Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Көкірегім – көне кітап. Сұр тысты...

15.12.2021 3368

Көкірегім – көне кітап. Сұр тысты

Көкірегім – көне кітап. Сұр тысты - adebiportal.kz

XXI ғасыр қазақ поэзиясының сұңғыла суреткері, сұрапыл ақыны – Светқали Нұржан. Қазақтың ұлттық мінез-құлқын, сыр-сипатын, ерлік және еңбек дәстүрлерін, мол тарихи тағдырын, бірегей бай мәдениетін ғасырлар бойы бостандық, әлеуметтік әділеттілікке қол жеткізу жолындағы табанды күресін көркемсөз құдіретімен көрсетудегі өз жазу стилі, өзіне тән баяндау мәнері бар ақын. Көркемдік шеберлігінің дәрежесі көп жағдайда тамаша тәмсіл деңгейіне дейін көтеріледі, сомдаған бейнелері ерекше символдарға айналып, ұзақ уақыт есте қалады. Поэзиясының бояуы қанық. Ақын өскен орта – жұ мбақ жайлап, аңыз өрген өлке. Шынында да ақын болмысына өзінен бұрынғы ақын-жыраулар, би-шешендерден жеткен дәмді сөз, уытты өлеңдер мен жалынды жырлар қатты әсер еткен. Өскен ортасы тазалықты, мың жылдықтар бойы қалыптасқан өршіл рухты қастерлейді. Бұл ортадан адайдың бес жүйрігі: Абыл, Ақтан, Нұрым, Қашаған, Қалнияз, атағы алты алашқа, қала берді Хиуа, Бұқар хандықтарына әйгілі би-шешендер: Есен Ермембет, Жары Мәтжандардай қызыл сөзді сапырған, таңдайына бақ дарыған айтқыштар өткен. Алыптардың бесігі болған өлкеден ақын шықпауы, және ол ақынның Светқали Нұржановтан өзге болуы мүмкін емес. Ақын өлеңдерінде бағзы заманда өткен жыраулар поэзиясының эпикалық тынысы байқалады.

Бұрынғы өткен ақын-жыраулар, би-шешендерден қалған есті сөз, жыр-дастандарды түгел жаттап алған құйма құлақ парасат иесі. Сонымен қатар, Американың байырғы аңшы үндістеріндей жершіл. Ол хисса-дастандарда, тарихи әңгімелерде айтылатын оқиғалар болып өткен жерлерді өз көзімен аяқтай барып көрген жиһанкез. Осыдан болар, оқиғаны суреттегенде тура көзіңе көрсеткендей етіп бейнелейді. Жауаптылыққа аса зор мән беретін қаламгер тарихи орындарда болған оқиғалардың датасын тарихи жазбалардан алатындығына, әрі поэтикалық тілмен баяндауында олардың өмір сүрген ортасы туралы нанымды суреттеулеріне мән береміз. Халқын шексіз сүйгендіктен не берсе де перзенттік махаббатпен, сөзіне қылаудай жалғандық қоспауды өзінің «Құдай алдындағы парызы» санағандықтан ақын:

«Қазағым!» деп туды алғашқы ғазалым,

Сол халыққа бардай әлі жазарым.

Тілек айтам мінәжатты түндерде:

«Қазағымның алдында ал, - деп, - Ажалым!.. » - дейді.

Ақынның болашақ алдындағы міндетіне адал болуы оның әрбір шумақтарынан байқалады. С.Нұржан өзінен бұрынғылардың бойынан табылатын қасиеттерді бойына дарыта алған. Ақынның бір бойында Абайдағы сыншылдық, Бұхар жыраудағы бұқарашылдық, Мағжандағы сыршылдық, Міржақыптағы прогресшілдік, Қасымдағы қайсарлық, Жұмекендегі тапқырлық, Мұқағалидағы шабыттың шалқарлығы, Төлегендегі жыр тасқыны тоғысып жатыр. Ақын өзінен бұрынғыларға еліктемейді. Олардың өнерін, халқына адал перзент болғандығы үшін құрметтеп, одан әрі дамытқан. Суреттеулерінде өз халқының жомарттығы, шалқарлығын шабыттана отырып жырлайды. Халқының мінез-құлқын, қоғам өзгерісіне сәйкес ел келбетінің өзгеруі ақынның қаламынан қалыс қалмайды.

«Жасырмай ойымды айттым талай-талай,

Қайтейін кетті бәрі қарайламай.

Айтарын ашып айтқан абайламай,

Дариға-ай,

Махамбеттер, Абайлар-ай» -

деп мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаев жырлағандай бір сәтте ақиқаттың аулынан алыстамайды. Көркемдік шеберлігі көп жағдайда болмысты жеткізудегі іңкәрлік сезіммен астасып, оқырманын тәнті етеді. Қиял-ғажайып ертегілердегі кездесетін ұшқырлық, аңыздарда кездесетін сұңғылалық, суреткерде кездесетін шынайылық біртұтастыққа айналып, Ілияс Жансүгіровше оқиғаның мағызын сорғалата отырып ақтарылады. Түйдектете соғады.

«Көкірегім, көне кітап, сұр тысты.

қырық қазына, мың мағына – қыртысты.

Қиялым бар жетпіс түрге құбылған -

Көздеріңмен қарамашы бір түсті» - дейді ақын.

Қазақы болмысты жырлары, ана тілімізге уызынан жарыған, ойы кемел жандарға ғана жалынан сипатады.

«Бұл кітапта даналардың сөзі бар,

Сазын-бұлбұл, назын жұлдыз жұптаған,

бұл кітапта-арулардың өзі бар» - деуі арқылы өзінің халықтан кішіктігін әркез білдіріп отырады.

Светқали Нұржан – қазақ ойшылдары қолданған ұғымдарды қолдануды терістемейді. Мәселен:

"Жоғалтқан Арын – қарын жеп,

Жанынан аулақ – боқ-байдың!..

Жаббардан жақын Жарым жоқ,

Жұртымнан жырақ жоқ Қайғым!" жыр жолдарындағы «жар» сөзі түпкі мән жаратушы, жаратқан Алла ұғымын білдіреді.

«Жар» сөзін діни сауаты мол Шәкәрім: «Жар білер деп қысылдым» дейді. Бұл жерде Шәкәрім қажы «бәрін көруші, әрі білуші – хақ Құдай» дегенді жоғарыдағыдай алған. Фольклорда жаратқанды «Ақ немесе Хақ» атауымен сипаттаған жырлар кезігеді. Тәңіршілдік түркілер кезеңінен белгілі. Тәңіршілдік ілімі С.Нұржан ғазалдарында қайта жаңғырса, ол біздің «көшпенділердің сонау алыстағы мәдениетінің, философия заңдылықтарына сәйкес спиралдық таным қағидасы бойынша дамығаны» деп түсінуіміз керек. Бағзы тарихи құндылықтардан мүлдем ажырап қалмау үшін ақын осы қадамдарға саналы түрде барған. Қалыптасқан әдеби канондарды (канон сөзі түркілердің «қанун» белгілі бір «заңдылық дегенді» білдіреді) бұзу жаңашылдық деп мойындалады.

Жаһандану кеңістікті көмкеруге ұмтылған шақта, философия дәйектейтін базиспен, қондырманың аражігін ажырата алмай қалатынымыз бар. Уақыт қырман суырғанда қондырма шары да, базис салмақты дәні болып бір-бірінен тазарады. Жалпы адамзат өнері ортақ. Оны көркейтем деп әлемдік деңгейдегі көзқараспен өмір сүру үшін ұлттық болмысың толық қалыптасуы керек.Ұлттық болмысың, ұлттық санаң кемеліне келгенде ақпараттық өрістің өзі-ақ суреткерді әлемдік тұлғаға айналдырады. Әлемге тұщынатын туынды беруің үшін өрліктің ұшқыны болуы тиіс. Сол өрліктің көзі айналаңдағы бір-біріне деген қасқыр тірліктен туындаған ой түйіндерде жатыр. Айналасындағы аласапыранды көркемдік шындыққа айналдырған ақын – ұлттық деңгейдегі ақын.

«Сыпсың,сыпсың, қайтсін-ай, сыйқымды алмай,

Ұйқым қанбай мен жүрмін ұйқым қанбай.

Мен далаға асығам сол далада

Сыпсыңдардан құтқарар сыйқыр бардай»

Өмір бар жерде – пенделік бар. Пенделік бар жерде – төмендік бар. Пенделікті жөндеуге сөзімен де, ісімен де жауаптылықты өз мойнына алған ұстаздардың бірегейі – сөз патшалығының суреткерлері. Сыпсыңнан қашып жүрген ақынның даласы туралы:

Өртеп кеткен жасылын тандыр-аптап,

Жәдігөй шөп жел жырын алды жаттап,

Қара тастың бас ұрып аяғына,

Сыпсыңдайды бұталар сандырақтап...

Қайран далам,

Мендегі ұқшы мұңды,

Ұқ сырымды,

Жан сырым бар тіксінулі-

Сенен мейір дәметіп келгенімде,

Қоя тұрсаң қайтеді сыпсыңыңды»,-

дейді жиырма жасар бозбала ақын. Ол өз ортасынан мінсіз тазалықты іздейді. Әдебиеттің жолы қиын екенін түсінсе де, саналы ғұмырын ізгілік жолына арнаған.

Маңғыстаудың қара ойын жырмен қырған,

Ізбас атты нағашың аштан өлген!

Ақындықпен арманым өлшенерде,

Поэзия аулына жол шегерде-

Тап осылай деп едіңдер,

Қояр ем ғой

Өлең жазбау қолымнан келсе егерде» - дейді.

«Бунтар болмай болмайды, патша ағзам тұрғанда» - деп Мұқағали Мақатаев жырлағандай әлемді зұлымдықтың шеңгелінен құтқарар, қара күштердің дуасынан азат етер – мейірім әлемінің парасатты иегерлері іспетті. Қазақтың сөздерінің қалпын бұзбай, шұбарланбай келе жатқандығы сөз жоқтаушыларының арқасы. Ақындар – есті шалдардың құйма құлақ тыңдаушысы. Желісін жел үзбеген тарихи сабақтастықты жырлайды. Аварлық ақын Расул Гамзатовша, Светқали Нұржан да шалдарын ұлықтайды:

«Жетелеп жолдың торабы,

Маңғыстау жаққа барсаңдар-

Құдайдай күтіп алады,

Ақшұнақ шалдар, сары шалдар –

деп ауылдағы қаймағы бұзылмаған сөз бен саздың егелерін ұлықтайды. Сөз төркіні ауылда, елдіктің ұлтаны ауылда екенін үнемі жадымызға салып отырады. Лев Толстой интелегенция өкілдері: «ғылыми революция, эволюция» - дейді. Ал мұжықтың айтатыны: «қап түбінде біз жатпас, тышқан тесігі мың ділдә». Ғылымды интелегенция жасағанымен, өмірді жасайтын мұжықтар деп айтқанындай, әдебиет бастаулары мен өнердің көне көздерін ұлықтай отырып, өмір дейтін қымқуыт тіршіліктің толық картинасын беруге талпынады.

Ақын қиын тақырыпқа өткенді тым көп білетіндіктен барған. «Қараған босаға қырғыны» дастанында:

«Бісіміллә»-деп бастайық гәптің басын,

Ерназарын қайтармай, аттың басын!

Ала майдан алғида жолықтырмай,

Ақ қағаздың бетінде тап қылғасын!

- деп бастап, сол тұстағы әлемдік саясат шарпысына да тоқтала кетеді. Бұрынғы жорық жырауларында берілмеген сипаттау арқылы, оқиғаны әлемдік саясатпен байланыстырып қан майданның себеп-салдарларын көрсете кетуі арқылы, оқиға алаңына әлемдік сипаттама береді. Бұл – ақынның жаңалығы.

Сол баяғы Маңғыстау-қанды қиян

Біреуге кең біреуге тар құмиян...

Темір тырнақ тажал тұр патша деген,

Ырситады сар тісін – Хан Зымиян

Ханға сүйеп арқасын-мәлін делік,

Көп түркмен жүр...

Ай отыр бәрін көріп...

Арыстанмен барыстың қайсысының

Жем қылары қалған шақ-мәлім болып,

- дейді ақын. Майданның себеп-салдарының саясиланған сырларына үңілу арқылы, әлемдегі ұлы державалар, отарлаушы елдердің мүдделер қақтығысын астарлап бере білген. Дастанның берері, саясатты да бағамдай білуі, елдіктің болашағын баянды ету үшін, қазақтың қазақтан өзге досы жоқ екендігін білдіреді.

«Маңғыстаудың қияны» өлеңінде:

Маңғыстаудың қияны кілең қорым,

Қорымға әкеп тірейді жүрер жолың.

Эрмитаждар тұқымын тоздырса да,

Қоймайды әлі балбалдар шіренгенін, – дейді.

Балбалдар – түркілік болмысымыздың символы, өткен тарихымыздың қазірге жеткен бірден-бір белгісі. Осы тарихи мұрамызды да өзімізге қалдырмай эрмитажға тасып жатырған басқыншылық психологияны меңзейді. Балбал тастар қаптаған даламыздың бағзылық сипаты:

Парақтарын алдымнан ашты тағы,

Ғасырлардың тозыңқы Тас кітабы,

Үйелейді жұт көрген көтеремдей,

Кәрі қойтас жей алмай, жас бұтаны.

Бебеулеген даланың желіне еріп,

Бағзы мекен ұлиды бөрі болып,

Тас қорымға тығылған қошқар тастар

Жіберердей меңіреп мені көріп.

Тарихымыз, шежіреміз жазылған тас кітаптар – балбалдар мен қойтастар жұттан шығып, көтеремнен үйелеп, орнынан тұра алмай жатқан малды, азынаған желге үн қосып құлазып тұрған ұлыған бөріні елестетеді. Ақынды көргенде меңірей жаздап тұрған қойтастар – жоқтаушысы жоқ, иесіз қалған тарихымыз.

Бүгінімен күн кешкен дүлей – мендер –

Тарих – Тасты тажалдай күрей келген.

Азаны жоқ мешіттің төбесінде

Дірілдейді жетім Ай үрей жеңген...

Бүгінін ғана ойлайтын, ертеңіне бас ауыртпайтын дүлей-мендер – адамдар. Азан шақырылмайтын иесіз мешіттің төбесіндегі ай – жетім. Бұл жерде айдың сұлулығы, арулығы, сұлу қыздарға тән қылығы жоқ. Үрейден, жалғыздықтан дірілдеген, жетім ай. Ақын дүлей – мен, тарих – тасты, күреген, тажал жетім ай, азансыз мешіт теңеулері арқылы тарихын ұмытқан, өткенін білгісі келмейтін, рухани жадаулыққа ұшырай бастаған ұлттың қасіретін беріп отыр.

Жұққанда бұлт көзінің шыңға жасы

Буланып қоя берді бұлақ басы - бұл жерде оқиғаны баяндай отырып, оқиғаны жалаң алмай, майдангерлерді майдан даласымен қоса суреттейді. Сол оқиғаға өзі қатысып отырғандай әсер етеді. Бұлт жылады, бұлақ басы буланды теңеулері екіұдай сезім, қобалжуды, қамалды бұзып алардағы сарбаздардың шабуыл алдындағы тас түйін дайындығын беріп отыр.

Кірпікпен тас қамалды кеміріп тұр

Құтжан мен Тілеуберген-Құлбаласы - кірпікпен тас қамалды кеміріп тұр жолдарында күші тасып, буырқанып, бұрсанған батырлардың кескін кейпін бейнелейді. Бұл жерде батырлар бейнесі арқылы халықтың мызғымас күш-қуатын суреттейді..

...Қабылдады «Ереже» патша ақыры,

Үлкен елдің, әрине, мақсаты ірі.

Қазақ қасқа сойылар ешкі болды,

Алқымына тақаған ақ сапыны - сойылар ешкіні теңеуі арқылы қазақ халқының сол тұстағы қал-күйін сипаттап, бақырып-шақыратын мал болғандықтан, сойылар ешкінің бейнесін алып отыр. Қой түлігінің бауыздаларда аса көп бұлқынбайтын қасиетін білгендіктен, ақын қой түлігін әдейі алмаған сыңайлы

- Қарсылассақ...

- Күткені сол емеспе?!-

Тоймайтын ел туғаннан төбелеске.

Исатай мен не болды Кенесары?

Сырым қайда?...

Барсыз ғой сол егесте?

Қарсыласты Теке мен Торғай жағы,

Қан-қасапта қырылып сор қайнады.

Сейіл мен Беркіндер тұтқында отыр

Сылынды елдің тағы да мен-қаймағы!

Елдің көтерілісін құп көрмеген бидің сөзі арқылы сол кезеңдегі қилы заманның қазақ халқына қиындығы мен қоса езгі қамытын кидіре бастаған халін суреттеуімен психологиялық шиеленісті ашық бере білген. Екіұдай ойдағы ел тас түйін болып біріккенімен, жарағы мықты, әскері сайлы орыс патшасымен соғысқанда текке қырылатынын байқатып отыр. Бұдан шығатын қандай жол бар дегенді ақын би ауызымен айттырады:

Осы жолы ...түндікті қырық тіліп,

Аузымызды ай жаққа ұлыттырып;

Бағынбасақ-бұқтырмақ қырып тұрып!

Ұғынбасақ –ұқтырмақ ұрып тұрып!!

Сол тұстағы қазақ халқының алты бақан алауыз болмаған күнде де, хаққа мойын бұрып, жанды шүберекке түйіп қарсыласқанымен, өнер-білімсіз елде жалаң айқайдан басқа қуат қалмағанын, текке қырылатынымызды меңзеп отыр. Европа өнерінің үстемдігін, өнер-білімінің ілгерілеуінен деп түсінетінін, ендігі күш тек білімде ғана екендігін меңзеп, саясат сахнасындағы алға озған өркениетті мемлекеттердің үстемдігі өнер-білімде екенін, сол өнер білімді меңгермей теңдік үшін, елдік үшін күрестің нәтижесі қасап қырғын, елдің тоз-тозы шығып, ауызы айға қарай ұлып, қанға бөгетінін айтқысы келгендей..

Көз ашпаған бұлағай-алағайдан,

Ақылы артта жұрт едік – ала майдан.

Құптар ма екен, би ата, талабымды,

Шынымды айтсам, қорқамын сол Адайдан?! - «көз ашпаған бұлағай-алағайдан», «ақылы артта, ала майдан», «қорқамын сол Адайдан» - деуі халықтың сипатын адыраң, ақкөз, жаугер, саясатты майданда шешу керек дейтін бұрынғылардың көзқарасын, елдің саясатта әккілік таныта қоюы екіталай екенін, текке қырылатынын қалпын білдіру арқылы, өз халқының адырнадай серпіліп, жебедей атылғалы тұрған кейпін суреттейді.

- Әй, Бәймеш!-Сөйлеп кетті асқан зілмен,

Інісін байқлады жасқау бірден.-

Алшайып біз тұрғанда Маңғыстауда,

Адайды орыс алама астау мінген?!

Адайға Құдай берген айбат,көрік,

Тұрған жоқ дәл қазір қайрат кемін...

Оданда келіп тұрмын демейсіңбе

Кәпірге қол-аяғын байлап беріп?!-»

– деуі жоғарыдағы мәселенің ушығуын береді. Даланың өлшемімен аз ғана астау мінген(кемемен келетін отарлаушы орыс әскерін айтқаны), жаттан қорқа алмайтынын, хаққа бас тігіп отырған жауынгер рухты ел ағаларының кейпін беріп отыр. Ақылы артта, бүгінін бағамдай алмайтын, би-көсемдер мен алдын көре білетін прогресшіл, көзі ашық билердің идея қақтығыстары арқылы оқиғаны одан әрі ширықтыра түседі. Оқырманын болмай қоймайтын шайқасқа бір табан жақындата отырып, көтеріліс отының тұтана бастағанын, ол оттың бүкіл түбекті шарпитынын шиеленістер арқылы суреттейді..

Көтеріп кіріп кетем қара жерге,

Мендегі тілек те анық, жүрек те анық.

Жауымды жеңе аламын деп соғыспаймын,-

Кетем тек артқа сөнбес бір от жағып

Досан батырдың сом тұлғасын сомдау арқылы, батырлардың арман-мұраты, халқының өз билігі өзінде, тәуелсіз қалпында өмір сүруі мен бірге жатқа мойын ұсынбайтын, рухқа қашанда адал болуы үшін күресіп бағатынын, жеңіліс тапса дағы әлем алдында моральдік тұрғыдан алып қарағанда жүзі жарқын болуы – өмірлік ұстанымы екенін жеткізе білген. Шырылдаған Бәймәмбет бидің тілін алмауы қан-қасапқа алып баратын тоқтам екенін жеткізеді.

...Қаста жалған, дүние-ай, доста жалған!

Орындала береме бастағы арман...

Мың қаралды қалтаман тап бергені,

Қырға шығам дегенде Қасқажолдан!

Жауды көрсе, кететін өлгенше еркі,

Қайран Сүгір, қайырылмас сөнгенше өрті.

Ұстап қалды Досанды

«Мұсылманға қол көтермен!».

Бесқаладан дән артқан, қырға шығып бара жатқан, қазақ базаршыларын тонап, мал-жанын олжалаудан дәндеген хиуалықтардан құқайды көп көрген елдің, және қарақшыларды «қалтаман» атауы дастанды одан әрі нанымды етіп тұр. Олжалайтын қарақшылардың басып қалуға дәндеген, өлгенше еркі, сөнгенше өртін сөз тіркестерін қолдануы майдангерлердің майдан даласындағы арпалысын майдан тілімен бере білуі ақынның тапқырлығы һәм терең түйсінуі.

Ұлттық сипат – шығарма авторының дүниетанымының көрсеткіші. Ақындық поэзиядағы шығармалардың лирикалық және эпикалық жанрларында халық даналығынан тағылым ала жинақтап, түйіндеп толғаған жырлары дүниетанымның болмысын танытады. Дәстүрлі қазақ поэзиясының кейінгі кәсіби жазба әдебиетінің дамуына қосқан үлесін осы ерекшелігінен тануымызға болады. Қазақ әдебиетінің дүниетанымына сыры да, жыры да бөлек жаңа ақындар толқыны келіп қосылып, ұлтымыздың көркем ойының көшін түзеуде. Қоғам келбеті қаншалықты өзгерген сайын, соншалықты өзгерістің поэзияға әсері сезіліп отырады. Алайда, поэзияға осы өзгерістердің бояуын бере алатын дарындар бірен-саран. Қазіргі қазақ әдебиетінің көзі тірі классиктерін атап өтсек олар: Т.Әбдікәкімұлы, С.Рахмет, С.Нұржан. Мысалы, бірдей құбылысты үш ақын әр қырынан алып жырлайды. Үшеуі әр түрлі сезінеді. Әр қырынан көреді.

"Ауылым, болушы еді күнде боран...

Өзгеріп кетті қазір мүлде балаң.

Қаздардың қаңқылынан қаймақ жалап,

Түнде сәл Ай сәулесін тыңдап алам."

(Т. Әбдікәкімұлы)

"Сағынышым – жалқы лақ тауда лағып,

Алатаудан аңқыған саумал ағып.

Аққу ұшып барады Алтай жаққа,

Ай сүтіне азырақ аунап алып."

(С. Рахметұлы)

"Талай мәрте ит кісінеп, жылқы ұлып,

Періштемнің берген сыйын, жын тығып;

Апан-түнге адастырып апарды –

Ай-сүйекті тістей қашқан түлкі-бұлт..."

(С. Нұржан)

Т. Әбдікәкімұлы ультра сезімталдықпен сөйлейді, бояулардың біз білмейтін рецептін жасап шығару арқылы, бояулармен тосын түйін жасай білген. С.Нұржан бұрынғы қалыптасқан әдеби қалыпты бұзуы, теңдесіз теңеуі, сезімді өзгеше өрнектей білуі таң-тамаша қылып, өзіндік қолтаңбасын айғақтайды. Ақынның өзіндік рецепт жасап шығуы еркін ойлылықтың нышаны. Әрине, ақынды толық тану мүмкін емес. Бірақ өзіндік қол таңбасымен ой жетпес тереңдікке, қиял жетпес қиян биіктерге бастап, ылғи таңдандырып отырады. Ақындықтың сегіз сырының бірі осында жасырынғандай.

«Ей, Ер Доспамбет ағамыз,

Қоймадыңыз-ау қажауды!» немесе,

«Айнала - қырат төсі кең,

Маңғыстаудың Ыстамболдан несі кем?...

Несі кемдігімнің себебі:

Ер Доспамбет ағаның

Артында қалған баланың

Шықпайтын болсын Есінен!»

Осылайша ауыздығымен алысқан тұлпардай, құлағының түбі терлесе тізгін тарттырмай кететін қазан аттай жау қайдалаған жырлар тудырған. Жорық жырауларынша, жанартаудан атқылаған лава сияқты шумақтары буынға бой бермей кетеді. С.Нұржан – көненің көзі. Ақынның поэзиясында көк түріктің рухымен, Қазақ хандығының арғы-бергі жағындағы жыраулар поэзиясының табы бар. Әрі сезімтал сыршылдық бар. Замана күрсініс бар. Еңбегі қатып еңбектей бастағаннан былдырлап тілі шыға бастағаннан-ақ ауыз әдебиетінің уызына жарығанын, өзінің шығармаларында аңыздардағы идеал бітімді көз алдымызға алып келуі және мінсіз сөйлетуі арқылы дәлелдеп келе жатыр. Математика ғылымының королі Гаусті «тілі санаумен шықты» дейтін тәмсіл сынды, ақынның тілі суреттерді сипаттаудан шыққан сыңайлы.

«Қара шал – қара бура, жарап алып,

Бір кешке он оралып соғады анық.

Шетінен әңгіменің кіріп көріп,

Талайлар шығып жатыр жараланып.

Ортаға қара шалды қамап алып,

Отырмыз бір топ жігіт қораланып» палуанның бұлт-бұлт еткен бөлек-бөлек ойынды етіндей, қазақ қоғамының іштей шиыршық атып тұрған, нақпа-нақ келтірілген суреттемесі. Көркем шындық бар. Боямасыз суреттер. Жалаңаштану жоқ. Қымтану бар.

Ал, шалдың жоқтай оған түк те алаңы.

Сөздері біз тараптан құпталады,

Келгендей көптен күткен құт қонағы,

Біздерге нығыз сөйлеп нықталады.

Қазанда бұлқып піскен сүр иісіне,

Талай көз жұт көрмеген сұқтанады.

Құрдасым – шетте жатқан күп қараның

Талмаусып танауынан шық тамады»

тармақтардағы түйдек-түйдек теңеулерді оқып отырсаңыз, былқылдап босап тұрған сүт тістерді жұлып алғанда оңай қопарылатын, «тамыры үзілген түбіртектің адам жүйкесінен ажырап бара жатқанындай» жаның сергиді. құдіқшылардың балта сүйменіне кейде, қорамы кітаптай құйма көктастардың жігі ілігетіні бар. құдіқшылар ондайда өзіне көңілі бітіп тершіген маңдайын алақынымен сүртетіні бар, осы шумақ құйма көктастай бітеу сурет, оқып отырып жаңың серпіледі. Бұл – ақынның өлеңінің оқырмандарына әсер беруі болса, өлеңнің идеясы - елдік. Ел болудың алғы шарттары айтылады. Ақыл айтпайды, ақыл айтпай-ақ ақылдандырады.

Ақын өз халқының перзенті. Табиғи таланты арқылы болмысты өз лабароториясынан өткізіп түйінді кермектер мен таңдай қақтырар арпалыстар жасай отырып, оқырманын биіктерге шығарып отыратын ақын тақырыптық идея арқылы адам жанын сұлулық және тектілікпен суарады.

Сол мекенге талып жеттің, нар аға!

Сегіз жүз жыл салып жеттің араға,

Сәлем бердің қуысында әр таудың,

Күңіренген - кіл әулие бабағач

Өлең – сенің бар дәулетің - жиғаның,

Өлең –сенің өлерде оқыр Иманың.

Қара Түнде, жел өтінде шам қылып,

Ұстай келдің Иассауидің «диуанын»...

- дейді ақын Темірхан Медетбекке арнаған «Бүгінгінің аңызы» жырында. Өлеңнің құрылысына, ерекшелігіне назар аударсақ, ұйқасы да, ырғағы да толық тиянақты. Шумақтағы ойды түйіндеп, қорытындылайтын нақты тұжырым айтылған. Шумақтың ырғағына, дауыс толқынының өзгеруі ретінде ұйқас та бірден-бір сәйкес келіп отыр. Осының өзінен-ақ ақынның ұйқасқа, оны түрлендіріп, шумақ өрнегін ұстартып, жетілдіре түсудегі аса қажет құрал етіп пайдалануға қаншалық зор мән бергенін аңғарамыз. Бұл жердегі ақынның айтпағы «ақындар – қоғамға ізгілік дәнін себуші әулиелерден бата алған» дегенді білдіре отырып, ақындықтың миссиясын елді елдікке шақырушы руханияттардың сабақтастығы деп жырлайды. Ақын жырларының өн бойында адамгершіліктің жоғары сатысы сақталып, оқырман қауымды әулие тазалыққа, шынайылыққа үндеп тұрады.

С.Нұржан көптеген ән мәтіндерінің авторы. Мәселенки:

Қайда кетіп барасың,

Қызыл-жасыл дәуренім?

Он төртінен толған ай,

Қымыз құйған шарадай,

Қалам қалай қарамай?

Қызғалдақтай қыз дәурен,

Көшермісің бізден де?

Алды-артыңа қарамай...

Дәстүрлі әнші Айгүл Қосанованың орындауындағы С.Нұржанның сөзіне жазылған «Қыз дәурен – ән дәурен» әні. Құрылысына тоқталсақ,7-8 буынды, аралас ұйқаспен жазылған өлең түрі. Қазіргі қазақ сахнасында кеңінен орындалып жүр. Әуезі үйлесімді, көңілге қонымды, құлаққа жағымды қалыбына құйылып түскен ән – әсте өміршең туынды. Сазынан бөлек сөзінің өзі әуендей құбылып, тотыдай түрленіп, тыңдаған сайын құмарыңды қандырады. Асылында, адам психологиясы түстерге тәуелді. Ғұмыр парағы әуелде бұлақтай мөлдір, құрақтай таза өзге түстер араласа қоймаған алғаусыз ақ түстен бастау алмақ. Қызыл түс – адамның энергияға толы, буы бұрқыраған бұла қайратты, жолындағы сәтсіздіктерге елең ете қоймас, жеңіске жету жолында жігері мұқалмас албырт һәм қуатты кезі. Жасыл түс – өсімдік бейнесімен ассоциацияланған, сезімдердің бүр жаратын жастық мезеті... Яки, кемеліне келген қаламгердің қайта оралмас өткеніне, жалындаған жастығына қызыға да қызғана, таусыла да таңырқай, қамыға да қастерлей, емірене де елегізи қайрыла қарап, қол бұлғап тұрған суреті көз алдымызды көлбейді. Қазақ эстрадасына танымал әнші Елена Әбдіхалықованың орындауындағы «Маңғыстау» әні тыңдарман қауымның көңілінен шығып, көптен орындалып келеді. Бұл ән ақынның туған өлкесіне деген ыстық махаббатынен туған жыр іспетті.

Теңіз боп толқыған, шалқыған – Маңғыстау

Айнымас антынан, салтынан – Маңғыстау

Сапырған самал көлін,

Дауылпаз далам менің.

Беу менің киелім,

Сені аңсап шарқ ұрам Маңғыстау,

Сапырған самал көлін,

Дауылпаз далам менің,

Беу менің киелім,

Мен сені сүйемін Маңғыстау.

Әннің мәтінінен адалдық иісі аңқиды. Негізі шығарма авторға тартады. Ал автор даланың төл перзенті. Дала өзіндегі адалдықты, тазалықты қоғамға дарытуы арқылы қоғамды тәрбиелеп отырады. Тал бесіктен тар бесікке дейінгі аралықта адам баласы ән-музыкадан өзін бөліп қарастыра алмайды. «Даланың өзі ән салып жатқандай» дегендегі Григорий Потанин сөзін толықтырар болсақ, «Даланың өзі ән салып қана қоймай, перзенттерін тазалыққа, адалдыққа тәрбиелеп жатқандай» - деуге әбден болады. Бұл пайымдау «Маңғыстау» әнін тыңдаған әрбір тыңдарманның көкейінде тұрары хақ. Ән биік пафосқа құрылғандықтан дауысты дыбыстарға аса мән берілген. Әнде аңыз-әфсаналар аманаттайтын ізгілік нәрі мен эпостық жырлар табы жатыр. Сонымен бірге нәзік лиризм, сағыныш, махаббаттың хрусталь үні әнге сіңісті болған. Автор қоғамнан тыс өмір сүре алмайды. Ал қоғамға «саясаттың саясы» түспейтін мезеті кемде-кем. Әнде өткен күннің саясатыныңда астары бар. Спектрлі толқынның өзі жеті түрлі сәулені бойына сіңірген болса, бұл әнде сонша бояулы сөз сәулесін бойына сіңірген. Бұл автордың қуаттылығы.Тыңдаған сайын тыңдағың келе беретіні содан...

Задында, Светқали Нұржан поэзиясы өміршең, һәм келер ұрпақтың руханиятына өлшеусіз үлес қоспақ. Бүгінгі заман оқырмандарының ыстық ықыласына ие болса, келер ғасыр ұрпақтарының жадында сақталып, жүрек төрінен орын теуіп, өзіне лайықты бағасын аларына сеніміміз кәміл. С.Нұржан әдеби-творчествалық еңбекпен ерте айналысқан. Оған,әрине,тума қабілеті,өмірлік тәжірибе және оқып-тоқып, үлгі тұтқан үш сала өнеге мектебі (қазақтың төл әдебиеті, орыс және евро-азия классикасы) шешуші фактор болды. Аң-құс тілінде жазылған «Қабуснама» кітабында ертедегі ойшылдар қай өнер діл ұлықтығы туралы пәтуаға келгендігі айтылады. Сол пәтуа адамзат қоғамындағы басқа өнерлерден (құбылыс, сурет, жауынгерлік,аспаздық т.б өнер түрлерінен) сөз өнерінің ұлықтығын баяндайды. «Сөз өнері – өнерлердің ұлығы». Бұл – аксиома. Қазақ халқы ежелден дала заңына бас ұрған халық. Әскери демократия үстемдік еткен қазақ даласында «бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деген ұғым 19-шы ғасырға дейін мәнін жоғалтпады. Сөзге тоқтау – адамгершілік этикасының кульминациялық шегі болып табылды». «Таяқ – еттен, сөз – сүйектен» өтеді дейді. Бүгінгі қалыпты қазақ поэзиясы шешендік-билік, жыраулар поэзиясының дәнінен өсіп шыққан ұлы өнер екендігіне тоқталар болсақ, С.Нұржан поэзиясына ат басын тірейміз.

Азаматтық үн бірлігі ақынның даралығына нұқсан келтірмейді. Азаматтық жырлар саяси тақырыпқа да, махаббат, табиғат тақырыбына да жазылатынын көріп жүрміз. Кей-кейде айтылып жүретін азаматтық әуенге тек күн талабына, болмаса, саяси тақырыпқа публицистикалық леппен жазылып жүрген жырларды еншілеп айдар тағып қоятынымызда бар. Азаматтық әуен жөнінде сәл де болса пікір білдіруге талпынғандағы мақсатымыз ол тек поэзия ғана емес, жалпы өнер атаулысының ең бір өміршең, әрі қасиеттісі екенін айтқымыз келгені. Біз ендігі әңгіме етсек деген ақын жырларына да осы тұрғыдан келдік. Әрі азаматтық әуен, әрі леуметтік тереңдік бүгінгі поэзияның да өзекті мәселелерінің бірі. Бұл бояу қазіргі ақындардың жырларында шама-шарқынша өз реңімен көрініп жүр. Солардың бірі – ақын Светқали Нұржан.

Кемеңгер Әбіш Кекілбайұлының өзі «Айт-Ман» айтқыш атандырған С.Нұржан шын мәніндегі сөздің зергері – хас шебері. Ұлы Абайдың мейірі қанған бастау, шығыс шайырларының философиялық бәйіттерін ,ақыл тұнған ойшылдардың сөз түйіндерін, үнемі жаңалық іздеуден жалықпайтын бірбеткей батыстың формалы форматтарын жіті зерттеген ақын өнердің түпқазығы деп қалыптасқан дәстүрлі жырды таниды. Ақын өлеңдерінен өнерге, туған жеріне деген адалдық лебі нәзік тіндермен әсер ете отырып, адамгершіліктің ең ізгі критерийлеріне жетуді үндейді. Қоғамның түлеуіне түрткі болған әдеби бұлқыныс өкілдерінің ізін ала әдеби кеңістікте атойлаған ақыл жырларында нәзіктіктің өзі өрліктей түйіледі. Ақын жырларын оқығанда алдыңнан жықпыл-жықпыл құзар шың, тау қойнауы, тірліктегі психологиялық шиеленістер көз алдыңнан тізбектеліп өте береді. Поэзияның бір ерекшелігі проза жәй суреттеп беретін құбылыстардың ішкі иірімдерінен мотивация таба білуінде, жалпы айтқанда С. Нұржан мотиватор, қазақ өлеңіне асқақ рух, қоңыр қағыс әкеліп, әуезді лирикасы жүректің ең нәзік пернелерін сөйлетіп, дыбыстың айрықша үйлесімін тауып, өлең жолдарын күйше күмбірлеткен дарынды қаламгерлердің бірі.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар