Транс – адам өмірінің түрлі кезеңдерінде, қалыпсыз жағдаяттарда, сананың құлдырауында немесе шарықтауында «ұрынатын» тылсым көңіл-күйі. Бұл – әсіресе, шығармашыл адамдарға тән құбылыс. Тәңірден төгілген сөз, ырық бермес шабыттың әсерінен ақын өзін-өзі ұмытып, сөз патшалығының «тұманына» енгендей болады. Белгілі ақын Т.Әбдікәкімұлының «Транс» өлеңінен біз айтып отырған психологиялық күйдің жарқын үлгісін көруге болады. Қоғамдағы қиянат, сатқындық пен әділетсіздік, шындықтан қашқан адамдардың болмысы өлең тілінде өріліп, шайырдың қолына қалам ұстатып бергендей.
Тәнді қайтем? Ертең шіріп қалар тән.
Жанды қайтем? Жанымды ұғар жоқ ортам.
Мына қала өгейлігін танытты-ау,
өлмей тұрып, көзімді енді жоғалтам.
Тән – сыртқы ортамен байланысудың жалғыз құралы ретінде жаратылған адам жанының «қабы». Жанның күйзелісі мен қуанышы тән арқылы білінеді және тән арқылы адам әлемді таниды. Басқаша айтсақ, тән – мәңгілік өмір сүретін рухтың «уақытша» көлеңкесі ғана. Хәкім Абай: «Мен» өлмекке тағдыр жоқ әуел бастан, / «Менікі» өлсе өлсін оған бекі», – деп екіге бөлінген адам болмысының дара образын танытып, пенденің жаратылысына сөзбен «мүсін» сомдап бергенін білеміз. Т.Әбдікәкімұлының да айтпағы сол сыңайлы. Содан болса керек, құлқынның құлы болған қоғам мораль, түйсік, сана тұрғысынан біршама кесірге ұрынып, ақынның сөзін де, өзін де керек етпейтін хәлге жеткен. Бұл қаламгердің оңашалануына, жалғыз қалып жүрек шерін тарқатуға негіз болған.
Сұр кісілер,
Сұр көшелер... Сұр – бәрі.
Сұрғылт қала – сұрғылт Ойлар құрбаны.
Бұл Жалғанның ауыр екен басыңнан,
баспананың елесімен ұрғаны!
Сұр түсі – суықтықтың, кейде күрсіністің белгісіндей. Түстерді қабылдау психологиясында мұндай түс «еркіндіктің нашаны» ретінде қарастырылады. Ол еркіндік – ішкі «меннің» белгілі бір қағидаға бағынбайтын ұстанымын білдірсе керек. Бір жағынан көпшіліктің көлгір сөзі мен мадақ-мақтауларынан, даттау-дақпырттарынан жырақ өмір сүргісі келетін ақын өз ойын осы түс арқылы танытқысы келгендей. Екіншіден, «сұрғылт ойларға» құрбан болып кеткендіктен, қайырымсыз қала алғашқы тазалығынан айырылып, күнәдан көз ашпай, меңіреу күйде қалып қойғаны да шебер суреттелген. Мұндай «ойлардың» өзі жоғарыдан келетін қисынсыз пәрменнің ұшқынынан жаралады. Соның салдарынан қараша жұрт адасқақ бұлттай әуелгі бағытын жоғалтып алатыны шындық.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Марк Твен: Сөзден гөрі әрекеттің «дауысы» қаттырақ шығады
Жапон ақыны, хайку жанрының негізін қалаушылардың бірі Мацуо Басенің: «На голой ветке / Ворон сидит одиноко. / Осенний вечер» деген әйгілі өлеңі бар. Үш-ақ жолдан тұратын бұл өлеңді ақын ұзақ толғанып, ақыры осылай жазуды ұйғарған. Өлеңде дәл таңдалған бір-екі деталь арқылы күздің сұрғылт әрі салқын бейнесі көрінеді. Желсіз тымық кеште табиғат бір сәтке мұңға батып, қарғамен бірге қалғығандай. Туындыдағы бояудың қанықтығы, қысқа сөзге көп мағына сыйдыруы оқырманды бірден елітіп әкетеді. Сол секілді Т.Әбдікәкімұлы да:
Тыңдашы енді,
құлақ түрші күбірге,
Қара Өлөңнің қасиетінен түңілме:
Қапер-Есім қалш-қалш етіп, қарайып...
қарға-құсқа айналамын іңірде!
– дейді.
Қарға – жағымсыз образ екені белгілі. Бірақ ақын неге қарғаға айналады? Мәжбүрліктен бе, жоқ әлде өз қалауымен бе? Әлбетте, мұның кілтипаны – тұрмыста. Тұрмыстың таршылығы сананы қарайтып, «қарғаға» айналдырады. Бұл – ақынның өзі емес, қоғамдағы мыңдаған адамдардың жан айқайы. Осындай проблеманың бой көтеруі де бүгін басталған жоқ және бүгінмен бітпейді. Тек айналасына немқұрайлы, селқос қарай алмайтын сезімтал қаламгер қайтсе де өз ортасының кемшін тұсын көрсетіп, көңілге ой салуға бекінген.
Ван Гог. «Қарға және бидай алқабы»
Осы орайда әлем әдебиетінің ірі өкілі, ақын, эссеист Иосиф Бродскийдің 1962 жылы жазылған «Диалог» өлеңі еріксіз еске түседі. Сол туындыда ақын екі адамның диалогі арқылы қарапайым құс (жағымды образ) пен қарғаның (жағымсыз образ) айырмашылығын суреттеп, әуелгі адами қасиетінен айырылған тұлғаның бейнесін ашып береді.
«Так, что уже не встать.
Там он лежит с короной,
там я его забыл.»
«Неужто он был вороной.»
«Птицей, птицей он был.» («Диалог»)
Шынында да, «қарғаға» айналу – оңай. Қоғамынан қиянат көрген кез келген құс «қарғаға» айналып кетуі мүмкін. Бірақ адам өміріндегі мейірбандықтың, жанашырлықтың, қажырлы қайраттың орны бөлек. Ішкі потенциалы берік адам қандай сынақ болса да төтеп беріп, от пен суды кеше жүріп асқар биікті бағындырады. Өмір заңдылығы қатал, десе де оған қарсы тұрар күштің өшпеуі, өлмеуі маңызды.
Өлеңнің соңында ақын бәріне қолын сілтеп, қарға құсап адамдардың төбесінен саңғытып отырғанды жөн санайды. Мұндай тосын жағдай – біріншіден, өлеңге ерекше реңк берсе, екіншіден әдеби эксперименттің сәтті шығуына өзіндік әсерін тигізген. Негізі, әр өлеңнің есте қалар иірімдері болуы шарт. Сондықтан оқырман бұл тұсты жылы қабылдар деген сенім мол.
Поэзия – сөздің әуені, көңілдің толқыны. Орыс ақыны С.Александровтың «Музыка транс» атты өлеңінде: «По амплектуде я уже взлетаю, / За транс-вокалом необъятна даль», – дейтін өлең жолдары бар. Иә, өлеңнің әуені ішкі жадты қозғалтып, сөзге қанат бітіреді. Басқаша айтсақ, қаламгердің «эгосын» тірілтеді. Мұны талант, тылсым немесе шабыт десеңіз де, ешкім қарсы шыға қоймас.
Мифология және метафизикадағы транс – әлемдегі ғажайыптардың, санадағы ойдың, заттың «көшу», «орын ауыстыру», «адасу» процесімен байналысы бар құбылыс. Мәселен, байырғы бақсылар мен көріпкелдердің бойында осындай тылсым күш болған және олар сол арқылы айналасындағы адамдарды таңғалдырып отырған. Шынтуайтына келгенде, таңғалдырудың жолы көп. Соның бірі – сөздегі сиқыр, жазу мәнеріндегі ерекшелік. Сөздің «буы» сол трансқа жетелейді. Ақын-жазушылардың ара-тұра мелшиіп, тұнжырап қалатыны да сондықтан. Мұның себебі – паралель өмірдің, тылсым әлемнің ішінде жүріп, қаламгердің реалистік ойлау қабілеті нашарлағандықтан пайда болған факторларда жатыр. Қалай десек те, осындай ғылымға түсініксіз беймәлім сәттер туындының өзгеше жазылуына ықпал етері анық.
Сөздің «буы» баршаға бірдей қона бермейді. Мәселе қасиет пен қабілетте емес. Мүлдем басқада...
Суреттер ғаламтордан алынды
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.