Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
УАҚЫТ ПЕН КЕҢІСТІК
Кубизм көлеңкесі (Ұ.Есдәулет поэзиясы жайлы сөз)...

11.11.2024 1221

Кубизм көлеңкесі (Ұ.Есдәулет поэзиясы жайлы сөз) 12+

Кубизм көлеңкесі (Ұ.Есдәулет поэзиясы жайлы сөз) - adebiportal.kz

Кубизм ағымы – әуел баста сурет өнерінде дамып, түрлі кезеңдерде толығып отырды. XX ғасырдың басындағы мәдени-саяси дүмпумен бірге келген бұл бағыт өнердің жаңа қырын ашты. Модерндік сипаттағы кескіндер абстракциялық фигуралармен әспеттеліп, қоғамның назарына ұсынылғанын білеміз.

«Кубизм шығармаларында тіршіліктегі табиғи болмыс жоғалып, екінші өмір келбеті, тасадағы табиғат бейнеленеді. Осы ағымдағы суретшілердің түсінігі бойынша табиғи көріністерді сол қалпында көшірмей, өмір заңдылығына емес, өз көзқарасынан туындаған жаңа өнер заңына бағынатын бейнелеуді тудыруға тиісті» деген анықтама берілген.

Мінекей, осы бағыттағы дискурсымыз бүгін оқырманға жол тартпақ. «Кубизм» – тек қана мағынасыз сызықтар ма, «төртбұрыш» – төртбұрышты танымның қалыптасуына ықпал етті ме, мұның астарында қандай идеялар жасырынған, сурет пен поэзия өнерінде қандай үйлесім болуы мүмкін, осы және басқа да сұрақтарға Ұ.Есдәулет поэзиясын арқау ете отырып, қадари халіміз жеткенше жауап бермекпіз.

***

Жалпы, кубизм мен әдебиеттің байланысы туралы Н.С. Иванованың «Франциядағы әдеби кубизм» мақаласында жан-жақты қамтылған. XX ғасырдың басында пайда болған бұл ағым – әуелі сурет өнерінде, кейін поэзия және проза жанрына сіңді. Классикалық канондардан бас тартқан өнер иелері бұдан былай мәтінде көркем образ бен детальдарды, кеңістік пен уақытты геометриялық, графиктік таныммен қарауға ұмтылды. 

П.Пикассо, П.Реверди, М.Жакоб, А.Сальмон, А.Модильяни секілді суретшілердің туындылары француз әлемінің рухани элитасын тамсандырды. Бір-бірін толықтырып отыратын өнер салалары қатар дамып, инерциялық тұрғыда әсер етті. 

Осы бағытта 1907 жылы А.Бергсонның «Шығармашылық эволюция» атты философиялық трактаты, кейін 1910-1914 жылдары А.Пуанкаре және Э.Жуффренің еңбектері жарияланып, қоғамның қызу талқысына түсіп жатты. Ал поэзияда француз ақыны әрі жазушысы Г.Аполлинер бұл ағымның әдебиет айдынында концептуалды негіздемесінің құрылуына ықпал етті. Ол көркем мәтінге жаңа ырғақ, нарративтің көпбағытты тарауларын қолданып, уақыт пен кеңістіктің шексіздігін енгізуге тырысты. Осылайша, олар уақыт та, кеңістік те – біз ойлаған тенденциялардың «қабы» емес, одан да биік, одан да терең объект екенін сездіруге тырысты.

***

Сызық – белгілі бір екі объектінің бер жағы мен ар жағын бөліп, олардың жеке дара қасиеттерін айғақтап тұратын графикалық материал. Күн – қыр мен аспан әлемін бөлуші, арғы әлемдік құбылыс секілді. Бәлкім, Күн болмаса, көкжиек көрінбей, аспан мен жердің негізгі бейнесі мен орнын ажырата алмай қалар ма едік? Ұ.Есдәулет мұны былайша суреттеген:

Батысқа, балам, қызықпа,

батқан күн – біздің күніміз.

көкжиек деген сызыққа,

Сіңгенше ғана тіріміз.

Көкжиек сызығы – бір жағынан уақыт «тырнағы» сызғылап өткен өкініш айнасы болса, екіншіден өлім мен өмірдің метафорасы. Ақын Зайсан өңірінде туып-өскендіктен, сол мекеннің ауасын, аспанын, топырағын және т.с.с. барлық сакральді құндылықтарын бойына сіңірді. Осылайша, тірі кеңістікпен «тілдесті». Ұ.Есдәулеттің поэтикалық ойлау қабілеті, өлең жазу сәті және «сызық» бейнесінің туу тарихы туралы Ә.Кекілбайұлы былай деп ой қозғайды: «Манағы бұралаң жолдармен Зайсанға қарай қайта бет түзедік. Қалаға жақындағанда жазыққа түскен  манағы  арбаны қуып  жеттік.  Шөп үстінде  шалжиып  жатқан жігіт  басын  көтеріпті. Шынтақтап жатыр. Тісі ақсиып біз жаққа қарап күлімсірегендей болды. Талдырмаш жігіт. Аққұба болса керек. Күн жегендіктен бе – маңдай тұсы қызартып, алаулап көрінді. Апырай, ә... Күнге тотыққан Ұлықбек Есдәулетке ұқсайды. Талдырмаштығы да, ақсия күлгені де... Тіпті, оның тап осындай өлеңі де бар екен».

Кубизмді қалыптастырушы элементтерінің бірі – жақтары. Алты «жақ» қосылып, куб болады. Бұл – дәстүрлі формат. Егер сол жақтың біреуі басқаларға ұқсамай, қысқа немесе ұзын болса, қалған жақтар да бастапқы формасын өзгертеді. Ендеше, поэзиялық мәтіннің бір деталін өзгертсек, тұтас пішіні мен идеясы өзгереді. 

Куб – қалыпты, шартты әлемнің, кеңістіктің символы, кубизм – қалыпты әлемнен шығу. 

Ұ.Есдәулеттің «Бұрышқа тұр» өлеңінде біз айтып отырған кубизм градациясы қоғамдық (ұжымдық) синдромдармен үйлестірілген. Бір баланың ішкі күйзелісі ұлттың һәм бүкілғаламдық масштабты проблемаларға жол ашады. Бала бұрышқа тұрғысы келмейді, бірақ әкесі доминант ретінде өзінің үстемдігін байқатып, болмашы қателігі үшін «бұрышқа тұр» деп бұйырады. Бұл өлеңде біріншіден, әке мен бала арасындағы конфликт суреттелсе, екіншіден заманауи құндылықтардан ада ескі дәстүрлердің әлі де бой көрсетуі психологиялық шеберлікпен әспеттелген. 

Әр бөлмеде – төрт бұрыш, орайы кеп,

Тұрып шыққан тентек бұл тарай рет.

Әкесі бұл әрекеті арқылы баласының физикалық мүмкіндігін ғана емес, ой-қиялының шегін де төртбұрышты (куб) қалыпқа салып отыр. Бала сол кезден бастап биік ойлай алмайды, белгілі бір «шеңберден» шығайын десе, бірден шыға алмайды. Бастапқы нарративтері прагматикалық тұрғыда емес, пессимистік күйде өлшенеді. 

«Төрт бұрышты» қалыпқа сыйдырып қою – бір әкенің ғана емес, мыңдаған «әкелердің» дәстүрлі психологиясын анық көрсетеді. Проблеманы шешу – жұмсақ ұрсудан басталып, көгергенше ұрып-соғуға дейін жалғасады. Субъект айтқан нәрсені субъект істемей, орындамай қойды. Не үшін істемей қойды? Неге орындалған жоқ? Әкенің жалқаулығы ұстағаны үшін не үшін бала жауап беру керек? Жалпы, құқық нормаларына сәйкес отбасылық институттарда мұндай мәселелер үнемі көтеріліп келді. Баланың хақы мен бостандығы ешқашан да ескерілген емес. Ескерілсе де, ол толық шешілмейді. Өйткені бала әке-шешесінен қанша алшақтағысы келгенмен, ара-қатынасты мәңгіге үзе алмайды. Есейе келе ғана мұның ақ-қарасын ажыратып, сол өткен кезеңге анализ жасайды да, барлығын «суық ақылмен» бағдарлайды.

Ұ.Есдәулет поэзиясының бір ерекшелігі – осындай күрделі мәселелерді жарыққа шығарып, құндылықтарға жаңаша түрде баға беруінде.

***

Ақын шығармашылығында сызық пен төртбұрышты фигуралар басқа да метафизикалық кеңістікке символдық мәнде енген. Алыстан қарағанда сызықтар мен шимайлар анық көрінбейтін, бірақ жақындаған сайын түрлі атрибуттары анық көріне бастайтын, детальдар архитектурасы қанық бола түсетін картина секілді, өлең құрылымы да бірінші оқығаннан бірден жұмбағын «аша» қоймайды. 

Көре білсең бұл кілемде,

Жүрегімнің түгі бар. («Антижарнама. Қалы кілем»)

немесе

Найзағаймен тілгіленген тастарың,

Жұлдыздармен шегеленген аспаның... («Иманнұр» топтамасы)

Кілем – төртбұрышты зат, егер оны белгілі бір кеңістікке жайып, оған орташа кеңістікпен қарасақ, сызық болады. Бұл «сызық» – ақыл мен жүректің арасын жалғап тұрған жіп тәрізді. Осылайша, көрінбейтін ақпараттар тылсым толқындар арқылы да тасымалданады, көшеді. Сол кілемде (табиғатта, аспанда) ақынның да ойы мен сағынышы, арманы бар. Сол арман «түк» деталінде берілген. 

Автор көне дәуірлерге ойша сапар шегіп, сол ғасырлардың «иісін» иіскеп, атмосферасын сезінуді құптайды. Сондай ескі фигуралардың бірі ретінде «құмыра» пішінін айтуға болады. 

Сайрандар мен ойрандардан сау жеткен,

Құмыраның кейпіндегі құбылыс.

Құмыра – жеке тұрғанда анағұрлым зияны немесе пайдасы тиетін зат емес. Егер күнделікті тіршілікте қолдануын ескерсек, әрине, пайдасы көп. Дегенмен, мұндағы мәселе құмыраның сыртқы формасы емес, ішкі кеңістігі маңызды болып тұр. Іші толы су болса – ұрпақтың рухани дамуы да, бос болса – құлдырауы іспетті. Біздің бүкіл ғұмырымыз осы бос кеңістікті қалай толтырудың амалын іздеумен өтуде. 

Жолдарың жондарыңды шимайлаған,

Мүлгіген мимырт мінез, мидай ғалам. («Қараой. Махамбет»)

немесе

Мен – кемемін, қаңсып қалған жапанда. («Арал. Кертолғау»)

Екі өлеңде де ұлттың шемен-шері, ұйқысыз түндері мен күлкісіз күндері сипатталады. Бір қызығы, екі өлеңнің тақырыбы басқа болса да, логикалық желісі үзілмей, тұтас мағынаны түзген. «Мидай ғалам» деталі мен «жапан» дала деталі бейнеаралық конструкцияны қалыптастырады. Яғни, бірінші өлең мен екінші өлеңнің кеңістігі бірдей, бір деңгейде «тіл қатып» тұр. Ал «кеме» ұғымы кубизмнің материалдық құбылысынан гөрі, философиялық танымына жақынырақ.

Уақыт – жаңаны ескіртіп, тізеліні бүктіртіп, арындыны басады. Уақыттың алдында ешкім де биік емес. Сол секілді «кеме де» қаңсып, шіріп, керексіз дәрежеде қалған. Кеме – өзімен тағдырлас көлдің трагедиясын айшықтаушы, шындықтың пердесін ашушы зат. Әманда, егер кеме суреттелмесе, көлдің мәселесі қаншалықты тереңге кеткенін білуіміз һәм сезінуіміз неғайбыл...

Автор поэзиясында тағы бір елеулі элемент «Нұрғисаның аққулары» өлеңінде көрінеді. Онда мына бір өлең жолдары тақырыбымыздың тұздығы болары сөзсіз:

Самғаған жер жүзінде бүкіл аққу,

Домбыра шанағына ұя салған.

Әсілі, нәзіктік пен тазалық қандай да бір категориялармен өлшенсе, аққудың бейнесімен өлшенетін секілді болып көрінеді. «Аққудың көз жасындай көлге тамған» (Н.Айтұлы) сезімдерді, сағыныш пен ішкі бұлқынысты танытуда аққу құсқа тең келер құбылыс табылса, кәні?.. Автордың қолында дүниенің кілті тұр. Ол дүниелік бейнелерді қалағанынша өзгертеді. Макродетальдардың барлығын жиып алып, бір микроэлементке сыйдыра салу да, ақынға қиын шаруа емес. Осылайша, жарық тіршіліктегі бүкіл тазалық, іңкәрлік, адамгершілік, адалдық атаулының бәрі бір қоңыр домбыраның шанағына сыйып кетті. Енді одан шыққан үн қандай болмақ? Елестетіп көріңізші...

***

1913 жылы кубизм эстетикасын әртараптандыру мақсатында суретші С.Делоне мен ақын Б.Сандрар «Прозадағы транссібір экспресі және кішкентай француз Жанна туралы» поэма-коллажы оқырманды елең еткізді. Мұнда поэзия мәтіні мен иллюстрациялар бірге қамтылған. Екі жанр қосылып, адам жанына әсер етер бір тұтас галереяны құрайды. Сөйтіп, адам өмірі секілді фигуралардың шексіз қозғалысын көрсетеді.

Б.Сандрардың поэзиясы да кубизм әдебиетімен тақылеттес. Былайша айтқанда, француз мәдениеті, Еуропаға, Еуропа жаңалығы бүкіл әлемге кіріккенін атап айтуымыз керек. Бұл тұрғыда Ұ.Есдәулетті – өлеңдерінде жаңа мен ескі стиль тоғысқан, кейбір мәтіндерінде кубизм элементтері бар ақын десек, қателеспейміз.

Сонымен, поэзиядағы классикалық ұстынның негізгі символдары модерн табиғатымен ара-тұра үйлесетінін байқаймыз. Бірақ екеуі қайткенмен де – екі түрлі бағыт. Қандай да бір көркем мәтін өз дәуірінің «тілінде» сөйлейді. Идеология канондарын, яғни кубизмдік кеңістігін жарып шығу – айқаймен емес, бір бұрышын өзгертумен де ерекшеленетінін ұғыну қиын емес. 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар