Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ШЕБЕРХАНА
Максималар мен қоғамдық ойлар. IV бөлім...

30.07.2024 1204

Максималар мен қоғамдық ойлар. IV бөлім 14+

Максималар мен қоғамдық ойлар. IV бөлім - adebiportal.kz

Өзіңнен биік адамға еліктеудің еш сөкеті жоқ қой. Мұны жазуға төмендегі ойшылдардың жоталы түсініктері әсер етті десем, еш артық айтқандығым емес. Жалпы жазба әдeбиeттe афoристиканы жeкe жанр рeтіндe дамытқан Жан де Лабрюйeр мен Блез Паскальді, сондай-ақ Франсуа де Ларoшфукoны айрықша айтуға болады. Ларoшфукoның әйгілі максималары – әлемдік oйдың алтын қазынасы. Философиядағы апoфтeгма мен максималар, гнoма мен сeнтeнция сынды түрлі тәсілдерге  жазылған еңбектер есті оқырманды еш ойландырмай қоймайды. Осы бір   қысқаша ғана жанрға қалам тербеген мықтылардың қай-қайсының болсын қалам қуаты  бізді де шын ынтықтырған еді.  Ендеше әр жылдарда (дұрысы, осы он жылдың мұғдарында) қоғамдық көңіл күй ауанына байланысты жазылған әдебиет пен өнерге, әлеуметтану мен теологияға, саясаттану мен философияға қатысты  ойларымның төртінші бөлімін өздеріңізге  ұсынып отырмын, құрметті оқырман қауым! Қалған үш бөлігін порталымыздың алдыңғы сандарынан тауып алып оқуларыңызға болады.

***

Қытайдың Таң дәуірінде ғұмыр кешкен классик ақындарының бірі Бай Жуйдың шын поэзия нарқына  қатысты мынадай анықтамасы бар: «Өлеңнің басты мақсаты – күріштен палау басу емес, күріштен шарап ашыту». Поэзиядағы шынайы сезім мен алапат эмоцияны ақын осылай, шарап ләззатымен шендестірсе, ал жаны жоқ, механикалық машық есебінде жазылған үйінді сөзді  «палауға» теңейді. 

Енді бұдан да ащы ақиқатты айтайын... 

Ежелгі Рим ақыны Публий Овидий өзінің әйгілі «Тристиа» кітабында  «Поэзия мен қылмыс» деген сөзді тұңғыш қатар қолданады. Басқаны қайдам, мен мұның мағынасын тіптен басқаша түсінгендей болдым.

Публийдің сонау сақ дәуірінде ғұмыр кешкенін ескерсек, осы жердегі «қылмыс» ұғымы  халтура сөзінің дербес атауы табылып, әлі де әдеби айналымға түспеген мезеті болса керек. Поэзиядағы (дұрысы, кәсіби әдебиеттегі) халтураны «қылмыс» деп таныған мұндай биік талғамға қалайша шляпаңды шешіп, басыңды имейсің енді…

***

Авторитарлы қоғамда ақиқаттың құны тоғыз грамм қорғасын ғана…

***

Жете алмай жолда шаршап тұрғанымда,

Бір ғана елес берші, сәулем, көзге,

Аққуым айдын көлде жеке жүзген

КӨҢІЛІМДЕ КӨЛЕҢКЕМ ЖОҚ СЕНЕН ӨЗГЕ...

А.Затаевич 1925 жылы алғаш Ахмет Байтұрсыновтың ауызынан жазып алып нотаға түсірген «Қаракөз» (ІІ) деп аталатын осы бір әндегі біз бас әріптермен берген төртінші жолды оқығанда көңілім айран-асыр болды. 

Дүниені бір-ақ ауыз сөзбен бүктей салатын алапат сезімдер болады десек, мен осы бір өлең жолын сол санатқа еш ойланбастан жатқызар едім. Біреу қақ төбемнен қойып қалғандай, бұл өлең жолына бірнеше күн бойы есеңгіреп жүрдім де қойдым. 

«КӨҢІЛІМДЕ КӨЛЕҢКЕМ ЖОҚ СЕНЕН ӨЗГЕ...» Япырай, көзге жас үйірген осындай да шүбәсіз ынтызарлық болады екен-ау дедім. 

Біз әуезе етіп отырған осы жердегі «көлеңке» ұғымын мынадай екі түрлі мағынада қарастырсақ болатын секілді. Біріншісі, өлеңнің тура мағынасында баяндалып тұрғандай ғұмырдың көлеңкелі сәттерінде сенен өзге көңілімді торлаған ешбір уайым жоқ деген ұғымға сайса, екіншісі, ғашықтықтың шіліңгір аптабы мен ыстығында басымды саялатар мәуелі бәйтерегім мен көлеңкем тек өзің ғанасың, енді қандай қиямет болсын бір бейнеңді елестетіп қана жаныма сая табамын деген ұлы жұбанышты көреміз. 

Ал әннің қайырмасына келсек, бұл адам — сегіз жыл бойы сергелдең мен сүргінде жүрген тағдырлы тұлға.

Ақсұңқарым, жібегім

Жалғыз сенде тілегім.

Сегіз жылдай сергелдең

Бір сені ойлап жүдедім...

Сол шеккен тауқыметі мен көрген көрешегінің бәрі жоғарыдағы «Бір ғана елес берші, сәулем, көзге...» тілегінің қасында еш ілдебайға жарамай қураған жапырақтай саудырап табанында қалады.

Құдайым-ай, мұндай ынтызарлықты қалай түсінуге, қалайша оқырманға тәпсірлеп беруге болады екен? 

***

Өзіне қол қатқан деген не тәйірі... 

Жұлдызы жарқыраған алқаракөк аспанның түнгі самалын сөз етпегенде, алыстан талығып жеткен иттердің әупілінен-ақ  ләззат алып, өмірді өлердей сүюіңе болады ғой.

***

Чарлиз Дарвинді оқымауымыз бен ұнатпауымыздың ар жағында жаратылыс заңдылығын айтпағанда, шындықтың көзіне тура қарай алмай тайсақтауымыздың үлкен үрейі мен дүмшелігі жатыр.

*** 

Мейлі көне грек, әлде төл түркінікі дейсіз бе, құдайлардың бәрі үрейден туған…

***

Сіз қазіргі болып жатқан қай әділетсіздікке қарсы келіп, оның қай қиындығына төзіп, жел жағына шықтыңыз?

Бұл – қазақтың мықтылығын өткен өмір, өлген ата-бабаңмен емес,  тек өзіңмен ғана өлшеудің қарапайым ғана сауалы ғой.

***

Зорлау – ер мен әйелдің  екеуара  либидолық зомбылығы емес.  Бұған  жоғары басшылықтың  өзің  ұнатпайтын  іске  (қатаң)  мәжбүрлеуі де жатады. 

Бұл жағынан келсек, біз күнде зорланамыз десек те болады.

***

Коммунистік жүйе   жын мен шайтан бірігіп  мың ойланса да таба алмайтын алапат тәсіл.

***

Дін мен әдебиет біріне-бірі қатты ұқсап кетпеуі керек. 

Құрғақ моральды айтпағанда, ойдың жұтаңдығы мен қиялдың қайыршылығы дейсіз бе – бәрі-бәрі осыдан келіп шығады.

***

Кәсіби философияны меңгергенде,  сана  дәлдік нүктеге  ғана негізделеді. Мұндай дәлдікте көпірме сөз бен эмоцияға ешқандай орын жоқ. 

Сол кезде сіз  ассонас пен аллитерация секілді тәсілдерді алаяқтардың гипнотерапия ретінде пайдаланып, ақымақтарды жаппай жусатып отырғанын жан дүниеңмен түсінесің.

***

Қазақтың қазіргі сүреңсіз жағдайына дәрігерлер мен мұғалімдердің, сондай-ақ студенттердің де «сіңірген» еңбегі зор. Бұл, бір жағынан, аталған топ мүшелерін саяси корпустың еш таптырмас әкімшілік ресурс көзі ретінде пайдаланатын әпербақандығынан да шығады. 

Әділетсіз қоғам қалай десек те әділетсіз сайлау нәтижесінде пайда болады емес пе? (Ендеше президенттік әм парламенттік сайлауға осы топ мүшелерінің қосатын үлесі мол).

Осы жағынан келсек, біздегі мектеп пен университет оқытушыларын «қастерлі мұғалім» деген киелі мәртебеден гөрі (әсіресе директорлар мен декандарды) жоғары биліктің қызыл көз орындаушылары дегенге көбірек саяды. Француз ойшылы Мишель Фуко «Надзирать и наказывать: Рождения тюрьмы» атты өз еңбегінде авторитарлы қоғам табиғатын сипаттай келіп былай дейді: «Білесіз бе? Билік, ең алдымен, мектептерде, ауруханаларда, оқу орындарында және түрмелерде жүреді. Түрме — билікті жүзеге асыру үшін ең тамаша кеңістік». 

Қателеспесем, осы Фуконың «мектептер мен балабақшалар да түрменің кішігірім бөлімшелері» деген тым ащы пікірі бар. Рас қой енді. Авторитарлық қоғамдағы білім беру методологиясындағы бұл тәсілді еш жалған дей алмасымыз анық.

БІЗДІҢ БІЛІМНЕН НАМЫС ПЕН МҰРАТ, АР МЕН ҰЖДАН НЕГЕ ШЫҚПАЙДЫ?

НЕГЕ ҚОҒАМДАҒЫ КЕЗ КЕЛГЕН ӘДІЛЕТСІЗДІКТІ МАҢДАЙҒА ЖАЗЫЛҒАН ПЕШЕНЕ ДЕП БЕЙ-ЖАЙ ОТЫРА БЕРЕМІЗ?

Мұның басты себебі ғылымның саяси идеологиядан дербес бөлініп кете алмауында болып отыр. Ал идеология болса, бейсаналы түрде әрбір оқушы мен студенттің ерік-жігері мен ой-қиялын тежеп, стандартты адам ретінде «тәрбиелеуге» таптырмас тәсіл екендігі белгілі. Жалпы ғылымға билік еш араласпауы керек. Араласқан екен, аталған елдің  обалына қалып, болашағына балта сілтейді.  

Неге білім билік манипуляциясынан ада болуы керек? 

Себебі қоғамның жедел оңалуы, сондай-ақ қиянатқа қарсылықтың бәрі осы тәуелсіз білім мұратынан шығады. Хакім Абайдың «Қайғы шығар ілімнен, Ыза шығар білімнен» деген ұлы танымы да, міне, сол кезде ғана салтанат құрады.

***

Ауылды жырлау...

Бұған бір ғұмырын пеш түбінде қор еткен көнбістік пен мешеу таным иелері де жататын шығар. Әлде көк езу пафостың көңіліне қаяу түсіріп алмау мүшайраның ең басты мұраты ма?

***

«Біз аз білеміз әрі үйренуге жоқпыз, сондықтан да өтірік айтуға тура келеді» депті Фридрих Ницше. 

Өтіріктің табиғатын, жасандылықтың жүзін қан жоса қылып әшкерелеудің бұдан артық ешқандай анықтамасы жоқ.

                                                                                             (жалғасы бар)


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар