ХХ ғасырдың 60 жылдарында Латын Америкасы әдебиетінде жарылыс сипатты жаңалықтар пайда болды. Сол тұстағы әлем әдебиетінде бес жазушы аталуға тиіс болса (қазірге дейін де осы үдерісті ешқандай мемлекет, континент бұза алған жоқ), соның үшеуі Латын Америкасы топырағында туды. Көпке таныс аргентиналық Борхес, гватемалалық Астурияс, кубалық Корпентиер, коломбиялық Гарсия Маркес, мексикалық Хуан Рульфо бұған мысал бола алды. Олар әдебиетті кәдуелгі ұғымдағы әдебиет аясында немесе қоғамдық өмірдің қалыбы турасында қарастырмады. Керісінше әдебиетке «ғажайып» деген ұғымды енгізді, әдебиеттің өзге де зор мүмкіндіктерінің ашылуына себепкер болып, әлем әдебиетінің деңгейін тіптен биіктете түсті. «Жүз жылдық жалғыздықты» білмейтін оқырман болмаса керек, ал бұл мақалаға арқау болып отырған «Педор Парамо» осы «Жүз жылдық жалғыздықтың» жолын ашқан шығарма. Яғни Гарсия Маркестің тұйыққа тірелген шығармашылығына жол нұсқаған бағдар шам болды.
Хуан Рульфоның ең үлкен табысы аталған романы әдебиеттің жаңаша қайнар көзін ашып, бұрын-соңды болмаған өзгешелікпен әлем әдебиетінің мәртебесін көтеруге түрткі бола алуында еді. Жергілікті мәдениетті зерттеу орнында жұмыс істей жүріп, Мексиканың әр өңірін аралаған автордың санасында азтектердің (ежелгі тайпа аты) өлім туралы түсінігі мен танымы осы шығармасының тақырыбына арқау болып, оның құрылымы мен тәсілдік жаңалығына да тікелей септігін тигізді. Мексика аңғарындағы алуан мәдениеттің нәрінен сусындап, дәстүрлі ен даланың қасиеті мен жаңа дәуірдің білім-ғылымын ой-санасына тоқыған Хуан Рульфоның шеберлігі оның мая, азтек мәдениетінен, яғни ежелгі өркениетпен жалғасқан сырлы, мифтік дүниелерді романына енгізуінде ғана емес, сонымен бірге көркем әдебиетке кино өнерінің қасиеттері сияқты ерекшеліктерін сіңіріп, шығарманы форма, тәсіл және мазмұн жағынан еш мүлтіксіз жымдастырып, ұлы туынды жарата алуында. Азтектердің өлімді соңғы тыныс деп емес, қайта жаңа бір өмірдің басталуы деп білетін мәңгілік турасындағы ұғымы «Педро Парамоға» өміршеңдік күш сыйлады.
Латын Америка даласының ғажайыпқа, мифке, аңызға байлығы және ешкім де түсіндіріп бере алмас жұмбақтығы Рульфо бастаған қаламгерлердің шығармаларына жаңа леп қосты, ал олардың осындай сырлы мәдениетінің, ғажайып пен мифке толы тұрмыс-тіршілігінің қайнар көзі азтектерде. Азтектер (әуелде Мешиках аталған) жаңа ераның 1100 жылдары ата мекені Азтланнан (тарих ғылымында бүгінде нақтылы қай жер екені дәлелденбеген) қоныс аударып, ғасырға жуық көшып-қонып, 1195 жылдары Мексика аңғарына табан тіреп, сол жерде көптеген қауып-қатерді бастан кеше жүріп, тіршілік етеді, одан Хүйтзлопочтл тәңірінің (азтек мифтеріндегі жауынгер тәңірі, күн тәңірі, күн мен оттың иесі) тасаттықты басқарушыға түсінде көрсеткен жолы бойынша жылан тістеп кактуысқа қонып тұрған қыранды көрген жер – Мексиканың орта бөлегіне ірге теуіп, сол жерде өсіп өркендейді. Олар сол барыста төлтек пен тютихуакан секілді көптеген мәдениеттерді қабылдайды, жаңа тіршілік жолдарын тауып, тәңіріне сыйынып, тасаттық беріп, төңірегіндегі ру-тайпаларды бағындырып, (көбінде тасаттыққа беретін тұтқынға бола соғыс ашатын болған) ықпалын кеңейтіп, іргеленіп, азтек империясын құрады. Осы мәдениеттің мәйегі кейін Испанияның неше ғасырлық бүлуіне тап келгенімен, түбегейлі жойылып кетпеді, кейбір әфсаналық ұғымдар, тәңіршілдік бәрі-бәрі христан дінінің ықпалына ұшыраса да, сарқыты сақталып қалды. Олар тәңірге сенді, әртүрлі тұрмыстың, тіршіліктің қажетіне қарай әртүрлі тәңірлері де болды. Ал осы сан қырлы азтек мәдениеті кейінгі Латын Америка даласында туған шығармаларда әр қырынан бой көрсетті. Оның сан ғасырлық санаға сіңген, сүйекке біткен ұғымдары мен нанымдары осы дала туралы туындыларда көрініс беріп отырды. Жазушылар да мұндай ғажайыптарды өлі көшіре салмады, керісінше мазмұнға қарай өзгеше әдіс тауып, шеберлік танытты, сондықтан да олардың әдебиеті өзге өңірлердікінен оқ бойы озық болып, ерекшеленіп, тылсымдык пен сырлылыққа толы болды, олардың туындыларынан өзгеше тыныс, бөлек бөгенайлы болмыс бірден сезіліп тұрды.
Ал Хуан Рульфоның шығармаларына да осы азтектің өлім туралы, тәңір туралы танымдары мүмкіндігінше сіңірілген. Тіпті ол сол ұғымдарды шығармаға сіңіріп қана қойған жоқ, қайта туындылары соны негізгі нысан етіп, барлыққа келді. Ол аталған шығарманы кәдімгі түсінігіміздегі тірі пенделер арасындағы әңгімеге құрмайды, жазушы шығармасына өлілерді кейіпкер етіп, өлі мен тірінің арасындағы диалог арқылы шығарманы өрбітеді. Октавио Паз осы турасында: «Ертедегі мексикалықтар жөнінен алғанда, тірі мен өлінің арасындағы қарама-қайшылық біздікіндей абсолютты емес. Тірлік өліммен жалғасын табады, керісінше де солай. Өлім тірліктің тәбиғи тоқырауы да емес, қайта үздіксіз айналыстың бір кезеңі ғана. Туу, өлім, қайта туу бәрі әлем айналысының бір кезеңі, ол ұдайы қозғалыста, мәңгі толастамайды» деп жазады. Азтек, Үнді жөнінен алғанда, тірі мен өлінің ортасында анық шекаралық айырмашылық жоқ, себебі өлмектің өзі қайта тірілуден дерек береді, яғни басқа әлемде және бір тірлікті қайта бастау болмақ.
Шығарма бала мен шеше ортасындағы диалогтан басталады, шешесі ұлына кезінде өзі кетіп қалған ауылын, ондағы әкесін іздеп баруын әрі ұлының әкесінен кезінде өтеуге тиісті, бірақ өтелмеген қарызын сұрауын талап етеді. Шындығында, шешесі көзі тірісінде Комаланы кереметтей жерұйық, ауасынан болканың иісі аңқып тұратын жайлы мекен ретінде суреттейтін. Шешесінің әңгімесі құлағына сіңісті болған ұлы Хуан ол жерге соншама үміт арқалап жетеді. Бірақ, осынау мекенге аяқ басқанда ғана оның қапырық ыстық, тазғыр дала екенін біледі, бәрі де керісінше болып шығады, кеңістіктен бал ағып тұрғандай әдемі иіс аңқымайды, жасыл желек жайқалған, шат-шадыман тірліктің нышаны да көрінбейді, адам иә адам емесі белгісіз жандар біріне-бірі сілтеп жүріп, оны Комаланың тозағына, яғни өлілер мекеніне бастап барады. Оқырман шығарманың өзекті тұсына келгенде барып, әкесін іздеп келген жігіттің де қара жердің қойнына түскенін, ендігі әңгіменің өлілердің аузынан айтылатынын сезеді. Олар Комала жайлы, шешесі туралы, Педро Парамо хақында хикая шертеді. Педроның бала күнінде жоқшылық көргенін, бала қызға ғашық болғанын, қыздың ауылдан алысқа кеткенін, сүйген қызы жоқ болған соң, махаббат пен отбасынан баз кешкен Педроның барлық мүмкіндігін тек мал тауып, атамандық құруға ғана жұмсағанын баяндайды. Ол үшін жеке басын да құрбандыққа шалады, яғни қарыздан құтылу үшін сүймесе де бардам қызға, әкеден қалған мүліктің мұрагері, өзіне қарыз берген құныкері, кейіпкеріміздің шешесіне үйленеді, соның қазына-мүлкімен қолдан келетін барлық жаманшылық пен қастандықты жасай жүріп, дөкейге айналады. Комала жөнінен алғанда, Педро бәріне қол жеткізді, ақша да, әйел де, билік те бәрі соның уысында болды, бірақ, ойына алған нәрсесі оған көлеңкесін де көрсетпеді, тек елес Реуіштің ғана көз алдында жүрді. Бала ғашық отыз жыл армандаттырып, әбден азып, ауру болғанда қыстаққа қайтып барады, ессіз күйде оралса да, Педро оны құзырына алып, бағып-қақты. Деседе әйелдің тәні ғана оның құжырасында болды, ал жан әлемі, сана сезімі басқа әлемде, тіпті, Педроның бар екенін де бір сәтке сезінген жоқ. Педро соншама түндер қасында оны күзеткенде, жан дүниесіне еш бойлай алмай, рухани дүниесінің есігін аттай алмай, баяғыда өткен күндерінің тап-таза, ләззәтті шағын ғана азық етіп, құр тұлыпқа телміргендей, әйелдің әр түні азап шеккен тәніне есік көзінде тесіле қараумен ғана өтті. Әйелдің жанын өзі түсіне алмағаны секілді, өзі жайлы да әйелге ештеме аңдаттыра алмады. Педро Сусанаға емес, осы күйге қалған өзіне және дүниеге кектенді, ештеңеден қаймықпас, селт етпес Педроның осал тұсы осы әйел-тін. Ақыры Сусана соқпақтың екі жағалауындағы ағаштардың жапырағын тербетіп ұжымаққа бет алған сәтте, Педроның қаңыраған жан әлемі құрдымға құлайды, тәні де күйрейді. Сол үшін де Педро әкесі өлгенде соны сылтауратып, бір аймаққа қанды қасап қырғын салса, енді бірде Сусана өлгенде, өз тірлігінің мәні кеткені үшін басқаның да тірлігін каперіне де алмайды. Күнде тән азабын шеккен Сусананың өлімі басқалар үшін оның арылуы боп сезілуі ғажап емес, әсіресе қасиетті күнге қараған түні көз жұмғаны үшін ол тіптен солай болмақ керек, ендеше ел-жұрттың өлімнің артын дүбірге айналдырып жібергенін түсінуге болар да еді, бірақ Педро олай етпейді. Ол өмірлік өкінішінің ашуын басқадан алды, ол үшін тек өзі жеңді ме, жеңілді ме, сол нәтиже ғана маңызды. Сондықтан Сусананың өлімін ел қадырлемеді деп көзсіз өшпенділікпен көпе-көрнеу елдің де аштан қырылуына себепкер болады. Соңында Педроның оба тас құсап құрдымға кетуімен шығарма аяқталады. Педро шығармада қолынан бәрі келетін әрі қолынан келетін іс үшін ештемесін аянбайтын қанпезер ретінде суреттеледі, яғни өз сөзімен айтқанда: «Заң екеш заң да соның өзі». Бірақ, сонда да Педроның қолы сүйгеніне, рухы өлілер мекеніне жете алмайды. Оның өлімі кәдімгі адамдардың қайтуы сияқты рухтың бойдан көшуі емес, қайта бүтін дүниенің жарылып құлауы болып суреттеледі, бейне бір нақты нәрсенің әуелгі құрылымының бөлек-бөлек болып ажырап, бір-бірлеп солып, ең соңында қирап қалғаны сынды.
Шығарманың жалпы мазмұнында кісіні елең еткізерлік, тым күрделі оқиға немесе шиеленіс жоқ. Бірақ, шығарманың құны сонда, шым-шытырық, өзара байланыссыз әңгімелер мен көріністер эстетикалық ой арқылы оқырманға Комаланың шеше аузындағы бақытты шағы мен ұлының көз алдындағы кейпі кеткен суретін елестетіп, Педроның хикаясын білуге ділгір етеді. Бәрі де бір сыдырғы оқиға тізбегі арқылы берілмейді, әрбір көрініс пен диалогты табиғи әрі шебер ұштастырады әрі оқырманның із қуып, аса сақтықпен оқуын қажет етеді. Өткендегі Комала мен бүгінгі өлілер әлеміндегі Комала сынды екі кеңістікке байланысты құрылған екі уақыт бар, уақыттың ағысы екі түрлі кеңістікте тең жүргізіледі, шығармадағы уақыт кеше мен бүгін ғана, ал сол бүгіннің мәңгі шексіздіктің құшағында тұншығып қала беретіні ашық діттеледі. Өткен мен бүгін, жерұйық Комала мен өлілер әлеміне құрылған Комала екеуі пареллел беріліп, сабақтаса жүріп отырады.
Автор шығарманы баяндауда, әсіресе шығармадағы кейіпкерлердің жан дүниесін ашуда, көбінде мезеттік сезім-түйсіктерді сол қалыбында қағазға түсірген, ол әдепкі әдебиеттегі бейнелеу мен жеткізудің оқырманға түсінікті қалыбын өзгертіп, адамның жан дүниесіндегі байланыссыз немесе үзік-үзік ой әлемін сол әуелгі кейпінде бейнелеген. Мысалы, Педроның махаббатын Сусана екеу ара белгілі тәртіппен орналастырылған диалог әлде оқиғалармен емес, Педроның жан әлеміндегі бір сәттік сағыныш сезімдері мен қиялдарын бейнелеу арқылы суреттейді. Аталған романда кейіпкердің аты болсын, жер аты болсын, жел, су немесе топырақ болсын, бәріне символдық мән берілген. Мысалы, әкесі бір, шешесі бөлек, бір-біріне бейтаныс екі ағайынды Лос Инкюентрос деген жерде ұшырасады, «Осы жердің атының өзі испан тілінде «ұшырасар жер» деген мағына береді» дейді сыншылар, ал соған ұқсас, Медия Луна да «сынық айлы ауыл» мағынасында, яғни жартыкеш сынық айлы ауыл деу арқылы Педроның көрер көзге төрт тұрманы сай болғанымен, шын мәнінде бақытсыз екенін емексітеді. Шешесінің бейбақ ғұмырын, әсіресе махаббаттан таяқ жеген жаралы жүрегін былай жеткізеді: «Фотосуретті құшынаштықтың құралы деп білетін, расында, солай да сияқты, өйткені, оның суреті шұрқ-шұрқ тесік екен, әсіресе жүрек тұсындағы тесіктен ортаңғы саусағың өтіп кететіндей». Ал Педроның ең соңында оба тасқа ұқсап құлағаны оның өлілер мекеніне бара алмайтынын ғана емес, жан дүниесінің тастан біткендей қаттылығын, қан ішерлікке құрылған қоғамдық түзімнің де құрдымға бет алғанын меңзейді. «Жүз жылдық жалғыздықта» сұлу Ремедиос атты кейіпкер бар еді ғой, сұлулығы сондай Ауроляно Буендияның есіл-дертін алып, ешкімге дес бермес оны қалай құндақтайды, сол сұлу оқыс жағдаймен жаны да, ары да тап-таза күйінде аспанға ұшқан күні бәрінен жұрдай болған аурелияно Буендия енді төңкеріс жолына түседі, жолындағының бәрін жайпайды, маңайына таяған әйел біткенді құтқармайды, он жеті ұлды болады, бәрі бір жатырдан емес әрине. Ал «Педро Парамода» сондай бір кейіпкер бар, ол – Педро. Еңгезердей, алып, төңірегіндегі әйел біткеннің төсегіне шығудан танбайды, бірақ шын сүйгені Сусанаға ғана қолы жетпейді, елесі де, түсі де, есі де тек Сусана ғана, қыршын қызды құшағына алып жатып та оны Сусанаға балайды, талай әйелдің құрсағында содан біткен мезет жетіледі, өмірге келеді, бірақ, Рентерия рухани әкей табыстаған ұлдан басқасын ұлым деп танымайды. Сусана есі ауысып, көтеріліп ауырғанымен, бірақ сондай бір кіршіксіз, жаны таза күйінде (ең кемінде шығармадан кездесетін әртүрлі емексітулер соны дәлдейді) өмірден көшеді. Ал оның өмірден көшуі Педроны қырғынға (қан төгілмейді) итермелейді. Ал Сусана өлген соң, шіркеудің қоңырауы үзілмей соғылады, ақыры аяғында қалың қоңырау жарысып ұзаққа созылған шуылға айналады, кісі біткен керең боп, ел біткен айғайлап сөйлесетін болады, ал «Жүз жылдық жалғыздықта» сондай бір ауру таралған, ел біткен есінен жазып, ұмытшақ болады. Шығармадағы осынау оқиғалардың қоғамдық-әлеуметтік байланыстан туған көркемдік астарлау тұрғысынан зерделеген оқырманға түсінікті екені айқын.
Минәр Нұрланқызы,
Бейжіңнен шығатын
«Ұлттар әдебиеті» журналының Бас Редакторы
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.