Әлемдегі әйгілі кітап дүкендеріне байланысты журналист Махат Садықтың аталған сапарын өз аузынан жазып алып, оқырман назарына ұсынып отырмыз.
Әлемдегі ең көне «Livraria Bertrand» кітап дүкені Португалияның астанасы Лиссабонның орталығында орналасқан. 1732 жылы ашылған дүкен 2016 жылы Гиннестің рекордтар кітабына енген еді. Алғашында әдебиет сүйер қауымның бас қосатын салоны біртіндеп кітап дүкеніне айналған. Жалпы қазіргі европалық кітап дүкендерінің тарихына үңілсеңіз, олардың отбасылық дәстүрмен жалғасып келе жатқан қалыптасқан сүйікті кәсіпкерлік ісі екенін байқайсыз.
Францияға жыл сайын 80 миллионнан астам турист саяхаттап барады. Орталығы Парижде болған шетелдік мейман Сена жағасындағы ең атақты еуропалық кітап дүкеніне бас сұқпай кетпейді. Парижде болу – әлемдегі әйгілі «Шекспир және компания» маркетіне аялдап, махаббат шаһарынан естелікке кітап сатып алу меймандар үшін міндетті дәстүрге айналған. Париж тұнған тарих. «Шекспир және компания» шежіресі де өте бай. 1919 жылы дүкенді америкалық жазушы әйел Сильвия Бич ашып, бірден париждіктердің ыстық ықыласына бөленеді. Әйгілі жазушы Эрнест Хемингуэй «Сендегі әрбір күн шаттық мереке» деген шығармасында осы кітап дүкені туралы ерекше сүйіспеншілікпен жазады. Кітап дүкені керемет. Кітаптарға толы шексіз-шетсіз сөрелердің арасында сағаттар бойы ғаламат рухани байлыққа кенелесіз. Отырып не жүріп шаршасаңыз, жайлы-жұмсақ диванда жатып, болмаса үйдегідей креслода жантайып кітап оқи аласыз. Тек сондай сәттеріңізді суретке түсіруге рұқсат жоқ. Ол тәртіп, бұл жалғандағы жан тыныштығын табар пейіш мекені. Біз кітапсүйер оқырмандарымызға суретке түсіруге рұқсаты бар, Нидерланды еліндегі «Америкалық кітап орталығы» кітап дүкені туралы әңгіме айтайық.
Амстердам, Гаага және Лейдсендам қалаларындағы «The American Book Center» Париждегі «Шекспир және компания» маркетінің немересіндей кіші болады. Біздің асқазанға ыңғайлы ыстық сүт қосылған шәй, басқа да сусындармен қатар, дәмді тәттілерді де сатып алуға болатын шағын кафесі бар. Тіптен дүкеннің алдында өзіміздің бауырсақтар да сатылымда тұр. Қазақи бауырсақтардың голландық бауырсаққа қалай айналғанын кейінірек жазармыз. Кітапты сатып алып дүкеннің тұтынушыға жәйлі орындықтары мен сәкілерінде жайбарақат жарты күніңізді өткізе аласыз.
«Америкалық кітап орталығы» отбасылық кітап дүкені. 1972 жылы Амстердамда ашылған. «Қырық бес адамдық штатымыз бар, біз кітап сатудағы 700 жылдан астам жинақталған тәжірибені қызметімізде толық пайдаланып қана қоймай оны жүзеге асырамыз», -дейді біз сөйлескен дүкен иесі.
- Қызметкерлеріміз кітап сатумен бірге сол кітаптарды сатып алушы да. Клиенттермен өзара тұрақты байланыста болып, соның негізінде нендей кітаптарды сату керектігін іріктеп таңдайды. Нәтижесінде Амстердам, Гаага және Лейдсендамдағы біздің дүкендердегі заттардың қызметкерлеріміз өздері жеке таңдаған ассортименті бар.
Клиентеріміздің қатарын көбейту үшін түрлі жеңілдіктер жасаймыз. Мысалы дүйсенбі күндері 55 жастан асқандар үшін, ал 65 жастан асқан адамдарды күн сайын қамту үшін 10% жеңілдік бағдарламасын енгіздік. Қарттарға құрмет – кітапқа құрмет. Басқа азаматтар 9-дан астам кітапты сатып алғанда қосымша жеңілдік қарастырылған.
Амстердам кітап дүкені әлемдегі ең әдемі әрі ең құнды кітап дүкендерінің ондығының санатында. Ал, 2015 жылдан бастап голландиялық мектеп оқушыларына ағылшын тіліндегі кітаптарды таңдауға қолғабыс көрсететін арнайы мамандандырылған орталық құрылды.
Нидерланды мемлекетіндегі осы «The American Book Center» кітап дүкендеріне бірнеше рет бас сұқтық. Мұнда көркем және өзге де әдебиеттер сатылады. Барлығы ағылшын тілінде. Барлық сала мен тақырыптарды қамтитын сан түрлі журналдар мен кітаптар жанрлар бойынша сұрыпталып сөрелерде қаз-қатар тізілген. Халықаралық кітап сатушылар командасы тұтынушыларға жоғары деңгейде қызмет көрсетуді басты міндетіміз деп біледі.
Олардың мұндай ықыластарын өз тарапымыздан сынап көру үшін «Американдық кітап орталығында неліктен қазақстандық авторлар жоқ. Қазақ елі де жері де қазынаға бай. Бізде кешегі коммунисттік СССР деген алпауыт елдің көп шешуші дүниелері болған»,- дейміз ғой кітап сатушыларға. «Қазір, қазір» деп елпілдеген қыз-жігіттер бір уақытта маған бағасы 20 Евро тұратын «Байқоңыр» фотоальбомын алып келді. Сірә Гуглді теріп жіберіп елімізбен таныса қойса керек, Семей полигоны туралы мықты дүние жазылса клиентерімізге ұсынуға дайынбыз дегенді де айтып үлгерді. Енді полигон трагедиясы мен ғаламдық өркениетке қасіретін жеріне жеткізіп жазар қаламгеріміз болса және оны ағылшын тіліне лайықты аудара алсақ кітап дүкендері ондай туындыны сатып алып, сосын саудаға салуға дайын екен.
Осы дүкендерден еуропалық-америка жазушыларынан басқа кім бар екен деп біршама уақытым соны зерделеуге кетті. Жапондық жаһан таныған жазушы Харуки Муракамидің барлық кітаптары бірнеше сөрелерде самсап тұр. Шығармалары 50 тілге аударылған қаламгердің туындыларына мұншалықты құрметтін көріп, жапон мәдениетіне шын мойынұсынасың. Ал енді түркі тілдестер арасында жалғыз жеке сөреге ие болған жетпістен асқан ақсақалымыз әрі Нобель сыйлығының лауреаты Орхан Памук қана бар.
Әлбетте біз қатты өнеге ететін орыс әдебиетіне кімдер барын да қарадым. Үшеуі ғана тұр. Әлгі Мураками мен Памук секілді жеке-жеке сөрелерде емес, көп кітаптар арасында бір-екі туындысымен көрінбей жатқан авторларды аңғардым. Олар Лев Толстой, Антон Чехов, Федор Достоевский... Осыдан шын байқағаным әлем оқырманы өткенді емес, қазіргі заманды жырлайтын жазушыларды іздейді екен.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.