4-6 қыркүйек күндері елордамыз Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан Жазушылар одағының ұйымдастыруымен «Азия елдері қаламгерлерінің I форумы» бүгін үшінші күні сәтті өтіп жатыр. Аталған халықаралық ауқымды әдеби іс-шараға «Қазконтент» АҚ, оның ішінде «Әдебиет порталы» интернет-жобасы да ақпараттық демеуші ретінде белсене атсалысуда.
Портал қызметкерлері формуға әлемнің түкпір-түкпірінен келген қаламгерлермен кездесіп сұхбаттасып, олардың шығармашылық әлемі, ғаламдық процестерге қатысты көзқарасы, форум аясында талқыланатын тақырыптарға байланысты ой-пікірлері, астанамыз Нұр-Сұлтан қаласында болған күндері туралы әсерлері т.б. тақырыпта әңгіме өрбіткен еді.
Біз аз-кем болса да дидарласып, сұхбаттасқан үш қаламгердің үшеуіне де тән ортақ қасиет – ашықтық болса керек. Барлығы да өз ана тілдерінде сөйлейді және ағылшынша шамалап қана біледі. Үшеудің екеуінің жоғары білімі жоқ екен. Бұған қарап, дарынды қаламгер үшін көп тіл білудің де, жоғары білімнің де онша-мұнша қажеті жоқ па деген ойға қалғандаймыз. Тек Жаратқан сыйлаған дарын мен сол дарынды дамытам деген ықылас болса болғаны.
Ибрагим Насралла — палестин жазушысы. Күні бүгінге дейін он үш роман жазған қаламгердің бұл туындыларының көбі тарихи жанрда екен. Төл араб тілінен өзге, 6 кітабы ағылшын тілінде жарияланса, итальян және басқа да тілдерде жарық көріп, әлемге әжептәуір танылған жазушы. Әр түрлі көлем мен жанрдағы поэзиялық он төрт туындысы мен балаларға арналған екі кітабы және бар екен.
И. Насралла Қазақстанға, демек Нұр-Сұлтанға да бірінші рет келіп тұр. Қаланы әлі аралап, тарихымен танысып үлгермепті.
Ибрагим бұл форумның қаламгерлер үшін өте маңызды екенін, осы мүмкіндік арқылы алуан ұлт жазушылары бір-бірімен танысып, пікір алмасуы – ең басты жетістік болып табылатындығын ерекше атап өтті.
«Біз бір-бірімізден өте алыста, Азияның әр қиырында тұрғанымызбен, мақсатымыз бір. Ол – жақсы шығарма жазу», — дейді араб жазушысы.
Он үш жасынан, мектеп қабырғасында оқып жүргенде-ақ ептеп жазуды бастаған. Біртіндеп кәсіби машық-дағдысын жетілдіріп, қалыптастыра отырып, жиырма екі жасында «Prairies of Fever» («Безгек даласы») атты тұңғыш романын жазып шыққан. Осы кітабы арқылы әйгілі болған Ибрагим Насралланың бұл туындысы әлемнің бірнеше тілдеріне аударылады. The Guardian бұл романды араб әлем туралы жазылған ТОП-10 кітаптың бірі ретінде таңдаған екен.
Ең қызығы, жоғарыда атап өткеніміздей, жазушы шығармашылық өнер турасында арнайы білім алмаған және жоғары білімі де жоқ. Себебі мектепте нашар оқитын оқушылар қатарында болыпты.
«Мен Палестина туралы көп жазғанмын. Бұл деген – жоспарланған ірі жоба: цикльді он екі романнан тұрады және осы елдің 250 жылдық қилы тарихы туралы кеңінен баяндалады», — деді қаламгер.
Бүгіндері басқыншылық пен зорлық-зомбылықтан көз ашпай отырған елдің мұң-мұқтажын, арман-тілегін әлем халқына таныту үшін қаламын қару еткен жазушының бұл еңбегі елеусіз кетпесі анық қой.
Және де өткен жылы «The Second War of the Dog» («Иттің екінші соғысы») атты романы үшін «Араб Букері» халықаралық сыйлығына ие болыпты. Бұл кітап беймәлім бір мекеннің келешегі туралы оқиғаға құрылыпты. Биылғы көлемді жазушылық өнімі – палестиналық христиандар, махаббат пен музыка, фотосурет туралы шытырман трилогия екен.
«Меніңше шынайы жазушы ешқашан да демалмайды, ештеңе істемей бос жүрген кезінде де ойында жазу жүреді. Қазір отбасым, бала-шағам туралы жазуды жоспарлаудамын», — деді жазушы ағынан жарылып.
Жас жазушылар үшін ең маңыздысы – көп оқу қажет деп білетін Ибрагим Насралла әлемде жарық көріп жатқан жақсы кітапты, ірі, дарынды жазушыларды оқымай – талғамға сай татымды дүние жазу мүлде мүмкін емес.
Ибрагим Насралланың ата-анасы жазу-сызуға ешқандай қатысы болмаса да, өзі жазушы, інісі әйгілі қылқалам шебері екен. Өзін қарапайым ұстайтын ол өзін соншалықты талантты жазушымын деп есептемейтінін айтты.
Альмарио Вирджилио –— Филипиндер елінің ақын, сыншы әрі аудармашысы, Басылым редакторы. Ұзақ уақыт Филиппин Жазушылар одағының президент қызметін атқарған. Филиппин мемлекетті Мәдениет және өнер бойынша ұлттық комиссиясының және Ұлттық тілдер бойынша комиссияның төрағасы болып қызмет істейді екен. Филипин тілінде жазады және сол тілдің дамуына үлес қосуды өмірлік мақсатым деп біледі.
«Біз аса көп уақыт, нақтылай айтқанда төртғасыр бойы Испанияның отары болғанбыз. Сондықтан да испан мәдениеті біздің қанымызда бар деп білеміз. Сонымен қатар, заманауи өмірімізге Америка Құрама Штаттары да үлкен ықпел, әсерін тигізді. Осыларды ескере келе, біздің міндетіміз – мәдениетіміздің әртектілігін ескере отырып, тілдік бірегейлікті сақтау», — деп атап көрсетті жазушы.
Мұның өзі көптеген елдердің әдебиетіне тән жағдай екенін іштей бағамдағандай болдық.
А. Вирджилио да Қазақстанға бірінші рет келіп тұр екен. Өзі орналасқан ғимараттың сегізінші қабатынан тамашалап тұрған жазушы бұл қаланың, яғни Нұр-Сұлтанныың келгенге дейінгі ой-қиялындағы суреттен қарағанда, әлдеқайда сұлу әрі заманауи қала екендігін әсерлене айтып берді.
Альмариоға елордамызда өтіп жатқан бұл форумның тақырыптық, іс-шаралық кең ауқымдығы қатты ұнаған. Бұған дейін Еуропада болған бірнеше реткі жазушылардың халықаралық конференциялары мен форумдарына қатыстқан ол бұл реткі форумның өткізілу форматына дән ризалығын білдірді.
«Мен әріптестерлерімнің жарқын үндерін, қылымгерлік дауыстарын естігім келеді. Біз бір-бірімізді әлі жақсы білмесек те, тіліміз алуан болса да, бір-бірмізді сезінеміз. Менінше, бізге, қаламгерлерге осындай форумдар ауадай қажет, біз өзара пікір алмаса аламыз, солай шығармашылық қарымымыз арта түседі», — дейді филиппиндік жазушы.
Альмарио алғаш бес жасында ақын болуды қалапты. Ауыл шаруашылығымен шұғылданатын дәстүрлі филиппиндік қоғамда өскен ол сол ортаның өз шығармашылығында терең із қалдырғанын айтады.
Оның лақап аты Rio Alma. Мағынасы ишараланған бұл сөздердің мәні – Рио – Испаниядағы өзен, Алма — испанша «жан» дегенді білдіретіндігін айтады.
Ол еліндегі урабнистік қоршаған ортаны және осыдан тапқан жаңалықтарды шығармаларына арқау етеді екен. Оның өз елі әдебиетіне сіңірген еңбегі — шетелдің заманауи үздік поэзиясын филиппин тіліне аударуы. Олардың қатарында Федерико Гарсиа Лорка, Артюр Рембо және Шарль Пьер Бодлер бар. Бұларды аудару барысында француз, испан, итальян тіліндегі өлеңдерін ағылшын тілі арқылы аударғанымен, олардың түпнұсқалық мағынасын жаман жеткізбегенін айтады. Бұл — оқырмандардың пікірі көрінеді. Ол филипин, ағылшын тілдерінен басқа испан тілін де жақсы меңгерген. Көп тіл білудің маңызын жақсы білетін бұл жазушы да жазу әдістері туралы арнайы оқымаған. Оған Томас Элиоттын поэзиясы қатты ұнағандықтан, үлгі тұтып оқи берген. Сол кісінің қаламгердің сыны арқылы А. Вирджилио ХІХ ғасырдағы Еуропа әлемін түсініп, әдебиетін таныған екен.
Қазіргі уақытта жазушы үш өлеңдер жинағын бітіруге тырысып жүргенін, бірінші жинағын осы жылда шығаруға жоспарлап отырғанын айтты.
«Жас ақындардың менен де, мен қатарластардан да интеллектісі жоғары болуын және Азияның алуан түрлі мәселерінде сезімтал әрі біліктірек болуын тілеймін. Олар болашақта Азия әдебиетін молынан оқиды және тереңірек зерттейді деп сенемін», — деп сөзін аяқтады, Маниладан келген жазушы.
Ко Ын — Оңтүстік Кореялық жазушысы, сыншы, ақын. Көптеген романдар мен балаларға арналған әңгімелер жазған, бүгінге дейін барлығы 158 кітап шығарып үлгерген қаламгердің Қазақстан туралы азды-көпті түсінігі бұрыннан бар екен. Оның ойынша, ақын ретінде бір сәтте шығармашылық қуатты әрі дарыны кемшін қарапайым да бола алады және осының ортасынан шығармашылық туады.
«Нұр-Сұлтан — әлемдік астаналардың ішінде жасы, тіпті өте жасы», — деп сипаттаған Ко Ын қазақ ақын-жазушылары арасынан ұлы Абайды оқыпты.
Жазуды корей соғысынан соң бастаған бұл қаламгердің де жоғары білімі жоқ. Себебі соғыстың зардабы оның өміріне аса ауыр әсер еткен екен.
Форумның нәтижесінде Азия жазушыларының биік деңгейге көтерілуін үміт ететін корей жазушысы шабыт — ең басты қалып күй деп санайды және көкейде жүрген ірі істі бастағанда көп оқуды, жан жақты ізденуді жаны сүйеді екен. Кореяда өнімді жазатын, табысты қаламгерлер қатарындағы Ко Ын да жас жазушылардың өз бетінше көп оқуы қажеттігін, сонда ғана шеберлік қалыптасатынын, ал атақ пен даңқ та келетінін айтты.
Біз сұхбаттастан Азиялық үш қаламгердің үшеуі де Азия жазушыларының форумы жоғары деңгейде өтіп жатқандығына, Қазақстан елордасының көркемдігі мен қарқынды дамуына көңіл аударып, осынау тамаша елге, Нұр-Сұлтандай қалаға келіп, сан алуан ұлттың өкілдерімен дидарласып, қазақытң қонақжай дастарқанынан дәм татқандарына дән риза екендіктерін жеткізді.
«Атың барда ел таны — желіп жүріп, асың барда жер таны — желіп жүріп» деп, атам қазақ айтпақшы, желіп жүріп қазақ сахарасына жеткен шетелдік жазушылар да, асын ұсынып, қонақжайлық көрсетіп жатқан қазақстандық қауым да бұл форумнан еш ұтылмайтыны анық. Бұған дейін әрқайсысы өз қазанында бұрқ-бұрқ қайнаған отандық қаламгерлер де елорда төрінде тоқайласып, арқа-жарқа күндер кешіп, бір жадырап қалған мерейлі күндердің әсері көптеген жылдарға кететіндігі күмәнсіз. Отанымыздың бұрынғы астанасы Алматыда сонау 1973 жылы өткізілген Азия, Африка елдері жазушыларының 5-конференциясынан кейін қазақ әдебиетінде үлкен ілгерілеушілік болған екен. Бұл жолы да сондай үлкен табыс жолындағы игілікті «жарылыс» болады дегенге сенеміз.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.