Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ҰМЫТПАҢДАР МЕНІ
Көпен Әмірбек жетпіс екі жасында пәниден бақиға оз...

09.11.2022 2079

Көпен Әмірбек жетпіс екі жасында пәниден бақиға озды 14+

Көпен Әмірбек жетпіс екі жасында пәниден бақиға озды - adebiportal.kz

Қазақ руханияты үлкен қазаға душар болды. 2022 жылдың 9 қарашасында көрнекті сатирик жазушы, журналист, қоғам қайраткері Көпен Әмірбек жетпіс екі жасында пәниден бақиға озды. 

Қазақ әлеміне өзінің шығармашылығындағы өткір сатира, тапқыр әзілдерімен және оларды сахнада нәшіне келтіре оқып, тыңдарман, көрермендеріне жеткізе білетін тамаша орындаушылығымен дараланған талант иесі Көпен Әмірбек 1950 жылы 29 наурызда Оңтүстік Қазақстан (қазіргі Түркістан) облысының Отырар ауданындағы Ешкіқора аулында дүниеге келген. Орта мектепті бітіргеннен кейін Отырардағы халық театрында еңбек жолын бастайды. Бұдан соң қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің журналистика факультетіне түседі. Кеңес Одағының батыры Мәлік Ғабдуллин қатарлы үлкен ұстаздардың алдынан білім алады. Университетті 1974-жылы бітіріп шығады. Жоғары оқу орнын бітірген соң екі жыл Владивосток қаласында әскери-партия мектебінде оқиды. Аталған оқуды бітіріп келген соң Алматыға оралып журналистік, шығармашылық ғұмырын бастайды.

Көпен Әмірбек – қаламы қарымды журналист. Бұқаралық ақпарат саласындағы қажырлы да өнімді еңбегі үшін екі рет ҚР Президенті сыйлығына ие болды. Өзінің айтуынша, университет қабырғасында жүргенде әртіс болып та ойнаған екен. Оқу бітірген соң біржола өз мамандығы журналистикаға ден қойған ол мерзімді басылымдарда сатиралық жанрдың көбірек көрініс тауып, шоқтығы биік болуына өз үлесін қосты. Республикалық саяси-сатиралық Саяси сатиралық «Ара-Шмель» журналында әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, бас редактор болып, аталған басылымның беделі артуына үлкен еңбек сіңірумен қатар, кейінгі жылдары тоқтап қалған қиын-қыстау кезеңнен алып өтуге атсалысты. Өткен ғасырдың жетпісінші-сексенінші жылдары аса танымал болған ғылыми-техникалық «Білім және еңбек» (кейіннен «Зерде») журналында жауапты хатшы, ҚР Жазушылар одағының органы «Қазақ әдебиеті» газетінде сатира және юмор бөлімінің меңгерушісі, республикалық «Егемен Қазақстан» газетінде фельетон бөлімінің меңгерушісі болды. Сондай-ақ ҚР Бас Прокуратурасы мен Жоғарғы Сотында ұзақ жыл баспасөз хатшысы, Қазақ радиосында бас редактор болып қызмет істеді.

Көпен Әмірбек – сатирик жазушы. Қаламгердің әр жылдары жарық көрген «Алып», «Аты жоқ кітап», «Тілім қышып барады», «Мың бір мысалы», «Ауызбастырық», «Қысыр әңгіме», «Өзіңді танисың ба?», «Сайдағы қойшыдан сарайдағы патшаға дейін», «Неменеге жетісіп күлесің?» қатарлы әзіл-сықақ, пародиялар енген туындылары – қалың оқырмандарының сүйіп оқитын кітаптары.

Көпен Әмірбек шығармашылығының бір саласы – аударма. Ол орыс әдебиетіндегі сатиралық жанрдың шеберлері И.Крылов, С.Михалков, С.Маршак туындыларын қазақ тіліне аударып ұсынды. 

Көпен Әмірбектің әдебиет пен өнерге қосқан шығармашылық еңбегі жоғары бағаланып «Парасат» орденімен марапатталды. Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері атанды. 

Сан қырлы талант иесі Көпен Әмірбек шығармашылығының үлкен бір саласы – тележурналистика ретінде ұлттық тілдегі телебағдарламаларды дамыту болды. Ол кезінде қазақ теледидарының көрермендері жылы қабылдап, қызыға тамашалаған «Қымызхана», «Тамаша» ойын-сауық бағдарламаларының белсенді авторларының бірі ретінде танылды. «Көпен келе жатыр!» атты сатиралық театр құрып, халық көпшілікті шынайы әзіл-күлкіге кенелткенін аға буын көрермендер әлі ұмытқан жоқ. Сондай-ақ әр кезеңдерде өзге де телебағдарламаларды жүргізуге белсене қатысты.

Көпен Әмірбектің шығармашылық таланты тек Қазақстанда ғана емес, кешегі Кеңес Одағы ауқымында кеңінен танымал болды. 1978 жылы Мәскеуде, 1980 жылы Ташкентте өткен Бүкілодақтық жас сатириктер байқауына табысты қатысып лауреат атанған. Бүкілодақтық «Правда» баспасынан орыс тілінде жарық көрген «Надейся и жди», «Крохотные звезды» атты ұжымдық жинақта әзіл-сықақтары жарияланған.

Қазақтың қабырғалы қаламгері, әзіл-сықақтың сардары Көпен Әмірбектің шығармашылық ғұмыры қалың елімен бірге мәңгі жасай берері сөзсіз.

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар