Өткен аптада ҚР Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің Шекара академиясында философия ғылымдарының докторы, профессор Күміс Молтобарованың мемлекеттік бағдарламамен орыс тілінде жарық көрген «Режиссер Әзірбайжан Мәмбетов феномені» атты кітабының таныстырылымы болды.
Ғалия Байтөре: Ғылым және өнер қайраткерлері мен Шекара академиясының ұжымы, офицерлер бас қосқан жиынды аға оқытушы, майор Ә.Әділгерей жүргізді. Жиынды ҚР ҰҚК Шекара академиясының бастығы, профессор, генерал-майор П.Поливанов құттықтау сөзбен ашып, бұл шараның маңызына тоқталды. Содан кейін ҰҚК академиясы бастығы, генерал-майор А.Мұқашев екеуі кітап лентасын қию рәсімін жасады. Хас өнерімен халқына қалтқысыз қызмет етіп, қазақ театр өнерін әлемдік деңгейге көтерген көрнекті режиссер Ә.Мәмбетовтің шығармашылығын мәдениеттанушылық-философиялық жазықтықта қарастыратын кітап туралы әдебиет және театр сыншысы Ә. Бөпежанова, заң ғылымдарының кандидаты, генерал-майор Ш.Отарбаев, көрнекті сценограф Е.Тұяқов, ҚР Жоғары білім және ғылым комитеті философия, саясаттану, дінтану институты философия орталығының директоры, философия ғылымдарының докторы, профессор С. Нұрмұратов, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының театр және кино бөлімінің меңгерушісі, өнератану кандидаты А.Мұқан, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің философия кафедрасының меңгерушісі, философия ғылымдарының кандидаты Ә.Құранбек, осы университеттің философия-саясаттану факультеті деканының орынбасары, философия ғылымдарының кандидаты Ә.Өмірбекова, тағы басқалар Ә.Мәмбетов шығармашылығы және осы шығармашылықтың түп-қайнары тұлғалық болмысына, ерекшеліктеріне жан-жақты тоқталды. Жиын соңында автор К.Молтобарова бұл кітапты жазуға қалай келгенін және қалың оқырманға да берер тағлымы туралы әңгімеледі. Арнайы көрме қойылып, Ә.Мәмбетов туралы бейнеролик көрсетілген жиын мазмұнды өтті және мұндай рухани шаралардың қажеттілігін де байқатты.
Ә.Мәмбетов өнері философиялық контексте
Әлия Бөпежанова: Философия ғылымдарының докторы, профессор Күміс Молтобарованың ғылыми шығармашылығымен бұрыннан таныспын. Менің ойымша, ол мәдениеттану ғылымына саналы түрде және түрен сала келген ғалым. Оның «Әзірбайжан Мәмбетов феномені» еңбегі, бір есептен, ұлттың өзін-өзі тану, зерделеу, әлемдік контексте қарастырудың, бұл ретте философиялық парадигмада зерттеудің сәтті тәжірибесі деуге болады. Көрнекті театр режиссері, реформатор Әзірбайжан Мәмбетовтің қазақ мәдениеті мен өнері, Қазақстан руханиятындағы орны ерекше болды. Оның спектакльдері туралы өнертану тарихында, сынында жазылған. Алайда Мәмбетовтей тұлға үшін ол аз. Мәмбетовтану - өнертану ғана емес, ол - адамтану, өміртану, әлемтану. Осы реттен алғанда Әзірбайжан Мәдиұлымен Республика Театр қайраткерлері одағында көптеген жылдар қызметтес болған К.Молтабарова оның шығармашылығын және осы шығармашылықтың түп-қайнары тұлғалық болмысын, сондай-ақ Мәмбетов тұлғасының қазақ және әлемдік мәдениеттегі орнын айқындауда үлкен еңбек жасаған. Кітапта саналы ғұмырын адамзат қоғамының өмір ағысын, болмыстың көкейкесті мәселелерін шынайы да салиқалы бейнелеудің керемет мүмкіндігіне ие театр өнеріне арнаған Мәмбетов өмірі мен өнерінің жасампаздық қасиеттері және оның бүгінгі тәуелсіз Қазақстан елі үшін мәні мен маңызы менмұндалайды. Бұл тұста К.Молтабарованың өмір мен өнердің теңұлылығын шығармашылығымен дәлелдеген режиссерден алған үлкен тағлымы да байқалмай қалмайды. Кітаптың маңызы үлкен бір қыры – режиссер шығармашылығын әлемдік контексте, әлемдік ғылыми парадигмаларда қарастырып-зерттеуі, ол үшін Мәмбетов тұлғасы мен шығармашылығын жақын және алыс шетел сахна шеберлерінің шығармашылық қызметімен салыстырмалы түрде қарастыруға ден қоюы. Режиссер өнерін мәдениеттанушылық өлшемде қарастыратын автор көрнекті тұлғаның адамға деген ізгіліктік, құндылықтық қарым-қатынас қырынан мәденифилософиялық тұрғыдан зерделейді. Оның парадигмадасында Ә.Мәмбетов өнері оқиғалардың бейнесі болып та және сонымен қатар көрнекті режиссер рухани әлемінің ішкі ахуалы туралы баян болып та шығады. Ғалым Ә.Мәмбетовтің өз космосы мен әлемдік деңгейдегі өнер космосының үйлесімі талдап, оның бүгінгі ұрпақ үшін тағылымын жан-жақты тілге тиек етеді. Ал, мұның бүгінгі білім мен руханият үшін ерекше маңызы бар. Өйткені, бұл жаңа білім – алдағы уақытта осы күрделі тақырыпты әр қырынан талдай түсуге жетелейді және осы бағыттағы зерттеулердің ауадай қажет екенін көрсетеді.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.