Құрметті оқырман қауым. Белгілі қаламгер, интеллектуал эссеист Мақсат Тәж-Мұраттың бөгенайы бөлек, төмендегі көлемді мақаласын үш бөлімге бөліп өздеріңіздің назарларыңызға ұсынсақ дейміз. Автор сілтемеге алған әйгілі Шекспирдің «Бір қайғы-қасірет жүз реңкті» деген адам көзіне көрінбес кей шындықтарды басқа ракрусте бағамдауға тырысқан осы мақаланы сіздерден соңына дейін сабыр сақтай отырып оқуларыңызды сұраған болар едік. Сонда ғана сом түсініктің тұрпаты толықтай түрегеліп шын көрініс береді. Дүниеде адамның автономды ойлауынан артық қандай құндылық болуы мүмкін. Олай болса, осы бір жолға бәйге жаратқан әлеуметтік-психологиялық, әдеби-танымдық мақаланының алғашқы бөлімін өздеріңізге ұсынып отырмыз…
Күнәлі кірпікті жуған кінәсіз жас…
Бауыржан Қарағызұлы
Қарашаның тоғызыншы жұлдызы. Жел үрлеген сырдаң күздің қайырсыз дуалы түнінде дауасы жоқ кешті бастап Ай туған. Отқарағы жанарына байланған. Байланған да тазаруы кем, катарсисі азаңдау бір қасірет орын алған. Он алты күнге созылған сот процесінен соң, әдетте «қара қылды қақ жарады» делінетін сот қарашаның тоғызы күнгі әлгі қасіретті уақиғаны қайталанған қауіпті қылмыс деп танып, сотталушыға 24 жыл түрме жазасын кесті. Біз сол бір сот үдерісіне де, сот үкіміне де баға бермейміз. Белгілі қағидат: заң жаза тасын кері тайғаната алмайды. Робот төреші ғана алдамауы мүмкін. Сонда да бүгін біз « Dura lex, sud lex (лат. „Заң қатал, бірақ ол заң”) » дейміз.
Бұл тақырыпта айтылар әңгіме көп. Оның дені ертелі-кеш пабликтерде жазылудан, айтылудан кенде емес. Сондықтан бұл жерде қыздырманың қызыл тіліне салынып жатпай-ақ қоялық. Айтар бір ғана нәрсе – үшбу тарих қоғамымызда бітеу жарадай сыздап тұрған бірталай жараның аузын ашты, біз, адамдар, қандай болуымыз керек, қандай болмауымыз керек екенін көзапара көрсетті, сонымен бірге, жалпы, сүттің ақ майы тасарында кенерленетіні сықылды, еліміз, қоғамымыз үлкен-үлкен өзгерістердің қарсаңында тұрғанынан, бәріміздің де бойымызды соңы зілді, дүмпуі зор әлдебір апаттың алдындағы белгісіздік үрейі жайлағанынан және бір нышан тастады. Сөйтсе-дағы бір жағдай талас тудырмаса керек: дүние тіршілігінде бізге берілген ең жоғары, ең кәделі нығмет – адам баласының өмірін қиюға Раббыңнан өңге еш ажалды пенденің қақысы жоқ, демек жоғарыдағы ең ауыр үкім, ең қатты жазаның ақтаушысы да – осы дегендік. Солай дейміз ғой. Дей тұра, мұндайда кісінің көңілінде әйтеуір бір түйіткілдер түйіткілденіп қала береді екен да. Шапқан аттай, көшкен бұлттай, аққан судай зырқырап өте шыққан әлгі 16 сотты күн қаншама ақтарылмаған сыр, терең көмес астар-мәнді өзімен бірге әкетті екен, деп еріксіз жұтынып, қилы сұрақтардың қоршауында отырасың. «Не болды?» деген кәдуескі онтологиялық сауалдан бұрын «Бұл қалай болды, неге солай болды?» дейтін гносеологиялық сұрақтарға жауап іздейсің. Жасыратыны жоқ, қоғамның басым бөлігі сол күндері әмісе қызу талқыға алып жатқан осынау экзистенциалды шайқастың тікелей көрсетілімдерін өз басым орта тұсынан, онда да үзіп-жұлып көрдім. Көбінесе терезесіз, құрқылтайдың ұясындай тар бөлмелердегі сарсытқан ұзақ сот мәжілістері (заң бойынша сот процесі екі айға дейін созылады, бірақ ол ашық, әрі тікелей эфирде өткен кезде жай халық үшін оның жартысы тым ұзақ болып көрінеді) олардың сырт қарағанда қойылымдық номерлерге ұқсап кеткен қалыбы… тіпті ара-тұра театрландырылған көріністерді еске салғаны... ұзақ-сонар сот залы эпизодтары… осылардан туындайтын әлдебір тұтқыр бейуақтың жабысқақ әсері… бәрі-бәрі кейін осы сот процесіне кейбір қужақтар таңған «БишПикчерс» дейтін атау жалпы негізсіз емес екендігіне бет нұсқағандай да еді. Шынында да, «Бишімбаев ісі» бойынша ҚР Жоғарғы Сотының YоuTube бейнехостингіндегі арнасында көрсетілген ашық сот процесі бірден шоу деп қабылданды, яғни ол 1951 жылы алғаш теледидардан көрсетіліп, бірінші американ реалити-шоуы деп танылған итальян-американ мафиозиі Фрэнк Костеллоның атышулы ісі секілді, қылмыстық істерден түсірілген релити-шоу жанрымыздың отының алды, суының тұнығына айналды десек, шындықтан адаса қояр ма екенбіз?! Еліміздегі, тіпті одан тысқары жерлердегі медиялық уақиғалардың қатарына бірден енген «Бишімбаев ісі», қай жағынан алып қарасаңыз да тілегендей болып шықты. Жабропалықтарша айтқанда, «идеалды теңіз дауылы» тұрғызылды. Осы күндері жүргізілген социологиялық сұрау салу нәтижесі респонденттердің 61,5%-ы сот тыңдалымдарын тікелей көрсетілімде жүргізу фактісіне оң көзімен қарайтынын көрсетті. Ал сотта іс қарау басталғанда оны бастан-аяқ 3,4 млн-ның үстінде адам көріп, қадағалап отырған («Бишімбаев ісіне» ұқсас, әйелін оның досымен қосып өлтіріп тастаған американ футболисі, актері О. Джей Симпсонның бірнеше айға созылған ісін тек тікелей эфирде 100 млн-ның үстінде адам көргенін ескерсек, бұл аз мөлшер емес). Демек, мамандардың «Бишімбаев ісінің виральділік феномені – оған қоғамның ынта қою дәрежесінінің жоғарылығында» деген кейінгі тұжырымымен келісуге болады. Сарапшылардың айтуынша, көпшіліктің Бишімбаев тұлғасына осыншалық назар тіктеуінің бірнеше көрінеу себебі бар екен: ол – елдің «жаңа элитасының» жарқын өкілі, «Болашақ» бағдарламасының түлегі; ол – кезінде қоғамның озық бөлігі оң көзімен қараған ең жас министрлердің бірі болды. Бұл төбе топқа кезінде қоғамның белсенді бөлігі ерекше үміт артып, олардан өткір идеялар мен батыл шешімдер күткен. Сонымен қатар, кейбір деректер бойынша Бишімбаевтардың үлкені бірінші президентпен дос-жар адамдардың санатында. Марқұм Салтанат та осал жан емес – ол шыққан отбасы орта таптың дәулетті сегментіне жатады, Салтанат Павлодардың бұрынғы әкімінің немере қарындасы. Қалай болғанда да «Бишімбаев ісі» жұртшылық санасын күрт сілкінтіп өтті, тіпті қоғамның опалаң-топалаңын шығарды десек артық емес. Тікелей нәтижесі: сот процесі азаматтық қоғамның көпшілікке қатысты проблемаларды шешу ісіне, жалпы адам құқы мәселесіне қатысуын күшейтті, осы орайда төрт жыл сүйреткіге салынған тұрмыстық және гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы заңның қабылдануына түрткі болды. Мультипликатив ретінде құқық мәселесінде көптің көзін ашты: жай халық бірінші рет сот процесіндегі қорғаушы жақ, айыптаушы жақ, қылмыскер жақ дегеннің не екенін көзбен көрді, адвокат пен соттың қалай жұмыс істейтінін байқастады және сотта тараптардың тәжікелесуінің қандай болатынын сезінді. Сонымен бірге, үшбу тарих от тигендей күлбіреп тұрған және бір жаман жарамыздың аузын ашты: ол біздегі Интернет, жалпы әлеуметтік желі қоғамның моральдық заңдарына бағына бермейтінін, онда күнделікті, тоғышарлық сана халықтың ар-ұяты саналатын озық бөлігінен, истеблишменттен әлдеқайда үстем, жоғары тұрғанын көрсете кетті. Demoscope ұйымы сот процесі кезінде жүргізген сауалнамаға қарағанда, тікелей эфирде отырған көрермендердің 75%-ы сотталушы Қуандық Бишімбаевты айыптаған, ал бұлардың дені атса ондыққа ғана тигізетін «қарамылтықты қылилар» болды десек, қателесе қоймаспыз. Басқаша айтқанда, біз бұл күндері улы, ызалы, содан да салқын ақылдан жел сөзі мен желігі көбірек көпшілікпен жүздестік. Және сол посттар мен комменттердің басым бөлігі байқамау мүмкін емес әйелдік мәнге ие екенін атап айтуға тиіспіз. Және сол нәзік жандылардың да едәуір бөлігі, сот процесін тікелей эфирден көргендердің басым бөлігі – 80%-ы нәзікжанды еместерден өмір бойы құқай көріп, өз дәрменсіздігіне қыстығып келгендер болып жатса өздері білсін. Қысқасы, алдымен осы әйел адамдардың еркектік дөкір күш біреудің гүлдей үлбіреп отырған тинақтай қызының өмірін қиғанына және азаптап өлтіргеніне қарсы наразылығы бүкіл халықтық ашу-ызаға айналып, лақ етіп сотталушы еркектің басына бір-ақ ақтарылды. «Қатындардың көз жасына буаз болса қара жер, Туар еді-ау аждаһа»-ның (Ғабит Мүсірепов) кері келіп, жүздеген, мыңдаған қор болған, қорланған әйел қауымының қыстыққан қаһары жалпы еркеки гегемондыққа қарсы бір құбыжық аждаһаны өмірге әкелді. Онымен қаз-қатар сот мәжілістері де кісінің кісіні өлтіруі емес, еркектің әйелді өлтіруі дейтін жаңғыз тақырыптық хэнгаутқа жол берді.
Мені тіксінткені – осы орайдағы ой-пікірдің айтылуы, жазылу екпіні, жалпы көңіл-күй ауаны. Бұл жерде әңгіме ойды, пікірді сабырмен жеткізетін сарабдалдық яки көңіл-күйлік тұрғыдан шым-шымдап беретұғын ұйымдасқан эмоцияның жетіспеушілігінде ғана емес. Әйелдің еркек озбырлығына жылдар бойы төзіп келуі ендігі жерде шыдауға болмайтын «әйелдік паталогия» деп танылуы ғана емес. Мұндағы гәп – біреуді кінәласа, күстаналаса жерден алып, жерге салатын, жермен-жексен етіп тұқыртып тастайтын тобырлық қаспақ әдетте. Бұл жолы осы көңіл-күй өзінен де асып түсті. «Мен жарлы-жақпайдың есесін қайтардым» деп беталбаты үкім шығарып алатын Раскольников секілді, сот басталмай жатып-ақ көпшілік өз үкімін шығарып тастады. Менторлық-докторалдық үкімдер жарлық үнмен әйел өлтірген адамның ендігі барар жері – ғұмыр бойы қамауда болу, мақтамен сырған күпәйкесін сүйретіп, зындан мен дүре азабын шегу болсын! деді. «Қабандыққа», «Бишпакетке», жалпы айуаннан бетер еркек абьюзерлерге бұдан басқа орын жоқ! десті. Осы бір қарасуық қатқақ күндері құрмалдыққа деген еркек тоқтының емес, қуырдаққа деп сойылатын түйенің кезегі келді. Ішінде «тәуелсіз қалыскер төреші» үшбу пақырыңыз да бар бұл дүниенің күшті бөлігі «латентті өкшелердің» астында мәтіби хайуандардан қойша ығып, жаншылып, кәдуескі комменттік-посттық әлсіз қарсылық түрі – фейспалм тастауға да шамасы келместен, тәпішкеге...і-і, кіш етіп қойған мышықтайын көздерімен үйлерінің, пәтерлерінің еденін зерттеп кетті. Тең емес шайқаста ойсырай жеңіліп, бір пәсте сұмпайыға айналып жүре берген қайран да қайран ер-азаматың тапқан-таянғанын үйдегі бибісіне өз еркімен беретін «тұрмыстық рэкеттен» бастап конституциялық деңгейде бекітілген екі жыныстың тең құқықтылығының бұзылып қалғанына да амалсыз көніп қайбарды, аузынан да бағып, қолын да игерді. Тұтас алғанда, Бишімбаевқа байланысты сотта ашық іс қарау процесі жанасалап біздегі социумның интеллектілік, интеллектуалдық деңгейінің жалпы қоғамның QP дәрежесінің қаншалықты екендігін көзапара көрсетуімен де бағалы. Шыны керек, бізде кез-келген адам, әгәрәки жалқауланбай қыбырлай берсе, өзін дұрыстап тұрып жарнамаласа, оп-оңай психолог, таролог, астролог, нумеролог, көріпкел, коуч... күпінің жәндігіндей қаптап кеткен тағы да басқа «сенсейлер» болып кете алатынын байқап, соларды түстеп таныңқырай отырып қабағат қайран қалдық. 1917 жылғы жойқын төңкерістің алдында елді жалпағынан жайлап алған, бай-бағылан «буратинолардың» есебімен ақша жасаған распутиншілдік, эзотерик алаяқтық еске түсті. Бұл – бір. Екіншіден, құдай-ау, сотқа келіп куәлік еткен, осынау ауадан уәде, тозаңнан тілхат беріп жүргендердің де, жалпы сот тыңдалымдарына қатысушылардың да сауатты әдеби тілді былай қойғанда, екі сөйлемнің басын әрең құрап, ойын дұрыс жеткізе алмай ыңқылдап тұрғандарын, қиқы-жиқы синтаксисін көріп, еліміздегі функционалдық сауаттылық деңгейінің қандай екеніне тәжірибе жүзінде көз жеткіздік. Жетер жерімізге жетіп қалған екенбіз. Ең қиыны бұл да емес. Ең қиыны – сот процесі үстінде және одан тыс алаңда орын алған инфодемия (алынған мәліметтерді бұрып, бұрмалап пайдалану фактісі) және сол негізде «құдық сыртындағы батыр» тоғышарлардың, слухмейкерлік қазақы қыртылдың «халық», «қоғамдық пікір» деген атақпен әділ сотты ситкомға айналдыра жаздағаны, анығын айтқанда, сот шешіміне сырттан әсер етуі. Осы жерде кейін «Орда» интернет-порталының студиясына тақырыпты талқылауға шақырылған адвокат Ғалым Нұрпейісовтің «Қорғаушы тараптың ең үлкен қатесі сот процесін тікелей көрсетілімде көрсетуді сұрағаны болды – шын мәнінде сот жұртшылықтың жетегінде кетті» деген пікіріне өз басым толық келісемін. Бұл жер қай адам болса да өзін қорғауға құқылы екенін, куәсі, куәгерлері жоқ кісі өліміне жаза кесу жалпы қылмыс атаулыны жіктеу, классификациялау ісінде шарттылық көп екенін, сол арқылы, жабық түрде өтетін мұндай текті сот процестері үшін бұл ашық сот белгілі бір үлгі (прецедент) жасап кеткенін, жалпы айыптаушы, қорғаушы тараптар, тіпті прокурорлардың өздері де адами жеке жақсы көру, жақсы көрмеу сезімдерін сот залының сыртында қалдырып кете алмағанын былай қойғанда, ешкім сотта іс қарау заңнамасында жазылған, үкім қоярға дейін сотқа, қалыскерлерге сырттан ықпал-әсер жасалмауы керек дейтін «кінәсіздік презумциясын» белден басты деп дауыс көтермегені, соның ішінде бір де бір заң қызметкерінің қарсылық танытпағаны таңғаларлық. Мұның сыртында екі жақты да қостамайтын – Demoscope-нің қоғамдық пікірге жедел мониторингі бойынша ондайлардың саны жауап берушілердің бестен бір бөлігін (22,7%) құраған – және ой-пікірі сотталушының жағында болған аз ғана аноним адамдардың позициясы бірыңғай айыптаушы, сырттай үкім кесуші көптің нөпірінің астында қалды. Объективті, сындарлы сын, популистік сын, кәдуескі тұрпайы сын бар, бұларды біз бүгінде кәдімгідей мойындап үйреніп те қалдық. Ал қоғамда белең алып бара жатқан еренсіз хайп қуу, ұшқары популизмге салыну, әсіресе көптің, тобырдың өпірем өзімшілдігінен тұратын охлократиялық билік мамандардың, мәселенің байыбына бара алатын адамдардың құзіретті, кәсіби ой-пікірін шайып шетке ығыстырып шығара бастағаны ... бұл енді төтенше ойландырарлық, дабыл қағарлық жағдай. Жаңарған жаңа қоғамдағы жауапкершілік ұғымына өз сөзі үшін жауап беру де кірсе керек. Бір сөзбен айтқанда, сұрақ жетіп артылады, бір хаттаманы тұтас алып жатарлық сауал бар. Ең зоры – онсыз да қырық пышақпен қыржаңдап тұрған қоғамды 24 ашық сот мәжілісінің ендігі жерде «еркек» деп, «әйел» деп тағы бір рет екіге бөліп кеткені, екі жақтың онсыз да текетірескен егесін одан әрі ушықтырып жібергені. Қылмысты ашатын, соған қоса жұртшылықты үркітпей, зәресін алмай, қайта жан-жақты хабардар етуге тиісті сот үдерісі керісінше «қоғамның бірегейлігіне қол жеткізу» деген мәселеде шоқпарбас сұрақ туғызды. Сөзіміз жалаң болмас үшін тағы да сауалнамалар қорытындысына сөз берейік: сұралғандардың басым бөлігі (65%) күйеуінің әйелін ұрып-соғуына ешқандай ақтау жоқ деп есептейді; респонденттердің 27,7%-ы кейбір жағдайда әйелге қол көтерудің өз ақтаушысы болатынына екіұшты сенеді, ер адамдардың 55,5 %-ы және әйел адамдардың 75,9 %-ы ғана әйелге озбырлық көрсетуге жол беруге болмайды деп біледі. Яғни, біздің қоғамда бұл мәселеде де ортақ бір пікір, жалғыз бірегей тоқтам жоқ екен. Жаңадан ұйысып жатқан елдің, жас ұлттың «кембағалдық комплексіне» тән, маскулинділік және фемининдік біркелкіленудің орнына әркелкіленуге ұрынатын өсу кемшілігі. Осы орайда «Бишімбаев ісіне» байланысты біздің бір пабликке сұқбат берген жазушы, психолог Наталья Ремиш айтқан мына бір сөз ой саларлық (әрін тайдырып алмау үшін түпнұсқа тілде келтірейік): «Общество не умеет справляться с эмоциями, и когда у тебя появляется легитимный способ выразить злость, ты сваливаешь ее, например, конкретному человеку. С другой стороны, они же выражают гнев не только на него. Это злость за все то, что ты испытал или испытала за всю свою жизнь. По сути он для них символ всех тех сложностей, которые они в жизни пережили». Бишімбаев уақиғасының көрінеу-көмес астарларын ақтармалау ісінде ондағы негізгі тектоникалық дүмпулерге бет нұсқаған сөз болып шығыпты Наталья пікірі.
Шынында да, осы және өзге де ой ойлауларға таған боп тартылған уақиға жаңғыз бір еркектің басындағы дағдарыс яки жалғыз бір әйелдің басындағы дағдарыс десек қателесеміз. Бұл – тұтас қоғамның дағдарысы, тығырыққа тірелуі. Құндылық координаттарының жүйе ретінде дағдарысқа ұшырауы. Бұл – диагноз.
Сол күндері әлеужеліге шыққан бір әйел адамның мына бір сөзі мені жүдә шошытты: «Ғұмыр бойы басқа адамды – көбінесе өзіме залал келтіре отырып – түсінуге тырысыппын. Бірақ оным құр әурешілік болып шықты. Бастарына арзан гендерлік ойындар кіріп, ұя салып алған адамдарды құдайдың құтты күні ұшыратамын (көбісі арқыратып қымбат машина мініп, жарқыратып қымбат киім киіп жүр). Құрып кетсін солар... Дүние сондай үлкен және өте қызық. Біз көрмеген, болмаған қаншама ел бар, жүзеге асуын күтіп жатқан жобалар, фильмдер, кітаптар бар, одан қалды Күннің атуы мен батуын көру, жеңсік тамақтардан дәм татудың уаз-рақатын айтсайшы! 44-ші мөлшерлі бәтеңке киетін балақанды тәрбиелеп, жөнге саламын деп арам тер болғанша, өстіп дұрыстап өмір сүрген мың есе артық...» Мемлекеттің алтын бағаны – отбасының тамырына балта шапқысы бар мұндай сөз бүгінде аткөпір және біз бұған пәлендей мән бере бермейміз. Міне, солай. Әлемді орап алған гендерлік, сексуалдық теңдіктерден запы болған, одан қалды отыз жыл бойы елді аздырып, тығырыққа әкеп тастап кеткен бұрынғы былық өкіметтің жүйелік қателіктері мен сатқындығынан шаршаған, ашынған «Жаңа Қазақстан» дәл Бишімбаев ісі кезінде қабылдаған отбасылық озбырлыққа қарсы заңды, турасын айтқанда, әлгі 44-ші размерлі шалдуар бала құйттай жаза басса дүрелеп тастайтын, сөйтіп еркеки озбырлықты тікенегі қылтанақтап келе жатқанында қылтасынан қиятын жаңа низамды Машиахты күткен яһудилердей жүректері жарыла қуана қарсы алды. Ендігі жерде еркектік намысың қозып, әйеліңді шапалақпен жандырып жібердің бар ғой, көзің тура үш жыл теміртордың ар жағында жылтырайтын болады. Көп күттірмеді. Еліміздің түкпір-түкпірінен әкімі, әкім емесі бар бұрынғы күйеулерінің үстінен арыз домалатқан ажырасудағы әйелдер дүмеді. Ел тұрмақ, шетке кеткен қандас келіншектер де араб жерінен әйелдік өр даусын көтерді. Солар түгел дерлік әлдеқашан болып кеткенді қайта жаңғыртып отыр. Қатқан көңді неге жібітеді олар? Себеп – «Бишімбаев ісін», отбасылық зорлық-зомбылыққа қарсы жаңа заңды арқалану. Осы Гүлжан Ерғалиева да айтқыш қой. «Бишімбаев ісіне» арнаған бір хабарында әдетінше ерсілі-қарсылы сөйлеп келіп: «Енді өкімет ұрып-соғылған жүздеген әйелдің арыз-шағымын қайтер екен – бұларды түгел қанағаттандырар болса, елдегі абъюзердің бірін қалдырмай түрмеге тоғыту керек болады ғой», – деп салды. Иә, айтса айтқандай, елімізде кейінгі кезде өзгерістер жүріп жатыр: аз емес ондай өзгеріс және қоғамды жақсы жағына өзгертуді көздейді, сонымен бірге оң ниет жүзінде қалып отырғаны, салдары әл-әзір белгісізі де жоқ емес. Соңғыларының қатарына әйелдердің протагонист, еркектердің антагонист болып кенет екіге бөліне қалуын жатқызар едік. Бір комментші жазғандай, бұлай жалғаса берсе, күндердің күні еркекті бала-шағасы да ұрып тастайтын шығар. Немесе, ендігі жерде отбасылық қатынас тәрбиесінде әжекемізден қалған қара таба суырылып алға шығып жүрмесіне кім кепіл… Бишімбаев ісі қаралып жатқан кезде «Сот процесін ашық өткізу, одан тікелей трансляция жасау кімдерге, не үшін керек болды?» деген мәселе көтерілмей қала алмады. Осы орайда бірталай конспирологиялық, бейконспирологиялық болжамдар жасалды; «протестік электораттың» назарын іште қордаланған саяси-әлеуметтік мәселелерден басқаға аудару... көктемгі су тасқынынан, тіпті сағат тілін қайыра шегеруден көңілді бұру... солтүстігіміздегі алып көршіміздің қазақты іштен бүлдіру әрекеті...тағы басқа себептер айтылды. Шынында да, заңнамалық тұрғыда тұрып қарар болсақ, қоғамда жиі болып жататын отбасылық-тұрмыстық кісі өлтіру санатындағы уақиғаны әлемдік маңыздағы уақиғаға айналдырып дүбірлетудің аржағында не тұр, бұл ашық сот үдерісінің «номиналы» кім, «бенефициары» қайсы деген сұрақ өзінен-өзі көлденеңдейді. Енді соған келейік. Талассыз, айтылмыш сот мәжілістерінен соң жұртшылықтың – соның ішінде бірқатар әлем халықтарының – санасында ғұмырынша қорланған, қор болып келе жатқан қазақ әйелінің бейнесі сомдалды. Қазақ еркегіне «абъюзер» деген ұзаққа кетер атақ таңылды. Тіпті ел көлемінде абъюзерлік тұрақты константаға айналды. Бұл өреде Ксения Собчак секілді медиа тұлғалардың пікірлері отқа тамызық тастамай тұра алмады. Ксения Анатольевна үшбу сот процесіне арнайы кеп қатысып кеткенінің соңында бүй деді ғой: «Салтанаттың қазасы қоғам үшін бетбұрысты сәт болды. Қазақстандықтар ескілікті архаик сарқыншақтарға қарсы тұру үшін бір жерге бірікті». Ие, рас, Ксения айтпақшы, архаик ілгеріде қазақ жеріне әйелін (ол кездегі атаумен хатунын) аңқылдатып сабап тастау әдеттегі жағдай еді. Тіпті алғанын сәнге сабайтындар да кездескен көрінеді. Ит сияқты қаңқ еткізіп теуіп жіберетіндері былай тұрсын, сегіз өрмені қолға ала сап дорылдата жөнелетін, тіпті тұлып қып таяққа жығатын жуан жұдырық ата болмай кеткірлерді қайтып жасырарсың. Қолда бар деректерде ол озбырлықтың себебі онша ашыла бермейді. Сірә, әйелдің қақшаңдап ащы тілін сұға бергені үшін, тұрмыстық күйкі мәсһалалар бойынша құлағының етін жей бергені, әлде бәлкім бәйбішені, тоқалды, аққолтық пен ақиісті (константалардың орны ауысып тұрады) ыңылдап жамандай бергені үшін. «Еркектің қойнына жылан (вариант: жуда жылан) кіреді» деген сөз тәрізі содан қалған. Болмаса, «Әйелді бастан, баланы жастан» деп үй-ішін қытып ұстар қатыгез педагогика. Хош дейік. Ал осынау озбырлыққа әйелдік қарсы тұру шарасы жоққа таңдық, ол бар болғаны әйелдер шығарған «Күйеуіңе сенбе, екі босағаңа сен», «Еркектің бір ұрты арам» деп келетін, шешелер қыздарына коуч тренинг кезінде айтатын пәлсапалық сентенцияларда ғана бәдізделіп қалулы. Байынан өлесі боп таяқ жеп, әйелдік намысы қор болып жатса да қазіргідей шегініп алып ширыға шабуылға шыққан, сотқа (биге, қазиға) жүгінген қазақ әйелін кездестірмейміз. Есесіне, байы сабаған бір апамыздың «Жүдә рахаттанып қалдым ғой» дегеніне жол болсын. Бұл не сонда, ұрған сайын жаны кіретін гедонизм бе, әлде күйеудің таяғы бойдағы оғатын шығарып, жынын қашырып әйел содан жеңілдеп қала ма екен? Бәлкім «Қиян шетке келін боп түсіп, құрбақалы құдықтан су ішкізген махаббат» (Қуандық Түменбаев) па?! Тығырыққа тірейді.
ХХ ғасырдың басында орысша оқыған, оқшау еуропаласқан жәдид қайраткерлеріміз исламның азған, шөжіген ақырғы кезеңі – ишанизммен келген жоғарыдағы феодалдық бейбастыққа ашық қарсы тұрды. Қоғамның жартысын құрап отырған әйел адамдардың құқықсыз хұриетсіздігі елді жарымжан қалдырады деп, қазақ еркектерін жуан жұдырықтарын доғаруға, үлгілі отбасын құруға, үй-ішіне, әйел-балаға алдымен өзі үлгі көрсетіп, тәрбиеде басшы болуына үндеді. Сонда да жоя алмады. Солар сияқты гендерлік саясат жүргізген кеңес үкіметі де отбасылық озбырлықты қойдыра алмады. Себебі, үй-ішілік, тұрмыстық кикілжіңді міндетті түрде әйелді ұрып-соғуға ұластыратын әзәзіл-арақты қойғызбады, қайта ішкілікті мәртебелі орынға шығарды. Ішіп алып шешесін ұрған әкеден одан туған бала құрық әкетті. Салдарынан жаны сірі еркектік озбырлық ауылдың «ментальдық мөрі» ретінде бүгінге дейін келді.
Тапқан табысын үйге әкелмей ішіп қойса әйел сөйлемей тұра ала ма, сөйлейді. Тапқанын азырқанып сөзбен піскілей беретіндері де бар. Күйеуінің жағын жақтырмайтын, шамасы келсе араластырмауға тырысатындар да бір жосын. Міне осындай сай-себептен еркек аусар аузына бірдеңе тиген яки үйге «жүз қой айдап» келген, не шыдамы таусылған күні азаматтық намысы қозып, «дағыстански» қаны қайнап кетіп, ақыры мұның аяғы әйел байғұсты құлақ-шекеден құлаштап періп жіберіп жалпасынан түсірумен яки махаббатты шаштан алып дырылдата сүйреумен аяқталады. Әбден долырған шақта «Ақтарып тастаймын!» деп дөкет пышағын ала сап ұмтылу, оның соңы адам өліміне апарып соққан қасірет те аз болған жоқ. Шыққыр көзіміз ес білген күнімізде көрді ғой соның бәрін… Мұндайда дені дұрыс, сарайы сау қоғам ер мен әйелдің, жұбай мен зайыптың арасында болмай тұрмайтын кикілжіңді беймарал отырып сөйлесу сабырға жеңдіріп, ақылға салып шешу мәселесін көтерер еді. Жапропадағы, жалпы Батыс елдеріндегі сияқты. Бірақ біздің «ауылдық ментальды мөрдің» оған ебі қайда. Күнделікті әлеужеліні ашып қалсаң, салиқалы жастағы дап-дардай еркек-әке, тіпті ата ұлағат беріп тұрады. Сондағы айтатыны: әйелдің үлкенін ал – үлкен аяқ киім аяқты қажамайды; әйелдің үлкеніне қызықпа – кәрі сиырдың бұзауы кішкентай болады; әйелдің ірісін алма – семіз тауық жұмыртқа таппайды; әйелдің шағынын алма – кішкене шәйнек тез қайнайды, т.б. Қазақы кереге билік, ауыл ішінің әжік-күжік әңгімесі әлеужелі сияқты кең сақынаға шығып алған, дейсің де қоясың. Ал енді мына гәпті қайтпек керек: «Әйелді еркекке келетін сегіз зұлматтың бірі дейді екен ғой»; «Ежелден ерге бейнет ұрғашыдан». Авторы – қазақтың бас биі Омар Жәлел… Ап-май, қазақ қоғамының үшбу архаик бейнесін сонау Мәскеуде отырып-ақ тамыршыдай тап басқан Ксения Анатолийқызы неткен түйсікшіл еді деп тоқ тартқың келеді-ақ. Асықпайық. Тарих қария бар ғой. Әлемдік жалпақ тауарих. Ондағы толып жатқан мысалдар. Жарқын мысалдар. Мәселен, ілгеріде өзіміз қалам ұшына ала кеткен Симпсон. Ғажабы сол, мақтаулы аболюционистік Америкаң бір мезгілде екі адамның қанын жүктеген сол абъюзерді алдымен соттап, соңынан О. Джейдің әйелінің афроамерикан досын өлтіргенін құп көріп көшеге шыққан ақ нәсілді көпшіліктің тепкінімен қылмыскерді толық ақтап жіберді. Архаик па, архаик. Және қаны шыққан нәсілшіл ескіліктің сарқыншағы… «Қан балтаға – заң балта» қағидатын көпе-көрінеу әмірканның өзі белден басып отырса. Бірақ Бишімбаев және К°, яғни қазақ еркегі көп болса сол Симпсондардан бояу алуы мүмкін ғой деген ешкім табылмады. Немесе «Қазақтың еркегі ғана ма екен архаик озбыр, әне, кешелері Анджелина Джоли Бред Питпен ажырасқанының соңында кезінде бұрынғы күйеуі өзіне талай қол жұмсағанын Айдай әлемге жайып салды ғой» деп дауыс көтерген ешкім болмады. Сол сияқты әйелдің күйеуін азаннан кешке дейін сөзбен піскілеп, миын жеп қоятын психологиялық озбырлығы, күйеулеріне жапқан жаласы ашық көрініс тапқан Джони Депп пен Строс-Канн ісі архаик ретінде мысалға алынған емес. Бұдан көрінеді, Батыстың өз іші де майлы қасықтай айналып тұрмағаны, баяғы үңгірлік архаик санадан ұзай қоймағаны. Жә, «азат дүниенің сиқы» белгілі ғой, ал мына өзіміздің «жын атқан орысымызда» да жағдай оңып тұрған жоқ. Бишімбаев процесінен сәл бұрын Ресейде бір жантүршігерлік уақиға орын алды. Тверь думасының бұрынғы депутаты Евгений Никольский саябақта кішкентай баласымен серуендеп жүрген әйелін «суық жүрісі» үшін пышақтап өлтірді. Десе де мужик екен, істегенін сол бойда парақшасына жазып, мойнына алған. Алайда, ол қылмыстық іске қатысты материалдар әлі күнге жұртшылық назарына ұсынылмастан, жабық күйде қалып отыр. Ресейлік белгілі продюсер, композитор Максим Фадеев осы орайда өзінің жуырда релизі өткен, Салтанат Нүкенованы есте қалдыру мақсатында шығарылған Salta әнінің тарихын айта келіп: «Ресейде отбасылық озбырлықтан болатын кісі өлімі аз емес. Біздің елімізде ондай істер бұрынғысынша қылмыс ретінде танылмай отыр» деп мәлімдеді. Біздіңше, өздерін қоғамның озық, либерал бөлігі санайтын ресейліктердің – Собчактар мен Фадеевтердің «Бишімбаев ісіне» айрықша назар жығуының түп тереңінде солтүстік көршінің бізге жасап отырған (жасамақшы) идеологиялық диверсиясынан бұрын, жұртшылықтың көңілін өздеріндегі мускулиндік және фемининдік қатынастардың «Бьёт значит любить» деп келетін бейлиберал архаик сипатына аудару ниеті жатыр десек, адаса қояр ма екенбіз?! «Салтанат» уақиғасын қалт жібермей көрген әлемнің басқа елдерінде де әлгіндей ішкі проблемалар болуы әбден мүмкін. Осы тұғыдан келгенде, Салтанаттың қапылыс өлімі біздің елдің шегінен асып, дүниежүзілік көлемде әлдебір киелі құрбандық, мақтұл құрбандықтың бейнелік сипатын алып отыр деу жөн. Әдетте конспирологиялық ілімде мұндай «сакралды құрмалдыққа» қолдан жасалған ұйымдастырылған арандатқыш құрбандық беру жатқызылады. Яғни қасақана ондай кісі өлтіру қоғамда кең жаңғырық туғызып, одан әрі ол белгілі бір елдегі қоғамдық жағдайды тұрақсыздандыруға, ішінен ірітуге әкеп соғуға тиіс. Әдетте ондай «сакрал құрмалдық» ретінде сол елдің белгілі, елеулі тұлғасы таңдалады. Қуандық Бишімбаев негізінде бұл рөлге әбден лайық. Сондықтан біз «Гастро Орталықтағы» тоғызыншы қарашадағы кісі өліміне әлдебір күштердің араласы болды, яки сот процесі жұртшылық назарын бөлу үшін әдейі жүргізілді дегенге екіұшты сенеміз. Бұл істі кейін жекелеген бенефициарлар өз мақсаттарына пайдаланып кеткен шығар, бірақ белгілі факт – сот мәжілістерін жария өткізуді сотталушы тарап өзі сұраған. Салтанат қазасының себептері басқа және бұл уақиғаға негізігі версиялардан бөлек, тамыры тереңге кетіп жатқан басқадай себептер негіз болып қаланған деу жөн. Дубайға барып келген көзі қарақтылар өздері аңғарған бір жағдайды нығырта әңгімелейді. Айтуларынша, бұл елде белгілі бір дәрежеде батыстық мәдениеттің мөрі басым, алайда бірқатар мәселеде, айталық, еркек пен әйелдің өзара жақындығы мәселесіне ондағы билік бояулы айырмашылық қойған – мысалы, Дубайда ерлі-зайыпты болмаса, екі жыныс өкілінің қол ұстасып қатар жүруі кәдімгідей алакөзденеді екен. Сол сияқты бүгінгі біздің елдің сипатында да еуроамерикандық, батыстық сипат басымырақ, бірақ халқымыздың басым бөлігі мұсылман болғандықтан бізде ықпалды көбірек ер адамға беретін исламдық сипат та бар. Осы және өзге де екіжақтылықты болдырмау үшін дәл Дубайдағыдай бізде де екі араға белгілі бір мөлшерде аражік, сызық тартып қойса болар еді, өкініштісі, билік бұл идеологиялық шептің үдесінен шыға алмай отыр. Әлгіндей екіжақтылықтың салдарынан көп мәселеде – бұл жерде еркек пен әйелдің, ері мен әйелінің арасындағы бұрыннан қалыптасқан базистік қатынастар бұзылысқа ұшырады, еркек-әйелдің арасына алағаттанып от пен судай керағар мінездік, тәрбиелік, менталитеттік керте түсті. Осы қолдан жасалған, сырттан болған сәйкессіздіктер мускулиндік-фемининдік бинардың әу бастағы, жаратылысындағы табиғи айырмашылықтардың, жалпы адам психологиясының, соның ішінде әйелдің және еркектің жан дүниесінің терең қабаттарына жасырынған инферналдық тылсым, доғал түйсіктердің есебінен күшейе келіп, болжап білгісіз салдарларымен дүние аспанын дүрліктіре бастады. Бәлкім Салтанат айта алмай кеткен, Қуандық жеткізе алмай қалған сырлар мен кептерді біз осы тұстан іздеуіміз керек шығар.
(жалғасы бар…)
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.