Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ШЕТЕЛ ӘДЕБИЕТІ
Есім-сойы елу бір әріптен тұратын қаламгер...

25.03.2022 3297

Есім-сойы елу бір әріптен тұратын қаламгер 14+

Есім-сойы елу бір әріптен тұратын қаламгер - adebiportal.kz

Ол заманның ақын-жазушылары ақ парақта ғана емес, алаңдар мен майдан даласында да күрескер еді. Хосе Игнасио Хавьер Ориоль Энкарнасьон де Эспронседа-и-Дельгадо. Осынау есім-сойы елу бір әріптен тұратын, мына жалғанда отыз төрт-ақ жыл өмір сүрген испан ақыны да қамшының сабындай қысқа ғұмырын күреспен өткізген.

Испан поэзиясында романтизм дәуірінде қалам ұстап, байрондық бағытты ұстанған Эспронседа 1808 жылы 25 наурызда дүниеге келген. Мадридтегі әулие Матвей училищесінде, басқа емес, тап сол оқу орнының іргесін қалаған либерал ойшыл Альберто Листаның өзінен тәлім алған. Радикалды көзқарасымен ерте көзге түскен ол Вентура де ла Вега және Патрисио де ла Эскосуралардың ізімен «нумантиялықтардың» құпия қоғамын құрады. Сөйтіп VII Фердинандтың абсолютты билігіне қарсы күрес жолына түсіп, 1820 жылғы әскери төңкеріс көшбасшысы Рафаэль Риегоның кегін қууға кіріседі. Бірақ көп кешікпей қолға түсіп, Гвадалахарадағы шіркеу-түрмеге бес жылға қамалады да, әйтеуір әкесі жанталасып жүріп шығарып алады. 1826 жылы Гибралтар арқылы Испанияны тастап шығып, Португалия, Бельгия, Нидерланды, Франция, Ұлыбританияны шарлап саяхаттап кетеді. Сөйтіп жүріп испанның либералды эмиграциясының өміріне белсене араласып, 1830 жылы Париждегі төңкерісшілер сапында күресуге аттанады. Арада үш жыл өткенде VII Фердинандтың өлімінен кейін саяси эмиганттарға кешірім жасалып, Эспронседа туған Испаниясына оралады.

Эспронседа өлеңді ерте бастаған. Шіркеуде тұтқында жүргенде «Пелейо» поэмасын жазуға кіріседі. Бірақ классицизм рухында басталған тарихи поэма сол күйі аяқсыз қалады. Одан кейні Эспронседа прозаға ауысып, «Санчо Салданья» тарихи романын жазады. 1840 жылы испан романтизмінің қалыптасуына мейілінше әсер еткен өлеңдер жинағы жарық көреді. Еуропаны баураған байрондық дәстүрді ұстанған Эспронседа романтикалық поэзияның негізгі тіні саналатын жалғыздық, ерекіндік, түңіліс, әлеуметтік қарсылық тақырыбында циклды өлеңдер жазады. Оның шығармашылығында, әсіресе, қарақшы, жендет, қайыршы сынды қоғамнан аласталғандар бейнесі, оларды тұқыртуға ниетті заңдар мен кереғар мораль тақырыбы көп кездеседі. Испан поэзиясына жаңа ырғақ әкелген Эспронседа өзіне дейін қолданылып келген өлшемдерді айтарлықтай түрлендіріп жіберді.

Эспронседаның қаламынан туған қос поэма – «Саламандық студент» пен «Сайтанның әлемі» әлем әдебиетіндегі мәңгілік образдар – Дон Жуан және Фаустпен астас. В «Саламандық студентте» Эспронседа «севильдік азғырушы» туралы испан аңыздарын пайдаланып, байрондық өлең дәстүрін ұстанады. Сөйтіп адамзат пен құдай заңына қарсы шығатын еркін ойлы имморолист Феликс де Монтемардың образын жасайды. Ал аяқталмай қалған «Сайтанның әлемі» философиялық поэмасында автор адамзат өмірінде мәңгі жалғасатын трагедиялық қайшылықтарды, әуел бастағы надандық пен бейкүнә кейіпке қайта оралудың мүмкін емесін, адамды жаныштаған әлеуметтік және әлемдік зұлым күштерді бейнелеуге ұмтылды. Поэма қаһарманы Адам шал ғайыптың күшімен баяғыда өтіп кеткен жастық шағы мен әуел бастағы бейкүнә әлемге қайта оралады. Алайда өзін қоршаған қоғамның дөрекілік пен қатыгездіктен тұратын шынайы бейнесін көріп, сүйген адамының өлімін бастан өткерген Адам ақыр соңы бәрінен баз кешеді. Асқақ лирика мен философиялық романтика мысқыл әрі әлеуметтік сатирамен астасқан поэмада өмірбаяндық сипат та жоқ емес.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар