Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
«Көсеге» сөзі қандай мағынаны білдіреді?!...

17.08.2016 8315

«Көсеге» сөзі қандай мағынаны білдіреді?!

«Көсеге» сөзі қандай мағынаны білдіреді?! - adebiportal.kz


photo.jpg

Тіл адамдар арасындағы қатынас құралы ғана емес, ғасырдан-ғасырға, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан, оңайлықпен өзгермейтін өзгеше ұлттық белгі. Бір халықтың тілінде сол ұлттың салт-санасы, әдет-ғұрпы, мәдениеті сынды көп түрлі ұлттық қасиеті көрініп тұратындығын тіл ғалымдары әлдеқашан дәлелдеген шындық. Екінші сөзбен айтсақ, бір халықтың тілін зерделеп зерттесең сол ұлттың салт-санасын, наным-сенімін сол ұлттың тілінен тауып алуға болады.


Ана тілімізде халқымыздың тыныс-тіршілігі, болмыс-бітімі, дүние танымы жатқандығын және де осы қасиеті тілде сақталатындығын білгенімде, ана тіліміздің қадыр-қымбатының қаншама жоғары екендігін ескерусіз қалдырып, қордалы тіл байлығымызды дұрыс қорғай алмай, кейде орынсыз қолданып, орынсыз жазып жіберетін жайларымыз жоқ емес екенін аңғардым.


Шынымды айтсам, өз басымды сөз қадырын білетін, сөз мәдениетін түсінетін, қалам ұстап жүрген қатардағы қаламгердің біреуімін деп санайтынмын. Жуықта әлдебір материялдан «көсеге» деген сөзге көзім түсе қалды. Тілімізде «көсегең көгерді ме? » деген тұрақты сөз тіркесі бар. Бұл сөзді жұрттың қалай түсінетіндігін білмеймін, өз басым, «бақ-қуатты болдың ба?», «істерің ілгері ме?», «түтінің түзу ұшты ма?» сөздерімен мағыналас деп түсініп келгем. Алайда, «көсегең көгерді ме?» сөзінің мағынасы мен ойлағаннан мүлде басқаша болып шықты.


Бұл фрозогиялық тіркесті қазіргілердің түсінбейтін де жөні бар. Өйткені ескіден келе жатқан салтымыздан туған. Қазіргі кезде бұл салтымыз тұрмысымызда сақталмағандықтан, тек тілімізде тұрақты тіркес ғана болып сақталып қалды. Сол себепті оқырман қауым да мен сияқты орынсыз қолданбай, орнын тауып алсын деген мақсатпен осы сөзді түсіндіре кеткім келді.


Қосаға – қыз бөлмесі (қызды он екі Жастан бастап оң босағадан орын беріп, төсек-орнын көлегейлеп шымылдық іледі. Міне осыны «қосаға» деп айтады) . Ал қосағаны орап бүркемелеп тұратын пердені «көсеге» дейді. Ендеше, көсеге сөзі «қызыңыз бөйжетті ме», «бойжетті ме?» деген мағынада жұмсалады.


Халқымыз сөйлеу мәдениетіне бай халық. Кейде сөзді тіке айтпай астарлап сөйлеу, керісін сөйлеу, тергеп (жұмбақтап) сөйлеу тәсілдері арқылы сөздерін образды әрі айшықты қолданады. Мәселен, әйел босанғанда «балаңыз ұл ма, қыз ба?» деп тіке сұрамайды. «Қойшы ма», «жылқышы ма?» деп тергеп сөйлейді. Ал біздің айтып отырған «көсеге» сөзі де тергеме сөз. Халқымызда ежелден жалғасып келе жатқан бел құда, бесік құда, қарсы құда, т.б жоралғылары болады. Дәм татып танысқан немесе ел аралап жолаушылаған сапарында «аяғын көріп асын іш, шешесін көріп қызын ал» дегендей инабатты, теңі боларлық отбасына жолыққанда құйрық-бауыр асасып құда болғысы келсе, жұмбақтап (тергеп) «көсегеңіз көгерді ме? » деп сұрайды.


Міне осындай астарлап образдап сөйлеу халқымыздың сөйлеу мәдениетіндегі басты ерекшелігі. Ендеше, атадан қалған асыл тілдің иесі, ұрпағы болған біз бабамыздың әр сөзінің астарына үңіліп, зерделеп, зерттеп түсініп барып қолданайық.


Хасен Әубәкір, жазушы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар