Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СЫН
Иманғазының «От пен Суы»...

06.03.2021 5293

Иманғазының «От пен Суы» 12+

Иманғазының «От пен Суы» - adebiportal.kz

Мен 22 ғасырдың алдына барып ежелгі Хұндар заманына саяхаттап қайттым. Қытайдың Нобель сыйлығын алған жазушысы Мо Янь айтқандай сенде Хұндардың «иісін» шығарыпсың. Романның көркемдігі өз алдына, өйткені ол жағына барынша ден қоя отырып ыждағаттылықпен жазыпсың. Тіл мейлінше бай, ескірген, қолданыстан қалып қойған архаизмдерді тірілтіпсің. Оқып отырып сен суреттеген есте жоқ ескі замандарға барып, бейтаныс әлемнің ішінде жүргендей әсерге бөлендім. Адамдардың әңгімесі, мінезі, әдет-ғұрпы бәрі басқаша. Сөйте тұра оны жаның жат көрмейді, таниды, өйткені оның элементтері қанымызда қалғанын байқайсың.


Бұл романдағы ең басты мәселе оның тарихилығы. Тарих болғанда да ешкімнің тісі батпай жүрген қасаты қалың, шиесі қатты, шырмауы көп тарих. Ол дәуір туралы ғылми зерттеу бағытындағы ізденістер болғанмен, көркем роман жазылмап еді. Осыдан 2230 жыл бұрынғы өмірді, қоғамды, бейнелеу тым қиын. Оны көңіл көзімен көріп, қиялмен шолып, ойдың жүйріктігімен кестелемесең, дайын дүние жоқ. Қарасаң көзің жетпейді, салсаң дүрбіңе ілінбейді. Ол кездің шындығын білу үшін көп ізденуге, зерттеуге, ақылға салуға тура келеді.


Сонау 2230 жыл емес, күні кешегі, көп жазылған, көп зерттелген Шыңғысхан заманының өзі сан түрлі ойларға арқау болып, пікір-таласқа түсіп, талай бұрмаланып, талай тартысқа тақырып болып келе жатыр. Күштілер жазған жалған тарихтың жетегімен өзіміздің түркіден шыққан Шыңғысхан құрған ұлы империяны тек қана Моңғолдарға теліп, теріс кетіп жүрміз. Ал, Хұн заманы – Мөде Тәңірқұты құрған (романның басында Сұрапыл) империяға қатысты болжамдар, пайымдар болғанымен тұтас дәуірді бейнелейтін кесек еңбек жоқ еді. Осы кезге дейін бұл тақырыпта көркем шығарма жазылмағаны анық.

Бұл романда этнографиялық құндылықтарға барынша басымдылық берілген екен. Ұлттық наным-сенім, әдет-ғұрып, салт-дәстүр кең ауқымда жазылған. Бүгінгі қазақтың осыдан 22 ғасыр бұрынғы, ата-бабасының басынан өткені. Өкінішке орай оның көбі ұмыт болған, жұрнағы қалған әдеттер. Кітапта біршама таңқаларлық жағдайлар көрініс береді. Олардың бастауының көзі сонау замандарда жатқанын елестетеді. Қазақтың көптеген ырымдары мен әдеттерінің Хұндар дәуірінен келгенін аңғартады. Сол заманда Хұндармен қатар өмір сүрген Жүздер, Үйсіндер, Сарматтар, Тұңғұстар, Төбеттер, Санпилер, Чындар (қытайлар)... осынау араласып жатқан қым-қуыт қауымдарды қатар өрбітіп салыстыра суреттеген.


Келесі бір назар аудартатын мәселе діни сенім, тәңірлік ұстанымдар туралы қызықты баяндаулар. Біздің ата-бабалар ұстанып келген Ислам дініне дейінгі діни көзқарастар, солардың ішінде әсіресе, Тәңірлік дін біршама ашыла түсіпті. Оған қатарласа бақсы-балгерлік, жай ойнату, тасаттық беру, көріпкелдік, арбасу секілді тылсым сырлар да қалқып шығыпты.


Сонан кейінгі романнан көрінетін басты сипаттардың бірі түркілік рух. Хұндардың дара болмысын, ерекше қасиеттерін жеріне жеткізе суреттеу арқылы ұлттық рухты ту етіп көтереді. Бүгінгі таңда біз айтып жүрген ұлттық менталитет деген мәселенің түпкі мәнін ашады. Бұл кітапта бір ханиптік дін, бір тәңірлік, бір құдайлық сенімді кәдімгідей тереңдете қаузапты. Әсте тәңіршілдікті уағыздап жатқан жоқ. Қайта осы күнгі Ислам ақиқатына жету жолындағы басып өткен баспалдақтарымызды байыппен көрсете білген. Біздің Тәңіршілдіктен шығып ислам дініне бауыр басып кеткеніміз де ежелгі Тәңірлік дүниетаным мен ислам құндылықтарының (еукеуі де бір құдайлық) дөп келуінен екенін аңғарамыз. Ислам дінінің майдай жағып жанымыздың жәй табуының өзі ішкі-сыртқы таңдауымыздың табысқанын білдіреді. Романда сол кездегі діни жоралғылар, үйлену, тіршілік ету, ант беру, өлім-жітім рәсімдері біршама қамтылыпты. Оны романды оқып отырған адам анық сезінеді.


Бұл роман біздің тарихтың көркем түрде алдымызға тартылуы, тарихтың шаңына көміліп өшкіндей бастаған беттерінің хатқа түсіп халықпен жүздесуі, бұл біздің өткеніміз, кешегі күніміз. Ертедегі бір Құдайлық танымнан бастап, адаспай, алжаспай, нағыз ақиқатқа жету жолдарымызды елестетеді. Хұндар заманының кең көлемді картинасын жасап шыққан автордың ұлттық рух, батырлық дәстүр, түркілік сипаттарымызды көрсетуді көздегенін анық аңғарамыз.

Осы романды оқып отырғанда батыр атамыз Бауыржан Момышұлының 1941-1942 жылдардағы соғыс майданындағы өмірін бейнелеген Александр Бектің «Арпалыс» (Волоколамское шоссе) романындағы ерліктердің тамырын көргендей болдым. Өте-мөте үреймен болған күрестің қыры-сыры ашылады. Батырлық білегіңнің күші, қаруыңның мықтылығы емес, жүрегіңнің орнықтылығы, қорқыныштың жоқтығы екенін еркін жетікізіпті. Анығы кім үрейден құтылып ақылын жоғалтпаса, сол батыр. Кім үрейге тұтқындалса, сол дұспанның да тұтқыны. Осы мәселелер тереңінен қаузалып соғыс тактикасы, әскери өнер, жауынгерлік жаттығуларда нанымды жағынан көрініпті. Қысқасы «Арпалыстың» рухы мен «От пен Судың» рухы тоғысып кеткендей әсерге бөлендім.


Бұл романды оқып отырып қытайдың ежелгі классик әдебиеттерінен біз оқыған «Су бойында», «Үш патшалық хисасы», «Қызыл сарайдағы түс» секілді шытырман оқиғалар, баяндалу, суреттелу, бейнелену тәсілдері өбісіп кеткендей сезіндім. «Су бойындағы» Шаугай, Соңжияң бастаған мәрттер мен тәуекелшілдердің ерліктері, «36 пері, 72 дыю» қосылып 108 батырдың басы құралған Лияңшан қопа көліндегі хикаяларының параллель суреттелуін көз алдыма келтірдім. Әрине, бұл құрғақ еліктеу емес, тарихтан келе жатқан классикалық жазу машығы. Осылайша жаңалыққа ұмтылып өз соқпағын табуы деуге болады. Батырлық ізгі істер мен батыл қадамдар, із тастап кетіп, айналып қайта соғу амалдары белең береді. Кей тұстарында детектив жанрының элементтері де менмұндалайды. Оқырманға ой жүгіртуге орай жаратып береді. Алдын-ала жасаған мөлшерінің келесі тарауларда қалай шешім тапқанына қарап, өзіңше жазушымен ой жарыстырып отырасың.


Жалпы бұл роман туралы айтар әңгіме көп, толыққанды мақала жазуға әл-дәрмен жете қоймас, ол сыншылар мен зерттеушілердің еркінде. Өз басым оқыған дүниемді әдебиеттің теориясына салып, ғалымдарша талдауды аса біле бермеймін. Менің жазғаным алған әсерім, оқырмандық ой-пікірім, өзімше талдап-таразылап танығандарым деуге болады. Сонымен түйсігіме, сезіміме, көңіліме қалай ұрылғаны туралы айтып шықтым. Жарық айнаға қалай келіп түссе, мен солай шағылыстырып сәулесін көрсеттім. Жалпы дағдым осылай, оқыған шығармаларым туралы жорамалымды, долбарымды, ұстанған жолымды жазамын. Сонымен, ішкі жан-дүниемдегі толғаныстар осылай деп айтып жатыр. Менің айтатындарым ғалымдықтан гөрі, көзқарас білдіруге жақын.


Иманғазы мырзаның жоғары оқу орнында философияны бес жыл бойы бекер оқымағанын осы кітаптан көрдім. Бұл тек көркем әдебиетке ғана жауап беріп қалмастан, кесек философиялық ой-түйіндер, әдемі афоризмдер, өткір нақылдар қоймасы. Өмір, тіршілік, қоғам, адамдар арасындағы қарым-қатынастарда көптеген құнды шешімдер бар екен. Романды қайта оқып, ішіндегі даналық ой-иірімдерді тізіп жазар болсақ, кәдімгі бір шағын афоризмдер кітабын жасауға болар.


Кейіпкерлер өте көп, оқиға тығыз, бұрқ-сарқ қайнап жатқан оттағы тайқазан дерсің!.. Кейіпкерлердің диалогы салмақты, сөйлеу тілі алабөтен. Мынау жиырма бірінші ғасырға дағдыланған қусырылып бара жатқан көше тіліндегі бүгінгілер үшін, тосын мінез, шалт қимыл, астары қалың, айтары терең сөз саптаулар жеткілікті. Қынаптағы өткір қылыштай көмейден төгілген көркем сөз. Ол кейде жылы шуақты, ал, кейде удан ащы. Тиген жерін күйдіріп әкететін өрт дерсің.


Кітапты оқып отырғандағы көзіме шалынған бір кемшілік, ой бөліктері мен оқиға жіктерін ашып кететін тұстары бар сияқты. Сол жерлеріне келгенде ден қойып отырған оқырман түсініп кете бергенімен, бұрылыстар бен шегіністі тұстардың шекарасы анық болса!..


Роман туралы жаңалық болған тұстарын ұзақ айтуға болар еді, қазірге оқып бола салған сәтте көңілге қонып, аузыма түсіп тұрған сөз осылар.


Саны онға жетпейтін оқадан (кепілден) қашып шыққан Сұрапыл бастаған батырлар үш жүзге жуық қуғыншы жау жасақтарының қоршауында қалды. Не өмір, не өлім!... Бес қаруын серт ұстаған өрімдей жас батырлар дұспандарынан именбей тура тартты. Өте бір шешуші кезге келгенде роман аяқталып қалды.


«Енді не болар екен?!» деген құштарлық көңілде қалды. Өйткені бұл жолғы шайқас Хұн мемлекетінің өмір сүруі мен жойылып кетуіне тіке қатысты кескілескен ұрыс болмақ, саны аз ғана жаужүректердің басымдылық байқатып тұрған Дакараның қуғыншыларының алдында аман қалуы екіталай!.. Күш пен ақыл арбасқан, өмір мен өлім алмасқан сәттің келгені шын.


Дәулетбек Байтұрсынұлы

ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар