Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
УАҚЫТ ПЕН КЕҢІСТІК
ChatGPT және көркем мәтін: Семиотикалық жүйенің жа...

20.05.2024 1872

ChatGPT және көркем мәтін: Семиотикалық жүйенің жаңа деңгейі 12+

ChatGPT және көркем мәтін: Семиотикалық жүйенің жаңа деңгейі - adebiportal.kz

ChatGPT - біздің өмірімізге дендеп еніп келе жатқан технологиялық жетістік. Жасанды интеллектінің поэтикалық әлемдегі орны қалай болмақ?

Семиотикалық шеңбер

Америкалық жазушы Рэй Брэдберидің: «Әр адам дүниеде өзі үшін жалғыз» деген сөзі бар. Жалғыз – индивид. Тұтас әлем сол үшін құралғандай, сол үшін ғана жаратылғандай болуы мүмкін әсер. Жалғыздың жұбанышы да, уайымы да – ой. Ойсыз ғұмыр кешу мүмкін емес. Тіпті, қыбырлаған жәндікке дейін ой ұшқыны мазалайды. Дегенмен, оларда көбінесе ұжымдық интеллект басым. Массалық сезім мен оқиғаны алдын-ала болжайтын қабілетпен, яки ақылмен құмырсқалар илеуіне азық тасиды. 

«Адам дүниеге ойлау үшін келді және соны көтеріп жүреді» деген Толстой адамзат баласының қиялы мен эмоциялық жүйесіне анық сипаттама берді. Егер адамды ой қамаса, сәйкесінше тұтас әлемді де қиял қоршап тұр деген сөз. Бүгінгі нанотехнология дамыған ғасырда бұл үрдіс аса өзекті. 

Хош, біз айтып отырған сол ой – белгілі бір дәрежеде таңба, яғни семиотикалық құрылым. Адам дүниеде көрген немесе естіген бейнесі оның санасында кодталады. Сөйтіп, мида таңбалар жүйесі, таңбалар галереясы қалыптасады. Соның нәтижесінде адамның бейнелі сөйлеу қабілеті дамиды. Бұл процесс әсіресе жазушылар қауымында ерекше қарқынмен іске асатынын білеміз. 

Біз – метамәтін алға шыққан ерекше уақыттың табалдырығында тұрмыз. Үздіксіз дамып жатқан әлгі семиотикалық (символ, таңба, жасанды интеллект) жүйе біздің ауыр ақылымызды жеңілдетуге мүмкіндік береді. Бірақ уақыт өткен сайын біз онымен күресеміз бе, әлде соған мойынсұнамыз ба, белгісіз. Фантастикалық шығармаларда керісінше жасанды интеллект пен табиғи үрдіс бір-бірімен майдандасқан, қақтығысқан бейнеде суреттеледі. Бұл көрініс батыстық шығармаларда, фильмдерде, фантастикалық көркем мәтіндерде жиі кездеседі. Ендеше, бұдан шығатын жол қандай? Тоқ етері не? Әдеби мәтінді жанды автор емес, жансыз «ақыл», яғни компьютер жазса ше? Бұл сұрақтардың жауабын дөп басып табу қиын. Себебі табиғат пен технология арасындағы «мылтықсыз майдан» бір ғасырдың еншісінде емес, бірнеше дәуірдің толқынында жалғасатын секілді.

ChatGPT: таңбадан мәтінге

Жаңа технология адамның барлық іс-әрекеттерін «жаулап алды». Ақылды үй, ақылды көлік, ақылды техника және т.б. тізе берсе ұзаққа созылады. Жауланбаған жалғыз құндылық – адамның ақылы. Бір қызығы, енді сол құндылық та «ақ туын» көтеретін сыңайлы. Жуырда болған дүниежүзілік індет кезінде жасанды интеллекттің қажеттілігі артты. Сөйтіп, дүниеге киберкеңістік, кибермәтіннің жаңа формасы ChatGPT бағдарламасы келді. Бұл – таңбадан мәтінге өткен ойлаудың жаңа түрі. Бірақ оның көркемдік деңгейі қандай болатынын уақыт көрсетеді. 

Әлемде миллиондаған адам қазірдің өзінде кодты жазу, өңдеу және оны жасау үшін ChatGPT платформасын пайдаланады. Ол түрлі функцияларды, күрделі тапсырмаларды орындауға бейім. Мәселен, мақалалар, есептер, сценарийлер жазу, сондай-ақ әндер мен фильмдерге мәтін жазу, мектептер мен университеттердегі мәтіндік-тілдік тапсырмаларға жауап беру секілді қабілеті бар. Осы орайда, әдебиеттанудағы ғылыми терминдерді бірізді жүйеге түсіруде, құрастыруда ChatGPT-дің маңызы зор. Бұл көркем шығарманың теориялық аспектілерін мейілінше жан-жақты талдауға сеп болатын әдіс.  Салыстырмалы түрде қарағанда, заманауи әдебиет пен классикалық әдебиеттің жазылуында бүгінгі заманның стилі мен жанры басты рөлді атқарады. Егер автор жасанды интеллектке сюжеттік желіні түзуге тапсырма берсе, онда мәтіннің жіктік құрылымы емес, тұтас концепциясы жасалады. Бұл – бір қарағанда жағымды болғанмен, көркемдік тереңдікке кері әсерін тигізеді.

Кейбір көркем элементтердің құрылуында ChatGPT дайын кодтарды пайдаланады. Мәселен, сервердің ішіндегі детальдар тұтас мәтінді түзудің ерекше жолы болмақ. Сервердің үлкен дерекқорының арқасында әдеттен тыс және архаикалық синтаксисі бар әдеби шығармаларды түсінуге және оны жазуға көмектеседі.

Қолдану әдістері

Классикалық әдебиеттерді талдауда ChatGPT-ті өз пайдамызға пайдаланудың бірнеше әдісін қарастырайық:

1-жол: Көркем мәтіннің тақырыбын орнату. Алдымен ChatGPT көмегімен шығарманың мазмұны мен тақырыбын ойластырып алу керек. ChatGPT-дің табиғи тілді өңдеу мүмкіндіктері бар, соның арқасында классикалық әдеби шығармалар мен күрделі лексиканы алдын-ала түсінуге қабілетті. Көркем мәтіннің тақырыбын білгеннен кейін оны ары қарай жетілдіруге, тереңдетуге мүмкіндік туады. Яғни, тақырып арқылы мәтіннің мазмұнын саралауға болады.

2-жол: Кейіпкерлерді ойлап табу, талдау. ChatGPT-дің көркем мәтіндегі тілдік элементтерді бірізділікке салуға, сондай-ақ кейіпкерлерді талдауға мүмкіндігі бар. Бағдарлама көмегімен кейіпкердің өз рөлін қалай ойнайтынын түсінуге және оның сюжет барысында қалай дамитынын көрсетуге болады. Осы әдісті пайдалана отырып, бағдарлама мамандары Элизабет Беннеттің «Тәкаппарлық пен алалаушылық» («Гордость и предубеждение») романындағы кейіпкерлердің даралық қасиетін түрлі элементтермен ашты. Автор кейіпкерінің әртүрлі қырын түсіндіру үшін контекст ретінде кітаптан бірнеше үзінділерді бағдарламаға салды. Сөйтіп, қосымша функцияларды қолдану арқылы кейіпкерлерге мінездеме алған көрінеді.

3-жол: Тақырыпқа бағытталған мазмұнды үйлестіру. ChatGPT – әдеби шығармалардан кез келген тақырыптық мазмұнды талдауға және шығаруға арналған ерекше құрал. NLP және AI интеграциясы ChatGPT-ге ағылшын тіліндегі кез келген мазмұн мен мағынаны түсінуге мүмкіндік береді. 

4-жол: Автордың мақсатын табу. ChatGPT мәтіннің астарлы мағынасын түсініп, талдап, аша алады. Бұл үрдіс – барлық уақытта сәтті әрі дәл болмауы мүмкін. Бірақ ол мәтінді кодтар арқылы түсінуге дағдыланғандықтан, ол жазушының мотивін түсіне алады. Жетілдірілген тілдік өңдеу ChatGPT-ге классикалық әдеби шығармалардағы болжамды мағыналары мен тұспалдарды талдауға мүмкіндік береді. Сынақ барысында мамандар «Ұлы Гэтсби» (Фрэнсис Скотт Фицджеральд) романының негізгі сюжетінің мәнмәтінінде жасырынған мотивін анықтай алды.

5-жол: Тілдің вариациялары. Классикалық әдеби шығармалар басқа тілден қарағанда ағылшын тіліне көбірек аударылды. Өйткені жасанды интеллект саласында ағылшын тілінің таңбалық жүйесі анағұрлым кең әрі толыққанды қалыптасқан. Осы себепті бұл тілде көркем мәтіннің астарындағы ойды талдап, түсіндіру қиынға соқпайды. Жалпы, ChatGPT арқылы тіл мен тоналдылық сияқты күрделі детальдарды үздіксіз талдауға болады.

6-жол: Таңбадан тұратын жүйелер. Бұған дейін әдеби шығарманың кейіпкерлерін оқымай-ақ талдау мүмкін емес еді. Енді жаңа бағдарламаның  көмегімен классикалық әдебиеттердің кейіпкерлерін алдын-ала талдауға жол ашылды. 

7-жол: Пьесаларға сценарий жазу. Пьеса – кейіпкерлердің тартысына толы психологиялық туынды. Олардың «ауызына» тиісті әрі керекті сөзді ұсынып, образды ашу да – табиғи шеберлікті талап етеді. Жалпы, бұл жанрда бәрінен бұрын шынайылық маңызды рөл атқарады. Жасанды интеллект пьесаның құрылымын, негізгі ядросын толық жасай алмаса да, жазылған көріністерді өңдеуге, сценарийді толықтыруға көмек бере алады. 

Поэтикалық мәтіндегі дискурс

Chat GPT бағдарламасында дәстүрлі принциптер айқын көрсетілген. Яғни, қазіргі кезде «модаға» айналған ақ өлең емес, бір формаға түскен дәстүрлі өлең жүйесі кодталған. Осы орайда, жанр мәселесі алға шығады. Тіпті, ақ өлең немесе қара өлеңді жақтаушылардың арасындағы дискурсқа да кейін жасанды интеллект «араласуы» мүмкін. 

Тәжірибе ретінде нейрожеліге: «Алма» туралы өлең жазып беріңіз» деп тапсырма бергенде, ол мынандай туынды жазды:

Ғажайып алма, көктердің бірі,

Дәмін қанар артық, бір тұтасым.

Жас дәмді болады, жеңіс түсті,

Тамақ деуге болады, мынау асын.

Әрине, мұнда кейбір сөз тіркестері мен сөздер ұғынықсыз. Мәселен, «бір тұтасым», «жеңіс түсті» деген сөздер ақылға томпақтау келеді. Десек те, мұнда сәл болса да ритм, ырғақ, ұйқас бар. Оны жоққа шығара алмаймыз. Ұйқас туралы айтатын болсақ, бірінші тармақтағы «бірі» сөзі мен үшінші тармақтағы «түсті» сөзі, екінші тармақтағы «бір тұтасым» мен төртінші тармақтағы «мынау асын» деген сөздер ішінара ұйқасады. Бір-екі буыны болса да, үйлеседі. Бұл – чат-бот болғандықтан, ондай олқылықтардың орын алуы заңды деп ойлаймыз. Мәселе жүре келе, семиотикалық таңбалар жүйесі жетіле келе орнығады деген үміт басым. Ал егер «Алма» туралы өлең шумағын былайша өзгертіп көрсек:

Ғажайып алма – жердің жемісі, 

Тәтті екен дәмі, тамсандыратын.

Құмартып оған елдің көбісі,

Жаһанға атын жар салдыратын.

Біз ойлаған поэтикалық бейне, ұйқас, ырғақ «кірпіші», хәкім Абай айтпақшы,  кетігіне түскендей. Буын мен бунақ секілді әдеби аспектілері, құрымы бірізділікке түсіп, реципиенттің жылдам әрі жылы қабылдауына жол ашты. Осыған ұқсас көптеген тапсырмаларды орындатуға болады. «Поэзия мәтіні» деп жазып көрген едік. Чат-бот мынандай жауап қайтарды: «Поэзия – бұл ақындардың, шығармашылардың және әдебиетшілердің жасайтын сөзі, ритмі және семантикалық мазмұнын жасау жолымен жарияланатын сөздік әдеби жанры. Поэзияның басты мақсаты – ойды өзгерту. Поэзияның алға түсуі дәстүрлі әдістерді қолдану, ритмді сөйлеу және символдарды шешу арқылы болады». Содан кейін «Поэтика» сөзін жазғанда: «Поэтика – бұл сөздік әдеби жанр, кең мазмұны бар іргелі жазбаны орналастыру үрдісінен ғана тұрады. Поэтиканың негізгі мақсаты – сөздік жүйені реттеу, сюжеттер мен тақырыптарға арналған өзара идеяларды ұсыну. Поэтика ережелері, мәтін жобасы, стильді тану және мәтіннің жасаушылық үлгісі туралы мәлімет ұсынады» деген мәтін жазды. Әрине, Chat GPT жазған мәтіннің логикалық құрылымын жетілдіру керек. Дайын таңбалардан сөз құраудың жаңа формалары мен әдістерін дамытқан жөн.

Бір айта кетерлік жайт, Chat GPT логикасында болжам бар. Егер ол адам болса, сол логикалық жүйені дұрыс реттеп, көркемдік деңгейі жоғары шығарма жазар еді. Бірақ біз жасанды интеллекттен «Алма» туралы өлең жазуды сұрағанда, оның мүдірместен, тез арада жауап қайтаруының өзі – робот әлемінің өз ойлау кеңістігі бар екенін дәлелдейтін тағы бір фактор болмақ.

ChatGPT-дің қазақ тілді нұсқасын жасаған ғалыммен ойталқы

Жуырда Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Жасанды интеллект ҒЗИ ғалымдары ChatGPT чат-ботының қазақ тіліндегі отандық аналогын жасап шығарды. Ғалымдар бұл жүйені 5 айдың ішінде әзірлеген. ChatGPT чат-ботының қазақстандық үлгісі үлкен көлемдегі деректерді талдай алады, сұрақтарға жауап береді, мәтін құрай алады, сонымен қатар қазақ тілінің барлық морфологиялық және синтаксистік ережелерін біледі.

Біз осы жаңа бағдарламаны құрастырушы ғалымдардың бірі Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ «Жасанды интеллект» ғылыми-зерттеу институтының директоры Әлібек Барлыбаевқа хабарласып, аталған жаңалық туралы ой бөлісуін сұрадық. Ол өз ойын былайша сабақтады: «Жалпы, ChatGPT мен әдебиеттің байланысы әртүрлі жолмен жүзеге асырылады. Мысалы, ChatGPT секілді модельдер қазақ тілінің грамматикалық, синтаксистік және семантикалық қасиеттерін түсіну және қолдану арқылы тілдік дамуға, қазақ тілінің дамуына үлес қоса алады. Сондай-ақ мұндай ірі модельдер қазақ тілінде дұрыс және табиғи диалог жүргізу үшін жасалған. ChatGPT әдеби шығармаларды қазақ тілінде оқырманға түсінікті түрде танытуды, басқа тілдерге аудару арқылы қазақ әдебиетінің қолжетімділігін кеңейтуге көмектесе алады. Мұндай технологиялар әдебиетті басқа мәдениеттерге тиімді жеткізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, әдеби шығармаларды талдауда, түсініктеме беруде және мәтінді құрастыруда қолданылады. Ол шығарманың тақырыбын, символдарын, стильдік элементтерін, әдеби құрылымдарын талдайды, жинақтайды». 

Ғалым бұл бағдарламаның толықтай іске асуы үшін суперкомпьютерлерді күтіп отырғанын айтты. Онсыз бұл нейрожеліні тиісті деңгейде жүзеге асыру мүмкін емес. 

«ChatGPT чат-боты арқылы қазақ тілінде өлең жазуға бола ма?» деген сауалымызға Әлібек Барлыбаев: «Қазіргі таңда ChatGPT арқылы поэзия мен проза жазуға болады. Дегенмен, олардың тілдік деректері шектеулі. Логикалық жүйесі реттелмеген. Шынтуайтына келгенде, көптеген платформаларда әдеби шығарма жазудан гөрі ғылыми материалдар жазуға мүмкіндік көбірек. Өйткені оның таңбалары тұрақты», – дейді. 

Сөз соңы

Жасанды интеллект – тәжірибеге сүйенеді. Тәжірибеде бар құрылымдар мен таңбаларды құрастыра отырып, өзіндік тұжырым шығарады. Былайша айтқанда, тарихи мәліметтерден, қорда бар ақпараттардан алыс кете алмайды. 

Бірақ нейрожелі біз ойлағаннан да тез әрі жүйелі түрде дамып жатыр. Мәтіннен бөлек, аудио, видео және т.б. салаларда да бұл бағдарлама өзінің тиімділігін көрсетті. Мысалы, адам дауысын клондап, айнытпай қайталауы да, сол адам болып сөйлеуі де – таңғаларлық жайт. 

Белгілі фантаст Айзек Азимов роботтар туралы «Үш заң» терминін енгізіп, былайша тарқатқан еді:

  1. Робот адамзатқа кесірін тигізе алмайды.
  2. Робот адам айтқан кез келген бұйрықты орындауы керек. 
  3. Бірінші және екінші заңға қайшы келмесе ғана робот өз өмірін қорғай алады.

Бұл тұжырымды Тимур Казанцев те қолдай отырып, «ChatGPT және Революция. Жасанды интеллект» атты кітабында: «Бұрында роботтардың мүмкіндіктері шектеулі болатын. Қазіргі таңда оның мүмкіндіктері жылдар өткен сайын жаңарып келеді», – деген пікір білдірген. 

Адамзаттың алаңсыз өмір сүруіне негізделген жүйе соңында өзіне өзіне кесір болып тимесе игі. Әр жаңалықтың жағымды және жағымсыз тұстары болады. Осы мәселелерді саралап, суық ақылмен сұрыптап, тиімділігін пайдалансақ, қазақ тілі мен әдебиетін дамытарымыз анық. Асылында, адамзат өркениетінде жасалып жатқан қатігез қылмыстар да, ауқымды соғыстар да технологияның «қара» жағын көбірек пайдаланғандықтан болып жатқаны рас.

Сайып келгенде, тоқтам болар бір ғана таным бар. Оны Фрэнсис Скотт Фицджеральд айтты. Пайымның сипаты төмендегідей:

«...Адамның ұшқыр қиялындағы бейнеге ешқандай шынайы сұлулық теңесе алмайды».


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар