Міржақып Дулатұлы
Қарға тамырлы қазақ үшін, айбарлы алты алаш үшін жанын қиған асыл арыстарымыздың бірі - Міржақып Дулатұлы. Өз еркімен емес, темір шеңгелді жалмауыз жүйенің маңдайға тиген қатты соққысынан қалың ұйқыға кеткен қаймана халықтың есін жинап, еңсесін көтерту үшін шыбын жанын шүберекке түйіп, бозторғайдай шырылдаған, сол күрес жолында қоғам қайраткері болып қана қоймай, қазақ әдебиетінің дамуына өлшеусіз үлес қосып, ұрпағына баға жетпес асыл қазына қалдырып кеткен сегіз қырлы, бір сырлы дарын бұрынғы Торғай облысының Жангелдин ауданындағы Қызбел атырабында 1885 жылы 25 қарашада дүниеге келген. Әкесі Дулат ескіше оқыған, өз дәулеті өзіне жетерлік шаруасы бар, қолы шебер адам болыпты. Көзі ашық, көкірегі ояу әке кіші баласы - Міржақыпты «оқысын, білсін» деп ауыл молдасына оқуға береді. Екі жылдан кейін ол ауылдық мектепте Мұқан Тоқтарбайұлы деген мұғалімнен орысша сабақ алады. Міржақып Дулатов өзі жазған өмірбаянында «1897жылы мен екі сыныптық орыс-қазақ училищесіне түстім, оны бітіргеннен кейін оқытушылар курсында оқып, ауыл мұғалімі деген мамандық алдым. Осымен менің оқу орындарынан білім алуым аяқталды. 1902 жылдан бастап ауылда мұғалімдік қызметімді атқара жүріп, бос уақытымды білімді жетілдіруге жұмсадым», - деп жазады.
Торғай топырағына білімнің ұрығын сеуіп кеткен Ыбырай Алтынсарин мектебі жас ұрпаққа бұл кезде игі ықпалын тигізді. Мұқан мұғалім де, Ахмет Байтұрсынұлы да, ағасы Асқар да Ыбырай Алтынсарин мектебінің түлектері еді. Міржақып өз бетінше ізденіп, орыс тілін жете меңгереді. Орыс жазушылары шығармаларымен танысады. Мұғалім болған 6 жыл ішінде оң мен солын танып, ұлт қамы үшін күресуге дайындалады. Ақындық талантын да осы жылдары таныта бастайды. Осы кезден бастап-ақ Жақаңның бар ғұмыры халқымен тығыз байланысты болды.
Міржақып анасынан екі жасында, әкесінен он екі жасында айырылып, ағасы Асқардың қолында тәрбиеленеді. Асқар әкесі Дулаттың Міржақыптың оқып, білімді азамат болып, өсуін армандаған тілегіне сай, інісінің оқуын әрі жалғап, білім алуына ерекше көңіл бөледі. Ауылда туып, ауылда өскен, ауылда оқып, ауылда қызмет етіп, «ауыл мұғалімі» атанған зерделі жас ауыл тұрғындарының ауыр тұрмысын, теңдігі жоқ аянышты хәлін көріп, түңіле түршігіп, тебірене толқиды.
Бұл кезең патша өкіметінің отаршылдықты қазақ даласында күрт күшейтіп, қалың елге тізесін қатты батырып тұрған шағы болатын. Бұл жағдай сол кездегі қазақтың көзі ашық, оқыған, зиялы азаматтарына қозғау салды. Наразылық туды. Күресудің жолдары қарастырылып жатты. Оның негізгі жолы ретінде оқуға, білім алуға ұмтылыс күшейді. Бірте-бірте халық саяси құбылысқа айналып, ел ішінде отаршыл саясатқа қарсы ұлт-азаттық идеялары туындады. Патшалық Ресей де бірінші буржуазиялық-демократиялық дүмпудің қарсаңында болатын.
Мектеп қабырғасында меңгерген ғылымы пәндерден алған білімін әрі қарай жалғастыру керектігін ойластыратыны. Әсіресе көбірек әуестенетіні - әдебиет. Бос уақытында әдеби кітаптар оқуға тілін жаттықтырып, азды-көпті өлеңдер де шығара бастайды. Көбіне жазатыны - ел өмірінің ахуалы. Ана тілінде шығатын елдің қамын ойлайтын зиялы азаматтар сөзін көп оқиды. Сондайда көбірек көз тоқтататын екі есім бар. Бірі - Әлихан Бөкейхан деген кісі де, екіншісі - бүгінде жұрт аузында жиі айтылатын Ахмет Байтұрсынұлы.
Жас жігіт осындай екі ұлы тұлғаны бір көрсем деген ниетке беріле бастайды. Ақыры 1904 жылы, омбы қайдасың деп, солар тұрған қалаға қарай тартып отырады. Айтқандай-ақ өз дегеніне жетіп, іздегенін табады. Солардың жылы шырайын көріп, тығыз араласады. Әлихан өзінен кішіге «шырақ» деп сөйлейді екен, ал Ахмет ағасы мұны бір көргеннен-ақ, жақын тартып, «інішек» деп атап кетеді.
ХХ ғасырдың басындағы қазақ қоғамының өзекті мәселелерін күн тәртібіне шығарған және қазақ зиялыларының еркін пікір алаңына айналған. «Қазақ» газеті жарық көре бастағаннан бастап оның бас редакторы Ахмет Байтұрсынұлының орынбасары қызметінде Міржақып Дулатұлы болды.
Тарихшы Мәмбет Қойгелдиевтің пікірінше, сол кездері көпшілікке танымал болған «Қазақ» газетін Міржақып Дулатұлының қарымды қаламы, көксемсер сөзі, жалынды публицистикасынсыз елестету мүмкін емес. Ол еңбектерінде тарихшы Міржақып туралы: «Міржақып өте жылдам жазған және өте өткір тақырыпқа жазған. «Қазақ» газеті сондай сапада, сондай биіктіктен көрінуіне, меніңше, бірден-бір Міржақып Дулатұлына қарыздар. Жалпы Міржақып Дулатұлы – қазақ журналистикасын жаңа сапаға көтерген адам»,- деген пікір айтыпты.
Міржақыптың тұңғыш өлеңдер жинағы 1909 жылы Қазан қаласында «Оян, қазақ!» деген атпен басылып шықты. Қазақ оқырмандары арасында бұл кітаптың әсері өте күшті болды. Бұл кітап жас авторға патша әкімдерінің тарапынан қуғын-сүргін ала келді, ол тергеу органдарының бақылауына алынды, артынша «Оян, қазақ!» кәмпескеленді.
Міржақып Қызылжарда сот кеңесінде тілмәштық қызмет атқарып, мұғалімдік қызметін де жалғастырады, қазақ балаларына орыс тілінен сабақ береді. Сол кезде одан біраз уақыт Мағжан да дәріс алады.
1910 жылы Қазандағы Каримовтар баспасынан «Бақытсыз Жамал» романы жарық көреді. Әр жерде шығатын қазақ басылымдарына, әсіресе «Айқап» журналына үзбей жазып тұрады. Ел тұрмысын өз көзімен көріп-білу ниетімен 1911 жылы қазақ ауылдарын аралап, Қызылжардан Семей облысына қарай сапарға шығады. Патша тыңшыларының қатты аңдуына алынған Дулатұлы мұнда полицияның қолына түседі де, бір жарым жыл қамауда отырады. 1912 жылы Орынборға келіп, осындағы аз ғана топ қазақ зиялылары ақыл қосып, ел санасын оята беру мақсатымен, баспасөз қызметін қолға алуды ұйғарды. А.Байтұрсынұлымен бірге қыр өлкесінің ағартушылық-демократиялық бағыттағы тұңғыш бейресми басылым – «Қазақ» газетінің негізін қалайды (1913–1918). Алаш басшыларымен бірге жаңа құрылыс жағына шығып, қалған өмірін түгелдей туған халқының мәдениетін көркейту мақсатына арнауды көздеген ол аз уақыт «Ақ жол» газетінің редакциясында, одан кейін Семей облысының сот органдарында қызмет атқарған. 1922 жылы ешбір себепсіз абақтыға жабылады. Бірақ бұл әділетсіздік ұзаққа созылмай, Семейден Орынборға жөнелтілген бойда қамаудан босатылады. 1922–1926 жж. Орынбордағы Қазақтың халыққа білім беру институтында (КИНО) оқытушы болып істейді. Ұстаздық қызметке қайта оралғаннан кейінгі кезеңде екі бөлімнен тұратын «Есеп құралын» әзірлеп, Ташкент қаласында бастырып шығарады. «Балқия» атты төрт перделі пьеса жазды. 1924 жылы Орынборда екі жылдық «Қирағат кітабы» (хрестоматиялық оқулық), Қызылордада «Есеп құралының» жаңа басылымы жарық көрді. 1928 жылдың аяғында бір топ қазақ оқығандары қатарында тұтқынға алынды. 1930 жылы ОГПУ коллегиясының үкімі бойынша алғашында ату жазасына кесіліп, кейін бұл үкім 10 жыл абақты жазасымен алмастырылды. 1935 жылы қазанның 5-і күні Ақ теңіз – Балтық каналының бойындағы Сосновец стансасында, лагерьдің лазаретінде ауыр науқастан қайтыс болады. Дулатұлының «қылмысты» ісін жан-жақты тексере келіп, Қазақ КСР-нің прокуроры 1988 жылғы қазанның 27-сі күні тиісінше наразылық білдірді де, Республика Жоғарғы Сотының коллегиясы сол жылғы қарашаның төртінде оның ардақты есімін біржола ақтады.
XX ғасырдың бас кезіндегі қазақ мәдениеті мен әдебиетінің ірі өкілі Міржақып шығармалары халқымен қайта қауышты. Оның атында көшелер, мектептер, туған жерінде мұражай бар, ескерткіш орнатылған.
Көп оқылғандар
Өмірзақ Қажымғалиұлы. Сергу
Ләйлі Құндақбайдың «Сәруар сарын» жинағы жарық көрді
Жақсының көзі. Дәнел Әлкейқызы Марғұлан
ЖАС ҚАЛАМГЕРЛЕРГЕ АРНАЛҒАН ЖОБА
Ардақ Нұрғазы. Өркениеттің қыш күбісі
«Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығының жеңімпаздары марапатталды
Франц Кафка. Кезқұйрық
Жадыра Шамұратова. Жеңеше
Жасанды интеллект және әдебиет
Көкбөрі Мүбарак. Ырғақпен сөйлеген ақын
Әбіш Кекілбаевтың «Дәурен кешкен» жыр жинағы жарық көрді
Таулықтың жары (авар ертегісі)
Жақсының көзі. Салтанат Мұстафина. Б.Майлиннің шөбересі
Сауытбек Абдрахманов. Құран және Пушкин
Жексенбай Қайыпұлы. Дүниені бағамдасаң биіктен...
Екеудің Эмиль Чоран жайлы әңгімесі
Қос шынар
«Менің бақытым алған атақтарым мен марапаттарымда емес...»
Гүлжамал Майлина. Аяулы жолдас, адал жар
Ерлан Аманқожаұлы. Ақынның ақырғы күні
Бір күні бәріміз оянармыз
Сен маған керексің
Айбек Оралхан. Менің хан апам...
Жасанды интеллект және әдебиет
Талапбек Тынысбек. Шығыстың қоңыр аюы...
Кубизм көлеңкесі (Ұ.Есдәулет поэзиясы жайлы сөз)
Ләйлі Құндақбайдың «Сәруар сарын» жинағы жарық көрді