Абай айтқандай «құлақтан кіріп бойды алатын» әуенді де асқақ, жақсы әннің бірі «Жас қазақ» екенін білеміз. Осы әнді соғыс кезінде, ұрыс майданында жас композитор Рамазан Елебаев шығарыпты деген сөзді де жұрт естіген. Бірақ, «Жас қазақтың» қашан, қалай және қандай оқиғаға байланысты туғанын білушілер аз. Сондықтан осы әннің шығу жайын айту қажет сияқты.
Ең алдымен, композитор Рамазан Елебаевтың өзі туралы бір-екі сөз.
Соғысқа дейін мен Рамазанды Алматыда сырттай көріп жүрдім. Бірақ, бір-бірімізбен танысып, сырлас болған адамдар емеспіз. Онымен алғаш рет Москва түбінде, Ново-Никольский деп аталатын селода, мата тоқу фабрикасының клубында таныстық. Ол былай болып еді.
Москва түбінде фашистік басқыншыларға қарсы жүргізілген сұрапыл соғыстарға екі айдай үздіксіз қатысқан біздің дивизия 1941 жылғы декабрь айының 16-нда демалысқа шықты. Біздің полкіміз демалу үшін Нахабино селосына орналасқан еді. Бұл арада біраз күн тұрдық та кейіннен Ново-Никольский селосына көштік.
...1942 жылғы январь айының 7-сі. Таң жаңа ғана біліне бастаған мезгіл еді. Комиссия мүшелерінен Балтабек Жетпісбаев (полктағы комсомол бюросының секретары), Александр Данилов үшеуіміз кезекші болып отырмыз, жаңадан келген жігіттерді күтудеміз...
– Уа, бауырым, амансың ба? – деп ұзын бойлы, танауының астына ғана қойған мұрты бар, ашаңдау келген ақсұр жігіт маған қол берді. Бірден тани кеттім. Рамазан Елебаев екен. Құшақтаса көрісіп жатырмыз. Сол жерде мен оны Балтабек пен Даниловқа таныстырдым.
– Бұл жігіт белгілі композитор, – деп жатырмын. Және Рамазанға қарап: – композиторлық қару-жарағыңыздың қайысын ала келдіңіз? – дедім.
– Алты тілді гармоным бар. Жігіттердің ішінде домбырасын ала келгендер де кездеседі.
– Сізді полктың қай батальонына бөлді?
– Әзір комиссиядан өткен жоқпын, – деді Рамазан.
– Бұл композитор жолдасты полктың қай бөліміне жіберу мәселесін комиссияның председателі шешер, – деді Данилов, – оған дейін, Елебаев жолдас, демала тұрыңыз.
Жаңа келген жігіттерді комиссия қабылдап, батальондарға жіберіп жатыр. Ал Рамазан екеуіміз бір бұрышта әңгіме соғып отырмыз.
...Рамазанмен әңгімелесіп отырғанда комиссияның бөлмесіне Бауыржан Момышұлы келіп кірді. Ол өткен айда біздің полкке полк командирінің орынбасары болып келген. Қазір ол жаңа келгендерді қабылдайтын комиссияның председателі еді. Біз оны әскери тәртіппен қарсы алдық. Мен оған Рамазанды таныстырдым.
– Жолдас капитан, – дедім, Баукеңе, – мына Рамазан Елебаев жолдасты білетін боларсыз. Талантты жас композитор, былтыр Москвадағы Театр өнері институтының композиторлар даярлайтын бөлімін бітірген, шығарған әндері де бар...
– «Жолдастар», «Қазақстан», «Қуаныш» дейтін әндердің авторы емессіз бе? – деді Бауыржан.
– Иә, солай.
– Сізді бұрын көрмесем де әндеріңізді білем. «Жолдастар» былай айтылатын еді ғой, – деп Баукең, ән әуенін ыңылдап айта бастады. – Жақсы ән. Жарайды, жаумен соғысу үшін майданға келгеніңіз құптарлық іс. Енді әдемі әндеріңізді автомат пен пулемет арқылы да орындайтын болыңыз, – деп күліп қойды.
– Е, онда сөз бар дейсіз бе? – деп Балтабек қостап жатыр.
...Ертеңгі сағат он шамасында комиссия отырған бөлмеге полк комиссары Мұхамедьяров келді. Біз оған Рамазан жайын баяндадық. Комиссар Рамазанмен біраз әңгімелесті. Содан соң: «Елебаев жолдасты менің қарамағыма қалдырыңыз», – деді ол Даниловқа.
Сол күннен бастап Рамазан полк комиссарының секретары болып жұмысқа кірісті. Анда-санда онымен кездесіп қалғанда:
– Қалай, Рамазан, осында келгелі қанша ән шығардыңыз? – деп қалжыңдаймыз.
– Бір де ән шығарған жоқпын, – дейді ол. – Ән дегеніміз халықтың тарихында, жеке адамдардың өмірінде болған елеуі оқиғалардан туады. Және адамның жан жүйесін, ой сезімін тебіренткен оқиғаларды әнге айналдыру үшін көп ізденіп, көп толғану керек. «Әу» дегеннің бәрі әдемі ән болып шықпайды.
– Бұл айтқандарыңыздың бәрі де дұрыс шығар. Бірақ, қазір бізге керегі жақсы ән, – дейміз. – Олай болса, бүкіл совет елі мақтаныш етіп отырған панфиловшылар туралы бір ән шығарып беріңіз. Ол әніңіз әдемі де асқақ болсын. Халқымыздың ерлік рухын, гвардеецтердің батырлық бейнесін беретіндей болсын.
– Осы тілектеріңізге мен де қол қоямын, – дейді Рамазан. – Жақсы ән бола ма, әлде нашарлауы бола ма, оны болашақ көрсетер. Әуелі жауынгерлердің ерлігін өз көзімізбен көрейік те сезінейік, содан кейін бірдеме туар...
Бірақ, Рамазанның осы айтқан «бірдемесі» Ново-Никольскийде тұрған кезімізде туа қойған жоқ. Өйткені жаңа да жақсы ән шығару үшін композиторға уақыт керек, жағдай керек екен. Ал, мұндай мүмкіндік онда болмады, уақытының көбі күнделікті жұмыспен өтіп жатты.
...Манадан бері Рамазанның әңгімесін зейін сала тыңдап отырғандардың бірі автоматчик Төлеген Тоқтаров орнынан тұрды да менің қасыма келді. Бір сұрауы барын айтты. Сондағы сұрағаны:
– Әдемі ән ерліктен туа ма, әлде әдемі әннен ерлік туа ма? – деді.
– Өзің қалай деп ойлайсың?
– Менің түсінуімше, – деді Төлеген, – әдемі әннің шығуына әйгілі ерлік себепкер болуы керек. Ерлік болса ән туады, ал ән қанша әдемі болғанымен де айтулы ерлікті тудыра білмеуі мүмкін.
– Төлегеннің бұл айтқаны дұрыстыққа келеді, – деді Рамазан. – Әдемі ән үлкен оқиғадан туады. Сондай әнді шығару міндетін мен алайын, бірақ оның тууына себеп болатын ерлікті сіздер алыңыздар.
– Болсын, бұған біз де келістік, – деп Төлеген күліп қойды.
Осындай әңгімемен отырғанда түн ортасы ауып кетіпті. Жігіттер демалуға кірісе бастады. Әлден уақытта бір кішкентай разъезге келіп жеттік.
...Ротама қарай бара жатыр едім, соңымнан Рамазан қуып жетті. Екеуіміз әр нәрсені айтып, сөйлесіп келеміз.
– Мені, – деді ол, – соңғы кезде Төлегеннің ерлігі мен өмірі қызықтырып жүр. Онымен Алматыда бірге болдық, майданға бірге келдік, аз күн болса да соғыс дәмін бірге татыстық қой. Содан болу керек, оның қылық-мінезі, жүріс-тұрысы, адамгершілігі, бауырмалдығы ойымнан да, көз алымнан да кетпейді. Кішкентай кеудесіне үлкен жүрек қалай сыйып тұр деп те қоям. Батырлығы мен ерлігіне бас иемін де, таң қаламын. Ғажап қой.
– Бұл айтуларыңа қарағанда бірдеме шығармақсың-ау.
– Иә, дәл солай. Төлегеннің адамгершілік, ерлік бейнесін елестететіндей бірдеме жазғым келеді. Онда бір Төлеген емес, Төлеген сияқты ерлік жасаған талай жастардың батырлық тұлғасын көрсетсем деп ойлаймын.
– Ойың да, талабың да өте жақсы екен, құптарлық іс. Айтпақшы, сен Төлегеннің қандай ерліктер жасағанын, қандай жағдайда қаза болғанын білесің бе?
– Аздап мағлұматым бар. Төлегеннің жауынгер жолдастарымен, әсіресе, оның қазасын өз көзімен көрген Жұмажан Батталов, Василий Тимонин, Іңкәрбала Иманбековпен әңгімелестім. Бұлардың айтқанына өзің не қосар едің?
– Олардың саған не айтқанын естігем жоқ қой, ендеше не қоспақпын?
– Олай болса сен маған Төлеген туралы, оның ерлігі жайында білетіндеріңді толығынан айтып бер. Мұны мың адам айтса да мен үшін керек, қымбат материал, көптік етпейді.
Сол күні кеште мен Рамазанға Төлеген туралы білетінімді, көргенімді айтып бердім. Әңгімені ол өте зейін сала тыңдады. Көптеген сұраулар беріп, болмашы бір жайларды анықтай түседі. Төлеген ұрысқа енер алдында, ұрыс үстінде, ұрыстан кейін қандай күйде болушы еді? – деп психологтарша сұрау қойды.
– Мұның бәрін қайтесің?
– Өте қажет. Ән дегеніміз адамның ішкі сезімін де білдіруі керек. Олай болса, мен Төлегеннің қай жағдайда қандай күйде болатынын білуге тиістімін. Оны білмесем батырдың ерліктерін, қуанышы мен күйінішін айтып жеткізе алмаймын. Түсінікті ме?
– Түсінікті. Ал, Төлеген туралы шығармаңа қашан кірісесің, қай кезде дайын болады?
– Мен қазір ой үстіндемін, ойланып жүрмін. Төлеген туралы болашақ әнімнің кейбір әуені ғана бар сияқты. Бірақ, тұтас күйінде дүниеге келер мезгілін, қай кезде дайын боларын айта алмаймын. Мұның үстіне әнмен отыратын уақыт та жоқ қой.
– Қатарымызға қосылған күніңнен бастап, «әдемі ән шығарып бер» деген тілекті саған сан рет айтқан едік қой. Төлеген туралы шығаратын әнің сол тілегіміздің жауабы болар?
– Жоқ, олай емес. Ол тілектерің есімде, амандық болса оны кейін орындаймын. Ал, Төлеген туралы ән шығару керек деген ойға февральдың оны күні келдім. Сол күні мен қасыма үш жолдас алып Бородиноға бардым, Төлегеннің жас қабірінің басында болдым. Бір кішкентай төмпешіктің астында жас арыстан, батыр інім Төлеген жатыр дегенге сенгім келмей, сол жерде көп тұрып қалыппын. Қасымдағы жолдастарым «кеттік» демесе, Төлегеннің қабірі басында ұзақ тұрып қалады екем. Жас қабір мені қатты тебірентті, «батыр інім, сені мәңгі есте қалдыру үшін алдағы бір әнімді өзіңе арнаймын» деп ант еттім. Осы әнім ойдағыдай болып шыға қалса, «Жас қабір» деп атаймын.
– Әуелі әдемі ән келсін деп тілейік, ал оны қалай атауың қиын болмас. Бірақ «Жас қабір» деген ат маған ұнамайды. Әнің қабір туралы емес, батыр туралы ғой. Ендеше, әнің адамға байланысты аталуы керек.
– Жарайды, бұл да есте болатын ақыл екен. Шынымды айтайын: жатсам да, тұрсам да, жүрсем де ойымнан Төлеген кетпейді, ол мені толғандырып жүр...
– Батыр туралы әніңнің әдемі де әйгілі болуына тілектеспін.
– Рахмет.
...Арада біраз уақыт өтті.
Кешкілік кез еді. Балтабек, Бақтияр үшеуіміз барлаушылар взводына қарай бара жатыр едік, Рамазан мен Ербатыр кездесе кетті.
– Сүйінші, – деді Ербатыр.
– Аузыңа май, қалағаныңды ал, – дестік. – Иә, нендей жаңалық әкелдіңдер?
– Жаңалығымыз: ән әкелдік, – деді Ербатыр. – Мына Рақаңның көптен бері толғанып жүретінін білуші едіңдер ғой, бүгін ол ұл тапты. Төлеген туралы ән дүниеге келді.
– Уа, қайырлы болсын, құтты болсын, – деп жатырмыз. – Кәне, бұл әнді тыңдауымыз керек қой. Барлаушылардың «кең сарайына» барайық.
Бақтияр бастаған жер үйі әрі кең, әрі биік болатын және кешкісі электр жарығы үзілмейтін. Сондықтан да жігіттер бұл үйді «кең сарай» деп атайтын. Бәріміз сонда бардық. Рамазан гармонын, Ербатыр домбырасын ала келген.
– Ал, ағайындар, жаңа Ербатыр бәріңді қуантып сүйінші сұрады ғой, сол дүниемді алдарыңа алып келдім. Тыңдаңдар, – деп Рамазан қолына гармонын алды.
Біз тыңдай қалдық. Ән баяу үнмен басталып, қоңыржай да салмақты түрде өрбіп барады. Келесі сәтте алғашқы әуен байсалды қалпынан кенет өзгеріп биікке көтеріледі, самғай жөнеледі. Осылай шарықтаған ән бара-бара жан жүйеңді шымырлата бастайды, тұла бойыңа мұң мен қайғы сезімі енгендей болады. Содан өмір мен өлім таласқандай, кең тынысың тарылып, басыңа қатерлі қауіп төнгендей халге жеткізеді, көз алдыңда өмір үшін ақтық демі біткенше алысқан алыптың асқақ тұлғасы, қаһарлы күші елестейді.
Рамазан аса бір шабытқа келіп, гармонын аңырата тартып отыр. Екі самайынан аққан теріне де қарар емес. Ал біз болсақ, ұйып қалыппыз. Әрқайсымыз терең ойға кеткендейміз.
– Апырау, мынауың ғаламат ән ғой, – деді Балтабек, Рамазан гармонын тоқтатқан кезде.
– Иә, керемет екен, – деп Рамазанға құтты болсын айтып, қуанышымызды білдіріп жатырмыз.
– Берген бағаларыңа көп рахмет. Мақтанғаным емес, – деді Рамазан, – бұл әнім өзіме ұнайды, ойдағыдай шыққан сияқты. Рас, қайырмасының жетпей тұрған жері бар, әлі де өңдеймін, түзеймін ғой. Гармонь мен домбыраға, баян мен аккордеонға да салып көрдім, бәріне де келетін секілді.
– Бұл әннің сөзі бар ма?
– Сөзі әзірге жоқ, тек үні бар. Бірер күнде сөзін жазамын.
– Рақа, осы әніңді шығаруыңа қанша уақыт кетті.
– Екі айдан аса қиналдым ғой. Әннің алғашқы жолдары Төлегеннің жас қабірін көргенде-ақ туып еді. Бірақ, сол жолдардың жалғасын көп іздедім, күні-түні ыңылдаумен жүрген кездерім де болды.
– Әнің әдемі екен, – деді Бахтияр. – Батырдың ерлік тұлғасын беріпсің.
– Ал бұл әннің атын не дейміз? – деді Балтабек.
– Рақаң осыдан біраз уақыт бұрын Төлегенге арнаған әнімді «Жас қабір» деп атаймын деген еді, – дедім. – Сонда да айтқам, қазір де айтайын: «Жас қабір» деген келісті атау емес. Сондықтан, бұл әнді майданда ерлік жасап, халқының даңқын шығарған ескерткіш етіп, «Жас қазақ» деп атағанымыз жөн.
Бұл атауға Рамазан да, басқалар да қарсы болмай, құптау айтты. Совет Одағының Батыры Тоқтаров Төлегенге арнап композитор Рамазан Елебаев шығарған ән сол күннен бастап «Жас қазақ» атанып кетті.
– Айтайын деген ойымды, – деді Рамазан, – әніммен білдірдім. Енді мұның өлеңін де өзім жазып көрейін. Бұған дейін шығарған кейбір әндерімнің өлең сөзін жазғаным бар еді.
Бір-екі күннен кейін «Жас қазақтың» өлеңі де дайын болды. Авторы Рамазанның өзі. Өлеңді оқып шықтық, қазақтың он бір буынды қара өлеңі үлгісінде жазылған екен. Өлеңдік қасиеті, адам сезіміне әсер ету жағы жетіспейді екен.
– Рақа-ау әдемі де әсерлі әніңе жазған мына өлеңің әлсіз ғой, адамға әніңдей әсер етпейді екен, – дестік.
– Қолдан келгені сол болды.
– Ендеше, бұл өлеңді жөндеп редакциялау керек. Бұған Бахтияр көмектессін, бәлкім, жаңа текст жазар.
Бахтияр жаңа текст жазуға келісім білдірді. Ал, Ербатыр екеуіміз Рамазан жазған тексті өңдеп, редакциялаған болдық. (өкінішті бір жай «Жас қазақтың» Рамазан жазып, басқамыз өңдеген өлеңін ұмытып қалыппын, қазір ол есімде жоқ). Біраз уақытқа дейін «Жас қазақ» сол текст бойынша айтылып жүрді.
...Уақыт өте берді. 1943 жылдың январь айында дивизияға Қазақстаннан бір топ артист, мәдениет қайраткерлері келді. Олардың ішінде белгілі жазушымыз Ғабиден Мұстафин, Қазақстанның халық әртісі Жүсіпбек Елебеков бар екен.
Ғабиден мен Жүсіпбек Рамазанның майданда шығарған ән-марштарын тыңдайды. «Жас қазаққа» жоғары баға береді. Сол жерде олар «Жас қазақты» Рамазанның өз орындауынан жазып алады. Оны майдандағы жігіттердің сәлемдемесі ретінде туған елге алып қайтады. Әннің жаңа тексін Ғабиден жазып береді.
1943 жылдың февраль айында жоғары бастықтардың бұйрығы бойынша мен панфиловшылар дивизиясынан басқа бөлімге ауысып кеттім. Мұндайда майдан өмірін бірге өткізіскен жолдастармен қоштасу қандай қиын. Жолға шығар сағаттарда Рамазан маған сәт сапар тілей отырып:
– Қош бол демеймін, кездесіп көрісер күн алда деймін, жеңіс күні қуанышпен құшақтасатын болайық. Сол күні бәріміз шалқыта салатын жаңа бір әнді ала келу менің міндетім болсын, – деген еді.
Содан кейінгі уақытта Рамазанмен хат алысып тұрдық. Ол өзінің және дивизиядағы жолдастардың не істеп жүргенін жазып тұрды. Бір хатында: «жақында (бұл 1943 жылдың декабрь айының іші болса керек) дивизиялық өнерпаздар бригадасы таратылды, мен өз полкыма, бұрынғы санинструкторлық қызметіме қайта келдім» депті.
1944 жылдың көктемінде панфиловшылар дивизиясы тағы да шабуылға аттанады. Ново-Сокольники деген қаланың тұсында қатты шайқастар болады, оған Рамазан да қатысады. Ұрыстың аса бір ауыр кезінде алдыңғы шепте жауға қарсы атой салушылардың қатарында бара жатқан Рамазанның қасына жаудың минасы түсіп жарылады. Сол жерде Рамазан ерлікпен қаза болады. Бұл 1944 жылғы апрель айының оны күні еді.
...Рамазан Елебаев. Бұл есім – Отан соғысы жылдарында басқыншы жауға қарсы сан рет қолма-қол ұрыстарға қатысып, тамаша ерліктер жасаған ардагерлердің қатарында тұр. Біздің халқымыз Рамазанды Отанның солдаты, екі рет «Қызыл Ту» орденімен наградталған жауынгер деп қана еске алмайды. Оны майданның әрқилы жағдайында, от пен оқтың арасында жүріп совет адамдарының ерлік тұлғасын бейнелеген ән-марштардың, әсіресе, «Жас қазақтың» авторы деп еске алады. Біз «Жас қазақты» Совет Одағының Батыры Төлеген Тоқтаровпен қатар Советтік Отан үшін құрбан болған жастарға, соның ішінде композитордың өзіне орнатылған ескерткіш деп білеміз. Мұндай ескерткіш мәңгі сақталады, өмір бойына ұмытылмайды, еске түсірген сайын жаңарып, жарқырай береді.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.