Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЭССЕ
Ерекеңнің ескерткішіне – торғайлықтардың тартуы!...

07.09.2021 3153

Ерекеңнің ескерткішіне – торғайлықтардың тартуы! 12+

Ерекеңнің ескерткішіне – торғайлықтардың тартуы! - adebiportal.kz

Таулардың алыптығы алыстаған сайын айқын көрінеді деуші еді. Бұл өзі кейбір тау тұлғалы адамдарға да қатысты ма деймін? Біздің бүгінгі әңгімеміздің арқауы болып отырған сондай адамдардың бірі – Еркін Нұржанұлы Әуелбеков!

Түптеп келгенде, Ерекең туған жері Көкшетауда ғана емес, бірінші басшы болып қызмет атқарған Торғай, Қызылорда облыстарында да өзінің кім екендігін көрсетіп кеткен биік тұлға!

Торғайда қызмет еткен жылдарында жаңа қалыптасқан облыстың абыройын асыра білді. Шағын облыстың басында Еркін Нұржанұлы тәрізді Одаққа танымал тұлға тұрғанда Торғайдың айбыны асып, айдарынан жел есіп тұрған кезеңдері еді десе де болғандай… Облыс халқы, әсіресе, қалың қазақ мекен еткен Аманкелді, Жанкелдин, Амантоғай, Арқалық аудандарының ел-жұрты оны ешқашан ұмытпақ емес. Облыс территориясының басым бөлігін алып жатқан сол өңірді мекен етіп, негізінен мал шаруашылығын машық еткен байырғы тұрғындардың хал ахуалының артуына, қазағы басым аудандардың қанат жаюына, бос жатқан жерлерді игеру мақсатында жаңа шаруашылықтар ашылуына Әуелбековтің табандылығы мен талапшылдығы себепкер болғандығын басқа білмесе де, біздің тұстастарымыз бен аға буын өкілдері өте жақсы біледі.

Елімізге танымал тұлғалар Мақтай Сағдиев, Қаратай Тұрысов, Өзбекәлі Жәнібеков, Кеңес Әубәкіров, Анатолий Спицын, Маркен Шайжүнісов, Павел Рогалев, Іргебай Ақсақалов, Виталий Брынкин, Марат Лебсак, Борис Петров, Мұхаметқали Айсин, Торсан Нұрмұхамедов, Александр Мельник, Николай Нефедченко, Тельман Данияров тәрізді ондаған басшылар Е.Н.Әуелбековтің жетекшілігімен Торғай даласында бел шеше қызмет атқарды. Біздің тұстастарымыз – Орал Мұхаметжанов, Жәнібек Кәріпжанов, Аманжол Сейітжанов, Аманкелді Мұхитбеков, Сергей Бочегов, Рысты Сариева, Нүрикамал Сейітжанова, Валерий Чубчиков, Нұрхан Ислямиев, Жақсылық Ғайсин, Тілеуқабыл Әбжанов, Жұмағали Өмірбеков, Марат Қасымов, Серікбай Тапаев және тағы басқа сол кездегі тепсе темір үзетін жігіттер Әуелбековтің тікелей тапсырмаларын орындап, тәлім-тәрбиесін алдық. Біздердің бойымыздағы еңбекке деген көзқарастың қалыптасуына, адал қызмет атқаруға деген құлшыныстың артуына Ерекеңдей басшының үлгі болғандығын бүгінгі таңда ашық айтуымыз керек.

Ерекеңді еске алып отырған осы шағын мақалада мен Әуелбековтің сан қырлы қасиеті мен қайраткерлігін ашып көрсеткелі отырғаным жоқ. Торғайда қызмет етіп, елге танымал болған – бүгінде жетпісіңнің жуан ортасына жеткен менің қатарларым өздерін Әуелбековтің шәкірті санайды. Қасында жүргенде кімнің қадір-қасиетін тани бересің? Барлығын дұрыс бағалау үшін қашанда уақыт керек. Оның үстіне Еркін Нұржанұлы жұмысқа келгенде қатал, ымыраға келмейтін, өзіне-өзі сенімді, әділ басшы болды.

Мен Ерекең еңбек еткен, негізін қалап кеткен бұрынғы Торғай облысының бүгінгі— Қостанай, Ақмола облыстарына қарасты байырғы аудандарындағы ел-жұрттың Әуелбековті әлі ұмыта қоймағандығын, әлі күнге дейін ардақ тұтатындығын ескерткішке қаржы жинау барысында толық көзім жеткенін атап айтқым келеді.

Айта кету керек, Әуелбековтің 90 жылдығына орай Көкшетау қаласында ескерткіш орнатылатындығын Торғай жұртшылығы зор ризашылықпен қарсы алды. Ол ескерткіштің м—емлекеттің емес, қолдаушылардың қаржысымен салынатындығына да шүкіршілік етті… Көкше жұрты бас болып, арнайы қор ашып, жұмыс жүргізе бастағанын, оларды қызылордалық бауырларымыздың бірден қолдап кеткендігін де естіп, қуанып жаттық. Осындай қуанышты сәтте біз не істеуіміз керек? Қалай үнсіз жатамыз? Жасыратыны жоқ, көңіл толқып, Ерекеңнің сол кездердегі іс-әрекеттері еріксіз еске түсіп, жан-дүниемізге қозғау салатын ерекше бір күйді сезінгендей болдық…

Міне, біздің көбіміздің көңілімізде тұрған осы тәрізді сұрақтар мені бұл іске бел шеше араласуға алып келді.

Осы ойымды Ерекеңнің сиреп қалған серіктерінің бірі, 87 жасқа келген Кеңес Аманұлы Әубәкіровке барып бөліскенімде, ол кісі де мақұлдап, ризалығын білдірді. Осыған дейін де, өз басым Ерекеңе қатысты іс-шаралардан ешқашан шет қалып көрген емес болатынмын.

2012 жылы Ерекеңе арнап шығарылған «Қазақтың асыл перзе—нті» атты кітаптың жарық көруіне белсене атсалысқан Дәуренбек Ахметбеков, Кәкімбек Салықов, Серікбай Тапаевтармен бірге ұйымдастыру шараларын атқардық. Ал, 2015 жылы Қызылорда қаласында Еркін Нұржанұлының 85 жылдығына орай Дарынды балаларға арналған мектепке Әуелбеков есімі беріліп, бюст орнатылғанда сол іске жанашыр болғандардың бірі болдық. Енді ескерткіш орнатылуға катысты мәселеде қалай тартынып қалмақпын?! Бұл іске де араласуды өзіме парыз санап, бел шеше кірісуіме тура келді.

Қасыма Әділхан Жүсіпов, Жалғасбек Сүлейменов, Мұрат Тойлыбаев тәрізді істің ретін білетін, көзқарастары қалыптасқан, сенімді де, жауапкершілігі мол бірнеше азаматтарды топтастырып, бұл істің де ұйымдас-тыру жұмыстарын бастап кеттік.

Біріншіден, Ерекеңмен жұмыс жасасып, оның қадір-қасиетін жақсы білетін облыс, аудан басшысы болған азаматтардан бастап, шаруашылық директорларына дейін тізімін жасап, олардың әрқайсысымен тікелей кездесе алмасақ та, телефон арқылы хабарласып, мән-жайды жете түсіндіруге тура келді.

Торғайдың байырғы аудандары саналатын Аманкелді мен Жанкелдин, Арқалық аудандары халқының Ерекеңе деген пейіліне, риясыз көңіліне куә болдық. Әсіресе, Жанкелдин ауданының қайраткер азаматы, танымал меценат Кәкімжан Кәрбозов ағамыз бастаған ел азаматтарын атап айтқым келеді. Басқа да бұл іске ерекше мән беріп, жауапкершілікпен қараған Максим Федорович Артемук, Иван Иванович Гертнер, Николай Сергеевич Поспелов, Қазбек Қанапияұлы Мұқашев, Жүсіп Ысқақұлы Өткелбаев, Қайрат Сәрсенбайұлы Айтбаев, Абай Құспанұлы Мұқанов, Есенжол Қабыкенұлы Қасенов, Уәлихан Арипов, Теміржан Төлеубаев, Жалғасбек Сүлейменов, Марат Мұстафин, Жақсылық Алпысбаев, Ислямхан Сексенбаев, Көшекбай Біржекеев тәрізді көптеген азаматтар өздерінің ықылас ниеттерін білдіріп, ерекше белсенділікпен сыбағалы үлестерін қосып, елдің мерейін бір көтеріп тастағандықтарын ризалықпен атап өткім келеді.

Бір өкініштісі, Ерекеңнің тәрбиесін алып, қамқорлығын көрген кейбір біз білетін жігіттердің арасында өз кісіліктерін көрсете алмай, «Көзі жоқтың – өзі жоқ» деген қалып танытқандары да болғанын жасыра алмаймын. Әрине, оларға бірдеңе деп қайыра айтып, қайтадан хабарласып жатуды артық санадық…

Бұл жерде мәселе – кімнің қанша бере алғандығында емес, адамның көңілі мен ниетінде екендігін баса айт-қым келеді. Көптің аты көп. Қалың жұрттың қозғалысы мен бас көтерер жігіттердің бар болғандығының арқасында айналдырған бір-ер ай ішінде 8 миллионнан астам қаражат жиналды. Біз мұны жақсы жетістік деп есептедік. Оның әр тиыны тікелей бақылауда ұсталғанын да ашып айтуға тиіспін. Түскен қаражат Ерекеңнің туған жері Көкшетау қаласында ашылған Әуелбеков қорына аударылды. /Басшысы Оразкен Нұртазин/.

Ең бастысы, Ерекеңді Торғай елі ұмытпай, оның қадір-қасиетін терең түсінетіндігін көрсетті. Қолынан келген көмегі мен ниетін көрсете білген Торғайдың текті халқына осы елдің бір перзенті ретінде зор алғысымды білдіргім келеді!

Көкшедегі осы істің басы-қасында жүрген азаматтар торғайлықтардың Ерекеңнің ескерткішіне деген тарту-таралғысын аз демей, көп демей бар ықыласымен қуана қарсы алды. Осы іске қатысты көкшетаулықтардың білдірген Алғыс сезімі мен ризалық пейілін Сіздерге жеткізуді парыз санаймын!

Қалай десек те, Ерекеңе қатысты атқарылып жатқан елдік істі көріп-біле отырып, сырттап қалу – киелі Торғай елінің атына да, затына да сай келмес еді. Біздің елдің азаматтары ең алдымен, осыны жақсы түсінді, бірлігі мен білдігін, елдік қасиетін көрсете білді десем артық болмас. Бауырларымыз Ерекеңнің 90 жылдығына деген тарту-таралғысын абыроймен атқарып шықты. Торғай халқының жүрегінде Әуелбековтей есіл ердің салып кеткен өрнекті жолдары мен ізгілікке толы игі істері әлі күнге дейін сайрап жатқандығы осыдан-ақ көрінді. Даласындай дархан Торғай елінің болашағы жарқын, келешегі кемел болсын, құрметті жерлестер!

Амангелді Садырбеков


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар