Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СЫН
Дидар Амантай. Жандауа...

30.08.2019 5584

Дидар Амантай. Жандауа 16+

Дидар Амантай. Жандауа - adebiportal.kz

Жүсіпбек Аймауытовтың “Ақбілек” романы туралы

Бәлкім, сол бір тоқсаныншы жылдары Жүсіпбектің “Ақбілек” шығармасы баспасөз жүзінде дүркін-дүркін жиі аталып жүрді, әлде асыра мақталды – көпке дейін оқуға құнттана қойған жоқпын.


Кейін қолыма түскенде, бір күнде түгел оқып шықтым. Көлемі жағынан – шағын, ықшам – құнды дүние. Құнары, қуаты – айрықша. Желісі – шытырман, қым-қуыт уақиғалары бір-бірімен арпалысып, қабысып жатады. Тағдыр-талайы айырған кесек-кесек қаһармандары ұшты-күйлі жоғалып кетпей, араға үш-төрт әңгіме-хикаяттар салып, оқырмандарымен қайыра қауышады. Жаңа шиеленістер шеңберінде көрінеді.

Қақтығыс персонаждары толысқан, өскен, кемелденген деңгейінде, қайыра табысып, қарым-қатынастары тереңдеп, дамып, өріліп отырады.

Соңынан басы күшті – әсері қатты. Қатыгез заман бейнесі алғашқы тарауларынан бастап-ақ айқын көрінеді. Революциялық кезең жылдары асқан шеберлікпен кейіптелгені байқалады.

Есте қалған Бекболат, Ақберген, Әмір, Төлеген, Мұқаш, Ұрқия, Мамырбай қарт, Матайдың Әбені, Тақырдың Жылтыры, Іскендір дуана, Кәмилә, Доға, Ақбала, Балташ образдары Ақбілек кескін-келбетін, замана түсін, сан алуан шаһарлар бояуын қалың, қанық безбендей түскен әдіс-амал, қосымша шарттар тәрізді. Әңгіме-диалогтар кейде осы шақта келтіріледі.

Мен, тіпті, көркем туындыдан модерндік әдебиет белгілерін таптым. Еуропалық Париж әлемге паш еткен сана ағысын байқадым. Ұсақ-түйекті кейіптегенде нақтылықты, уақытты сомдағанда атфмосфераны аңғардым.

Көп ізденістен, көп оқудан туған талапты көрдім. Жалпы “Ақбілек” романы формасында модернизм қағидаттары жатыр. Қысқа сөйлем, дәл сөз, анық әрекеттер шығарманың өн бойынан көрініп отырады.

Балаң туынды, жас әдебиет перзенті емес. Талғамы асқан, бабына келген, қаламы төселген виртуоз роман.

Романда кісілік мәселелер көтеріледі. Ұлы тақырыптар қозғалады. Адам бақыты, қоғам мұраты сөз болады.

Қара мұрт – қазақ жерінің қасіреті. Ресей цивилизациясының идеологиялық қайшылығы. Мәдениет таратқан елдің тас-талқан көрінісі: ар-ұяттан жұрдай кешегі алып мемлекет жасақтары қазақ сақарасына не әкелді, көрсеткен өнегесі қайсы, соның белгісі. Сүйектегі таңбасы. Орталық образдардың бірі.

Жазбасақ – мойындамайды. Құдайға шүкір, ардагер алашордашылар жазып, дайындап кетті. Бұл жерде Толстой Ресейін патшалық Ресеймен шатастыруға болмайды.

Сол замандағы атақты баспагер А.С. Суворин былай деп жазыпты: ”Два царя у нас: Николай Второй и Лев Толстой. Кто из них сильнее? Николай II ничего не может сделать с Толстым, не может поколебать его трон, тогда как Толстой колеблет трон Николая и его династии...”

Ұлы романда ескірген жазу мәнері, орта ғасырларда Батыс қолданған, көнерген айла-амалдар, әдіс-тәсілдер жоқ емес, бар: автор бейтарап орнын сақтамай, дербес мәтінге қайта-қайта араласып кете береді, түсініктеме жасайды, терістейді, жақтайды, өмірбаяндарын келтіреді, бірақ – тілі сұмдық, шұрайлы, шырайлы. Кейбір асыл сөздерінен бір-біріне сәуле түсіп тұрады.

Мәтін – жарық.

Бұл роман – кісілікті жырлаған эпос, дастан, қисса. Қазақтың қилы тағдырына сын, адамзат құндылықтарына сынақ, халықтың тарихи жолына ескерткіш.

Сойы-тегі ұлттық бола тұра, соқтықпалы, соқпақты ұлт шеңберінен шыға білген, әлем әдебиеті деңгей-дәрежесіне көтерілген, бір халық бейнетін бүкіл адам баласы санасына жеткізуге тырысқан жалпы адамзаттық қасірет кітабы.

Ұлт азап-мехнатына тағзым.

Қараңғылықты, жаулықты, қастандықты іштен жарып шыққан жарық тәрізді. Кекті тоқтата білген кешірім. Қорланғандарға қанат бітірген, намысы тапталғандарға атақ-абырой, қадір-қасиет берген сәулелі ар кітабы.

Роман алаш тағдырын жалпы адамзаттық тарих деңгейіне көтереді, жаңа кісілік биіктерге шақырады.

Қор бола тұра – зор, ақсақ бола тұра – асқақ жазбалар.

Ардың, ұяттың шығу тегі – осы. Қиындықтар, ауыртпалықтар, нәубеттер. Бұл кітап – жақсылықтың күш алатын қайнары. Бас қоятын құдығы.

Жаңа ой айтып, ескі мәңгілік құндылықтарды қорғайды.

Бала – періште, дейді қазақ.

Орыстың ғұламасы Федор Достоевскийдің "Нақұрыс" романында бала адам жанын емдейді, деп жазғаны бар.

Орыс орманы мен қазақ даласы бір тағдырдың тоғысында, бір жолдың бойында жатыр. Ірге бекіткен, бір-бірінен ажырай алмайтын көршілер. Қоңсы жұрт. Қуанышы ортақ, қайғысы – бір. Көңіл дертіне, жан жарасына романдағы, Ақбілектің қара мұрттан туған бейкүнә Ескендір перзентінің періште бейнесі – ем.

27.08.2019

Жалғасын ертең осы уақытта оқыңыз.

Adebiportal.kz


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар