Қазіргі қазақ әдебиеті, оның ішінде поэзия толысып, гүлденген, кемеліне келген поэзия. Қазақ поэзиясы бүгінгі күні азуын айға білеген ақындармен толыққаны тағы рас. Сондай ақындардың жоғары санатынан Маржан Ершуды (Айек) танимыз. Маржан поэзиясын оқи отырып, Ақ Жайық өңірін мекендеген халықтың жалынды жігерін, өршіл рухын көретініміз айқын. Сыршыл лирикасынан бастап, азаматтық поэзияға дейін өскен, толысқан ақынның жырларынан отаншылдық леп, ұлттық рух, өмірге деген ыстық махаббат жалыны бетті шарпиды. Күйкі бастың қамын емес, елдің мұңы мен сырына үн қосқан, патриоттық-адамгершілік сарында жазатын ақын қыздың өлеңдері қайрақтай қайратқа толы.
Иә, ол қолына қалам алып, елге аты танылғаннан бастап, елдің қамын жеген, елі үшін отқа да, суға түскен, өнерімен елдің даңқын шығарған қаһарман тұлғалар туралы, жақсылар мен жайсаңдардың өнеге толы өмірін өлеңге арқау етіп келеді. Әдебиеттің барлық жанрында да өз қолтаңбасын танытқан ақын қыздың әр туындысы зергердің қолынан шыққан бұйымдай әдемі.Мұңды айтып, мұңға батырып жібермейді, ерлікті айтып, есіртіп аспандатып та жібермейді. Шығармаларының тілі жеңіл, әрі жас-кәріге бірдей түсінікті. Қысқа жазса, көп мағына-ой сыйғызады, ұзақ жазса да, жалықтырып жібермейді. Ой мен сезімі, парасат пен көркемдігі шеберлікпен өріледі. Маржан өзінің ақын замандастарына қарағанда әдебиетте өнімді еңбек етіп келе жатқан ақын. Ол тамшылатып жазбайды, төгіп жазғанды ұнатады. Мұндай кісінің айналасымен арқа-жарқа араласып, той тойлатып жүруге көп құлқы болмайтын болуы керек. Себебі, пиар, жарнамасы жоқ ақын.
Керісінше, «бес қалампыр, бір күй-ай» деп «он өлең, бір кітабымен» елдің көзіне түсетіндер көп. Яғни, көрініп қалуға құмарлар. Мақсатым Маржанды мақтау емес. Не жарнамалау емес. Көңілімді қозғаған, оның жаңаша көзқараспен жазылған «Исатай-Махамбет» поэмасына тереңірек үңілуді жөн көрдім.
Поэма алғаш «Махамбет» деген тақырыппен «Шырақ» атты кітабында (2004) жарық көрді. Кейін «Пырақ» (2008) кітабында Маржан поэмасын толықтырып, «Исатай-Махамбет» деген атпен жариялаған екен. Поэманың бірінші тарауы «Шілтерлі терезе» деп аталыпты. Махамбеттің «Шілтерлі терезе» атты күйі бар. Исатай мен Махамбет бастаған ұлт-азаттық көтеріліс кезінде жаз-жайлауға, қыс-қыстауға көшіп-қонып жүретін қазақ халқы киіз үйлерде тұрған. Ал, киіз үйдің терезесі болмайтыны - баршаға мәлім. Сонда ақын қай терезені, кімнің терезесін айтып тұр деген ой келетіні - шындық. Шілтерлі терезе - орыс терезесі. Екі басты самұрықтың қазақ даласына көз тігіп тұрған терезесі... Ақынның айтпағы әріде, тым әріде... Лирикалық кейіпкер бозторғаймен сырласып, бозторғайға мұң шағады. Бозторғай – даланы мекендейтін, әлімсақтан, қазақ қазақ болғалы халқымыздың мұңдасы болып келе жатқан киелі құс. Даланың бозторғайсыз, бозторғайдың даласыз сәні де, мәні де жоқ, тағдырлары біте қайнасып, бірігіп кеткен ұғымдар. Ал, даланың бозторғайсыз күні болмаса, қазақтың даласыз күні жоқ екені баршаға мәшһүр. Сонда бозторғай арқылы дала мұңын, дала арқылы қазақ мұңын өлеңге арқау етіп отырған ақынға қалай тәнті болмайсыз?!
« Аспандағы бозторғай,
Көктен көзің не көрді?
Қонысынан айрылып,
Елдің ерні кезерді.
Аспандағы бозторғай,
Жақынбысың бұлттарға?!
Қалай ғана төзермін,
Халқым қайғы жұтқанда», - деген жолдарға көз жіберер болсақ, ақынның биік азаматтық үнін естігендей боларымыз хақ. Иә, халық қонысынан айырылып, ерні кезеріп, қайғы жұтқанда ақынның да қарап отырмасы анық. Қоғамда болып жатқан өзгерістер мен әлеуметтік мәселелер ақын назарынан қай заманда да тыс қалмаған. Осы тарауда әр тармақтың басында келетін «Аспандағы бозторғай» деген қайталау көркемдік қызмет атқарып, өлеңдегі айтылатын ойларға салмақ жүктеп тұр. «Аспандағы бозторғай» - символ. Ақын бозторғайды символдық дәрежеге дейін көтеріп, даланың осы бір қасиетті құсы арқылы Исатай мен Махамбет сынды батырлардың не үшін, кім үшін басын қатерге тігіп, «ереуіл атқа ер салғанын» айқындап отыр.
«Аспандағы бозторғай!
Қайыңның басы шулады.
Жел соққанда күңіреніп,
Топырақ-тамыр тулады...
Аспандағы бозторғай!
Орай да борай қар жауды,
Езгіге көнбес жүректің
Жарылмасы болмайды»,-дей отырып ақын езгіге көнбес күш-қайрат бойында тұрғанда, қазақтың ешқашан қор болмасын тұспалдап келтіреді. Аспандағы бозторғаймен мұңдаса отырып, табиғатты халық мұңына параллель алып өрнектейді. Күңіреніп желдің соғуы – «Еділдің бойы – ен тоғайынан» айырылып, ата қонысынан үдере көшкен, күңіренген ел дауысы іспетті. «Қайың басы шулап», ел қамын жеген қайран ерді жоқтап тұрғандай... «Топыраққа сіңген тамыр да тебіреніп, тулауы»- ата-бабалар рухының халық бойынан жоғалмай, сақталуы деген емеурін. Өйткені, қазақтың түп-тамыры сол бір рухы биік, намысшыл, тізесін бүкпейтін, еңсесін түсірмейтін батыр, данагөй шалдар емес пе?! Халық намысы, халық қайраты мен жігері орай да борай жауған күнмен шендестіріле отырып, шебер нақышталған.
«Аспандағы бозторғай!
Уатармысың даланы.
Ағыны күшті дәрия
Қаһарланып ағады», - бұл жолдардан күйзелген елдің мұңы мен зарына бәз бір замандардан куә боп келе жатқан бозторғайға сырын айтады. Соны жайлау, кең қонысынан айырылып, қамкөңіл болған халқына көңіл айтып, жұбататын даламен тағдыры бір шынашақтай құс екенін, ол құстың қазақ үшін азаттық пен еркіндік символы екенін айтып алып, қайтадан қаһарына мінген ақынның отты екпіні көрініп, атой салғандай!
«Шілтерлі терезе». Кірлейді,
Суық лебін үрлейді.
Исатайдай ағам-ау,
Тіл қатсаңшы бір рет:
Бүлінгенді кім дейді,
Бүлдіргенді кім дейді», иә, орыс елінің көңіл қалауы – кең байтақ далаға иелік ету. Көкейін тескен сол мақсатқа жету үшін ел арасына іріткі салып, хандар мен билердің, атқамінерлердің аузын алып қоюы да түсінерлік жәйт. Осы ойлардан, өзі куә болған ел мұңын түсінген сайын көңіл кірлейді, екі басты самұрық елінен суық леп еніп, қазақ даласын жайлап бара жатыр. Ақын Махамбет көңілі осыған алаң екенін тап басып таниды.
Поэманың екінші тарауы - «Қайран, Нарын». Ақын тарауды осылай атауы арқылы Исатай мен Махамбет бастаған көтерілістің басты себебін ұқтырып отыр. Әрі тақырып есімізге Махамбеттің «Қайран, Нарын» атты күйін де еске салып өтеді.
«Қайран Нарын!
Қонысынан айырылып ел көшкенде,
Қайғысы қара бұлтпен теңдескенде.
Жасыл ала үйрек- қаз көзден ұшып,
Қара мұздар жарылды сең көшкендей.
Ел еңіреп кеткенде көші ауып,
Жасықтықтың жігітке несі лайық?
Тіл – жақтан айрылардай күн туғанда,
Арнасынан тасыды асау Жайық».
Осы жолдардан ақынның ұстанған позициясы анық байқалады. Ел қайғысын қара бұлтпен теңестіру арқылы ақын көтерілістің түпкі себебін айқындап, жайып салғаны анық. Сең көшіп, қара мұз қақ айырылып жатқанда, ел басына қара бұлт үйіріліп, баяғы Еділ мен Жайық деген екі суды тел емген арда күндер көзден бұлбұл ұшқанын көргенде, басында бөркі, кеудесінде намысы, бойында қайраты бар ердің шыдап тұра алмасы анық. «Арнасынан тасыған асау Жайықтың» буырқанған толқынында халықтың тағдыры тулап жатыр. Сөзбен сурет салу да-ақынның шеберлігін көрсетеді.
«Исатай басшы», «Жайық асу» деген тарауларда да осы бір отты леп, намысты жырдың жалыны бетті шарпиды, жүректі тулатады.
«Ащы азапты өмір ме, әлде өлім бе?!
О,Жасаған! Берер ме екен тілектен?!
Күңіренгенде күй туады көңілде
Ашынғанда сөз шығады жүректен».
Осы жалғыз шумақтың-ақ көтерген жүгі ауыр. Бұл шумаққа дулығалы Махамбеттің философиясы,тұтас болмыс-бітімі сыйып кеткендей. Ал, «Маза-мұң» деген тарауда суреттелетін оқиға - Махамбеттің жалғыздығы, Исатайдай арыстан досын жоқтауы. Маржан Махамбет пен Қызғыш құсты басқаша қырынан көреді. Махамбеттің ішкі айқайын былайша берген:
«...Ау,қызғыш құс,қызғыш құс!
Тағдырымыз егіз бе?!
Ұмтыласың нені іздеп?
Бас сауғалар тірлігің
Кетесің ғой жем іздеп.
Ау,қызғыш құс,қызғыш құс!
Екеумізде жол басқа,
Жарамайсың жолдасқа.
Үркіп басты бұқпайтын
Ер едім ғой мен қасқа!..»
Исатайдың Гекке әскерімен болған шайқаста мерт болғаны тарихтан мәлім. Алайда, орыс әскерімен біріккен хан әскері көтерілісшілердің қатын-баласын да тепкінің астына алды. Ол да рас. Сондай аласапыран уақытта есіл ер Исатай мұсылмандық ғұрыппен жоқтау айтылмай жерленген. Ақын сол жоқтаусыз кеткен есіл ерді Махамбеттей серігіне жоқтатады. Қызғыш құспен сырласқан Махамбет өз басындағы мұң – зарын бөлісіп, асыл ағасын, досын жоқтап, келер күнге күдігін жұптайды... Ақынның трагедиялық өлімі суреттелетін «Бас» деген тараудың көтеріп тұрған жүгі ауыр. Қазақ қазақ болғалы, түске сенетін ырымшыл халық екенін барша жұрт біледі. Сонау Абылай ханның түсі, Жәнібек батырдың түсі туралы ел ішіндегі небір аңыздар – соның куәсі. Түс арқылы қазақ келешекті де болжаған. «Түс қорғасындай балқып тұрады, қалай жорыса, солай құлайды»,-дейтін қазақ кейде: «Түс-түлкінің боғы»,-деп те жатады. Міне, қаза табардың алдында Махамбет те түс көреді. Түсінде өз басы өзімен қоштасып тұр екен...Оны ақын былай суреттеген:
«Аласұрып құм, дауыл,
Жел құтырып ысқырды.
Үрей тұнып тұрды ауыл
Ақын түнде түс көрді.
Алаулаған күншығыс,
Қызыл өрттей жанады.
Қызыл өрттің ішінен
Басын тауып алады.
Қып-қызыл шоқ көзінен
Қара қан боп тамып тұр.
Кеудесінің өзі де,
Неге бөлек қалып тұр?
Ойлағандай сан-сақтан
Бас қарайды бөлек боп.
Аяқ-қолын жан-жаққа
Ұшырады жел өкпек...»,- бұл жолдар психологизм арқылы жасалған трагедияның айқын көрінісі. Болашақта өз тағдырының қандай болатынын болжаған ақынның телепатиялық қасиеті ме, әлде киесі ме? Негізінен түп- тамырын мифологизмнен алатын қазақтың фольклорлық әдебиетінде де осындай сәуегейлік сипаттар бар. Алайда, Маржан дәстүрлі поэзияның арнасын кеңейтіп, тамырын тереңге жіберген. Психологизм арқылы терең философиялық ой түйіні бар бұл жерде. « Күншығыстың өрттей алаулауы», «өрт ішінен табылған бас», «екі көзінің қызыл шоқ болып жануы», «қызыл шоқтан қара қанның тамуы» ақын трагедиясын тереңдетіп, оқырманға ой салғандай! Осының бәрі астарлы меңзеу-синекдоха. Келе жатқан жаманат хабарды сездірген «өкпек желдің аяқ-қолды жан-жаққа ұшыруының» өзі сұмдық қорқынышты. Осылай басталған тарау трагедиямен бітеді. Досым дегені басын шауып, ақын арманы іште кетеді. Батырдың аңғалдығы, сенгіштігі жеріне жеткізіле айтылған. Ақынды өлтіргендердің жағдайын:
«Ақ киіздің үстінде-
Шабылған бас нық тұрды.
Ерден ауып түскендей
Ер мінезін ұқтырды!
Екі көзі шоқтай боп,
Дүниені қариды.
Күйдіреді оттай боп
Жігерлерін жаниды.
Кілең қорқақ «аһ» ұрды,
Көздерінен жас шығып.
Қорыққаннан батырға
Кетті ұмытып қастығын.
«Қайран» деген сөз тұрды,
Өр ақынның жүзінде.
Қандай күйге кез қылды
Кету керек ізімен.
Ақын басын дорбаға,
Кім бірінші салады?
Қарысқандай қолдары
Көтерілмей қалады.
Қарайды бәрі сүзіле:
Жанары ашық.Тұр батыр.
Қасқайып тұрған жүзі де
Дегендей болды:Тыңда,тұр!
Үркектеп қашты қояндай,
Бұтаны іздеп тасалап.
«Не деген сұмдық, ой, Алла-ай!»
«Не істедік»-, деді- Жасаған!»
Үрейдің киіп қамытын
Бәрі де болды есалаң.
Киілмей тұрған сауыты
Дегендей болды: Өш алам!
Үрейлі аймақ. Сол күні,
«Қап», «Әттеңмен» оянды.
Батырдың кең қолтығы
Қып-қызыл қанға боялды...», - деп сипаттайды.
Өздерінің тарих алдында қандай қылмыс жасағанын енді сезген сатқындардың жағдайы-осы. «Тарланым» деген тарау Махамбетке айтылған жоқтау! Мұсылман ғұрыппен жерленбей, сүйегі де жасырын көмілген, жерленген жерін тілеулестері ғана білген Махамбет өлгенде елдің салтымен жоқтау айтылмады. Ел іштей жылады, іштей күңіренді. Міне, Маржан:
«Хат оқиды молдалар
Қалам мен тартан сиядан.
Екі кісі тең барса,
Оңды - ай төре береді
Ақылға жетік би адам».
Оғы тиіп тағдырдың
Махамбеттей ақсұңқар
Өткені ме дүниядан!» - деп, немесе:
«Беркініп садақ асынған,
Біртіндеп жауды қашырған.
Құйқылжыған құла жирен ат мінген,
Құйрық – жалын шарт түйген
Қасиетті еліңнің
Батыры едің Махамбет!»- деп Махамбет жырларын параллель ала отырып, батыр рухына жоқтау арнайды. Бұл қазіргі поэзияда сирек кездесетін,тіпті бұрын-соңды кездеспеген тың дүние. Махамбетке мыңдаған жыр арналды. Бірақ бірде-бір ақынның ойына келмеген, аузына түспеген сөзді Маржан жазыпты. Немесе мына жолдарды тебіренбей оқи алмайсыз:
«...Ер Маха!-деді өзіне,
Жабырқау әсте болмасын.
Сужүректердің сөзі не?
Еркектік-менің жолдасым!»
Осындай сұмдық жыр жолдарын нәзік болмысты қыз ақынның жазғанына да таңқаласың! «Қарой» бөлімінде Махамбеттің сүйегін ұрпақтан ұрпаққа аманаттап отырған, дала заңын өмірінің өлшемі санаған қасиетті ата-бабалар мен, сол аманатқа ие болып, ата аманатын бүгінге жалғаған ұрпақ қасиетін дәріптеген. «Ер мен Ел» тарауында елі үшін құрбан болған есіл ерлердің ел жадынан мәңгі өшпейтінін өлеңмен өреді.«Жыр-тұмар» деген соңғы тарауда Махамбетке арнай:
«Ей, Махамбет! Сені күтіп көп мекен,
Жайық бойы жанға жайлы от па екен?
Ақындарға ықыласпен қарайтын
Бүгінгінің ықыласы жоқ па екен?
Жайық бойы қыбырлаған мал ма екен?
Еділ бойы сыбырлаған тал ма екен?
Иір бұтақ біткен шығар еменге
Өз көзіңмен көріп қайтшы жан көкем!
...Шақырып ал! Ел есі мен ер есін,
Содан кейін ақ батаңды бересің...
Қой үстіне ұя салса дейтұғын,
Армандаған заманыңды көресің»,-деп қазақтың алмағайып замандардан көші аумай бүгінге аман жеткенін ақтарыла айтады. Өзіне тұмар етіп алған жыр арқылы Махамбеттей бабасының батасын алған сыңайы бар! Ат басындай алтынға да, қой басындай күміске де сатып ала алмайтын, нар-атанға жүк болардай ақынның батасы сені биіктерге жетелегей, Жыр- Маржаны!
Маржан Ершу поэмасын: Маңғаз Маха! Көріп тұрып төбеңді, Осы арадан аяқтаймын өлеңді. Заманыңа жауап беріп кетіп ең, Заманыма жауаптымын мен енді» деп аяқтайды. Ақын болу-сөзге жауапты болу, сөзге жауапты болу-бұл ауыр жүк арқалау. Ақын жауапкершілігін сезіну де - екінің бірі айта алмайтын, жүрегімен көтере алмайтын қасиет қой. «Өтемістен туған он едік» деп Махамбет бабамыз жырлағандай, Өтемістің оныншы ұлының аты-Досмаил. Маржанның анасы Алтын осы Досмаилдан тарайтын ұрпақ. Осы тұрғыдан алғанда, Маржан ақынның Махамбеттің жиеншары болып келетінін де баса айтқымыз келеді.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.