Ғұмар Қараш (1875-1921) – ақын, фольклоршы, көрнекті Алаш қайраткері. Қазіргі Батыс Қазақстан облысы Жәнібек ауданында дүниеге келген. Жастайынан жетім қалып, ағайын-туыстарының қамқорлығымен ауыл молдасынан оқып, сауат ашады. Кейін Уфа қаласындағы жоғары діни білім беретін медресесінде оқыған. Ақынның Ыстамбұлда оқып білім алған деген мәлімет бар. Ақын өлең-толғауларында, көсемсөздері мен мақалаларында заман, өмір, дін-шариғат, табиғат, махаббат, тағы басқа мәселелер туралы толғанады, патша үкіметінің отарлаушылық саясатын, жергілікті әкімдердің екіжүзділігін сынап, халыққа адал қызмет етуге үндейді. Өз тілі мен мәдениетін сақтай отырып, ғылым, білімге ұмтылуды, мәдениетті елдерден үлгі алуды насихаттаған.
Замана жайынан
Ұмтылар ойым, толғанар,
Толғанса көңіл бұлғанар.
Жалғаншы мынау дүниеде
Өлмей де тірі кім қалар?!
Жаманнан көйлек бөз қалар,
Жақсыдан асыл сөз қалар.
Асыл сөзді күңіреніп,
Оқтасында толғасаң,
Жел шайқаған теңіздей,
Толқып жүрек қозғалар.
Теңіздер терең, тез қатпас.
Тебіренсе жүрек, тек жатпас.
Замана жайын көзге алар.
Жақсы ма, түрі, жаман ба,
Шалынған көзге нәрсесін,
Жасырмас, жаяр, сөз қылар.
Заманның түрі бұзылды,
Жақсыдан үміт үзілді.
Қайғы басты жүректі
Бермеді тәңрім тілекті,
Айтып-айтып кетейін,
Тыңдамаса, не етейін?!
Тыңдаусыз қалған сөздері
Дүниеде жалғыз мен емес
Міндетімді өтейін.
Білгенімді жасырман,
Биасылға бас ұрман,
Деген ниет бар еді,
Байланған сертке жетейін.
Берер, бермес алла да.
Еңбек етпек пенде де,
Ер мұрасы талап-ты,
Таудан талап етейін.
Ар-намысы кем болған,
Бар мақсұты шен болған,
Алаңы жоқ халық үшін,
Күн мен түні тең болған,
Сансыз, салқын жүрекке
Жолдастық айтып нетейін?
Қазақтықта бір сөз бар:
Жаман жүрген жүрімнен
Жақсы өлім көрген игі еді,
Жаманмен көрген күнімнен,
«Кірген көрім игі еді».
Атамнан қалған бұл сөзді
Қайда тастап кетейін?!
Кетпегенім белгісі:
Заманымда не түрлі
Атқа мінген бала бар,
Ел бастаған аға бар.
Не жүрісте жүргенін
Білмей де ерген және бар.
Бар дерге де бомайды
Жоқ дерге де болмайды
Көріп тұрған бұларды
Жүректе бітпес жара бар.
Салдыратып күймесін,
Жарқыратып түймесін,
Жер дүңкітіп жүрсе де,
Адам таппас сұмдықты
Бір Құдайға ешбірін
Көңілімнің келмес көргісі.
Келмегенін бір пара
Іс мәнісін білмеген
Дүниені жүріп көрмеген
Жөнсіз екен, дер кісі.
Жөнді білер ер болса,
Жұрт қой мынау дер болса,
Жүрегінде қаны жоқ
Кеудесінде жаны жоқ,
Ел дұшпаны, халық соры,
Әкімнен басқа аңы жоқ,
Қайғысыз қара залымға
Қойдай шұбап артынан
Ерер ме екен ер кісі?
Алтын ала күмісін
Арам жолға сарп етіп,
Жетім, жесір жыларға
Баурын барша қыларға
Жөнді білер жігіттің
Келер ме еді бергісі?
* * *
Атаңа сенің қазақ-ай,
Бар еді-ау болған күндерің,
Көп еді дәурен сүргенің.
Кеңшілікті, тарлықты
Дәулет пенен бейнетті
Талай бастан кешіріп
Өз көзіңмен көргенің.
Еділ, Жайық суынан
Жем, Сағыздың бойынан
Қысырақтап жаз жайлап,
Көше, қона жүргенің.
Ала таудан өткенше
Ыссы көлге жеткенше,
Кіндік кесіп, кір жуып,
Мекен еткен жірлерің.
Ауданы алыс сол жерде
Күдері бел, күпшек сан
Арғымақ аттар үстінде
Үдері жортқан ерлерің.
Мыңнан-мыңнан жылқы айдап,
Жүзден-жүзден нар байлап,
Күңірентіп, боздатып,
Жағалай қонған көлдерің.
Мұнарланып көрінген,
Құлашын жайып керілген
Көкше бұйра белдерің
Белдерге енген елдерің.
Сол дәулетті шағыңда
Қиянға талай сермедің.
Күндердің күні болғанда
Мұндай да болам дер ме едің?
Хан бар еді сол күнде,
Ақ сұңқарға ұқсаған.
Билер жүйрік бар еді
Хас тұлпарға ұқсаған,
Әділ қазы бар еді,
Алмасқа қылыш ұсаған.
Батырлар, ерлер бар еді
Аш маралға ұқсаған.
Байлар момын бар еді
Аузынан уызы төгілген.
Ақ орданың ішінде
Кербездер ару бар еді
Ши жібекке көмілген.
Толған айдай нұрланып
Толқын жүзі көрінген,
Көрінсе көңіл бөлінген.
Жігерлі жігіт бар еді
Ауызға жастан ілінген.
Адалдық, ақтық бар еді
Әрбір істе білінген.
Ерлер құнды, мал пұлды
Болған заман бар еді
Өте шықты аз уақыт
Өң мен түстей көрінген.
Біз бір сондай ел едік
Күні бүгін болғанда
Жұрдай болып жүр едік
Айырылып тегіс қолдағы
Бақ, дәулеттен ілінген.
Жұрдай болу, мәнісі:
Бұл халықтың бүгінде
Алтынды тақты ханы жоқ,
Хансыз елдің сәні жоқ
Қазысы жоқ, биі жоқ
Бисіз елдің күйі жоқ.
Батыры жоқ, байы жоқ,
Дәулетсіз жұрттың жайы жоқ.
Күні қараң малсыздың
Жұлдызы жоқ, айы жоқ.
Жігер, қайрат тағы жоқ,
Жігерсіздің бағы жоқ.
Адалдық, ақтық бұ да жоқ,
Санасыздар көңлі шат
Бұл күйінде өзі тоқ.
Бәрін айт та, бірін айт
Өнер менен білім жоқ,
Білімсіз қазақ, күнің жоқ.
Күн көретін түрің жоқ.
Өзіңді, өзің зор көріп
Басқаларды қор көріп,
Мен қазақ деп жүрсең де
Білімсіз, надан болған соң
Бір тиындық пұлың жоқ.
Білімсіз халық ел болмас
Болған елмен тең болмас,
Құлдықтан басы арылмас.
Тілек, қоныс, бостықпен
Кеңшілік ерік алынбас,
Көктен рахмет жауылмас.
Жерден жәуһәр табылмас.
Дүниеде сәнді ел болып,
Болғандармен тең болып,
Тұруға керек адамдық,
Керек емес надандық.
Адамдықтың негізі
Надандыққа салынбас.
Өнер, білік үстінде
Адамдықтын негізін
Құрған елдер сығылып,
Жүректері қабынбас.
Ауыздары бірлікте
Күнін көрер тірлікте
Үш ай тоқсан соқса да,
Ондай елдің панасы
Қимылдамас, жарылмас.
Жаманға атақ тағылмас.
Орынсыз жақсы қағылмас.
Қазағым саған сөзім бұл
Мейлің тыңда, мейлің қой,
Жаны ашып, жанып айтушы
Ол да бір оңай табылмас.
Замананың адамы
Заман азған шағында
Түрлі де, түрлі күй болды,
Құлдан туған би болды.
Сансыздарға сан тиіп,
Салмақтанар күн болды.
Жиһан жүзін бұлт алып,
Мұнар басып түн болды.
Қиянға пікір жүргізген,
Асылдығын алты алашқа білгізген.
Қара қазан қамы үшін,
Тереңнен хиял ойлаған,
Еш бітірмей қоймаған
Қашағаншыл талай жүйріктің
Биліктері өз басына мін болды.
Аққа баға қоя алмай
Қараның жолы пұл болды.
Сөзден ою ойдырған,
Жылаған бала қойдырған,
Неше шешен, шайырлар
Ойдағысын айта алмай
Сөйлер сөзге мұң болды.
Асылсынған жігіттің
Сыр, сипаты ашылды.
Ашылғаны емес пе?
Соны да қадір, пұл көріп,
Болыстық үшін шашылды,
Мақсатымды етем деп,
Мұратыма жетем деп,
Биасылға бас ұрды.
Бас ұрғанмен не тапты?
Алақандай қағаз жолына
Дін-дүниесін сарп етіп,
Адамдығын қашырды.
Әй жігіттер, жігіттер,
Адамдық деген ақ жолды
Алға сала жүріңіз.
Адамға лайық асыл сөз
Құлаққа ала жүріңіз.
Мынау бес күн тірлікте
Бірлік ете көріңіз
Арқадан боран соққан күн,
Алыс жерден жау жетіп
Бір түбекке тыққан күн.
Алты бақан алалық,
Жүректерін қаралық,
Өзді-өзіңіз алысып,
Ырылдасып, қабысып,
Әлсірейтін мінезден
Аулақ жүре көріңіз.
Қазақтықта бір сөз бар:
«Алтау ала болғанда
Ауыздан жемін кетірер.
Төртеу түгел болғанда,
Төбеден жерге келтірер».
Атаның айтқан бұл сөзі
Аңдай жүре көріңіз
Әлай ма, алаш
Әлай ма алаш, әлай-ма?
Замана жайы бұлай ма?
Түрін айтып заманның
Жақсы менен жаманның
Қозғаған сөзім ұнай ма?
Бастан өткен күндерін,
Есіткенін, білгенін
Кәрілер сөйлеп жылай ма?
Жалауының себебін
Алашым, бізден сұрай ма?
Сұраса айтып берейін
Кешегі өткен заманның
Жері менен суынан.
Ылдиы, жөнейт қырынан,
Қыры менен құмынан,
Ханы менен биінен,
Батыры мен ерінен,
Бәйбіше мен байынан,
Жігіті мен қызынан.
Жұптап-жұптап берейін
Онан шығып бүгінгі
Заманға дейін келейін.
Аңдап басып аяғым
Қыза-қыза желейін.
Кешегі өткен заманның
Жер сипатын сұрасаң,
Бетеге боз бар еді,
Жусаған құлын жасырған.
Қызыл изен, боз жусан
Баланың асқан басынан
Қоян-түлкі әр жерде-ақ
Жөнелер тұрып қасыңнан.
Көлеңке ойтаң көп еді,
Белдең қалың шөп еді,
Ақ ордалар қондырып
Отыруға дөп еді.
Ол күнгінің адамы
Шетінен тегіс баюға
Осы қоныс сеп еді.
Неге десең малдары
Қыста пішен жемеді.
Жабағысы, тайы да,
Жерден тебін тебеді.
Айдап салып тебінге
Мал өсіру еп еді.
Су сипатын сұрасаң,
Еділ, Жайық су еді
Жағасы қалың ну еді.
Күмістей таза сулары
Өзен, сала бар еді,
Екі беті жар еді.
Бөлек, бөлек қара су
Жаздың күні байларға
Қой қоздатып отыру
Жарастықты сән еді.
Тайдай тулап секірген
Балықтары нән еді.
Қаздар қонып қаңқылдап,
Үйрек қонып сымпылдап,
Бақалары бақылдап,
Желсіз тынық кештерде
Жарып кірген құлаққа
Ғажайып түрлі ән еді.
Сөйткен қазақ суларың,
Қалың біткен нуларың,
Қазы қиқу шуларың
Қайда кетті, қане енді.
* * *
Хан дегенді қазағым
Білемісің кім еді?
Жаһанға жарық нұр берген
Мысалы оның күн еді.
Бұл себептен олардың
Асылы нұрдан жаралып,
Таралды демек шын еді.
Алтынды тақтың үстінде
Олар хандық сүргенде
Қой үстінде боз торғай
Жұмыртқа салып тұр еді.
Еңбектінің екі арық
Егеспей жайға жүр еді.
Өзінен ғаділ хан тұрып
Біздің қазақ баласы
Оңып тұрған күн еді.
О бір сондай күн еді
Жаймашуақ түр еді.
Ақ қалпақты қазаққа
Тасқа басын ұрса да,
Екі келмес бір еді.
Айрылдың, қазақ, күніңнен
Болып бір тұрған түріңнен,
Омырауы даладай
Жазық жаурын еріңнен.
Ердің құнын екі ауыз
Сөзіменен бітірген
Үлгілі көсем биіңнен,
Биік сүрген күйіңнен.
Жомарт байлар бар еді.
Құдайы қонақ кез келсе,
Қой орнына тай сойып
Қол қусырып сыйлаған.
Пақыр, міскін жолынан
Қол қайырын тимаған.
Мұқтажға берген қарызын
Тығыздап сұрап жимаған.
Дәулеті артық сондада
Тоғайға малы сыймаған.
Ол күндегі арулар
Көркем жүзді, қылықты,
Бұралған, назды келеді.
Алдынан шығып үлкеннің
Иіліп сәлем береді.
Жоқтатпайды жолдасын
Құрмет ете біледі.
Үлде менен бүлдеге
Отырар келіп оранып,
Кер маралдай керілер
Қынама белі бұралып.
Тұла бойын хош тұтар,
Тоты құстай сыланып.
Көтермес көзін жоғары
Сөйлемес дауыс шығарып,
Көрер болса нұр жүзін
Ғашығында періште
Қалар еді сыналып.
Қатар қойып қарасаң
Ай сәулесі тұтылып
Кетер еді жоғалып.
Шын махаббат жолы үшін
Он сегіз мың ғаламға
Тәртіп берген Құдайым
Ғашықтардың көз жасың
Көргісі келіп бұларды
Жаратып қойған шығарып.
Бүгінгіні сыйпаттап
Айтпасақта белгілі
Көз алдында ашық тұр.
Жер қонысы тартылып
Таршылық тым-ақ басып тұр.
Дүниенің жүзі бәрі ор
Көрінгенге жету мұң
Айналмалы қашық тұр.
Оймақ құрам тепсең жоқ
Астын үске аударып
Жылдан жылға асып тұр.
Кереге жаяр жері жоқ
Бір пара халық осы күн
Жайшылықта-ақ сасып тұр.
Жерге қарай көңілде
Бірден бірге тарылып
Татулық жолы жасып тұр.
Жақындықты ағайын
Бір салпыншақ бөз үшін
Табанына басып тұр.
Басқаны емей немене
Жарақаттап бір-бірін
Зәһәрлі тілмен қасып тұр.
Білемісіз қазағым,
Сіздің үшін жерлердің
Неше күндік нәсіп дұр.
Өзен – дария мысалы
Бүгінгі шалшық қақ болды.
Тоғайға тасып шығу жоқ
Малға суат шақ болды.
Суы шалшық тар қоныс
Аяғын тұсап аз малды
Құрықтап бағар уақ болды.
Асан қайғы атамыз
Айтқан екен бұрын да
«Замана азар шағында
Әуел бастан су құрыр,
Су құрыса ну құрыр».
Шамасы сол шақ болды.
* * *
Елдің жайын қозғасақ
Әбубәкір айтқандай
Ханымыз болды қарадан,
Биіміз тұрды парадан.
Бүлдірді жұртты баймын деп
Бес қарасы бар адам.
Шұңғыма көлдер суалып,
Үйрек қонбас күн болды.
Асыл ерлер кеткен соң
Ел басшымыз тұл болды.
Шабатасын сүйретіп
Бәрі бірдей құл болды.
Терзеден қараған
Дестелеп шашын тараған
Неше шандоз арулар
Күл көмірге боялып
Мысалы бейне күң болды.
Биасылдар паңсынып
Сөйлер сөзі пұл болды.
Мазлумдар* батып қызметін
Айтуға мұқтаж, мұң болды.
Кім берсе пара молырақ
Соның ісі оң болды.
Бермегеннің лебізі
Оң болса да соң болды.
Ғарып адам сөзіне
Қайрылып та қарамас.
Аты жаман айыуанша
Мойындары тоң болды.
Еттен бұрын тұз шіріп
Бастан азған халық біз.
Бағыты жоқ, жөні жоқ
Аяқтан тозған халық біз.
Жақсылықтың жолына
Көмілме надан болсақ та,
Жамандыққа келгенде
Бегірек те анық біз.
Соның үшін азамат
Жұрт кеткенде ілгері
Ақсақ қойдай шүмеңдеп
Жүре алмай жұртта қалыппыз.
Ісіміз жоқ бітірген
Құрдан құрға налыппыз.
Тентек есі түстен соң
Енді біліп таныппыз.
Талай бір көзел жиһазға
Асыл да нағыз ер келген,
Шыбын жанын аямай
Халқының қамын жер келген.
Олардың биік һәммәті
Өз еліне хас емес
Бүтін адам баласын
Бірдей көріп теңгерген.
*Мазлұмдар – бұқара, кемшін, қараңғы, надан мағынасында.
Қайсы бірі олардың
Адамнан асып шафхаты
Хайуанатқа жетісіп
Сойып етін жемеген.
Жоқ жітікке қарасып
Ортақ бөліп жиғанын
Менікі мынау демеген.
Атқан оқтай сөзі өткір
Жүрекке барып жетеді
Өтіп шығып денеден.
Құйылған күшті демдері
Бас алдырмас қайтадан
Енген нұрдай кебеден.
Бір құйылса шықпаған
Тиген жерін мықтаған.
Барша ғалым қаһар тұтса,
Ешбірінен ықпаған.
Айнадай жаны жарқырап
Дат қонып, кір жұқпаған.
Сирек шыққан бұл ерлер
Кең жиһанның жүзінде
Бармақтан жаны артпаған.
Ләйлі алқадір* кешінде
Көктен енген асыл рух
Жандарын жуып ақтаған.
Бір мен емес бұларды
Жетесіз жаман болмаса
Әркім де сүйіп мақтаған.
Қажет емес мақтауы
Алланың өзі жар болып
Әр қашанда жақтаған.
Жақтаған жолын Құдайым
Қазадан, түрлі бәледен
Пана болып сақтаған.
Тарау-тарау неше жол
Айдынға қосса керек-ті.
Тарау неше жылғалар
Теңізге құйса керек-ті.
Алланың өзі жар болған
Олардың ашық бір жолы
* Ләйлі алқадыр кеші - қасиетті кеш.
***
Күндердің күні болғанда
Жайылып бүтін жаһанға
Ғалып* болса керек-ті.
*Ғалып – жеңіп шығу, үстемдік алу.
Көреміз бе?
Жарық жолға бастаушыға ереміз бе,
Ақ жүректі шын ерлерге сенеміз бе?
Таза қанды, кірсіз жанды қазақ жұрты
Өз алдына ел болғанын көреміз бе?
Алдын-артын мейлінше байқап алып,
Төңіректе не бар, не жоқ көзін салып,
Өз тізгінін қазақ ұлы өзіне алып,
Өз алдына жұрт болғанын көреміз бе?
Жас буынға жаңа таза білім беріп,
Надандықты терең қазып жерге көміп.
Қазақ-тағы өзі күнін өзі көріп,
Өз алдына ел болғанын көреміз бе?
Оқу жұрты даярланып жеткендігін,
Жалпы оқуды қазақ міндет еткендігін,
Қазақ ұлы озат шығып кеткендігін,
Тірлікте көзімізбен көреміз бе?
Талас қойып ынтымаққа кіргендігін,
Бір жолменен бір бағытқа жүргендігін,
Дос-дұспаны кім екенін білгендігін,
Тірлікте көзімізбен көреміз бе?
Жалқаулықты, бос жүрісті тастағанын,
Орынсызға дәлет мүлкін шашпағаннын,
Керек жерде бойды балап қашпағанын,
Тірлікте көзімізбен көреміз бе?
Әулие деп көрінгенге бас ұрмауын,
Дін деп қорқып ақиқатты жасырмауын,
Ешнәрсені өлшеуіне асырмауын,
Тірлікте көзімізбен көреміз бе?
Өз жеріне шыққан кенді өз алғанып,
Әдемілеп айқыш-үйқыш жол салғанын,
Еуропаның өнерінен үлгі алғанын,
Тірлікте көзімізбен көреміз бе?
«Алаш» атты орда құрып шалқығанын,
Бақ дәулеті туып өсіп балқығанын,
Әрбір іске қазақ исі анқығанын,
Тірлікте көзімізбен көреміз бе?
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.