Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Болашақтың медиа моделі қандай?...

11.05.2022 3891

Болашақтың медиа моделі қандай? 12+

Болашақтың медиа моделі қандай? - adebiportal.kz

Елордамыздағы Ұлттық академиялық кітапханада белгілі журналист Төлен ТІЛЕУБАЙДЫҢ «Цифрлық жолайрық: Қазақстан газеттерінің бүгіні мен ертеңі» атты жаңа кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігі «ELORDA AQPARAT» ЖШС-нің қолдауымен ұйымдастырған тұсаукесерге Парламент депутаттары, еліміздегі БАҚ басшылары, зиялы қауым өкілдері, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттері және оқырмандар қатысты.

«Mazmundama» қоғамдық қоры баспаға дайындаған оқу құралы 1000 данамен басылып шықты. Туынды журналистика, PR мамандықтары бойынша оқитын студенттерге, магистранттарға, докторанттарға, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен ғылыми қызметкерлерге, медиа коммуникация мәселелері қызықтыратын көпшілікке арналған.

Жаңа кітап туралы өз ой-пікірлерімен бөліскен ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Astana aqshamy» газетінің бас редакторы Еркін Қыдыр дәстүрлі БАҚ-тың цифрландыру заманына бейімделуі деген тақырыптың өте өзекті екенін, олардың бір-бірін толықтыруы қалай жүзеге асатынын кітап авторының терең сараптамалар арқылы зерттегенін айтады. «Төлен Тілеубай оқулық-кітапқа айналдырып, бүгін өздеріңізге ұсынып отырған өзекті тақырыпқа кездейсоқ келген жоқ. Бұл тақырыпты ең әуелі өзі еңбек ететін «Астана ақшамы» газетінде жариялады. Сараптамалар сериясын бір емес бірнеше рет көтерді. Терең сараптама жасады, түрлі мамандар пікірін сұрады, шетелдік тәжірибеге үңілді. Бұл өзі терең тақырып, өзекті мәселе. Дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдары цифр заманына қалай бейімделеді? Өсе ме, өше ме? Дәстүрін, өзіндік ерекшеліктерін сақтап қала ма? Ежелгі ұлттық басылымдар цифр дәуірінде оқырманын азайтса ұлт мүддесін кім көтереді? Сондықтан жаңа заманға бейімделудің жолдары қандай болмақ? Дәстүрлі басылымдар мен интернет басылымдар бір-біріне көмектесе ме, кедергі келтіре ме? Міне бүгін қолдарыңызға осы парақтап отырған оқулық-кітапта осындай өзекті мәселелерге жауап іздеген талпыныс бар. Міне, осы талпыныс, ізденіс Төленді ғылыми зерттеу жолына түсірді. Университетте арнайы тақырып етіп осы бір өзекті мәселені түбегейлі зерттеді. Еліміздегі белгілі басылымдарда жемісті еңбек еткен, қаламы қарымды Төлен Тілеубай журналистік тәжірбиесімен ғылыми ізденісін сәтті түйістіре білгенін де кітап айқын аңғартады» деді Еркін Қыдыр.

Ақпараттық технологиялар маманы Сұлтан Ыбырай Төлен Тілеубайдың бұл еңбегі арқылы елдік, мемлекеттік мәселені көтеріп, ұлттық медианың бүгіні мен ертеңіне терең талдау жасағанын, мұндай оқу құралының дер кезінде жарыққа шыққанын айтады. «Қолымызға белгілі журналист Төлен Тілеубайдың «Цифрлық жолайрық: Қазақстан газеттерінің бүгіні мен ертеңі» деген оқу құралын алғанда бірден «Қазақтың тәуелсіздігінің бүгіні мен ертеңі» деген ой қоса орала кетті. Әдетте әлемдегі әртүрлі заманауи зерттеулерде кенжелеп жүретін қазақ қоғамында осындай қазақ тіліндегі оқу құралының басылып шыққанына шын жүректен қуандық. Тереңнен қазынып, ізденіп зерттелген тақырып екендігін батыс пен шығыста, бізідің көршілерде не болып жатқандығы жайында мол мәліметтер мен мамандардың пікірлері, жасалған қорытындылардын білінеді. Біз цифрландырудың артықшылығын көріп жатырмыз, тіл білсеңіз, тіпті тіл білмей де онлайн аудармашылардың көмегімен әлемдегі әртүрлі газет-журнал, видеолар, тіпті кинофильмдерді де көріп жатырмыз. Конвергенция бәрін топтастырып әлемде цифрлық революция жасауға әкелді. Радио бірінші шыққанда газет өлді дескен, теледидар шыққанда радио өлді дескен, ал интернет пен конвергенция қосылып тағы бір сатыға шықанда аталған медианың бәрінің күні таяндыға жорығанбыз. Әлеуметтік желілер де БАҚ-тың соры дескенбіз. Бірақ, кез келген нарық секілді сұранысқа байланысты әрнәрсе өз орнын алады екен. Маманы мықты болып, жазғаны жүректерден орын тапса қағаз газеттердің өлшеулі болса да өз орны болатынына көз жеткендей. Бұл цифрлану тек қана БАҚ-тың ғана мәселесі емес, бүкіл елдің, мемлекеттің әрбір тұрғынына әсер ететінін көріп отырмыз, әр салада осындай зерттеулер жүргізіліп, оқулықтар шығарылып оқытылғаны кезек күттірмейтін іс» деген ойымен бөліседі ол.

Белгілі журналист, педагог-ғалым, қоғам қайраткері Қанат Әуесбайұлы ғылыми көзқараспен және тұжырымдармен жазылған еңбектің маңыздылығына назар аударады. «Медиа зерттеуші, «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Төлен Тілеубай бүгінде жылдам өзгеріп жатқан ақпарат аламанындағы ала-құла үрдіске жан-жақты талдау жасап, ғылыми еңбекке айналдырған. Расында да кітаптың алғысөзінде жазылғандай, цифрлық технологиялар бүгінгі медиа мамандарының қызметіне зор өзгеріс әкелгені белгілі. Заманауи мультимедиялық журналистика БАҚ өкілдеріне түрлі дағды мен машықтарды игеруді талап етіп отыр. Цифрлық жолайрықта тұрған отандық баспасөздегі әріптестердің осы өзгерістерге барынша сай болуға керек. Төлен Тілеубай осы қажеттілікті тап басып, ғылыми көзқарас тұрғысынан саралаған. Туынды осынысымен құнды» дейді ол.

Автор туралы:

Төлен Тілеубай 1999 жылы Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін «Журналистика» мамандығы бойынша үздік дипломмен бітірді. 2021 жылы М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің магистратурасын үздік дипломмен бітірді. Әлеуметтік ғылымдар магистрі.

Мамандығы бойынша еңбек өтілі – 20 жылдан асады.

Еңбек жолын 1999 жылы Қарағандыда жаңадан жарық көрген «Сана» апталық тәуелсіз газетінен бастады. Әр жылдары республикалық «Ақ жол, Қазақстан», «Жас қазақ үні», «Алтын орда», «Жас қазақ» газеттерінде, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының баспасөз қызметінде, Премьер-Министр кеңсесінің Үкіметтік басылымдар редакциясында қызмет етті. Қазір «Astana Aqshamy» республикалық қоғамдық-саяси газетінде шеф-редактор болып жұмыс істейді.

2002 жылы 28 маусымда Риддерде өткен «Еуразия сақинасы» атты 1-ші Еуразиялық ақпараттық форумның дипломанты атанды. 2003 жылы 3-8 қарашада Астанада өткен VI «ШАБЫТ-2003» Халықаралық шығармашыл жастар фестивалінің «Журналистика» номинациясы бойынша Бас жүлде иегері және «Әдебиет» номинациясы бойынша дипломанты болды. 2019 жылы 25 маусымда Парламенттік «Сөз шебері-2019» республикалық шығармашылық байқауының лауреаты атанды.

2006 жылы Алматыдағы «Өлке» баспасынан «Аласапыран Америка» (публицистика, сұхбаттар, әңгімелер, өлеңдер) атты тұңғыш кітабы жарыққа шықты. 2016 жылы Астанадағы «Бақорда» баспасынан Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «Тәуелсіздік - тұмарым» (сұхбаттар, сараптама мақалалар, публицистика) кітабы жарық көрді.

2011 жылдың сәуірінде Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың алғыс хатымен марапатталды. Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы 10 қарашадағы Жарлығымен «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медалімен наградталды. 2017 жылы 22 желтоқсанда ақын Төлеген Айбергеновтің өмірі мен шығармашылығын насихаттауға қосқан айрықша еңбегі үшін «Төлеген Айбергеновке – 80 жыл» естелік медалімен марапатталды. 2019 жылдың 26 желтоқсанында және 2020 жылдың 27 маусымында ұлттық журналистиканы дамытуға және елімізде жүргізіліп жатқан реформаларды насихаттауға қосқан үлесі үшін ҚР Президентінің алғыс хатымен марапатталды.

Қазақстан Журналистер Одағының және «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігінің мүшесі.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар