Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
КҮНӘЛІ КІРПІК, КІНӘСІЗ ЖАС («Бишімбаев уақиғасы» ж...

15.06.2024 1453

КҮНӘЛІ КІРПІК, КІНӘСІЗ ЖАС («Бишімбаев уақиғасы» және әдебиет) II бөлім 14+

КҮНӘЛІ КІРПІК, КІНӘСІЗ ЖАС («Бишімбаев уақиғасы» және әдебиет) II бөлім - adebiportal.kz

Құрметті оқырман қауым. Белгілі  қаламгер, интеллектуал эссеист  Мақсат Тәж-Мұраттың  бөгенайы бөлек, төмендегі  көлемді мақаласын үш бөлімге бөліп өздеріңіздің назарларыңызға ұсынсақ дейміз. Автор сілтемеге алған әйгілі Шекспирдің «Бір қайғы-қасірет жүз реңкті» деген  адам көзіне көрінбес кей шындықтарды басқа ракрусте бағамдауға тырысқан осы мақаланы сіздерден  соңына дейін сабыр сақтай отырып оқуларыңызды сұраған болар едік. Сонда ғана сом түсініктің тұрпаты толықтай түрегеліп шын көрініс береді. Дүниеде  адамның  автономды ойлауынан  артық  қандай құндылық болуы мүмкін. Олай болса,  осы бір   жолға бәйге  жаратқан әлеуметтік-психологиялық, әдеби-танымдық мақаланының  екінші  бөлімін өздеріңізге ұсынып отырмыз…

Басқаларды білмеймін, өз басым ютубтан үшбу сот мәжілістерін қарап отырғанымда тікен басқандай ыңғайсыз бір күй кешумен болдым. Голливудтық «Кері айналдыру» фильміндегі сот әйелдің залға қарап жекіргені сияқты «Телефондарыңыз бен әлеуметтік желіні өшіріңіздер, басқа да болмайтын нәрсемен айналысуды доғара тұрыңыздар» дегім келді, әлденеге. Себебі, сол күндері бүткіл сот залы, тәмам ел, тіпті шетел адамдардың жеке өміріне, интимдік өміріне есіктің көзгелдегінен, тақтайдың оқыра тесігінен сығалай қарап, қырық көзден өткізе үңілді. Кісінің былайғы жұртқа жайылмауға тиіс ішкі тірлігі, адамдық «тыйым бақшасы» тамыры жалаңаштанған ағаш секілді тоналды. Әлбетте, екі адамның жеке тылсым өмір әлеміне күтпеген жерден жасалған осынау иммерсивті саяхаттың ақтаушысы бар екенін, сот істің ақ-қарасына көз жеткізу үшін көп жағдайды микроскоппен қарағандай жіті тексеруге мәжбүр болғанын, соның ішінде кей тұста әдеп сақтап, бірқатар кадрларды көпшілікке көрсетпеуін жақсы түсінеміз, сөйтсе-дағы бәрібір біздің көз алдымызға адам өмірінің мәңгілік композициясы – әйел мен еркектің, тәураттық Адам мен Хауаның, антик Дафнис пен Хлойдың, шумерлік Энки мен Нинхурсагтың (пардон, Енек пен Нәнқұрсақтың) оңаша көріністері рабайсыз, жойдасыз алға жайылғаны жасырып-жабуға келмейді. Осылайша, ойламаған жерден қоғамның, сот жүйесінің өздері көздеп отырған заңқұлықтылық парқы орындалмады. Қазақ айтатындай, «ет шірісе тұз себесің, тұз шірісе не себесің». Психиатр Виктор Франклше жіберсек, «Екі адам үшін ең құпия ақпарат саналатын, ерлі-зайыптылардың романтикалық байланысы мен интимдік қатынастары жұрттың жаппай талқысына ашық түссе не болады»?!

Мен заңгер емеспін, әйтсе де осы жерде адамның жеке және отбасылық өміріне, басыбайлы кеңістігіне қол сұғылмау құқы жөніндегі конституциялық бап бұзылғандай болып көрінді және  дәл осы жағдай жалпы «Бишімбаев ісі» бойынша сот процесіндегі көпе-көрінеу минус болды деуге аузым барады. Басқаша айтқанда, соттың ашық өтуін талап еткен сотталушы өзі құрған қақпанға өзі түсті. Жарайды дейік, болар іс болды, өтті-кетті. Сонда да әрқандай әрекет өзің нәтижесімен өлшенеді ғой, бұл жағынан ашық сот ойлағанына, діттегеніне жете алды ма? Белгілі бір анық, айқын нәтижеге қол жеткізді деп айта алмас едік. Қазақта сөз бар ғой, «ешкім ешкімнің ішіне кіріп шыққан жоқ» деген, сол сияқты сот бұл қылмысты қанша жерден тыңғылықты, мұқият, егжей-тегжейлі ақтармалады дегеннің өзінде ол Айдың таса бетіне өте алмады. Қапылыс қаза не себепті орын алды, не үшін өлтірді деген сұраққа толымды жауап бере алмады. Себебі, бұл тарихта екі адамның арасындағы ұнату, сүйіспендік сезімдері, солардан туған жан арпалысы ақыры есіктің сыртында қалды. Сүйіспеншілік жалпы алғанда екі адамның жан қалауы екендігінде ғана емес мәселе. Мұндағы гәп – кішкентай отбасының үлкен құпиялары, тым жеке құпиялары оларды қандай дөкей күшті құрылғының астына сап қарасаң да бәрібір ашылмай, алдырмай, өз сырын бермей кететіндігінде. Лев Толстойдың «Анна Каренинасының» күштілігінің мәнді бір себебі – роман-эпопеяның «Барлық бақытты отбасы бір-біріне ұқсас, әрбір бақытсыз отбасы өзінше бақытсыз» деген, әрбір отбасылы жан мойындайтын ақиқи сөйлеммен басталуында.  Сондықтан бүгін біз Қуандық пен Салтанат құрған отбасы өзінше бақытсыз отбасы болды деп айта аламыз. «Бір қайғы-қасірет жүз реңкті» деген ғой Шекспир. Сол айтқандай, мына қайғылы тарих та мәтінасты, көрініс-аралық, мотивәуенді қилы мән-мағынаға толы. Білмеймін, әйтеуір осы Қуандық сияқты ұл, Салтанат сынды алмадай қыздың талайсыз тағдырын ойлағаныңда кеудеңді өкініштің запыраны қысқандай болады. «Не үшін?» дейсің еріксіз. Дейсің де, қолда бар деректі, көргенің мен көңілдегіңді иненің көзінен өткізгендей сараптай бастайсың. Әсіресе өткен өмірлерін. Сот процесі кезінде «Өткен шақтарының іске қатысы жоқ» деп, арғы мәліметтерді тоқтатып тастап отырды, бұл дұрыс емес, біздіңше, кісінің өткен өмірі – қылмыс себептерін ашуға алып келетін жолдың басы. Әрбердесін бүгін жасалған қылмыс – кешегінің нәтижесі яки салдары емес пе?! 

Негізінде, Қуандық Бишімбаев – бүгінде «ескі Қазақстан» делініп жүрген отыз жылдық тарихи дәуірдің моралі мен отбасылық бағалылықтарының шынайы кейпі. Шындаса, осы уақиғаны ілік ете отырып, белгілі бір тұтас әлеуметтік тап жөнінде, оның өмірі, тіршілік ортасы, дағды-машықтары, қағидат-құндылықтары жайында физиологиялық очерк жазуға болар еді. Қуандық сөзсіз оқыған адамның вокабулярына ие, бұған таласып қажеті де жоқ. Дақпа-дақ, сауатты сөз саптасына, тіпті сөз тауысқан шешендігіне сот үдерісі кезінде бәріміз де куә болдық қой. Ол үшін, ол жүрген орта үшін бес миллион теңге тіпті де ақша емес екендігін ет-құлағымызбен естідік. Нағыз «богемалық» дейтін өмірдің қандай болатынын осы он алты күн көз  алдымызға мөлдіретіп тұрып тартып бергендей болды. Қазақша әліптегенде, үзеңгі бауы сегіз қабат байлардың, ағылшындарша айтқанда, «күміс қасық тістеп туған» элитаның қалай тұрып жатқанын байқастадық. Қысқасы, «Бишімбаев ісі» - жай тұрмыстық-отбасылық трагедия ғана емес, ұлттық компрадорлық капитализмнің дүниеге келуінің, қалыптасып-өркендеуінің метафорасы және сол жолдағы кінәратты өсулер әкеп соқтырған отбасылық драма. 

Кеңестік эссеистиканың көрнекті өкілі Евгений Богаттың «Екеу» дейтін тамаша эссесі бар. Советтік бизнесмендердің жарқын бейнесі – гастроном директоры бір студент қызды «дүкенде ұрлық жасадың» деп, залға күнұзақ тұрғызып қояды. Дүкенге келушілер әлгі қыздың бетіне түкіріп өтеді. Ақыры, үлкен өмірді енді бастап жатқан, жан дүниесі тап-таза жас қыз жатаханаға келгесін асылып қалады... Богаттың авторлық моралі – жалы құлағынан аса семіріп алған гастрономерлік дөкір күш пен жан тазалығының шарпысуында соңғысы жеңіліс табады, себебі алдыңғысы аяқ асты келген байлық жағдайында адам атына лайықты өмір сүруді игере алмаған, ал соңғысын үй-іші, ата-анасы үлкен өмірдің қиындықтарына, онда кездесер өпірем қара күштерге қарсы тұруға алдын ала дайындамаған. Осы екі жағдай Қунадық пен Салтанатқа әбден қатысты дер едік.  Қуандық және сол құсаған оғландар – отызында-ақ орман боп танылған тал-қайыңдар, бұл енді анық. Бірақ олар өздеріне тақтайдай етіп сүргілеп берген даңғыл жолмен жүйітки жөнелгендіктен де бәр-баршасына тез қолдары жеткен. Әке-шешелерінің жылдар бойғы мігірсіз еңбегі сүргілеген жолдармен жеткен, а бірақ сол ата-ана, – жалпы 1950-1960-шы жылдар өресінде дүниеге келіп, қолдары бірдеңеге жеткендер, – жоқ болса ашынбауды білгенмен, бар болса тасынбауды үйрене алмады. Дәлірек айтсақ, жоқшылықта, таршылықта өскен буын балаларын баршылықта тәрбиелеудің педагогикалық тыңын игере алмады. 

Лев Толстой аяқ асты келген көл-көсір байлықты қалай етерін білмей абдырап, басын тау-тасқа соққан Пьер Безуховымен де классик қой, шіркін. Сәбидей таза, әулиешалыс Пьер сүйткенде, бұл дүние тіршілігінің пенделері кәйтпек, әрине, «өз тіршілігімді өзіме тыюсыз, жиюсыз беріп тұр» деп масығады. Зәңкитіп үй салып, оның үшінші қабатына көтерілмеуді өзінше бір мақтан, «понт» санау – бұл енді таза байлыққа, бай атануға абсолютті дайын болмаудың қаны шыққан психологиясы. Бұл буын балаларының бақытты болуы дегенді үш нәрсемен: «ішіп-жем», «киім-кешек» және «авто» ұғымдарымен өлшеді, сөйтіп нәсіл-нәсібіне консьюмеристік бұрыс бағыт берді. 

Сот жүріп жатқанда бір психолог-ойжорушы (астағфралла!)  «Бишімбаевтың бала кезінде ата-анасы оның бойындағы эмоцияларды күшпен басып тастап отырса керек, содан ол эмоциялар кейінірек сыртқа агрессия түрінде шыққан» деп еді. Ғайбат айту бойға мін, десе-дағы балалық шағында өмірлерің ғажайыпқа толы болады деген әке-шешенің уәделері ақыр соңында көңілсіз сұрқай бірдеңе болып шыққанына нәумез болған Next-буын фэнтезилерге барып ұрынатыны сияқты, жиюсыз байлықта, сән мен салтанатта өскен жастар кейін есейіп, үлкен өмірге қадам басқан шақта үйдегі кикілжіңді, ыдыс-аяқ сылдырын проблема шеше алмайтын жасөспірімдерше еңсере алмай пұшайман боп қалатынына Қуандық пен Салтанаттың отбасылық қарым-қатынасын байымдай отырып көз жеткіземіз. Бұл тарих «Үйдегі тәрбие баланың табиғи қабілетінен басым боп келеді» дейтін ежелгі педагогикалық қағидаттың өміршеңдігін танытады. Адам мектепте оқып-тоқығанын өмірде көп қолдана бермейді, есесіне ұяда көргенін ұшқанда іледі. Демек, базалық білімнен тәрбие білім күштірек.  Бір комменттен «Қуандықты әуелі алған әйелдері сындырған» деген сөзді оқып қалып едім. Бірақ, белгілі шындық – жақсы әйелден еркек кеткенімен, жақсы еркектен әйел кетпейді. Кетеді, егер еркек өзін әйелдің өміріндегі бас жүлде деп есептейтін болса. 

Айтайын дегенім, бұл жерде мінді алдымен Қуандықтың өз басынан іздеу керек. Дәлірегін айтқанда, оның өз отбасынан бастау алған тәрбие-тағылымының есейген шағындағы метаморфозасы – міне, бізге ендігі жерде керек қарақшы-белгі осы: не нәрседе болсын өз өктемдігін өткізуге ұмтылу. «Жаңабуржуалық» ғайып-ғадет қана емес, бойға өзін жаңқаша үйірген үйірім – Жүйе, үлкен Жүйе сіңіріп тастаған өктем өзімбілемдік. Жүйеде болу, Жүйеге қызмет қылу – Қуандықтың кейінгі саналы өмірінің логикалық тыным-жалғасы. Әке жүрген, әке таңдаған жол ұлын да осы соқпаққа алып келген. Басқаша болуы еш мүмкін емес еді. 

 Элитаның, «жоғары қауымның» қатарына кіруді өлгенше армандап келе жатқан жағдайы орташа бір адамды білуші едім. Мұндағы логика киіз байпақ секілді кәдуескі, қарапайым: «Форбс» тізімінің өмір-тіршілігін зерттеп көрсету, міне, әдебиетке, өнерге ең керегі осы, алайда, ол үшін өзің әлгі тізімге кіруің керек. Кезінде бай-бағландардың өміріне есі кете қызыққан, оларды әлдебір жұмбақ құпиялықтың тозаңы шілтерлеген айрықша нәсіл деп бағалаған Фитцджеральд сияқты. Алайда көп ұзамай жазушының әлгі тәнті болған қауымы өзі шыққан ортадан бірғайым бөтен емес екендігіне көзі жеткен ғой: онда да сол құмарлық, сол әуейілік, сол жүректегі қыңырлық, сол құшыр. Екі арадағы айырма әмиянның қалың-жұқалығында ғана. Қалған жерде – тұрмыстық азғындық, бассыздық, заңсыздық, отбасылық адами ластық, ол жағы енді төменірек тұрған сословиелеріңді жолда қалдырады, тек богемалық әлеуметтік жіктің өздерінен төмендегілерден айырмашылығы – бүгінгінің байы мен бағыланы, күштісі мен тістісі өздеріне не қажет екенін, не керек екенін жақсы біледі. Білгендіктен де, қолына қару тиген қарақшының аямай керуен тонай бастайтыны сияқты, қолына шексіз билік тиген тексіздік шімірікпей елін, халқын тонайды. 

Қуандық ұядан түлеп ұшқан бойда осы ортаға келді. Тіпті жас, жілігі шағылмай келді. Уақыт өте, тап болған иірімінің түп-тереңіне бойлағанында, оның мекен еткен сан қилы құбыжық тұрғындарын кезіктірді, солардың шын сықпыт-сиықтарына көз жеткізді. Бұл жағдай нәнталап жас жігітке алғаш опық жегізіп, өмірлік үлкен соққы болып тиген деп шамалаймыз. Бірақ барған сайын әлгі шырмауыққа шырмала берген, ұйық-батпағына бата түскен, оның себебі, Жүйе – жай жүйе емес, ұйым болатын. Кірер есігі бар, шығар есігі жоқ ұйым – мафия! 

Сот кезінде біреулер: «Бишімбаев бірде ішіп отырып «Келесі президент – мен» деген екен, бұл сөз бірінші президенттің құлағына жетіп, ақыры қаматып тастапты» деп жазып жатты. Кейін «Обал қылдым-ау сол жігітке» деп, босатып жіберген екен-мыс. Болса болған да шығар, бірақ жас өмірді өксітпес үшін аяп босатты деу қиындау болып тұрғаны. Жүйе ұйым ретінде өзіне кірген адамды ешқашан керексіз келсаптай тастап кете бермейді. Соңына дейін өзі таңған ойын тәртібімен ойнатады. Бишімбаев та өзінің осы Жүйеге бір бұранда, рөлдік модель, номинал тұлға ретінде ғана кіріктірілгенін әрине сезді. Бірақ «жаппай шылғи өтірік жайлаған жерде шыңғырып шындықты айтам деу – экстремизм» (Джордж Оруэлл) демекші, амалсыз бойұсынды, шарасыз көнді. Итке сүйек қарыз өмір – ойын тәртібін қабылдап, тапқан-таянғанын арадағы жетпіс жезде, алпыс апа арқылы түпкі бенефициарға бөліп беруді үйренді. 2 млн  $  пара, млрд теңге ұрлықы ақша, – бұл айсбергтің ұшары ғана болуы мүмкін. Түрмеден шыққасын «Менің жазығым жоқ» дей беруінің астарында көп сыр бүгулі... Сондықтан бүгін біз «Бишімбаев пен ол секілділерді әйелдерінен бұрын Жүйе тізеге сап иліктірген, отыз бүктеу, қырық қаттауынан өткізе омыртқаларын омырып, қабырғаларын күйреткен» дейміз. Тіпті иман дейтін «мый түзеушіні» былай ысырып тастап, көріпкел-қаһин, балгер-экстрасенстерге аққұла сенетін мүшіріктік санаға дейін қабылдатқан.  «Все кто во власти, ходят к гадалкам и экстрасенсам» – Жүйенің қақ ортасында жүрген марқұм Айсұлтан Назарбаев солай деп кеткен. Е, жарайды, кім бармай жатыр, кім құлақ қағып елпеңдемей жатыр сол қолдан жасалған тас құдай «сенсейлерге» дейсің ғой. Бірақ осы меңгір наным-сенімнің тасасынан құлағы үрпиіп тұрған адамшылықтан азуды қайда қоярсың?! Психологтардың айтуынша, үй-ішілік абъюзерлік отбасында қолдағы билік теңдей бөлінбегеннен орын алады екен. Яғни, көбірек табыс табатын, не күші-қуаты көбірек адам озбырлық жасайтыны, соның ішінде ішкілікке, заңсыздыққа, жазасыздыққа жамалған өзін-өзі ұстай алмай күш көрсету бұрыннан жүйке жүйесінде кінәрат бар адамды ауыр қылмыс жасауға итермелейтіні анықталған. Жүйенің бүкіл сатысынан, бүкіл қулық-сұмдығынан өте келіп, бұл елде бәрі де мүмкін екенін, бәріне де жол берілетінін және ол үшін саған ештеңе де болмайтынын көріп-біле отырып дұрыс адам болып қалу үшін анаңнан қайта туып келуің қажет, не әулие-әмбие болмақ керек. Қуандық Жүйе ішінде жүргенінде қылшығы да қисаймайтынын, Жүйе тұрғанша қолында шексіз билік бола беретінін анық білген. Ал ел көлеміндегі еш жауапкершіліксіз озбырлықтан отбасындағы жауапкерсіз, бейбастық озбырлық туады. Кешегі өткен ашық сот еліміздегі әлеуметтік, ұлттық, сословиелік қарама-қайшылықтарды, теңсіздіктерді, жүйелік қателіктерді жанасалап аяусыз ашып берді. Сонымен бірге бүгін біз «Бишімбаев уақиғасы» аяқ асты яки өздігінен бола қалмағанын, бір есептен ол күштердің арасалмағы өзгерер, ауысар алмағайыптың қарсаңында орын алғанын түсінуіміз керек. Бұл қасірет қоғамды сансыратқан, сарсытқан елегізе өзгеріс күту жағдайында орын алды. Таң атып, Күн шығар алдындағы бейуақтың алакөбеңінің қарсаңы – тұмшалаған қою қараңғылық кезеңінде… Сот кезінде Бишімбаевтың түрмеден босап шыққан шағын, одан соңғы өмір тақыретін саралаған ешкім болмады. Психобиографиялық интерпретациялар жасалмады. «Біз Шекспирдің кім екенін білмейміз, есесіне оның біз үшін кім болғанын білеміз» дегеннің кері келді. Құдай басқа салмасын, отырып келгендердің айтуынша, кербұғыдай кекірейіп жүргендердің өзін шизо бір жылда-ақ жүнжітіп, жүн етіп жібереді екен. Шыққаннан кейін қоғам қабылдамай, өзегінен тебетін маронит, бозқаңғыр тіршіліктің күнделікті гөй-гөйінен, шын өмірден амалсыз ирреалды өзге барлыққа, басқа дүние тіршілігіне өтуді аңсай бастайды. Сол жаққа өтіп, осы, мына дүние тіршілігін билеп-төстеп алған, адам баласын күнә арқалауға алып келетін ақша биліктің, пітнә темірдің, жүректегі қыңырлықтың (амбицияның) барлығынан да маңыздырақ нәрселер бар екендігін түсінбекке, білмекке талпынады. Үлкен кітапта айтылғандай, «нәпсісін жеңген – құтылған», бірақ мұның арты – жалғыздық. Шың басында шынардай жалғыздық. Мұндайда дос-жаран, құрбы-құрдас, тума-туыс, тіпті ет жақындарыңнан келер қайыр да шамалы, өмір шындығы – «қазаны басқаның қайғысы басқа». Бұрынғы өмір, баяғы тірлік теңбе-теңдігін жоғалтқан, ырғағынан жаңылған, ие, рас, көңіл алаңдайтын жұмыс – кәсіпкерлігі бар, бірақ ендігі жұмысбастылық саған қайткенде де қол ұшын бере алмайды, жан жалғыздығынан құтқара алмайды. Орнықты, тұрақты өмір сағымдай көтеріліп, жеткізбей қояды, себебі, жүректе орнықтылық жоқ, кеудедегі жұдырықтай бұлқының әлсін-әлсін алағызып, өмірдің өрін көздеп жалғыз келе жатқан сапарында келер күннен бір сүйеніш тапқысы келеді, жалғыздығыңды бөлісер, сүйенер, сүйсінер жан іздейді. Кант қалай жақсы айтқан: менің санамды екі нәрсе – төбеңде жұлдыздармен безендіріп қойған көк аспан және ішіміздегі иман заңдылығы сілкінтеді деп… Сол канттық ішкі адамшылық жосыны не дейді? Болат Атабаев лұғатымен айтсақ, бір әйелді бақытты ете алмаған еркек еркек пе дейді. Бақыт дегенде, Қуандық бұл шақта қыз аңдып, қызылға түсетін жортуыл жастан кеткен. Қылшылдаған жас емес, қырықтың қырқасына көтерілген шағы. Бұрынғы адюльтерлік бұралаң жолдың соқпағын қайта кешуге енді көңіл еріншек. Әлбетте, қатынқұмар емес, сонымен қатар сопы деп те айта алмас едік. Бұл жаста еркек әйелсіремей тұра алмайды, ханымдармен романтикалық қарым-қатынасқа да барып қояды, ара-тұра сезім алақұйындығын, эмоциялар жарылысын керексінеді. Сезім тоятына, көңіл тоятына қоса көңіл медетін тілеу. Терезеге тырс-тырс тамған жауын тамшыларының дыбысын бірге отырып тыңдайтын, ортақ рухани түйсік сыйлайтын жан табу, тауып, тұтқыр сары желіммен жабыстырып берік ұя салу. Сол ұяға қызығар шағы да енді бұлжымастай болып келіп жеткен. Жас адамдар сүю үшін өмір сүреді, егделер өмір сүру үшін сүйеді деген сөз әбден рас. Арабтар айтатындай, әйел мен еркек қашанда бір-біріне жақын, жанаса жүреді. Су мен сусап шөлдеудің егіз-қатар жүретініндей. Жалғыз-жарым еркек, жалғызбасты әйел қайтсе де жартыкеш.  Бірақ бір қапшық улы пияздың ішінен бір түйір усызын қайтіп табарсың? Соның ішінде сүйіспеншілік жөнінде, достық хақында сүйе алмай тұрып, дос бола алмай тұрып көпіріп көп сөйлейтін, қыздырмалап әуезе қылатын мына біздің заманда. Алдында сенімен дұрыс болып жүріп, кейін, жаман атың шығып қалғанда шынымен де жемеңқор, қазына ұрлаушы екеніңе аққұла сене бастайтын постравматик бұрынғы әйеліңнің заманында қалай, қайдан табарсың ендігі, жүрегін иман кеулеген нәзік, инабатты, тәрбиелі, сенімен шында да, сында да бірге болар әсем жанды?! «Менің зайыбым» деп ұялмай көрсетер, таныстырар жанды?!  Шамамен түрмеден шыққанына үш жылдай уақыт өткенде біздің кейіпкер кездестіргендей болды көңілінде діттеген адамды. Бір кезде болашақ әйелінің сүгіретін, қыздың ағасы, өз досының медальонынан әлдеқалай көріп қалып өлесі ғашық болған Марк Твен сықылды Салтанатты инстаграмынан көріп ынтықты. Сүгіретін, видеоларын тамашалап, сезімі от секілді тұтанды. Қолды-аяққа тұрғызбай, әлгі сезім жан-дүниесін сілкіп өтті. «Әйел қоя берген, қазына ұрлаған» деп қыз илікпей қойғанда, араға құрбысын салып жүріп, қоярда қоймай жүздесті. Купидонның жебесі келіп жүрегіне қадалғанда жас сұлудың алдында демі дірілдеп, жүрегі тулай қағып тұрды.  Ол бірден, сөзсіз, көзсіз сүйіп қалған. Ес-түссіз сүйетін есер шағындағы, жас кезіңде ғана бастан кешіретін таза эмоцияларсыз, тоқтасқан еркектің салмақты, сарабдал сезімімен сүйіп қалды. Бесінші стихия, «5-ші элемент» – жетіспей жүрген бесінші элемент солай келді. Оның аты – махаббат еді. «Бұл өмірдің қызығы махаббатпен,  Көрге кірсең үлгілі жақсы атақпен...» (Авторы – Абай). Махаббат «киелі өтірік», оны еврейлер ойлап тапқан дейтін қыртылға сенбеңіздер, махаббат қайтсе де бар, болған және бола береді, осынау «нәзік те қорқынышты күштен» аман қалған жұмыр басты пенде жоқ. Адам баласы, қанша рет үйленсе де, яки күйеуге шықса да өмірінше бір-ақ рет шын ғашық болады – Салқам Сүлейменнің харамһана толы зайыбы мен кәнизегінің ішінде падишаға біреуі ғана нақсүйер болғаны сияқты. Қуандық алғаш жүздесуден соң Салтанаттың соңынан қалмағанына қарағанда ол жігіт ағасы шағында шынымен де ғашық болып қалғанға ұқсайды. Өмірінің үшінші белесі болып жолыққан осы бір қоңырқай қаңылтақ қызды шын ұнатқаны сотта сөйлеген сөздерінен де айқын аңғарылып тұрды ғой. «Қарамайтын әйел жоқ, қарата алмайтын еркек бар» дейді, осы сөз біз сөз етіп отырған тауарихқа байланысты да айтылса керек. Өзі білімді, өзі келбетті, әрі Чехов айтқан «сары бәтеңкелі» жігіт әйел баласы құрметтер табандылық та таныта алған: әйел затының зейінін өзіне бұрмаққа шайтанмен шарт жасасқан (астафралла!) Дориан Грей сынды сезімнің шақпағын жарқылдатып тұрып, сүйгеніне тікенсіз раушан гүлдерін сыйлаумен шектелмегені зайыр ақиқат. «Сүю – үлкен бір еңбек, оған инвестиция құюың керек» деп, ғұмырының соңында бір әйелді бақытты ете алмағанына өкінген Болат режиссёр сынды, біздің қаһарман «Өкіл әке» фильмінің бірінші диалогындағыдай «әйел бас тарта алмайтұғын бір ұсынысты» жасап жіберген-ау шамасы. Бұл – капитализм, жігіттер. Не нәрсе де сатылатын, сауда-саттыққа түсетін нарықта ең көп сұранысқа ие, ең осал да тауар – әйел. Баяғы «Кім құнын төлесе, сол қожайын» дейтін нарық.  Біреуі тәнін сатады, енді біреуі өзін күйеуге шығуға сатады… Әдетте нарық заңдылығымен қосылған жұбайлардың өзара қарым-қатынасы да нарықтық болуы керек. Алайда баста біз мұндайды көрмедік. Екеуі бірге түскен фотосуреттері мен бейне-кадрларына қарап, әдемі басталған жұбайлық өмірді көрдік. Екі жас оттай қаулап, шоқтай маздап, дүние жаңарып кеткендей, ғажайып бір сал дәуренді бастан өткеріп жүрген әдемі, шұғылалы, шуақты сәттер. Тән бауратқан тәтті сезім… «Синергетикалық тепе-теңдік» дейтін құбылыс бар. Екеуі екі басқа дүние, бірақ сонымен бірге екеуі ажырағысыз тұтас бір нәрсеге айналады. Қуандық көріпкелдерге сенеді, Салтанат нумерологияға, астрологияға сенеді. Құдды екеуі осы негізде бас қусырған жоқ па екен деп те қаласың. Дәл осылай, біз ойлағандай болса, ондай некенің таянышы жіңішкермей тұра алмайды. Шынымен де ұзамай жіңішкеріп, жапырағынан айырылып, жалаңаштана бастаған да сияқты ғой, әлгі таяу ағаш. Ыдыс-аяқ сылдырламайтын отбасы некен-саяқ. Әрқандай жұп ерте ме, кеш пе, күніге бір ошақтың басынан  тарап, бірге өріп жататындықтан ерлі-зайыптық өмірдің кермек дәмін әйтеуір бір татады. «Ажырасу – некеден» дейтін сөз ащы рас.  Бұл жолы да солай болды және алғашқы көңіл қобалжытар қоңырау, бірінші дабыл Қазақстан жағдайына көбірек тән бір жағдайға байланысты соғылды деу жөн.  Сотта Қуандық тарапынан айтылған бір эпизод. «Мен бір нәрсені тіледім – Салтанат тым құрыса аптасына бір рет өз қолымен кешкі ас әзірлесе, екеуміз соны үйде шүйіркелесіп отырып ішсек дедім, өкініштісі, олай болмады». Осы тұстағы комментші әйелдердің хоры: Сол тамақты өзің әзірлей салсаң, жорғаңнан тайып кетер ме едің, не?! Дұрыс қой, егер біз Батыс елдерінде тұрсақ. Онда еркектің әйел орнына ас пісіре салуы, бала бағуы, тіпті декреттік демалысқа шығуы әдеттегі, қалыпты нәрсе, ғасырлық менталитет. Әйелі мен еркегінің арасында бұл мәселеде келіспеушілік атымен жоқ. Ал біздің Қуандық қайткен?! Өңі бір сәтте қаракүреңітіп, сыз тартқанын көз алдыға келтіре аламыз. Онан соң, бәлкім, төске ұрып шыға келу, өктем сөйлеу де болған шығар. Сырт қарағанда үйде екі жақ бір мәселені қалайда екі түрлі шешетін тұрмыстық, майда-шүйде дуализм сияқты, ал түп тереңіне үңілсеңіз, одан зорырақ, мәндірек бір жағдайды – екеуінде толық мәдени, біліми сәйкестік бола тұра, өзара деңгейлес бола тұра тәрбие, менталитет, орта, өңір мәселесіндегі әлдебір жойдасыз сәйкессіздіктерін байқайсың. Бірі қазақылығының қаймағы бұзылмаған күнгейден, екіншісі қыз-келіншегінің көзі тіп-тік, сөзі аптық, орысы жын атқан терістіктен болуы себепті. Шетелден терең американ білімін алып келген экс-министр, бірнеше рет умра хаж барған мүмін және өктем үнді феодал – от пен су, аспан мен жер сияқты кереғар дүние. Бұл – киелі, күмбезді Шымды жер, ханымдар мен мырзалар! Тұқымға, тума-туысқа, жақындарға тарту әрқандай қазақтың жанына жақын нәрсе және бәлкім дұрысына, бәлкім бұрысына таза қазақи менталитетті еркектің өмір сүру тақыретінен әп-сәтте өшіріп тастап, жоқ қылып жібере алмайсың. Тіпті Шымкент болмай-ақ қойсын, әрберідесін есі дұрыс кез-келген еркек көз алдына өзіне жар болар әйелдің екі түрлі бейнесін келтіреді ғой: өмірдегі қыз және өзі көргісі келетін, өзі тілейтін зайыбының образы. Бұл екі бейне егізек-екі біріккен жерде ерінің қолында жібек арқандай ширатылып жатқан күйі қажет кезде еркегінің мінезін азайтып-қосып, көбейтіп-алып, көркем сабыр беріп, бағыттап, жетектеп отырады. Мұндай әйел өз кезегінде ерінен ірілік, үстемдік күтеді, соларды тапса, күйеуін әулиедей күтеді, үйге жылылық әкеледі. Сірә, Қуандық іштей өзінің өмірін күрт жаңа арнаға салатын, өзіне сол жолға түсуге қажетті соны адамгершілік леп, күш беретін зайып, дос, мұраттас іздеген. Өзіне бағыт берерлік, ерге серік, елге көрік айрықша навигатор іздеген. Тапты ма ондай Havi-ді? Айта алмаймыз. Себебі, әйел еркіндігі деп жетілген, эмансипация деп өскен қазіргі ұғымдағы прогресшіл бойжеткен, ерін көрсе сүт түске енетін бәкизат мұсылман қыздардан тұрпаты бөлек зайырлы қыздар ең алдымен жанына жақын, өзіне ұқсас еркек іздейді, дәлірегі, өзінің еркектік версиясын қалайды. Қуандық Салтанаттың бұл сынына әбден толды деп айту қиын. Себебін жоғарыда айттық – бұл жігіттің бойындағы үздік еуропашылдық көп мәселе отбасылық деңгейде шешілетін, әйелдің орны үйде, бала тәрбиесінде, ерін күтуде деп білетін ұлттық тәрбиемен үнемі итжығыс түсіп отырған. Соңыра айтып болмас қасіретке әкеп соқтырудың басы да осы дуалистік екіжақтылық, екібасқалық, амбиваленттілік. Еш жаққа да телігісіз, әрі тарт, бері тарт, әрі отыр, бері отыр дауасыз тірлік, қол қашырудың бастамасы. Бірі көсем болғанда екіншісі бәсең бола алмаған. Күндерге, айларға, жылға созылашақ осынау ерқашты өмірдің аяғы соңыра екі жақтың бейбіт келісімімен ажырасуға әкелуі тиіс-тін. Бірақ олай болмады. Қашты-қуды, келді-кетті, сөніп-жану итырғылжың тірлік екі жақты қажытудай қажытып, қалжыратудай қалжыратқан, сонда да екеуі ірге ажыратпайды. Екеуін бір күш жібермей, ұстап тұрады. Ол не күш? Ілгерінің Эммануиль Канты сияқты бүгінгінің Жүкеңі (Жүсіпбек Қорғасбек) де айтқыш қой. Сөз етіп отырған мәншурамызға аса бір қатысы жоқ басқа тақырыпты түптей келіп, жанасалап қана: «Қазіргі постмодернизм заманында екі адамның бірін-бірі өлтіруі бірінің екіншісін тастап кете алмауынан туындап жатқан жоқ па?» деп солқ еткізіпті. Бірі екіншісінен жай кете алмағандықтан өлтіріп қана кетуі керек екен... Тым ауыр, шетін шешім емес пе? Екі кісінің бірін-бірі қинап кетісе алмауын бүгінгі жан жүйесі ғылымы адамның сүрсанасында болып жататын бейсаналық, психосоматиялық құбылыстармен байланыстырады. Бірін-бірі қинап, жан күйзелісіне түссе, дейді «ми түзетушілер», адамның миы кортизол дейтін гормон бөліп шығарады екен. Ол өзі есірткі сияқты, ми үнемі қорек алып тұратын, жақсы істеуі үшін керекті заттек көрінеді. Осыдан келіп, екі адам өзара ұзаққа кететін мысық пен тышқан ойынын ойнайды-дүр… Мақтаулы психологтарымыз осылай десе, онда мен жазушы емеспін, балеронмын. Себебі, бірқанша уақыт бірге тұрып, біте қайнасып қалған екі жан сол қарым-қатынастарына тұтқын боп, бірін-бірі жібергісі келмейтінін психология ғылымын оқымай-ақ білемін. Бұл өзі жанның ауырсынуы емес, реніш, ыза-кек, яки мүдделес-серіктесін толық игеріп алу тілегі де емес, адами тілмен түсіндіріп беруге келмейтін мүлдем басқа, тосын бір жағдай. Мұндағы гәп адамның өмірінде кездейсоқ ешнәрсе болмайтындығында ма дейміз. Соның ішінде екі кісі тіршілік тоғысында өздігінен ұшыраса қалмайды. Біз қашанда бір-бірімізбен тағдырдың көзге көрінбес мың-сан жіптерімен байланулымыз. Не нәрсе де ебепке себептен болады, ал неге олай болды, өмір қаңғалақтап әр жақта жүрген екі жан иесін бір жерге әкеп неге қосақтады, мұны түсіндіруге пенденің ақыл-ойы жетпейдіОй жұтаң, қиял қайыршы. Мұндайда абзалы – өз жан-дүниеңмен оңаша қалып, өз ішіңді өзің қазып, қаузап, өзіңді басқа түскен жағдайдан шығармай ұстап тұрған нәрсені, хәлді, жағдайды сана саңылауынан біртіндеп өткеру. Проблеманы ойлаудан қашпау, проблеманы қайыра өз басыңнан ойша өткеру, міне, сонда шындықтың шетіне қол іліктіруің мүмкін. Біз әуезе етіп отырған тарихтың шындығы – Қуандық пен Салтанаттың жалғыздықтан қашып қосылып, сөйте тұра бір үйде екеуінің екі бөлек жалғыз қалуы. Қазақша айтсақ, «екі жарты – бір бүтін» болмақ оймен бас қусырып, сол ойының үдесінен шыға алмауы. Сонда да бір бүтін үйде – екі жарты күй ілбіп кешкен күйі өмір тіршілігін жалғастыра беруі. Қиылыспайтын параллель сызықтардың бұлай ұзақ тартылып тұруы мүмкін емес еді. Ендігі жерде, сені әлден ұнатпай яки тіпті жек көріп тұрған жерде сезім, махаббат күйін шерту – бос әурешілік. Олай жасауға тырысушылық – «өзара тәуелділік» деп аталатын таза психологиялық патология.  «Үйлену оңай, үй болу қиын» деп жатамыз ғой. Үй болып, түтінді түзу ұшырып кету үшін екі жақтың – ері мен әйелінің ортақ консесусы, тату бірлігі керек дегендік. Бірақ соның өзінде де таразының тасы үйдегі ер адамға көбірек ауып тұрады. Себебі, отбасы үшін, әйел, бала-шаға үшін ең үлкен жауапкершілік алдымен еркектің еңсесіне артылады. Басқа адамның – зайыбының – тағдырына деген жауапкершілік жүгі. Себебі, сүйіспендік дегеніміздің өзі ең алдымен – аяу. Өз өмірін сенің қолыңа сеніп тапсырған адамды аяушылық сезіммен аялау. Екі жақтың, әйел мен ердің отбасы үшін тең құқықпен жауап беруі дейтін мәселе содан кейін барып келеді. Мен мұны әйел затына қарата, әдейі нығырта айтып отырмын.

 

Осы жерде Қуандық фатальды, катастрофалық бір қателік жібереді: жылында қосылып, жылғада айырылысып жатқандар аз ба бұл күнде, ер-азаматтың әйел тағдыры алдындағы жауапкершілігімен Салтанатқа бақыт тілеп, өз бетімен қоя берудің орнына түп етегінен айырылмай, баяғы өзі сызып алған модельдің шеңберіне қуып апарып тықпақшы болған. Жыныстас ретінде өз басым оның бұл әрекетін жақсы түсінемін. Бұл жерде, қырықтан асқан қырқылжың еркектің сөнбеген жалыны, қанбаған құшыры тұр. Адам жүрегінің ең терең түкпірінде жан баласына, тіпті қойнындағы әйеліне, жанындағы еркегіне білдірмей ұстайтын жалғыз нәрсе – оның құпия түні, жұмбақ құшыры болса керек. Руханилығы мен тән құмарлығы қатар келіп, қосөрім өрілетін құшыр... Фрейд айтқан либидо, елігу... Мыж-мыжын шығарып тастаған ақ сейсеп үстінде жас арудың демін жұтқан еркектік жалын... бірге болған сәттері жүрегіне жара салатын, ауырсыну әкелетін, сөйте тұра өзіне магнитше тартатын сүйкімді, әуейі бейне. Қуандық сол бейнені өзгеге қимаған. Қимадың ба, онда төлеуін төлеуің керек. Құныкері – құмарың мен құшырыңның күнәһарлық сипаты: ескіде шығыс шайырларының құшырды өлім әлетіне әкелетін ағуға (у-ға) теңеуі сірә да тегін емес. Себебі, нәпсі төркіндес қызулы құшыр объектісі басқада емес, өзімде ғана болса екен деп тілейді. Құшырлық нысанының қылп еткенін аңдып, тімтініп, 24/7 түзіміндегі пробациялық бақылауға қояды. Өзі қолдан жасап алған үлгі-қалыбына құйттай келмей қалса, не одан шығып кетсе жанындағы адамды түртпектей береді, дөкір мінез көрсетеді, өзінікін өндіршектеп дәлелдеумен болады. Әлбетте, мұнысын да тәуліктік режимге көшіріп, қырына алған нысанына түн баласы ұйқы бермей болдыртады. Буырқанған жүгенсіз сезім тасқынымен қасындағы жанды қажытады. 24 сағаттық тотал бақылауға төтеп беру үшін британдық «Лок» фильмінің бас кейіпкерінің бойындағы темірдей жүйке керек.                 

Психологиямен кәсіби түрде айналысқан Салтанат бұл мазасыздық, беймазалық жағдайды дұрыс байқап, «маниакальды махаббат» деген диагноз қойған. Яғни енді бұл махаббат та емес, невротиялық қарым-қатынас.  Осы диагноз — диагноз. Бұл сырқау Қуандықтың бойында қалай пайда болды, қайдан келді, қалай басталып, қалай өрбіді, ол жағы мәлімсіз, бұған әліге дейін ешкім бас қатырған емес, ал Қуандықтың өзі бойында осындай жан ауруы бар деп әсте ойламаса керек.

 Оның орны әсте психиатр яки психотерапевт кушеткасы еді, бірақ оған бармай Салтанаттың талап етуімен психологқа ғана көрінген. Түрмеде, жалғыздың жапасын шегіп жүргенінде ішіне кірген жын ба, жүйкесі бұзылды ма, әлде Салтанатпен кездескесін өршіді ме бұл ауру, оның сырына сот алды, сот үсті кезеңдерінде құнт қойған ешкім болмады. Сонымен айналысатын адамдар марқұмның қорылдауы мен қырылдауының арасында адасып кетті. Үкім шығып кеткесін психологтар емес, психиатрлар қол ұшын созуы керек-ті. Солар, осы кәнігі мамандар Қуандық мінезінің тез қызып, тез суынатын болат секілді, бұлқынып барып басылып, ұзамай қайтара тулай жөнелетін, ішкен кезінде агрессивті құбыжыққа айналатын, кіді тұстарын зерделеп, қорытынды шығара келіп, Бернард Шоудың мына бір сентенциясын өзіне оқытса дейсің ғой: «Егер сіз өміріңізді өзіңізді сүйген адамдарыңыздың жолына құрбан етуден бастасаңыз, онда өмір сапарыңызды, өзіңізді құрбандық етіп шалған сол жанға өштесумен аяқтайсыз». Қандай жақсы айтылған! Нағыз өмірден алынған қара тәжірибе. Осы ғақлия жетесіне жеткізілгенде бар ғой, қайран жігіт тоқтап, ақылға келіп, өршіген көңілін басар ма еді, қайтер еді деп ойлайсың бүгін отырып. Өкініштісі, олай болмады. Басқаша болуы мүмкін емес те еді. Статистика: Қазақстан көлемінде шизофрения тұрғын халықтың 0,6-0,7%-ында ғана тіркелген, ал бұл жүйке бұзылу сырқатының жалпы психиатриялық ауру-сырқаулар санатында алатын орны 19% екен. Салдарынан, өнжеулі ақыл, келелі кеңес келмеген Қуандық өзімбілемдіктен одан әрі қимылдап, мәнерлеп сырғанау тілімен айтқанда, нөмірді «қабырғасы ырсиғанша» ойнап шығуға бел буған. Бел буған да, ойыны осылған… Әліге дейін Қуандық Бишімбаевтың психологиялық портреті жасалған жоқ. Бойындағы психологиялық ауытқулардан нарциссизм, метросексуалды ер адамдардың нарциссизмі (алғаш марқұм Салтанат өз жазбасында атап көрсеткен паттерна, еркектің өзін өлердей сүюі, өзінің ғана бой-басын күтуі, өзін дүниенің тұтқасы ретінде сезінуі), кейін «Орда» порталында психологтар тоқтасқан «садистік психологиялық ауытқуға шалдыққан» дейтін байлам және жалпылама түрде қолданылған обсессияға (жағымсыз жабысқақ, әуейі ойларға бой алдыру) бейімділігі ғана айтылды. Астролог, сәуегей құлықтылығына қарап, осыған өз тарапымыздан не нәрседе болсын өзара байланыс бар деп білетін апофенияны қосар едік. Бірақ айтылғандар бұл кісінің қылмысқа бару, теріс қылық жасау себептерін ашу ісіне аздық етеді.  Ашық сот мәжілістерін қарау кезінде «Залға сотталушының бет-әлпетінен ішкі ойын оқитын физиогномист шақырылса ғой» деген ойдың жетегінде отырдым.  Мұндай ситуацияда өзін тым байсалды, орнықты, тіпті жоғарылау ұстаған сотталушы тарихта көп болмаған шығар, болған жайды, — адамның өмірін қиған қасіретті уақиғаны, — баяндауы да хроника тәрізді салқындау, суықтау шықты. Бірақ осының өзі маған сырт әсер сияқты көрінді. Сырты мұз, іші жалын бір жағдай елес беріп өтті. Болған жағдайды сотта бірнеше рет сипаттаған кезінде әр айтқан сайын сол нәлеті түннің әр сәтін, әр минутын қайыра басынан өткізіп тұрған шығар-ау. Еркек қолымен жасаған теріс қылығын еске алудың өзінен тайсақтайды, содан да салқын сабырлы болып көрінуі, тіпті болмағанды болды етіп, жанынан өтірік қосуы кәдік. Адам баласы үшін ең үлкен қасірет, ең жаман жан азабы — сөзбен сипаттап жеткізе алмайтын, бірақ ішін жегідей жеп жататын ауырлығы, ауырсыну. Ал сол «адамның жаны» деген не? Оның да дәлме-дәл сипаттамасы жоқ. Жанның қай жерде орналасқаны беймәлім, мәлімсіз, а бірақ оның қалай ауыратыны, шырқырай ауыратыны әркімге-ақ мәлімді. Сірә, жанның ауыратыны Кант айтқан, Достоевский іздеген, кісінің ішіндегі құдайдан түскен сәуле – иманның бұзылуынан, бұрмалануынан болса керек. Мейірім-шапқаттан, шетсіз-шексіз мейірім-шапқаттан, осылардан болатын жан азабынан, сірә.  Себебі, әдетте мейірім, шапқат, жүректің жылуы бағаланбайды, кейде тіпті жолсыз жазаға ұшырайды, әсіресе біздің заманда. «Асырамай дұшпан таппайсың» деген сөз осы жерге дәл… Өмірде түрме сабағын алып шыққанның соңында жүрегі байыз тауып, адам құсап өмір сүргісі келді. Бес күндік тіршілікте қуанышын бөлісетін, қайғысына ортақтасатын сүйеніш, жар-қосақ табам деп талаптанды, шырағын жасауратып жүріп тапқандай да болды. Тапқан-таянғанын бөліп берді, тілек-талабын орындады, мұқтаждық көрсетпеді. Бір ғана талаппен – ендігі жерде бөтен әйелге көз салмау һәм бөтен еркектің назарын өзіне аудармау. «Жоқ, мен оны қызғанбадым. Тілдегені намысыма шоқ басты, сосын қол көтердім» – сотталушы орындығынан айтылған бұл сөз неғылса да иландырмайды. Бүкіл факт, оқиғаның бүкіл өрбу өрісі бар пәле қызғаныш сезімінен бастау алғанына турашы. Бірақ айта алмайды мұны. Әдетте адам өзіне ыңғайсыздық туғызатын – және бұл жерде кесілер жазаны ауырлататын – шындықты жасырып, бүгіп қалады.  Бұл кейін ғой, ал алғашқы тыңдалымдардың бірінде, өзіне сөз берілгенде айтқанынан Салтанатты Райымбек дейтін бір жігіттен өлердей қызғанғаны анық көрініп тұрды. Басқа пәле – тілден. Үй-ішіндегі дүрдараздық былай тұрсын, жер бетіндегі соғыстар да тыюсыз тілден тұтанып жатыр. Салтанат та қызық, бір кезде әлдене қасиеттері көңіліне біткен еркектің – ендігі жерде өзі үшін бөтен еркектің – сүгіретін баттитып үстелінің үстіне қойған. Онсыз да өзін дөй күшпен тізеге сап уатып, бас білгі еткісі бар жігітін арандататынын әйелдік түйсікпен ағатсыз түсінуі тиіс еді ғой, дейсің. Кейде айту мүмкін емес нәрсені іште сақтаған абзал. Кейде шындықтың орнына естігің келген сөзді естисің. Артық сұрақ қойма, сонда саған өтірік айтпайды. Ең абзалы – жаныңдағы адамды бар кемшілігімен қабылдай білу. Жақсы көретініңді жеткізудің ең қарапайым, ымды-ишаралы жолы осы. Гәп өзіңе дейін кездескен адамының қанша болғанында емес, өзіңнен кейін ешкімнің болмауында. Бәлкім, өзіңнің де адамың кәстөміңнен көп болған шығар. Эмоцияны тұншықтырып, сыртқа шығармай басып отыру оңай шаруа емес. Сүйіспендік сезіміңді қызғаныш сезіміне қосып қапқа салып, аузын мықтап буып тастауға болар, а бірақ бұдан соң қапта тірі, жанды бір нәрсе қалады деу қиын. Көп болса бұрынғы өмір, баяғы қарым-қатынас естелік түрінде елес берер. Бәлкім жақсы жақтарымен сақталар. Біздің тарихымызда олай болмады. От бұтақпен ұлғаяды, күмән жаман ойлаумен ұлғаяды. Салдарынан біреуі қолына ие бола алмады, екіншісі үйдегі жалғыз кесені уатты. Кәдуілгі көп психотиялық эпизодтың бірі. Бірақ бұл жерде екеуі бір кезде Айдың нұрына тосқан өмірдің әлгі алтын кесесімен бірге үйдің шырқы, екі адамның ортақ бақыты да қолдан сусып түсіп, күл-паршасы шықты. Жай уатылмады, екеуінің өмірінің быт-шытын шығарып кетті.   Ие, анық, өзі айтпақшы Қуандықтың намысына шоқ басылған. Бірақ шоқ басқан кесе уату, балағаттап тұрып уату емес. Ешкім көрмеген, бірақ атын естісе жұрттың зәресі ұшатын Лох-Несс көлінің құбыжығы сияқты «адюльтер» деген жалғыз ауыз сұмдық сөз.  Қазақша «ойнас» дейміз бе?! Сиқыршының таяғындай үшбу албасты атау еркектің қызғанышын келтіріп, жыл бойына арлантып тұрып ұрғызған.  Мәселенің тұздығы – осында. Көп жағдай тағы да сотталушының психотипіне кеп тіреледі. Бірқатар еркек әйел өзіне қуанышынан қайғысы көп тақсырет өмір шектіргеннің өзінде де әуелгі жасаған таңдауын өзгертпейді. Әйелдің де тән қалауы бар ғой, еркекке біткен құмарлық әйелге де біткен ғой деп. Енді біреулер әйел опасыздығын сол таңдауына, киелі, қасиет саналар екі арадағы сенімге опасыздық жасау деп қабылдайды. Басқа біреу болса көп нәрсені кешіруге болады, ал сүйікті адамыңа, өмірлік серік болады деп жүрген жанға олай ете алмайсың, соның ішінде оның опасыздығын – сатқындығын – кешіру қиын, өте қиын. Бір рет кешіруге болар, ал екінші қайталанса ше?! Қайталанбасына кім кепіл?! Осындай-осындай ойлар еркектің жанын жеп қояды… Қуандықтың опасыздықты кешірмеуін, Салтанатты қатты қызғанғанын ол өзі шеңберінде болып, ұзақ тән алған Жүйеден де көруге де болар еді. Өте жекеменшікшіл, форсайттық сана деп те есептеуге де болады. Алайда тереңірек талдау бар гәп Қуандық өкілі болып саналатын психологиялық тұрпатқа көбірек бет нұсқайды. Бұл – еркек жыныстылар арасында көп кездесе бермейтін тип. Ондай санаттағылар даланың арлан қасқыры сықылды – адалдықты, қандай жағдайда да кісіні сатпауды, жалпы адами сенімді, сенушілікті бәрінен де биік қояды, соның ішінде әйелге «Сен – мендіксің!» деп бір-ақ рет кесіп айтып, тастай қатып қалады, өздігінен оны ендігәрі ешкімге бермейді. «Тангоны екі адам билейді».  Бұл еркектік шовинизм емес. Өмірлік принципке айналған, иесіне өмірде талай ауырлық та әкелетін ішкі ғадалатшыл долық. Кісінің бір жағымсыз ісі яки теріс қылығы байқалып қалса, бір орында тұрып 180 алатын жаңартылған «Мадзиратти» сынды, қанын қыздыра, серіппедей ширықтыра, бетіне қан тепкізе, жақын адамының да жанын әлекке салғызар аса ауыр, тұрпайы айыптау сөздерін лақ еткізіп төге салатын долық. 

Адамдар сүйген кезде, жақсы көргенде ақырын сөйлейді, тіпті сөзсіз, көзбен-ақ ұғынысады. Сондай сәттерде жүректері жақындасқандықтан. Ал ренжіскенде айқайласып кетеді. Өйткені, жүректері алыстайды. 

Өкініштісі, ер адам ретінде жауапкершілік жүгі ауыр бола тұра Қуандық қаттылығымен, кешірімсіздігімен Салтанаттың жүрегін өзінен алыстатып алды. Әйел адам үшін бұл өте маңызды нәрсе – ер мен әйелдің арасында бояулы айырмашылық аз емес, соның ішінде әйел заты жүрекпен сүйетінін естен шығармайық, жігіттер!  Тоғызыншы қараша күнгі айқай. Балағат. Бір ғана мәселе төңірегінде – «Сол жігітпен болдың ба, болмадың ба?»-ның төңірегінде сағаттың шықылдағындай айналып, тынымсыз жауап алу. Бишара қыз үшін мойындаудан (өтірік пе, шын ба, оны енді ол дүниелікті Салтанат қана біледі) басқа амал қалмады. Бұл жағдай соңыра Салтанат өліміне әкеп соқтырды ма, яғни сотталушының әлгі теріс қылықтарында қасақана кісі өлтіру ойы болды ма? Сот процесі үстінде осы сұрақ жиі қойылды, «Әдейі өлтіру ниеті сотталушы жәбірленушіні ұрып-соққан сәтте, сондай-ақ одан бұрын да туындауы мүмкін» деген болжам айтылды, тіпті айыптаушы тарап «Салтанат Бишімбаевқа өзінің қанға боялған жейдесін көрсетіп, «Он жылға кетесің!» деген сәтте сотталушының басында оны өлтіру ойы пайда болды» деп те жіберді. Тағы бір версия – «Бишімбаевтың өз құрбанының денесін жасырып тастамақ болған әрекеті оның Салтанатты қасақана өлтірмек болған ойына дәлел». Расында да, сотталушы тарапынан сондай бір манипуляция болған сияқты, бірақ, айыптаушы тарап бұған бұлтартпас айғақ, уәжді дәлелдеме келтіре алмады. Бір сөзбен, кейін адвокат Ғалым Нұрпейісов айтқандай, «дәл сол сәтте Бишімбаевтың басында не ой болғаны заңдық тұрғыдан өз түсінігін тапқан жоқ». Үкімнің себептілік, қылмыстық мотив бөлігі ашық түрде оқылмады.  Сұрақ туады: Қуандық Салтанатты әдейі өлтірді ме, жалпы сол сәтте оның бас қауашағында нендей өзгерістер жүріп жатты? Ғылым бабында «релеванттылық» дейтін құбылыс бар. Біз сөз етіп отырған және оған ұқсас конфликтілі ситуациялар кезінде адамның бүткіл жүйке жүйесі ширығып, қозғалысқа келіп, ішкі рефлексиялар кеулейді екен. Реалды өмірдің және өмірлік жағдаяттардың шынайы естелік көріністері көмес рефлексиялар, яғни жанама естеліктер туындататын имплантталған естеліктерге орын беретін көрінеді. Сонан соң біз қалам ұшына алып отырған уақиғаның бірінші моралі – қылмысқа, теріс қылыққа (деяние) тура бастап әкелер ішкілік, яғни алкоголь ішу. Бұл жерде – көп мөлшерде пайдаланылған шампан шарабы. Екеуінің біреуі сау болғанда сол қайғылы уақиға орын алмауы да мүмкін еді-ау деп ойлайсың. Заң бойынша жалпы мас күйде жасалған қылмыс қылмыстық дәрежені ауырлата түседі. Ал енді, алкогольді есептемегенде, қылмысқа, кісі өліміне тағы не бастап әкелуі мүмкін? 

                                                              (жалғасы бар…)

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар