Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Есенбай Дүйсенбайұлы: ПАРАСАТ (Әбіш Кекілбаев тура...

05.12.2015 9928

Есенбай Дүйсенбайұлы: ПАРАСАТ (Әбіш Кекілбаев туралы сөз)

Есенбай Дүйсенбайұлы: ПАРАСАТ (Әбіш Кекілбаев туралы сөз) - adebiportal.kz

Тар жол, тайғақ кешулерге толы ұзақ сонар тарихи тағдырында талай қиямет-қайым заманаларды бастан кешіріп, ала сүргін аласат пен қарақазан ғарасат ақтабан шұбырындылар қайғы-қасіреті жүрек-қолқасын суыра, «Елім-ай!» деп қан жылай күңіреніп қалған қым-қуыт қилы кезеңдердегі тартқан тақсыреті мен тауқыметі қаншама қат-қабат келсе де, осы Ұлы Дала төсінде «мың өліп, мың тірілген» қазақтың, Құдайға шүкір, ер етігімен шаң кешіп, ат ауыздығымен су ішкен екіұдай шақтарда «Ел қамын жеген Едігелері» де аз болмапты. Ежелден аңсаған еркіндікке қол жетіп, егемендікке ие болғалы сондай маңдайға біткен марқасқаларымызды ұлттық мақтаныш деңгейінде ұлықтап, олардың еңбектерін туған жұртымен қайыра табыстырудан кенде емеспіз. Абай мен Жамбылдың, Ахмет Байтұрсынұлы мен Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаевтың мерейтойлары халықтық зердені қайтадан қалыптауға ғана емес, келешек жол-сапарымызды кеңірек толғай пайымдап-парықтауға да мәжбүр еткені даусыз. Егер ұрпақтар үрім-бұтағының жалғастығы мен тарихи сабақтастық һәм тағылым тамырластығы үрдісінен байыптасақ, аталмыш шаралар күрмеуі қиын мынау күрделі дүниеде Өркениет көшінен лайықты өз орнын алуға керуен қосқан қос ғасыр тоғысындағы қазақ мемлекеттігінің қарашаңырағын бекемдей түсу мен мәртебемізді мәрттендіру ісіне рухани серпін беріп, елшілдік Намыс пен ұлттық Санада тың құлшыныс-серпіліс туғызуға септігін тигізетініне сенімдіміз.


ХХ ғасыр басында жас Әуезов: «Адамшылық, кісіге пайда тигізу, ел қамын ойлау, өнер-білімге ұмтылу деген сияқты жақсы ой, таза ниет қазақта әлі жоқ… Жұртта жапатармағай оянған бір сезім, өзгеше бір ұмтылыс, бұлқыныс артық байқалмайды. Бұл халықтың рухы мәдениетке даяр еместігін, әлі тұнық жатқандығын, жуырда қатарға кіре алмайтындығын көрсетеді»,– деп уайымдапты. Алайда дүниені дүр сілкіндірген оқиғалар дүрбелеңінде оқыған азаматтарының жанкештілігі арқасында халқымыз тез жетіліп, кешегі «қызыл отаршылдық» жағдайында көп құрбандықтар арқылы өнер-білім бар жұрттар қатарына енгенін енді ешкім бекер дей алмас.
Кең көсіліп, еркін шешілуге ерік бермеген кеңестік дәуір перзенті бола жүріп, Әдебиет аталатын рухани салада тұтас Өрлеу заманын туғызған бір Әуезовтің өзі неге тұрады! Біз бәз біреулерге аспаннан салбырап түсе қалғандай көрінетін қазіргі Тәуелсіздігіміз үшін әр кезеңде алаш қауымының азатшыл ойын алдыңғы өріске шығарысқан алыптар тобының әлденеше толқынына қанша қарыздар болсақ, сол Ұлт Ұстаздары мен Тәлімгерлерінің ұлағатты үлгі-өнегесін жалғастырып келе жатқан үлкен білікті бірен-саран зиялыларымыз барлығы үшін де Тәңірге тәубе дейміз!


Жеті асқар биігіне жеткен ұлы қаламгер, ұлан-байтақ білімді қайраткер Әбіш Кекілбаев Байтұрсынұлы бастап, Әуезов ілгері дамытқан интеллектуалды парасаттың бүгінгі жиынтық тұлғасы іспетті десек, әсте ешқандай артық әспеттегеніміз емес. Ақиқаты да солай.


Бұдан он үш жыл бұрын Әуезов тағылымы туралы Әбекеңнің айтқан мына бір толғанысы ойға оралады: «… тарих құрсағында жаратылып, замана мұқтажы кіндігін кескен таланттардың жөні бір бөлек те, көппен көрген ұлы той деп, жұрт істегенді мен неге істемеймін деп, қағаз-қаламға қол созған құр өлерменнің жөні бір бөлек. Алдыңғылары заман жоғын жоқтап, замана мүддесін қамдаса, соңғылары былайғылары не істеп жатса, соны істеп, босжолдыбай әуренің соңына түседі… Біреуі өз уақыты неге мұқтаж болса, соны іздеп тауып, соны қанағаттырғанша тыным таппай күресіп өтер жасампаз да, екіншісі уақыт не тауып берсе, соны қақшып салып қарап отыратын асампаз. Біреуі уақыт құлқын өзі белгілейтін рухани көсем суреткер де, екіншісі жәй әншейін уақыт құлқынын аңдыған кәсіпқор. Біреуі қоғам мен ортаны дамудың даңғыл жолына бастаса, екіншісі тоқмейілсудің салбөксе тыныштығын қимай, рухани тоқыраудың құрдым батпағына батыра түседі…»



Тек қаламгерге ғана емес, саясаткер мен қоғам һәм мемлекет қайраткеріне де тікелей қатысты бұл пікір-пайым қазіргі айрықша ынта-ықыласты, қажырлы қайрат-күшті қажетсінетін ұрымтал тұста өте-мөте көкейкесті естіледі. Әдебиетке алпысыншы жылдар басында келіп, міне, қырық жылдан атам уақыт бойына халқының жоғын жоқтап, мұңын мұңдап, мүддесін қамдап жүрген ардақты Әбіш Кекілбайұлы да әлгі «тарих құрсағында жаратылып, замана мұқтажы кіндігін кескен» санаулы таланттар тобынан. Бұл буынның өкілдерін де уақыт маңдайынан сипамапты. Олардың да шеккен шері, көрген құқайы аз емес екен.



Әбекең дүниеге келерден екі жыл бұрын тоталитарлық жүйе балтасы жұртына тұлға, ұлтына ұйытқы жақсы-жайсаңда¬рымызды қырқып алып кетіпті, өмір есігін ашқан соң тағы екі жылдан кейін соғыс өрті лапылдапты. Одан бертінгі асқына түскен орыстандыру саясаты нәтижесінде тұтас халықтың өз атамекенінде азшылыққа айналып, ассимиляцияға ұшырауы, тілінен, дінінен, ділінен айрыла жаздауы… Әбіштерді туғызған, әдебиет әлеміне әкеліп, қайраткерлік алаңына шығарған уақыт, заман, қоғам ерекшелігі осындай-тын.



Ендеше, соның бәр-бәрін де қабырғасымен ғана емес, бүткіл жан-жүрегімен қаршадайынан сезініп жетілген, Намыс пен Нартәуекелді жалау етіп, жап-жас шағының өзінде-ақ адамзаттық ақыл-ой алыптарының арғы-бергі білім қорын түбіне жете түгел игеруі, оның үстіне, Құдай берген дарын-қабілеті арқасында ұстазы Әуезовтің ілтипат-ықыласын аударған Кекілбаев-суреткердің әп дегеннен-ақ өз шығармаларына ел тағдырын, жер тағдырын, халық бейнесін алтын арқау, асыл өзек-желі еткеніне тіпті де таңдануға болмас. Мен оның жазушылық мәнеріндегі алғашқы туындыларында анық байқалған байсалды эпикалық қарымдылық, философиялық байыптау, ойшыл ауқымдылық пен психологиялық тереңдік тарихи хикаялары мен романдарында көркемдік жинақтаушы қуатпен сомдалған аналитикалық талдау стиліне айналғанын тәптіштеп жатпаймын. Бұл қазақ прозасында Әбекеңе ғана тән ерекшелік екенін әріптестері әлдеқашан-ақ мойындаған ақиқат. Өз түйсінуімше, осы тұрғыда ол ұлттық әдебиеттегі сирек құбылыс қана емес, әлемдік деңгейдегі Толстой, Шекспир сынды титандармен үндес те рухтас деп ойлаймын.



Әдебиеттің профессионалдық деңгейі жоғарылап, әлеуметтік-философиялық ізденістер ауқымы кеңейген алпысыншы жылдар лебі Әбекеңдер буынының шығармашылық кредосын қалыптастырып кеткенге ұқсайды. Әйтсе де, хрущевтік жылы¬мықтың қысқа сәтінің арты қайтадан қысымшылық пен рухани көлгірлікке, жаппай жағымпаздық пен жалтақтыққа, таққұ¬марлық пен баққұмарлықты коздатқан шен-шекпенге табыну секілді неше түрлі жалшы-малайлық көңіл ауанына ұласып келіп, мұның аяғы өмір пен өнердің барлық саласында да тоқырау параличіне әкеліп соқтырғаны мәлім. Бұл күнде Айтматов туындысы арқылы әлемдік терминге айналған «мәңгүрт» деген сөзді – таным таяздығы мен сана саяздығын паш етер құлақкесті құлдық психологиясын алғаш жалғанның жарығына сүйреп шығарған жас Кекілбаевтың жүрек жұтқан суреткерлік ерлігі мен батылдығы оны творчестволық тұлға ретінде ұлттық тарихи зерде рухының жыршысы еткенін көреміз.



Құдықшы Еңсептің тағдырын трагедиялық коллизиялар дәрежесіне көтере суреттеген «Шыңырау» повесімен-ақ адам жанының ішкі әлемін ашуда о бастағы өзі тапқан тәсіл – философиялық-аналитикалық бейнелеу тұрғысынан бүгінгі уақытпен де өзектес үлкен қоғамдық-гуманистік мәні бар, дүниежүзілік классикалық әдебиет шығармашылығымен деңгейлес тамаша туынды жасауға әбден төселгендігін анық танытқан Әбекеңнің қаламынан эпикалық кеңқұлашты «Үркер» сынды кемел романдар дүниеге келуі заңды құбылыс еді. Мұны әлдекімдер айтып жүргендей Әбілқайыр хан туралы немесе Қазақстанның батыс бөлігін жайлаған Кіші жүз елінің Россияға өз еркімен бодан болуы жөніндегі шығарма деу шындықпен қырық қайнаса сорпасы қосылмайтын жалған байбалам ғана, ақиқатында алмағайып аласапыран шақта тағдыр-талайы қыл үстінде дірілдеп тұрған қазақ халқының аумалы-төкпелі хал-ахуалын Кеше мен Бүгін, Өткен мен Ертең үддесі, Келешек мүддесі аясында сонша¬ма көркемдікпен сомдаған, толыққанды қазып толғаған тұғырнамалық роман екенін алыс-жақындағы аузы дуалылардың бәрі де кезінде бірауыздан мақұлдауы тегін емес.
Сөйтіп, көркем туындыларында «уақыт құлқын өзі белгілейтін рухани көсем суреткерлігі» мен публицистикалық толғаныстарындағы «ақыл ауданын кеңейтер» (Әуезов) философиялық концепция ұланғайырлығы Мұхтар Мағауин мен Әбіш Кекілбайұлы да, ұстаздары Мұхтар Әуезов секілді, кеңестік дәуір берген Ренессанстық тұлғалар екенін дәйектері даусыз.
Өйткені Әбіш Кекілбаев шығармашылығындағы ұлттық-этникалық һәм гуманистік-ізгілік хақындағы ой-толғаныстар әлемі қазақ жұрты деген ұғымының аясынан асып түсіп, адамзаттың ең абзал қадір-қасиеттерімен рухтас иен кеңістік аумағын қамтиды. Сол себепті де үлкен полотно «Үркерде» де, ірілі-уақты басқа туындыларында да қазақ тағдыры, қазақ тарихы, қазақ мемлекеттігі, қазақы зерде мен таным деген түйінді проблемалар ықылым замандардан бергі дүниежүзілік ықпалдастықпен бірегейлікте бітеқайнасып жатыр. Басқаша айтқанда, ұлттық дербестік пен азаттық идеясы ғаламдық рухтың бір уығы түрінде көрініс тапқан, яғни автор этномәдени әркелкілікті жалпы адамзаттық өркениет контекстінде қарастырады. Нақ осы концепция орайынан бағамдағанда, көсемсөзші Байтұрсынұлы мен ұлы суреткер Әуезовтен кейін ұлттық сана мен елдік намыс, жұрт қатарлы жетілу идеясын бүкіл жержүзілік тарихи дамудың өзекті мәселелерімен сабақтастықта соншалықты ізеурттей, ерекше ден қоя сараптаған қалам қайраткері бізде санаулы, сирек. Бұл фактыны, қаласын-қаламасын, қазақ жазушыларының қай-қайсысы да айналып өте алмайды. Еліміз егемендік алғалы әсіресе көркем көсемсөз саласында Әбекеңнің мұншама қажымас қайратпен, қарқынды екпінмен қалам толғаған еңбегі елдің көз алдында. Абылай хан туралы қаһармандық дастаны ма, Абай, Әуезов, Ахмет мерейтойларында сөйлеген сөздері, «Манас» эпосы жөніндегі ойтолғауы ма – осынау кескек те кемел, энциклопедиялық ауқымды еңбектердің қай-қайсысы да елдікті еңселендіре түсер парасат пен пайымға толы!



Кекілбаев-суреткердің және бір басты ерекшелігін замандас қаламдастарынан артық айта алмайсың: «Өткен күндердің ащы шындығын көрсету арқылы келешекке де жарқ сәуле түсіруге болады. Оның тарихи тақырыпқа жазған шығармаларының өзекті ойы, біздіңше, осындай «(Г. Бельгер). «Өткен өмірдің көне беттерін аша отырып, тарихи шындықтан ауытқымаса да, бүгінгі күннің көкейкесті мәселелеріне жауап береді «(Л. Теракопян). «Өткен мен бүгінгі күндер тәжірибесінің қорытпасы» (Ш. Айтматов). Мен бұл үш пікірді жайдан-жай келтіріп отырған жоқпын. Мәселе Әбекең жазған тарихи туындылардың тап қазіргі дәуірмен де рухани үндестік табуында жатқан сыңайлы. Осы арада он сегіз жыл бұрын жарық көрген «Үркер» романынан, ұзақтау болса да, екі-үш үзіндіге ерекше назар аударғанды жөн санаймын:



1. «Иә, қай жұрттың да сондай өткінші жанбағыстың соңында далақтап шаба бермей, бір сәт алды-артына ойлана көз салып, басындағы қырсықтың сырына үңіліп, одан құтылудың жолы –өз ноқтасын жосық білетін көшелі азаматтың қолына сеніп тапсыру екенін ұғатын кезі де болса керек. Тек халықтың сондай кемел іске құлқы құлаған тұста, одан әлгіндей көсем азаматтың туарын айт. Тек әлгіндей көсем азамат туғанда, халқының соңынан ерерін айт. Әйтпесе, халықтың құлқы түзелгенде, бұйда ұстайтын ешкім шықпай, ондай ұстар туғанда, жұрттың басы піспей, қашаңғы қара шаңырақтарын қараптан-қарап жығып алып жатқан кемталай халық аз ба?..»



2. Өнер мен білік сынаспай, тек сынасудан бір халыққа мүйіз шықса, қазаққа шығар еді. Елдің сөзін сөйлеймін дейтіндер мынаның қолынан бастау келеді, мынаның қолынан қостау келеді деп сарапқа салып, бастарын ауыртып жатпайды, бұрынғы бастап қалғандар бастай берсін, бұрынғы қостап қалғандар қостай берсін деп, жалпақшешейлік құрады. Сосын қазақтың қолынан келетіні де, келмейтіні де баққұмар болмай қайтеді?! Баққұмарлық жүрген жерде бауырмалдық жүруші ме еді! Бауырмалдық жоқ жерде ағайынның аузы, әрине, ала болады. Аузы ала елдің талабы өрге басатын ба еді?! Ынтымақтың жолы – баққұмарлықты құрту. Баққұмарлықты құртудың жолы – өнерлі мен өнерсіздің, білікті мен біліксіздің, парықты мен парықсыздың ара-жігін айыра білу. Тізгін біліксізге емес – біліктіге, парықсызға емес– парықтыға бұйырса ғана әділдік аяққа басылмайды, тәртіп тәрк болмайды. Тәртіп пен әділдік жоқ жерде елдің де бағы ашылмайды.»



3. «Әрине, көптің көздейтіні – күш асыру, ықпал асыру. Азға бастың амандығы мен іргенің тыныштығынан басқа мұрат жоқ… Көп өз мақсатына күшпен де жете алады. Аз ақыл-айласымен ғана күн көре алады… Мақтан мен көкірек аз түгілі көптің өзін мерт етсе, ақыл мен сақтық көп түгілі аздың өзінің көсегесін көгерте алады. Ол үшін өз мүддеңді ешқашан өзгенің мүддесіне қарсы қойма, қайта одан олжа түсірер одақтастық ізде…»
Келешек күндер тұрғысынан кең толғай жазылған нағыз шынайы тарихи шығарма бар заманда да уақыт, халық мүддесіне қызмет ететінін осы келтірілген парасатты ойлар ағысынан да пайымдауға болатын шығар. Бұл тұжырымдарды бұдан үш ғасырдай мезгіл бұрын жасаған адамның аузынан шыққан десек те, бүгінгі егемен елдігіміздің де ұлттық идеологиясындай сезінуіміз оның ешқашан ескірмес өміршеңдігіне жатса керек. Кекілбаев талантының қуаты мен деңгейі, маңыздылығы осындай озғындығында.


Дәурендеп тұрған дәстүр-үрдістер өшкен сайын, уақыт керуені ұзай көшкен сайын көйкестілігін жоғалтпақ түгілі, керісінше, бәр заманның бәрімен туыстық, іштей рухтастық пен үндестік тауып отыру сирек дарындардың ғана маңдайына бұйырмыс бақыт. Абай поэзиясы ақын өзі өмір сүрген қоғамда қандай өткір әлеуметтік мән иеленсе, кешегі кеңестік кезең тұсында да ең бірінші сөзге айналды емес пе! Ал қазіргі нарық дәуірінде парық кеткен адам құлқы мен этикалық мәселелерді сындарлы сана тұрғысында сырқыратып қозғауы жағынан азатшыл ойдың алғы шебіне шығып отыр ғой. Өйткені жақсылық пен жамандықтың, махаббат пен зұлымдықтың, ерлік пен енжарлықтың, елдік пен жұрт еместіктің, халықтық пен тобырлықтың мәңгі бітіспес қабағат күресінде томаға-тұйықтық аталатын тар шеңберді таптаурындап қалып қоймай, күллі адамзаттық мұрат-мүддені құшағына сыйғыза алған суреткер мен саясаткер-қайраткер ғана алыс келешектерге де сәуле шашып, көз көрмеген заманалардың көкей күйімен жарасым мен үйлесім таба, үнемі үндесіп тұрмақ.



Аузы дуалы Бұқар жыраудың Абылай хан ордасының ақылгөй абызы қызметін атқаруы мен ежелгі мемлекетімізді жаңғырта құрып жатқан жаңа бір бетбұрыс шақтарда сұңғыла сөз зергері, жасампаз ойшыл Әбіш Кекілбаев Елбасы Нұрсұлтан Назар¬баевтың рухани стратегиялық саясатының бас Уағызшысы болуын тек дәстүр жалғастығы ғана емес, тарихи қажеттілік тілегі дегеніміз жөн шығар. Қалай айтқанда да, он сегізінші ғасыр қойнауынан: «Жат бойынан түңілсін, бәріңіз бір анадан туғандай болыңыз» деп тұрған Бұқар баба өсиеті мен үшінші мыңжылдық табалдырығында: «Әркім өз қойын өзі бағып алсын деп кергісек – қотанды адыра қалдырамыз. Әркім өз жақсысын өзі бағалап алсын, өзіміздікінен басқаға мойын бұрмайық десек – Отанды адыра қалдырамыз!» деген Әбіш пайымында қазақ елдігінің көсегесін көгертер парасат нұры шалқып тұрғаны ақиқат. Бағзыдан бүгінге жалғасқан осынау аталы-баталы лебіз үндестігі біздің жоқтан бар жасап емес, бұрын объективті себеп-салдарға сәйкес айрылып қалған барымызды қайта тіктеп, қайыра түгендеп жатқанымызды байқатпай ма?! Тарихи тағдырдың сондай талма тұстарында Ер Әбіштерін туғызып тұратын Ел мен Жер киесіне бас иген абзал болар.


"Ана тілі" газеті


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар