Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
КҮНӘЛІ КІРПІК, КІНӘСІЗ ЖАС («Бишімбаев уақиғасы» ж...

17.06.2024 1069

КҮНӘЛІ КІРПІК, КІНӘСІЗ ЖАС («Бишімбаев уақиғасы» және әдебиет) III бөлім 14+

КҮНӘЛІ КІРПІК, КІНӘСІЗ ЖАС («Бишімбаев уақиғасы» және әдебиет) III бөлім - adebiportal.kz

Құрметті оқырман қауым. Белгілі  қаламгер, интеллектуал эссеист  Мақсат Тәж-Мұраттың төмендегі  көлемді мақаласының  ең соңғы үшінші бөлімін өз назарларыңызға ұсынып отырмыз. Стефан Малларме «Оқу мен ойлануға кеткен уақыттан өзге ешқандай инновация жоқ» дейді. Ел танымы тек мәдени полемикамен ғана өсетіні белгілі ғой. Олай болса оқыңыз, ойланыңыз, конструктивті пікір айтыңыз. Керек болса келіспейтініңізді айтып қарымта мақала жазыңыз...

Бір әңгіме айтайын, тыңдасаңыз. Экзистенциалды түрде, адамның, әсіресе дағдарысты жағдайда, соңғы шешім қабылдар алдында тұрған кісінің ой ойлауын, іс-әрекетін, бір кезде Достоевский асқан ұңғыттықпен зерттеп кеткен жанның аяқсыз, бірақ болмай қоймайтын бұралаң-бұрылыстарын, бұлтаққа түсуін ой-қиял күшімен көз алдыға келтіру қызықты болар еді. Достоевскийдің осы орайдағы негізгі идеяларының бірі мынадай: адам баласы әсте қандай да бір нақты, қатаң есеппен жүретін, оны көздеп есептеулер құратындай аяқталған, айқындалған шама емес – адам құстай еркін болып жаратылған, сол себепті ол өзіне сырттан таңылған кез-келген заңдылықты кенет бұзып-жара салады. 

Адам ешқашан өз-өзіне сәйкес келмейді, өздігіне үйлес түспейді. Бұл енді таза экзистенциализм: адам ақи-тоқи тануға, бір деп кесуге жатпайтын әр текті, әр ыспатты танымсыз күрделі нәрсе. 

Оны қатты денелік табиғат әлеміндегі заттармен қатар қойып, қияс ойлау (аналогия) жолымен қарастыру мүмкін емес. Адамның өмірінде, кеңірек алғанда адамзат дүниесінде жүріп жататын барша драмалық жағдайларды бірыңғай, жиынтық «жол картасы» деп алар болсақ, онда басқаруға көнбейтін, сыртқа шығуға тепсіне ұмтылып жататын беткі сезімдер болады. Адам сезімінің сыртқа шықпас нәзік қылында жатқан, сол ғана түсінетін, сол ғана білетін адам табиғаты, көмес ынта, ғақылдан тыс жүріп жатар тұншықтырылған күңгірт құлшыныс, бұларды кісінің өзі де сезініп, дұрыс түсіндіріп бере алмайды, себебі олар жанның құпия қоймаларына тереңірек жасырылған. Адам жаратылысында қос кіндік жаралады, соның ішінде өресі, қабілеті биік жандар – адам табиғатының осы екіге жарылған жармақтығының ең шетін көрінісі. Бұл сананың беткі қабаты, сүрсанада жүріп жататын үдерістер дедік қой. Енді одан бөлек, одан да әрірек, теуіп-теуіп терең көміп тастаған бір нойыс бар. Түнектен шығып келетін, барша қара ниеттің бастауындай инфернал күштер. Айуандай жыртқыш, бейсанасыз доғал тажал. Санадан тыс жатқан иррационалды, бейғақыли оғат. Реалды өмірде болған, болып жатқан оқиғалардың иррационалды сипаты сол долықты адам жанұшырып, ой-санасы сапырылысқа түскен қиракезік, сын шақта сайтан мініп келе қалады. Біздіңше, болғанды, өткенді санасынан өшіре алмай, ішкілік әлгі буырқанған рефлексияларды одан әрі аспандатқан шақта Қуандық қызғаныштың қызыл итін жетелеп төбе көрсеткен сайтанның сапалағының қауашағының тереңінде жасырынған қара ниет күштердің тұтымына тұтылған. Соңы белгілі – бір сәтте дүние қарауытып, аспан аласарды, іле-шала Салтанаттың үстіне тау келіп құлап, бүкіл дүниенің салмағымен жаншыды. Өркениеттік үлдір адам пенденің жанынан ескі мұржаның көлеңкесіндей ербиіп қалмайтын инстинктерге шыдас бере алмай, тарының қауызындай қаудырап түскен шақта Қуандықтың ашуға, қызғаныш ашуына тығылып ұрған бір жұдырығы қата тиген. Өледі деп ойламаған, ессізденіп, есіріктеніп, долырып жүріп  жазатайым өлтіріп алған. Судья Құлыбаева мен он қалыскер сот бұл қарапайым заңдық қисынды білмеді дейсіз бе? Әрине, білді. Бірақ қылмысты ессіз күйде жасалған жанұшыру (аффектілік) кісі өлтіру ретінде зерттеп, сол негізде үкім шығарар болса, пабликтерде анталаған «қылышты қылиларға» сөзсіз туралып қалатындарын да сезді. Осы жерде бір сәт өлеңге кезек берейікші. Өзім поэзиясын жоғары бағалайтын Андрей Дементьевке.  «В небе звёздные россыпи. / Тихий голос в ночи. / Пощади меня, Господи, / От любви отлучи. / Наша сказка вечерняя / Завершает свой круг. / Отлучи от мучения / Предстоящих разлук. / И меж синими соснами / Мы простимся навек. / Пощади меня, Господи, / Погаси этот свет. / Пусть все в жизни нарушится / И потухнет душа. / Отлучи от минувшего, / Чтобы боль отошла. / От улыбки божественной / И от слёз отучи. / От единственной женщины / Отлучи…» Ақын бұл өлеңін 1976 жылы жазыпты. Неге жазғанын ешкім білмейді. Кім біледі, мүмкін автордың сана түкпірінен, ми жықпылында жылт ете қап өшіп қалған «умысел» – қастанды ой… Адамның ғұмыры тағдырдың ашып-жұмған кірпігіне ілініп тұрады дейді ғой. Кейде күнәлі кірпікке ілінген кінәсіз жас боп таматын болса өзі білсін. «Бишімбаев сотталса да өзін соттамады, өзін ар сотына салмады» деген сөз бар. Шынында да кісі өлтіру аса қиын шаруа емес болса керек. Қиыны – сол қылмыспен өмір оздыру. Түрме – тәжірибенің жаманы. Түрмеден түзеліп шыққан ешкім жоқ… Бәлкім… Мүмкін тіпті бізге азған заманның дүн-дүниесін ескі-құсқы қоқыс-шаланымен қоса сыпырып, ұлы теңіз анасына асыға тартып бара жатқан әнеу бір алапат тасқын су секілді, бүгінімізді таразылатар, келешегімізді болжатар алтынкүрекпен жаңаруымыз, тазаруымыз үшін де Раббыңа құрбан беріп, тәубаға келу де хасыл етілген шығар осы күндері жамандықтан кейін жақсылық келетінін біліп, жеңілейіп, үміт ету нендей нығметРасында, сынау – Раббым Алладан. Тек көркемниет қыздарымызға Салтанаттың көркін, жаратылысындағы мейірім мінезділігін, оғылан ұлдарымызға Қуандықтың мансабын берсе де екеуінің тағдыр тәлейін бермесе екен…

Бишімбаев сотынан кейін адамдардың әділет, зауал-жаза, шындық іздеу тәрізді тақырыптарға көбірек ынта қоя бастағаны байқалды. Бұл тренд қазірдің өзінде Бишімбаев уақиғасын экрандау мәселесінде едәуір қызығушылық туғызып отыр. 

Киносыншылардың айтуынша, біздегі бірнеше продакшенге бір мезгілде осындай ой келген, бірақ олар бұл идеяны жария етуге әзірге асығар емес. Сірә олай етсек хайп қуғандай болып көрінеміз, әуелі тақырыпты ой елегінен өткізіп, игеріп алайық дейтін болуы керек. Сарапшылардың пайымдауынша, кино қоғамда осы қазір жүріп жатқан үдерістердің көрінісі және соларды сана тезінен алдымен өткізу құралы болып саналатындықтан, жоғарыдағы резонансты әлеуметтік өткір тақырып өнер санаттары арасынан кинокамераға алдымен ілігу әбден мүмкін. Бірақ біз олай ойламаймыз. 

Себебі, дүниежүзілік тәжірибе Бишімбаев уақиғасына әкеп соққан мотивтер алдымен жазушылардың қалам ұшына алынатынын, көркем шығармалар арқылы сана сарабына түсіп, көбінесе сол туындылардың негізінде жазылған сценарийлер арқылы экранға көшетінін көрсетіп отыр. Шекспирдің «Отеллосы», Лев Толстойдың «Крейцер сонатасы», Достоевскийдің «Мәңгілік күйеуі», Мольердің «Махаббаттан өкініші», Золяның «Адам-хайуаны», Э.Л. Джеймстің «Бес жүз реңкке күңгірттеуі», Дон Нигроның «Жаңбыр астында сатып алынған, Квектен Провиденске жолданған хаттары», Д. Барстың  «Маған кездескенге дейінгі әйелі», Литтолидің «Иман мен азғындауы», Р. Старлайттың «Агрессоры», А. Рыбаның «Қызғанышы», Ю. Соболеваның «1000 бір емес өтірігі»,  Р. Абрамовтың «Жазасыз қылмысы», А. Рыбактың «Ауырсынуы» … тағы басқалары... туындылар негізінде түсірілген шедевр және тәуір киноленталар бар.

 Барлығы да әйел мен еркектің күрделі қарым-қатынасын, қызғаныштан туатын ауырлықтарды арқау еткен шығармалар. Бірінсіз бірі күні жоқ Әйел мен Еркектің, Су мен Сусаудың тартылыс-тебіністерінің, сөніп-жануларының метафоралық тарихы. Авторлық интонация әуезі – минор, композициялық қиылысы – өмірде болған-болмаған оқиғалық желілер, жанрлық жынысы – мөлт еткен жалғыз әңгіме, көлдеткен роман және шырғалаңды детектив. Мәңгілік тақырыпты: сүйіспеншілік пен оның салдарын, қызғаныштан туатын жан қиналыстарын, болуы мүмкін деп болжанған және өкініштісі, өмірде шынымен де орын алған еркектің әйелге, әйелдің еркекке жасаған опасыздықтары, адамды тұтымына көзсіз, қайтып шықпастай қылып тұтып алатын жалынды құшыр-құмарлықты тереңінен зерттеп, жалаңаштап суреттейтін бұл шығармалар әлемдік әдебиеттің ілгерірек даму кезеңдерінде, әсіресе классикалық дәуірінде, Қайта өрлеу тұсындағы еуропалық новеллалардан құлата адам жанын ақтап алуды мақсат етті. Әйелін қызғанып мерт болған Пушкин шығармаларындағы осы бір еркектік жан күйзелісінің табы, Достоевский қаламына тән ақыл-естің іс-әрекет үстінде өрбу қозғалысы, Лев Толстойдың «Анна Каренинасындағы» кейіпкер әйелдің сүйіспендік отына шарпылып, күйіп кетуі, Шолоховтың «Тынық Донындағы» Аксиньяның ессіз құмарлықпен бөтен еркектің құшағына барып құлауы... и-и, көп қой айта берсе, көп... осының бәр-баршасы өзінің трагизмі мен күрделілігі жағынан шын өмірмен теңдес түсетін өнердің құдіретті тереңділігін паш ете отырып, Лев Толстой жазғандай, өнердің басты міндетін адамдар арасында қарым-қатынастың жаңа түрлерін іздеуге әкеп сайған еді.  Батыстың психологиялық прозасы негізінен, Ньютонның бір теңеуіне салып айтқанда, жоғарыдағыдай орыс әдебиеті алыптарының иығына шығып тұр. Шыққандықтан да ол Толстой мен Достоевскийлерден де жітірек, жіткірлік танытып, бүгінде алыс қиырларды шолып тұр. Әсіресе Стефан Цвейг, Вирджиния Вульфтерден басталатын Батыстың психологиялық реализмі бақылаусыз, ессіз, жанға қиналыс әкелетін құшырлы құмарлық тақырыбын ендігі жерде еркек пен әйелдің шеңберінен шығарып, одан әрі кеңірек жайды, адамның бойында ешқашан өзгермейтін сезім-тілектер бар екендігін көркем шындық әдісімен көзапара көрсетті. 

Бас кейіпкерлері адам өлтіре тұра тәубеге келмейтін Альбер Камюдің «Бөгде», Джеймс М. Кейннің «Пошташы қашанда екі рет қоңыраулатады» романдары, адам жанындағы ессіздік, есіріктік жын иелеріне, жеке (демонға) тізгін беретін Венедикт Ерофеевтің «Вальпургия түні немесе Командордың Адымдары» пьесасы сюжеті жиырылып-жазылып, сол аралықтарда рельефті адам характерлерін шеберлікпен сомдай отырып, жағымды кейіпкерлерге де, жағымсыз кейіпкерге де телігісіз ой қозғалысымен оқырманды екіұдайылық сезімінде қалдырады. 

Ал Роберт Шеклидің «Түнгі қорқыныш» әңгімесі мен Рональд Нокстың «Газды жарық» пьесасының негізгі идеясы – сананың өзгеріске түсу, құбылу формалары, осы негізде орын алатын психологиялық озбырлық пен манипуляция (газлайтинг). Американ жазушысы Джим Харрисонның «Кек» романының сюжеті «махабат үшбұрышының» қайғылы тарихына құрылса, венгр қаламгері Милан Фюшттің «Менің әйелімнің тарихы» романы әйелдің ерінің үстінен жүру себептілігін зерделейді. Француздың әйел жазушысы Карин Тюильт «Адами тірлік» романында тіпті тереңдеп және өзара «сұрғылтаймақтық» келісім фактісі бойынша өткен атышулы сот процесі негізінде әйел мен еркектің арақатынасының тұрақсыздыққа ұшырауын, сексуалды құмарлықтың көзсіздігін тереңінен қопарады. Біз бұл жерде тақырыпқа байланысты шығармалардың бір кесегін ғана келтіріп отырмыз. Қаламымыздан тыс қалғаны және кейін фильмдерге, телетоптамаларға арқау болғандары қаншама. Талай тамаша психологиялық триллер, нуарлық қылмыстық драмалар, нуарлық детективтер түсірілді. Оларды да санап шығу мүмкін емес, сондықтан бұл жерде жоғарыда келтірілген тізім ішінде «Газды жарық», «Кек», «Менің әйелімнің тарихы», «Адами тірлік» туындыларының желісімен түсірілген, бүгінде әлемдік кинематографтың таңдаулы өнімдеріне айналғандарын айтумен шектелеміз. Десе де, Джин Ханфф Корелицтің «Сен білуге тиіссің» романы бойынша режиссёр Сюзанна Бир түсірген «Кері айналдыру» телетоптамасы даралап айтуға тұрарлық. Күйеуі бар ашына әйелін балғамен ұрып өлтіріп, басын арашалап қалмақшы болып өтірік айтатын, бұлтаққа түсетін еркектің сот үстінде құбылуы туралы психологиялық триллердің нәзік психологизмі оқырманы мен көрерменін «кінәлі» – «кінәлі емес» дейтін дилемманың арасында соңына дейін елпең қақтырып ұстап отырады. Фильмнің негізгі моралінің бірі бір кейіпкердің аузымен былай тұжырымдалады: «Суық жүріске салыну адам пенденің әлсіздігі шығар, бірақ та адамды ұрып өлтіру – бұл енді хайуандық». Киносценарий да прозаға жатады, әсірессе көркем әдебиет голливудтік кино сценарийлеріне ығысып орын бере бастаған бүгінгі заманда. Кісі өлтірген қылмыстар тарихы бойынша түсірілген «Бір түні», «Баспалдақ», «Ессіздіктің аражігінде» телетоптамаларының сценарийлері, сірә, осы санатқа кіретін болар. Ал 1966 жылы түсіріліп, азғана уақытта қырық марапатқа ие болған француздың «Еркек пен әйел» киношедеврінің авторлары Клод Лелуш пен Пьер Уоттерховеннің ылғи да тәжікелесумен өтетін әйелдік және еркектік жаратылыс бастаулары суреттелетін сценарийін таза прозалық шығармаға жатқызуға болар еді деп ойлаймыз. Осы қалыптағы батыстық психологиялық прозаның (кинопрозаның да) өнбойында екі план, қос қабат үнемі тұтаса жымдасып жатады. Ол кейіпкерлердің, персонаждардың «романы», ширыққан сюжет және әлгі «романды», сюжетті жасау үдерісінен тұратын көркем шығармашылық әлемі. Басқаша айтқанда, бұл жерде өмірде бар шынайы барлық (ноумен) сол шындық пен ойдан шығарылған нәрселердің ұштасуына (феномен) айналады. Сонда адамның өмірі басы аяғына, төмені үстіне – трансцендентті биіктігі хайуандық төмендігіне түсіп, толық, толымды түрде көрінеді. Әлбетте, бұлай ету өте қиын, себебі трансценеденттілік танылмайтын, танымсыз универсум, барлықтың, болмыстың жұмбағы, ал бірақ батыстық туындыларда біз мұны анық бағамдаймыз, еуроамерикалық мәдениеттің үздік сапалық артықшылығының бірі де осы құдіретінде. Бұл туындылар жараның аузын қанатпай ашады, кейіпкерлердің эмоцияларын, олардың санасында жүріп жататын аса нәзік өзгерістер мен құбылуларды дәл суреттейді, әрқилы реңк, нюанс, обертон, интонациялық әуез арқылы түрлі ассоциация, сезінулер шақырады. Стефан Цвейгтің белгілі «Әйелдің 24 сағат өмірі» новелласындағы мына бір қайырымда еркектің психологиясы тап басып қандай жақсы ашылған десейші: «... и я обезумел от мысли унизить её... с этого мгновения я только и жил мыслью овладеть ею, вырвать стон из её жестких губ, видеть эту холодную, эту гордую женщину в порыве сладострастия..., это ведь не была похоть, в этом не было ничего сексуального, я говорю правду… только страстное желание победить ее гордость… стать её господином, как мужчина… Я видел сквозь платье ее голое тело…»

Сіздерді қайдам, ал өз басым жоғарыдағы сөйлемдерді оқып отырғанымда көз алдыма «ГастроОрталықтың» №1 виб-кабинасын елестеттім. Және әлденеге Мағжанның «Шолпанның күнәсі» бірден сарт етіп ойыма оралды. Сірә, Мағжан Стефан Цвейгтен бояу алған, көркем шығармашылықтың психологиясына тән құбылыс – рецепция, көркемдік қабылдаудағы классикалық тип, белгілі бір үлгіні өз мүддесіне қызмет еткізу мақсатымен идея, материал, мотивті саналы түрде эпизодтық еншілеу. Қазақ психологиясының көркем үлгілері, соның ішінде әйел адамның көлденең жүріс психологиясы аяусыз ашылған «Шолпанның күнәсі», «Ақбілек», «Қаралы сұлу» және «Сөніп-жану», қазақ абъюзерлігі жайлы «Қорғансыздың күні» секілді үздік туындыларымыздың дәл Цвейг заманында, Еуропада психологиялық проза кеңінен қанат жайған ХХ ғасырдың басында жазылуы әсте тегін болмаса керек. 

Өкініштісі, ұлттық әдебиетімізде ерекше қарқынмен басталған осынау модернизациялық үдеріс кейін, соцреализм тұсында өпірем күшпен тоқтатылды. Жұмекен Нәжімеденовтің «Ақ шағыл» романындағы Мәруа, Сайын Мұратбековтың «Күзгі бұралаң жол» повесі, Төлен Әбдіковтің «Оң қол» әңгімесі, Мұхтар Мағауиннің «Жармағы» және аталмай кеткен өңге де бірен-саран шығармалар – сол тоқтатылған, шегерілген, жалпы ұлттық психологиялық реализм түрінде өзгерген үдерістің шала жауған бұршақтай ұшқындары ғана. Енді міне, қоғамымыздың да, онымен бірге әдебиетіміздің де өз тізгіні өзіне тиіп, сөз өнеріміз әлемдік ұлы мұхиттың айдынына қайық түсірді. Уақыт басқа, қоғам да айтарлықтай өзгеріске келді, енді әдебиетте де кейіпкер өзгеруі, жаңа тұрпатты кейіпкер сомдалуы тиіс, деген пікір әбден жаны бар сөз. Біз мұны ыңғай өткен тарихымызға қалам тербей бермей, бүгінгі өмірге, онда болып жатқан күрделі жаңаруларға бет бұрып, боямасыз өмір шындығын көркемдік шындыққа, кітап шындығына айналдыру деп түсінеміз. Ғажап емес пе, сонау 1920- жылдардың аяқ шенінде біздің Сәбит Мұқанов қоғамда болып жатқан әлеуметтік метаморфозаларды өмірдің өзінен алынған уақиға негізінде зерттеп, тіпті бір ашық сот процесіне қоғамдық айыптаушы болып қатысып, тергеу-тексеру материалдарын қолға түсіре отырып, белгілі «Адасқандар» романын жазып шыққан. Мұның өзі батыстық белгілі хэнгаутпен мерзім жағынан өрелес, тіпті одан бұрынырақ дүниеге келген туынды. Осы орайда жазушыларымыз «Бишімбаев уақиғасы» секілді тарихтарға, бүгінгі күннің шындығына назар тіктеулері тиіс. Бұл уақиға өте жанды, олар дәл қазір, сәт сайын жанымызда, біздің көз алдымызда драмалық, трагедиялық сериалдар түрінде өтіп жатыр. Түптеп келгенде, Қуандық (Бегендік, Шегендік) – Салтанат (Шаттық) трагедиясы, ойдан шығарылмаған жандардың тағдыры бір жағынан алдымыздан ашылған жаңа фактологиялық материалды концептуалдық ой сарабына салу, осы тағдырлардың тасасында тұрған тарихи өріс, дәуірдің трансформациясы мен ыдырауын бағамдау, сол арқылы келешекке қандай күйде, түрде баратынымызды болжауымызға мүмкіндік береді. 

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар