Жалпы әдеби сыйлық жайлы бір әңгіменің шеті көрінсе фейсбук бетінде талқыланып, қаншама пікір айтылып, «мәдени-әдеби» өмірімізді бір «желпіп» өтетіні рас. Бірақ сол сыйлыққа ұсынылған шығармаларды көпшіліктің түгел оқып жатпағаны байқалады. Ал негізі бұл шығармалар әлеуметтік мәдениеттің бір жаңалығы ретінде тек әдебиеттің айналасындағы емес, жалпы жұрттың назарын аударуы тиіс еді. «Анау лайық, мынау лайық» дейміз. Ал негізі шығарманың көркемдік шарттарға жауап беруін, дәстүршілдігі не жаңашылдығын айырып, алып шыққан ойын бағалап пікір айту үшін алдымен мәтін оқылуы керек қой.
Нобель сыйлығы идеясының бүкіл адамзатқа игілік әкелуі керек деген мақсаттан туғаны сияқты, әрбір берілетін әдеби сыйлықтың өз позиция-идеясы болады. Біздегі әдеби сыйлықтардың мақсаты – авторды қолдау. Сыйлыққа ие болған автордың бұдан әрі жақсы еңбектенуіне септесу, осы арқылы әдебиетті дамыту ниетінен туған. Бізде жазушы мемлекеттің идеологиясына сай келетін шығарма жазып, бірақ, оған қандай да бір ықпал ете алмаса да, қалай болғанда да мемлекеттің саясатына әсері бары анық. Бұл тұрғыдан келгенде сыйлықтар әдебиетті өлтіреді демейміз, керісінше бұл сыйлықтардың кітап өндірісіне, халықтың рухани дамуына әсері болса – ол да жетістік.
Ал негізі сыйлыққа ұсынылған шығарманы оқырмандар, ұйымдар оқып, пікір айтып, талқылап барып өздері ұсынып, сыншылар шығарманың жеткен жетістігін немесе жетпей қалғанын көрсетіп шынайы мақалалар жазса, әдеби сыйлықтарға деген талап күшейтілсе бұл оқырман назарын да аударары сөзсіз. Бізде жазушылар өз шығармаларын өздері ұсынатын болды. Бір жағы түсінесің, бұрын газет-журналда істеп жан бағып, кейін романға отырған жазушылар қайбір бай адамдар дейсіз, егер қомақты сыйлық алса ештеңеге бас қатырмай тағы отырып жазар едім дейтін шығар, бірақ, арғы жағында автордың азаматтық ұстанымынан туған «менің шығармам соған лайық па, жауапкершілігін көтере алам ба» деген сұрақ тұрса жақсы ғой дейсің.
Бірақ, шындығы сол – оқырман үшін шығарманың сыйлық алған-алмағаны маңызды емес. Шығарма шынайы, оқиғасы иланымды, оқығанда баурап, ләззат бере алатын дүние болса болды. Бүгінгі әдебиет қандай да бір сұрақ қоя алса, біз – оқырман да соған жауап іздеп кете алсақ, соның өзі үлес. Қозғалыс. Осы жерде ойыңа оралатын бір шығарма – оқуға жеңіл болмаса да, Джордж Оруэллдің "1984" шығармасы. Тоталитарлық режимнің бақылауындағы футуристік қоғамның қандай болатынын көрсете отырып, екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі жағдай не болады, мемлекет әрі қарай қалай дамиды, қалай кетеді деген автордың алаңы мен үрейі қоса берілгенін көресіз. Бізге де осы уақыттың атмосферасын, осы жүйенің температурасын, онда қарапайым адам өзін қалай сезінеді, соны беретін шығармалар керек. Жалпы қандай да бір қоғамдық не тарихи оқиғалардың әсері әдебиеттен көрінуі керек деп есептейміз. Ол кейбір жағдаяттарға баға бере отырып, ойлануға жетелесе бүгінгі оқырман да әр жазылған шығармаға үңілер еді. Сондықтан да бұл сыйлықтар тек әйтеуір беру үшін берілмеуі керек, әбден талқыдан өтіп, оқырманға ғана емес, жалпы жұртшылыққа әсер етіп әрі кітап өндірісіне ықпал ету үшін берілуі тиіс. Өйткені, қаншама кітап жазылып, баспалардан шығып жатқанымен, не тиражы аз, не маркетингі жетілдірілмегеннен де оқырман қолына тие бермейді. Және көбіміз әдебиетті қол босағанда оқимыз. Жазып жүрмін дейтіндердің де көбі қол босағанда жазатындай көрінеді. Зейнетке шыққан жазушылар ғана өздерін жазуға басы-бүтін арнайтын шығар (жағдайы бар, зейнетақысы келіп тұрады дегендей), әйтеуір, біз танитын бірқатар орта жастағы прозаиктер кредитін төлеу үшін қосымша жұмыста жүріп, ара-арасында жазған болады. Хобби ретінде қарап, ащы терін шығарған ізденіс болмағаннан да ауқымды ой айтуға бармай-ақ, кең тыныс алмай-ақ жаза беретіндей. Әдебиет дамуына бұның да әсері бар, әйтеуір, бір қарасаң жазылып жатқан дүние аз емес сияқты, бірақ, дәуір мен тағдыр көрінетін, кейіпкердің әрекеті арқылы құндылық айқындалатын шығармалар аз, осыдан да көбіне қазіргі заманғы әдебиетті бап таңдамай кез келген жерде оқи беруге болады, оқып болған соң ұзақ күн нешетүрлі ойға беріліп жүрмейсің, басың ауырмайды. Тереңдеп бара алмай, биік ұғымдар туралы айта алмай жатады. Ол түгілі көркемдіктің орнына басқа критерийлер шықты. Кейде тез оқылатын, соншама көркемдігі жоқ шығармалар танымал болып жатады. Бұған мына жағы былай дейтін сараптау, ауқымды көзқарас жоқ, әдеби процеске шолу жасалмайды. Біздің сынымыз «мынау түкке алғысыз» немесе «ой, керемет екен» дегеннен аспай жатыр. Осыдан келіп бізге кәсіби сыншының аса қажеттілігі көріне береді. Дәл осы шақта отырып (адамзаттың есіл ғұмырын аударып-төңкерген ессіз жиырмасыншы ғасырда емес), соңғы жылдары жазылған, қазақтың көркем ойлау жүйесіне ерекше жаңалық әкелген, айналада не болып жатқанын анық бағамдап, қандай да бір жетілген көзбен қарап, қоғамның адамға деген қатынасын бүге-шігесімен көрсете алған, санамызға төңкеріс әкелмесе де ұзақ уақыт ойымызда қалған ғажайып туындылар көп пе бізде? Ойланып қаламыз. Бірақ, бұған жазушыларды кіналау орынсыз. Өмір жалғасып, басқа жұрт басқа тақырыптарды айтып жатқанда біздің жүйе не істеді, отыз жылға жуық уақыт мәдениетті «ерекше оңтайландырып», оқымасын деп тырысып кітапханаларды жауып, ешкім ештеңе жазбасын деп қаламақы бермей, әдеби журналдарды жауып, қалғанының тиражын бірнеше есе қысқартып, жазатындарды жасыққа, керісінше пысықтарды «жазғышқа» айналдырып... енді келіп осы кемшілігін түзетпек болып жатыр. Бірақ, осының салдарын әлі біраз жыл тартатынымыз анық. Арасында осылай шу тудырып қоятыны болмаса, біздің қоғамдық өмірімізге ешқандай әсер етпейтін әдебиет келешекте көркем жазылған мәтін есебінде ғана қалмасын десек, оған жанашырлық керек. Әдебиетті дамытамыз десек, арнайы қаражат бөліп, оқытып, жағдайын жасап, әдебиет теориясының сыны мамандарын, кәсіби сыншыларды әдейілеп дайындау керек. Өйткені нағыз сын – шындықты іздеу, көркем дүниенің шынайы бағасын тану.
Осының алдыңғы жылдары «романның шаруасы бітті» дейтін еді, бірақ, роман жазылып жатыр. Өйткені бар нәрсе құрымайды ғой, тек уақытқа сай өзгереді (ол түгілі адамның өмірінің өзі өзгеріп кетті). Коммерциялық әдебиет, артхаус немесе артхаустық емес деп бөлетіндей не шамамыз бар, әйтеуір, біз қазір роман жазылса қуанатын болдық. Және бізге жаңашыл жазады деген мақтау ұнайды, өйткені дәстүрлі дегенді ескішіл деп түсінетін болдық. Ал шынында әдебиеттегі дәстүршілдік деген – тозған мақыра-мүкәммал үйіліп тұратын ескі сарай емес, ол деген өзінің алдындағы үздік үлгілерді білу, бір сөзбен айтқанда ең жақсы нәрселердің жиынтығы ғой, қаламгер бойында талантпен қоса керемет қуат, шығармашылық әлеует болса ғана дәстүрге ілесе алады, әйтпесе... Қалай болғанда да жазуға келгенде биік моральді ұстанатын, эпитет пен метафоралар қолданатын мектеп жоғалмауы тиіс, олар (Жүсіпбек, Бейімбет, Мұхтар, Әбіш, Сайын, Оралхан т.б.) – жазудағы үздік үлгі болып қала береді. Және қашанғыдай талант пен еңбек бәрін шешеді. Сондықтан бізге дәстүрден қашпау керек, тек оны бүгінгі күнге бейімдеу керек. XX ғасырдағы қазақ прозасының ерекшелігі – халықтығы, тәрбиелік қыры еді ғой, ал бұл ғасырда жазушылар танымдық, зерттемпаздық, әлеуметтік-философиялық, сонымен бірге психоаналитикалық, экзистенциалистік бағдарды ұстанып, мүлде басқа талаптарға жауап беруге талпынады. Біз Тынымбай Нұрмағамбетовтың «Періштелер өлімі», «Сәмбі талдың мұңы», Тұрсынжан Шапайдың жаңаша стильдегі шығармаларын, Дидар Амантайдың постмодернистік бағыттағы, Төлен Әбдіктің сюрреалистік, Рахымжан Отарбаев, т.б. жазушылардың ел экономикасының дағдарыс кезеңдеріндегі халықтың көңіл-күйін тап басып жазған әңгімелерін сол үшін оқимыз. Бізге актуальды проза керек. Бұл футуризмның екінші аты десек те, бүгінгі оқырман танымына сай үн қатып, бізге таныс, актуальды тақырыпты көтеріп, жаңа ой ұсынып, өн бойынан жан қозғалысы көрініп тұрса – ол шығарма құнды.
Оқырман ықыласы барлық сыйлықтан биік
Жалпы кез келген ұлттың көңіл-күйі әдебиетінен көрініп отырады. Және жазушы жауапкершілігі деген бар. Ол тіпті үлкен міндет екен. Өзіміз әдебиетін тек орысшаға аударылғандарынан ғана там-тұмдап білетін жапон әдебиетін алайық. Өткен ғасырдың қырқыншы жылдар аяғы мен елуінші жылдар басында жапон халқының бұрынғы құндылықтарын жоғалтқан, бірдеңеге сенуден қалған көңіл-күйі жапон қоғамына айтарлықтай әсер етіп, тез арада әрекет қылмаса болмайтын жағдайға жетеді. КСРО мен Америка қатынасы, Кореядағы әскери қимылдар атом бомбасынан енді есін жиған милитаристік (әскери бақталастық) көзқарастағы елге қауіп төндіре бастады. Осы кезде жазушылары елде болған саяси оқиғаларды қайта қорытып, Жапонияның соғыс агрессиясына шынайы баға беріп, соғыс кезінде адамзат баруға мәжбүр болатын сатқындық, опасыздық, арсыздыққа қарсылық көрсетумен болды. Міне, осы кезде жапон интеллигенциясының жауапкершілігі жайлы мәселе көтерілді. Интеллигенцияның милитаристік кезеңдегі «қылмысы», яғни нағыз керек кезде үнсіз қалғаны, бейтараптық танытып, үнсіз келіскені сыналды. Бұдан кейін әдебиеттің бағыты бұрынғыдан өзгеріп, дәстүрлі отбасындағы адамның орны, парызына қатысты көзқарастар өзгерді. Жазушылары өткен оқиғалардың тарихи-әлеуметтік жақтарына көз жібере отырып, сол қателіктің келешекте қайталанбауын ескерте бастады. Кезеңге көңілдері толмаған жазушылар келешек үшін алаңдап, шығармашылық рухта бірігеді. Бұрынғы идеологияның күлі көкке ұшқасын олар басқа шындықты іздейді. Бұл отбасылық, азаматтық тақырыптарға алып барды. Міне, осыдан кейін адамның жеке «менін» жаңаша қарастыра отырып, европалық роман формасын меңгерген Кавабата Ясунари, Оэ Кэндзабуроның Нобель алғанын, Нома Хироси, Танидзаки Дзюнъитиро, Юкио Мисима, Кобо Абэнің әлемдегі нешетүрлі тілге аударылғанын білеміз. Біздің әдебиет те осындай жолдан өтуі тиіс шығар, бәлкім?
«1984» шығармасы туралы айттық қой, автор Оруэлл «Егер жүйе адамның жүрген-тұрғанын осылай көзін бір сәт тайдырмай бақылайтын болса, өзін үнемі тапжылмайтын сұқ көздің қоршауында тұрғандай сезінетін ол адамның келешегі не болады» деп уайым кешеді. Бізге осындай бағыттағы шығарма көбірек керек. Қарапайым адамның өмірі бітпейтін күйбең, күрделі, кейде кедір-бұдыр, кейде... оның анық бейнесі көркем шығармаларда ғана. Кез келген мәтінді жазылуы, тығыздығына қарай жақсы не нашар деп бағалайтынымыз өз алдына, жақсы шығарма бұрын-соңды еш жерде айтылмаған шындықтарды жеткізе алуымен бағалы. Қазір қаламгерлер қоғамдық фигура емес, әсіресе, жастар жағы, олай болмай-ақ қойсын. Жазушы шамасы келсе еркін болуы тиіс, сонда ғана жүзі ашық, өз сөзіне жауап бере алады. Оның бірінші міндеті – жазу арқылы әлеуметтік жауапкершілік сезіну. Яғни жазғаны арқылы сұрақ тастай отырып, кей тұсына өзі жауап беріп, шамасы келсе қоғамға әсер ету, ойда қозғалыс жасай алуы тиіс. Бірақ, бұл өте қиын болғандықтан да біздің жазушылар дәл осы уақыттан алыстап, тарихи тақырыптарға қарай кете беретіндей көрінеді. Қазір тарихи тақырыптар трендте ғой, кейбір мықты деген дүниелерді оқып көрсең, синтездеуімен алып тұрғанын байқайсың. Ал олардың әрқайсысын талдап, «жаңалығы неде, архив ақтарып тапқан құнды мәліметі бар ма, оның біздің бұған дейінгі иланған шындығымызға тікелей не жанама әсері бола ма, не әкелді» деген бағытта баға беріліп жатыр ма? Автор әдеби тақырыптарды дамытуда, өзінің шығармасы үшін тарихтың қорын қалай пайдаланып отыр, осы жөнінде анализ оқығымыз келетіні бар ғой. Өйткені әдебиетте тарихи оқиғаларды сараптауға үлкен мүмкіндік бар. Бірақ ойлайсың, біз неге соңымызға қарай береміз? Бұл мүмкін, біздің тарихта ақтаңдақтардың әлі көптігінен шығар, әлі күнге өзімізді дұрыс танымай жатқан шығармыз… Бірақ халықтың көңіл-күйі әдебиетінен көрініп отыруы тиіс қой, біздің ұлт ретіндегі ашық мұхиттың үстінде қалтылдаған қайықтың күйін кешкен тағдырымыз не болады, келешекті тек өткенімізден іздей береміз бе…
Қазір әдебиетте тоқталыстың бары бір жағынан талантты әдебиетшілердің аздығынан да секілді. Біздегі сын дегеніміз пиар жағынан қамтамасыз етуші рольде ( шындаса не мына ақынды асқақтатып көтеруге не ана шығарманы беліне тас байлап суға батыруға жұмыс істейді). Жазылып жатқан мақалаларды қарасаң адамның жеке басын мақтау бар да, алға шығуы тиіс мәтін көбіне қалыс жатады. Бұл әдебиетке де обалдау, моральдік жағынан да дұрыс еместеу.
Осы бір айдан бері біздің порталдың поштасына мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған шығармаларға қатысты қаншама мақала түсті, бәрін оқып отырмыз, өйткені, оқу керек, сонда таңғаласың, осындай ғаламат шығармалар жазылып жатқанда біз неге әдебиетіміз дамымай жатыр деп жылап жүрміз? Мынадай ғажайып туындылар неғып оқылмай жатыр? Әлде бар мәселе – насихаттың кемшіндігінде ме?
Ия, жазушы дегендер баяғыдай «қасиетті» емес, оған ешкім назар аудармайтын болды, бұны экзистенциалдық еркіндік деуге болатын шығар, десе де бір нәрсе анық – біз шынында жазу арқылы байып кетпесе де, бірақ жазуды миссиям деп қарайтындардың арқасында ғана әдебиетсіз елге айналып кетпей отырмыз. Бұл тұрғыда ақын-жазушыларға рахмет. Шынына келсек, жазушы танымалдығы деген үлкен мәселе. Бізде жазушы танымал болуы үшін әуелі қандай да бір сыйлық алуы керек, бұрын керісінше еді ғой, әуелі жазатын, сосын барып сыйлыққа ие болатын. Және бір нәрсе – ақын-жазушылар өзі талпынған сыйлықты не атақты ала алмай қалса, соны жүрекке жақын алып, өздерін жолы болмас сормаңдай сезінетіні... әсершіл жұрт болғасын ба, әлде өздерін соншама қатты бағалап қоя ма, әлде: «Ұлысың! Ғажапсың! Лайықсың!» деп әбден жел беріп қоятын қасындағылары ма кінәлі... Сосын ертең әлеуметтік желіде «Пәленше ағамыз лайық (біз шығарманы емес, адамды айтамыз ғой)» деп сыртынан топшылап отырған адам алмаса, сыйлықтың құнын сүмірейтіп, «бәрі сатылады» деп, әудемжерге апарып тастайтынымыз бар (бір жағынан комиссия құрамының сол түскен романдарды түгел оқып отыратынына соншалықты сене қоймайтынымыз да бар, ана жылдары Тынымбай ағамыздың жазушылық әлеуетін танымай қалып құлатқан, одан кейін Т.Сәукетайдың романына «араша сұраған» оқиғадан кейін көп нәрсеге күмәндіміз. Комиссия құрамын жыл сайын ауыстыра ма, ауыстырмай ма, оның ішінде кімдер отыр, ондай ашық ақпаратты көре бермейміз. Бірақ бәрібір шығарма мен автордың тағдырын сол отырғандардың талғамы шешеді, сол үшін де әділдік деген ұғымды тіптен тар шеңберге тыға саламыз ба...).
Сыйлық жақсы, бірақ, оқырман ықыласы, оқырман құрметі деген нәрсе барлық сыйлық пен марапаттан биік. Жазылған нәрсе қалады. Кейде осыдан жүз жыл бұрынғы романдарды оқып отырып таңғаласың, адамдар мына дүниені қалай, не деп түсінген, не нәрсеге сенген, мұраты не, ал егер олар шығармада жазылмаған болса ше, онда біз не істер едік? Демек әдебиет деген шынайы естеліктер. Уақыт, сезім, адамзат жайлы айтады.
Осы жерде ескерте кетейік, біз сыншы да, әдебиетші де емеспіз, жай оқырманбыз. Десе де мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған шығармалар ішінде Дидар Амантайдың “Майдақоңыр” проза жинағы жарық көргенде (былтыр), Қуандық Түменбайдың “Саябақтағы классикалық әуен” проза жинағына қатысты мақала жаздық (шама-шарқымызша үңілуге тырыстық), себебі, басқа оқырмандар назар аударсын дедік. Жақында Асқар Алтайдың «Былғары табыт» романын оқып едік, бұған қатысты да оқырман ретінде пікір білдірсек дейміз.
Ертегі айтатын емес, ес кіргізетін роман
Жаңалық ашқандай болып отырғанымыз жоқ, оқырман біледі, Асқар Алтайдың ерекшелігі – Алтай табиғатын суреттегенде оған әлдебір мистикалық әсер дарытып, құлпыртып, жан бітіреді, аңыздарды Оралхан сияқты «бірінші аңызға қарағанда, екінші аңызға қарағанда» деп бір-бірлеп ұсынып Алтайдың тылсымдығына, ғажайыптығына көзіңді де, көңіліңді де жеткізе түседі (табиғаттың өз бетінше жеке дамып, өркен жая түсуіне адам араласқанда оны қандай қауіпке душар ететіндігін меңзейтін «Алтай новелласындағы» қызыл бөлтірікті ұмытқанымыз жоқ). Ал енді жазушы «Былғары табыт» романында не айтпақ болды? Айтқысы келгені аз емес. Қай ұлттың әдебиеті болса да, сол ұлттың келешегіне алаңдап, алдағысын болжайды, төнетін қауіп-қатерді ескертеді. Бұл әдебиеттің ең керемет, ешкім тартып ала алмайтын артықшылығы. «Хантәңірін қырғыз бен қытайға, Мұзтауды орысқа өз қолымызбен үлестірдік» деп Ғазиздің аузымен қаншама шындық қозғалады.
«Алтай қазір иен. Иен жерге кім көзін сатпайды? Елсіз жер де күйеусіз әйелмен тең. Бос жатқан жер іргеден жау шақырады. Мұзтаудан басталған Катон-Қарағай мен мына бес Қаба ағып жатқан құйқалы өңір Марқа мен Күршім жері елсіз. Қорықты кепілге қоя салады. Мол ақша. Әкім де миллионер болып шыға келеді. Иесі мемлекет, на самом деле никто. Мұның жоспары баяғыда Қытай мемлекетімен бекітіліп қойылған. Қара қытай қаптауға дайын отыр. Шекара бойындағы аудандар сол үшін жабылған. Халық азайып шу шығармасын деп. Алтай Тарбағатай шекарасы, Алакөл мен Нарынқол шекарасы жағынан жұрт ауып кетті. Енді бос қалған жерге кім ие болады?» деген үлкен сұрақты қойғанда өзегі өртенеді. Алтайдың қызыл қарағайы мен ақ самырсынын қытайға тасып, ұлы тау жалаңаштанып, алтынды Қаршыға төскейінен бастап тасып, Қалжыр өзенінің ластанып кеткені, Арқарбетте арқар қалмағаны, Алқабек құмында алтынды контрабандамен таситыны да айтылады. Тау басындағы Шірікаяқ сияқты шұрайлы мекендерде адам қалмай тентіреп кетіпті. Құлынды жерінің етегі Павлодар облысының алты мың адамдық аудандары да жабылып қалған жоқ па сол кезде? дегенді автор кейіпкер аузына тектен текке салып отырған жоқ. Жазушы қоғамда орын алған әлеуметтік қиындықтар, құндылықтардың өзгеруі, сол арқылы санада да өзгерістер пайда болуына қатысты көзқарасын білдіре отырып, алдында үміттен гөрі күдігі көп, ертеңге деген сенімнен гөрі сұрағы мол кезеңнің адам психологиясына қалай әсер етіп жатқанын береді. Декабрист пен Дулаттың әңгімесіндегі: Қосағаштағы, Баянөлгейдегі қазақтарды көшіріп әкелу жайы да билігі барлар ойлана ма деп айтылып отырған тұспал.
Оқырманға әсер ететіні – автор үшін туған елдің әр тасының тарихы, аңызы және алабөтен қадірі бар, ол соған барынша үңіледі, бұны әдебиетте дифференция дейді, әкесі аңшы болған, жазушының өзі де жастайынан құймақұлақ болғанға ұқсайды, қаншама нәрсе естіген, таныған, тыңдаған, өзі де мың қиялға батқан, осыдан да келіп ұлттың санасындағы кейбір үзіктерді жазушы түйсігімен жалғап, кейде дамытып отырады, интеграциялайды, сосын осыған қатысты бүкіл түйгенін реализм, постмодернизм екеуінің ара шегіндегі мәдени-тарихи кеңістікте қорытып, синтездеп, оқырманға өз тұжырымын жеткізу бар.
«Былғары табытты» мистикалық реализм бе дедік. Өйткені бұнда адам санасынан тысқары дүниелердің элементтері бар. Сақ қағанатының сарқын қағаны мен сұлу бегімі елес болып он үштегі Отанға көрінетіні, баланың бір ес жиғанда қабірде жататыны... Шын өмірдегі оқиғалар мен әруақ әлемі өзара ұштасып, ұшырасып отырады. Әрине, мистика бұнда ең маңызды емес, кейбір мәселелерді кейіпкерлердің іс-әрекеті арқылы ашып көрсету үшін керек болып тұр. Мистиканы кейде магиялық дейміз. Ол романда сюжеттік элементтер үшін емес, бір-бірінен алыс екі бөлек ұғымдарды тұтастықта қарай отырып, оқырманды иландыру үшін керек болып отыр. Магиялық реализмдегі сияқты Толу да екі әлемде өмір кешеді. «Көзге көрінбес қырық қабат тылсым әлемді әруақтық санамен көретін» Толу мен Отан гипнотикалық трансқа түсіп уақытқа сапар шегеді. Толғанбайдың санасындағы тұңғыш сақ қағанатын құрған бірінші Тәңірқұт – білге Сақа қаған дәуіріне тап болғаны... Автор бұны эксперимент ретінде алып отырмаған сияқты, осы тәсіл арқылы әлеуметтік, жекелік проблемаларды қозғап, тіпті ұлт, мемлекет ретінде шешілуі тиіс үлкен мәселелерге назар аудартқысы келеді. Классикалық мифологиялар мен архаикалық мәдениет мағлұматын пайдалану да бар. Сондай-ақ, ұлттық экологиялық мәселелерге үн қосу, қазақтың тарихына үңілу, оның ішінде ұжымдастыру, қуғын-сүргін тарихының қайғылы беттері, қазіргі заман адамының күрделі қарама-қайшылықты ішкі әлемі, оның қоршаған ортамен және өзімен қарым-қатынасын көрсету мақсатын байқаймыз. Шығармадағы оқиға бүгінгі уақытта болып жатыр. Былғары табыт кімдікі, ғалым бастаған топ оны не үшін қазбақшы болғанын білгенше қаншама аңыз естіп, адамдардың іс-әрекеттерін бақылап, табиғаттың тылсым мінезіне куә болып, адамның ашкөздігінің ақыры неге соғатынын ойлап отырып, соңына қалай жеткеніңді байқамай қаласың. Динамика сондай. Бұнда басты кейіпкер бірнешеу деуге болар еді. «Алтын адамды» қазып алу мақсатымен жолға шыққан Мағдан деген ғалым, оның өзінен отыз жас кіші, әр бұрылыс сайын жас жігіттермен ойнап-күлетін сұлу әйелі Аршын, даланың аңызын күй сияқты толғай жөнелетін Ғазиз, баяғыда кержақ Боковпен бірге көр қазыпты дейтін ескі «аңызы» бар, жасы жүзден асып кетсе де әлі күнге дейін былғары табытты күзетіп, әруақтар мекенінде бас сақтап жүрген Толу...
Автор өзі әдейілеп о баста солай ойластырған ба, осы Толғанбай образы ерекше жарқыраған бейне болып шығыпты. Жазушының оны таныстыруы да бөлек. «Құйрық-жалсыз жалқы кісі. Талыстай қызыл табан, тырнадай сидаң сирақ. «Шыбын жаны тірі, семген тәні сірі. Бағзы бітік жыры тектес тағдырлы. Мың жылға татыр замандық ғұмыр кешіпті. Замани екен... Жалған сөз жадын жаттай жаулапты. Жады екен. Ол жапан түз бен таулар қоршаған мұзарт мекеннің тұрғыны Толы-жады, Толик-Кезбе, Толу-Толғанбай».
Қыран жартас, Ақсөңке сайында өткен ғасырда бас дегенің үйіліп қалыпты. Заманасы көздеп атқан, домалап қалған бастар о баста 500-ден астам екен, содан қалғаны 300 бас.
Ай, ай ақсүйектер,
Толарсақтан төгілген қан,
Кеудеден ұшқан шыбын жан.
Тілерсектен төгілген тер,
Бұйырмапты сендерге көр
Біздерді де жын жайлаған
Сендерді де жын жайлаған
Сұм дүние көз байлаған! - деп Толы-жады бебеулеген кезде сол текшелеп жиналған қарайған бас сүйектің ортасында жалғыз өзің тұрғандай арқа-басың шымырлайды.
Мағдан Жұрағатұлының «орысқа жаутаңдап отырған мемлекетке сауықтыру концепциясы керек» дейтіні бар. Бірақ осы ғалымның өзінің жағдайы біздегі ғылымның жағдайын береді, өзі кәрі, дімкәс, реанимацияда жатыр. Ал әркіммен көңіл көтеріп жүрген жас әйел – бүгінгі ғылымды тұншықтырып, ұлтқа ештеңе бермейтін көр-жермен, әркімнің арзан тележобасын, бізге жат құндылығын, жылтырағын, кейде қаңсығын тықпалап алдаусыратып отырған біздің «мәдени даму» ахуалымызға келеді.
Автор Қалжыр, Шүмек, Азбан, Көлденең, Бөкенбай, Азутау, Марқакөл, Ақмоншақ аңғары, Матабай ауылы деген қаншама жер-судың табиғатын суреттеп, осындай жерлердің қадірін білмей отырғанымыз айтады. Қалжыр мен Мәйтеректе болған болыстар тағдыры туралы да айта түссе дейсің. «Көк түріктің көкжал президенттері Түркі шаңырағын көтеретін жер. Жаңа технологиямен түркі халқының ортақ астанасы – ұлы шаһар салатын Хан Алтай ғой!» деген жазушының асқақ арманын да ұғасыз. Дің қаған, Жібек патшалығы, Найман Ордасы, Таян ханның текті қызы Марқа сұлудың салтанаты, Жалайыр, Қоңырат, Барлас жігіттерінің намысы, ақыры қыздың Меркіт мергенінің қолынан опат болып, әкесі Таянның басынан бағы ұшқаны, Білге мен Азубике уланып өлгесін оларды Қазан ана көлінің маңына қоймақ болып, былғары табытқа салып, алтын тәж бен үшкіл бас киім кигізіп жерлейтіні, сондағы қара қобыздың сарнағаны...
Қабірді ашқан кезді жазушы дәл жанында тұрғандай суреттейді, саркофаг жабынды бірге ашып, қабірдің ішін аралап көргендей боласың, о заманда тасылып қойылған мұздың бұ заманда да ерімеуі мүмкін бе деп ойлайсың... Бұл Оралханның тәңірқоймасын есіңе түсіреді. Осылайша, ғылым мен тарих үшін көр қазуға жазушының өз көзқарасы қалай деп ойлап отырғаныңда роман «Адам – былғары табыт тұтқыны» деп аяқталады. Шығарманың тақырыбы – ұлттық жад яғни память, оған көзқарас және жанама пайым бар, сонысымен салмақты. Және романда сұрақ көп.
Жақсы шығармалар жазылса, ал біз – оқырман жазылғандар ішінен жаңа ой табуға, жақсы дүниені тануға тырыссақ... Егер бүгінгі әдебиет қандай да бір сұрақ қоя алса, біз бәріміз соған жауап іздеп кете алсақ, соның өзі туған әдебиеттің дамуына үлес болайын деп тұр.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.