Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЭССЕ
Дөңгелек үстел. Фэнтези жанрындағы глобализациялар...

17.01.2023 2171

Дөңгелек үстел. Фэнтези жанрындағы глобализациялар мен актуализациялар 14+

Дөңгелек үстел. Фэнтези жанрындағы глобализациялар мен актуализациялар - adebiportal.kz

 

«Күндердің күнінде сіз ертегілерді қайтадан оқитындай жеткілікті жаста есейген боласыз»

К.Льюис

 

Фэнтези әдебиеттің тұғыры биік жанры. Жанрдың қарқынды дамып кеткені соншалық, ол өз әсерін қазақ әдебиетіне тигізбей қоймады. Қазақ әдебиетінде фэнтези жанрында шебер қалам тербейтін бірқатар үздік жазушылар қаламгерлер мен беделді ғалымдар шығып, балалардың базары мен көз қуанышына айналды. Қазақ фэнтезист жазушыларының творчествосы бүгінде көпшілік оқырманға белгілі. Жазушылар шығармашылығынан тек қазақстандық оқырмандар ғана емес, шетелдіктер де хабардар. Осы жайтты жадымызда мықтап ескере отырып, біз бір топ қазақ фэнтезист жазушыларының басын қосып, сұхбат алуға бел будық. 

 

Мұғайынын айтқанда, қазақ фэнтези жанрына қатысты  дөңгелек үстел ұйымдастырдық. Дөңгелек үстелдің басты мақсаты – қазіргі қазақ фэнтезиінің хал-ахуалын талқылау һәм баяндау болды. Аталмыш алқалы жиынға Нұржан Кәпқызы, Рүстем Сауытбай, Алпамыс Сырманов, Жанна Есқуат, Бағдат Өмірзақ, Ерасыл Әлімжан, Мәди Әділбекұлы сынды фэнтезист-қаламгерлер қатысты. 

Алтыншаш Курманаева:

- Фэнтези – әдебиеттің ерекше жанры екендігі баршамызға мәлім. Жанрдың ерекшелігі мен қыр-сыры неде деп ойлайсыздар? 

Нұржан Кәпқызы:

- Фэнтези жанры халықтың көне тарихынан бастау алады. Адамзат баласының қиялы шарықтау шегіне жетіп аңыз және мифтік әңгімелер мен қиялдаудан туған ертегі кейіпкерлері мен әңгімелерінің өзара тығыз байланыста екенін ескере отырып, адам қиялының арман мүддесінің «иә, солай болса» деген қиядаудан туындаған ғажайып шығарма.

Рүстем Сауытбай:

- Бұл жанрда ғажайыптың орын алуы – адамға ерекше шабыт береді. Сонымен қатар, таңғажайып мақұлықтардың болуы – естен кетпес әсер сыйлайды. 

Жанна Есқуат: 

- Фэнтези жанрының ерекшелігі – шексіз қиялдың кең палитрасы мен сюжеттік желісін пайдалана отырып, стереотиптік ойлау шеңберінен шығу мүмкіндігі.

Алпамыс Сырманов: 

- Фэнтези жанрының басқа да жанрлардан ерекшелігі – фэнтези жанрында қиялға шек жоқ, яғни, адам қиялына келген дүниені жаза алады және адам ебін тауып жазар болса онда керемет туынды жарық көреді.

Бағдат Өмірзақ: 

- Фэнтезидің ерекше жанр екені сөзсіз, оған себеп те жоқ емес. Жалпы айтар болсақ, бұл жанрды өзге жанрдан ерекшелендіріп тұратыны  жанрда шығарма жазар кезде автор қиялының тереңдігі көрінеді. Фэнтези жанрындағы шығармаға қызығушы оқырмандар да, жанрды оқу барысында өз қиялының ұшқырлығын да шыңдай алады. Себебі – оқырман оқу барысында барша жайтты өз ой елегінен өткізеді және барша оқиға желісін көруге тырысады. Фэнтези жанрын сондықтан да ерекше жанр деп айтсақ арттық болмас. 

Ерасыл Әлімжан: 

- Жанрдың ерекшелігі – бұл  оқырманның және жазушының ой бостандығы, бір оқиғаны оқи отырып, біз, өзіміздің фантазиямызға бостандық береміз.

Мәди Әділбекұлы: 

- Фэнтези шығармалардың басты ерекшелігі мен сыры – фольклор элементтері; көбінесе, батыс еуропалық, бірақ, кейде шығыстың дәмі мен жапон және қытай мифологиясының элементтері де жиі қолданылады. Негізгі оқиға ертегі жаратылыстары бар ойдан шығарылған әлемде өтеді. Фэнтезидің таптырмас атрибуты   –  сиқырлық пен қиял-ғажап. Бұл жанрдың өзіне тән айырмашылығы – дүниенің ерекшеліктері мен ойдан шығарылған жаратылыстардың тіршілігі ғылыми тұрғыдан түсіндірілмейді, алайда, норма болып табылады.

Алтыншаш Курманаева:

- Фэнтези әдебиеттің басқа да жанрлары іспетті формаларға жіктелетіні көпшілікке аян. Алайда бұл формалардан  оқырман қауым  хабарсыз.  Ал сіздер фэнтезидің қандай түрлерін білесіздер? Формалар қалай қалыптасты? Болашақта мүлдем жаңа формалар пайда болуы мүмкін бе?

Нұржан Кәпқызы:

- Бүгінгі таңда қоғамның ағымына сай техниканың тез дамып ғарыштауы мен өткен ғасырлардағы адам қиялынан туған поэма дастан ертегі аңыздарды салыстыра отырып, жаңа жанрлар қалыптасары сөзсіз.

Рүстем Сауытбай:

- Рас. Келісемін. Фэнтезидің түрлері көп. Қара фентезиден бастап юмористікке дейін. Тіпті, бұлардың синтезі де болып жатады. Келешекте басқа түрлері шығуы әбден мүмкін. Мысалы, киберпанк сияқты. Кейде  бұл саланың майталмандары кейбір шығармаларды фэнтезидің қай түріне жатқызарын білмей қалып жатады. 

Жанна Есқуат: 

- Фэнтезидің түрлеріне: әлеуметтік фантастика, ғылыми фантастика, фэнтези, экшн-фантастика, технофэнтези, хоррор т.б. жатады. Фантастика әлдеқашан озық дамып отырады. Менің ойымша, болашақта фантастикалық әдебиеттің жаңа түрі – постапокалиптикалық фантастика пайда болады. Өйткені әлем жаңа қоғам құрудың аз-ақ алдында тұр.

Алпамыс Сырманов: 

- Иә, фэнтезидің түрлері көп. Атап айтқсақ, ғылыми фэнтези, тарихи фэнтези, эпикалық фэнтези тағысын тағы және мұнымен тоқтай қояды деп ойламаймын. Болашақта фэнтездің жаңа түрлеріде пайда боларына сенімім мол. Бұл тек уақыттың еншісіндегі дүние.

Бағдат Өмірзақ: 

- Фэнтези қазіргі күнде өте жылдам дамып келе жатқан жанрлардың бірі. Әлемде фэнтезидің әртүрлі формаларын байқауға болады. Олардың қатарына қара фэнтези, эпикалық фэнтези, сиқырсыз фэнтези және басқа да түрлері  жатпақ. Жоғарыда айтып өткеніме байланысты, фэнтези тікелей автордың қиялына келіп тіреледі. Және бұл бағыттың ары қарай толығуы үшін жазылатын шығармалар көбеюі керек деп ойлаймын. 

Ерасыл Әлімжан:

- Жанрлар ол – мифология, ертегілер. Болашақта жаңа формалар пайда болуы ғажап емес. Өйткені қазіргі таңда фэнтези жанры өте қарқынды даму үстінде. 

Мәди Әділбекұлы: 

- Фэнтези белгілі бір тақырыптармен немесе параметрлермен сипатталатын, басқа әдеби жанрлармен немесе алыпсатарлық фантастика формаларымен сәйкес келетін көптеген ішкі жанрларды қамтиды. Әдебиеттануда жанрдың әртүрлі критерийлер бойынша бірден бірнеше жіктелуі бар: фантастикалық элементтің әсер ету дәрежесі бойынша (жоғары және төмен), ұлттық (славян, түркі, жапон, шығыс, батыс еуропалық) бойынша, сюжеттік-тақырыптық (эпикалық, қараңғы фэнтези және романтикалық) және аксеологиялық (қаһармандық және юморлық) белгілер. Сізді шатастырмау үшін мен жалпы бағыттарды тізімдеймін: Қаһармандық фэнтези, эпикалық фэнтези, қараңғы фэнтези, реалистік фэнтези, қалалық фэнтези, ғылыми фэнтези, тарихи фэнтези, жалған тарихи фэнтези, детектив фэнтези, юморлық фэнтези, романтикалық, махаббат немесе эротикалық фэнтези, оғаш фэнтези.

Алтыншаш Курманаева:

- Қиял жанрында қандай да бір кітап оқисыздар ма? Кімнің кітабын оқуға кеңес бересіздер?

Нұржан Кәпқызы: 

- Жүніс Сахиев «Айдағы жасырынбақ» туындысын оқуға кеңес берер едім. 

Рүстем Сауытбай:

- Қазір отандасымыз Зира Наурызбаева мен Лиля Калаустың бірге жазған "Бату және алтын тостағанды іздеу" кітабын оқып жатырмын. Негізі фентези жанкүйері болмаса да кез келген кісіге Льюис Кэрролдің «Алиса таңғажайып елінде» шығармасы мен Антуан-де Сент экзюперидің «Кішкентай ханзада» туындысын, Джоан Роулингтің «Хәрри Поттер» және Толкиннің «Жүзіктер әміршісі» туындысын оқуға кеңес беремін.

Жанна Есқуат: 

- Иә, мен фэнтези жиі оқимын. Мысалы, Роджер Желязны, Урсула ле Гуин шығармаларын оқуға кеңес беремiн.

Алпамыс Сырманов: 

- Джон Рональд Руэл Толкиннің «Жүзіктер Әміршісі» мен Джордж Мартиннің «Тақтар таласы» өте керемет туындылар. Осыларды міндетті түрде оқуға кеңес беремін. 

Бағдат Өмірзақ: 

- Иә, Батыс әлемінде біле білсеңіз фэнтезиді «жоғары» фэнтези және «төмен» фэнтези деп те атап жатады. Бұл оның шынайылыққа жақын немесе алыстығын байланысты айтылады. Мен Х.Муракамидің кітаптарын қызыға оқығанмын, оның шығармалары, көбінесе «төмен» фэнтезиде жазылады, яғни, шынайы өмірге жақын фэнтезилер. Оның шығармаларындағы басты ерекшелік  –  біз бұл дүниеде жай сезімдерімізбен сезіне алмайтын жайттарға назар салуымызды қалайтын секілді. Көзбен көру емес, есту емес, түйсікке қарау. Ең ұнаған туындысы деп «1Q84» роман трилогиясын айта аламын. Онда автор өзінің автор ретіндегі бүкіл қасиеттерін көрсетті деп айтуға болады. Ешқандай да спойлер айтқым келмейді, бірақ, бір түсіндіргім келетіні, егер де, автор өзіні толықтай жазып жатқан шығармасына арнаса, онда, тек кереметтер туады, ал, мен бұл кітапты сөзсіз сол кереметтердің қатарына  қосамын.

Ерасыл Әлімжан:

- Қазіргі таңда «Незримая жизнь Адди Ларю» кітабын оқудамын. Шығарманың мифологиясы ұнайды. Сондықтан да, менің кеңесім, мифологиядан бастап фэнтези жанрына ене бастау.

Мәди Әділбекұлы: 

- Мен көбінесе жапон авторларының фэнтези кітаптарын оқимын. Бірақ, бір күні мен Антуан де Сент-Экзюперидің ең әйгілі шығармасы «Кішкентай ханзада» атты аллегориялық әңгіме-ертегісімен таныстым. Ертегі Кішкентай ханзада туралы әңгімелейді, ол ғарыштағы әртүрлі планеталарға, соның ішінде, Жерге де барады. Кітап жалғыздық, достық, махаббат және жоғалту тақырыптарын қозғайды. Балалар кітабының стиліне қарамастан, оның кейіпкері өмір мен адам табиғаты туралы ой қозғайды. Кітаптағы суреттер автордың өзі салған және кітаптың өзінен кем емес танымал. Бұл иллюстрациялар ғана емес, сонымен қатар, жұмыстың органикалық бөлігі: ертегі кейіпкерлерінің өздері сызбаларға сілтеме жасайды және олар туралы айтысады. «Кішкентай ханзададағы» бірегей иллюстрациялар тілдік кедергілерді бұзады және барлығына түсінікті әмбебап визуалды лексиконның бір бөлігіне айналады.

Алтыншаш Курманаева:

- Қазіргі фэнтези жанрындағы басты сүбелі мәселелерді атап өтсеңіздер. Аталмыш өзекті мәселер қайдан пайда болды? Мәселердің тууына не себеп? Ондай мәселелер қазақ әдебиетінде бар ма?

Рүстем Сауытбай:

- Қазіргі таңда елімізде қазақша оқитындардан гөрі орысша ғана оқитындар әлдеқайда көп. Қаншалықты көп екенін кітап дүкендеріндегі сөрелерден байқауға болады. Тіпті, қазақша кітаптардың орны 10 пайызға жетпейтін шығар. Мәселенің екінші жағы да бар: қазақ тілінде кітап түрі аз. Таңдау аз. Бірақ бұл кітап нарығымыз нашар хәлде  екенін білдірмейді. Кітап оқу мәдениетін қалыптастыруымыз үшін жақсы туындылар жазуымыз қажет.

Жанна Есқуат: 

- Қазіргі фэнтезидің басты мәселелерінің бірі – авторлардың нарықты қуантуға ұмтылуы. Фэнтези – бұл сюжетпен батыл тәжірибе жасайтын еркін жазушыларға арналған жанр. Сондықтан, Толкиенге, Роулинг немесе Дж.Мартинге еліктеуге деген құштарлық болмауы керек.

Алпамыс Сырманов: 

- Қазіргі мәселе  – ол кейбір жазушылардың кітап жазудағы басты мақсаты ақша табу. Олар кітапты жылдам жазып бітіру мақсатында ойына келген дүниелерді жазып, сондай, сапасыз туындыларды халыққа ұсынуында. Бірақ жақсы жазып жатқандар жоқ емес. Ал қазақ фэнтезиіне кклсек, ол –  фэнтези жанрының әзірге қолға алынбауы. 

Бағдат Өмірзақ:

- Менің ойымша, фэнтези жанрының оқырмандары негізінен кішкентай балалар және жасөспірімдермен шектеледі. Ал ересек адамдардың бұл жанрға қызығуы көптеп кездеспейді деп ойлаймын. Мұны жанрдың өз ерекшелігі деп айтсақ та болады, алайда, жанрдың ары қарай өрбуі үшін барша оқырман қауымының бұл бағытқа қызығушылығын арттыру қаже. Бұл мәселе үшін фэнтези шығармаларында маңызы үлкен тақырыптар да көбірек қозғалуы керек те шығар.

Ерасыл Әлімжан:

- Мәселе халықта, көптеген жазушыларды қиял деп ойлап, олардың жазуларын қатты ойға ала бермейді.

Мәди Әділбекұлы: 

- Қазіргі фэнтези жанрының негізгі мәселелері  алыс XVI ғасырда пайда болды. Дон Кихот туралы қайғылы, күлкілі және әсерлі оқиғаны бәрі біледі. Мигель де Сервантестің «Айлакер идальго Ламанчалық Дон Кихот» романының орталық бейнесі – әлем әдебиетінің ең танымал туындыларының бірі, ол,  рыцарьлардың сиқырлы оқиғалары туралы оқып, шытырман оқиғаны іздеуге барды. Жол бойында жел диірмендерін дұшпандық алыптар деп, олармен міндетті түрде күресу керек, ал, қарапайым кедей шаруа әйелін жүрегінің сұлу ханшайымы деп санайды. Заманауи оқырманның немесе көрерменнің айлакер гидальгоның ерліктерін қайталауға батылы баруы екіталай, дегенмен, бұл жанрға шамадан тыс ынта алыстағы армандар әлеміне апарып, аспаннан жерге түсуді қиындатады. Қазақ әдебиетінде де, әлем әдебиетінде де шектен тыс ынта-ықылас эскапизмге әкеледі – адамның шынайы өмірдің қиындығынан шегініп, жоғары жалақы алатын жазушылардың қиялына бой алғысына ұмтылуы. Тіпті, ең өтпелі, кітаптың қосалқы кейіпкерлері өзіндік сюжеттік доғалары, жазылған кейіпкерлері және бірнеше диалог жолдары бар, бұл, біздің өмірдің экзистенциалды ізденісімізден, ағымға қарсы күресуден және күндегі орын үшін күресуден ерекшеленеді. Психологтар қиял әдебиетін, ғылыми фантастиканы, онлайн ойындар мен телешоуларды эскапизм, шындықтан қашу, психиканың қазіргі өмірдің күйзелістеріне қарсы қорғаныс механизмі деп санайды. Бір жағынан, олар сөзсіз дұрыс, өйткені адамның миы басқа кітапты оқуға оңай келісетін себептердің бірі –  сыртқы демалу кезінде тұрақты жүйке ынталандыруы.

Алтыншаш Курманаева: 

- Батыс Еуропа қалай фэнтези жанрында көшбасшы атанды? Неге біз жанрды бұрын танымадық? Әлде, оның фэнтези екенін бағамдай алмадық па?

Рүстем Сауытбай: 

- Бұған себеп – Еуропаның еркін нарығы. Коммунстік режим болған мемлекеттер, баршамызға белгілі, бәрін қатал қадағалап отырды. Тым көп шектеулер болды. Оқырман тек биліктің ұсынған шығармаларын оқыды. Қытай қазір ғана фэнтезиге жол ашып отыр. Өйткені жүргізілген зерттеулер фантастикалық кітап оқудың адамның ойлау қабілетіне қалай әсер ететінін анық көрсетті. 

Жанна Есқуат: 

- Батыс Еуропа еркін әдебиеті бұл жанрды орта ғасырлардан бастап еркін нарықтың арқасында белсенді түрде дамытты. Шет елдерде үкіметі әдеби процесске араласқан жоқ. Фэнтези мен фантастиканың негізін салушылар Э.По, Г.Лавкрафт, Э.Гамильтон және т.б. цензура мен коммунистік партия идеологиясының қысымын бастан өткерген жоқ. Өйткені фантастикалық әдеби нарық идеялардың еркін бәсекесінде ғана дамиды. Мысалы, Эдгар Поның «Алтын қоңыз», «Құдық пен маятник» әңгімелер жазып, сонымен бірге, компартиядан мен КГБ-дан қорқатынын елестету өте қиын. Ал Қазақстан ұзақ уақыт КСРО құрамында болды. КСРО-да Орталық Комитет социалистік реализмді таң қалдырды.  Совет заманда фэнтези әдебиет және фильмдер өте сирек шығарылды. Зиялы қауым бұл фильмдерді мюзикл жанрында түсіруге тырысты.  Мысалы, Дж.Б.Пристлидің романы бойынша түсірілген «31 маусым» фильмі үлкен табысқа жетті. Кеңес көрермендері сондай фэнтезиге қатты қызығатын.

КСРО ыдырағаннан кейін фантастика және фантези жанрлар дамымай қалды. Өйткені фантастикалық жазушылар аз еді. Қазақстанның А.Машанов, Н.Кенжеғұлова, А.Мархабаев, Ж.Сақұрпақұлы, Р.Бектібаев және т.б.жазушылар – бәрі де фантастика-фэнтези жанрдағы жалғыз рыцарьлар-серілері саналды.

Алпамыс Сырманов: 

- Барлығы АҚШ-тан басталды, себебі – олардың өз ертегілері мен әңгімелері болмағандыңтан, олар, өздерінің қаһармандарын ойлап тапты. Яғни, комикстерді. Бұл бастама фэнтези жанрының тікелей дамуына алып келді. 

Одан кейін Европа мемлекеттеріде бұл жанрда қарқынды түрде кітаптер мен комикстер жаза бастады. Ал негізінде фэнтезидің атасы – Джон Рональд Руэл Толкин саналады. Ол ежелгі мифологиялық халықтар мен тіршілік иелерін бір кітапқа бір әңгімеге біріктіре отыра, керемет фэнтези әлем құрастырды. Бізде дамымау себебі  – фэнтези жанрының ерте қолға алынбауы және оның үстіне Қазақ елі КСРО құрамында болған кезде де комикс пен фэнтези жанрындағы кітаптар  аса танымал болған емес. Одан кейін көптеген факторлар бұл жанрдың дамуына кері әсерін тигізді.

Бағдат Өмірзақ: 

- Меніңше, бұндай жағдайға Кеңес одағы территориясындағы елдер көптеп тап болған секілді. Оған Кеңес үкіметі кезіндегі қоғамда ең қатты тараған социал реалистік жанр себеп болды деп ойлаймын. Қоғамның жаппай коммунисттендіру барысында, фэнтези жанрының негізі қалана алмады. Ал бүгінгі күні, тәуелсіздік алғанан кейін, фэнтезист авторлар қатары көбейді. Оған себеп  – жанрға деген ерекше қызушылық пен құлшыныс. 

Ерасыл Әлімжан: 

- Тағы да себеп, ол – халық, Қазақ еліне фэнтези жанры жаңа, сондықтан да, ол енді дамып келе жатыр.

Мәди Әділбекұлы: 

- Батыс Еуропа Толкин мен оның «Сақиналар әміршісінің» ықпалының арқасында фэнтези жанрдың көшбасшысына айналды. Бұрын бізде қылыш пен сауыт, араб түндері мен грек мифологиясына негізделген қиял-ғажайып дүниелер болған. «Сақиналар әміршісі» танымал болғаннан кейін оның әсері улы болды. Бізде тек орта ғасырларға ғана емес, эльфтерге, гномдарға, гоблиндерге және Толкиннің басқа да элементтеріне деген үрдіс бар. Фэнтези жанрының өзі шамамен XV ғасырдың басында қалыптасты, олар, авторлар қайта ойластырған немесе өңдеген мифологиялық және ертегі мотивтеріне негізделген. Бұл кезеңге дейін қиял адамдар үшін кәдімгі нәрсе болған, яғни, олар әртүрлі ертегілер мен аңыздарға сенетін. Фэнтези жанр ретінде қалыптасуы үшін көп уақыт қажет болды.

Алтыншаш Курманаева: 

- Өздеріңізге белгілі, батыс еуропа фэнтези жанры бойынша көшбасшы елдердің қатарында. Жыл сайын еуропалықтар фэнтези стилінде түрлі фильмдер түсіруде. Бірақ өкініштісі ол фильмдерде  натурализм шамадан тыс қолданылуда. Бұл қаншалықты дұрыс деп ойлайсыздар?

Жанна Есқуат: 

- Фэнтези фильмдердегі натурализм мәселесі көбінесе тек жас классификациясы арқылы шешіледі.  Ата-аналар мен ересектер балаларға бұл фильмде жас шектеуі бар екенін түсіндіру керек. Мысалы, Дж.Мартиннің «Тақтар ойыны» романындағы натурализм мені алаңдатқан жоқ.  Өйткені бұл романның кейіпкерлері арамдық пен ізеттілік таныту арқылы ашылады.

Алмапыс Сырманов: 

- Иә, қазіргі фильмдерде көп қолданылуда, алайда, менің ойымша, егер,  фильм соны талап етсе онда неге қолданбасқа. Бірақ кей жағдайларда орынсыз қолданып жатады және мұның негізгі себебі –  тағы жылдам фильм түсіріп, пайда табу.

Мәди Әділбекұлы: 

- Туғаннан бастап адам табиғатпен байланысты. Ағаштардың тербелгенін, үлпілдек шөптің үстінде отырып, күн құшағына шомылғанын көру – бұл әрдайым көптеген жазушылардың қиялын шабыттандырады. Фэнтези натуралистерге және айналасындағы әлемнің тіршілік иелері мен өсімдіктеріне құмар адамдарға толы. Бұл жаман емес, бірақ, бұл қазіргі фэнтези жанрының дағдарысына әкеледі. Табиғаттың, әсіресе, адам болмысының, моральдық нормалардың арасындағы берік байланыстар болғандықтан, фэнтези жанрындығы жазатын жазушылар мен сценаристтерге қайталанбас нәрсе ойлап табу қиынға соғады, сондықтан, олар дайын нәрсені алып, оны өзінше түсіндіреді.

– Әңгімелеріңізге рахмет!

                    

                                                                                                            Сұхбаттасқан, 

Алтыншаш КУРМАНАЕВА.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар