Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ШЕТЕЛ ӘДЕБИЕТІ
«Дрина көпірі» : Постколониализм контексінде Балқа...

16.10.2024 860

«Дрина көпірі» : Постколониализм контексінде Балқан түбегі (I-бөлім) 14+

«Дрина көпірі» : Постколониализм контексінде Балқан түбегі (I-бөлім) - adebiportal.kz

Осыдан бірнеше уақыт бұрын қазақ жазушы Таласбек Әсемқұловтың аудармасында 1961жылғы әдебиет аталымы бойынша Нобель сыйлығының иегері Иво Андричтің «Дрина көпірі» атты романы кітап болып басылып шыққаны барша оқырман қауымға мәлім. Балқан түбегіндегі 400 жылдық саяси-әлеуметтік оқиғаларды қамтыған аталған шығарма жайлы қазақ тілді аудиторияда бірнеше жазбалар жазды, тіпті телеарнада арнайы бағдарлама түсірді. Яғни, белгілі бір деңгейде Иво Андричтің жалпы шығармашылығы мен оның шығармашылығының Балқан түбіндегі маңызды турасында қазақ тілді оқырман қауым жеткілікті деңгейде ақпарат ала білді деген ойдамыз. 

Бірақ бұл Иво Андрич және Балқан түбегі жайлы барлық ақпарат берілді, осымен бітті дегенді де білдірмейді. Себебі Балқан түбегіндегі мемлекеттердің әлі күнге дейін бір шешімін таппаған өзгермелі ішкі, сыртқы саясаттары мен бұл саясаттардың әдебиетке ықпалы жайлы таңды таңға ұрып айтуға болады. Сәйкесінше Балқан елдерінің кешегі, бүгінгі саяси-экономикалық ахуалын жақыннан білу, ондағы Еуроцентристік көзқарастар мен Батыс гегемониясының қуатын өлшеу белгілі бір деңгейде «Дрина көпірі» және басқа да шығармаларды одан әрмен тереңірек ұғынуға жол ашады. Осы және осы сарындас мәселелерді ескере отырып, ағымдағы жылдың қыркүйек айында Иво Андричтің туған мемлекеті Босния және Герцеговинадағы Балқан конгрессінде оқыған  «Постколониалды сын контексте Дрина көпірін деконструкциялау» атты баяндамамыздың қысқаша қазақша нұсқасын оқырман қауымға арнайылап ұсынуды жөн санап отырмыз. Сонымен жазбамызды постколониализм деген не және оның ешқашан отар болып көрмеген Балқан түбегіне қатысы қанша деген сұраққа жауаптан бастасақ. Постколониализм – отарлаудан кейінгі кезеңді қарастыратын және жалпы отаршылдыққа қарсы реакция ретінде дамитын теория және сыни көзқарас. Бұл теория отаршылдық кезінде және одан кейін, әсіресе Еуропаның бұрынғы отары болған елдерде қалыптасқан әдеби және мәдени құрылымдарды зерттейді. Десе де, постколониализмнің бастауын тек қана отарлықтан кейінгі кезеңмен байланыстыруға болмайды. Отаршылдық пен империалистік кезең және оларға  қарсылық танытқан сәттердің ішінде де постколониализм «дәнегі» болды десек қате айтқанымыз емес. Әрине, аталған ұғымды тарихи тұрғыдан алып қарастыратын болсақ, постколониалдық теория отаршылдық мұрасын, осы мұраның қоғамға тигізетін әсерін және бұл әсерлердің қалай өңделетініне назар аударады. Бірақ «кейін» деген мағынаны білдіретін терминдегі «пост» жұрнақты тек уақыттық мағынада ғана емес, сонымен бірге дүниенің қазіргі теориялық түсінігінен шығатын концептуалды қозғалыстың белгісі ретінде де қарастырған жөн.

Яғни, постколониялық тәсілдер үстемдік етуші мета түсінікке толықтай қарсы шығады деген сөз. Дәлірек айтатын болсақ, бүгінге дейінгі гегемониялық талдаулар мен зерттеулердің, дискурстар мен дихотомиялардың құрылымын бұзып, қайта қарастыруға мүмкіндік береді. Сәйкесінше тоеритик Хоми Бхабханың тілімен айтсақ, саяси және әлеуметтік билік жарысында постколониялық сын тек қазіргі теңсіздіктерге ғана емес, сонымен бірге осы теңсіздіктердің тарихи жағдайларына да назар аударады. Міне, осы тұрғыдан алып қарағанда постколониялық теорияның негізгі қызығушылықтарының басында Еуроцентристік теориялардың ескі отаршылдық тәртіпті қалай қайта тұжырымдайтынын және осылайша Батыстың әлемнің қалған бөлігіндегі гегемониясын қалай сақтайтынын көрсету тұрады десек артық айтқанымыз болмайды. Басқаша айтқанда, постколониализм отаршылдық және империялық тарихтардың әлем туралы отаршылдық ойлау тәсілін қалай қалыптастыратынын және батыстық билік түрлері әлі де батыстық емес әлемді қалай маргиналдандыратынын атап көрсетеді. Өйткені батыс отаршылдығы басқа адамдардың жерлері мен қазба байлықтарын бақылау мен жаулап алуды ғана емес, сонымен қатар жергілікті халықтардың субъективтілігі мен экзистенциалдық мәртебесін елемеуді де қамтиды. Яғни, отарланған елдердегі жер үсті, жер асты байлықтарын тартып алу, жергілікті халықты физикалық түрде жою, мәдени элементтерді жоқ қылу, құлға айналдыру, елді мекендерді қайта құру, тікелей басқару құралын қалыптастыру сияқты әртүрлі тәжірибелер мен процестерді қамтуы мүмкін Батыс отаршылдығы – тек мұнымен ғана шектеліп қалмайды: отарланған халықтардың субъектілігін жермен жексен етіп, өз стандарттары шеңберінде Батыс сыртындағы халықтар жайлы «қолайлы» мағына қалыптастыруды көздейді. Осыған сәйкес постколониялық теориялар Шығыс (отарланған) және Батыс (отарлаушы) қарама-қайшылықтарынан туындайтын мәдени айырмашылықтар арасындағы тең емес билік қатынастарын қарастыру арқылы мәдени, таптық, нәсілдік, діни, гендерлік және т.б. айырмашылықтарды жан-жақты талдауды ұсынады.

Міне, осы жердегі Шығыс мәселесіне арналған кез-келген зерттеу, Балқан түбегіндегі саяси-экономикалық мәселелерді күрделендірген географиялық және этникалық факторлардан бастау керек деген ойдамыз. Біздің бұл пікірімізді Дж. Холланд Роуз да қуаттай түседі. Себебі ұзақ жылдар бойы «Еуропа ішіндегі өзге» деп еленбей келген Балқан елдері үшін бұл ұғым Шығыс-Батыс қатынасын ғана емес, Батыс-Балқан дихотомиясын да қамтиды. Шығыс отаршылдық дискурста «өзге» ретінде конфигурацияланса, Балқандар бұдан да бұлыңғыр, не ары не бері емес, өзім десең өзге сынды, өзге дейін десең өзім сынды «өзге» (Шығыс) пен өзімнің (Батыстың) арасында қалған белгісіз бір мекенде орналасқан (бұл мекенді көз алдыңызға елестету үшін Дринадағы көпірді есіңізге алсаңыз болады Ф. Т.). 

Обалы не керек, Балқан түбегі географиялық жағынан Еуропа құрлығының бір бөлігі болғанымен, еуропалық мәдениет пен өркениетке жатуы жағынан мұндай түсінікке келісе бермейміз, тіпті жоққа шығаруымызға тура келеді. Себебі Балқан түбегі, Дринадағы көпір секілді Азия-Еуропа немесе Шығыс-Батыс блоктары арасындағы «көпір-қиылыс нүктесі» іспеттес. Болгар тарихшысы Мария Тодорова да аталған пікірге одан әрмен тереңдей бойлап, Балқан елдері отаршылдық менталитетте Еуропаның ішіндегі қараңғы мекен, Еуропаның құлы, оның алтер эгосы, өркениеттен жұрдай ретінде бейнеленген дейді. Тіпті өз зерттеуінде Балқан халықтарының Еуропалық стандарттарда өмір сүрмегені үшін, Батыстықтарға ұқсамағандары үшін тарих бойынша шеттетілгенін ашық және нақты жазады. Сөзімізге дәлел ретінде төменде Мария Тодорованың «Балқанды елестету» атты кітабынан үзінді келтіргенді жөн санап отырмыз: «...Балқан елдері қайырымдылықтың не екенін білмейді. Діндері католиктер мен протестанттардың эмоционалдық, психологиялық және интеллектуалдық дінінен қатты айырмашылығы бар, оны тіпті дін деп санауға да болмайды. Діни қызметкерлер материалистер, практикалық, сөздің батыстық мағынасында атеисттер; Олар қарақшылар, сатраптар, қара сақалды, айлакер, қатыгез, дүниелік жаратылыстар». 

Үзіндіден де көрініп тұрғандай, отаршыл батыстықтардың Балқанға деген көзқарасы саяси дұрыстық (political correctness) принциптеріне негізделген. Бұл принциптер Батыстың түрлі-түсті адамдарға, әсіресе қара нәсілділерге, христиандық емес діндердің өкілдеріне, әсіресе исламға және бұрынғы колониялар мен батыс сыртынан келген немесе оларда тұратын адамдарға деген көзқарасымен шектеледі. Тодорова секілді Балқан этнологы Божидар Езерник те Батыс түсінігіндегі Балқандардың орны мен статусы жайлы тоқтала келіп, Батыстықтар үшін Балқан түбегі бірнеше ұрпақ бұрын бас тартқан барлық заттарды тәмсіл ететін аймақ деген пікір білдіреді. Бұл дегеніміз Батыс түсінігінде Балқандықтар әлі күнге дейін орта ғасырдағы Еуропаның деңгейінде өмір сүреді дегенге саяды. Осы бір радикалды пікір мен ойдан-ақ Батыс жерінің өзінен басқа елдер мен халықтардың барлығын төмен көретінін, барлық материалды, моралды құндылықтарды өз стандарттарында өлшейтінін аңғаруымызға болады. Сәйкесінше Шығыс елдеріне секілді толықтай отарланбаса да, отарлық қысымда өмір сүрген, сүріп жатқан Балқан елдері географиялық тұрғыдан «көпір, қиылыс» ретінде анықталса, әлеуметтік және мәдени тұрғыдан «гибридтік», тарихи контексте «зорлық пен дағдарыс», даму статусы бойынша «иерархиялық», саяси тұрғыдан кезең-кезең «коммунизм» сияқты ұғымдармен байланысты десек қателеспеген болар едік. 

Осы тұрғыдан бағаланғанда, Батыстың Балқанға көзқарасы постколониялық теориялардың сынайтын күш динамикасының көрінісін көрсетеді. Өйткені Балқан елдері жоғарыда айтқанымыздай, географиялық тұрғыдан Еуропаның ішінде орналасқанымен, мәдениет пен өркениет аясында шетке ығыстырылып, шеттетілген территория. Бұл жағдайды Батыстың өз ішіндегі «өзгені» құру және жоққа шығару процестерінің мысалы ретінде қарастыруға болады. Яғни, Батыстың Балқанға деген бұл көзқарасы аймақтың тарихи, мәдени және географиялық шындықтарынан алшақ, клишелерге негізделген түсінікті көрсетеді.

Мария Тодорова «Балқанды елестету» атты еңбегінде Балқанға қатысты жүргізілген Батыстық отаршылдық саясатты деконструкциялап, «балканизм» ұғымы шеңберінде Батыстың Балқанға деген көзқарасын егжей-тегжейлі талдауға тырысады. Тодорова сипаттаған «балканизм» термині ежелгі этникалық қақтығыстар, ұзақ уақытқа созылған тұрақсыздық, сыбайлас жемқорлық, зорлық-зомбылық басым болатын географияны бейнелейді. Яғни, Тодорованың ойынша Батыс елдері Балқан елдерін «Балканизм» концептісіне қамап, ондағы бірегей геосаяси, мәдени және діни ерекшеліктерін елемей, барлығын негативті қылып көрсетеді. Десе де, Мехмет Хажысалихоғлу «Өткенмен бітпейтін күрес: Балқандағы тарих және тарихнама» атты мақаласында бұл ұғымның Батыс және Орталық Еуропада теріс пікірлерді қамтитын термин ретінде дамып, Тодорова кітабына дейін қалыптасқанын айтады. Бірақ Тодорованың еңбегінен кейін ғана академиялық ортада Батыстың расында «Балканизм» термині арқылы Балқанның имиджіне нұсқан келтіретінін нақты және анық делелдермен делелденіп, терминнің Еуроцентристік идеяға негізделгені айқындалды дейді. Осылайша, онсызда «өзге» мен «өзімнің» арасына қамалып қалған Балқан елдері балканизм термині аясында «қаңырап бос қалған арал немесе Еуропа, Батыс пен Шығыс арасындағы шеткі аймақ ретінде бейнеленгенін және оның кері әсерлерін ғылыми-танымдық деңгейде зерттеле бастады. 

Десе де, мұндағы балканизм ұғымы белгілі бір деңгейде ориентализм (шығыстану) секілді иерархиялық бинарлы оппозициямен құрылымдалған дискурс болып көрунуі мүмкін. Себебі рационалдық, иррационалдық, орталық, шеткі, өркениет, варварлық сияқты дихотомиялар, жоғарыдағы мысалдарды басшылыққа алатын болсақ, Батыс әрдайым өз қиялдарындағы «мәртебесін» қалып, Балқан түбегін өздерінің антонимдары секілді көріп келгенін аңғаруға болады. Атақты «Ориентализм» кітабының авторы Эдвард Саидтің пікірін сәл өзгертіп айтатын болсақ, «Батыс мұнда жетекші рөл атқарады, ал Балқандар енжар ​​тұлға болып қала береді. Балқандағы барлық мінез-құлықтың бақылаушысы, төрешісі және соты - Батыс». 

Осылайша, балканизм мен ориентализм арасындағы параллельдерді басшылыққа алып, академиялық тілде балканизм ориентализмнің тағы бір түрі деген пікір жиі айтылады. Алайда Мария Тодорова балканизм ориентализмнің бір түрі емес екенін атап көрсетеді. Себебі Шығыс дискурсивті түрде «басқа» ретінде құрылғанымен, Балқандар «арада қалған» түсініксіз, бірақ бәрібір теріс позиция орын алған. Тодорованың айтуынша, Балқан Шығыс сияқты Еуропаның қарсысында емес, мүлде бөлек ұғымда Батыстың «толық емес (бұлыңғыр) көрінісі» дейді. Сәйкесінше балканизм ориентализмге қарағанда тым өзгеше және тәуелсіз риторика жасайды. Ал бұл тәуелсіз риторикалар мен түсініктер постколониализмнің шегарасын кеңейтіп, Батыстың егеменді билігі мен био-билігін жаңадан интерпритациялауға мүмкіндік береді. Бұл тұрғыдан алып қарағанда, Балқын түбегі постколониалды теорияның көкжиегін кеңейтетін, оған жаңа мағыналар үстейтін жаңа дискурсты қалыптастырады. 

Бірақ сонда да Батыстың Балқан түбегін мұншалық «төмендетіп», «өзегінен тепкеніне» қарап, расында бұл аймақ отаршылдық объектісі болды ма, жоқ па деген сұрақ туындайды. Мария Тодорова аталған сұраққа да тоқталып, Балқан елдерінің Шығыстағыдай шынайы отаршылдық әкімшілігіне бағынбағанын айтады. Дегенмен, Тодорованың пікірінше, Балқандар «толық колониялық аспектілерді қамтыса да, тура мағынасында отарланбаған яки жартылай отар статусын постколониалды контексте мұқият зерттеуге лайық мәселе». 

Сонымен бірнеше пікірлер мен түсініктерді мысалға келтіріп, «отаршылдық» ұғымын қайтадан Балқан контекстінде қарастыратын болсақ, Балқанның жағдайы «Батыс өркениетінің қараңғы тұсы, Еуропаның толық емес бұлыңғыр бейнесі» болып бейнеленгені аңғарылады. Бұл түсініктер шеңберінде Батыс өзі қалыптастырған дискурстарға Балқан түбегін қатысты етіп, оның ішінде өзінің гегемониясын абсолюттендіруді мақсат ететінін көруге болады. Сәйкесінше постколониалдық сын Балқан түбегіне енген отаршылдық интервенцияны, сонымен қатар Балқан мен Еуропа арасындағы қарым-қатынастың күрделілігін зерттеуімен ерекшелене түседі. «Ерекшеленеді түседі» дейтін себебіміз, мұндағы постколониализм отарланған халықтармен бірге отарланбаған халықтардың үстіндегі Батыс гегемониясы мен үстемдігін, отаршылдық мета-түсініктердің ықпалы мен кедергілері турасында пәнаралық зерттеу жүргізеді. Постколониализмнің мұндай контекстінде қолға алуымыз белгілі бір деңгейде бізге Балқанның Еуропамен қарым-қатынасын, оның тарихи және саяси байланысын қайта бағалау кезінде үлкен көмегі тиеді. Мұнымен қоса, Батыс балканизміне қарсы қалыптастырылған анти-балканизм түсінігі мен постколониалдық зерттеулер арасындағы еуроцентристік парадигмаларға күмән келтіру, оны ортадан алу, жою, елемеу, құрылымын бұзу сынды ортақ мақсаттар мен мүдделер бар екенін ескеретін болсақ, аталған процесстердің нәтижесінде Балқан түбегі Еуропа жеріндегі өздеріне лайық тәуелсіздік идентификацияланған статус пен мәртебені иеленеді деген сенімдеміз. 

Мария Тодорованың сөзімен айтқанда, аталған ғылыми-танымдық процесс Еуропаны бүкіл әлемге орталықсыздандыру мақсатына тілкелей ықпал ете алады. Яғни, еуроцентристік парадигмадағы отаршылдықтың, бағыныштылықтың және қақтығыстың қабырғасы сөгіліп, Балқан түбегінің бірегейлігі анықтала түседі. Бұл тұрғыда постколониялық теория, Еуропадағы Балқандардың орны мен әлеуметті бағамдалып, Еуропаның тарихи және әлеуметтік бейнесін қайта құруға мүмкіндік береді. 

Осыған орай, постолониалды әдебиеттану да жоғарыда келтірілген мәселелер мен мүдделерді қамтыған Балқан мен Балканизмге қатысты әдебиеттерді және ондағы отар мен «жартылай отар» елдердің отаршылдық процесстерінен ерекшеліктерді «су бетіне» шығарып, Батыс отаршылдығының «құбылмалы» ізі мен оған байланысты құбылыстарды іздейді. Себебі «отаршылдық - отарланған елдердің жерлеріне, жергілікті ресурстарына және нәсілдік,мәдени құрылымдарына ғана емес, сонымен бірге олардың денелеріне, ақыл-ойларына, тілектеріне, субъективтік формаларына да енетін «күш қатынасы» екенін ұмытпағанымыз жөн. Осылайша, постколониалды әдеби сын Батыс өркениетінің өзі отарлаған елдерге әсерін ғана емес, өз ішіндегі Балқан сынды қараңғы тұсын зерттейді. Зерттеп қана қоймай, олардың дискурстарында көрсетілген отаршылдық болжамдарға назар аударады. Бұл үшін отаршылдық клишелерге негізделген жасанды Батыс-Балқан-Шығыс түсінігін деконструкциялау арқылы марксизм, постструктурализм және постмодернизм сияқты теориялардың деректерін пайдалана отырып, өзінің негізгі міндетін айғайтай түседі. 

Осы және осы сарындас мәселелерді басшылыққа ала отырып, Балқан әдебиетін қайта оқуымыз өте маңызды. Біз осы арқылы әдебиеттегі Еуроцентристік, отаршылдық, империялистік дискурстардың кедергілері мен зардаптарының эстетикалық өлшемін жасаймыз. Мысалы, Нобель сыйлығының иегері Иво Андричтің «Дрина көпірі» романы феодализмнен капитализмге көшу және плюрализм мен өзгерістердің тек өтпелі кезең ретінде ғана емес, қарама-қайшылықтар ретінде туындаған кейінгі сәттері туралы баяндауымен ерекшеленеді. Шығарма Дринадағы көпірдің айналасында ұзақ уақыт өмір сүрген гетерогенді қоғамның өмір салты мен әртүрлілігін сипаттайды. Роман, тура мағынасында еуроцентристік құндылықтар парадигмасы аясында Балқан түбегіне тиесілі айырмашылықтарды жойып, біркелкілікке итермелейтін саяси оқиғаларға қоғамның қарсылығын көрсетеді. 

Баяндамамыздың келесі бөлімінде, аталған романды басшылыққа ала отырып, өздеріне қатысты барлық парадигмалық саяси және әлеуметтік оқиғаларға қатысқан, бірақ сонда да Батыс гегемониясынан көз ашпай келе жатқан Балқан субалтерндерінің қарсылығы талқыланады. Сонымен қатар, зерттеуде географиялық, физикалық тұрғыдан еуропалық, бірақ мәдени-рухани тұрғыдан еуропалық емес Балқан елдерінің тарихы, мәдени әртүрлілігі және күрделі саяси құрылымы Иво Андричтің шығармашылығындағы постколониялық сын тұрғысынан қарастырылады.

(жалғасы бар)


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар