Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СЫН
Мамонттарға апаратын жол...

23.10.2018 3997

Мамонттарға апаратын жол

Мамонттарға апаратын жол - adebiportal.kz


(ақынның автопортретінен бір үзік ой)

«Мамонттарға баратын жол». Поэма осылай аталады. Неге ақын басқа бір жақтарға, үлкен бір мұраттарды, мақсаттарды көздейтін биіктерге емес, мамонттарға баратын жолды ғана таңдаған? Жалпы Өтежан ақынның осы шығармасының болмысы поэма сынды поэтикалық, эпикалық жанрдың табиғатын ақтап тұр ма өзі деген сұрақ әркімнің көкейіне оралса, таңғалмаңыз.

«Поэма ма? Баллада ма? Я бір жұмбақ жанр ма, я, немесе, ашымаған, шала иленген қамыр ма? Не десең де... Жартасымды жарып шығып жатыр ән, көптен бері тереңдегі сыймай жүрген запыран...» Міне, сұрағымызға – жалғыз жауап осы. Және қандай жауап! Ешкім бұлайша ойын айқара ашып айтпаған, шындығы шырқыраған жауап. Бұдан әрі ақынның бұл шығармасынан поэма дейтіннің дәстүрлі шарттылықтарын іздеп әуре болудың қажеті шамалы. Ақын өз тереңіндегі сыймай жүрген запыранын – өмір, тіршілік, пенделік ойларының арпалысын түйдек-түйдек айтып, кесек-кесек турап өз әлемінің ішіне қарай бастайды. Мамонттарға баратын жолға қарай бастайды. Бәрімізге мәлім, мамонт – бес миллион жыл бұрын өмір сүріп, біздің заманымыздан он мың жыл бұрын жер бетінен жойылған піл тектес, қазіргі піліңізден екі есе ірі жануар, жаратылысы адамзатқа әлі күнге дейін жұмбақ тіршілік иесі. Ақынға мамонт осы ірілік сипатын поэтикалық, пәлсапалық образға айналдыруға қажет болған сияқты, сияқты емес-ау – СОЛАЙ! Басқасын қаперге алмағанның өзінде адам болып өмір сүрудің өзі – ірілік. Ақын осы ірілікті іздейді, өз жолынан, өмірдің ию-қию қозғалыстарында өзімен жолдары қиысқан басқалардың жолынан іздейді!

Мамонттарға апаратын жолының басында ақын «мен барамын жырымменен көз жетпейтін Қашыққа» дейді де, «Жүр! Шежіре бітпей тұрып бір тыңдап қал, жыршыңды, бір көріп қал адамдарды – сегіз қырлы, бір сырлы... Бір тыңдап қал тауларымның жаңғырығын даусымнан, Төбегөңге барайын мен аттап өтіп тау, шыңнан» деп өзі жаралған, өзі «баратын қасиетті, киелі жерге» қарай бастайды.

Бұл поэманың жанры – шынтуайтына келгенде автопортрет, ақынның жүрегіммен, сана-зердесімен, сөз зерімен жазған өз портреті. Өмір сүрген ортасына, айналасына сәл дұрыс еместеу, сәл оқыстау, сәл қияңқылау, керек десеңіз, кейде ешбір өлшемге сыймайтындай көрінген портреті. Ия, солай, көзге сырттай көрінген портреті. Бірақ, шын мәнісінде, ақын Өтежанның ұлы да шын болмысы бұдан мүлдем бөлек, сондықтан да оның суреткерлік терең болмысын паш етіп тұрған бұл эпикалық-философиялық поэманың рухани жүгі өте терең де салмақты. Өзінің осынау рухани әлемнің бір орамында «Адам заман бола алса да, заман адам бола алмас» деген ақын «... Адам дейді, адам сонда қайта оралар Заман ба?» деген риторикаға барады. Адам ірілігі мен қайшылығының текетіресін айту үшін енді бұдан басқа қандай сөз керек!? «Сол арадан... жүрегінің сұрауын» іздеген ақын «сол арадан мен іздеймін домбырамның бұрауын» дейді енді бір сөзінде. Сенгіңіз келмесе де, сендіретін сөз! Ақынның сөзі.

Поэтикалық автопортреттерін әрі-бергі кезеңдердегі ұлы ақындардың бәрі де өз шығармаларында жасап кеткен, бұл да Өтежанның тыңнан салып отырған ерекше жаңалығы емес, әйтсе де бұл шығармадағы автопортрет ақынның өмірден ірілікті – өзінің «мамонтын» іздеу жолындағы шыншыл, ақиқатшыл күресінің поэтикалық стихиясымен жазылған портрет. Мына суретті, мына бейнені көз алдыңызға бір сәт елсететіп көріңізші: «Түні бойы ой қуалап, жұлдыз ағып, жел де өксіп, жер мен көктің арасында жатыр едім дөңбекшіп...» Адамның жер мен көктің ортасында дөңбекшуі – ой кешуі және бұл жәйдан-жәй «ой қуалау» емес, «жұлдыз аққан, жел өксіген» өзге бір адами зор кеңістіктің аясындағы ой арпалысының қым-қуыт күресіне түсуінің әрекет-штрихын автопортретке мейілінше дәл түсіру емес пе бұл! Ал бұдан соң «адам кейде қайталайды күресті, күрес дейміз кейде біздер жай бір текетіресті» деген ақынның ақиқатын мойындамау мүмкін емес.
Поэма жарияланған кітапты шығарушылардың берген түсінектемесінде осы ақындық түпнұсқада жарық көріп отырған «Мамонттарға баратын жол» поэмасы баспа редакторларының төрт рет аяусыз «өңдеуінен» өткені айтылады. Кезінде осыншама өңдеушілік әрекеттің – өздеріне екіұшты көрінгеннің бәрін желкеден қиюдың зардабын шеккен шығарманың сол кейпін қазір елестету қиын. «Шындығының тырнағы ащы, тоны жұқа адаммын, жалғыз түйір дәні болам мынау ұлы заманның» деп өзінің ақындық, адами болмысын күлтелектемей айқын айта білген ақынның «ақын болып туып едім, ақын болып өтем мен – ар-ұят боп оянумен қалғып кеткен мекеннен» деген пафоссыз айтылған адами сыры – ақын автопортретін нақты бейнелейтін өміршең де өзекті сөз.

Өтежан ақынның бұдан әрі «біз өтеміз өтпес жерден – шындықтардың күшімен, өлеңдердің ортасымен, аңыздардың ішімен» деген сөзі мамонттарға апаратын осы жолдың арнасынан бізді де бір сәтке ауытқытпайды.

«Мамонттарға баратын жолды» ақынның «Соғыстың соңғы жазы» аталатын үш кітаптан тұратын поэтикалық полотносының эпилогы деуге де әбден болады. Сол шығармадағы кейіпкерлердің образдарына байланысты түйіндеулер, шегіністер осында да қайталанбас өз көріністерімен айшықталып отырады. Өтежан автопортетінің өлең сөзіне айналған бояуын қалыңдататын, әрлендіретін, нәрлендіретін тұстар да осы арадан өз ырғағын тауып жатады. «Мынау біздің Төбегөң ғой, неге қалдың баяулап, осы арадан Жарқамысқа жүгіретінбіз жаяулап», «Мына жерде бақырауық Мамыт өлген бұлақ бар, сай бойында өмір бойы сарғаймаған құрақ бар» немесе «Сол бір түні Әкем кетті. Мен де кеттім Оқ болып, өлең дейтін түпсіз терең Дарияға жоқ болып! «Соғысымның соңғы жазын» жүз қиратып, саған бардым сол Дарияға арқан малып, ширатып» деген Өтежан тіркестері осы ойымыздың толық дәлелі бола алады.

Өтежанның Төбегөңі Пушкиннің Болдиносы, Мұқағалидың Қарасазы сияқты оған ақындық шабыт, ерекше тебіреніс берген, өмірді тек қана жүрекпен жырлауға рух пен дем берген ең киелі де қасиетті мекені, тұтастай бір поэтикалық образға айналған жер. Ақын өзі іздеген мамонттарын өзінің осы Төбегөңінен табады, бірде оны «я, Төбегөң! Я, Піралла! Ұлылардың мекені» десе, енді бірде оған «Поэзиям сарқылса да, сарқылмаған Төбегөң, арып-ашып келген кезде қиялымды жебеген» деп табынады.

Бұл поэманың ең басты арналы ойы өзінің адами болмысын, өмірді Өтежанша қасиеттеуі дер едім. Мына бір тіркестерге көз салайықшы бір мезет: «Үш өмірім болды менің. Біріншісі – менің жастығым... Екіншісі – жастығыма еркелеген мастығым. Үшіншісі – соны жырлап, ұйқы көрмей күнара, туған жерге жалғасатын өмір дейтін мұнара». Өзінің ақындық автопортретіне эпиграф етіп алуға болатын мәйекті, нағыз өміршең де сыршыл сөздер емес пе бұл!..

Өтежан Нұрғалиев жеткен мұнара, ақын шыққан заңғар биіктік – өзінің шыншылдығы шымыр, жасампаз өлеңінің мұнарасы. Мамонттарға баратын жол ақынның өміршең талантымен салып кеткен поэзияның осы заңғар мұнарасына әкеледі. Ол қазақ поэзиясына өткен мыңжылдықтың алпысыншы жылдарының басында құбылыс болып келіп, өмірден де құбылысты күйінен айнымай өтті, қазақтың Өтежаны болып өтті...

Сөзімнің тиянағында әр кез өзім мақтан тұтып жүретін мына бір жәйтті айта кеткім келеді. Қазақтың даңғайыр ақыны Өтежан – мектептегі шәкірттік соңғы сыныбымда маған ұстаз болған адам, өзінің ұстаздық алғашқы жылын бізге христоматиялық әдебиеттен дәріс беруден бастаған адам. Басқаларыңыздан, сәл де болса артықшылығым да осында шығар, бәлкім.

Әдебиетті сүюге, әдебиетте баян етілген өмір туралы өзімше ой түйе білуге талпынтқан, жиырма бестен жаңа ғана асқан сол бір жас ұстаздың, Өтежан ұстаздың бейнесі менің әлі күнге дейін көз алдымда. Жоқ, дұрысын айтқанда, менің мынау жүрегімде.

Мәди Айымбетов,

жазушы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар