Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Ержан Жаубай. Әке өмірі...

16.01.2023 2272

Ержан Жаубай. Әке өмірі

Ержан Жаубай. Әке өмірі - adebiportal.kz

Белгілі журналист Ержан Жаубайдың қаламынан шыққан, әулеті тарихынан, аталар, әкелер жолынан сыр шертетін жазбасын жариялап отырмыз.

Әке өмірі

 

Әкемді бәріңіз білесіздер. «Жаубайдың жауабы» жинақ кітабы әкемнің өмірде қандай адам болғанын танытты деген ойдамын. Біз бір әкеден бес қыз, төрт ұлмыз. Бізді асырап-бағып, тәлім-тәрбие беру жолында әкем мен шешемнің көрген қиыншылығы мен қызық-қуанышы – бір әулеттің тағдыр-тауқыметі. Қай бала әке-шешесін мақтан тұтпас дейсіз. Сол әке-шешесін мақтан тұтар көп баланың бірі бізбіз. 

Әкемнің өміріндегі аңызға бергісіз шындықтарды оқырман қауымға көркем тілмен жеткізсем деймін.

Сушы

Сушының ойында не барын ешкім білмейді. Білмегендері де жақсы. Білсе... Сушы жан-жағына күдіктене қарап қойды. Қобда басынан нәзік ызыңдап самал соқты. Осы самал жанына майдай жағады. Бәлкім, Марқакөлдің айдынын аймалаған жылымық шығар... Кеудесінен сыздықтай шыққан күрсіністі өзі де тежей алмай қалды.

Балалық шағы өткен Марқакөлді ешқашан ойынан шығарған емес...

Артындағы ұлының ентіккен үні алыстап барады. «Не болса да, Үшқараның беліне шығып тоқтайын», - деп ойлады. 

Әкесі Сасқанбайдың келбеті көз алдына келді. Малдыбайдың жалғыз ұлы еді. Атасы Малдыбай өмір бойы байдың жылқышысы болған деседі. «Марқаның бір саласындағы Құмдыкөлге жылқыны құлатып жіберіп, құрығын көл шетіне қадап, малын түгендейді екен», - деп аңыз қылатын үлкендер. Сол Малдыбайдың кіндігінен тараған Сасқанбай да жылқышы болды. «Сасқанбайдың үш арысы» атанып, бұлар да көзін жылқымен ашты. Қазір сол Атажұрт, сол «үш арыс» қайда?!

Інісі Шәкім мен Шәкіртбайды көрмегелі қай заман!? Бурылтоғайдан Қобдаға келгеннен кейін, бұлар бас амандығы үшін үш жаққа кетті. Ұзынқұлақтан бауырлары Қобда аймағының бір өлкесінде деп естігені бар. «Қайран бауырларым, не күйде жүр екенсіңдер?!»

Аққол мен Ұланқұстың арасындағы отыз бес шақырым жол – Сушының табаны талай тиген топырақ. Кеңқолтық керейлердің ортасына келіп, «жәдікпіз» деп сіңгелі бері, осы бір кезеңнің ар жақ-бер жағына аптасында болмаса да, айында бір-екі рет келіп кету әдеті. Онда да тегін келмейді, Ұланқұстың жеті жылдық мектебінде оқитын ұлын көріп кетуге, реті келсе, бір күнге болсын, Ақтомпаққа ала кетуге келеді. Осы жолы да сол ұлын алып қайтып бара жатқан беті. 

Ой қажайды. Иығындағы жетпіс келілік бір қап ұнның салмағы Сушының басындағы ойдың салмағынан жетпіс есе жеңіл шығар... 

Артындағы дыбыс мүлде естілмей қалды. Бесіншіні биыл бітіретін ұлына іштей жаны ашып келеді. Бірақ, мұның жаны ашыды екен деп, ертең өмір оның маңдайынан сипамасы анық. Пыссын. Өзі де бір кезде осылай жетілген. Бірақ ол кез бұл үшін жұмақ секілді еді. Таңнан кешке дейін Марқаның айдынында жүретін. Сонда жүріп, сушылықты үйренді. Ауылдың қарасирақтары айдын бетінде асыр салып: «Кім ұзақ жүзеді? Кім су астында ұзақ шыдайды?» - деп жарысатын. Өзі ат жалын тартып, әкесіне еріп, құрық ұстап, жылқы шетіне шыққанша, мұның алдына түскен бір бала болған жоқ ауылда. Марқаның мөлдір суына сүңгіп кетіп, көл табанындағы жұмсақ топыраққа малдас құрып, екі қолына екі тас ұстап отыра беретін. Сонда байқаған, су астындағы адамның екі табаны мен екі қолы су бетіне қалқып шығып тоқтамайтын еді. Басы төмен тарта беретін.

Үшқараның иығына шықты. Еңісте Қобда өзені ирелеңдеп жатыр. Айдаладағы жалғыз көзді дәудің жанарындай сарғайып Сарыкөл көрінеді. Сарықарынның тұсынан бір ғана айрықтан өткен дұрыс па, әлде Жетіөткелден барып, шілікті аралап, үйдің тұсынан шыққан ыңғайлы ма?.. 

Сушы өзінің үйреншікті тасына келіп отырды да, қолын қонышына тықты. Таңертең үйден шығарда, қонышына тыға салған төрт тал сүбені алып, беліндегі бүктеме бәкісімен екі елі майдан бір кертіп таңдайына басты. 

Ұлы да қасына жетті. Сүмек болып терлеп, таңдайы кеберсіп тұрғанын байқады. Жанторсығындағы шалаптан бір жұтқызды да, қолындағы сүбеден оған да бір кертіп берді. Қалғанын мұқият орап, қайтадан қонышына тыға салды.

Жамал не істеп жатыр екен? Ақтабанды суарып, арқандай салуды тапсырмағанын қарашы. Жануар, жылқы демесең, адамнан есті ғой, шіркін. Алыс жолға Ақтабан мыңқ етпей шыдар еді, бірақ Сушының жаяу жүріп үйренген денесі, атқа мінсе, көдексіп-ақ қалады. Әрі жолға қанша мықты болса да, суға келгенде, Ақтабанның осалдығы білініп қалады. Бірнеше рет жетелеп өткені бар. Ал қара жерге келгенде, қайық қой, жануар. Бәйгетөбенің қайқайысында жайлақ мініп, қасқыр соққалы бері, Ақтабанның дақпырты тарап кетті.

Осы ойды ойламайын-ақ дейді... орала береді, орала береді, Шіліктің шырмауығындай, санаңды торлап, сан тарапқа алып кете беретіні бар...

Ұланқұстан бері шығар ауыздағы көкдөңнен үш-төрт атты кісінің қарасы көрінді. Олар келсе, тағы да айналып қалам ба?! - деп, ұнды иығына дұрыстап қойды да, жылжи жөнелді. 

Манағы ой тағы көңіліне оралды. Жетіөткелдің шілігін аралап, масаға таланғанша, Қайыңдыаралдың желкесінен бір-ақ кесіп өте салғаны оңды ғой... Шұбарбеттен тіке Қайыңдыаралға тартты.

Бөлтірігін ерткен бөрідей бұлаңытып, еңкейістен түсіп келе жатқанда, арттағы аттылар да қуып жетті. Ауылдың өзі танитын бірнеше жігіті екен. Жоқ қарап жүрген көрінеді. Бұны сынағысы келді ме, аттарын желе-аяңдатып, әңгімелесіп келеді.

Жігіттердің бірі шыдамады ма, «Ақсақал, ұныңызды бөктеріп алайық» - деді. Сушы жас жігіттің бетіне күлімсірей қарады. «Рақмет, айналайын, үйренген тірлік қой» - деді, ешқандай ауырлықты сезінбеген адамның кейпімен. Бұдан ары қариямен қатарласып жүре берсе, «Аттыға еріп жаяудың таңы айырылыпты» деген сөздің керісі болатынын түсінген ауылдастары аттарын желе шоқырақтатып, Ботамойынға қарай құлдап кетті.

Аттылармен дабырлап келе жатып, байқамай қалыпты, Аққол басымен астасып жатқан Бес Тәңірі шыңының сол жақ қапталын ала, көзге мұнартып көрінетін Мұзтау далдаға түсіп кетіпті. Сушы іштей бір қынжылып қойды. Үшқараның беліне шыққанда, Мұзтаудың сол қапталын иектей жататын Марқаның бұйраларын көңіл көзімен бір аралап шығатын әдеті еді.

Сушы екі інісімен бірге Атажұрттан Алтайдың Көктоғайына, одан Қобдаға, одан осы Цэнгэл, Соғақ топырағына табан тигізгелі де ширек ғасырдан астам уақыт болып қалыпты. Осы өлкеге келген соң, бала күнінде Марқада үйреніп, Алтай бетінің Қыран Ертіс, Бала Ертіс, Дала Ертіс, Қара Ертісінде шыңдаған сушылық өнері іске асты. Моңғолияның ең батысындағы Қобда аталатын арынды өзенде сал айдап, ағаш таситын керейлер көп. Әуелі Қобда қазақтарына салшылықты үйреткен – өзінің ағасындай болып кеткен Қазыбай марқұм еді. «Ай, жігіттің төресі еді ғой, жарықтық! Енді ондай ұл туар ма, жоқ па?!»

Сол сал айдаған жігіттердің абдырайтын жері – Жетіөткелдің шілігі. Қайыңдыаралға дейін бір арна болып, толықсып келген Қобда, Қайыңдыаралдан өткеннен кейін 6-7 айрыққа айналып, тарам-тарам болып кетеді. Су аса қатты тасымаған жылдары жеке-жеке айрыққа түскен салды екі-үш табақтан ғана «Көлге» жеткізгенше, кейде бірнеше күн өтіп кетеді. Ал осындайда шыжым ағытылып кетіп, не арқан үзіліп, жар соғып, бытырау-тарау болып кеткен салды судан шығаруға Сушыны қосар атпен іздейтіндер көп. Бұл еңбегін бұлдаған емес. Бұдан басқа адам болса, қулық жасап, шіліктің арасына бірнеше бөренені тығып тастап, ана Ақтомпақтағы жеркепені даңғарадай құлақты үйге айналдырып алуына болар еді. Бірақ өмірі өзгенің затына қызығып, өзінде жоққа емінген пәндең бұл емес.

«Шәке, өзіңізге келдік», - деп, салмақ сала келген жанның бетін қайтарып көрген жоқ. Тіпті жаздайғы ермегі – сол толқынмен алысып, ағыспен жарысып, бөрене сүйреу. Сушы бір сәт сусыз отырған емес. Болмағанда, ауылдастары «Шәкербай аралы» атап кеткен аралға барып балық аулайды.

Қазір артында етігі қорпылдап, мұрны қорқылдап келе жатқан Жаубайын ертіп алып, күнұзақ өзен жағалайды. Күні бойы суық суға балық тазалаған баласының қолы шыт-шыт болып жарылып, кешке таман қаны шығып, күреңітіп тұрады. Ондайда Сушы күндіз балық тазалағанда жинатып алған балықтың іш майын шыжғырып, соны ыстықтай жағып береді. Таңертең жарылған қолдан сызат та қалмайды.

Сушы барар жерін ешқашан алыссынған емес. Тек соған жетер ой болса болғаны. Ал Сушыда ойдан көп нәрсе жоқ. Бірінен кейін бірі келе береді, келе береді. Осы қазір өзі отырған Ақтомпақтан таңғы бесте шығып, 75 шақырым жердегі Жыландыдағы сайлау орталығына барып, дауыс беріп, кешке Ақтомпаққа жаяу келу бұл үшін ештеңе емес. Сондағы ұзақ күн мен ұзақ жолда жанына серік етері – ойы ғана. Сырттай қараған адам Сушыны сөйлемейтін, томаға-тұйық адам санайды. Рас, сырттай бұл аз сөзді, көп күшті адам. Ал, ой ойлауда... таусылмайды ғой, шіркін...

Қобда өзен көктемгі қар суымен екі езуі көпіріп, құласұрланып, кәріне мініп алған екен. Алла амандық берсе, салшылар да ендігі көлге түсіп жатқан болуы керек.

Сушы әдеттегідей, иығындағы ұнды тасқа сүйеп қойды да, екі етігін, сыртқы тері жарғағын, үстіндегі кенеп мешпетін шешіп, ақ жейде, ақ дамбалшаң қалды. Содан кейін беліне ораған қайыс арқанның бір ұшын қалдырды да, екінші ұшын беліне қайтадан мықтап орады. Қалған ұшымен ұлының белінен байлады. Үйреншікті әдетімен бір қап ұнды оң иығына қойды да, киімін төбесіне орап, ұнға сүйеді. Содан кейін ұлын сол қолымен қапсыра құшақтап, Қобда өзенге түсіп кетті. 

Қобданың бір жақсысы ағыны бетінде. Ертіс секілді беті жылымайдай кілкіп жатып, асты тарта жөнелетін жұтпа емес. Ағынға қарсы сәл қиялай қисайды да, тікесінен тік малтай жөнелді. Суық су дірдектеткен ұлы мойнынан тас қып құшақтап алып, иегі иегіне тимей дір-дір етеді. Әке қабағына қарап өскен баласы тоңғаны мен қорыққанын білдірмеуге барын салғанын жүрегі сезді.

Иығындағы жүгі бұл жолы әжептәуір салмақты болыпты. Бұрынғы өзі шығатын жағадан арқан бойы төменнен шықты. Ұнға су тимегеніне көзі жеткен соң, баласының бір қабат киімін сығып, өзі де дамбал-көйлегін сыққан болды да, сырт киімін киіп алды. 

Енді жол да, жүріс те жақсарады. Киініп жатып, қонышындағы сүбеден тағы да бір-екі жапырақтан ауыздарына салды. Жарықтық, қойдың сүрі майына жетер нәр бар ма екен?!

Көктөбенің етегіне келгенде, осыдан бір-екі жыл бұрын өз қолымен тұрғызған молаға көзі түсті. Бір кірпіші де құламаған екен. Сол қалпы тұр. «Жатқан жерлерің жұмақ болсын!» - деді іштей күбірлеп. Екі үлкен қызы мен үш ұлын күні бойы үстінде топырлатып, Ақтомпақтың керіш батпағының иін қандырып отырып илетіп, оған Құйаралдың қарабатпағын қосып, Жалпақ өткелдің мүгін араластырып, әбден иін қандырған кірпіш өкімет кірпішпен пара-пар болып еді. Қабірге қарап, өз ісіне іштей сүйсініп қойды. Артынша әкесі Сасқанбайдың, атасы Малдыбайдың басына барып, бір уыс топырақ тастамағалы талай жыл өткені есіне түсіп, өзегін ащы өкініш тіліп өтті. «Қайда жатыр екенсіңдер, қайран бабаларым?» - деп ауыр күрсінді. «Бір кержақ трактормен жыртып, молаларыңның үстіне бидай егіп тастады ма екен?!»

Аққолдың артелі көрінді. Қыбыр-жыбыр, қараң-құраң бір бітіп болмас тіршілік қазаны қайнаған жер. Артында келе жатқан ұлы ауылға таяған сайын қатарынан қалмай, тырп-тырп етіп, қатар келеді. Өзі оқыған төрт жылдық мектеп көзіне жылы ұшыраған шығар. Сушы сәл жымиды. 

Ұмытпаса, 1951 жыл ғой деймін. Иә, ұмытпаса деп қояды, қалай ұмытады, осыдан төрт-бес-ақ жыл бұрын ғой, кеше ғана секілді. Осы тентегі оқымаймын деп қиғылық салып, шарасы таусылып, сабарманға жеткен. Қайта, шешесі ашуланбады, ашуланса, Сақыпжамалдың мінезі белгілі ғой, бұны ұрып жығудан тайынбайды. Сол кезде, мың болғыр Қабықай, Жаубайдың екі қолын иығынан асырып әкеп, белбеуіне қыстырды да, екі аяғын салақтатып, мектепке көтеріп әкеткен. Алты жасында барса да, оқуға зерек болды. «Мұжанның мұғалім баласы алып кетті», - деп Сақып та марқайып қалып еді сонда. Сөйткен Жаубайы қазір түу Ұланқұстан бесті бітіріп келе жатқан беті – осы. 

Тоқтарбай көлді айнала бергенде жылқы кісінеді. Ақтабан ғой, жануар. Жаратылысы жылқы демесең, адамнан есті. Сушының келе жатқанын көрген екен. Сақыпжамал жертамның алдында бұларға күн салып қарап тұр. Арман мен Мұрат көрінбейді, баяғы арық қазуға кеткен болар. Кішкентай Жәмиға апыл-тапыл басып, шешесінің етегіне оралады. 

 

Дүниеге күліп келген сәби

 

Ол дүниеге күліп келіп, күліп кеткен.

Шешем айтады, «бала қырқынан шыққанша күлмейді, ал Берікаман дүниеге келгенде күліп туған» - дейді.

 

Сақыпжамалдың сырқаты меңдеп барады. Өзі де бұрын етженді адам еді, енді тіпті орнынан тұруы күш болды. Таңнан кешке дейін жертамның бұрышындағы ескі сықырлауықта басын көтеріп отырады да қояды.

Басында көрші-көлем «Сақыпжамалдың аяғы ауыр екен», - дескен. Алайда, жыл уағы жеткенде, босанбағанына қарап, «түйежерік» болыпты, он екі айы әлі толған жоқ» десті. Он екі ай түгіл, міне, аттай он сегіз ай болды, әлі сол қалпы. Іші тіпті үлкейіп, орнынан қозғалуы да қиындай бастады.

Әйелінің жағдайын Сушы ғана біледі. Кейде екеуі оңаша қалғанда, Жамалдың жәудіреген жанарынан: «Бұл неге осынша ұзаққа созылды?» - деген сұрауды анық оқиды. Оған Сушының берер жауабы жоқ. Басында түйе етін жеп қойды ма деп ойлаған. Бірақ жақын-жуықта түйе сойған ешкім жоқ. Болған күннің өзінде, Сушының үйіне ет әкеп беретін жанның сыры белгілі.

Сақыпжамал осылай үш жыл отырды төсекте. Үш жылдан кейін босанды. «Сақыпжамал босаныпты», - дегенді естігенде, таңқалмаған жан жоқ шығар. «Мәді келді өмірге, Мәді», - десті ауылдастары. Сушы алпыстан асып көрген кенжесіне Берікаман деп ат қойды. Өмірінде он бір құрсақ көтерген Сақыпжамал осы жасына дейін қырқынан шықпай күлген сәби көрген емес. Ал босанып, бауырына басқан кезде, Берікаманның күліп жатқанын байқады. Түрі де қарақұлақтанып қалған екен. Үш жастағы сәби кейпінде еді. Үш жыл бойы құрсағында, өзінің жан-жүйесімен бірге тыныстаған сәбиінің ересек кейпін көргенде, Сақыпжамал еріксіз Тәубесін есіне алды. Шешесі марқұм ноғайлының қызы еді, арғы аталарында «пілсүйек» болып туған батырлар болған деп отыратын.

Берікаман бір айда құйрық басып отыратын болды. Бір жасқа толар-толмасында апыл-тапыл жүре бастады. «Ата-апа» дегенді айтып, былдырлап сөйлейтінді шығарды. Сақыпжамал «Мәдісі» дүниеге келгеннен кейін оңалып кетті. Тіпті мүлде ауырмаған адам секілді, отбасының бітпейтін күйбеңіне араласты.

 

Әке өлімі

 

«Жаубай, тұр, сені Құспан ағаң іздеп келді», - деген шешесінің дауысын естіді. Ұланқұстағы жеті жылдықты бітіріп, Ұланбатырдағы дәрігерлер даярлайтын мектепке жолдама алып, үйге келгені кеше ғана еді. Құспан ағасы неге іздеді екен? Баяғыда Аққолдың төрт жылдығын бітірген соң да, Құспан ағасы іздеп келген. Артелге отыншы, күзетші, алып кел, шауып келге жұмсайтын қолбала болып, бір жыл салпақтаған. Тағы сол шығар, басқа Құспан ағасы несіне танауы қаңсып, емешегі езіле қалды дейсің...

Жаубайдың ойы шынға айналды. Құспан ағасы артелге, баяғы орнына жұмыс істеуге қолқа сала келіпті. Жастайынан үлкеннің тілін қайтарып көрмеген әдетімен, келісімін берді. Онсыз да Ұланбатырға барса, күзде барады, жаздай қарап жатқанша, күзгі оқуына азын-аулақ тиын-тебен жинап алуды да ойлап қойды.

14 жасында артелге қолбала болған Жаубай осы жерде сол бойы қалып қоярын білген жоқ. Күзде оқуға барамын деген ойы іске аспады. Іші сезетін. Сушы әкесі елге жалданып, алты баласын әрең асырап отырғанда, бұны ту Ұланбатырға жібере қоймасы белгілі еді. 

Онымен қоймай, биыл Арман да Ұланқұсқа оқуға баруы керек. Оның да оны-мұны керек-жарағы бар дегендей. Дегенмен, күзде Арман да, Жаубай да оқуға бармады. Оқуға қабылданатындардың тізімінде Арманның аты-жөні жоқ болып шықты. Әрі сол жылы күзде Сушы төрт ұлын қасына шақырып алды да: «Көп ұзамай мен өлемін, барлығың дайын болыңдар», - дегенді айтты. Балалары Сушының бұл сөзін неге жорырын білмеді. Дегенмен, өмірі екі сөйлемейтін әкелерінің бұл сөзді тегін айтпағанын ұқты.

61-дің қысы ызғарлы басталды. Қаңтар туа қақаған суық бет қаратар емес. Өткен желтоқсанның соңынан бері бірнеше күн алақұйындатып, Қобданың қара суығы терісінен соғып, ызғырықтатып-ақ тұр.

Жаубайдың әлі есінде, 1961 жылы қаңтардың үші күні болатын. Таңертең әдеттегідей артелге жұмысқа жиналып жатыр еді, әкесі бүгінше жұмысты қоя тұруын өтінді. Бекерде жұмысыңнан қалма деп отыратын жанның бүгін жұмысқа барма деуінің себебін түсіне алмады. Десе де, әке көңілін қимай, артелге бармады. Таңғы ас үстінде Шәкербай балаларына: «Қамдана беріңдер, бүгін-ертеңнен қалмай, үлкен іске жолығасыңдар. Не болса да, сабырмен қараңдар», - дегенді жұмсартып жеткізді. 

Түс ауа «Сушы қайтыс болыпты» деген қаңтардың аязынан да суық хабар Аққолдың ар жақ, бер жағындағы елге әп-сәтте тарап кетті. Өмірі өзі үшін дүние жимаған, өзгенің дүниесіне де, атақ-даңқына да қызықпаған алып жүрек тоқтады. Атамекен Марқадан Алтай асып, одан Қобда бетіне өтіп, өмір бойы қазақ болғаны үшін, соның ішінде найман болғаны үшін ғана қуғын көрген Шәкербай соңғы 22 жылда өзі мекен еткен Ақтомпақты мәңгілікке мекендеді. Сушының дүниеден өткенін естігенде, Қобда бетіндегі салшылардың бәрі қабырғасы қайыса қайғырды. 

Шәкербайдың өлімінің үстінде ел күтпеген бір жағдай болды. Өмірінің қырық жылын бір жастықта өткізген Сақыпжамал ерінің қайғысына езіліп отырғанда, өзінің сүт кенжесі басу айтты. Басу айтқанда да, көп баланың біріндей, «Шеше жылама», - деген жоқ. Көптің көзінше төрге шығып, күнде әкесі отыратын орынға жайғасқан Берікаман шешесіне қарап отырды да: «Шеше, әкем өлді деп несіне жылайсың? Жылама, сені мен асыраймын! Көзіңнің жасын тый!» - деді. Бес жасар Берікаманның мына сөзін естіген жұрт сілтідей тынды. Тіпті оң жақта бүйірін таянып, бүгіліп отырған Сақыпжамалдың өзі жылауын доғара қойды.

Сушының өліміне туған інісіндей болып сыйласып, сырласып, тонның ішкі бауындай болған Сапошке қатты қайғырды. Найманнан тарайтын Жарболды ата ұрпағының ішінде Сушыны аға тұтып, арқасүйер еткен осы бір шынашақтай жігіттің тағдыры да оңай емес. Сонысына қарамай Шәкербайдың артында қалған бала-шағаға көз-құлақ болуды өз мойнына алды. Сушыны ақтық сапарға аттандырудың барлық ауыртпалығын да Сапошке атқарды.

Тірісінде ат ізін салуға мұршасы келмеген Шәкербайдың екі інісі келіп, топырақ салды. Шәкім Қобдаға қайтарда, Жаубайды өзімен бірге ала кетті. Бір жыл Қобданың Қобда сұмынында қолына шот ұстап қараған шапқан Жаубай 1962 жылы Аққолға қайта келді. Онда да ағасы Мұрат хал үстінде жатыр дегенді естігенде өзі де тағат тауып отыра алмады.

Барлығы да бәз баяғы қалпында, өзгерген ештеңе жоқ. Сапошке ағасы қуана қарсы алды. Соңғы кезде Мұратты қасына алып, ішкі аймақтардан жылқы айдап келіп жүр екен. Қамидия мен Зәмәрия да бала-шағасын өсіріп, түтінін түтетіп отыр. Шешесінің қасында Арман, Жәмиға мен Берікаман ғана қалыпты. Берікаман шешесіне айтқанындай, өте пысық, жас болса да ересек адам секілді, ойлы, тындырымды болып өсіпті. 

Жаубай үйдегілерді бір жыл көрмегенге, бәрі өзі жоқта болған секілді болып елестеді. Барлығын жаңа көріп тұрғандай болды. Әйтпесе, бұл Қобдаға кетпей тұрып та осы тірлік болатын. 

«Мені атам шақырды. Атама баратын болдым», - деді бір күні Берікаман. Әуелі оның айтып тұрғаны қай атасы екенін ешкім түсінбей қалды. Артынша, Сақыпжамал бір сұмдықты сезгендей-ақ, ішінен күбірлей жөнелді. Туада зерек еді, ұзақ жүрмесін сезетін. Бірақ, дәл осынша тез болар деп ойламаған. Өмірге келуі қанша ұзаққа созылса, өмірден кетуі де осынша жылдам болғаны ма?! Дүниеге күліп келген «Мәдісі» бұл дүниеден күліп кете бермек пе?! 

Расында да, бұл өмірге күліп келген Берікаман алты жасында күліп отырып өмірден өтіп кетті. Ешкімге ренжіген жоқ, ешкімді ренжіткен жоқ. Өмірге ақылды болып келіп, сол ақылынан бір танбастан, сол ақылды қалпы «атасына кетті». Баланы жуындырғандар көкжелкесінен құймышағына дейін жон арқасы қап-қаракөк болып кеткенін айтысты. Біреулер «Сушының «Мәдісіне» тіл тиіпті» десті, біреулер «жоқ сұқ өткен» десті, біреулер «Сушы өзіне тартқан алып ұлын жақсы көруші еді, өзі алып кеткен екен», - десті.

 

Кабинасына торғай ұя салған шопыр

 

Оның машинасының екі қапталында екі бозторғай айнала ұшып жүретін. Ол қайда барса, торғайлар да сонда баратын еді...

 

Жастайынан бейнетті көп көрген. Қартайғанда зейнетін де көріп отыр. Тәубә! Баяғыдай бұның алдына келіп: «Жәуке, машинамның бөксесі жүгіріп тұр, түзеп беріңізші», - дейтін жастар жоқ қазір. Анда-санда көзкөргендер келіп сәлем беріп кетеді. Бір кезде бұның ауласының маңы кішігірім автобазаға айналушы еді. 

Артелде Құспан ағасының қолында бірнеше жыл жұмыс істеген соң, мұны әскерге шақырды. Ұланбатырдың түбінде әскери борышын өтеді. 1965-1968 жылдар аралығында көрмегені жоқ. Тіл білмейтіні жанына қатты бататын. Бірақ оған қысылған Жаубай жоқ. Қолынан келгеннің бәрін істеді. Аспаз, шаштараз, тіпті қару-жарақ қоймасының меңгерушісіне дейін жетті ғой үш жылда.

Шаштараз болып жүргендегі бір оқиға есіне түсіп, еріксіз езу тартты. Ол кезде әскерде «жаңа әскер», «ескі әскер» деген болушы еді. Ескі әскерлер жаңа әскерге күн бермейтін. Бір жолы осы Цэнгэлден барған бір жігіттерге «ескілер» тізе батырып жіберген секілді, ауылдастары бұған келді. Кімдер екенін білген соң, бұл шаш алғызуға келгенде, ұстап алды да, әлгі «ескілердің» шашын ұстарамен құрғақтай сыпырды. Қайтып қазақ әскерлеріне тиіскен адам болған жоқ. Айта берсе, мұндай қызық көп... 

Ойына түссе көңілі қарадай құлазитын сәттер де аз емес. Сол әскерде жүргенде анасы өмірден өтті. Туған анасына топырақ сала алған жоқ. Әскерден оралғанда, жездесі Шабанның Аятқаны марқұм алдынан күтіп алып, сол кездегі Баян-Өлгийдегі ең маңдай алды өндіріс орны 21-базаға слесарь етіп қабылдатты. Әскерде жүріп, техникадан ептеп хабардар болып қалған бұған көмекші слесарь болу аса қиын бола қойған жоқ. Алты айдай сол жерде жұмыс істеген соң, шопырлыққа ауысты. Аймақтық су шаруашылығы орнағанда, алғашқылардың бірі болып, сол мекемеге шопыр болып жұмыстады. 

1969 жылы 22 қазан күні үйленді. Анасы марқұм өзі жақсы көретін, сыйлайтын, көрші болып араласатын Мысаның қызына ертеден құда түсіп жүреді екен. Тіпті бұған айтқан да емес ол туралы. Мысаның бәйбішесі Рысжанмен әжік-күжік әңгімелесіп, сырласып, сыр бөлісетін. Сонда екі көзінің біріндей болған Жұпарханын сұрайды екен ғой осы ұлына. Оны кейін, бұлар үйленгеннен көп кейін Мағаз марқұм айтты. Бұл әскерде жүргенде, Сақыпжамал қатты ауырып, төсек тартып жатып қалады. Беті оңалмасын білген шешесі Жағайдың Мағазын шақырып, Рысжанмен араларындағы уағданы айтып, Жаубай әскерден келген соң үйлендіруді тапсырады.

Мағаз Сақыпжамалға берген уәдесінде тұрды. Мысаның тұңғыш қызын алып беріп, Жаубайды өз қолымен отау ғып шығарды. Жарықтық, Мағаз емес, маңғаз кісі еді. Өле-өлгенінше бұлардың басынан құс ұшырмай, бір отауындай қамқорлық жасап өтті.

Бұлар үйленген соң, сол кездегі аймақ басшыларының бірі, жездесі Сарай Асқанбайұлы шақыртты. Ұланбатырдан келіп, аймақта тізгіншілік оқуын оқытып жатқан мамандарға жолықтырып, қысқа мерзімде шопыр болып шығатынын айтты. 

Куәлігі қолына тиген соң, қайтадан жолдамамен Цэнгэлге жіберді. Осындағы «Алтай шыңы» бірлестігінің бірінші бригадасына келетін «Газ-51» маркалы жаңа машинаға тізгінші болатынын айтты. Жолдамада жұмыс орны, көлігі нақты көрсетілсе де, «бармақ басты, көз қыстымен» тиесілі жұмысы да, көлігі де қолына тимеді. Керісінше, ескі «Газ-53» машинасын беріп, сұмындағы ең шаруасы кері кеткен бригадаға жұмсады.

Жол күдір, көлік ескі. Сол бригаданың малшыларын көшіріп, арық-тұрақ малын орталыққа жеткізу – бұның мойнында. Қысы-жазы елмен бірге көшіп, қиырда жүреді. Бір жылы машинасының кабинасы мен кузовының ортасына бозторғай ұя салды. Алтыншы бірлестікте негізінен тыва ұлты көптеу еді. Мұның машинасындағы торғайдың ұясын көргенде тыва туысқандарының бұған деген құрметі арта түсті. Жақын-жуық жерге болмаса, аса алысқа торғай балапанын өргізгенше жүргізген жоқ. Жақын жерге барса, бозторғай екі қапталында бұнымен бірге ұшып жүретін.

Жастықтың қызуымен, үкімет қайда бар десе, сонда барып, не істе десе соны істеп, өмірінің көбі жол үстінде өтіпті. Сол жолда талай жақсымен үзеңгілес болып, талай жаманмен жаға жыртысқан екен. Кешегі Су шаруашылығында жұмыс істеп жүргенде, басшысы болған Мағатай, Қызырхан, үзеңгілес болған, бүгін де қатары сиреп, қауқары азайған қария болып, әрқайсысы бір-бір әулеттің ақсақалы болған, көбісі өмірден озған Ү.Базархан, Р.Төлеубай, белгілі журналист Қуатай Ыбырайұлы, Қарақыз Жеңісханұлы, Қалиасқар Бөкенұлы, Түркістан Қалелбекұлы қатарлы достар тапты. Қалжыңына қыңқ етпей, әзіліне күліп, мысқылына көнген Цэнгэл халқы бүгінде бұны «Ел ағасы» деп құрмет тұтады. Сол құрметінің, сол сыйластығының арқасында бүгінге дейін «Еңбек Құрмет» медалінің иегері атанып, «Озат жүргізуші», «Ешқандай апат жасамаған шопыр», Моңғолия Үкіметінің «Құрмет грамотасы», жетінші, сегізінші бес жылдықтардың «Еңбек екпіндісі» қатарлы мәртебелер алыпты. Өзін алқаған, өзін ардақтаған халқына бұл да қолынан келгенін жасауға аянбады!

P.S. Бала кезімізде мектепте жеті атамызды жазуды тапсырады. Әкемнен сұраймын ғой: «Папа, біздің жеті атамыз кім?» - деп. Әкем айтады: «Мен әкеммен бірге Ұланқұстан келе жатқанда жол қысқарсын деп әрдеңені бір сұраймын. Көбінде: «Біздің туыстарымыз бар ма? Атамның аты кім, руымыз кім?» - деп сұраймын. Сонда әкем: «Балам, менің атым – Шәкербай, әкем аты – Сасқанбай. Руымыз – найман, арғысын мен айтпайын, сен сұрама!» - деуші еді. Қуғыннан қуғын көріп, әбден запы болып қалған жүрек барлығын толық айтса, ұрпағыма зияны тие ме дейді ғой. Сонымен біз аталарымызды толық білмей өстік» - дейтін.

Қазақстанға келген соң ата-бабаларымызды іздеуді бастадым. Он бес жылдан кейін біздің Жарболды ішінде «Сегіз самай» атанған Самай тармағының Темірші атасынан тарайтынымызды анықтадым. Әкем өзі қалжыңдайтын, «Тоғыз бала, бір қатын» телехикаясы жалғасып жатыр. Қасқыр бөлтіріктерін тістеп жүріп асыраса, әкем де бізді жанын жалдап, күшін сайлап жүріп жетілдірді, жеткізді! Осы күнге жеткенімізге әуелі Аллаға, одан кейін ата-анамызға қарыздармыз! Құдай қуат берсін!

 

Ержан Жаубай, журналист


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар