін де елер емес. 

- Мен сізді тағы кездестіретініме кәміл сенгенмін – деді. 

- Бал ашатын өнеріңіз бар ма еді?!

- Біз үшін бал ашудың керегі жоқ, тағдырға сенсек болғаны, - деді ентіге сөйлеп.

Расында армансыз би болды. Құрбысының бірер танысы бар барлығы даурыққан күйі файеге жиналған. Кеш бітсе де, сауықтың желігінен арылмаған топ әлі де отыратын сыңайда. Файенің қалтарыс бұрышындағы бөлікке шағын дастархан жайылған. Көңіл күй ас-судан  көрі ән мен биге сусағандай кейіпте.  Құрмаш сөзуар, ділмар екенін танытып жатыр. Асаба болып кезек сөз беріп, ән айтқызып отырысты қыздыра түсті. Өз кезегі келгенде баяулап ән де салып қояды. Рухназдың да домбыра шертіп, ән шырқайтыны бар, әннен тартынбады. 

Тізгінді тағы Құрмаш алыпты, би музыкасын қойып, биге шақырды. 

«Бақыт жоқ талаптанбай,

Пейліңнен таң атқандай.

Тәңірім, еркем сені

Мен үшін жаратқандай» деп әнді қосыла шырқап, биге үйіре түседі. Келесі әуенге ауысқанда да ырқынан шығармаған күйі билей жөнелді. 

«Жылжып өткен ай, күн,

Жүрегімде қайғым.

О, сезім, от едің,

Жанымды өртедің» ән сөзіне әдейі салмақ беріп, мұның құлағына ежіктей сыбырлайды. Осы бір көңілді күй билеген мұның да әзіл-қалжыңға бой алдырғаны болар «Қырық жастың  қызуына өртенсең, Қанатыммен су себермін себелеп» - деп сыңғырлай күлді. Көңілді топ түн ауа әрең тарасты. Бұлар тарар кезде Құрмаш қолынан тартып шығарып салуын өтінді. Баспалдағы бар орынға дейін бірге ілескен құрбысы бұрылып бөлмеге бет алды. Бұл да кетуге ыңғайланып еді, қолынан ұстаған күйі екінші қолымен құрсау жасай қойды. Дардай азаматтың жігіт-желеңді қылығына таңырқай күлген Рухназ енді қайтер екен деп сынай қарады. Төне түсіп құлағына енді бір сөз айтпақшы болған қалыпты дәлізге шыққан әлдекім үзіп кетті. Сасқалақтағаны сонша дереу қол құрсауын босата қойды. Жігіт ағасының мына қылығы еріксіз езу тартқызған Рухназ «Қайырлы түн» деді, баспалдақтан төмен түсіп бара жатқан жігітке күліп.

Бөлмеге келгеннен соң да құрбысы ана-мынаны айтып  екеуі көпке дейін ұйықтай алмады. Балконға шығып осы бір мақпал түнде самаладай көрінген жұлдыздарды тамашалады. Түн қараңғысында еңселі таулардың сұлбасы төне түскендей. Алдыңғы тұста қыз емшекті  тау өркешінің ортасында қиылып туған ай ілініп тұр. Бұрын мұндай ғажап көріністі көрмеген Рухназ ерекше күйге бөленді. «Айдың мендей серігі барын ұмытпаңдар» дегендей айдың бауырына тығылған жалғыз жұлдыз жымыңдайды. Осы бір көріністің көңіліне ұзаққа жазыларын сол сәтте білмегені анық. 

Ертеңінде кеш оянды, таңғы астың уақыты да өтіп кеткен екен. Құрбысы жуынатын бөлмеде жүр. Бүгін күн жексенбі, ем-шараға асықпаса да болады. Орнынан тұрғысы келмеген күйі маужырай түсті. Есік қағылды. Әйкен ашты. Құрмаш екен. Құрбысы жамырай амандасып, жадырай күлді.

- Ал, арулар, сендерді қонаққа шақыра келдім, - деді Құрмаш көңілді сөйлеп. 

- О, қонаққа дейсің бе? Қайда?

- Кеше айтып едім ғой үлкен қонақтар келіп жатыр деп, соған бас дәргеріміз де «қазақтың бір зиялы қыздары демалып жатыр екен ішінде болсын» деген соң құстай ұшып жеттім, - деді.

- Біздің орта жолдан қосылғанымыз ыңғайсыз болмас па?!- деді Рухназ, төсектен тұрғысы келмеген қалып танытып.

- Кеше биден шаршағансыз ба, жоқ сырқаттанып қалдыңыз ба?

Құрмаш жанына жақын отырып, тамырын ұстады. Тамыр соғысын тындаған қалыпта  айнаның алдында жиналған әйелдердің түрлі опа-далап, бояуларына көзін аралатты. 

- Бәрі дұрыс, тамыр соғысыңыз қалыпты, - деп, бұның қолын аялай ұстап алақанына салды. Алақаны қатты әрі сүйелді екен. Бұрын мұндай алақанды көрмепті, қара жұмыс көп істейтін болар деп ойлады. 

Бұл күнгі жиын жеміс бағының ортасында  өтті. Бақтың ортасындағы алаңқайға дастархан жайылыпты, түрлі мәзір, жеміс-жидек стол үсті сықап тұр. Күтіп жатқан қонақтары бас дәрігер қарайлас екен, жанында өзі шамалас жұбайы бар. Ашаң жүзді әйелдің күтімі зор екені киім киісінен көрінгенімен, жылдар бетіне көп із салыпты. Сопақша жүзі ажымнан тіпті төмен созыла түскендей түр береді. Өзі  ашық-жарқын адам көрінді. Есімі – Құттыгүл екен. Бұл отырыста да Құрмаш асабалық жасап, өлеңдетіп сөз беріп бәрін үйіріп жүр. Бақтың ішіндегі алаң тегіс болмаса да, музыка қойылып жиылған топ би билеуге кірісті. Құттыгүл ханым  жымия сөйлеп:

- Қыздар, ағаларыңды биге шақырыңдар,- деді күйеуін  меңзеп. Құрбысы әйелінің айтуымен төбесі жылтырай бастаған егделеу кісімен, ал бұл бас дәрігермен биледі. Сол күнгі кештің соңы қалай аяқталғаны есінде жоқ. Бірақ Құрмаштың бұл жолы көп ортасында дәл кешегідей  алқына сөйлеп, бұны үйіріп-айналмағаны есінде. Дәл кешегідей емес, әлдекімдерден бой тасалап, сырт көзге сырын бермес сиқын көрсеткен. 

Тамыз айының алғашқы ширегінде демалуға келген құрбылардың да санаулы күндері зырғып өте шықты. Кететін күні бұларды Құрмаш шығарып салды. Жолда тоқтап суретке түсті, базарға соғып базарлық алғанда да жандарында ілесе жүріп жол көрсетті. Жанында отырған жанның өзіне деген ықыласы, өзекжарды сөзі көңілін қозғады ма түйісе отырған иығынан бойына жылы сезім жүгірді.

 

***

КҮЗГІ Вальс. Араға он жеті жыл салып сол бір мекенге қайта келе жатыр. Жол бойы терең ойдың шырмауынан шыға алмады. Басынан біраз жайт өткен. Бұның басынан ғана емес, күллі ел  қайтақұру деген дүрбелеңді басынан өткерген. Өзгерістің алып машинасының табанында кім қайда шашылып қалғанын білмеген күндер өткен. 

Сол жылдары ол бірде үйге телефон шалған. Ешкіммен шатастырмайтын оның баритон дауысын жазбай таныған. Үйде жалғыз емес еді, дұрыс сөйлесе алмады, анығында оның не айтқысы келгенін түсінбеді. Байланыссыз бірдеңелерді айтқанына қарағанда қобалжып тұрғаны анық болатын. 

Соның келесі жазында демалысқа барып келген құрбысы оның сәлем хатын жеткізген. Өлеңмен жазылыпты. Есінен бір шықпайтынын, құрмет тұтатынын, әттең-айын жазыпты.

Бұл жақта да біраз өзгерістер болыпты. Ол да жұмысын өзгертіпті. Енді бір мекемеге өзі иелік  жасайтын көрінеді. 

Оның төбесі көрінгеннен бұрынғы таныс жан екенін білдіріп, күлімсірей қарсы жүрген. Қонақты қарсы алатын кейіпте қол созым жерге дейін екпіндеп жеткен оның жүзінде таңырқау не қуану кейпі байқалмады. 

Танымады. Расымен танымады...

Қапелімде не айтқаны есінде жоқ. «Мен ғой, сіздің танысыңыз Әйкеннің құрбысы» деді ме, әйтеуір үндемей қалмағаны анық. 

Тау шатқалынан құлап аққан асау өзеннің арнасына сұғындыра салынған жазғы жайдың көлемі шағын. Ағаштан тіреуіш жасап, тақтайдан тізген едені қызылмен сырланған. Адамның беліне дейін келтіріп қоршалған іргесіне сүйеніп тұрған жанға ағынды өзеннің үстенде тұрғандай әсер қалдырады. Шағын беседкаға екі-үш қатар үстөлдер қойылған. Сарқырай аққан өзен дым бүркіп, аптап ыстықтың өзінде жанға сая тыныс береді. Күтіліп жатқан қонақтар осы шағын орында екен. Баланың қылығымен тоң-теріс болып кетіп қалмай, ұсыныс лекіте бірнеше рет айтылған соң дастарханға амалсыз  аялдаған. Бұнда да өнерпаздар бар екен, домбырамен ән шырқалды, бұл да ән салды. Неге ән айтты өзі де білмейді. Әлгіндегі тосын күйді ұмытқысы келді ме, жоқ әлде жоғалтқан сенімнің ұшын іздеді ме, бәймәлім. 

Ертеңінде көргенде түнімен толғанған ойын өлеңмен көлемді етіп қағазға түсіріп, қолына ұстатып кетті. Өлең тілі өзгеден жүйрік болар дегендегісі еді. Біраз дүние жазылды, не ойлады, не ұқты, кім білсін!? Осы жолы отбасы, бала-шағасымен дастарқандас болды. Бір ұлы таяуда үйленген екен. Өзі бір ашық-жарқын еңселі бала. Келіншегі бұйығы әрі әлі қалыптасып үлгермеген жандай көрінді. Бұл бір бұрыннан таныс келушілердің бірі ретінде қабылданып, өзі де сол рөлді еріксіз ойнаған. Өз жағынан келген қарияларын жатқызды, барлығы ескі таныстардай ізетті кеңес құрып жүрді. Құрмаш қарияларына аса ілтифат көрсетті, ертелі-кеш дастарханға шақырып кұрметтеп жүрді. 

Бір оңашалықта Құрмаш ішкі өкінішін білдіріп, «Жаным, өмірдің қыры мен сыры көп, егер жан сырды түсінсең...» деп ойын енді қозғай бергені сол еді, әңгіме тосыннан үзілді. Бұл жерде келімді-кетімді кісіден оңаша уақыт болмайды екен. 

Рухназ, үзілген әңгімені толық естісе, өзіне көптен қойып жүрген сұрақтардың жауабын табатындай  сезінді. Кешкі бір қалтарыста да өзінен жауап күтетінін аңғартты. 

- Кешке аулаға шығарсың, - деді ол.

Аулаға кештетіп шығудың қисынын таппады, әйтсе де әртүрлі ойдың жетегінде жатып көрер таңды көзімен атырды. Ойына Мағжанның сөздері оралды. 

«Теңіз терең емес, әйелдің жаны терең. Жеті қабат жер астындағы нәрсені білуге мүмкін, бірақ әйел жанының мінезін білуге мүмкін емес. Бір қарасаң, әйел – бала, күйерін білмей отпен ойнайды. Әйел – ердің тәңірісі, жарата да алады, жоқ қыла да алады, сүйдіре де алады, күйдіре де алады... Әйелдің аруағы басса, ер күйеді, жанады. Бірақ өзінің жеке бір адам екендігін ұмытпайды, жоймайды. Ердің аруағы басса, әйел адамдықтан шығып, жоққа айналады. Есінен айырылады. Тілі байланады. Әсіресе әйел бұзық жанды болмаса. Ол уақытта мұндай әйелдің ердің көнгіш күңі болуында еш дау жоқ».

Бұл ешкімнің күңі де құлы да болудан аулақ еді. Өзінің де өзгенің де «аруағы асып» тұр деуден қашық. Тек оның сөзі мен ісіндегі қайшылықты көреді. Неге сонша жүрекжарды сөздерді айтып таусылады екен деген ой келеді. Мақсаты не? Тек  сыртынан тон пішпей, өз аузынан естуге тас түйін бекіген-ді. Көбірек білгісі келгені өз жайы емес, Құрмаштың осы бір жылдарда қандай ойда болғаны. Қандай сыры бары. Әйелге өлермен сөзін айтқанда күтетіні не? Рухназдың оның өміріне серік болмасын анық біледі, ендеше жадағай жігітжелік көңілмен көлгірсудің қажеті қанша?! Егер бүкпесіз айтар болса, ер адамның табиғаты мен болмысын түсінетіндей көрінді.

Бір сәт Рухназ өз жүрегіне үңілді. Бұған керегі не? Тән жақындығын күтпейтін, оны қаламайтыны өзіне мәлім. Әйелдік менмендік пе?! Өзін  біреулерге дәлелдегісі келетіндей бағасы сонша төмен жан ба еді?! Кімге не дәлелдемек?! Әлде бір сәт жабырқаулы жанын жұбатып, осы бір дүмәдәл көңілден арылғысы келді ме?

Бірақ Алла жалғыз жаратқан жанның емін табуы мүмкін бе?! Адам басы Алланың добы дейді. Адамды замана билейді. Заманның желі қайдан соқса адам байғұс қаңбақ болып ырқына көнеді. «Дүние бір қисық жол бұраңдаған» деп Ақан сері айтқандай пенде көп дүниені өз ырқымен істемейді ғой. Өмірдің, жағдайдың еркінде дөңгелейді. Мен де сондаймын-ау деді іштей. 

Дөңгелейді дүние доптай болып,

Күн кешерсің өз еркің жоқтай болып.

Тапталғанда өмірдің топанына,

Жөн сұра жүрегіңнен тоқтай қалып. Бәлкім бұның бір тоқтай қалған сәті осы болар. Анау керек, мынау керек, ананы атқаруым, мына істеуім керек дейтін толып жатқан міндет пен қажеттілік өтеуінде машинаға айналып дөңгелеп кеткелі өзінің нәзік жанды әйел екенін есіне түсіргісі келді ме?!  

Тұманнан жүрмін шыға алмай

Жан түкпірін ұға алмай,

Тарылды неден тынысым

Кеудені құрсап сығардай.

Өткенге жиі үңілдім,

Алдым бір сағым мұнардай

Ой-қиялда кезбемін

Жан дертім жүр ме сұралмай...

Толыққанды өмір сүру үшін әр уақытта бірдеңе жетіспейді. Неге...? Жақсы өлең, жақсы би, жақсы әуен. Жанды бөлер бір күй іздейді. Осындай ой-толғамы бар адаммен әңгімелесуді қалайды. Мүмкін мұның іздегені сол шығар. Адам түйсігін түріп бүкпесіз сұхбат құру ма тілегі? Сонда өмірді түсінер ме?! Рас солай, бірақ  оны өтеу қиын... Неге жасырып-жабары жоқ бола тұра еркін әңгімелесіп, сұхбаттаса алмайды? Жалпы бұл қоғам адамды ер мен әйелге жіктеу арқылы әрқайсына бір таңба басып қойғандай ма, қалай?! Сол таңба пенде байғұстың тағдырына басылып тарамыстай жиырып жатқан жоқ па?! 

Ол өзінің іштей кемірілуінің себебі мен салдарын түсіндіріп бере алмайды. Білетіні: бір мылқау  дүниеге кіріп, тас керең тірлікте өмір сүріп жатқандай күй кешуі. Қамырық тіршілікте ішкі ой жетегінде таусылатыны ғана. Ештеңеге шамданбай, шамырқанбай өмір сүру неге қолынан келмейді екен?! Әр ойдың ұшығын таппай, әр түйткілде бір түйіліп, өз көңілінің қалауын да, қамауын да аша алмауы. Есіріксіп, межеліні ескермей өмір сүре алмайтынын да анық біледі. Егіз жұлдыздарындай, өзінің ішінде тағы бір тылсым иесі бардай көрінеді. Оңаша қалса-ақ болды сол бір қатыгез сыншысының жақ жүні үрпиіп, үңірейіп шыға келетіндей. Сосын әр нәрседе бір шамданып, қиқым-сиқымды жия бастайды. Өзі қылығын жіпке тізіп, қыспаққа алады. 

Адам жаратылысынан бастап мазасыз тірлік кешеді. Көбіне өз көңілінің қанағаты жоқтығынан ба деген ой да келеді. Бақыт деген немене дегенге: кейде «ішкі гармония» деп жауап беретіндер бар. Бірақ оған жету оңай емес. «Малда да бар, жан мен тән, ақыл, сезім болмаса, Тіршіліктің несі сән, Тереңге бет қоймаса»,  деп Абай айтады. Ас ішіп, тыныш ұйықтайтындарда да гармония бар. Бірақ, оның несі дәрі!?

Жабырқау жаны кейде әнге салатын

Сырғақ уақыт өтер санап сағатын.

Көңіл бәлкім сынық қанат көбелек

Көтеріліп қаға алмайтын қанатын. 

Нұрына жан қуанатын, ақыл, сананы жаулайтын бір сиқырлы күш бары анық. Кім қалай атайтынын қайдам?! Ал ол қаншалықты терең екенін жүрек қана бағамдай алады ғой. Бір сәт Құрмашты ақтағысы келді. Ер, әйел деп бөлмей қай жан болсын өмірде бір тылсымды іздейтін болар деді. Бірақ қайдам... Ер адам тым өзімшіл ғой әрі мақтансүйгіш. Мың қызға лебіз айтып, артынан бәрін өзіне ғашық қылып көрсетуге неге құштар?!

Ертесінде ем-шара бөлмесінде ол жанына жақын келіп өзіне тартып емінген қалып танытты. Жоқ, сүйген жоқ. Бұл қайтер екен дегендей ақырын өзіне тартты. Рухназ бұл қылықтың неге істелгенін түйсінді, түсінді, іштей кейіді. Шоршыған да жоқ, еріп, еліткен де жоқ, бейтарап қалып танытты, тіпті елемеген күйде орнына жайғасты.

Келесі күні осы жердің басшысы әрі ұйымдастырушысы ретінде Құрмаштан ұсыныс түсті. Осында демалып жүрген жастармен кездесу өткізуін өтінді.

Кездесу ашық алаңқайда өтті. Кешті Құрмаштың өзі ашты. Кездесудің жөн жосығынан хабар берді. Бұның шығармашылығы, білім жолындағы еңбектері сұралып жатты. Бұл да қойылған сұрақтарға әлінше жөн жауап берген шығармын деген ойда болды. 

Кештің бір орайлы сәтінде ол вальске шақырды. Самаладай қаз-қатар тізіліп отырған көрермендердің алдында акварумдағы балықтай  болып жүріп вальс биледі. Бұрынғыдай шырқап, шығандап айналмады. Би де өз сиқырын жоғалтып, құрғақ қимылдың  мезіретін ғана жасағандай еді...

***

ҚЫСҚЫ вальс. Араны тағы біраз жыл аралады. Соңғы барғанында оны көрмеген.  Өзінің бір мерейтойы қарсаңында сезген-түйгендерін жинақтап шығарған кітапшасы бар еді. Мерейтойында келген қонақтарына арнап сый етіп тартқан болатын. Соның біреуін ала келген. Кітапшаны алдынан шыққан жанның біріне табыстап кеткен. Ішінде «Көктемгі вальс» деген жазба да бар. Өзін жазбай таныған болар ұзамай қоңырау шалған. Оқығанын, қатты ұнағанын, тілегін жаудырды. Айналды, «жаным, тәнтімін» деді - жалтырайтын, бірақ жылу бермейтін жарық сияқты сөздер болып қабылданды. Тағы бірде хабарласты, сол кітапшаны жоғалтып алған көрінеді. Біреуді жіберіп алдырғысы келетінін білдірді. 

Енді бір хабарласқанында жұбайының бақилық болғанын жеткізді. Бойы да, өзі де (мүмкін әлемі де) шағын, күміс қасықтай әйел болатын. Өмірде өзі байқағандай шағын адамдардың бойында кездесетін жинақылық, дауыс көтермей шүңкілдеп сөйлейтін бәсеңдік бар етін. Өзі демалыста жатқан күндердің бірінде қол-аяғынын мұздайтынын айтқаны бар. Қан қысымынан кетіпті. «О, бәтшағар өмір-ай, өмір дейтін осы да!..». Жол түскенде аз күн дәмдес болғанға мың тағзымның салтымен барып,  отбасы бала-шағасына көңіл айтуды өзіне міндет санады.

Елден құрбысы келген. Студенттік кез, жастықтың көктемін бірге өткізген құрбысы еді. Тіпті құрбылықтан сіңілілігі басым отбасымен араласып кеткен жақын жан болатын.  Демалысқа бірге аттанды. Демалыс үйіне келгеніне екі-үш күн өтсе де, ұйқылы-ояу күйде жүргендей. Ауаның әсері не емнің сиқыры әр кез келгенде осындай күй кешетін. Тілдескіден нөмірін таба алмады. Жаңасын ауыстырғанда өшіп кетіпті. Демалыс орны  қызметкерлерінің бірінен нөмірін алып хабарласты. Сол баяғы баритон дауыс, өзіне баурар жылы лебіз.  Кітаптың бірін ала келгенін, реті келсе балаларға көңіл айтқысы келетінін жеткізді. Асықпай жолығармыз деп ойлаған, бірақ ол сол күнгі кеште келуін өтінді. Ертеңіне шаруалары болған болу керек. Өзі жоспарлағандай болмаса да, баруға келісті. Кешке салым құрбысын алып шығып төңіректегі жақсы жерлерді көрсетті. Айтылғанындай жетілерден өте көзкөрген жерге келіп тоқтады. 

Алдынан балапандарын өргізген құстай екі жас келінше шықты. Бірі баласын жетелей жүріп аула сыпырып жатыр. Бір келіншекті жазбай таныды. Баяғы өзі көрген келін екен. Амандық-саулық сұрап еді, келіншектен қарсы қадам шықпады. Қысылып тұрғаны ма, тосырқағаны ма қалыпты қазақтың айтатын «Төрге шығыңызы» да естілмеді. Кеудеден  қақпаға тірелгендей болып тосылып қалды. Балаларға ала келген пакетін ұстатты. 

- Құрмаш аға бар ма, біздің келетінімізден хабардар болатын, - деді.

Бір жұмысшыларды көрші ауылға жеткізіп салуға жаңа шығып кеткен көрінеді. Бұлардың келетінін біле тұра жолға шығып кеткені қалай?! 

- Жарайды, хабарласып, келгенімізді айта ғой,- деді де құрбысын ертіп демалыс орнының ауласын араламақ болды. Бұрынғыдай адам қабылдамайтын болған соң, барлығы да күтімсіз, тозып, бұрынғы бояуынан айрылып қалған екен. Көп жүрудін сәні болмаған соң, қайтадан ауладағы биік өскен Ива ағашының түбіндегі орындыққа жайғасты. 

- Күтпей, жүре берсек пе екен?! – деді қобалжып.

- Бұл адам  сен жазған «Вальстегі» кісі ме?

- Иә, сен де  түсінген екенсің ғой.

Көп ұзамай аулаға машина кіріп келді. Күткен адамы сол болғанымен, басын тілдескіден көтермеген күйі отыр еді, артынша дауысы да жетті. 

- Қалайсыздар, айып етпеңіздер, мына киім киісімді- деді. Үстіне шорты, футболка киген екен. Бұл киінісі жасына лайық көрінбейтінін айтқаны болу керек. Дегенмен ширақ, іскерлігінен танбағаны байқалады. 

Сол баяғы өзен үстіндегі беседкаға дастархан жайғызды. Шай алдырып, ас қамдатты.  Келіндерін кезек таныстырып, отбасылық дәстүрін көрсетті. Өзі төрге жайғасқан, құрбысы екеуі одан төменгі жерге отырды.  Бұлар кезек жарысып көңіл айта келген ниетін білдірді. 

Дастархан басында өзінің әңгімешіл қалпымен біраз жайтты қозғады. Тіпті сонау бір студенттік шақтарындағы  ғашық болған қызды әңгімеледі. Мүмкін адамға керегі осындай аңыздар шығар. Бұның кітабын қайта сұратуының да осындай мәнісі бар шығар. Бұл жазған жазбаның  көңілін демдейтін тұсы бар болар. Адам реалды өмірінен өзгені биік қойса, аңыз да дәтке қуат қой.  Мүмкін ер адамның таяныш тірегі болатын,  шарт түйініп жүргендегі қол қаруы мен сәні – қамшысы сынған соң, бәсең тартқан көңіліне демеу іздегеннен бе?! 

Жора-жолдастарының көңіл аулауында біраз жүріп жалғыздықты сезінбегенін айтып қалды. Бұл отырыстағы назарын Рухназдың құрбысына бағыттады.  Көшелі сөздің көрігін қыздыратын ниетімен тағы бір тәмсіл қозғады. Сөз мәні «әр істің қайырын берсінге» саяды. Иә, қазаның артының қайырын берсін дейді халық. Жамандықтын артынан да жақсылық күтетін ниетіміз бар ғой. «Қайырын берсін! Еліңіз бар, еңкеймеген қалпыңыз бар, отбасы балалар, немерелер бар қоршаған. Жасымаңыз, қайырын берсін» деді Рухназ.

Бір ауық назарын Рухназға тіктеп: «Біздің  қадірлейтін алтын  қызымыз» деп қалды.

Құрбысы да құптап: «Иә, біздің арамызда да озық шыққан қызымыз, біздің өңірге сыйлы, ғалымдар отбасынан шықты ғой» деді құрбысының мұны мақтағысы келген сыңайы айқын танылып. Ал Рухназ айтылғандарды аса елеген жоқ. Себебі өзін дәлелдегісі келген уақыттардан өтіп кеткен болатын.  «Өмірдің алды – ыстық, арты – суық, алды – жалын, арт жағы – мұңға жуық» деген кемеңгер сөзі келді көкейіне.

- Аға, сіз әлі ВАЛЬС билеп жүрсіз бе...? – деді Рухназ сынай сұрақ тастап.

- Иә, әрине билеп жүрмін, - деді ол…

Ол шынымен вальс пе?! жан-дүниесі, жүрек лүпілінен айрылған соң оны би деуге лайық па екен деп ойлады.

Қыркүйек. 2023.

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар