Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Көкбөрі Мүбәрәк. Бояу мен дыбыс (Тыныштықбек Әбді...

12.01.2024 1632

Көкбөрі Мүбәрәк. Бояу мен дыбыс (Тыныштықбек Әбдікәкімұлының поэзиясы хақында) 12+

Көкбөрі Мүбәрәк. Бояу мен дыбыс  (Тыныштықбек Әбдікәкімұлының поэзиясы хақында) - adebiportal.kz

Қазақ поэзиясының көк тарланы - Тыныштықбек Әбдікәкімұлы өзінің поэзиялық ізденісінде түстер мен дыбыстың міндеттерін ауыстырып, түстерді заттандыру, сұйылту, әрекеттендіру жағында табысқа жеткен ақын. Бұл жаңалық Қазақ поэзиясын сонау 90-жылдардың ортасында өрнектеп тастаған. Ол - Қазақ поэзиясының Сальвадор Далиы. Неге? Әуелі, құбылыстардың қызметін ауыстырып құбылған құрлыс жасаған ақынның адал қызметімен танысу барысында оның өзінің рухани ағасы Сальвадор Далимен қандай байланыста болғанын біле аласыз. Дали мырза «Ерітілген сағат» картинасында сағаттарды сызады да, оны кілегейге айналдырып сұйылтып, ағылып жатқан сәтін бейнелейді. Су болып аққан уақыттың, өмірдің азабын сүйікті суреті арқылы алдыңа қоя қойғанда сенің азабыңды жеңілдетеді. Тыныштықбек ақын Дали ағасының Сюрреализм бағытын беріле ұстайды. Дали өзінің «Гитлердің жұмбағы» атты суретінде ағаш бұтағына ілінген қап-қара телефон трупкасының басынан мөлдір тамшы домалатып қояды. Ол тамшы толық үзіліп түспей салбырап тұрады. Бұл дыбысты сұйылту болып табылады. Тыныштықбекше мұны өлең қылсақ «Мөлт-мөлт тамған дауысың, Трупкадан тамшылап» деп айтуға болар еді. Ұлы суретші өзінің «Қол» деген суретінде биікте отырған адамның сол қолын адамның өзінен де ерепайсыз үлкен етіп оны Будданың қолындай жартылай аштырып қояды. Ол қолдың жарты уысын толтырып көк аспан тұр. Бұл «аспанды қысып ұстап жібере алмай», «аспанды уыстадым» немесе «аспанның көк шүперегін тартып тұрмын» дегендей поэзиялық сөйлемдерге сүйеу бола алады. 

 Суретші «Вильгельмге айт» деген туындысында булыққан адамдардың ауызының жоғары жағында булыққан арғымақтың құсша қалқып, сырғып бара жатқанын көрсетеді. Бұл адам ішіндегі айхайдың заттануы, жандануы. «Айхайыңнан ақ арғымақ атылып», «Азабыңнан атқып шыққан ақ айғыр, Жанталасты әуеде» деген сипатпен өлеңдетуге болады. Дали «Бикини аралының үш сфинксі» атты сызбасында мойынынан қиылып тұрған адам басын мәуелі ағаштардай етіп көрсетіп, бірде өз қалпында қалдырып, соның өзінде оның шаш жағын булыққан бұлттардай түйдектеп қояды. Мұны Тыныштықбек ақынша жазсақ, «Бұйра-бұйра бұлттарды тарай түсіп басыңда» деп айтуға болады. «Елена Рубинштейнге арналған фрескалық кескіндемесін» нағыз өлең деуге болады. Онда кейіпкердің қасын, көзін, мұрнын, аузын қалбақтап ұшқан қара құстардың сызықтық кескіндемесімен бейнелейді. Мүшелерін тікелей сызбайды. Сақалын да бір қара құспен көрсетеді. Ал, жан-жағына тағы да осылай қалбалақтап ұшқандарды көрсетіп, адамның асқақтаған сезімін осы құс нышандарымен көрсетеді. Оның қолдары мен бұлтиған анары түгел бұлтқа айналдырылған. Адамның белі көгілдір кеңістікке сіңістіріліп, кіндігінің айналасы теңіздестіріледі. Өйткені, ортада теңіз бар. Біз әйелдің тізесіне дейін түсетін шолақ көк көйлек кигенін, осы көк көйлектің әйелдің төсі мен тізесіне дейінгі жерді ғана қамтитынын, осы аралықты автор шебер пайдаланып оны аспанмен, теңізбен ұштастырғанын байқаймыз. Көйлегінің төмен жағында құстардың ұшқан сызықтық сызбасы көк түспен көрсетіледі. Әйелдің шашы жоқ, төбесі жоқ. Мұны өлең тіліне салып көрсек, «Қасыңды алып келе жатыр қара құс, Көлденеңнен қалбайып», «Қос көзіңнен қос құс ұшып келеді, Қарашықты қанатында көтеріп», «Мұрын – құс, ауыз да – құс, сақал да – құс. Сөйлетпестен, иіскетпестен, сипатпастан бері ұшып келеді», «Барлық бұлт біткен бұлтиған анарың мен бұлқынған қолыңнан таралып, Әлемге ене бастайды» деген жолдарды түзуге болады. Тыныштық ақын бояудың, яғни түстердің қызметі мен дыбыстың қызметін ауыстыруды ауылдағы асқақ та, сезімтал өмірі туралы өлеңдегі «Түнде сәл ай сәулесін тыңдап алам» деген сөзбен бастайды. Ай астында қисайып, сорайып отырған адамның ай сәулесіне сұйықтық секілді қарап ауыз ашпай, оны дыбыс ретінде қарап құлақ тосып тыншып отыруы шынымен жанымызға жайлылық сыйлайды емес пе? «Жын жылайды пешіңнің қолқасында» деген жолында пештің ішіндегі қызыл жалынды «жылатып» , яғни оны сұңқылдатып бояуды дыбысқа айналдырады. «Тау басында күбірлер ай құныса» десе, тау басынан орақтай иіліп болар-болмас көрінген, күңгірттік еңсесін басқан, жарығы әлсіз айдың сәтін «күбірлеу» қызметіне алмастырады. «Көз тұсында қып-қызыл нұр шыңғырып» деп атылып шыққан адамдай атқан таңның дүниенің айхайын ашып аптыққан сәтіндегі күнбағыс басындағы сары жапырақтардай ашылған күннің басын, арғы жақтан ұрттап шығып бізге төккен бояуын «шыңғырған ауыздан төгіліп тұр» деген пішінмен сойқан сөзді сойып салады. «Тау мөңіреп, аспанда ай боздаған» дегеніне қарасақ Қазақтың тілінде боздау - түйенің зарға жақын үніне байланысты айтылса, боз сөзі ақшыл түске де қаратылады. Әубастағы ескі Қазақтардың бояу мен дыбыстың үйлесімділігін Тыныштықбек ақыннан бұрын алып шығып, санамызға жинап тастағанын көреміз. «Ұяда сағым жатыр қыңсылаған»... Бұл да...«Жел қып-қызыл, тау-ессіз» Бұл да дыбыс пен түстің қызметінің ауысымдылығы. Желді біз көзбен көре алмаймыз. Оны лебінен және дыбысынан білеміз. Сондықтан, жел де дыбысқа жатады. «Қызылжалқын аңызақ долдануда»... Жел - дыбыс. Аңызақ - желдің ыстық түрі. Осы дыбыстан тұтатын құбылыстың «долдануы» айқын. Оның қызылжалқын түспен берілуі жазғы аптаппен, қызарған күнмен байланысу болып табылады. Өйткені, қызыл түс жылуды білдіретін. «Кісінеп Машырықтан құла таңым»... Құланиектенген құла таң... Құла... Яғни, қызыл-сары түстегі таңның құлан ұғымымен жақындығын пайдаланып оны кісінету... Бұл да түсті дыбысқа айналдыру... Бірақ, бұл жол Қазақтың дүние танымындағы құла түс пен құланның бір ұғымнан туатын ұғымына етене болғандықтан, басқа жолдардан көрі ерекшеленбейді, оқырман жатсынбай қабылдайды. «Қара шашы дауылдың қамалаған»... Дауылға, дыбысты күшке «қара шаштың» бейнесін беріп, жер-көкті қарайтқан қара желдің сипатын қобыраған «қара шашқа» теңей салды десек те болады. Енді ақын бояу мен дыбыстың қызметтерін ауыстырып қана қоймай, бояу мен иістің, дыбыс пен иістің де қызметтерін бір-бір мәрте сынап ауыстырып көреді. Оған дәлел ретінде «Бүр жарған жұлдыздардың иісі аңқиды» деген жолы мен «Қозы иісіндей қоңырқай түс көремін» деген жолының бояу мен иісті қалай алмастырып тұрғанын көресіз де,«Сайқал іздер түспеген иманы мол далаша, Ән аңқырмыз!...» деген жолынан дыбыстан тұратын «әннің» - «аңқуы, аңқи кетуін» дыбыстың иіске айналуы деп қараймыз. Ол - ол ғана ма, келесі жерде ақын түстерге қайта оралып, түс пен дәмді араластырады. Дәм - бұл тілмен сезілетін құбылыс. «Бүйен-сайға құйылып уыз тұман» деген жолдағы «уыз» ұғымы көрер көзге көрінетін былқылдап жатқан сымбатымен бірге, дәміне де қаратылады. Біз ақынның бара-бара бояуларды сұйықтыққа айналдырып алғанын байқаймыз. Бояу мен сұйықтық өзгеше араласудан өтуде. «Арқарлар жоқ, тұяғын тұман жуған» деп тұманды, яғни ақ, көк бояулардан тұратын тұман құбылысына сұйықтық ретінде қарап, оған шың басындағы арқардың тұяғын жуғызып қояды. «Май сағымды маңғаз тау үріп ішкен» деп сағымды сұйылтып іштіреді. «Жұлдыздардың шырынын ұрттағыш таң» деп көзімізге түс ретінде көрінетін жұлдыз жылтылын шырынға айналдырып таңның алдына ішуге қояды ізетті әрі жомарт ақын. «Жырларымның жұлдызы тамшылаған» сөзінде де сәулелі жұлдызды, яғни төбеміздегі жылт еткен ерекше түстер әлемін сұйықтық қылып тамшылата алады. Жұлдыз-сұйықтығын бірде шырын қып ішсе, бірде тамшылатып, жалпы оны аспан емшегінің бал қуатындай көріп өзі туып-өскен Қарауыл топырағынан төбеге қарап емексиді. «Көзге күйік болмасын, түсінерсің, Түнге ағызып жіберем хаттарыңды». Ақын түнды үнемі қозғалыс жасап жүретін қара киімді адам ретінде қарап келсе, бұл жолы жөңкілген түн бояуын қара су деп сезініп, түн ішінде түнекке ұмтылған, қамырықты хаттарын осы суға ағызып етеді. Ақын қаршығадай қайырылып, зейінін дыбысқа аударып, дыбыстарды заттандырып көреді. Бұған аз уақыт жұмсайды. Ақынның мен мысалдар келтіріп жатқан жолдарының бәрі «Ақшам хаттары» деген жыр жинағының өне-бойына шоғырланған. «Шегірткенің інжулі шырылынан, Моншақ теріп алар ма еді қарындасқа» дегенінде шырылды дыбысты моншақ затқа айналдырып алу бар. «Есіміңді ерітіп тіл ұшында» деп адам санасында тұрған есімді, яғни дауыстап айтылатын ең құрметті дыбысты қаттыдан сұйылатын қанттай затқа айналдырып алады. Біріңғай сұйықтық та емес. «Қиялыммен бұлттан да көйлек пішіп, Тырауыммен тырнаның көктеп алам» деп көкті кесіп өтіп бара жатқан тырналардың тырау дыбысын ине, біз сияқты тігін заттарына айналдырып аспанды көктеп, шаншып жату әрекетін санаңызға қозғалтпай қатырып көрсетеді. Дыбыстан тұратын «есімнің тіл ұшында еруінен» кейін, ойымызда дыбыстың сұйықтыққа айналуы тұрады. Осыған сай, ақын «Төңірекке төгілген төл үніне» деу арқылы, «Байғыз үнін тілімнен сорғалаттым» деуменен дыбыстарды сұйықтық етіп қалаған жеріне тамызады. Арасында «затты түстендіру» де кездеседі. «Қара мысық ол-дағы қарап қапты, Қара түннен үзіліп түскендейін» деу арқылы мысықты әлдеқашан қара түске айналдырып жіберіп, оны ұлы қара түннің жарықтың қиылысындағы үзінді қара бөлегіндей етіп көрсетуі бар. Ақын түстер мен дыбысты, иісті, сұйықтануды кезек-кезегімен сапқа тұрғызып қосынын қозғалтқаннан кейін, енді түсті бөлек алып, оны басқа ештеңеге айналдырмастан оны «әрекеттендіреді». «Жап-жасыл көз тұтанды» дейді... «Күн кірпігін ашқанда» және «Күн кірпігін жапқанда» деп ашылуын ғана емес, жабылуын да ұмытпай қатар алады. «Жүректерді соратын қара сағым - түн сағым...» деген жолында оған(түске) сору міндетін беріп қояды. «Түн тұмсығын сұғады босағадан»... Ол түнді осылай қимылдатып қояды. «Ай сәулесі бетіңді өртегенде»... Айдың жарық сәулесін өртке - отқа, яғни күшті жылуға айналдырады. Ол қоздап әрекеттеніп адам бетін өртеуге кіріседі. «Сені ойлап, сонау-у жолдың қарасына, Көзімнің қарашығын матырамын»... Қарашық - түс және зат. Ең бастысы поэзияда ол ерекше қара түс ретінде алынады. Енді оны жолдың қарасына апарып батыру - оны әрекетке енгізу. «Ақшамның әр адымын баспалар түн»... Тағы да түнді жүргізіп, адамша кішірейтіп, қимылдатып қояды. «Езуінен сағымы шұбыруын»... Мұндағысы далада шұбырған сағым көшкіні емес, адам езуінен сағым шұбыртып, түстерді жымиуға қызмет қылдырып қою. «Көлеңкелер жайқалып, гүлдеп аспан»... Мұнда көлеңкелерді гүлге - затқа айналдыра білу ғана емес, оны жайқалтып әрекет еткізіп қою да бар. «Көлеңкелер мөңкіскен оқыралы» - көлеңкелер құбылысының әрекеттеніп бара жатқандармен бірге қозғалып, сәйкесіп отыру қызметін «сиырлардың оқыралауына» апарып әрекетпен жандандыра түседі. «Салақтатып тілдерін әр көлеңке, Ойнап жатыр сәскенің сақалымен» және «Шаңырақтан тік түскен найза-сәске, Сүйегіне сандықтың тұр шаншылып»... Осы екі сәске суретінде де түстен тұратын көлеңке мен сәскенің сары сағымының әрекеттерін, әсіресе шаңырақтан тік түскен сәуленің - түстің бейнесін найзалық қозғалысқа әкеліп тұр. «Жантайып жарықтық ай есінесе» дейді... Айдың дөңгелек бейнесін ашылған ауызға теңеп, осы теңеуде оны есінетіп, яки әрекеттендіруде. «Сайтан-сағым сорады бұлт емшегін»... Қапырыққан күннің астында шағырмақ бұлттардан тесіп өтіп жатқан ине-сәулелерді айтпағанның өзінде, бұлт астындағы бөбек-сағымдардың осы бұлтты ана емшегіндей сорып жатқан әлпетін көрсету, ол да - әрекет. «Көкпек қана көкжасыл күшіктеген»... Шөлейтті қоныстағы көк түсі үшін көкпек атанған өсімдіктің көбеюін, өсуін, бүрлеуін, яғни көк түстің таралуын, дала бетіне жайылуын «әрекет» деп білдіруде. Енді Тыныштықбек ақын түстерді заттандыруға көп уақыт жұмсайды. Түстерді қолмен ұстап көретін зат ретінде әлпештей білсең, анағұрлым жақсы поэзия шығарасың деген ойға келеді. Түстерді молынан заттандырады. «Бұл қай дауыл, құйрығы құмға айналып, Қызғылттанған қылшығы көзге ұратын?...» Қызыл құмды алқапта дала кіндігінен бұралып шыққан құйынды дауылға қарап, оны қызыл қылшықты, бұралып тұрған қызыл шұбар қабылан ретінде қабылдайды. Бірақ, аңға ұқсатқанын айта қоймай, осы араға ғана әкеліп кідіреді. Қалғанын оқырман өзі ойлап алсын деп. «Бір түннің жаралу ма құрсағынан»... Түн ендігі жерде жер бетін жайқаған түнекті түске ғана емес, ол жер сияқты ұлы құрсақты төңкерілген затқа өзгеріп кетеді. Осы арқылы жерге төбеден «түн» деп аталатын жердің өзіндей құрсақты алып зат шаптасып тұр деп, оларға жасырын түрде жұбайылық сипат бере бастайды. Бұл бейне екі қаралтқым тарелкені бір-біріне беттестірген сияқты дүние. «Желкілдетіп шудасын түйе-сағым»... Қырқаларда қозғалмай желкілдеп тұратын лапылдаған ыстық сағымдарды онсызда қызғылт түйенің желпілдеге шудасына ұқсағаны үшін, оны түйеге айналдыра салу бұл да ақынның бекімі. «Санамдағы сәскенің сәулесіне бөленем», «Сәулесіне бөленем санамдағы сәскенің» деп қатар айтылатын жолдар бар. Мұнда сәскедегі түсті, сәулені бесікке айналдырып оған өзінің жанын, санасын бөлеп ақындық құштарлық күй кешеді. «Соңғы аршаның қаны бар - семсер-сәске ұшында...» Тағы да сәске келе қалады ақынның көзіне қару ретінде... Бұл жолы найза емес, семсер болып. Сәскенің қанқызыл бояуын, сәулесін қан деп сипаттағысы келеді. Бірақ, арша жасыл болсада, неге оның аршаның қанындай дегісі келеді? Себебі, бұл қызыл бояуларға жұтылған дәрменсіз соңғы аршаның кескіні. Осы арада бояулар тағы да затқа - қаруға өзгеріп семсер боп сертиіп тұр. «Ұятымның қызыл сиқыр қыл көпірін тісіңмен, Қыршимын деп қиналмашы...» Ұят әрқашан қызыл түсте. Біз ұялғанда қызарамыз. Енді осы қызыл ұятты қызыл көпірге, әлде бір көлденеңнен тістелетін затқа айналдырып, оны «қыршу» да осы түсті Тыныштықбек ақынның заттандыруы болып табылады. «Отырмын иек сүйеп іңірге мен»... Терзе алдында іңірге қарап отырсын, мейлі тыста отырсын, өзінің иегінің астындағы іңір бояуын терезенің жақтауындай қатырып тастап өзіне сүйеніш етеді. «Тоқиды көңіліне кемпірқосақ, Торғайдың шырылынан шашыраған...» Кемпірқосақ ол - қолмен ұстауға болмайтын түс құбылысы ғой. Жеті сәуледен тұратын. Енді оны торғайдың үнінен тарыша шашыратып, оны ине немесе біз кестенің қажетті заттарындай көріп, онымен табиғат құбылыстарын тоқыма бұйымдардай етіп тоқытып көрсету де ақынның түсті заттандыруы. «Түсімде түн көрейін күміс табан». Түн - қара кісі болса, оның күміс табаны не? Әрине, ғаламның сүйір табан сәулелі айы. Осы сәулелі түсті әрекеттендіру әрі заттандырып табанға айналдырып жіберу ол да соған саяды. «Жазулы ақшам хатын көкейдегі, Жарқанат қанатымен шимайлаған...» Ақшамның көмескі сұрғылт әлемін, сұры бояуларының теңізін хатқа - қағазға айналдырып, оның бетінде жосып жүрген жарғанаттың әрекетін қаламның қызметіне ұқсатады. Мұнда ақшамның төңкерілген бояуын қағаздарға өзгертіп жіберген ақын түстердің заттануын жебей түседі. «Кемпірқосақ-үмітімді жүрегіме орадым» Тағы да түстен жаралған кемпірқосақпен кезігіп отырмыз. Оны мойынсалыға(шәліге), орамалға айналдырып мойынға орау деген де заттандыру. «Дейді-дағы күледі, қысық көзде күн сынып» десе, келесі бір жолында «Өкінішті... Ол кетті қысық көзде күн сынып»... Екеуінде де қысық көздің күлу мен өкінудегі жұмылыңқы қысылу әрекетінен адамның күн-жанарының көз қатпарында жартыкештеніп көрінуін «күннің сынуы, кетілуі» деп көрсетеді. Мұнда адам көзінің нұрының, сәулелі түсінің кетілуі, сынуы сөз болып отыр. Мұнда да түсті заттандырып, оны кеседей кертеді, сындырады. Егер ақынның осы жолдар қамтылып тұрған өлеңдерінен мұны алып тастай алсақ, бірсыпыра өлең қонақсыз үйдей құлазып қаусап қалады. Біраз, өлеңнің жемісіне сай шырын бітіріп тұрған осы қастерлі жолдар оның анағұрлым дәмді жеміс екенін көрсете түскендей. Кейде бір өлең бір ғана тамаша жолы үшін үздік өлең бола алады. Тыныш ақынның осы жолдары оқырман санасына сүңгіп, оқырман ұзақ уақыт бойы ойына небәрі бірнеше кербез өлең жолын сақтау арқылы оның бүгіл өлеңін керемет деп сезініп жүре алады. Дәм - бұл бүкіл тағамға жайылған болымсыз дүние. Тыныш ақын да өлеңнің дәмін келтіру үшін бояу мен дыбыс, дыбыс пен иіс, бояу мен иіс, құбылыстарды заттандыру, сұйылту, қайтадан түске аудару еңбегін жасап осы өлеңдерді барлыққа келтіріп, Қазақ поэзиясының қабырғасын қалыңдата түсті.  Ол - Қазақ поэзиясының Сальвадор Далиы

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар