Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы

12.10.2020 4332

Күйшінің махаббаты 12+

Күйшінің махаббаты - adebiportal.kz

ХІХ ғасырда өмір сүрген дала саңлағы күйші, Бейсенбі бидің өмір ырғағы, тұтас шығармашылық болмысы, күйінің күмбіріндей, өмірінің айнасындай болған өзі ғұмыр кешкен дәуірімен тым өзектес, тым сабақтас. Оның күйшілік болмысы мен тіршілік тынысы сол кезеңнің тыныш-тіршілігімен, салт-санасымен тығыз байланыста. Бейсенбінің бізге жеткен күй мұрасының ішінде махаббатқа арналған күйлердің саны көп емес. Эстетикалық қуаты айрықша осы сезімтал күйлерінің бір парасы тағдыр кездейсоқ табыстырған жары Әймидің есімімен байланысты туған. Бейсенбінің өмір жолында айрықша орын алатын осы Әйми оқиғасын баян етіп көрейік.

1850 жылы Алтайдың Шірікқайың деген жерінде керей мен найман руы арасындағы жер дауына байланысты талқы жиналыс ашылады. Бұл Бежеңнің елуді еңсеріп кемел тартқан шағы еді. Ол тұста қазақ даласындағы ең күрделі әлеуметтік мәселе – жер дауы мен жесір дауы тұғын. Осы екі дау ру аралық, елдік дау-шарларды тудырып, барымта-сырымтаға мұрындық болатын. Осыған орай бұл жолғы жер дауына Бейсенбі елдің ең елеулі деген азаматтарын сайлап шыққан. Аттанар тұста ауылдың ақсақалдары арнаулы Бежеңе келіп: «Орынсыз даудан өрбитін пәле-қаза аз болмайды. Осы жолы жер дауына кетіп бара жатсыз. Найман мен керей ортасында осы күнге дейін шешілмей келе жатқан жесір дауы бар. Соның мән-жайын ұғысып шешімін ала келсеңіз» деп базына айтады. Бейсенбі істің барысын ұғыстырып көрсе, жесір дауы мынадан шыққан екен. Найманның Ыбырай деген байының қызы Әйми, керей ішінде шерушы руының Садуақас деген адамының Мұстафа деген жалғыз ұлына күйеуге шығады. Көп өтпей Мұстафа ауырып қайтыс болады. Жыл уағы өткенше күйеуінің орынын күткен келіншек, жылдық асы өткесін «төркініме амандасып келемін» деп кетеді. Садуақас оған қарсы болмайды. Жалғыз ұлдан қалған келінін біреуге әмеңгерлікке беругеде асықпайды. Ыбырай қызының артынан ешкім жоқтап келмегесін қайта-қайта қолқалаған арғын Манақбай дегенге ұзатпақ болады. Бұны естіген керей «жесіріміз ерден кетседе, елден кетпейді" деп ерін бауырына алып тулап жатқан көрінеді.

Шірікқайыңдағы найман-керейдің жер дауына байланысты жиналысы сәтті өтеді. Екі жақ ұзақ талқыласа келіп, екі рудың жайлымдық жерін ортақ пайдалануға келісім алады. Ыразы-хош боп келісіп қайтады. Жиналыс аяқтауға таяған тұста найманның Рақыш деген биі Бейсенбі отырған үйге келеді. Сөз арасында Ыбырай бай қыз ұзату тойын жасайтынын, соған орай Бежеңді барлық сапарластарымен қоса тойға шақыра келгенін айтады. Бір жұмаға жуық мәжілістен қажып отырған ел адамдары бұған елеңдесіп, қауқылдасып қалады. Ыбырайдың бұл тойынан хабары бар Бейсенбі кісі аяғы үзілгенде Рақышты сөзге тартады. «Рақа бұл ұзатқалы отырған балаларыңыздың атастырылған жер бар ма еді?» дегеніне Рақыш би сырғақсып жауап бермейді. Сонда Бежең: «Сіз білмесеңіз мен айтайын, бұл бала Сәдуақас деген кісінің келіні, күйеуі Мұстафа қайтыс болған. Садуақастың келіні әмеңгерлікке ұнамаған, төркініме амандаса барамын деп қайтып келмей қойған. Өзің білесің, керейі болсын, найманы болсын қазақтың қай баласы да намысқа шабатын халық. Жесір дауынан туындаған кесапат аз емес. Ыбырайға айтабар, келіннің басын біздің елдегі құдалардың дауынан ашып алмай, бір елдің төркіндеп келген жесірін ұзатамын деуі бітпейтін даудың басы. Ертең дау ұлғайса ол Садуақас пен Ыбырайдың дауы ғана емес, әруақ шақырып, ұрандап шабатын найман-керейдің ортақ бітпейтін дауына айналады. Осының аражігін ашып алмай, сынағандай кейіппен тойға шақырып келгеніңізге қайранмын. Бітпей жатқан дау аз ба еді. Елдің аққұла шығынына ортақ болып, аттан түспей сабылып жүргеніміз сол бітпейтін істің кесірі емес пе? Ыбырай алатын баласының басын ашып, батасына келісіп, мөрін басып алғасын тойын жасаса да кеш болмайды. Іс насырға шаппай тұрғанда осы мәселені өзің бас боп шеш» деп салмақты сөз айтады.

Рақыш шешенде ел арасының бірлігін ойлаған көрегенді адам еді. Бежеңнің арыдан қозғаған сөзі өзіне қатты тиеді. Ыбырайға тойға келісім бергеніне өкінеді. Астындағы жорға атын тебіне ауылға асығыс келе сала бірден Ыбырай байдың үйіне түсіп, сөзді бірден кесіп айтады: «Бейсенбі бидің сөгісін естіп бетім күйіп келеді. Жолдастығыңызды қимай айтқаныңызға көніп ем. Істің арты насырға шауып барады екен. Керей елі жесірімізді жатқа бермейміз деп атқа қонғалы жатыр екен. Ел іші алатайдай бүлінбей тұрғанда істің жөнін тауып, басын ашып алу керек». Өзінің де аңдамай от басып алғанын аңғарған Ыбырай да екі жастың біріне келгенде екі іргелі елдің ортасына от салғандай болмайық. Ел-жұртты тойға шақырып қойып едік бәрінен қиыны сол болып тұр. Соны қайтпек ләзім. Оның еш сөлекеттігі жоқ деп бел шеше кіріседі Рақыш. Жан-жаққа адам жіберіп тойды тоқтатыңыз. Оның айып-қиығын, ұят-намысын артынан көтеріп аларсыз. Енді жесір дауына келсек менің ақылым – ертең Әйми жора-жолдас бір топ әйелмен Бейсенбі бидің алдына барсын. Істің беті ашылған екен. Кешірім сұрап арылсын. «Иілген басты қылыш кеспейді». Сосын дәтін айтсын. Бежең көпті көрген сұңғыла адам ғой. Істік те, төстік те күймейтін жолын табады. Басқа шара жоқ. Балаңызға ақыл айтып ұғындырыңыз. Әменгерге тигісі келмеген әйел , сол елден өзі таңдап ұнатқан ерді таңдап тиуге құқығы бар. Ертең би сол заңды көлденең тартар. Оған көнбесе айып пұл, қалың малын төлеп басын босатып алуды өтінер.

Ертесі Бежең Шірікқайың түселінде күндегідей ел арасындағы жайылымдық жер дауына төрелік айтып, екі жақтың пікірін тыңдап, тізгінді тең ұстап отырады. Қазақ үшін жер дауы қашанда күрделі. Жер сол рудың, елдің әр адамының тағдырына әсер ететін, жаз жайлайтын, қыс қыстайтын жанды мәселесі. Бұндайда әр жақ дауды бұра тартып, есесін жібергісі келмейді. Осындай қым-қуыт айтыстың үстінде түс ауа ел тарап, билер кеңесі түстік астан кейін, қымыз ішіп отырғанда, есіктен даяшы жігіт бір топ қыз-келіншектердің арыз-арманын айтуға келіп тұрғанын айтады. Арыздары болса тыңдайық деп билер ортаға шақырады. Әйми бастаған топты әйелдің ортасынан біреуі сөз бастап мән-жайды түсіндірген соң сөз Әймиге беріледі. Жас келіншек: «Менің атым – Әйми. Сүйегім найман. Осы маңдағы Ыбырай деген кісінің қызы боламын» деп өзін таныстыра келіп басынан өткен барлық оқиғаны баян етеді. «Құдай қосқан қосағым Мұстафадан жастай айырылдым, күйеуімнің жыл уағы өткесін оның иелігінде емеспін ғой деп еліме қайттым. Орнын өгейсітпей отыра беруге Мұстафадан ұрпақ та қалмады. Ата-енемнің көзіне күйік болып жүре бермейін деп басқа біреуге қол артқанды жөн санадым. Артымнан да ешкім іздеп келмеді. Ата-анам арғын ішінде біреуге некелестірмекші ниетпен той жасамақшы еді, «ерден кетсе де елден кетпесін» деп тойым да орта жолдан тоқтатылды. Мен де бір соры арылмаған қыз болдым-ау» деп солқылдап жылап жібереді. Сонда Бейсенбі: «Сыртыңыздан әмеңгеріңіз ұнамапты деп естідім. Қазақтың ескі жолы бойынша өзің барған елден өзің таңдап бірінің етегінен ұстасаң болмай ма?» дейді. Әйми: «Ұят та болса айтайын, ол ауылдан өзіме лайық ешкім кезікпеді» деп ағынан жарылады. Бұған келгенде Бежең қатаңырақ дауыспен: «Шырағым, сен керейдің жесірісің, әмеңгерлікке ұнамасаң, жол бойынша көзің түсер еріңе, бойың жетер жеріңе тоқтағаның жөн. Біреуінен ассаң да, оны екі ата баласының біріне тоқтарсың, бұл да бір алаштың іргелі елі ғой». Сөздің беті осылай ауысқанда, жабырқаңқы келіншектің жүзіне қан жүгіріп, жанарынан бір сәуле ойнағандай, қысыла-қымтырыла: «Билігіңізге құлдық, керейдің жесірі екенім ырас, басым татада қалып, артын ойламай бас құрауға асыққан күнә менікі. Ел арасына ірткі салатын некемен де ұшпаққа шықпаспын. Тұл қалған әйелдің ер таңдау еркіндігі өзінде екені шын болса, сізде сол атаның баласысыз ғой, өзіңіздің етегіңізден ұстауға рұқсат етіңіз. Мұнымды жөн көрмесеңіз, басымды босатуыңызды өтінемін!» деп иіліп тұрып қалады.

Жаны жаралы жас әйел бұндай батыл тілек айтады деп ойламаған Бейсенбі табан астында не айтарын білмей сасып қалады. Үй толы алқалы жұрт. Талай тар жерде жол тауып, сөзден ұтылмаған сартабан биге бұл бір сын еді. «Дауына өзім билік айтып отырған жесірді өзім алсам ел-жұрт не дейді, бас тартсам тұл әйелдің жар таңдау еркіндігін терістеп, екі сөйлеген боламын» деген ойға беріліп үнсіз отырып қалады да, аздан соң: «Бұл талабың маған оңай тиіп тұрған жоқ, басыңды кемсіткендігім емес, тиянақты жауабын ертең берейін!» деп сөз ұшығын ұстата жауап беріп, әйелдерді шығарып тастайды.

Былай тартса өгіз өлетін, былай тартса арба сынатын ыңғайсыз күйде қалған би, ертеңгі күні Бейсенбі керейдің жесірін өзі тартып алыпты дегізбес үшін, «ат сойсаң аймағыңмен» деген ниетке бекіп, бұл істі екі рудың игі-жақсылары ортақ ақылдасып шешім шығарсын деген тоқтамға келеді. Сол күні кеште барлық би, төрелер бас қосып Әйми сұлудың талабын талқыға салуға отырады. Баршасы ақылдаса келіп: «Оны екі керейден ер таңдауға төбе би төрт қара көздің алдында өзі билік айтқан екен, сол билік күшіне ие. Осыған орай Әймидің Бейсенбі бидің етегінен ұстасам деген талабы орынсыз емес. Тек, бидің өзі мақұл көрсе, ақы иесімен ақылдасып, қалың мал бодауын төлеп некелессе болады» деп бекітеді. Бежеңнің де күткені осы екен.

Осылайша қиуада Бейсенбі бимен тағдыры қосылған Әйми парасатты әйел болып шығады. Зерделі, ақ жарқын, меймандос, көпшіл ханым ел-жұрттың ықыласына бөленіп ерінің аяулы жары болады. Әйми отырған үйде Бежеңнің белдеуінен ат кетпейтін, дастарханы жиылмайтын ардақты шаңыраққа айналады. Әйми Бежең ауылына жаңа салтанаттың өнегесін ала келгендей кеп көрсетеді. Жан сұлулығы мен тән сұлулығы қатар табысқан, жібектей ерке жарына Бежең атақты «Кербез сылқым» күйін арнайды. Бұл Бейсенбі күйлерінің ішіндегі ел ішінде ең көп тартылатын, сұлу да, сымбатты, ырғаы, бояуы мен ішкі нәзік ирімдер қабат өрілген айрықша күй. Бежеңде үй ішінде үнемі осы күйін шертіп, айрықша абаттанып, жаны барақат тауып отыратын болған. Өкінішке қарай ел басқарған бидің бұл қуанышы алысқа бармаған екен. Бежеңнің Әймиді құлай сүюі бәйбішесі Рақиманың күндестігін қоздыра түседі.

Ерке, сұлу, қылықты дала қызының ажалы күндестіктен болады. Дала серісінің қапыда қамшысы сынып аңырап қалады. Тарихқа жүгінсек уақиға былай болған көрінеді.

Бежеңнің бәйбішесі Рақима Әймидің іскерлігін, ақыл-парасатын көре алмай үнемі қаңқу сөз айтып, ішін қызғаныштың қызыл иті тырнай берген көрінеді. Әйми туралы айтатын сөзінің бәрі «сиқыр қатын, бүйте берсе дүниені шашып, ағайынды аздырып, елді тоздырып болды». «Мен бидің бәйбішесімін, ұл туып, қыз өсіріп отырмын. Пұшпағы қанамаған қатын елдің бәрін сайқалдықпен қолына қаратып алды»... Қара жер хабар бермесін, пейілі тар бәйбішенің көңілін әбден арамдық, азғын ой билеп алған сыңайлы. Осындай сәтте қаскөйліктен туатын зардапты ойлуға бәйбішенің өресі жетпеген екен. «Әймидің аяғы ауыр» деген хабарды естігенде көңілінде жүрген жасырын желік құйындай құтырады. «Сыбай салтаң кезінде алдымды орап, ырысымды шайқалтқан сайқал, балалы болса тіпті есіреді-ау! Бүйтіп тірі жүріп күйігін тартқанша бәлемнің жоқтауын асырайын, жер жұтқыр...». Осылай жүріп қанды жоспарын құра бастайды.

Ел күзеуге көшерде Бежең жұмыс бабымен алыстағы Ертіс бойына сапарлай кетеді. Бежең болмаса да ел азаматтары бидің ауылын межелі қонысына қондыра беретін. Бұл жолы да солай болды. Бежең ауылы Емегейтінің Көңқуыс дарасынан Аққабаны айнала көшіп, Құжыртының жазығына бір күн еру болатын. Жаңа қоныста бәйбішенің үйінен Әймидің үйі бұрын тігіліп, уығы бұрын шаншылады. Бәйбіше бұған да тасталқан болады. Қарбаластықтан ел аяғы саябырлаған кеште, аяғы ауыр Әйми қалың етіп төсек салдырып жатып қалады. Еруге ғана сай жасалған үйлер көбіне ши тартпай, шағындап тігіліп, басын буып күркеше тәрізді қоныста қона кетеді. Осы бір көш үстіндегі мазасыз уақытты пайдаланған Рақима, өзі жас күнінен баулып, аузын майлап, азуын қандап, қолқанаты қып өсірген біреуді сайлап қастандыққа жұмсайды. Ол баспалап келіп, ши ұсталмаған киіз үйдің керегесінен қолын тығып, ілмектелген жіңішке қыл шылбырды шырт ұйқыда жатқан Әймидің мойнына салып жіберіп, оның қылғына тыпырлағанына қарамай буындырып өлтіреді. Сонан соң түрілген туырдықтың етегін түсіреді де, сыбдырын білдірмей түн қараңғысына сіңіп кетеді.

Әйми хәл үстінде жатыр деген хабарды естіген бір сұмдықты сезген Бейсенбі күні-түні жүріп ауылына жетеді. Әйми жатқан ақ шымылдықты ашып кіріп, жарының жүзін ашып, алқымындағы көкала бунақты көріп аңырып тұрып қалады. «Қайран, Әйми, арманда кеткен екенсің-ау!..» деп егіліп отыра кетеді. Әймидің сүйегін құшақтап, сол отырғаннан мол отырады. Ешкім орынынан қозғалта алмайды. Әймидің сүйегін Бежең Құжыртыға асатын тар кезеңнің үстіне қойғызады. Сол маңдағы Құжыртының ақ бастауы Бежеңнің туған жері, кіндік қаны тамған топырағы еді. Тым құрыса Әймиім ата топырағымды жамылып жатсын деп ойлайды. Содан бастап осы кезең «Әймидің кезеңі», «Әймидің тігі» деп аталып кетеді. Сүйген жары Әймидің қазасы Бежеңе қатты батады. Жер қайысқан қалың адам Әймидің сүйегін жерлеуге шыққанда, ол ақ атанға артып, Әймидің отауын да бірге көшіріп алып барады. Мәйіт жерленіп, жұрт тарағанда, отауды қабыр үстіне тіктіріп, өзі сол арада азалы күндер кешеді. «Бұлай ету қазақ жосынында жоқ» дегендерге қатты қатуланған би ешкімге ырық бермейді. Бұл дүниеден баз кешкендей үнсіз аза тұтумен, қайғылы хал үстінде болады. Айтуларға қарағанда керей ісмерлері бірігіп, қабыр үстіне тігілген киіз үйдің сыртынан қарағайдан қиыстырып үлкен ағаш күмбез жасап, төбесін шатырлап жапқаннан кейін ғана, іштегі киіз үйді сыртқа шығарған екен. Сол бір қайғының күйігінен арыла алмағн күйінде Бежең Әйми жарына арнаған аса зарлы, төбе құйқаңды шымырлатар «Арман-ай» атты күңіренген күйді, күмбез алдында тұрып үш дүркін тартып жарымен мәңгі қоштасқан екен.

Әймидің қазасының жыл уағы таяғанда, бежең оның асын сүйегі шыққан жер – Құжыртының жазығына беретінін айтып, сауын жариялап, аруағын құрметпен еске алады. Дабыралы ас аяқталған соң Бежең көп адаммен «Әймидің моласының басына келеді. Аят оқылып болғасын, «жаның жаннатта болсын» деп көзіне жас алып, қатты толқиды. Ауылға қайтып, үйіне келгесін, оның домбырасының шанағынан тағы бір тың күйдің әуені түрегеледі. Күйдің кей әуендері Қорқыттың қоңыр күйлеріндей ауыр нақышты болып келсе, кей тұстары «Аңшының зары» сынды ескі халық күйлеріндей зарлы, шамырқаңқы естіледі. Бұл жан серігін сағынған ғафыл жүректің, асыл жарына деген ескерткіші – «Сағыныш» күйі еді. Қазақ мәдениетіндегі махаббат жыры ғана емес, жан нұрына суарылған махаббат күйінің бір парасы осылай болған екен деседі ескі тарих.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар