8-наурыз - ақын Дәулетбек Байтұрсынұлының туған күні. Ақынның туған күні қарсаңында өзінің өсу, қалыптасу кезеңінен жазған эссесін оқырмандарымызға ұсынғанды жөн көрдік. Эссе - ақынның жеке басы ғана емес, бір кездердегі Қытайдағы қазақтың жай-күйі, саяси ахуалдан сыр шертеді.
"Әдебиет порталы"
Үрімжі қаласындағы Шынжаң оқу-ағарту институтын 1988-жыл бітіріп, сол жылы қыркүйек айынан бастап бұрын өзім оқыған Мұңғұлкүре аудандық 1-орта мектепке мұғалім болып жұмысқа тұрдым. Алғашында физика группасына жетекшілік етіп жүрдім, келесі 1989-жылдың басында аудандық оқу-ағарту мекемесі тарапынан мектептің ғылыми журыны (оқу ісінің меңгерушісі) етіп тағайындады.
Қытай елінің көсемі Мау-зыдоң қайтыс болған 1976-жылы, алтыншы сыныпқа жаңа шыққан жылымыз. Сол кезден бастап осы мектептің табалдырығындамын. Бес жыл оқып толық ортаны тауысып Күнес сыфанға (пед-техникум) кеттім, оны екі жыл оқып тамамдаған соң осы оқу орнына келіп физика сабағынан дәріс бердім. Бірер жыл жұмыс істеген соң білім асыруға емтихан тапсырып, одан 398 нөмір алып Шыңжаң көлемінде жаратылыстық пәндер бойынша (қоғамдық пәндер бойынша 415 нөмір алған Баркөлдік бір жігіт тарих факультетіне түсті) сол жылғы курсанттардың алды болып физика факультетіне қабылдандым. Екі жыл бәнжаң (староста) болып міндет атқара жүріп оқуымды үздік бітіріп бұрынғы қызмет орныма келіп жайғасқаным осы.
Мектептегі жұмыс үздіксіз қайталанып отыратын бір бітпейтін ұшы-қиыры жоқ тірлік. Сабаққа даярланасың, сыныпқа кіресің, балаларға берген тапсырмаңды тексересің, физика болған соң тәжірибе сабақтарында өзіміз жүргіземіз. Мектептегі бұлжымас бір тәртіп оқытушылардың даярлығы алдын ала тексеріледі. Ең кемі бір күн бұрын, болмағанда сол күні азанда оқулық бойынша жазылған кәнісбек, айтылған мазмұн, шығарылатын есеп, ине-сабақ жібіне дейін «бес саты» бойынша группа бастығының, ол болмаған жағдайда ғылыми журынның қадағалауында тексеріледі. Қағаздағы жоспар, хатқа түскен дүниелерді жәй көріп қана мақұл демейді. Сабақтық мұғалім сол күні өтетін дәрісін жатқа айтуға, қойылған сұрақтарға мүдірмей жауап беруге тиіс. Өзім қатардағы мұғалім болып жүргенде жетекшіміз Әбдісалам ұстаздың алдында күнде «емтихан» тапсыратын едік. Қол қойылса ғана сыныпқа кіресің, қойылмаса сабақ өтуге мүлде болмайды. Кейін өзім группа жетекшісі, ғылыми журын болғанда алдынғылардың жолынан таймадым. Оқушының білімі ойдағыдай болу үшін, мұғалім мықты болуға тиіс. Даярлығы, ізденісі, құлшынысы кемелді болмай сынып жаққа жібермейтінбіз.
«Жас кезіңде үйренгенің тасқа басқан таңбадай, қартайғанда үйренгенің құмға басқан таңбадай», не бір тасқа ойып жазылған жазулар, салынған суреттер жаңбыр мен желдің өтінде мың жылдар бойы өшпей, өзгермей сол күйінде тұра береді. Ал, құмға жазылған жазулар жауған жаңбырдың, үп етіп соққан желдің екпінінен лезде ғайып болады. Сол үшін де жасөспірім балаларға дұрыс, тура, күдік-күмәнсіз дүниелерді бадырайтып отырып жазуға тиіспіз. Өзіңе анық емес, түсініксіз дүниелермен «тисе терекке, тимесе бұтаққа» деп сыныпқа кіріп алып сөйлей беруге әсте болмайды.
Бір айта кететін мәселе қытай көсемдерінің бірі Дың-шяупың реформатролық жасап, ел аман, жұрт тынышта Ғылым-техникада, Ауыл шаруашылығында, Өнеркәсіпте, Мемлекет қорғанысында «төртте осы замандану» пірінсібін алға қойып ұран көтеріп, алға ұмтылыс танытты. Байқасақ, соның біріншісі ғылым-техника деп тұр екен. Осы салаға көп көңіл бөлініп тың тірліктер алып келді. Әсіресе біздің есімізде қалуы мұғалімдердің айлық еңбек ақысын жоғарылатты. Бітірген оқу орнына, қызмет еткен жылына қарады. Тағы бір айрықша жағдай, дәрежелік емтихандарға қатынастырып, қызметтік қабілеті, белсенділігі, еңбек өнімі сарапқа салынып, ұстаздың деңгейі анықталып «жоғары», «бірінші», «екінші», «үшінші» деген атақ берілді. Сол атақтар анықталған соң, соған лайықты жалақы тағайындалды. Тіпті әнеу бір жылдары қоғамда мұғалімдердің айлығы бәрінен жоғары болғанын білемін. Мұғалімдердің баспана мәселесі де оңды шешілетін. 1990-жылы енді ғана 26 жасқа келген маған мектептің қасындағы жаңа салынған үш қабатты тұрғын үйден үш бөлмелі үй берген болатын. Бұл менің басымдағы жағдай, қызмет еткісі келген кез-келген ұстазға бұйыратын. Ұстаздардың басындағы осы секілді абзалдықтар олардың алаңсыз сабақ өтуіне, ағартушылық жұмысты сүюіне жол ашты. Тіпті ер оқытушылардың саны әйелдерге қарағанда басымдау болушы еді.
Осы тұста көп жылдардан бері радио-телеарналарда айтып келе жатқан бір көзқарасымды қыстыра кетейін. Өз басым мұғалімдердің басым көбінің ер азаматтар болғанын қалаймын. Бұл күндері қазақ елінде балабақша тәрбиешілері – қыз-келіншектер, бастауыш мектеп мұғалімдері – қыз-келіншектер, тура сол үлгімен орта мектеп мұғалімдерінің де 90 файызы – әйелдер. Бұдан не келіп шығады дегенде, отбасында ана тәрбиесімен өскен бала, бақшадан университетке түскенге дейінгі, шамамен он бес жылы әйелдердің алдында өтеді. «Сынықтан басқаның бәрі жұғады» деп, ең әуелі ойлау, сөйлеу әйелше бола бастайды, сонан соң киіну, бояну, өмірлік талғам ауытқиды. Ең сорақысы жүріс-тұрыс нәзіктеніп, мінез жасып, рухы жапырылып, еркекке тән қасиеттер солғындап әйелге тән қылықтар бой көтеріп өсе түседі. Содан не келіп шығады десеңіз, жасық бала, жігерсіз жігіттер қаптайды. Қыз болғысы келетін «қызталақтар» жамырайды. Оған ашық мысал сахнада жүрген кейбір топтар. Осы топты айыптағаннан гөрі, жастар неге қолдайы? Еркек бола тұра қыздардың кейпіндегі телпектерге неге еліктейді? Көзін ашқаннан әйел тәрбиесін алғандықтан біртіндеп, байқалмай әйелдік қасиеттердің жұққаны, сіңгені көрінеді. Ағаш ағаштан мәуе алады, адам адамнан үлгі алады деген осы. Бүгінгі жаһандану кезіндегі шетелдік сел-тасқынның салдары мен сойқаны да аз емес. Сөйте тұра, менің айтарым: «қызтеке» болуға ұмтылудың ұрығы, түпкі тамыры тәрбие арқылы өтіп жатыр. Осылай кете берсе Ауғанстан еліндегі қыз болып киінген өспірім балалар жұрт алдына шығып билеуден арланбайтыны секілді сорақылық бізде де көбейеді. Оларды ата-анасы да солай итермелеп, ақша табуға мәжбүрлейді. «Ел боламын десең бесігіңді түзе» деп М.Әуезов айтса, бүгінгілер «Ел боламын десең экраныңды түзе» деп ұран көтеруде. Өйткені бұрынғы тәрбие әжелерден бесік арқылы берілсе, ендігі тәрбие көксандық экран арқылы жүріп жатыр. Болашағымызды ойласақ, ұлт тағдырын күйттесек еркек ұстаздарды, рухты азамат тәрбиешілерді молайтуға тиіспіз.
Иә, әуелгі әңгіменің жібін сабақтайын... Ол кездегі біздің оқуымызда, оқыту жүйесіде «ұлттық саясаттың» арқасында қазақша болатын. Қытайдағы әр ұлт өз ана тілінде оқып, ана тілінде емтихан тапсыратын. Әр мекемеде «аудармашы штатының» бар кезі. Сондықтан да қазақша оқып, қазақша оқытып емін-еркін көсілген бір замандарды басымыздан өткіздік. Дүние осыдан он жыл бұрын өзгерді, қазір баяғы біздің кезімізбен салыстыруға да, айтуғада болмайды. Бір ғана қытайша. Ол кезде Шынжаң ұйғыр автономиялық өлкесі, Іле қазақ автономиялық облысы деген ұғымдардың «тірі» кезі еді. Ұлттық бағыттағы тәлім-тәрбиеге, ғұрып-әдетке, салт-санаға шек қойылмайтын. Діни сенім бостандығы болатын. Той-томалақ, өлім-жітім жоралғыларына биліктен килігу, тосқауыл, тежеу жасалмайтын тыныш дәуірді басымыздан өткізіппіз. Байқасақ, соның бәрі ұзын арқан кең тұсау екен, сыртымыздан отты көздер мен оқты көздер қадалып тұрғанын байқамаппыз.
Үрімжідегі студенттік кезден өлеңдерім жариялана бастады. Мамандығым физика болғанымен мектеп табалдырығында жүрген кезден басталған құштарлық бір сәт бәсеңсіген емес. Арнайы теориялық білім алмасақ та, әдебиетке тән оқулықтарды, сын-зерттеулерді жата-жастана оқыдық. Ал, көркем шығармаларға деген құмарлық тіпті алабөтен. Шынжаң көлеміндегі басылым беттерінде жариялау өз алдына, алыстағы атамекенде шықсақ деген дәмеміз де бас көтеріп, мойнымызды созып батысқа қарайтын кездеріміз көп болды. Сол кезде Қазақстаннан қытайға туысшылап қыдыра баратын ағайындар көбейді. 1955-1962 жылдар арасындағы көші-қон кезінде бөлініп қалған туыстар бірін-бірі іздеп, барыс-келіс жиілеп, қатып жатқан қар-мұз ери бастап еді. Сол атажұрттан жеткен жолаушылармен әртүрлі кітаптар, газет-журналдар бірге өтті. Өзімізге жақындау, оқуға ыңғайлы, жартысы кирилл әріптерімен, жартысы Ахмет Байтұрсынның төте жазуымен шығатын бағыт-бағдары шетелдегі, алыста жүрген диаспора өкілдеріне арналған «Біздің отан» (кейін «Шалқар» болып өзгерді) газеті бірден өзіне баурады. Осы атқалақтаған көңіл, өлеңге деген қызығушылық шығарма жіберуге итермеледі. Газет «Біздің отан» деп аталып тұрған кезінде Уахап Қыдырханұлының атына хат жазып екі өлең жібердім. Бірі «Қабір басында» деп аталатын Көдек Маралбайұлына, екіншісі «Шыңдарға қарап» делінген Мұқағали Мақатаевке арналған өлең болатын. Ол 1989 жылы 20 қазандағы номерге жарияланды. Одан кейінде тыныш жатпай Қабанбай батыр ат шалдырып аттанған Аттың тауы, Қонақай өзенін бабамызбен бірлестіріп «Тесіктас» деген толғау жолдап едім оны да басты. Ол кезде газеттің аты «Шалқарға» өзгерген шақ. Уахап Қыдырханұлының орынбасары ақын, жазушы Құрманбай Толыбаев ағамызға:
Отауымды тіккенше жырдан қай күн,
Қызылымды қынжылмай қырмандаймын.
Өлеңімді сіз бар деп жолдап жүрмін,
Боламын деп інісі Құрманбайдың! – деп хат жаздым. Ол кісілер хатқа жауап ретінде шығармаларымды газеттеріне басып жариялап отырды.
Дәл сол тұста, туған жерін 25 жылдан кейін көріп қайтуға жазушы Нұрқасым Қазыбек аға бара қалды. Күредегі туыстары Атыхан ағаның үйіне түскен жеріне сабақтасым, досым Серік Ыдырысұлы «Сен әңгімелесетін бір қонақ келді. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі екен. Сөйлесіп қал!» деп мені ертіп барып таныстырды. Нұрқасым аға Клара жеңгеміз бен Шыңғыс деген баласын ертіп үш адам болып келіпті. Сол күннен бастап үш күн бойы кеткенше барып-келіп сөйлесіп, сырласып кәдімгідей бауыр басып, жайымыз жарасып қалды. Дәл сол кезде одақтың сын бөлімін басқаратын кеңесші болып істеп жүрген кезі екен. Жазғандарымды көрсеттім, өлеңдерімді оқып бердім. Кетерінде бауырмалдық танытып шығармаларымды алып кетті. Арада біраз уақыт өткенде маған арт-артынан екі хат келді. Біріншісі Қазақстанның Жамбыл ауданы Музей Жамбыл ауылында тұратын жазушы Мұхаметжан Абдрахманов ағадан, екіншісі Алматы қаласында тұратын ақын Таупық Жексенбиев деген ақсақалдан келді. Екеуі де менің өлеңім жарық көрген «Шалқар» газетін салып жіберіпті. Менің адресім редакцияның аңдатпасында жазулы тұрғандықтан олар қиналмастан хатты жолдап жіберген екен. Осы хаттарды алған соң Нұрқасым ағамен хабарластым. Оқиғаның ұзын ырғасы былай болыпты. Нұрқасым аға Алматыға жеткен соң өлеңдерімді екі топтамаға бөліп, біреуін «Социалистік Қазақстанға» апарып Шерхан Мұртаза ағамызға айтыпты, ол газетке «алыстағы ағайын» айдарының астында Халипа Алтай атамыздың хаты мен менің екі өлеңім жарық көріпті. Екінші біреуін «Шалқарға» апарып Уахап Қыдырхан ағамызға түсіндірген екен. Ағамыз жақсылап тұрып аннотациясын жазып жарқ еткізіпті. Қазақстандағы «Шалқарды» оқитын ағайындардың ішіндегі кезінде Мұңғұлкүреден өтіп келген Мұхаметжан аға мен Таупық ағамыздың көзіне шоқтай басылып бірден газетті маған жолдапты.
Хат қолға жетіп ішінен «Шалқар» шығып, өлеңім тізіліп суретім бадырайып тұр. Бұл хабар лезде ұзын елдің үйіріне, қысқа елдің қиырына жетті. Қазақстанда өлеңі жарық көру айтып-айтпай мәртебе екені анық болатын.
Дәл сол жылы оқу маусымының соңына жетіп, жаздық емтихан кезінде бір кішкене оқиға болды. Аудан бойынша ауыл-фермалардан оқушылар келіп жылдағы әдетімен біздің толық ортаға емтихан тапсырды. 8-сынып бітірген оқушылар 9-сыныпты аудан орталығынан жалғастыру үшін таңдаудан өтеді. Емтихан алудың себебі, бірден бізде орын санаулы, екіден сапалы болсын деп жоғары талап қойылады. Сол жылғы балалардың жағдайына назар аударғанымызда, әсіресе, Қарасу деген ауылдың оқыту сапасының өте нашар екені белгілі болды. Ең сорақысы, ақ қағаз тапсырған балалардың болғанын көзіміз көрді. Демек, көп сандысы білімнен нырай қалған деген сөз. Мектептің ғылми журыны болғандығым үшін емтихан беріп жатқан оқушыларды дерлік бақыладым әрі тексеріп көрдім. Қарасу балаларының нашарлығы арқаға аяздай батты. 50-60 жылдардың кезінде сол Қарасудан шыққан Абиыр деген математик ағамызбен бірге қызмет істейтінмін.
– Абиыр аға, сіздердің кездеріңізде Қарасу қандай еді!.. Не мықты азаматтар шыққанын естіп жүрміз. Ұстазым Әбдісалам мұғалім де Қарасудікі. Туған жеріңіздің сиқын қараңызшы! Артыңыздан ерген ұрпақтың жағдайын көрдіңіз бе?!.. Мен осы туралы бір нәрсе жазғым келіп тұр, – дедім.
- Ұстаздарына да, оқушыларына да сабақ болсын! Ұялсын, ұмтылсын, ойлансын! Жазсаң, жаз!
Абиыр мұғалімнің сөзі қамшы болды да, дәл сол жерден:
Кешегі хәлің не деген,
Береке балын жаласу.
Аумаған бағы төбеден,
Ұлылар шыққан Қарасу!
Қабыл боп қарттың батасы,
Тілеу дәл шыққан Қарасу.
Ортадан озып жотасы,
Тілеужан шыққан Қарасу!
Мал басы аман әр қыстан,
Көктеуге шыққан Қарасу.
Шапанын киіп алғыстан,
Естеулер Шыққан Қарасу!
Ақылға да, айлаға,
Жүйріктер шыққан Қарасу.
Әбдісаламдай қара шал,
Физиктер шыққан Қарасу! – деп, он алты адамның атын айта келіп:
Қозғасам сөзді арыдан,
Бітпейді мүлде Қарасу.
Әңгіме жоқ жарыған,
Бүгінің сойқан дала шу...
Дәуренің қайда кешегі,
Көркіңе халқың жарасу?
Қайтты ма көптің меселі,
Жәйіңді білдік Қарасу?!
Құр күлкімен жүрісті,
Босқа мәз көрген Қарасу.
Оқушысы шарасыз,
Ақ қағаз берген Қарасу!
Осылайынша 27 шумақтан тұратын өлең Қарасудың кешесі мен бүгінін салыстыру мен қамшы басуға ойысып барып тізігінін тартады.
Естісем елдің ерекше,
Құбылта салған наз әнін.
Маңлай терін сел етсе,
Осынау жүрген қазағым! – деген үмітпен өлең аяқталатын. Мұнда Нарынқол мен Алматы облысына белгілі ғалым-ұстаз, қоғам қайраткері Тілеужан Сақалов және өмірінің соңында Есік қаласында өткен Естеу Нүсіпбеков деген ағалардың сол Қарасудан шыққанын меңзеп отырмын (осыдан бірнеше жыл бұрын марқұм Тілеужан Сақаловдың қол жазбаларын реттеп, кітабын баспаға беруге даярлап отырып «қарасу» өлеңінің бір данасын тауып алдым. Бөпен апаның айтуынша, сол жылдары қытайға барған бір жолаушы Тілеужан ағамызға әкеліп беріпті).
Тарта берем, мен алға тартып келем,
Ажал атты қорғанға қамалғанша.
Ел тағдыры жолында артық көрем,
Өмі сүру, өлуді адамдарша! - деп, мазасыздана өлең жазып,
Бір ойдан бір ой биік қуа берсем,
Арым-ау, бәріне де куәгер сен!
Арманның биігіне шығып алып,
Алаңсыз кетер едім құлап өлсем! - деп үміттің жетегінде биікке қол созып,
Ақын деген—ағыл-тегіл төгілу,
Керек болса, қан майданда тіліну!
Адамдардың көңілінде көмілу,
Әр бір атқан таңдар сайын тірілу! - деп, жалаңаш білекпен жауға аттанатындай жалындап тұрған кездерде оңды-солды сілтеген кезіміз болды.
Сол жылы Мұңғұлкүре аудандық халық құрылтайының кезекті шақырылымы ашылатын болып аудан бойынша алдын ала уәкілдерді сайлау басталды. Сала-сала бойынша саны белгіленіп кандидаттардың есімі ұсынылды. Сайлау үш кезең бойынша жүрілді. Бірінші рет тұтас оқу-ағарту бойынша сарапқа салынып көп дауыс жинаған алғашқы он неше адам белгілі болды. Екінші жолы солардың ішінен тек екі адамға ғана дауыс беріп жинақтау жүргізілді. Үшінші белес шешуші кезең болды. Екі адамның бірі ғана аудандық құрылтайға өтеді. Міне, мәселе осы үшінші, әрі бәсекелестің қамшы басатын кезі. Аудандық оқу-ағарту жүйесі бойынша екі адам қалдық. Бірі – мен пақырмын, енді бірі – өкірген өкімет, оқу-ағарту мекемесіндегі қытай бастықтың бірінші орынбасары Сәмет аға. Не керек, жастықтың қызуы, айналадағы дем берушілердің әсері болды ма, бас тартпай сайлауға түстім. Комисия дауысты санап, менің үлкен басымдықпен озып шыққанымды жариялады.
Тағы бір нәрсені айта кету керек екен, сол жылдары «жаман бұқа басына шөп үйедінің» кері ме, әлде қоғамға үн қосудың көрінісі ме, бір жұмыс бастағамыз. Ертеректе аудандық мәдениет үйінде халық театры болса да, соңғы кезде жабылып қалғандықтан жұмысымыздан сырт өздігімізден ұйымдасып ансамбль құруды қолға алғамыз. Ұстабын жазып, маңыз-мақсатын айқындап, аудандағы тиісті мекемелерге, анығы парткомның үгіт-насиқат бөліміне мәлімдеп, ойымызды білдіріп, жазған қағазымызды көрсетіп, өтінішімізді екі тілде тапсырдық. Сон соң жедел қимылдап өнерлі қыз-жігіттерді тартып, мүшелерімізді іріктедік. Қолда бар домбыра, гармон, гитар секілді музыкалық аспаптарымызды жинастырып шұғыл іс-шараға көштік. Ән-күй, өлең-жыр, күлдіргі қойылым секілді қолдан келетін жағына ойыстық. Ансамбліміздің аты «Алау» болып белгіленді, алғашқы қойылымның сценариін өзім жаздым, аты «Ене мен келін». Басталғаннан үш ай дегенде алғашқы концертімізді қоюға тас-түйін даяр болдық. Мектепте бір мәрте қойып, кем-кетігімізді түзетіп, екінші кезекті аудандық халық өкіметінің қонақ үйінде көрсеттік. Оған барлық басшы кадрларды, атқа мінер жұртты шақырдық. Киім-кешек, музыка аспабымыздың жұпыны болғанына қарамай, конуертіміз жаман өткен жоқ. «Осындай жағдайда қойылым көрсете алдық, егер сіздерден қолдау болса, бұдан да жақсы деңгейге жетуге мүмкіндігіміз бар!» деген ойымызды қадап тұрып айттық.
Мектепте жоғары сыныптарға өтетін дәрісім бар, жалпы оқыту ісін қадағалап отыратын міндетім бар, енді оған ансамблдің жұмысын қосылды. Аудандық халық құрылтайының ашылуына жақын қалғанда Халық құрылтайы тұрақты көмитетінен (Рындадан) маған шақыру келді. Олар шұғыл «келіп кетсін!» депті. Жұмыстарымды жинастырып бардым. Мені мекеменің орынбасар бастығы Үсен аға қабылдады. Әңгіме былай екен.
- Дәулетбек, сенің құрылтайға уәкіл болып сайланғаныңды білеміз. Осы жолғы сайлауда қателіктер болғаны туралы арыз келді. Оның үстіне өзге де мәселелер Қазақстанда өлеңдеріңнің басылғаны, «Албандар» деген ансамбль құрғаның айтылып жатыр. Алдымен өзіңмен жеке сөйлесіп алуға шақырдық, сонан соң жалғасты тексереміз.
- Ең алдымен мынаған жауап бер, сайлау барысында дауысты көп жинау үшін ұйымдастыруға, топ құруға, тәртіп бұзуға бардың ба?
- Жоқ! - сенімді түрде айттым.
- Өлеңіңнің басылғаны шын ба?
- Ол шын. Әдеби еңбектер, зиянды, саяси нәрселер жоқ!
- Әнсамбіл туралы не айтасың?
- Әнсамбіл құрғанымыз рас. Ол туралы парткомның үгіт-насихат бөлімі, халық өкіметі хабарлы. Аты «Албандар» емес, «Алау»! Оны бәрі біледі.
- Жарайды сен жүре бер, қалғанын өзіміз анықтаймыз, - деді мәселеге түсіністікпен қараған Үсен аға.
Бір апталық тексеру нәтижесінде, әсіресе Үсен ағаның комисия басшысы ретінде әділдік көрсетуінің арқасында менің уәкілдік орным сақталатын болды. Сөйтіп құрылтайға жақындап қалған күндердің бірінде, жексенбі күні түсте үйге түсі суық сақшы келді. Оны сырттай танитынмын, формасыз жәй киіммен тұр. Ол мені есіктің сыртына шақырып алып, «Киініп шық! Сенімен бір кісілер сөйлеседі», деді.
Үйдегілерге әшейін жеп-жеңіл етіп жөнімді айтып қайта шықтым. Сыртта нөмірі бөтен, су жаңа Олга жеңіл авто көлігі күтіп тұр екен. Жексенбі болған соң солай етті ме, жоқ әлде елеусіз болсын деді ме, қонақ үйге алып келді. Бөлмеге кірдік, онда төрт кісі отыр. Шашы ақ бурыл, жасы алпыстарға келіп қалған кісіні бастығы болар дедім. Өзге екі ханзу, бір ұйғыр кісі. Бәрінің киімдері жәй бұқараша. Аман-сәлемнен соң, қазақ тілінде судай сөйлейтін ақ шашты бастық сөз бастады.
- Аты-жөнің кім?
- Атым Дәулетбек. Осы жердің адамымын.
- Мына газетті көріп пе едің? Мына «шуанлянды» танисың ба?
Газет деп отырғаны – «Шалқар», қайдан тапқаны белгісіз алдыларында жатыр. Шуанлян деп отырғаны «Қарасу» өлеңінің май бояулы шапаграппен басылған нұсқасы. Шуанлян деп кекетіп отырғаны заңсыз жолмен басылып үгіт-насиқат үшін таратылатын газет, парақшаларға қаратылатын сөз. Біз оны жұрт оқысын, сабақ алсын, «сын түзелмей мін түзелмейді», деп қолмен басып таратып жібергеміз.
- Сайлаудан өтіп, құрылтайға уәкіл болыпсың, осы сайлау барысында заңсыз нәрселермен айналысқаның туралы, өзгеде мәселелерге байланысты үстіңнен арыз түсті. Сондықтан біздің міндет тексеру. Сұрақтарға шынайы жауап бер, керек жерінде жазбаша түсіндірме жазасың!
- Жарайды, - дедім бір ысып, бір суып.
- Сайлау кезінде заңсыз үгіт-насиқат жасап, өзіңді дәріптегенің рас па?
- Ол өтірік, бұл туралы аудандық тұрақты комитеттің комиссиясы анықтап, жалған жала екеніне көз жеткізді. Оны басқалардан сұраңыздар!
- Сен «Қарасу» деген өлеңді заңсыз парақшаға басып, көп данамен тараттың. Онымен қоймай Қарасудың өткенін мақтап, бүгінгі жағдайын жоққа шығардың! Яғни Социализмнің жетістіктерін теріске шығарып кешегі қара түнек феодализм кездегі ескі қоғамды аңсап отырсың!
- Бұл жерде Стциализм туралы ештеңе жоқ. Қарасулық балалардың оқу-білімнен кенжелеп, нашар күйге түсіп кеткенін сынап едім. Өткенді аңсау атымен жоқ. Басып тарату мәселесіне келсек, заңды білмедім. Оным қателік болыпты.
- Мынау Қазақстанда шығатын «Шалқар» деген газетке неге өлең жолдайсың?
- ...бұл енді әдеби әуесқойлықтан туған қызығушылық болатын. Басқа мақсатым жоқ.
- «Шалқар» деген не сөз?
- Ол Қазақстандағы бір көлдің аты, ешқандай мағынасы жоқ.
- Осы газетте «Үлкен үйдің босағасы» деген өлең бар екен, қайсы үлкен үйді айтып отырсың?
- Қазақтар әйел алған баласын енші беріп бөліп шығарады, сол жаңа шаңырақты отау дейміз де, шыққан қарашаңырақты үлкен үй деп атайды. Ұлттық ғұрып-әдет, салт-сананы білдіретін өлең.
- Мынау жерін оқышы! - деді астын сызып қойған жолды нұсқап.
- Дейді маған, бөгелме, кір, кел, үйің!
Іші пейіш секілді бұл кең үйдің!
Тәңір, сенен сұраймын, ұрпағынан,
Босағасын айырма үлкен үйдің!
- Көрдің бе?.. Кімнің босағасын аңсап отырсың?
- Әкемнің босағасын аңсап отырмын!
- Мынау жерін оқы! - деді өлеңнің соңындағы шумақты нұсқап.
- Өздеріңнен жоқ менің жасырарым,
Тасқындадым, бөгелме, тасы жаным!
Әлде күтіп тұр ма екен биік тұғыр,
Өзім шығар кезеңге асығамын!..
- «Өздерің» дегенің кім?.. Қандай тұғырға шығуға асығып жүрсің?
- Өздерің дегенім оқырмандарыма айтқан сөзім, шыққым келіп жүргені өлеңнің, өнердің биігі!
- Осы бетте тоғыз өлең тұр екен, әрқайсысына сәлден соң түсіндіру жазасың! Ендігі мәселе «Албандар» әнсамбілін неге құрдың? Ол әнсамбілде «қызайларды» неге мазақтайсың?
- Бұл мүлде өтірік сөз. Әнсамбілдің аты «Алау», коллективтің құрамында албанның да, қызайдың да қыз-жігіттері бар. Қойғанымыз «келін мен ене» деген күлдіргі болатын. Тұтас аудан халқы біледі. Сұрасаңыздар көздеріңіз жетеді.
- Онда сен, осы айтқандарыңның бәрін жазып тапсырасың! Арыз жазылған соң, тергеп-тексеру біздің міндет. Сенің айтқаның негіз бола алмайды... Жалғасты анықтаймыз! Уәкілдік куәлігің біздің қортындымыз бойынша шешіледі.
Сонымен мен тағы да бір сағаттай отырып әлденеше бет түсініктеме жаздым. Оқып шығып тексеріп алғаннан соң, Темекісінің түтінін будақтата шығарған ақ шашты бастық:
- Сенің аты-жөнің Аншуанжүйде (қауіпсіздік мекемесі) жазулы тұр... Сондықтан ұдайы бақылап отырамыз. Сен көзқарасыңды дұрыста, шетелге өлең жібергенді тоқтат! Өз отанымыздың газеттеріне партияны, социализмді жырлап өлеңдер жаз! Бұл мәселені бақылауда ұстаймыз! Партиямыз өзіңе үлкен сенім артып отыр, уәкіл болып сайлаудан өткеніңнің өзі халықтың үміті, бұқараның ішінде әртүрлі қайшылықтар болады, біз анықтаймыз. Бұл кездесуімізді тісіңнен шығарсаң, өзіңе жақсы болмайды. Бүгінге боссың, үйіңе қайта бер! - деді, бір тырнағын ішіне бүгіп.
Мың десе де кімнің түрмеге түскісі келер дейсің!.. «Мәдениет зор төңкерісінде» әкемнің тартқан азабын, ұрып-соғулар, тергеп-тексерулерді ылғи да естіп отырамыз. Қазір заман тыныш дегенмен, жала қайда, жаза қайда деуге бола ма? Аяқ астынан шыға келетінін көріп отырмын. Қойнымды сұп-суық жылан сумаңдап аралап өткендей болды... Артынан аңыс аңдап, тың-тыңдап, желдің қай жақтан соққанын білдім. Менімен бірге жұмыс істейтін орынбасар меңгеруші Нұркал пужурын қасымда жүріп қағаздарды жия беріпті. «Қарасудың» бір данасын алған сол екен. Ал, менімен сайлауға түскен Сәмет Нұркалдың қайын атасы. Менің айналамдағы болып жатқан оқиғаларды ол ине-сабақ жібі, бүге-шігесіне дейін жеткізіп отырғаны анық болды. Бұл Сәмет деген кісінің ауданды місе тұтпай, облысқа арыз жазуының себебін кейін білдім. Негізі халық уәкілі болып сайлаудан өтіп, құрылтайға қатынасқан болса, оны тұрақты комитеттің орынбасар бастығы етіп бекітпек екен. Уәкіл бола алмағандықтан Төраға бола алмайтынын білген Сәмет күндіз-түні жатпай арыздан арызды айдапты. Қайтсе де менің уәкілдігімді жарамсыз етіп құрылтайға жетуді көксеген екен. Нәтижесінде Тұрақты комитеттің тексеруін, аншуанжүйдің тергеуін басымнан өткіздім.
Ұзынқұлақтардан анықтауым бойынша, мені тексере келген ақ шашты бастық Гуан-жіңлан деген, сібе ұлтынан шыққан Шапшал ауданының кісісі екен. Жас кезінен қазақтың арасында өсіп, ел ішіндегі ырың-жырыңды жақсы білетін кәнігі барлаушы Сәметтің арызы бойынша мені құлата салмады. Жастығымды көріп обал болмасын деді ме, әлде арыздың қисынсыз екеніне көзі жетіп тоқтатты ма, білмедім. Тағы бір қорғаушым Үсен аға болды-ау деп шамаладым. Тұрақты комитеттің мандатымды сақтап қалған алдынғы шешімін сол күйі жарамды етіп қалдырды.
Нәтижесінде, оқу-ағарту саласы бойынша уәкіл болып, аудандық тұрақты комитетінің құрылтайына қатынастым. Сол жолғы құрылтайға бір үйден үш адам қатынастық. Шешем шаруашылықтың әйелдер қызметін істейтіндіктен берген сан бойынша шарты толып сайлаудан өтті. Әкем Қонақай ауылының тұрақты комитет Төрағасы болған соң уәкілдерін өзі бастап құрылтайға барды. Үш күн жатын орын, тамақ, жүрген-тұрған соның бәрін өкімет орналастырып тастады. Баяндамаларды тыңдап, талқыларына қатынасып, құрылтайдың жаңа төрағалырына дауыс бердік. Әне Сәметтің жеткісі келген жері сол төрағаның бірі болу еді. Менің көлденеңдеп келіп сүйек құсап кеңірдегіне тұрып қалғаным оның арманына жетуіне кедергі болды. Әрине жолын тосайын деп емес, көптің қолдауы негізінде сайланып кетуім себеп болды.
Облыстан келген Гуан-жіңланның айтқаны құлағымнан кетпеді. Оның соңындағы айтқан «Өз отанымыздың газеттеріне партиямызды, социализмді жырлап өлең жаз!» деген дауысы жаңғырып тұрды. Құрысын, олардың құрығы ұзын... Бірер өлең жазғанымда жөн шығар деп топшыладым. 1990 жылы Қазақстан Совет одағының құрамында, қытайдағы шөкімдей қазақтың барар жері, басар тауы жоқ. Арандап қалмайын деп аяқты тарта басып, сақтанып жүрдім. Үрімжіден шығатын ең үлкен «Шынжаң газетіне» «Октябрь оты» деген өлең жіберіп едім, іле-шала шығарды. Олай батыр болдым, бұлай батыр болдым деп мақтанудың керегі жоқ, мен шынында сақтыққа көштім. Ол өлеңде әлгі Сәмет деген ағамызға атын атап, түсін түстемей, мақтамен бауыздап:
Тасасында шіріген жапырақтың,
Қалқасында қараңғы атыраптың,
Жат ниетті қайрады қанды орағын,
Орылуын армандап жас құрақтың.
Дей көрмеңдер оны әсте есіл кісі,
Жауыздықтың жартымсыз кесіндісі.
Лапылдаған жалынды беттетпейтін,
Өз әлінше келеді өшіргісі!..
Жалғаныңа жүгінер қалай шындық,
Өмешегін созса да талай сұмдық.
Отпен ойнап дұспандар әлектенді,
Шақтарында әр мезгіл орайшылдық!
Осылайынша іштегі дертті төгіп-төгіп алып, Партия туралы да бірдеңе деудің орайын таптым, өйткені ол маған қорғанатын «окоп» секілді.
Суға түстің елім-ау, отқа кірдің,
Тәлкегіне тап болып көп тәңірдің.
Сондай сәтте басыңа бақ қондырды-ау,
Құдіретті дабылы октябрьдің!
Бақытына кенеліп жұрт тілеген,
Үлгі болды әлемге типтік өрең!
Социализмнің шайқалтпай шаңырағын,
Коммунистқой, қайыспай тік тіреген! - деген шумақтарды қостым. Бұл жерде де социализмге, коммунистік партияға турасынан сипаттама бергеніммен пәлендей беріліп тұрған жаным, төгіліп тұрған сезімім жоқ.
Тағы да басымыздан өткен ауыр күндерге, айналамыздағы аңдушыларға деген ашуымызды былай шығарған екенбіз:
Құптаса да дүйім ел биік біліп,
Жанталасты жаулар да күйіп, тынып.
Апанында ашумен арсылдады,
Жүргенімен бастарын иіп кіріп!..
Дүйім ел, әлейім жұрт қолдаса да, мойындамай жанталасқан жауымды айттым. Сырттай сыпайы болып бір есіктен кіріп, бір есіктен шығып жүрсе де, апанында аласұрып арсылдайтынын бетіне бастым. Сөйте тұрып 22 шумақ толғаудың соңында:
Алдымыздан келеді өтіп әр сын,
Нарау қарап қайтіп-ақ, отырарсың?!
Ақын ұлдың армандап тілейтіні,
Октябрьдің тоқтаусыз оты жансын!
Осындай «окоп» қазып, 1994 жылдың жазына дейін қорғаныс шебінде жаттық. Партияға беріліп, социализмнің сойылын соғып, мансап қумадым. Келіп тұрған сандаған орайды отқа тастап, отанымызға кетсек деп түн ұйқымызды төрт бөлдік. Өлеңнің дерті бізді өрге сүйреді, сыртымыз бүтін ішіміз түтін болып булығып жүріп, тәуелсіздіктің үшінші жылы жанымызға азаттық алдық.
Мөлшерлі жерге жете алмай,
Арманын қиып кете алмай,
Жолаушы түннің қойнында,
Боздайды жаны ботадай!..
Тілегін елдің ақтамай,
Күнімнің өтіп жатқаны-ай,
Жолаушы жандай халдемін,
Қайдасың, қайда, оттар-ай,
Қайдасың түнгі оттар-ай?!
(«Шалқардағы» бір өлеңнен)
Осы шумақтарда ойымызды, тілегімізді жеткізгендей болдық. Қытай еліндегі қараңғы түннің қойнында адасып жүрген жолаушы біздерміз. Адасып жүрген жолаушыға керегі лап еткен жарық, меңіреу даланың қойнынан көріне кететін түнгі от! Ол, біз аңсаған арман, сарыла күткен тәуелсіздік болатын.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.