Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЗЕРТТЕУ
Энни Эрноның «қарапайым құмарлығы» және контексте...

16.10.2023 1604

Энни Эрноның «қарапайым құмарлығы» және контекстегі әйел бейнесі

Энни Эрноның «қарапайым құмарлығы»  және контекстегі әйел бейнесі - adebiportal.kz

 

«Осы жаз теледидардан, Канал Плюсте алғаш рет ұятсыз-фильм көрдім» (оқырмандардың таным-түсінігі, мәдениетінің әртүрлілігіне байланысты кей сөздердің орны алмастырылып, үсті сызылып берілді – Ф. Т. – мақалада келтірілген роман үзінділерінің қазақша нұсқасы авторға тиесілі). Бұл 2022 жыл әдебиет аталымы бойынша Нобель сыйлығының иегері Энни Эрноның «Қарапайым құмарлық» (Passion simple) атты романындағы алғашқы сөйлем. Аталған сөйлем арқылы жазушы оқырманның (бұрын әрі –патриархалды қоғамның әрбір мүшесі) менталында әйел индивидуалдылығының түкке тұрғысыз екенін, тіпті ғасырлар бойы патриархалды қоғамда әлеуметтік тақырыптардың сыртында, тіл алушы, сөз тыңдаушы, айтқанды екі етпеуші, қарсы келмеуші, өз ойын және қалауын екінші орынға қоюшы, өзі үшін емес, өзге үшін өмір сүруші, альтруист үй жануары секілді көрінген әйелдің қоғам ішінде реификацияланғанын, яғни заттанған объект, дәлірек айтсақ жыныстық объект ретінде қарастырылғанын айтқысы келеді. Әрине, автор суреттеген кейіпкердің «ұятсыз-фильм» көруі қандай да бір жаңалық емес деуіңізге әбден болады. Оқып отырған жазбаныңызды да дәл бұлай басталуы «көрген көзге ұят, естіген құлаққа ерсі». Әрісі, мұндай «ұятсыз фильмдерді» тілге тиек еткен шығармалар жетіп артылады, енді ол жайлы арнайы жазба жазудың қажеті бар ма деуіңіз де мүмкін. Мәдениет пен тарихилықтың нәтижесінде қалыптасқан қоғамның өзіндік ережелері мен стандартына бар екенін ескере отырып, сіздердің бұл уәждеріңізбен толықтай қосыламыз. Десе де, автор шығарманы дәл осылай бастауында нендей сыр жатыр, патриархалды қоғамның суреті мен сиретін автор осы арқылы қалай суреттейді деген сұрақтар аясында әлеуметтік және философиялық интерпретация жасауға талпынамыз. Сонымен, автор алғашқы сөйлемінде «ұятсыз-фильм» метафорасын және оны көруші әйел көрермен екенін тілге тиек етеді. Мұнымен қоса, әйел көрерменнің фильмді алғаш рет көргенін де ұмытпағанымыз жөн. Бірақ романның кейінгі бөлімдерінде «аталған оқиға» туралы ешқандай дерек яки сілтемелер айтылмайды/жазылмайды. Осы арқылы автор оқырманға екі сатылы оқу әдісін ұсынады. Бірі: патриархалды қоғамның қалыптастырған эгосымен жаңағы оқиғаның ішіне түсіп кету және сол иллюзияның ішінде оқырман өз индивидуалдылығынан бас тартып, объектілендірілген зат ретінде өмір сүру. Себебі романда ешқандай кейіпкердің есімі немесе олардың «жабық алаң» (Фуко) сыртындағы өмірі суреттелмейді. Барлығы бейне бір камера алдында өтіп жатқаны секілді бір үйдің ішінде ғана орын алады. Бірақ қандай эгоға ие немесе маққұм болсаңыз да, көзіқарақты кез-келген оқырман мәтін ілгерілеген сайын екінші сатыға өтеді және бір сатыдан екіншісіне аттап бара жатқан уақытта кеудеңізде алып өкініш пайда болып, ғасырлар бойы бақытты қоғам құрамыз деген утопияның соңында шықпас лабиринттің пайда болғаны, ол оның ішінде өзіңіздің түкке тұрғысыз жаратылысқа айналғаныңызды немесе екеніңізді сезесіз. Ал осы түкке тұрғысыз жаратылыстың шамамен 5000 жылдай уақыт бойы өзінің «түкке тұратын» жаратылыс екенін сезіну үшін өзгелерді басып жаншығанына, оларды езу арқылы бір сәтке өз эголарын таныштандырғанына мәтін ілгерілеген сайын оның жазылмаған бөліктерінен куә боласыз. Ал мұндағы басып-жаншу, өз гегемониясын орнату сынды процесстер дихатомияға негізделетінін бүгінге дейінгі жазбаларымызды айттық/жаздық. Қазіргі жазбамыздағы дихатомия – еркек және әйел. 

Сонымен, 5000 жылдай уақыт бойы әйел – құлдың құлы, ақылы құлдың үйдегі тегін қызметшісі, капиталистік нарықтың жыныстық метасы, діндарлардың нәпсі өлшемі, кез-келген жабық алаңның (жабық қоғамның) декорациясы ретінде қабылданып келді. Біз автордың шығармасына сүйене отырып, мұндағы әйел – капиталистік нарықтың жыныстық метасы деген танымдамамен жазбамызды әрмен қарай жалғастырамыз. Энни Эрноның өткен ғасырдың 40-шы жылында дүниеге келгенін назарымызда ұстайтын болсақ, оның жастық шағы феминистік әрекеттің екінші толқынымен тұспа-тұс келетінін байқаймыз. 

Бірінші толқын феминизм теңдікке (сайлау және сайлану құқығы, меншік құқығы) заңдық кедергілерді жоюға баса назар аударса, екінші толқын феминизм аясы одан әрмен кеңейе түсті. Яғни, екінші феминистік толқынның мақсаты әйелдердің саяси және заңды құқықтарын алумен ғана шектелмеді. Бұл толқынның ойынша, саяси және заңды құқықтарға ие болу патриархалдық жүйенің әйелдерге орнатқан үстемдігінің шешімі емес деп есептеді. Осы үшін де, Екінші толқын феминизм әйелдердің үйдегі гендерлік рөлдерге, репродуктивті бостандыққа және жыныстық еркіндікке байланысты кездесетін теңсіздіктерге назар аударды. Талаптардың барлығы әйелдерді патриархалдық қоғамның бақылауынан босату арқылы өз денесін және күнделікті өмірдегі әрекеттерін өз бақылауына алуға ұмтылуымен байланысты болды. Әйелдер енді аборт жасау құқығы, туу құқығы, әйелдердің жеке құқықтары және жыныстық еркіндік құқығы сияқты бірінші толқын феминистері талап еткен саяси және заңды құқықтардан әлдеқайда тереңдей түсті. 1949 жылы Симона де Бовуардың «Екінші жыныс» (Le Deuxième Sexe), 1963 жылы Бэтти Фриданның «Әйел құпиясы» (The Feminine Mystique) сынды шығармалар қоғам арасында үлкен резонанс туғызды. Бовуар аталған кітапта әйелдердің жағдайын тарихи, мәдени және әлеуметтік деңгейде талқылай отырып, оның патриархалдық отбасылық құрылымда адам құқықтарынан айырылып, ерлер белгілеген белгілі бір міндеттер жүктелу арқылы физикалық және жыныстық қанаушылыққа ұшырағанына назар аударса, Фридан бұл еңбегінде ерлер мен әйелдерді тұрмыстық саламен шектейтін патриархалдық нормаларды сынап, әйелдерді үйге қамап, оларды тек қана қазан-ошақ маңына «шынжырлаған» және әйелдерге шығармашылық және интеллектуалдық қабілеттерін көрсетуге мүмкіндік бермеген қоғамның кемшіліктері мен қателіктіктеріне бағытталған бірқатар мәселелерді күнтізбеге алып келді. Осы арқылы әйелдердің қоғамдағы орны мен рөлі туралы пікірталас ашылды. Ал Бовуардың «Әйел болып тумайсың, әйел боласың» сөзі осы кезеңнің ұранына айналды. Нәтижесінде жоғарыда да айтқанымыздай, отбасы, үй еңбегі, жыныстық құқық және туу құқығы, тұрмыстық зорлық-зомбылық сияқты көптеген мәселелер тамырымен қазып алынып, түбегейлі талқылана бастады. 

Әрине, әйелдер құқығы, олардың индивидуалдығы жөніндегі мәселелер мұнымен тоқтап яки бітіп қалмады. 1990 жылдары өмірге келген үшінші толқын феминизмі екінші толқын феминизмнің инклюзивті әйелдер қозғалысын және барлық әйелдердің проблемаларын білдіретін формация құра алмағанын алға тарта отырып, одан әрмен тереңдей түсті. Бұл толқын феминизмі әйелдердің әртүрлі нәсілдерден, әртүрлі шығу тегінен, әртүрлі наным-сенімдерден және әртүрлі мәдениеттерден шыққанын қабылдап, олардың индивидуалдылығы тура сөз қозғай бастады. Мысалы, Африкада кедейлікте өмір сүретін немесе Вьетнамда яки басқа мемлекеттерде күніне екі/үш долларға зауытшы болып жұмыс істейтін әйелдердің қиындықтары үшінші толқын феминизмнің өзіне дейінгі толқын секілді америкалық орта тап әйелдер шеңберімен ғана шектелмей әлемдік проблемаларға да назар аударуға мүмкіндік туғызды. Сонымен қатар, аталған толқын феминизмі әртүрлі жыныстық ерекшеліктегі әйелдерді де қамту үшін әйел ұғымын кеңейтуға тырысты. Джудит Батлер 1990 жылы жазылған «Гендерлік қиыншылық: Феминизм және бірегейлікті бұзу» (Gender Trouble: Feminism and the Subversion of Identity) атты кітабында гендер ұғымына күмән келтіреді. Оның айтуынша, еркек пен әйел тек екі жыныс емес. Осы арқылы дәстүрлі гендерлік классификацияға қарсы шығады. Осы және өзге де құқықтық/психологиялық/әлеуметтік жаңа пікірлерді ұсынғаны үшін Батлердің аталған кітабы үшінші толқын феминистік қозғалыс үшін маңызды еңбектердің қатарына кірді. Әйел құқығы, олардың теңдігі үшінші толқынмен де аяқталып қалмады. Қоғам ілгерілеп, технология дамыған сайын гендерлік теңсіздік те өзіндік проблемаларын тудырып келеді. Осы үшін де, жаңа ғасырдың басында феминизмнің төртінші толқыны әлеуметтік медиа концепциясы әлемдік өркениетке ене бастаған кезде пайда болды және әлі де қалыптасып келеді десек артық айтқанымыз емес. Facebook, Twitter және Instagram сияқты әлеуметтік медиа қосымшалары әйелдерге жаһандық байланыс орнатуға мүмкіндік беріп, әлемнің түкпір-түкпірінен көптеген феминистер  бір сетьте біріге алды. Мысалы, Таяу Шығыстағы патриархалдық жүйенің езгісіне ұшыраған әйел, кез-келген әлемдегі кеңсе қызметкерімен немесе аталған желілерде парақшасы  бар қалаған адаммен өз мәселелерін бөлісіп, оның қолдауын сезіне алады. Тағы да бір тарихи мысал ретінде 2017 жылдары жиырма үш жылға бас бостандығынан айрылған Голливуд продюсері Харви Вайнштейнты ала аламыз. 2017 жылдың қазан айында «Нью-Йорк Таймс» продюсердің бірқатар ауыр жыныстық қылмыстар жасағаны туралы хабар жариялайды. Осы жаңалықтан кейін феминисттер медияда #MeToo хэштегімен #MeToo қозғалысын бастайды. Қозғалыс күн өткен сайын күшейіп, мыңдаған әйелдер осы хэштегті өздеріне қиянат жасаған ерлерді әшкерелеу үшін пайдаланып, Харви Вайнштейн болса әйелдер ынтымақтастығы күшінің арқасында 23 жылға бас бостандығынан айырылады. Осылайша, төртінші толқын феминизмі әлемнің көптеген бөліктеріндегі әйелдерге жаһандық байланыс орнатуға және олардың жалғыз емес екенін білуге ​​мүмкіндік берді. Жазбамыздың нақты әрі түсінікті болу үшін феминизм жайлы кішігірім репликадан кейін Энни Эрноға қайта оралсақ, шығармашылығының алғашқы кезеңдері феминизмнің екінші толқынымен тұспа-тұс келгенін және жазба басындағы «ұятсыз сөйлемнің» нендей мағынада жазылғанын, сөйлемнің контексінде нендей ой жатқанын түсінікті болған шығар деген ойдамыз. Мұнымен қоса, аталған сөйлем біздің ойымызға феминизмнен бөлек, Славой Жижектің философиясын да салады. Капиталистік индустрияда камерадағы эллюзияға құрылған субъектілік пен символдарға негілделген объектілік сынды мәселелер бір ғана сөйлем мен бір ғана бөлімнің контексінде көтеріліп, патриархалды қоғамда әйелдің тек қана эллюзиясына құрылған жыныстық субъекті екенін айтуға тырысады Эрно. Осы арқылы гендерлік теңдігі сақталған кез-келген қоғамдағы әйел субъектілігінің (әрісі барлық жаратылыс субъектілігінің) «шынжыры» үстем тап өкілдерінің  капиталына тәуелді екенін бейнелейді. 

Әлқисса, Энни Эрно – қарапайым жұмысшылар отбасында дүниеге келген француз жазушысы. Шығармаларының басым көпшілігі өмірбаяндық сарында болғаннан кейін, оның өмірінің кейбір кезеңдерін романдарынан оқып білуге болады. Сол үшін оның өмірі жайлы ештеңе айтпай тек қана шығармаларын оқуға кеңес береміз. 

Жалпы кез-келген әдеби шығармадағы ең маңызды елементтердің бірі нарратордың тұлғалық мәселесі екенін ескерсек, Эрноның шығармаларында бұл айтарлықтай рөл ойнайды. Шығармадағы нарратордың хал-ахуалы туралы бұған дейін «Қазіргі Әзербайжан әдебиеті: өлі үй» атты жазбамызда кеңірек жазған болатынбыз. Сол жазбамызда әдебиеттанушы Франц Карл Штанцельдің «құдайлық нарратор» ұғымы жайлы айтқан едік. Яғни, «құдайлық нарратор» барлығын көруге қауқарлы, шығармада не болғанын және не болатынын ұсақ-түйекке дейін біледі» дейд Штанцель. Сондықтан «құдайлық нарратор» оқырманды шексіз көзқараспен мәтіннің кез-келген жерінде қарсы алады немесе жетектеп жүреді. Енді осы бір «құдайлық нарратор» пікірін тереңдете отырып, Эрноның шығармаларына қарағанымызда, автордың нарраторлық тұлға ретінде көрініс табуы үлкен маңызға ие екенін аңғаруымызға болады. Себебі жазушы барлық шығармаларында көрініп, яғни өз өмірінің кейбір кезеңдерін оқырманға үнемі баяндап отырады, ал оқырман шығармадағы автордың ізін бірден танып, онымен әрбір шығарма сайын сапар шегіп отырады. Осы тұрғыдан алып қарағанда, Эрноның шығармаларында нарратордың тұлғалық бейнесі көпқабатты және құпиялы болып келетіні шығарма стилін көрнекті және бояуын қанық ете түседі.  Осы үшін де автордың өміріне жеке тоқталмай, шығармаларындағы оқиғалар арқылы танысуларыңызды сұранамыз. Ал біз болсақ, мәтін бойы Эрноның жалқы өмірінен жалпы өміріне, жеке тіршілігінен әлеуметтік тақырыптарға ойыса отырып, шығарма контексінде феминистік көзқарастарды ашуға талпынамыз. 

Шығармашылық өмірін жиырмасыншы ғасырдың екінші жартысында әйелдер құқығы туралы пікірталастар дендеп тұрған кезде бастаған, орта таптағы отбасынан шыққан Энни Эрно - өмір бойы әйелдер құқығын қорғау мен әйел бостандығы үшін күрескен жауынгер жазушы. 1974 жылы «Бос тартпалар» ( фр. Les Armoires Vides) романымен жазушылық өмірін бастаған Э. Эрно «Адам» (фр. La Place), «Әйел» (фр. Une Femme) «Қарапайым Құмарлық» (фр. Passion simple), «Жылдар» (фр. Les Annnées) атты романдарымен әдебиет әлеміне танылған. Шығармаларында әйел болудың әртүрлі аспектілерін қарастырып, сексуалдық/ әлеуметтік қысым, әйелдерді қорлау және күш қолдану сияқты тақырыптарды бейнелейді. Осылайша, автор мәтін мен оқырман арасындағы дискурсқа жол ашып, патриархалдық қоғамдық құрылымға қарсы тұру үшін өзінің жыныстық өмірін ашық және еркін баяндау арқылы патриархалды құндылықтар мен иерархиялық құрылымдарға басқаша қарауға мүмкіндік сыйлады. Осы және өзге де аспектілер негізінде Эрно шығармашылығына көз салатын болсақ, оның «Қарапайым құмарлық» романы құштарлық пен құмарлықтың қапасында қалған әйел бейнесін қарастырғанымен, контексте капиталистік қоғамдағы эллюзияға құрылған әйел субъектілігін бейнелеуге талпынады. 

«Қарапайым құмарлық» - рационалды құндылықтарға негіздеген қоғамның стандарттарын бір шетке ысырып қойып, оқитын шығарма. Автор шығармада күйеуінен айрылған әйелдің отбасылы бір еркекпен құрған ара-қатынасын баяндайды.  Дәлірек айтсақ, ер адамның отбасы бар екенін біле тұра «тыйым салынған» қарым-қатынасқа келіскен әйел мен заңды әйелін алдауға ешқандай кедергі көрмейтін ер адамның өзара «құмарлықтары» суреттеледі. Осы арқылы жазушы әлеуметтік мәселелерді, капиталистік қоғамдарда құлдырап бара жатқан моральдік құндылықтарды әдеби шығарма деңгейінде бейнелеуге тырысады. Яғни, «Қарапайым құмарлық» өзін таза сексуалды шығарма етінде бағалатудың орнына, сексуалдылықтың шегіне күмін келтіретін роман ретінде көз салуды үгіттейді. Себебі Франция негізгі құқықтар мен бостандықтар тұрғысынан салыстырмалы еркіндікке ие болғанымен, әйел жазушыдан өткен ғасырдың аяғында жыныстық тәжірибені баяндайтын роман жазу әрекеті үшін батылдық қажет етілетін. Осы бір «батылдықтың» арқасында Эрно шығарманы бірінші жақта жекелей баяндау арқылы мәтін мен оқырман арасына реалистік дискурс жасайды. Бұл дискурстар шығармада үш негізге сүйенеді. Оның біріншісі, жоғарыда да айтқанымыздай, отбалы еркекпен қарым-қатынасқа келіскен әйел, қарым-қатынасты балаларынан да артық көретін әйел және осы қарым-қатынасын дұрыс емес екенін біле тұра жасырмай жазуға тырысатын әйел. Осылайша, қоғамда тыйым салынған көптеген фактілерге күмән келтіру арқылы оқырман мен мәтін арасында дискурс пайда болады. Ал мұндағы «автор қайда?» деген орынды сұрақ пайда болуы мүмкін. Мәтін мен оқырман арасында дискурс пайда болған уақытта автор шығармадағы кейіпкердің тілімен айтатын болсақ, «жол апатына ұшырауы немесе өлуі мүмкін, тіпті соғыс басталып яки революция орын алуы әбден ықтимал» Яғни, аталған дискурс орын алған кезде автор басқа уақытта, басқа мекенде болады. Оны ешкім кінәлай алмайды, көре де алмайды, біле де алмайды. Ол ол жерде жоқ. Осы себепті де автор өмірінің кейбір кезеңдерін ашық әрі нақты жазудан тартынбайды. Бірақ сүйіктісінің есімін жазбай, жай ғана «А» деп белгілейді. Оның  сүйіктісі өзі жайлы кітап жазғанын қаламағанын, әрісі автордың тілінен бұл шығарманың «не ол жайлы не өзі жайлы емес екенін» түсінуімізге болады. Бұл шығарма «оның болмысының маған берген ерекшеліктері жайлы» дейді Эрно яки нарратор. Бірақ шығармада құраушы белгісіз бұл «А» есімді азамат жайлы ешқандай дерек берілмейді. Тек қана оның дипломат, үйленген, талғамды киім киетіні, вискиді жақсы көретіні және Ален Делонға ұқсайтынын айтады. Осы берілген сипаттардың өзі оқырман үшін де, автор үшін де жетіп артылады. Себебі шығармадағы сюжетке көп қатыспағанымен, оқиғалар тікелей соның қатысымен өрбиді. Яғни, нарратордың қиялындағы «А» образы романдағы барлық оқиғаның эпицентрі. Тіпті мәтін ілгерілеген сайын «А» есімді бар-жоғары күмәнмен қарай бастауыңыз да ғажап емес. Ол бейне бір жазушының санасында, оның қиялындағы, оның арманында өмір сүретін секілді болып көрінеді. Бірақ автор шезофрениялық әрекеттерге бармайды, яғни «А» есімді адамның бар екеніне оқырманды сендіріп отырады. Оны күтіп жүріп, өткен өміріндегі осыдан жиырма жыл бұрын жатырынан алдырған бала, отбасындағы психологиялы травмалар, сәтсіз неке сынды кейбір қоғамға ашық «айтыла бермейтін» сырларды да оқырманмен бөліседі. Ең маңызды автор бұл оқиғаларды айтып отырып, қасіреттің уын қасіретпен қайтарғысы келетіндей. Адам өз қасіреті жайлы мұншалық баяу және салқынқанды суреттеу үшін қаншалықты мықты болу керек дейсіз ішіңізден?! Бір сәтке мәтінді осы жерден тоқтатып, өзге түгіл өзініңіз ұмытып кеткіңіз келетін «құпияңыз» жайлы ойланып көріңізші, енді соны жарияға жар салып әлеуметтік желілерге пост қылып жазғаныңызды елестетіңіз. Білем, мұндай қадам екінінің бірінің қолынан келе бермейді. Ал Эрноның мықтылығы осыны жасайды және эстетикалық тұрғыда. Мысалы,  «бірде жиырма жыл бұрын заңсыз түсік жасатқан 17-ші округтегі Кардинет Пасажына барғым келді. Сол көшені, сол ғимаратты тағы бір рет көріп, оқиға болған пәтерге кіруім керек сияқты сезіндім. Осылайша, ескі қасіретімнің қазіргі қасіетімді жеңілдететініне үміттендім» деп жазады. Бірақ дертіне ешқандай дауа таба алмайды. Сол үшін де үйіне өз еркімен қамалады. Тіпті «өткен жылдың қыркүйек айынан бастап, бүгінге дейін оның маған телефон етуін, үйге келуін күтінен басқа ештеңе жасамадым» дейді. Яғни, нарратордың Канал  Плюстен фильм көргеніне дейінгі аралықта шамамен бір жылға жуық уақыт бар. Демек «А» мен Эрноның кездеспегеніне бір жылдай уақыт болған. Ал оқиға уақыты мен баяндау кезеңі арасында үш жылдай уақытқа созылғанын мәтіннің ішінде берілген даталардан бағамдауымызға болады. Мысалы, нарратор 1988 жылдың қыркүйегінен 1989 жылдық қарашасына дейінгі аралықты суреттейді. Сосын 1991 жылдың 20-қаңтарында соңғы рет кездеседі.  Мұны Эрно романында «Біздің оқиғамыздың ішіндегі бір нүктелі дата, 20-қаңтар» деп жазады. Демек, оқиға 1991 жылы 20-қаңтарда аяқталады. Ал аталған оқиғаны арқау еткен «Қарапайым құмарлық» романы 1992 жылы Париж қаласынан «Éditions Gallimard» баспасынан жарық көреді. Демек оқиға расында біз есептегендей үш жылға созылған болып шығады. Бірақ Эрно шығармада оқиғаны хронологиялық тұрғыда баяндамайды. Тіпті осы бір құмарлықтың шығу тегі немесе бастау нүктесі туралы ешқандай сөз қозғалмайды. Бұл туралы романда «менің құмарлығымның шығу тегіне келетін болсақ, мен оны психоаналитик ашатын алыстағы немесе жақындағы өмір тарихынан да, бала кезімнен маған әсер еткен эмоциялар мен мәдени мысалдардан да іздегім келмейді» деп құмарлығының панорамасын жасамайды. Тек бір ғана уақыт бар болатын болса, ол – күту. Нарратор «А-ны» қай жерде болмасын ойынан шығармайды және үздіксіз күтеді. Мысалы, «Оның оянғанын, кофе ішкенін, сөйлегенін, күлгенін көз алдыма елестетемін. Бейне бір мен жоқ секілдімін... Расында азаннан кешке дейін ойымнан бір шықпағанын білсе таңғалатын еді»  дейді. Сәйкесінше романдағы уақыт та бейне бір Эрноның ойында тоқтап қалғандай күй сыйлайды. Шаңы шаңына ілеспейтін уақыт бір сәтте Эрноның үйіне кіріп, «А-нонимді» күтетіндей. Сіз қанша қаласаңызда уақыт жылжымайды, бр орында телефонға қарап отыратындай. Ал енді шығармадағы уақыттың Эрноның үйінде күтіп отыратын қабілетте екенін аңғарған болсақ, романдағы кеңістіктің, яғни Эрноның үйіне де үлкен маңызға ие екенін ұғуымызға болады. Романда гүлдерге, таза жаймаларға, сүлгілерге, халаттарға және қораптағы азық-түліктерге толы Париж қаласының маңындағы үйді сипаттайды. Бірақ біздің менталымызда қалыптасқан Париждік стилдегі осынау ғажап үй нарратор үшін қимылсыз, күйсіз бір кеңістік қана. Автор өз санасында санасынан тыс қалыптасқан құмарлыққа өзін қалай қамаса, дәл солай үйге де өз-өзін қамап тастаған. Тек сыртқы әлеммен, оның өзінде тек қана «А-мен» байланыстыратын жалғыз және маңызды құрал –телефон. Тіпті «А» қоңырау шалып қалуы мүмкін деген оймен телефон басынан еш ажырамауға тырысады. Романда бұл туралы «соңғы кездесуімізбен бері сәт санап телефонның дауысын одан әрмен қайғылы, одан әрмен мұңды күтетінді шығардым» дейді. Тіпті «үйде жоқта телефон соғып қалудан қорқып, мүмкіндігінше сыртқа аз шыққанын» да жасырмай айтады. 

Көріп отырғанымыздай, автордың үйі тыйым салынған махаббат орын алатын жалғыз кеңістік ретінде әңгімеде маңызды функцияны алады. Мазасыз сәттер қысқа уақытқа болса да, «А-ның» келуімен бақытты және ляззатты уақыттармен ауыстырылады. Романда бұл жайлы «сағатымды тақпаймын, ол келмей тұрып қолымнан шығарып тастаймын. Оныкы үнемі қолында болатын, көзімнің қиығымен өткізген сәттерімізді бақылайтынмын. Мұз алу үшін асханаға барар жолда көздерімді есіктің үстіндегі қабырға сағатына салып: «екі сағаттан асып кетіпті», «бір сағат» немесе «бір сағаттан кейін мен мұнда боламын, ол болса кетеді» деп ойлаймын» деген сөйлемдері арқылы нарратор күллі өмірі бірнеше сағатқа тең деп бағалайтынын аңғарылады. Сәйкесінше нарратор үшін үй құмарлықтың шыңы мен тойымсыз ләззат алатын баспана іспетті. Күтудің азапты уақыты қысқа кездесулермен салыстырмалы бақытқа айналады. Осы сәттерде сағат тілі тоқтап, уақыт қатып қалғандай күй сыйлайды. «А-ның» қатысуымен экстаздық күйге бөленетін әйел үшін бұл сәттерден тыс барлық нәрсе бос және пайдасыз болып көрінеді. Мұнымен қоса, нарратор, яғни автор осы бір тиым салынған махабатта өте абай және өте мұқият. Тіпті «А-мен» кездесудің алдында төсекке жаңа жаймаларды жайып, бөлмені хош иісті гүлдермен безендіріп, «А-ның» жақсы көретін жемістері мен мұзды вискиін де дайындап қоюды ұмытпайды. Ол аз десеңіз, «А-ның» әйелі біліп қоймас үшін қоштасар сәттерінде барлығын қайтадан тексеріп шығарып салады. Бұл туралы романда «Оның киімінде өзімнің ізімді қалдырмауға тырысатынмын, денесіне де ләжі болса із қалдырмайтынмын. Мұны оның әйелімен араларында қандай да бір келеңсіздіктерге жол бермеу үшін ғана емес, мені тастап кетуіне себеп туғызбас үшін де жасайтынмын» дейді. Яғни, автор «А-ның» әйеліне ұсталып қалу үшін емес, «А-дан» ажырап қалмас үшін осы бір әрекеттерді жасайды. Осылайша, рухани үлкен дағдарысты бастан кешіріп, құмарлықтың тұтқынына айналған нарратор бір жағынан өз шындығымен бетпе-бет келсе, екінші жағынан үлкен тығырықта, адам төзгісіз жағдайға тап болады. Бұл текетірестің соңында бейсаналық процесстерде жасырылған және ұмытылған қараңғы сәттер жарыққа шығады. 

Қорытындылай келе, «Қарапайым құрмалық» жиырмасыншы ғасырдағы әйелдер тарапынан ең тыйым салынған тақырыптарды қозғаған айтулы шығарма. Әсіресе, капиталистік қоғамда қасиеттілігінен айырылған адамдар арасында әйел ретінде өмір сүруге талпыну одан да қиын құбылыс екенін түсіндіруге тырысады Эрно. Оның шығармасындағы нарратор әлемі гендерлік кемсітушілікке тап болған және осыған қарсы күрестің нәтижесінде әйелдердің ұшыраған трансформацияларын бейнелейді. Яғни, «Қарапайым құмарлық» - кез-келген адамның басынан өткеруі мүмкін оқиғаны әдеби түрде бейнелейтін және құмарлық пен тыйым салынған махаббаттың әлеуметтік жағдайына қарамастан адамдарды қалай жаулап алатындығын айқын көрсететін өзіндік ерекшелігі бар шығарманың бірі деп айта аламыз.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар