Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Фариза Оңғарсынова: Біреуге еліктеу – басыңды жоға...

23.03.2019 7656

Фариза Оңғарсынова: Біреуге еліктеу – басыңды жоғалту

Фариза Оңғарсынова: Біреуге еліктеу – басыңды жоғалту - adebiportal.kz

Фариза апа, сізді «юбка киген Махамбет» деген тіркес қуанта ма, əлде бұл қалай деп ойландыра ма?

– Бұл тіркесті алғаш естігенде, мен іштей ренжіп, ашуланғанмын. Жалпы адамдар мені білмейді. Ішкі жан дүниемнің өте нəзік, күйрек екенін көп жұрт ұға бермейді. Шыншылдығым, яғни, алған бетімнен қайтпайтындығым өзгелерге шаншудай қадалатын шығар. Бірақ мен өсек айтпаймын. Біреулердің иттігін сезсем, көрсем, сырттай сыпсыңдамаймын – өзіне айтам. Шамасы, осы қасиеттерім үшін ұлы Махамбетке ұқсастырып, Тахауи ағам мен Асқар Сүлейменов досым ғой шығарған. Бірақ олар жек көріп емес, сүйсініп, өздерінше риза болып айтатын.

«Фаризаның мінезі қиын-ау» деген ел сөзіне не дейсіз? Сіз шынымен де мінезі аумалы-төкпелі қиын адамсыз ба?

– Қиын адам шығармын... Бұл енді əлгі айтқан қасиеттерімнен қаймығатындардың ойы болуы керек. Əйтеуір, онша «удобный» адам емес екенімді өзім де сеземін.

Сіз таусыз жерде тудыңыз. Барлық жастық шағыңыз таулы өңірде, Алматыда өтті. Табиғаттың сізге əсері бар ма?

– Менің туған жерім – мидай жазық дала. Кедір-бұдыры жоқ кеңістік. Мен үшін биіктік деген – анау көк аспан, кеңдік деген – көкжиекке дейін керіліп жатқан дала. Тау, орманнан тұншығып кетем. Мен бүгін мынаны жақсы көріп, ертең ананы ұната алмаймын. Мен жан дүниеме бағынатын адаммын.

Ауылдағы топырақ пен қаладағы бетон тастан қандай айырмашылық табасыз?

– Қала адамды, оның керемет сезімдерін күстендіреді. Жан əлемін тарылтады, адамдардан алшақтатады, жүйкесін мүжиді. Ойымша, Алла тағала адамды топырақтан жаратқаны рас болуы керек. Жалаңаяқ жер баспағасын, адам ең қажетті қоректердің бірінен, яғни, жердің беретін жылуынан айрылады. Қаладағы адамның тырысқақ келетіні осыдан-ау деймін.

– Сіздің ойыңызша, өлең – бизнес пе?

– Өмірдің өзі бизнес болды. Уақыт осылай мəжбүр етіп отыр. Əрине, əдебиеттің өзі – бизнес емес. Оны адамдар бизнес жасап жүр ғой. Əйтпесе əдебиет жабулы күйінде қалатын түрі бар. Өз басым ешкімге еліктегім келмейді, өзіммен-өзім болғым келеді.

«Шашы ұзын əйелдің, ақылы қысқа» дегенде бабаларымыз қандай ой айтқысы келген екен?

– Дұрысы – «əйелдің шашы ұзын, ақылы қысқа» шығар. Жалпы əйел затына «ер-азаматтың алдына шығып, көлбеңдей берме!» деген ойдан туған болар деп топшылаймын. Бірақ «Бақыр басты еркектен алтын басты əйел артық» деген де мақал бар болу керек...

Сіз əдебиет жолында 50 жыл бойы қызмет етіп келесіз. Бұл тірліктің адамды шаршатып не мезі ететін күні бар ма?

– Əрине, шаршатады. Өзім кейде қалжырап, ойдан сілем қатады. Адам болған соң, тек өлең жазам деп отырмайсың. Оның үстіне, тіршіліктің қам-қарекеті бар. Бала-шағаның жағдайы, менің бала-шағам, Құдайға шүкір, баршылық. Бəрінің əкесі де, шешесі де, əжесі де, атасы да – мен. Осының бəрі қосылғанда шаршататыны рас.

– Бірде жазушы Мағира Қожахметова: «Біздің буынның қыздары «Фариза боламыз» деді, бізден кейінгі толқынның қыздары да «Фариза боламыз» деді. Бірақ бірде-бірі «Фариза бола алмады», – депті. Осы пікірге көзқарасыңыз қалай?

– Неге олар «Фариза Оңғарсынова» болуы керек? Қолдарынан келсе, өздері болсын! Біреуге еліктеу – басыңды жоғалту, болмысыңды жоғалту. Мен біреулерге үлгі болайын деп өмір сүргенім жоқ, өлең жазғаным жоқ. Əр адамның өз тағдыры болады.

Əулие Бекет Атаға арнап жыр жаздыңыз. Ақмешітке, Оғыландыға барғанда қандай əсерге бөленесіз?

– Бекет Атаны өлеңге алғаш əкелгеніме бүгін өзім де таңданам. Ол кезде Оғыландыға барған емеспін. Тек анамның айтқан əңгімелерінен жаныма сіңген ұғым болатын. Барған кезде кеудем ашылып, өзімді дүниенің титімдей бір бөлшегі сезінемін, яғни, кішірейемін.

Мұқағали ақынның «Фариза, Фаризажан, Фариза қыз» өлеңін жұрт неге қызығып оқиды?

– Ол өлеңнің құндылығы маған арналғандығында емес. Ұлы Мұқағалидың болмысымен ақтарылып, іштегі бар запыранын осы өлең арқылы төгіп салғандығында болса керек. Мұнда ойдан жасалған, жалған, жылтыр сөз жоқ. Шындық! Ал адамдар шындыққа зəру. Сондықтан жұрт бұл өлеңді жүрегімен қабылдайды.

Осыдан біраз жыл бұрын таңғы сағат 5.00-те тұрып, ас үй тірлігіне кірісетініңізді айтып едіңіз. Сүйікті асыңызды өзіңіз əзірлейсіз бе?

– Əрине, ірімшік қайнатам, айран ұйытамын. Таба нан, бауырсақ пісіремін. Қуырдақ қуырып, ет асамын. Мен барлық тамақты бүкіл ықыласыммен істеймін. Сондықтан дəмді болып шығады.

– Фариза апа, сіз жас кезіңізде сəнқой болдыңыз ба?

– Мен қай кезде де сəндік үлгіден қалған емеспін. Өзімді күтемін, диетамен тамақтанамын. Қысқасы, өзім де, өлеңім де – қай ғасырда да «модный» (күледі).

Сұхбаттасқан Маржан Ершу

«Жас қазақ» газеті

27.04.2007


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар