Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЭССЕ
Көз жасын өлеңмен сүрткен ақын ...

08.10.2017 6965

Көз жасын өлеңмен сүрткен ақын

Көз жасын өлеңмен сүрткен ақын   - adebiportal.kz

Тағдырын поэзияға айналдырған Марина Цветаева орыстың ғана ақыны ма? Жоқ, келісе алмаймын. Бәлкім, оны орыстар «ұлтық шеңберден» шығарғысы келмейтін шығар? Егер ертең Құдай көмектесіп, Мұхтар Мағауин не Төлен Әбдік ғайыптап Нобель сыйлығын алса, олар қазақтың ғана емес, әлемнің жазушысы болады. Рас, Цветаева Нобельді алған жоқ, ол тіпті көзі тірісінде Ресейге де сыйған жоқ, тіпті орыс қоғамы оны керек еткен де жоқ.

Әрбір аса талантты, білімді ақын-жазушы ұлттық шеңберден шығып, адамзаттық ой айтады. Демек, ол – бір ұлттың емес, адамзаттың ақын-жазушысы.

Әлемге әйгілі қаншама ақын әйелдің (егер, әрине, осылай бөлуге болса...) өлеңін оқыдым. Бірақ мені ешқайсысы Марина Цветаева секілді таңғалдыра алмады. Оның өлеңдеріндегі еркіндік бетімді ерке самалдай өпсе, өлеңдеріндегі шындық жанымды ауыртады. Оның жаны еркіндік, шындық деген элементтерден тұратын шығар, бәлкім?!

Мәскеуде тұрып, әдебиетке қатысы бар жастармен араласып жатқалы бір нәрсені байқадым: олардың көпшілігі Маринаны Анна Ахматованың алдына шығарады. Екеуі екі бөлек ақын, екеуі де талант, жалпы оларды салыстыруға бола ма? Біз бұрыс десек те, бәрібір бір дәуірде өмір сүрген, әдебиеттен ойып тұрып орын алған екі ақынды салыстыру жалғаса беретіні анық. Әркім өзіне ұнайтын, өзінің талғамына сәйкес келетін ақынды оқиды десек те, өз пікірі бар, әдебиетте аты бар орыс әдебиетшілерінің өзі Маринаны «алдыңғы планға» шығарып, әңгіме айтатынын байқадым.

Өзі өлеңінде айтқандай, шынында да, ол шындықты, ақиқатты көбімізден артық білген шығар?! Оның өмірі шым-шытырық тағдырдың картинасы... Кейде ойлаймын: соншалықты ауыр тағдыры болмаса, ол Марина Цветаева болар ма еді, соншалықты ерекше болмаса, өмірі соншалықты ауыр болмас па еді, шындықты білмесе, көп қиналмас па еді, азап шекпес еді...

Я знаю правду! Все прежние правды-прочь!
Не надо людям с людьми на земле бороться.
Смотрите: вечер, смотрите: уж скоро ночь.
О чем — поэты, любовники, полководцы?

Уж ветер стелется, уже земля в росе,
Уж скоро звездная в небе застынет вьюга,
И под землею скоро уснем мы все,
Кто на земле не давали уснуть друг другу.

Түптің түбінде бәріміз Құдайға ораламыз, бұл өмірде ештеңе мәңгілік емес. Айталық, дәл бүгінгі уақытты 120 жылға алға жылжытыңызшы. Дәл бүгін дүние есігін ашып жатқан сәбиден бастап, ешқайсымыз бұл өмірде болмаймыз. Неге онда бір-бірімізді күндейміз, қызғанамыз, өлтіреміз? Біз де, біз жек көретін адам да мәңгілік емес қой. Кейде әрқайсымыздың өз өмір сүру ережеміз болса да, өзгелердің «ойын ережесімен» ойнауға мәжбүрміз. Уақыт, қоғам бізді соған мәжбүрлейді. Әлемде «соғыс ойынынан» да адреналин алатын адамдар бар, олар іші пысқан кезде, өзінде бар атақ пен даңқ аздық еткенде «соғыс ойынын» ойнайды. Марина отбасын тастап, кетіп қалады, арада біраз уақыт өткесін күйеуімен қайтып қосылады. Жұбайлар бір-біріне ренішін ұмытып, отбасын сақтауға тырысып жатқанда Сергей Эфрон соғысқа кетеді. Күзде, суық үйде жаурап отырған аш ақынның қаламынан осы өлең туады.

Ақын шығармашылығында өлім пессимистік сарынмен емес, өмірдің ерекше құбылысы, болуға тиіс құбылысы ретінде жырланады. Ол өз мұңын мысқылға айналдырып, кейде мұңнан сурет салады. Ақынның өмір туралы да, өлім туралы да өз философиясы бар. Ақын танымында өлім емес, қаталдық пен зұлымдыққа толы өмір қорқынышты.

Знаю, умру на заре! На которой из двух,

Вместе с которой из двух - не решить по заказу!

Ах, если б можно, чтоб дважды мой факел потух!

Чтоб на вечерней заре и на утренней сразу!

Пляшущим шагом прошла по земле! - Неба дочь!

С полным передником роз!- Ни ростка не наруша!

Знаю, умру на заре!- Ястребиную ночь

Бог не пошлет по мою лебединую душу!

Нежной рукой отведя нецелованный крест,

В щедрое небо рванусь за последним приветом.

Прорезь зари - и ответной улыбки прорез...

- Я и в предсмертной икоте останусь поэтом!

Тағдырдың сынағын айтпағанда, жоқшылықты айтпағанда, ақын боп қана өмір сүру, ақынға тән сезіммен өмір сүру шын ақынға оңай ма? Жан тыныштығын таппай, Құдаймен ымыраға келе алмай аласұрған ақынның жан дүниесін түсіне аламыз ба? Андерсен «Ертегілеріме өмірімнің құнын төледім» деп жазады ғой. Жазу үшін, жақсы жазу үшін Цветаева да өз өмірімен «есептесіп», құн төлеген жоқ па? Ол тағдырдың сынағын айтпағанда, адамдардың қолымен жасалған «сынақтан» аз «сүрінген» жоқ. Ол – көз жасын өлеңмен сүрткен ақын.

***

Марина Цветаева – орыс әдебиетінің күміс ғасырының ақыны. 1960 жылға дейін оның есімі әдеби ортада аталған жоқ. Себебі, ол «халық жауының әйелі», «халық жауының анасы» еді. Өзіне өзі қол жұмсаған ақын көзі тірісінде өз деңгейінде дәріптелді ме? Жоқ!

Марина Цветаева 1892 жылдың 8 қазанында (құжат бойынша 26 қыркүйек) Мәскеуде, зиялы отбасында дүние келді. Зерек, алғыр, дарынды қыз алты жасынан бастап үш тілде: орыс, неміс, француз тілінде өлеңдер жаза бастайды. Ол кезде орыс қоғамында француз тілінде сөйлеу әлі «сәнде» болатын. Анасы Маринаның жан-жақты болуына қатты көңіл бөлді, ол шет тілдерде еркін сөйлеп қана қойған жоқ, музыкамен де айналысты.

Тағдыры қиын ақын балалық шағында ата-анасының сүйіспеншілігіне бөленіп өссе де, сол сәулелі өміріне «көлеңке» түскен кез де жоқ емес. Марина он жасында құрт ауруына шалдықты. Қыздарының денсаулығына алаңдаған отбасы Еуропаға, теңіз жағасына қоныс аударды. Табиғатынан зерек қыз емделіп жүріп, өзі білетін шет тілдерін әрі қарай дамытты.

Марина туралы естеліктерде оның жасөспірім кезінен көркем әдебиетті орыс тілінде және шет тілдерде көп оқығаны, жүйелі оқығаны жазылады.

Оның алғашқы кітабы 18 жасында жарық көрді. Әдеби ортаны «Бұл қандай ерекше ақын!» деп өзіне жалт қаратты. Ерекше ақынның поэзиясындағы музыка, тереңдік орыстың белгілі ақындарын таңғалдырды. Ол өз шығармашылығында поэзия мен музыканың үндестігін емес, поэзияның, шын мәнінде, музыка екенін дәлелдеді. Оның өлеңдерін оқып отырсаң, құлағыңа әртүрлі жанрдағы музыка естіледі. Маринаның бала кезде музыкамен шұғылданғаны, музыкалық училищеде оқығаны оның шығармашылығына үлкен әсерін тигізді. Ол – музыка әлемінде төңкеріс жасамаса да, поэзияда «музыкалық құбылыс» тудырды.

Шынайы жазған, не жазса да сендіріп жазған, сезіммен, эмоциямен жазған, сондай-ақ суық ақылмен жазған оның болмысы қарама-қайшылыққа толы. Марина Цветаева туралы, оның өмірі, болмысы, шығармашылығы туралы қаншама кітап жазылды ғой, біразын парақтадық. Бірақ оның шынайы болмысын, табиғатын өлеңдерінде өзі жырлағандай ешбір автор жаза алмады және ешқашан жаза алмайды. Себебі, ақынның өлеңі – оның болмысы, мінезі, табиғаты. Шығармашылық портретін дәл өзі өлеңінде «сызғандай» бірде-бір автор дәл сол күйінше суреттей алған жоқ. Тіпті оның өлеңдерін өзге тілге дәл Цветаеваның табиғатын танытып, аудара алған жоқ. Себебі, ол – қалыпқа сыймайтын ақын. Оның болмысы қарама-қайшылыққа толы, оның болмысын танып, түсініп болмайсың... Оны әр оқыған сайын жаңа қырынан ашылады, көз алдыңа басқа, мүлдем басқа Цветаева келеді... Мойындаймын, Марина Цветаеваның болмысын мен де аша алмаймын, біздікі ақынды тануға деген талпыныс қана. Ауырып жатқан күйеуінің бауырын аяп, ауруханаға жиі барып, егіліп, жылаған, анасының да сол аурумен көз жұмғанын есіне алып, оны бар мейіріммен аялаған Цветаеваны көз алдыңызға елестетіңізші. (Мейлі, кейбір замандастары күйеуінің бауырына ғашық болған десе де, онда үлкен мейірім бар ғой)

Сосын замандастары жазған «кіші қызы Иринаны жақсы көрген жоқ, бұл туралы өзі айтатын» деген сөзді есіңізге түсіріңізші. Тіпті кейбір замандастары «Марина кіші қызы Иринаның психикалық ауытқуынан шаршап, жүйкесі ауырып, қол да көтеретін»...

Ирина аштықтан өлгенде Марина жоқтап жылады ма? Замандастары «кіші қызы өлгенде ақын қайғыра қойған жоқ» дейді. Өтірік-шынын кім білсін?..

Ақынның өлеңдеріндегі мейірімділік жүрегіңді жылытса, қаталдық жаныңды жауратады... Бәрібір түйсігіңмен ақын болмысындағы мейірімділік пен жылылықты, қатігездік пен қаталдықты сезесің...

Мәскеуде тұрып жатқалы байқағаным: әдеби орта Марина Цветаеваның София Парнокпен «ерекше қарым-қатынасы» туралы әңгіме айтқанды ұнатпайды. Ерекше ақынның «ерекше қарым-қатынасына» көз жұмып қарағысы келеді. Әлде қаншама жыл шеттетіліп, қоғамнан өз орнын ала алмай, өз өміріне «үкім» оқыған ақынның «рухани қылмысына» (әрине, осылай айтуға болса) кешіріммен қарағысы келеді.

Цветаева туралы кітаптардың қайсысын алсаң да, Цветаеваның күйеуімен, басқа да ер адамдармен қарым-қатынасын ашық жазып отырып, ақынды ақтап алады. Шындығында, ақынның шығармашылығы, ауыр тағдыры өзі туралы ешкімге «ауыр үкім оқытпайды».

Күйеуі Маринаның есерлігін білсе де, еркелігін көтерді. Әрине, жұрттың алып-қашпа әңгімесін, « ол сенің ұлың емес» деген мысқыл сөз бен табалауды аз естіген жоқ. Бірақ ол Маринаны тастап кете алмады... Ынжық па, әлде өзіндік ұстанымы жоқ па? Бәлкім, ол өзін Маринаның сүймегеніне мойынсұнған шығар? Әлде балаларының болашағын ойлады ма? Ол Маринаның тым нәзік жүрегін аяды! Жүрегінің түкпіріндегі тазалықты жақсы көрді. Отбасын тастап кетсе, Маринаның сынып, біржола өзін жоғалтып алатынынан қорықты. Сонда Сергей Эфрон өзін кешіре алатын ба еді? Жоқ, әрине! Сондықтан да, ол Маринаның барлық қателігін кешіре білді, кешіре берді.

Марина өзін жек көріп, өзінен жиіркеніп, өзін кешіре алмай, жыламады дейсіз бе? Жылады. Сосын тағы да көз жасын өлеңмен сүртті. Күйеуін аяп, одан кешірім сұрамады дейсіз бе? Кешірім сұрады. Сосын тағы да қателесті... «Шайтанның тұтқынына түстім бе?» деп айқай салды... Оңашада...

Ол Құдай мен өзінің арасынан гармония іздеп, шарқ ұрды. Жоқ, біреулер айтатындай, ол Құдайсыз болған жоқ. Рас, ол да Бодлер секілді «Өлеңді Құлағыма Ібіліс сыбырламай ма?» деп қатты қорықты.

Все у Боженьки — сердце! Для Бога
Ни любви, ни даров, ни хвалы…
Ах, золотая дорога!
По бокам молодые стволы!

Что мне трепет архангельских крылий?
Мой утраченный рай в уголке,
Где вереницею плыли
Золотые плоты по Оке.

Пусть крыжовник незрелый, несладкий, —
Без конца шелухи под кустом!
Крупные буквы в тетрадке,
Поцелуи без счета потом.

Ни в молитве, ни в песне, ни в гимне
Я забвенья найти не могу!
Раннее детство верни мне
И березки на тихом лугу

Ол өмірде де, өлеңде өзінің шынайы болмысын жасырған жоқ. «Билікке жақпай қалам-ау, мына бір ақынға не жазушыға, әдебиетшіге, сыншыға жақпай қалам-ау» деген Марина да ой болған. Ол ешкімнен емес, өзінен, анығы қарама-қайшылықтағы өз болмысынан қорықты. Өзімен өзі алысып жүріп, қаншама дұшпан тапқанын, әдебиеттегі өз жолын өзі жапқанын кейін білді. Бәрі кеш еді. Бірақ ол басқаша өмір де сүре алмас еді...

Маринаның тағдыры арқылы ешбір билік, ешбір әдебиеттегі шенеунік әдебиет тарихынан талантты сызып тастай алмайтынын түсінеміз... Рас, уақыт қана әділ сыншы.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар