Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ШЕТЕЛ ӘДЕБИЕТІ
«Дрина көпірі» және постколониалды сын (2-бөлім)...

23.10.2024 972

«Дрина көпірі» және постколониалды сын (2-бөлім) 14+

«Дрина көпірі»  және постколониалды сын  (2-бөлім) - adebiportal.kz

Бұл баяндамамыздың алдыңғы бөлімінде постколониализм контексінде Балқан түбегінің хәл-ахуалы, ондағы Батыс гегемониясының көрінісін жан-жақты талдауға тырыстық. Африка елдері, Үндістан секілді толықтай отарланған болмаса да, «жартылай отар» болып есептелінетін Балқан түбегі, колониализм, постколониализм ұғымының концептуалды шегарасын кеңейтіп, оның тек қана Шығыс-Батыс дихотомиясынан тұрмайтынын, яки колониалды түсініктегі Шығыс – әйел, Батыс – ер адам деп есептелінсе, Балқан түбегі Еуропа стандарттарына келмейтін «ер адам» болып қабылданып, мұндағы орнының «өз (Батыс) ішіндегі өзге», Батыс болу үшін тым Шығыс, Шығыс болу үшін тым Батыс болып есептелінетінін, яғни екіліктердің сыртындағы «үшінші алаңда» орналасқанын көруге болады. 

Осы арқылы Балқан түбегінің географиялық жағынан Еуропа құрлығының бір бөлігі болғанымен, еуропалық колониалды стандарттарға сәйкес келмейтін, әрісі Шығыс пен Батыс блоктарының арасында «көпір» немесе «қиылыс» іспеттес екенін аңғарамыз. Міне, мұндағы «көпір» ұғымының аясында Иво Андричтың «Дрина көпірі» шығармасын қайта оқу немесе зерттеу бізге Батыс гегемониясының, колониализмнің тек отарланған елдердің жерлеріне, жергілікті ресурстарына және нәсілдік, мәдени құрылымдарына ғана емес, сонымен бірге олардың денелеріне, ақыл-ойларына, тілектеріне, субъективтік формаларына да енетін «күш қатынасы» екенін ұғуымызға орасан көмегін тигізеді. 

Сонымен Иво Андричтің «Дрина көпірі» романы капиталистік жүйемен бірге келген модерндік колониализмнің Дрина өзені бойындағы гетерогенді қоғамның экономикалық, саяси және әлеуметтік салаларына тигізген әсерін, кедергілерін Батыс пен Шығысты жалғаған көпір контексінде суреттейтін шығарма. Яғни, шығармада капиталистік экономиканың кеңеюі Вышеградтың әлеуметтік, экономикалық және саяси құрылымындағы өзгерістерге қалай ықпал еткенін егжей-тегжейлі қарастырылады. 

Шығарманың өн бойынан Батыс отаршылдығы классикалық мағынада материалды ресурстарды тартып алып қоймайтынын, сонымен қатар үстемдік ететін аймақтардың экономикасын қайта құру, адамдар мен ресурстар ағынын реттеу, атамекен мен бақылаудағы жерлер арасында күрделі қатынастар орнату процестерін де қамтитынын көруге болады. Бұл үдерістер Батыстың Балқан географиясына кең ықпалын аша отырып, романның негізгі тақырыбын құрайды. Яғни, шығармадағы капитализмнің пайда болуымен жаңа формаға ие болған Батыс отаршылдығын, Дрина көпірінің айналасында өмір сүрген гетерогенді қоғамның өмір салты мен әртүрлілігін елемей, оларды «бөтен», «гомогенді» ретінде қабылдаған және олардың болмысына осы «гомогенді» сипатты мәжбүрлі түрде таңған, еуроцентристік парадигма шеңберінде олардың басқалықты жойып, біркелкілікке қарай итермелеген саяси билік түрі ретінде есептеуімізге болады. Сәйкесінше «Дрина көпірі» арқылы Батыс отаршылдығын тек қана тарихи бастау және аяқталу үдерісі ретінде сыртқы тұрғыдан қарастыру жеткіліксіз екенін ескере отырып,  отаршылдықтың қандай жолмен салынғанын және бұл процестер отарланған субъектілерді қалай және қандай контекстте өзгерткенін ішкі тұрғыдан тереңірек қарастырған жөн екенін бағамдай түсеміз. 

Романда бейнеленген Батыс отаршылдығын Балқан түбегіне (Вышеградқа) аяқ басуын, «жер қыртысынан (соңында) ми қыртысына» дейінгі аралықтағы үстемдігін түсіну үшін алдымен капитализмге дейінгі Балқан қоғамдарына тоқталуымыз керек. 

Бұл аймақтар 1908 жылы Австро-Венгрия империясының егемендігіне өткенге дейін Осман империясының шекарасындағы маңызды аймақтардың бірі болғанына бәрімізге мәлім. Дегенмен, Мария Тодорова Османлылардың Балқан жерінде билігін француз немесе ағылшын отаршылдық тәсіліне ұқсас отарлау миссиясын ұстанған жоқ екенін алға тартады. Керісінше, дейді Мария Тодорова, бұл жерлер Шығыс пен Батыс арасындағы буферлік аймақ қызметін атқарды. Осыған сәйкес романның басты  кейіпкері, 16 ғасырда Соколлу Мехмет Пашаның Дрина өзенінде стратегиялық жоспары аясында салған «Дрина көпірі» Шығыс пен Батысты біріктіретін саяси символ сипатында қабылдасақ болады. Дегенмен біз мынаны ұмытпағанымыз жөн. Шығыс пен Батысты біріктіретін тек Дринадағы көпір емес. Аталған көпір секілді Османлылардың, дәлірек айтсақ, Соколлу Мехмет Пашаның салдырған бірнеше көпірі бар. Мысалы,  Подгорица мен Требишница елді-мекендерінде салдырған көпірлер де «Дрина көпірі» секілді саяси тұрғыдан өте маңызды болған. Яғни, бұдан шығатын қорытынды, Дрина көпірінің құрылысы бүгінге дейін бірнеше әдебиет зерттеушісі мен сыншылар айтатындай  ешқандай «бала күнгі сағынышы мен отанына деген асқан махаббаты үшін» емес, нақты экономикалық және стратегиялық себептермен жүргізгенін түсінуге болады.

Алайда Балқан аймағындағы Османлы империясының үстемдігінің әлсіреуі, Босния-Герцеговина жерлеріндегі қақтығыстар мен келеңсіздіктердің нәтижесінде, бұл түбек 19 ғасырдың аясында Австро-Венгрия империясының қарамағына өте бастайды. Осы аралықта романға арқау болып отырған Вышеград пен «Дрина көпірі» австриялық сарбаздардың бақылауына өтеді. Десе де, өзге де Батыстық колонизатор секілді Австрия-Венгрия да Босния-Герцеговинаны соғыс, оккупация арқылы емес, бейне бір «қараңғылық пен қасіреттен құтқаруға» келген «супермэн» секілді қабылдауға мәжбүр етеді. Мұндай «супермэндік» манипуляциялар колониализм тарихында көптеп кездеседі. Мысалы, еуропалық мәдениет пен өркениеттен жұрдай Африка елдеріндегі құл иеленушілікті айыптап, олардың Батысқа (Америкаға) «құл болуының» әлдеқайда тиімді, тіпті Батыстағы «африкалық құлдардың» Африкадағы құлдарға қарағанда әлдеқайда «бақытты екенін» алға тартатын түсініктер мұның айқын дәлелі бола алады. Міне, осындай колониалды «супермэндік» жағдай, дәлірек айтсақ, Вышеградты жаулап алуды құтқару ретінде көрсету романда айқын және нақты дәлелдермен бейнеледі. 

«Босния және Герцеговина халқы! Австрия императоры мен Венгрия королінің әскерлері еліңіздің шекарасына аяқ басты. Олар жерлеріңізді күшпен тартып алуды мақсат етіп келген жаулар емес. Керісінше жылдар бойы (...) тыныштықтарыңызды бұзған дүрбелеңді тоқтату үшін дос ретінде келіп отыр. Император-патша өз шекарасындағы тыныштықты бұзған бұл дүрбелеңдердің жалғасып, қайғы-қасірет пен апатқа апаруына жол бере алмайды. Сіздің жағдайыңыз Еуропа мемлекеттерінің назарын аударды. Австрия-Венгрия сізге көптен бері жоғалтқан бейбітшілік пен тыныштықты қамтамасыз етеді деген шешім қабылданды. Сәйкесінше (...) падишаһыңыз Сұлтан сізді өзінің құдіретті досы император-патшаның қорғауына қалдыруды жөн көрді» (бұдан кейінгі кітаптан келтірілген үзінділер Ф. Төлтайдың аудармасында беріледі және баяндама контексіне қарай кей тұстары өзгертілетін болады )

Үзіндіден де көрініп тұрғандай, Батыс отаршылдығы Вышеградқа жау ретінде «дос», «құтқарушы» ретінде келгеніне сендіргісі келеді. Бұл, бұл біздің есімізге жұмысшы табын қолдамайтын шаруалар үшін айтқан 

Карл Маркстың «Олар өздері жайлы айта алмайды, олар жайлы айту керек» деген пікірін салады. Эдвард Саид өзінің «Ориентализм» атты еңбегінде Маркстың аталған пікірін отарлық дискурста интерпретациялайды. Сәйкесінше мұнда да Маркстің «олар өздері жайлы айта алмайды, олар жайлы айту керек» деген тұжырымына сәйкес «дос» ретінде келген батыс отаршылдығы Балқанның барлық құпиясын, ерекшелігі мен айырмашылығын Батысқа түсінікті қылуды мақсат еткенін көруге болады. 

Осы тұрғыда егер Саидтің пікірімен айтатын болсақ, Батыс отаршылдығы Балқан географиясын өз тұрғысынан қайта құру арқылы аймақты Батыс үшін мағыналы етуге тырысады. Өйткені Батыстың отаршылдық көзқарасы «өзіне ұқсамайтындардың кеудесінен итеріп жібереді, бұл аз десеңіз езілген күйде езгіде өмір сүруге мәжбүр етеді. 

Маргинализацияланғандар өз елдеріндегі осынау «достардың» әрекеттеріне қарамастан, ендігі уақытта «тұтқындар сияқты, жабық кеңістікті қажет етпей, қысым астында өмір сүруіне» тура келгенін романның ілгерілеген бөлімдерінен көруге болады. Яғни, келесі бөлімдерде Альберт Меммидің тілімен айтатын болсақ, Вишеград қоғамы (бас әріппен) «Өмір сүру үшін өзін отарланған деп қабылдауы керек» болғанын көреміз.

Осылайша, Иво Андрич Осман империясының «Дрина көпірінен» шегінуін, Австрия-Венгрия билікке келуін, халықтың отарланумен бетпе-бет келгенін, олардың отаршылдықты қабылдауын бейнелеуге тырысады. Яғни, роман соңында бірінші дүниежүзілік соғыста жойылатын көпірдің шын мәнінде соғыста емес, австро-венгр отарлауында қирағанын және ол енді Батыстың отарлауына түскенін абстрактілі мағынада Әли Хожа кейіпкері арқылы психосемантикалық тұрғыдан түсіндіреді.

«Бұл көпір... Бүкіл қаланы мақтан тұтатын көпір... Салынғаннан бері отбасымен тығыз байланыста болған көпір... Бала кезімізде ойнап, бүкіл өмірімізді осында өткізген көпір. Бейне бір ортасынан, тура Қапия тұрған жерінен ортасына түсіп кеткендей болды. Немсе баяндамасының ақ қағазы оны екіге бөліп, арасында үлкен шыңырау ашылғандай болды. Тас бағаналар оңды-солды қайта көтеріліп келе жатты, бірақ үстінде өтетін жер жоқ еді. Өйткені көпір ендігі екі жағаны байланыстырмайтын еді. Әркім өз мекенінде мәңгіге қалуға мәжбүр болатын».

Осы үзіндіден көрініп тұрғандай, қалаға Австрия әскерлерінің кіруімен Қапия метафизикалық мағынада күйрейді және әркім өмір сүру үшін отаршылдық жағдайды қабылдауға мәжбүр болады. Алайда, Франц Фанон айтқандай, «колонизатордың колонияға келуі жергілікті қоғамның өлімін, мәдени инерцияны және жеке адамдарды таспен атқылауды білдіреді». Сондықтан рационалдық, иррационалдық, орталық, периферия, өркениет, варварлық сияқты екілік қарама-қайшылықтарға құрылған отаршылдық жүйеде екі жақтылықтың бірінші элементі (Австрия-Венгрия) әрқашан алдыңғы орында болып, екінші жағына мағынадан мақрұм субалтерндердің (Вишеград) орналасқанын көруге болады. Альберт Меммидің пікірімен айтатын болсақ, Австрия-Венгрия дұрыс, тәртіпті, демократиялық, өркениетті, заңды, ұтымды, болашаққа бағдарланған, қалыптасқан құндылықтары мен критерийлері бар және индивидуализм ретінде қабылданса, Вишеград тұрғындары солшыл, ретсіз, демократия тек демократиялық рәміздер арқылы көрінуі мүмкін, примитивизм, заңсыз, өткеннен қалған некрофилдік құмарлық, жүйенің болмауы, ұжымдық ар-ождан және ұлтшылдық ретінде қабылданады. Сондықтан отарлаушы жергілікті халықпен «кез келген жағдайда, жолда, кезеңде өзімен тең ұстаудан үзілді-кесілді бас тартады». Мұндай бас тарту «Дринадағы көпір» романында, австриялық полковникті қарсы алуға шыққан қала ақсақалдары арқылы бейнеленеді.

«... Діни қызметкер Никола полковникке қарағанда, оның сөзін аударатын жас офицерге көбірек назар аударып, (...) жиналған әр дін өкілдерінің атынан сөз сөйледі. Жаңа мемлекеттің тілегі бойынша әрекет етіп, бейбітшілік пен тәртіпті қамтамасыз ету үшін барын салатындарын айтты. Өз кезегінде ол әскерден өз қоғамы мен отбасын қорғауды, бейбіт өмір сүруге және абыройлы жолмен нәпақа табуға мүмкіндік беруді сұрады. Діни қызметкер Николай сөзінің ауанын қысқа қайырып, тез аяқтады. Ал қатал полковниктің тіпті ашулануға уақыты болмады. Жас офицердің аудармасын күтпей, оның сөзін дөрекі дауыспен бөліп, қамшысын шарт еткізді де:- Жарайды!.. Жарайды!.. Өзін жақсы ұстағандар қорғалады. Бірақ барлық жерде тәртіп сақталуы керек, олар қаласа да басқаша істей алмайды! – деді. Ізін ала басын шайқап, олардың бетіне қарауды, тіпті сәлемдесуді де қажет етпей кетіп қалды». 

Осылайша, Батыс полковнигі мен қаланың діни адамдарының кездесуі арасында тікелей байланысты көру мүмкін емес. Бұл дегеніміз, Ашиль Бмабменың айтатынындай, бинарлы қарама-қайшылықтар ретінде құрылған отаршылдық пен отаршыл билік «бұйрық объектілерімен, яғни жергілікті тұрғындармен теориялық байланыс орнатпайтынын айқын дәлелі десек болады. 

Алайда біз оқыған үзінді де қала ақсақалдары, дәлірек айтсақ, Ибрахим Молда, Хусейн Эфенди, Давид Леви, Никола жаңа мемлекеттің қалауы бойынша әрекет ететіндерін және бейбітшілік пен тәртіпті қамтамасыз ету үшін қолдан келгеннің бәрін жасайтындарын айтады, яғни олар отарлаушыға бағынады. Бұл, жоғарыда да айтанымыздай, өмір сүру үшін отарлықты қабылдаудан басқа шешімнің жоқ екенін білдіреді. 

Сонымен қатар, отарлау әрекеті отарлаушыны (полковник) тудыратынын көріп отырғанымыздай, отарланған адамдарды да (дін өкілдері) жасайды деп айтуға болады. Осы себепті де қала тұрғындары тарихи-әлеуметтік өмірден шеттетіліп, өз тарихының субъектілері болуға қарағанда, тарих объектілеріне айналуға мәжбүр. Эйме Сезердің сөзімен айтқанда, «заттанудан» басқа қолдарынан ештеңе келмейді. Осылайша, өздеріне қатысты тарихтың субъектлері емес, объектлеріне айналған қала тұрғындары жаңа мемлекетке бағынуы және өздерін отарланған деп қабылдайды. 

Өйткені, Альберт Меммидің тілімен айтатын болсақ, «отарланған адам отарлану немесе отарланбау арасында таңдауға ерікті емес». 

Баяндамамызды одан әрмен, тағы да, Альберт Меммидің көзқарасымен жалғастыратын болсақ, «отарлаушы толық қожайын болуы үшін қол астындағы отар халықтардың объект болуы жеткізіліксіз, ол  өзінің заңдылығына да сенуі керек» екенін де ескергеніміз жөн. Бұл заңдылықтың толық болуы үшін отарланған елдің өмірін отарлық стандарттарға бейімдеп, отарлауға дейінгі тарихты өшіріп, оны Батысқа «түсінікті» ету керек. Сол себепті отарлаушылар үшін Фанонның пікіріне қосылып айтсақ, «отарланған халықтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, әдет-ғұрпын, мифтерін, әсіресе мифтерін ығыстырып, оларды қожайын жолында езе бастайды». Иво Андрич романда мұндай әрекеттерді келесідей сөйлемдер арқылы бейнелеуге тырысады:

«...Осылайша, халқымыз күтпеген сәтте, осыдан үш жүз жыл бұрынғыдай қазір де көпірмен біте қайнасып кеткен (...) керуен-сарайға кезек келді. Тас хан әлдеқашан қирандыға айналғаны рас еді. Есіктері шіріп, шілтер тәрізді торлары сынып, шатыры ғимаратқа опырылып түскен болатын. (...) Десе де, бұл қала тұрғындарының көз алдында елеусіз қиранды емес, көпірдің қосымшасы, туған үйі сияқты, әрісі қаланың ажырамас бөлігіндей еді. Осынша уақыттың ішінде оны  табиғаттан басқа кез келген күштің қиратанына ешкім сенген жоқ.  Бірақ бір күні оның да кезегі келді. Алдымен инженерлер қираған жердің айналасында ұзақ өлшемдер жүргізді. Содан жұмысшылар келіп, бірінен соң бірі тастарды шығаруға кірісті. (...) Сәлден соң базар үстіндегі жазық далада ұқыпты үйілген тастан басқа ештеңе қалмады. Бір жылдан кейін-ақ керуен сарайдың орнында төбесі мырышпен жабылған (...) кедір-бұдыр, бір қабатты казарма көтерілді». 

Көріп отырғанымыздай, «Тас ханды табиғаттан басқа ешкім жоя алмайды» деп есептелсе де, отарлаушылардың оны бұзып, орнына казарма салады. Бұл әрекет, белгілі бір деңгейде отаршылдық биліктің шынайы көрінісі болып есептелінеді. Демек, мұндағы отаршылдықтың негізгі мақсаты – тарихты еске түсіру емес, керісінше отаршылдыққа дейінгі өткенді өшіріп, сол арқылы мойынсұнғыш отаршыл субьекті құру. Романның кейінгі бөлімдерінде де отарлаушының отаршылдық әрекеттері мақсатында осы және осы сарындас ескі мәдениеттерді жойғаны байқауға болады. Мысалы, отарлыққа дейінгі мәдени жойылудың ең жарқын мысалдарының бірі Капия мәдениетінің жоғалуы ретінде сипатталады. Көпір салынғаннан бері Вышеградтың мәдени және әлеуметтік өмірінің маңызды бөлігі ретінде қарастырылған Капия Австро-Венгрия империясының басып алуымен күн өткен сайын маңыздылығын жоғалта бастайды. Автор Капияның сол бір қуанышты жылдардан кейінгі жалғыздығын, азабы мен қорқынышын «кешегі қуаныш пен қауырт тіршіліктің орнына Капияға қазір өлі тыныштық орнады» сөздерімен сипаттайды. Осы арқылы  отаршылдыққа дейінгі мәдени құндылықтардың отаршылдық әлемінде жоғалып кетіп бара жатқанына, әрісі отарлаудың жеделдеуіне алаңдайды.

Десе де, мұндағы тағы бір ескеретін дүние, отарлаушылар отар халықтардың мәдениетін толық жойып жіберіп, орнына ештеңе қоймау емес екенін ұмытпау. Яғни,  мұндағы жергілікті халықты отарлау, Ахилле Мбембе атап көрсеткендей, «Жою және жарату, жою арқылы жасау, қирату және жаратуды қирату, жарату үшін жарату, жою үшін жоюдың екі жақты қозғалысын іске асыру болып саналады». Осылайша, «отарлау субъектісін құру үшін қиратылған және жою үшін қайта салынған» қалалардың тұрғындары отаршылдық кезеңінде өздерінің отаршылдыққа дейінгі мәдени құндылықтарының орнына, отарлаушы жасаған дискурсқа тәуелді бола түседі. 

Ендігі уақытта «мәдени құндылықтары жоғалған және болмысы жойылған отарланған субъект (халық) отарлаушымен кездесуінде өзінің «автономды» анықтамасымен емес, ол туралы жасалған дискурстармен және билік қатынасындағы орнымен бағаланатын болады.

 Сәйкесінше, отаршылдыққа тәуелсіз жерде орналаса алмайтын отарланған субъект, отаршылдық жойылса да бұл ұстанымнан бас тарта алмайды. Себебі «отарланған адамдар тек қана физикалық еңбектеріне ғана қаналып қоймаған, сонымен қатар мәдени бостандықтары да өлтірілген субалтерндер». 

Мұндағы субалтерндердің ішінде отар әйелдердің орны мен маңыздылығы тіпті ауқымды мәселе екенін ескергеніміз жөн. Басқаша айтқанда, онсызда отарлыққа дейінгі кезеңде патриархалды қоғамда қысым көріп келе жатқан әйел заты, отаршылдық пен отарлықтан кейінгі кезеңдерде де, Спивак айтқандай, «екі қат көлеңкеде» өмір сүру мәжбүр. Ал Батыс отаршылдығы, мұндағы әйелдердің әлеуметтік, саяси және құқықтық эмансипациясына ықпал ете отырып, оларды ескі патриархалдық қоғамдағы әлеуметтік және отбасылық иерархияның төменгі сатысынан «азат етуді» мақсат еткенін де атап өткен жөн. Отарлаушылар тарапынан әйелдерді мұндай «азат ету» көбінесе Спивактың тілінде, «ақ ерлер қоңыр әйелдерді қоңыр еркектерден азат ету» ретінде түсініледі. Алайда, отарлаушылардың бұл «азаттық» немесе «құтқару» әрекеті Аниа Лумбаның сөзімен айтқанда, ұлттық қасиеттер мен құндылықтарды бұзған және отарланған қоғамдағы күш динамикасының қысымын, әсіресе әйелдердегі екі есе көп «қос отарлау» басқа ештеңе де емес. Иво Андрич романында бұл «азат ету» былайша суреттеледі:

«Басып алу әкелген тағы бір жаңалық болды. Капияға алғаш рет әйелдер де келе бастады. (...) Әрине, Капия мен қала әйелдерінің арасында әрқашан байланыс болған. (...) Бірақ не болса да, Капияға мұсылман да, христиан әйелдер де келіп отырмаған. Қазір мұның бәрі өзгерді. Қапияда жексенбі мен айт күндері майлы жүзді жұмысшы әйелдер көрінетін болды. (...) Олардың жанында (...) әскери формадағы сержанттар да табылып қалатын (Андрич, 2021).

Үзіндіден кейінгі баяндамамызды одан әрмен, Спивактан пікірін сәл өзгертіп жалғастыратын болсақ, «Австро-Венгрия ерлері вышеградтық әйелдерді вышеградтық еркектерден құтқарып жатқандай» отарлауға тырысып жатқанын байқауға болады. Бірақ мұндағы кесіп айтатын дүние, Австрия-Венгияның субалтерндерді сөйлеуге мәжбүрлеу әрекеті олардың дауыстарын басып, олардың атынан сөйлеуден басқа ештеңе емес. Себебі жоғарыда айтқанымыздай, колонизаторлық менталда «олар өздері жайлы сөйлей алмайды, олар жайлы біз сөйлеуіміз керек» деген ұғым бар. Басқаша айтқанда, субалтерн әйелдер отарланған ерлер секілді билік қатынастарын көрсететін дискурста ұсынылмағанын көруге болады. Ал бұл өз кезегінде екі қат көлеңкенің астында әйелдердің отарланған үстіне отарғанын білдіретіні анық. 

Әрмен қарай, романда қалада күрделі құрылыс жұмыстары жүріп, ескі керуен сарайы бұзылып, қалада шетелдік әйелдер көрінгенін, қалаға әртүрлі ұлт өкілдерінен мемлекеттік қызметшілер аяқ тіреп, университетте оқу үшін басқа қалаларға кеткен жастар демалыс кезінде қалаға келгенін, жаңа идеяларды өзара талқылай бастағанын көруге болады. Тіпті Дрина көпіріне ештеңе болмағанымен, темір жол салынып бұрынғыдай қоғамдағы орны жоғала бастағанын көруге болады. Қала отарлық сипатта «Еуропаландырылса да», «түріктер кезіндегі тәтті және тыныш өмір (енді жоқ), бәрі жаңа түсінік бойынша ұйымдастырылған» дейді автор. Автор аталған пікірін Әли Қожа арқылы дамыта отырып, бәрі жаңа үкіметтің стандарттары бойынша ұйымдастырылғанымен, бұл ұйымдастырудың артында өте ауыр отаршылдық зорлық-зомбылық бар екенін түсіндіруге тырысады. 

Романда консервативті және реакцияшыл ретінде қабылданатын Әли Қожа, шын мәнінде, толығымен отаршылдыққа қарсы көзқарастағы кейіпкер. Өйткені Дрина көпірі Австро-Венгрия отаршылдық жүйесінде бұрынғы маңыздылығын жоғалтып, қала тұрғындары үшін таса да қалса да, Али Хожа үшін ол әлі жанының жарты бөлшегіндей. Тіпті мұның айқын дәлелі ретінде роман соңында бірінші дүниежүзілік соғыста құлаған көпірмен бірге, Әли Қожаның да демі үзілетінін еске түсіруімізге болады. Яғни, Әли Қожа автро-венгрлер келген сәттен бастап-ақ олардың әрекетінің арғы жағында басқа дүние бар екенін аңғарған және оларға өте күмәнмен қараған адам:

 «Олар уақыттарын босқа өткізіп, көңіл көтермейді. Олар ұйықтап жатқанда да әрқашан өз жұмыстары туралы ойлайды. Біз оны әлі көре алмаймыз, бірақ жақын арада көреміз. (...) Олардың үйлерді нөмірлеудегі мақсаты жаңа салық салу деп ойлаймын немесе солдат алуды көздейді». 

Көріп отырғанымыздай, Әли Қожа Австрияның үйлерді нөмірлеп, ерлердің жасын қадағалауға тырысқан әрекеттерін ашық түрде айтпаса да, халықты отаршылдық тәртіпке бағындыру екенін біледі. Ал мұндағы отаршыл биліктің негізгі мақсаты – үй санын, халықтың санын, адамдардың жасын анықтау, жаңа салық салу немесе солдат жинау емес, отаршыл халыққа өз билігін нығайтып, оларды белгілі бір тәртіп ішінде бақылауда ұстау десек қате айтқанымыз емес. Сәйкесінше романдағы отаршылдық билік – зорлық-зомбылық арқылы көрініс табатын «егеменді билік» пен тәртіп пен биосаясат тәжірибелері арқылы әрекет ететін «био-биліктің» қиылысында орналасқанын көруге болады. Осы себепті де қала тұрғындары отаршылдық билік қатынастарының экономикалық және саяси мақсаттарымен параллельді түрде физикалық және психикалық деформациясына ұшырауға мәжбүр.

Мишель Фуко философиясына сүйене отырып, нақтырақ айтатын болсақ, романдағы отаршыл билік зорлық-зомбылық, тәртіп пен биосаясат арқылы жүзеге асады. Жалпылай айтқанда кез-келген отаршыл билік зорлық-зомбылық (құлдық, мәжбүрлі еңбек, жазалар, дене тұтастығын бұзу және өлтіру және т.б.), тәртіп (миссионерлік қызмет, оқу орындары, плантациялар және т.б.) және биосаясат (халықты бақылау, халық құрылымын өзгерту, жұмыс күшін көбейту және т.б.) ретінде анықталады. Романда да австриялық отаршыл держава классикалық мағынадағы зорлық-зомбылықпен қатар, «отаршыл субъектіні» тәртіптік тәжірибелермен мәжбүрлейтін (қақпаға ілінген ескертулер түрік тілінде жазылмауы, тілдік және мәдени құндылықтарда еленбеуі) және биосаясат (Вишеград халқының саны мен жас арақатынасын анықтау) қала тұрғындарын отаршылдық тәртіпке бағындыруға жағдай жасағанын көруге болады. Әрісі автор да шығармадағы жаңадан салынған теміржол арқылы отаршылдық тәртіп пен биосаясаттың бірігіп, қысым көрсетпейтін, дене мен сананы бақылауда ұстайтын «биоқуаттың» қызметін сипаттауға тырысады.

«Егер сіз австриялықтар мұны баратын жеріңізге тезірек жетуге және жұмысты тезірек аяқтауға көмектесу үшін ойлап тапқанына сенсеңіз, ақымақсыз. Сіз бір жерден екінші жерге бара жатқаныңызды көресіз. (...) Бір күні австриялықтар сізді өз пойыздарымен сіз қаламайтын және ешқашан баруды ойламаған жерлерге сүйреп апарады». 

Бұл үзіндіден біз, бұрын айтқанымыздай, австриялық отаршылдық басқа да батыс отаршылдықтары сияқты егеменді билік (зорлық-зомбылық) мен био-билікті (тәртіп пен биосаясат) тоғыстырғанын көреміз. Сәйкесінше отарлаушылар жергілікті халықтарды «өркениеттендіргенінің» арғы жағында «қолға үйрету» жатқанын аңғаруға болады. Мұнымен қоса, «қолға үйретілген» объектлерді отарлық субъект ретінде қайта жасап шығуға талпынады. Осы арқылы отаршылдық дәуірі бітсе де отарлық – субъектілердің денелерінде, санасында билігін жалғастыра береді. Сондықтан постколониялық мемлекеттерде отарсыздандыру толық мағынасында Франц Фанон айтқандай, «жаңа адамдардың жаратылуы» ретінде тұжырымдалады. Осы тұрғыдан алғанда, романның кейінгі бөлімдерінде «жаңа адамдар жарату» мақсатында отаршылдыққа қарсы ұлтшылдық, социалистік көзқарастардың пайда болуы да назар аударарлық. Романда Иво Андрич аталған көзқарастардың отаршылдыққа қарсы айырмашылықтарына тоқталып, олардың арасындағы тартысты Янко Стикович пен Яков Херак кейіпкерлерінің диалогтары арқылы түсіндіруге тырысады. 

Херак: (...) Тәуелсіз мемлекеттердің құрылуына қажетті жағдай қаналған таптар, шаруалар мен жұмысшылар, яғни көпшілік алдын ала экономикалық еркіндікке қол жеткізген жағдайда ғана жүзеге асады. Бұл жүру керек жолдың табиғи бағыты. Керісінше емес!... Демек, халықты құтқару мен бірлік әлеуметтік жағдайды жақсартып, сақтап қалу арқылы ғана жүзеге асады. Әйтпесе, шаруалар, жұмысшылар және ұсақ буржуазия өздерінің кедейлік пен құлдық сезімін өздерімен бірге жаңа саяси құрылымға өлімші, жұқпалы ауру сияқты әкеледі. Екінші жағынан, азшылықты құрайтын қанаушылар өздерінің паразиттік, реакцияшыл көзқарастары мен қоғамға жат сезімдерін қосады, олармен тұрақты мемлекет те, берік қауымдастық та орнатуға болмайды.

Стикович: Осының бәрі... Қымбаттым, шетелдің кітаптарында жазылған, жат идеологиядан шыққан сөздер! Олар оянып келе жатқан ұлттық күштердің алдында жоқ болып кетеді. Алдымен сербтер, сосын хорваттар мен словяндер, оянған күштердің барлығының мақсаты бір. Оқиғалар неміс теоретиктерінің болжамы бойынша дамып жатқан жоқ. Керісінше, тарихымыздың терең мәні мен нәсіліміздің шабытымен ұштасып жатыр. Балқандағы әлеуметтік мәселелер ұлт-азаттық қозғалыстар мен соғыстармен шешіледі. Ал бәрі логика аясында дамиды. Бұл кішіден үлкенге... аймақтан, рудан, мемлекеттен, ұлттан өтеді». 

Оқыған үзіндіден аңғарғанымыздай, екі көзқарастың да мақсаты – отаршыл халықтарды азат ету, тәуелсіз мемлекеттер құру. Осы себепті ұлтшылдық көзқарас әлеуметтік мәселелерді ұлт-азаттық қозғалыстар арқылы шешуге болатынын айтса, социалистік көзқарас үшін әлеуметтік жағдайды түзеп, сақтап қалу арқылы ғана жүзеге асады. Дегенмен, Роберт Янг атап өткендей, «...Австрия-Венгрияда (...) отаршылдыққа қарсы қозғалыс ең алдымен коммунизм мен социализмге емес, ұлтшылдыққа жүгінгенін» көруге болады. Демек, ұлтшылдық отаршылдыққа қарсы өте жойқын реакция ретінде тәуелсіздік үшін күрестің алғашқы және маңызды қадамдарының бірі деп айта аламыз. (...) Ал мұндағы социализм, отаршылдыққа қарсы таптар арасындағы байланыстарды ұлттық байланыстардан күштірек және шынайырақ екенін айтады. Романда автор осы көзқарастардың қайшылықтары мен үйлесімсіздігін өте анық суреттей отырып, оқырмандарға қай бағыттың тиімді екенін сұрақ ретінде қалдырады. Яғни, осы бағыттардың қайсысы отаршылдықтан кейінгі қоғамдар үшін болашаққа қарай жылжу тиімдірек болады дейді.  Сонымен, роман Босния мен Герцеговинаның тарихи панорамасында төрт ғасырға жуық уақыт бойы маңызды орын алған Дрина көпірінің Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде жарылыстан кейін қирауымен аяқталады. Алайда, көпір физикалық түрде романның соңында қираса, колониалды контекстінде отарлаушылар келген сәтте-ақ қиранған болатын. Отарлау тереңдеген сайын көпірдің бір-бірте «жоққа» айналып бара жатқанын аңғарамыз. Себебі Дрина көпірі тек Шығыс пен Батыстың байланысын ғана емес, қала тұрғындарының отаршылдыққа қарсы тарихы мен ұлттық сананың байланысын қамтамасыз етті десек қате айтқанымыз емес. Ал дүниежүзілік соғыстың басталуымен аталған «байланыстардың» барлығы толыққанды және анық үзіледі. Мұны автор тағы да Әли Қожаның көзімен бейнелеуге тырысады.

 «Капия өз орнында еді. Бірақ кейін көпір екіге бөлініп, жетінші колонна жоқ болып шықты. Алтыншы мен сегізінші колонналардың арасы алшақтап, бүйірден қараған кезде өзеннің жасыл суы көрінетін. Сегізінші бағанадан басталып, көпір қайтадан жалғасып, кешегідей жарқыраған, тегіс, аппақ арғы жағаға созылып жатты». 

Көріп отырғанымыздай, жарылыстан кейін көпір екіге бөлініп, жетінші колонна толығымен қираған. Төрт ғасыр бойы Шығыс пен Батысты байланыстырған көпір енді жоқ. Дрина көпірі екі жағалауды бұдан былай байланыстырмаса да, Әли Қожадан басқасының «бәрі мәңгілікке осы жерде қалуға мәжбүр еді». Өйткені отаршылдар қала шекарасына кірген сәттен-ақ көпірдің қирағанын көрген Әли Қожа ендігі уақытта қай затқа арқа сүйейтінін білмейді. Ол да көпірмен бірге «құлайды», өледі. Роман соңында жарылыстан кейін Дрина көпірі Әли Қожаның рухымен бірге абстрактілі түрде отаршылдық торынан босаған құстай Вишеград тұрғындарының кеудесіне қонған сезімге бөленеміз. Өйткені Дрина көпірі кеше де, бүгін де қала тұрғындарына тиесілі. Әрісі оның осы қаладан басқа баратын жері, ауатын мекені жоқ. Сәйкесінше өзімен тағдырлас Вышеград халқы да осы жерде, осы мекенде, «осы жартылай аймақта» мәңгілік қалуға мәбүр. Себебі Вышеград халқы да дәл осы көпір секілді Батысқа да, Шығысқа да жатпайтын, арада қалған. Басқаша айтқанда, «Шығыс болу үшін тым батыс және Батыс болу үшін тым шығыс». Ең өкініштісі, Тодорованың пікірімен айтатын болсақ, жалпы Балқан түбегінің арада қалған мұндай «көпір» статусы ең жақсы жағдайда жолдың бір бөлігі, қиын және қауіпті бөлігі. Бірақ бұл көпір адам баласына ешқашан мекен, баспанасы бола алмайды. Иво Андричтің романында да осы пікірдің әдеби-көркем бейнесін көре аламыз. Себебі Вышеград тұрғындарының осы бір мекенсіз мекеннен басқа баратын жер, басар тауы жоқ. Бұл жер, олардың мәңгілік отаны.

Қорытындылай келе, отаршылдық – өзге бір ұлттың өз шекарасынан аттап өтіп, ол жерде экономикалық-саяси үстемдік орнату және осы үстемдік шеңберінде ұлттарды, қауымдастықтар мен аймақтарды бақылауда ұстау екенін білеміз. Отарлаушылар, ең алдымен, өздері жаулап алған аймақтардың табиғи ресурстарына, жұмыс күшіне және нарықтарына үстемдік етуге тырысады. Әрмен қарай бұл үдеріс жергілікті халықтың әлеуметтік-мәдени және діни құндылықтарына қысым көрсетуімен жалғасады. Осы қысымдарды абсолюттендіру үшін отарлық кезеңнің барлық жерінде отаршылдар жергілікті халықтарға өздерінің мәдени артықшылығын таңуға тырысады. Яғни, өздерін дамыған, өркениетті деп есептеп, жергілікті халықтарды варвар, дамымаған деп санайды. Ал бұл өз кезегінде жергілікті халықтарды «өркениет ету» немесе «дамыту» сынды манипуляциялар арқылы «қолға үйретуге» алып келеді. Иво Андричтің «Дрина көпірі» романы болса, Австро-Венгрия империясының Вишеградтағы осынау колониалды ниетінің этникалық топтардың гетерогенділігін жойып, гомогенділікке мәжбүрлегенін, бұл мәжбүрлеу кезінде келеңсіздіктер мен толқуларын халықтар болмысына қаншалықты деңгейде әсер ететінін әдеби-көркем деңгейде суреттейді. 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар