Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЭССЕ
Мақсат Тәж-Мұрат. Дауысыңды естідім...

10.11.2021 4497

Мақсат Тәж-Мұрат. Дауысыңды естідім 12+

Мақсат Тәж-Мұрат. Дауысыңды естідім - adebiportal.kz

(«Біздің елдің сұлтаны мен ұлтаны» топтамасынан)

«Әйелдің көрдік асылын, ағаның көрдік сақиын...»

Ескі қазақ жыры

Телефон ертемен шыр ете қалды. Ұйқылы-ояу көзіммен сығырайып әдетімше соңғы төрт сипырға қарадым. «5050» деп тұр екен. Жүрегім зу ете түсті. Марқұм Рахаңның (Рахымжан Отарбаевтың) көп телефон нөмірлерінің ішінде маған шығатыны осылай аяқталушы еді. Ми астан-кестең. «Апыр-ай, басқа біреу ме?!», «Жоқ, әлде амалын тауып, арғы беттен хабарласып тұрған жаһаткер ағамның өзі ме?», «Ат аяғы тентек» деген сөзді жиі айтушы еді...

Ол емес екен. Оныкі кейселл, ал мынау – билайн. Бірақ, міне, қызық, желінің келесі ұшындағы абонент – жақсы көретін қаламдас інім Рахаңның есімін атап, қолқа салып тұр. «Жуырда ағамыздың қайтыс болғанына жыл толады. Соның қарсаңында газетімізге өзіңізден... бір лебіз». «Көрейік...».

Шалқамнан жатқан күйі, Рахаңмен кездескен, жүздескен, әңгімесін тыңдаған сәттерімді шым-шымдап еске түсіре бастадым.

х х х

Онымен алғаш қайда, қашан танысқаным анық есімде жоқ. Сірә, 1980-ші жылдардың соңына таман, Рахаң кетіп, мен келіп жатқан «Жалын» журналының редакциясында ұшырасқан болуымыз. Ал енді жақынырақ білісуіміз өре басын 1990-шы жылдардың басынан, Алматының тау бетіндегі Шығармашылық үйінен алады. Ол бір етек-жеңі кең заман еді ғой, мәселенки, Жазушылар одағына мүше еместерге мүше жазушылардың билетін пайдаланып, жеңілдікпен бөлме алып, бір ай шығармашылықпен айналысуына мүмкіндік берілетін. Сол әдіспен Мереке ағамның (Құлкенов) арқасында мен де бір бөлмені басы бүтін иеленіп, кандидаттық диссертациямды бастап кеткенмін. Рахаң да сонда жатыр екен. Өзім құсаған ашаңдау, бірақ сіңір денелі. Сосын, Зекеңше айтқанда, Сократ маңдайлы жігіт екен. Кешке қарай маңайды жол қылып серуендейміз. Ағам кейде «жүз қой айдап» келеді. Қазақ зиялылары арасында өз басым әңгімешілдігіне тәнті болатын бірнеше адам бар, мысалы, Намазалы Омашев, Қуандық Түменбаев, Несіпбек Дәутаев, Бауыржан Омарұлы және Берік Жүсіповтердің әңгімені майын тамызып айтатынына ылғи қызығып та қызғанып та қарайтынмын. Талантты Рахаңның маңдайымен бірге таңдайына да берген екен. Нағыз ұрымтал сөздің ұстасы және бұралқы сөзге шаптырып әңгімені юмормен тұздықтап айтуы жосын. Жүріп келе жатқан бетіңде, не отырған орныңда күлкіге оратылып, күлкімен сүрініп құлай кетесің. Кейінірек Рахаңның прозасымен жақынырақ таныса бастағанымда Бюфонның «Стиль дегеніміз – адам» дейтін оқ тіліндей шолақ анықтамасының ұлылығының, осы орайда Рахаңның юморды күлкінің көлемінен асырып, көркемдік тәсілге айналдыруының сырын түсінгендей болдым. Осынысымен де Рахаң Молдахмет Қаназов секілді қаламгерлермен бірге Ғабең – Ғабит Мүсірепов салып кеткен стильдік бір үлгіні ілгері апарушы дер едім. Мұның жайына тақырып ыңғайында оралармыз.

х х х

Редакцияның тілегіне «көрейін» деп ерін ұшымен жауап берсем де, Рахаң жайында жазуға өзім іштей дайындалып та жүргем. Себебі, «қазақтың менде хаққысы бар» деп Алаштың Әлиханы айтпақшы, Рахаңның менде хаққысы бар еді. Ол былай болды.

«Нөлінші» жылдардың басында Дәурен Қуат менің жаңадан жазылып біткен «Мұсылман масондығы» және «Түрік масондары» дейтін мақалаларымды сұратып алдырып, ол заман өзі редакциялап отырған «Алтын Орда» газетіне шығарды. Қос малтаны көже қатыққа үш күн езген, кейде өзім де түсінбей қалатын сол конспирологиялық намажазуымды Қошалақтың құмынан шыққан Рахаңның қалайша түсініп оқығанына әлі күнге дейін таңмын. Әйтеуір хабарласқан сайын жатып кеп мақтайтын. Жай мақтай бермей, өзі қызмет істейтін Президент аппаратындағы көңіл жетер әріптестеріне беріп оқытқанға да ұқсайды. (Марқұм тарихқа өлердей құмар еді, прозасын тарихи тақырыптарға жазылған шығармалардан бастауы да тегін емес-ті). Қойшы, не керек, осы ауаланудың соңы Рахаңның белсенді түрде араласуымен менің «Қазақ әдебиеті» газетіне басредтің орынбасары болып келуіме әкеп соқтырды. Бұл жерде жылға жуық қызмет атқардым және Рахаңның «тапсырмасын» абыроймен орындап, келген жеріме тастай батып, судай сіңе алдым-ау деймін. Әрине, мұнда басред Ұлықбек Есдәулетовтің де елеулі еңбегі болды. Құдайшылығын айтайын, мен осы күнге шейін Ұлағаң сияқты жайлы бастықты кездестірмеппін. Басқа біреу болса, Рахаң сықылды көзім отауланып, шақшиып шығып, біраз нәрсені бүлдірер ме едім, қайтер едім, бірақ Ұлағаң өзінің ақыл-парасатымен ондайға ешқашан жеткізген емес.

«Қазақ әдебиетімен» тегершік айналып кеткен екен, ұзамай «Ана тіліне» басред болып ауыстырылдым, бұл жерде газет шығару ісіне басшылық жасауымнан бұрқыратып мақала жазуым көбіректеу болып, ақыры сол бір арба мақаланың біреуінің себебімен Астанадан бір-ақ шықтым. Бүгін отырып ойлаймын, әгәрәки сол жолы Рахаң түкпірдің түбегінде – Қаскелеңде жалғыз жатқан мені өзі мұрындық болып бері суырып алмағанда, кім біледі, бітпейтін де қоймайтын қағазыммен алысып, әлі де отыра берер ме едім деп. «Рахаңа борышкермін» дейтінім де содан.

Енді Астанада біз ағалы-інілі болып бұрынғыдан да жақын араласып, білістік. Жоғарыда аңғарттым ғой, Рахаң сынықты бүтіндеп жүретін адамдардың сортынан екендігін. Әдетте қазақ қашқанды емес, үйірілгенді үйірсектейді ғой. Ал Рахаң маған келгенде олай емес, керісінше, өзімен-өзі саяқ жүретін мені жүрек жылуымен өзіне тартып алды. Базбіреулерге көзі шақырая қалғанымен, сыйлаған адамына тарпаң мінезін көрсете бермейтін ол «Үнсіз кеттің ғой, не хабар жоқ, не қара қағаз жоқ» деп жаман састыратын. Екеуара жарасымды әзілдеріміз де болды. Мәселенки, ресторанда тамақ ішіп болғаннан кейін даяшы есеп әкелгенде мен: «Теперь еврейский вопрос: кто будет платить?» деймін. Ағам күліп, қалтасына қолын салады. «Ысық ворует, шеркеш жирует» деймін. Ағам сақ-сақ күледі (біздің жақта Рахаң өкілі болып саналатын ысықты барымташы болған дейтін қалжың әңгіме бар, солар алыстан жылқы әкелгенде өздерінің шағын малдарының ішінен көрініп қалатын болғандықтан біздің шеркештің көп жылқысына қосып ұстайды екен — ұстайды деген аты, соңыра ізін таба алмайды да).

Соның есесін қайтарғысы кеп, мен Астанадан Алматыға қайтқанда соңымнан екі жол өлең жазып жіберді, астаналық қыздардың мені жоқтауы деп. «Кеттің бе тастап бізді ақтаңкерім?! Қазылып қалушы еді-ау шапқан жерің»,- деп келеді. Өзінікін маған аударып тастап тұр ма, әлде тарихи шындық солай ма, ол жағын білмедім... әйтеуір құр қалмайын деп, әлгі бәйітке бір жол жалғап қайтарғаным бар. «Найзасы алты құлаш қайран ерім!» деп.

Сосын қызметтен шаршап кеткенде көнге сіріңке тігіп, «алты қағаз» ойнайтынбыз. Ара-тұра Астананың маңайын аралап келеміз. Бір күні көктемде жедел келді де, әй-түй жоқ мені көлігіне салып алып, Бурабайға тартты, сондағы тәбәрік жерлерді көрсетті. Бурабай деп жүргеніміз орыстың «Сосновый боры» екенін, ал нағыз аты Қарағайлы екенін мен сонда білдім. Жұмбақтасқа шығып отырғанымызда ағам маған кезекті тапсырмасын бағыттады. Сондағы айтқаны: «Арқа – елдің арқауы ғой, тарихы өте қалың, әттең, сол тарих қатпар-қатпар күйінде әлі де жөнді аршылмай жатыр, сен осымен айналыс». Меймандос Арқа жерінде өткізген төрт жылымда бұл тапсырманы да көңілдегідей орындадым ғой деймін, оған куә – осы өлкенің тарихы жөнінде екі тілде жазған және жазылашақ мақала-эсселерім. Тіпті бұл елмен құдандалы болып, туыстық та.

Соңынан білсем, Рахаң Арқа жерін айрықша қадірлейді екен. Ілгеріде Алматыда үй-күйсіз жүргенінде Жезқазған жаққа кетпекші боп қатты ауаланыпты, Жұмекен нағашысы бір ауыз сөзбен тоқтатыпты. Ақыры астана ауысқанда сол ойына жетіп тынды.

Сөйтсе-дағы екеуміз де өзімізді бейне вокзалда тұрып жатқандай яки бұл жерді бір қоналқы бекеттей сезінетінбіз. «Әне кетем, міне кетем» деп, буынып-түйініп жүретін бір шақтар болады ғой. Осы көңіл-күй Астанаға менен бұрын келген Рахаңды көбірек меңдеген сияқты, әйтеуір, сондағы Академиялық кітапханаға директор болып тағайындалғанында құтты болсын айта барған Мақсот Ізімұлы екеуімізді «Кемпірдің боғы сияқты бір күні жылп етіп түсіп қаламыз ғой» деп күлдіріп еді. Айтқыш еді ғой, шіркін, бірақ сол жолы әлгі сөзді ауызына Құдай салды ғой деймін, «жылп ете қалғанының» соңында дереу аттың басын елге бұрды. Өзі «Адамның жастық шағы өткен жерде жарты жүрегі қалады» деп отырушы еді, сол жарты жүрегіне қайтып оралды. Жүрегі тұтасымен сол жақта қалып, денесі, сүлдері мына жақта жүрсе де өзі білсін.

Жалпы Рахаң алпыс жылдық ғұмырының негізгі кеудесін әліппенің бас әрпінен басталатын үш қаланың арасында өткізген екен (Орал мен Бішкекті қоспағанда). Соның ішінде өзі шыр етіп дүниеге келіп, өмірін бастаған жерде өмірін аяқтады. «А» нүктесінен «А» нүктесіне дейін жүріп өтті. Іштегі бір ойы да сол – денесін туған жерінде қалдыру болса керек. Алайда туған жерге өлер алдында жетуді яки сонда апарып қоюды өсиет етуді емес, сонда, ағайын-аумағының ортасында жасап, елдің еңсесін тіктеуіне үлесін қосуды ойлады-ау деймін. Ендеше Рахаң ол мұратын хасыл еткен. Алып шынар секілді тамырын тереңге салып отырып хасыл еткен. Қалам ұстағанның қай-қайсысы да жадығаттың көпшілігін туған өлкесімен байланыстырып алады ғой, дегенмен, қарап отырсақ, Атырау-Орал өлкесі Рахаңның шығармашылығын тұтас тұрқымен шарбыдай шырмап жатқанын байқаймыз. Ал елге толық көшіп келгеннен кейін ол қамшыны басты.

Шукшиннің «Генка Пройдисвет» әңгімесінің бас кейіпкері — сері-селтең, бас бұзар деревня жігіті көкесімен төбелес ашып, соңында кеудесін ұрып тұрып: «Если я паясничаю на дорогах, то я знаю, что за мной — Русь; я не пропаду, я ещё буду человеком. Мне есть к кому прийти!» — дейтіні бар еді. Сол Генка айтқандай, Рахаңның алдымен арқа сүйеген негізі бүкіл қазақ даласы болатын. Оның Арқа жерін жақтырғанын жоғарыда келтірдік, сонан соң Арал тақырыбына алғаш келістіріп тұрып қалам тартқан жазушылардың қатарынан Рахаң ойып тұрып орын алады. Кейін слоган сөзге айналған «Арал тағдыры — адам тағдыры» мақаласын қоғамдық санада қопарылыс жасау тұрғысынан Валентин Распутиннің сол жылдары «Известияда» шыққан «Байкал біздің жалғызымыз» («Байкал у нас один») дейтін мақаласымен салыстыруға болады.

Десек те, Рахаң тағдыры да, таланты да дәл туған жеріне байланған жандар қатарынан болғанын алдымен айту жөн. Жалпы қазақ туған жерінен оңайшылықпен табан көтере бермейтін халық қой, көтерсе де өзге елдің оты өз елінің түтініне татымай, түйе баласы сияқты туған мекені көз алдына тартылып кетпей қоятындықтан ақыры желі қазығына қайтып оралады.

Рахаң осындай, яғни аруанадай жершіл еді. Елге бір келгенінде әкесі оған «Қаншама кітап жаздың, балам, сонда да әкеңе дұрыстап бір хат жазбай қойдың-ау...», — депті. Содан Рахаң елге қайтып оралғасын, «Бақа өзінің көлінде» деп, бір арба кітап жазды, сөйтіп әке алдындағы да, ел алдындағы да қарызын өтегендей болды. Соның ішінде өзі туып-өскен Атырау, өзі оқыған Орал жері өздерінің бұрынғысымен де, бүгінгісімен де жазушы үшін маңызды сабақ та берді, тақырып та болды. Бұрынғы Жәңгір, Мұхамед-Салық, Махамбет, Аязбайдың Ерғалиы жайында жазғандарына енді Қоныскерей, Қыз Данайдың хикаясы, Бейбарыс сұлтан тақырыптары қосылды. «Тегіңді білсең, терең біл» деп, өзі өкілі болып табылатын ысық руының шежіресін жинастырып, басыңа түсіп кетсе сындыратын «Бәйтерек» кітабы етіп шығарды. Өмірінің соңғы кезеңінде Германияға жиі сапарлады, сонда мәңгі тыным тауып қалған оралдықтар – «Түркістан легионының» қайраткерлері Харес Қанатбайдың, Мәулекеш Қайболдиннің басына барып дұға оқып, мүрделерін елге әкеп жерлеуді ойға алып отыратын. Кейінгі кезде менің кеңестік идеология сатқындар қатарына шығарып қойған, Германияда құрылған «Алаш» батальонының командирі, атыраулық Әмірхан Тілеумағамбетовтің (Әлихан Ағаев) күрмеуі көп тағдырымен шұқшия айналысып жүргенімді көріп, осы уақиғалардың жайын тәптіштеп сұраушы еді. Әмірханның Германиядағы серіктерінің бірі, Гурьевтің шаңытқан байырғы көшелерінде ізі қалған неміс барлаушысы Көкпаев деген кім екен деп ынта қоятын. Тіпті бірде 1960 жылы ұшағымен Кушка арқылы біздің шекарадан өтіп кетіп, Свердловскіден бір-ақ шыққан американ ұшқышы Пауэрс операциясын ұйымдастырушы, бұрынғы әскери тұтқын Құспан дейтін атыраулықтың хиякаясын шертіп, осы тақырыпты бір кісідей білем деп жүрген менің өзімді қабағат қайран қалдырған-дүр. Сонда ағамыз үшін елінің сұлтаны мен ұлтаны бірдей қымбат екендігін аңғарғанбыз.

Бұрынырақта Рахаң жайында «қолынан тарихи тақырыпқа ғана жазу келеді» деген бір пыш-пыш шығып жүрді. Соны естіп, ол пікірмен өзінің келіспейтіндігін, тарихи тақырыптан басқа да шығармалар жазып жүргенін, бірақ көлді көлге қоссаң да көзіне дәнеңе көрінбейтін «эфиоптар» соны қасақана елегісі келмейтінін айтып, қарадай налитын. Қазып айтам деп қажып қалушы еді ғой. Осыны көріп отырып, бұл ағамыз өзін жазушы ретінде қалай бағалайды екен деген бір ұры ой ойлаушы едім. Бір күні Астанада соның анығына жетудің орайы келе қалды. Ол кезде өзім басред болып тұрған елордалық журналдың бетінде нөмір аралатып бір әңгіме жариялап тұратынбыз. Соған бағып Рахаңа бұйымтай аттым. Іле-шала ағамның бүкіл телефон нөмірлері жалп етіп өше қалды (иллаһи шабыты келіп, жазуға машғұл болғандағы әдеті, қолы босағасын «Інім!» деп өзі қоңырау шалады). Қайран еңбекші кеменің ескекшісі-ай, арада үш-төрт күн өткенде «Атырау-Алматы пойызы» дейтін шағын хикаят қолға тиді. Енді мен қулыққа салып, хикаяттың алдында берілетін редакциялық аңдатпаны автордың өзіне жазғызып алдым. Расында да жазушыны оның өзінен артық кім білуші еді!? Сонда Рахаң Рахымжан Отарбаев жайында біздің атымыздан бүй деген екен: «Өмірді боямасыз суреттейтін реалист һәм прозаға лиризмді әкелген қаламгерлердің бірі». Айтса айтқандай, Рахаң елге оралысымен нәзік лирикалы туынды жазуды күшейтті. Мұны соңғы жылдары жазылған «Ақ қанат көбелектер», «Дауысыңды естідім» туындыларының атының өзі айтып тұр. Бұл әңгімелері мен повестері Рахымжан Отарбаевтың жазушылық шеберлік жағынан едәуір өскелеңдегенін көрсетті. Сонымен бірге прозаик ретінде повестің ит көйлегіне сыймай бара жатқанын ыспат етті. Осыны өзі де сезіп, Астанада жүргенінде «Енді көлемі 200 беттік роман жазамын» деп оқталушы еді. Жазды ма, жазбады ма, ол жағын білмеймін. Онысы өзі кеткеннен кейін жарық көрген «Бас» романы болуы да мүмкін. Байқағаным, дәл Атырау кезеңінде оның шығармашылығында үлкен бетбұрыс болды, яғни ағамыз әдеби стратегия шеңберінде де тәп-тәуір жұмыс істей білетіндігін көрсетті. Негізі сюжет көмегімен ойлау, рәміздермен, концепциялармен ойлау ыңғайы онда бұрын да белгі берген еді, өзі көп тәлім алған Шыңғыс Айтматов үрдісінде шығарманы тәмсілдермен, әфсана-мифологемамен әдіптеп өру тәсілі «Дүние ғайып», «Шыңғысханның көз жасы» повестері мен Ысық-Көл жайлы элегиясынан-ақ байқалған. Кейінгі жылдары бұл ыңғай стильдік белгіге айнала бастаған-ды, алайда қой жүнінің қышқылтым шәйірін, қидың көңірсік қою иісін батыл тастап шығып, Шыңғыс сияқты әлемдік қуат өрісіне құлаш ұру үшін ұзақ ізденіс, көп қажыр, жеткілікті материалдық жағдай керек. Акутагава Рюноскэ құсап тонна-тонна кітап оқу, жай оқып қоймай, конспектілеп отырып оқып шығу керек. Шығармаңды әлемдік нарықта алға жылжытатын плейсмент-продакшн тәсілдерін игеру және жанрларды әртараптандыру керек. Рахаң бұл үш міндеттің үшеуінің де үдесінен шыға алды: көп оқыды, көп ізденді, көп жазды, әдеби агент тауып, жазғандарын әуелі орыс тіліне, ол арқылы әлем тілдеріне аудартуды қолға алды, сонымен бір мезгілде прозамен қатар драматургияға, киносценарийге қалам тартты. Әлденеге асықты, өзі айтатындай «менде бәрі бар – менде бәрі жоқ» деп қатты асықты және осының өзі миға, ағзаға, жүрекке, бауырға адам айтқысыз салмақ болып түспесіне қоймайтын ауыртпалық екендігін біле тұра, өлеріне көрінді ме, әйтеуір есесі кеткендей жанталасты. Қайда асықтың, ағатайым?!

х х х

Мен Рахаң жайында ойланған сайын көз алдыма үш түрлі Рахымжан Отарбаев елестейді. Бірі – жазушы, рухани Рахаң, екіншісі – қара башайына шейін прагмат Рахымжан және үшіншісі – әділдікті тұмар еткен, әрі мәрт Отарбаев. Тарпаң талант жүзінен шуақ ылғи төгіле бермесе де, айналасына шуағын төгіп жүретін Астанаға ауысып келгеннен кейін бір шаруамен Үкімет үйіне баратын болдым. Сонда Рахаң үстімдегі қораға да, қалаға да салып киетін бетжүздігімді салғаннан жаратпады, киімілгішінде тұрған өзінің жап-жаңа брендтік мөлт қара бешпет-шалбарын, оның ішінен бәсі бір қаралық ақ көйлегін кигізді. Және басы бүтін беріп тұрғанын бірден кесіп айтты. Сол қымбатлу киім-кешек әнеу бір жылы Мекеге тәуапқа барғанымда Ыстамбұл-Джидда түйіспелік рейсі үстінде шабаданыммен бірге жоғалып кетті. Ырымшыл қазақ емес едім, сонда-дағы жүрегім біртүрлі секем алған-ды.

Рахаңның жаман тұрмағаны көпшілікке мәлім. Бұрынғыша айтқанда бай, қазіргіше тұспалдағанда ауқатты болды. Ауқатты болғанда да, Қарынбай емес, жұмысты құлша істеп, бише асайтын. Қалтасынан ылғи да тиын-тебені үзілмейтін ол жұқалау жүретін біздерді ресторанға ертіп барғанында құдды әкеміз тамағымызды өзіне тапсырып кеткендей қалтамызға қол салғызбайтын. Кезінде Мүсілім Магомаев та сөйтеді екен. Байырқаласам, байлық, тектілік екеуінің де арғы затында бар. Енеден тістеп туған күміс қасық атадан балаға іркес-тіркес жалғаса береді екен де, Рахаң жазатын «иті оттамаған» сорлылар сол күйінше қала беретін сияқты ғой. Өзі айтатындай, шынымен де аталары «жеті мүшесіне жеті әйел алған» асылзада болса керек, әйтеуір, зәуімде пакет шайды кесеңе екі-үш мәрте салғандай болсаң, «Соғыстан келдің бе, не?!» деп кіржіңдеп қалатын. Осы біз қарнымыз ашып кетсе көшеден оны-мұны алып жей саламыз ғой, ал Рахаң өйтпейтін – іссапармен жүрген жерінде бір оңды пәтерді жалдап алады да, өз қолымен былқытып тұрып ет пісіреді. Бір күні қазанға сұрпы етті азаңдау салып қойды ма екен, әйтеуір келген жігіттерге жетіңкіремей қалды, көпіршігін шымырлатып құйған сорпа-суан місе болмады. Сонда не нәрсені де алақалжыңға айналдыратын әдетімен «Қанша дегенмен хандықпын ғой» деп еді. Осы жерде білмейтіндерге аз-мұз түсініктеме: Атыраудың елі жеріне қарай Жайықтың арғы беті мен бергі беті, Самар жақ пен Бұхар жақ болып бөлінеді. Бергі жақ асқан қонақжай, ал арғы жақта, – өзім барып көргем жоқ, көргендердің айтуынша, – қыстың күні қардың суын сұрап ала алмайды екенсің. Сірә, Рахаңның өзі «Алдыңнан күліп шығатын адамы, үріп шығатын иті жоқ ауылды көрдім» дегенде осындай бір жерлерді меңзеген болуы. Неге десең, білетіндер «Е, олар хандық қой...» деп қоя салады. Яғни, бұрын ол жақ Ішкі Орда хандығының аумағына кіргенін айтады. Сонда білім-өнердің, мәдениеттің сәулесі ерте түскен жерлер өз несібелерін біз құсап беталды шаша бермей, қытып ұстайтын болғаны да. Несі бар, үйренетін қасиет екен. Бірақ Рахаңды сондай толық «хандықтардың» қатарына қоюға болмас еді. Оның қарағайдың қайнап біткен бұтағындай ер мінезі, «Мадзиратти» сияқты бір орында тұрып 180 шақырым алатын күрескерлік темпераменті, ақиқатты айтып шаңыңды қағатын аққабақтығы найзасының ұшы алтын ер ысықтың ежелгі атакүлдігі – бергі беттегі Тайсойғанның адамдарына жақындатады-ақ. Бірақ аз нәрседен сергіп кететін ақкөңіл, жомарт мінез Рахаңның, «Жібермеген көршіге, елге есебін, / Исатай мен Махамбеттің жерлесі едім. / Қара күштің иесі болмасам да, / Тисеңдер намысыма белдесемін» дейтін Рахаңның тайсойғандықтардан, соның ішінде бастыққа жақындап, иіліп сәлем берудің орнына анадайдан тұра қашатын Мақсот екеуімізден бір ерекшелігі, әркімнің-ақ, әсіресе іс басында жүрген, қазанның тұзын татып отырған жандардың тілін тез таба қоятындығы еді. Билікпен тіл тапқыштық, шенділермен шендесе білу, әртүрлі сорттағы адамдарға жанасып, жанабында жүре алатын сирек қасиет таланттың ауылымен қатар қона ала ма? Михаил Шолохов, Сергей Михалков, Никита Богословскийлердің өміртарихын зерделеп отырсаң, әбден қатар қона алады екен және осының өзі адамға жүре бітетін емес, туа бітетін, зәузатпен келетін нәрсе, яғни бармақтай бақ сияқты. Әрине, тым жалмаңдап кетпей, тым жалбақтамай, тең ортаны ұстана аласың. Мәселең, өзіне «Қалың қалай?» деп қайрылған бастыққа «Бір аяғыммен Атырауда, бір аяғыммен Астанада талтайып тұрмын» деп заматта сақ еткізіп, сол ұрымтал сөзімен оны сақ-сақ күлдіріп, «Ендеше екі аяғынды қоса қояйын» деген уәлі сөзін ауызынан жырып алу Мақсот екеуіміздің өлсек те қолымыздан келмес еді. «Бүргенді аралайды жолын білген» дейтін өлең сөзі шылғи рас. Оған да талант, тіпті үлкен талант керек.

Ал енді осылай бола тұра, ылғи да «Король жалаңаш!» деп айқайлайтын аңқау баланың күйін кешу, кейінгі есейген, егдерген шағында да ылғи хан тасына шах жариялап жүру Рахаң бойындағы екіжақтылықты, екібеткейлікті одан әрі айқындай, бедерлей түседі. Бірде, сірә, өзі мемсыйлық алуға түсіп жатқанда болуы керек, Рахаң Атыраудан звондап, сыйлыққа ұсынылған «Шыңғысханның көз жасы» повесіне рецензия жазуымды сұрады. Ер қайрағы – елуге толғанында «Қара сөзден қаймақ қалқыған» дейтін әрі тоймақала, әрі әдеби талдау жазғанымды есіне салып, бір жазғаныма қайыра оралмай бермейтінімді айтқым кеп тұрдым да, ренжітіп алармын деп айтпадым. Нені жазсаң да әуелі кілтін, тұздығын тауып жазу керек қой, одан әрі «киімін» кигізу онша қиынға түспейді ғой деп желеулетіп, «көрейін, оқиын» деп қалдым. Повесі, Рахаңның өз нақысымен айтқанда, үлкендігі «құдайы күлшедей» ғана дүние екен. Демде оқып шықтым, бірақ «тұздығы» құрғыр таптырмай қойды. Өзінен сұрап көріп едім, тіпті ойламаған жерден шықты – «қағанның ұлы Жошыны өлтіретін құлан емес, қыпшақтың Құлан дейтін батыры» дегенге сайды. Бұл идея бола ма?! Не керек, «кілтсіз» повесть жайындағы рецензия ақыры жазылмай, тарих қойнауына еншісін алмаған күйі сіңіп жоғалды. Бертін, жазушы бақиға көшкеннен кейін Анар Қабылқақ деген әдебиеттанушы қарындасымыз Abai.KZ порталында әлгі шығарма жайында «Рахаңның көз жасы» мақаласын орналастырды. Анар тапқан, мен таба алмай қойған кілт – бас қаһарман бейнесімен қойындасып кеткен шерменде автордың өзі, яғни оның ұлы қағанның көз жасы деп отырғаны шынтуайтында Рахаңның өзінің көз жасы болып шықты. Осыған байланысты комменттерде оқырмандар өзара айтысып та қалды: бағзылары «Рахаң жылаған» десе, қайсыбірі «Рахаң ешқашан жыламаған» деп дәлелдеді. Менің қосарым: біздің жақтың жігіттерінің көзінен жас шығару оңай емес, бірақ олар да жүрек иесі болғандықтан әрнәрсені ойлайды, қамырығады, ет-бауырлары езіледі. Бәлкім, Рахаңның қазірде «аузына келгенін құсты» деп бағаланып қалып жүретін қайсыбір шікірт сөздерінің, қалыптасқан қалыптарға сыймай жататын тұжырымдарының екі арада жалтаңдап өмір сүрудің азабы, сыйлық ала алмау, т.б. тәрізді пендәуи тірліктерден туатын түрткі себептері болған да шығар, дейтұрғанмен, солармен қоса-қабат кеуде түкпірінде, жүректің басын езіп, үнемі маза таптырмаған бір әлеуметтік қыжылдың жатқаны да зайыр ақиқат. Жоғарыда «Атырау-Алматы пойызы» хикаятын өзінен соң бірінші болып оқып шықтым дедім ғой. Меніңше, кейінгі Рахаңның, шын Рахаңның бейнесі, ол ғана емес-ау, бүкіл адами конституциясы «мен мұндалап» сонда тұр. Оқиғасы өмірдің өзінен әбден ойып алынған. Тіпті кіші әдеби жанрлардың бірде-біреуінің қалыбына келмей қойғандықтан, жанрлық жынысын «қаз-қалпында» («быль») деп айқындағанымыз есімде.

Оралхан Бөкей «Менің шығармаларымның қай жері біреуге артық-ауыс көрінсе, дәл сол жерде Мен бармын» дейді екен. Рахаңның өзі «Мен қазір қазақтың қара сөзін қой айдағандай өргіземін» дейтін. Шынында да бізде Отарбаев тәрізді керегенің көгінен жел боп ұшатын жел сөздің емес, өзі айтатын «омырау сүті тілінің» бар құнарын, сөз байлығын мейлінше игерген Отарбаев тәрізді прозаик ілуде біреу. Оның тілге қатты көңіл қоятындығы соншалық, «тілге уақыппын» деп жүрген менің өзім бір күні ағамнан ойламаған жерден сөз естіп қалдым. Өзім отырған «Астана» журналында адамға қатыстыра «он екі мүше» деген тіркес қолданылған екен, соған Рахаң жатып ашуланды. «Адамда он екі мүше емес, жеті мүше болады» деп. Шынында да, кейін анықтасам, он екі мүше (жілік) түйе малында ғана кездеседі екен.

Рахаңның көріктемей жаза алмайтын жазушылығы соншалық, онысы ауызекі сөйлеу кезінде де ұдайы ұшқын атып тұрушы еді. Бірде досы, оралдық ақын Амангелді Шахин Рахаңның Оралда премьерасы болған «Сырым батыр» спектакліне ыңғайсыз бір жеріне жара шығуына байланысты келе алмайтын болып, орнына әйелі Сараны жібереді. Сонда Рахаң тұрып:

- Иә, шиқан деген қасиетті жара ғой. Бағы жанатынның маңдайына, бағы жоқтың шондайына шығады, — деген екен...

Рахымжан Отарбаев — осылайша қазақ тілінің шұрайлы, шүйгін, рахат тіл жайлауын шұрат сынды емін-еркін жайлаған жазушы. Тілдері жалғыз молаға барып жарты молда құран оқығандай бүгінгінің базбір жас-жасамыс жазушыларының жазғанын оқығаныңда Рахаңның «Қазақтың шұрайлы тілі менімен бірге тынатын шығар» дейтін сөзі еске түседі. Шынымен де ол өкілі болып саналатын суреткерлеріміз сөз киесін өздерімен бірге әкеткен сияқты ғой. Мүмкін мұның өзі ауылдан қол үзе бастағандығымыздан шығар, Рахаңдар тізесінде отырып сөз бағып өскен, көне сөздің көбесін сөгетін шалдардың арамыздан көшіп болуының бір белгісі болар. Ол алыс Атырауда тұрып, одан да алыс Қошалақтың тұрғындарының — құмдағы құмаршықтың дәнін қағып қамырнанға айналдыра білетін «дала академиктерінің», ата-бабадан үзілмей жалғасып келе жатқан ескі, табиғи тілінде сөйлеген алабөтен жандардың тілімен жазды. Ғажабы сол, осынау ерекше тілді басқалар, әлемнің қиыр түкпірлеріндегі алуан тұрпатты оқырмандар үздік деп айта алмайтын аударма нұсқасында-ақ қапысыз түсінеді. Музыканың әмбебап тіл екендігі сияқты, құмаршықтан да, бидайдан да нан пісіретін наубайлардың, қолөнерші шеберлердің өз әмбебап тілдері бар. Рахаң — сондай әдеби әмбебап тілді игере алған қаламгер-тұғын. Бұл жағынан мен оны американ Фолкнер, француз Жиано, румын Садовяну, орыс Распутин секілді тілді стильдік ерекшелікке айналдырған атақты жазушылардың қатарына қояр едім. Автор ретінде шебер сөйлейтін қаламгер аз емес, ал кейіпкер болып сөйлейтін автор өте сирек. Басқаша айтқанда, төлеу сөзге келгенде құдірет иесіне, философ болып көрінетін автор төл сөзде өмірді кітаптан ғана білетін шамасын, содан туатын дәрменсіздігін байқатып алады. Сірә, диалог құру, төл сөз жалына қол апарта бермейтін, асқан шеберлікті, үздіксіз жаттығуды қажет ететін тірлік болса керек. Осы орайда Рахаңның диалогты психологиялық жағынан өте нәзік жымдастырып құруына қарап, сірә, бұл жазушы өзге тұста алдын-ала ешқандай әзірлік жасамаса да, тіпті шығарманың жоспарын құрып алмағанның өзінде де, жазуға кіріспес бұрын әр кейіпкердің төл сөздігін жасап алуы мүмкін-ау деген ойға кетесің. Бір кейіпкердің сөзі екінші кейіпкердің сөзіне кіріп кетпейтіндей етіп кейіпкерлердің лұғатын даралау әдісін қолданған тәрізді.

Жалпы Рахаң қалай жазды деген сұрақтың басы әл-әзір ашық тұр. Хэмингуэй сияқты бөлек-бөлек қиқым қағаздарға жазып тастай берген бе? Әлде Распутин тәрізді кейіпкер сөздеріне «сөздікшелер» жасап қойған ба? Күніге неше бет жазатын? Күннің қай уақытында жазған?.. Ол жағын білмеймін. Бұл жазушылық кәсіптің «көкинәсі», әдетте қаламгерлер ол жағын ашып айта да бермейді. Әйтеуір білетінім, телефонды өшіріп тастап, жылдам жазатын. Соған қарағанда, бір бастап кеткеннен кейін арғы жағы өздігінен құйылып келе беретін болуы. Ол жағын енді Сәуледен сұрау керек...

Рахаңның негізгі кейіпкерлері — жоғарыда айтқанымыздай, ауылда тұратын алабөтен, ерекше, қызық адамдар. Шукшиннің «чудиктері» сияқты. Оқып отырып біресе күлесің, біресе жылағың келеді, көбінесе кеудеңді мұңды күдік жайлайды, ал соның барлығы қосыла кеп алашұбар, бірақ бүтін бір бітімдерді көз алдыңа әкеп тартады. Жаны құнарлы, еркін ойлайтын, еркін сөйлейтін, ноқтаға басы сыймай жүретіндер. Бұл жағынан келгенде Рахаңның әр кейіпкері — оның өзі. Ешнәрседен қаймықпайтын, маңдайы қасқа шындықты ғана айтатын автордың өзі. Рахымжан Отарбаевтың шығармашылық мінезінің тағаны да осы — жазушы дүниетүйсігімен өмірді ұлығылағысы келеді-ақ, бірақ ол өмірдің ғадалатсыздыққа, жалғандыққа толы нақты тәжірибесімен бетпе-бет келген кезде әлгі ұлығылау сезіміне жазушылық қыжылы, азаматтық ожданы қарсы шығады. Келіспей қояды. Автор ақыры ожданына бағынады. Содан да оның қаламгерлік даусына бір сәтте де жарықшақ араласпай, не нәрсені айтса да бірінің ізін бірі басып, авторлық мөрі айқын шығып отырады. Осынысымен Р. Отарбаев әдебиеттегі классикалық дәстүрді жалғастырушы дейміз. Неоклассикалық дәстүр өкілі деу жөн. Ол модернизмге бара алған жоқ, дұрысы, оған жетпей кетсе керек. Себебі, жазуды шамалы кешірек бастаған ол негізгі жазарын да соң берген ғой, яғни, нағыз әдебиеттің шынайы қырларын енді шындап игере бастаған шағында өмірден кетті. Содан ба екен, онда үлкен жазушыларда болатындай, негізгі тақырыбынан басқа тақырыптарға бару, жанр өзгерту бола қоймаған. Негізінен ауыл тақырыбында, әңгіме-повесть жанрында қалды. Сөйте тұра әдебиеттің басқа түрлеріне — драматургияға, киносценарийге қалам тартты. Сірә, бұл прозалық шығармаларының театральдылығынан болуы крек. Осы тұрғыдан Рахаң қолтаңбасы проза мен пьесаны қатар жазған Вампилов шығармашылығына ұқсас. Сонымен бірге бірқатар прозасы театр сахнасына сұранып тұрғандығына қарамастан спектакль ретінде қойылмауы ойландырады. Сірә, бұл бізде кейбір елдердегідей прозалық шығармаларды инсценировкаға, пьесаға, сахналық нұсқаға айналдырып, театрларға ұсынып отыратын профессионал мекеменің болмауынан шығар. Осының өзі Рахаңды пьеса жазуға итермелеген де сияқты. Десе де, осы күні отырып, ол алдымен неге прозасының сахналық нұсқаларын жасамады екен деп ойлайтыным бар. Қалай десе де, үлкен әдебиетте, прозаның қат-қабатында драматургия бара алмайтын, кинематограф аша алмайтын, шығарманы жазу үстіндегі автордың өртеніп жануынан ғана туатын нәрселер жатады, соны өз алдына бөлек жазылатын пьеса емес, прозаның сахналық нұсқасында ептеп болса да беруге болады. Рахаң өйтпеді. «Бас» шығармасын ғана алдымен драма түрінде жазып, соңынан оны романға айналдырды, бірақ бұл прозаның сахна нұсқасы емес. Сірә, бізде Ресейдегідей, Еуропадағыдай ертеден келе жатқан ондай дәстүр болмағасын прозашыларымыз амалсыз драматургияға бой ұрып, шала шабылып қала ма деймін. Осы жағдай кинода да бар. Дүние жүзінде кинематограф үлкен әдебиеттің тамырынан нәр алып, өсіп-өркендеуде. Осы орайда Рахаңның прозасынан («Соғыстың соңғы бомбасы» повесі) өз отаны емес, алыс Қытайдың телехикая түсірмек болуы (немесе түсіруі) ой саларлық.

Қалай болғанда да тақырып ауыстырып, жанр өзгертудің, тіпті сахналық нұсқа жасаудың жазушыға берері көп. Жалғыз дауысты көкектің жарқашақ үнімен оқырманыңды жалықтырып аласың. Бұл — бір. Екіншіден, тақырып өзгерткесін сол тақырыпқа сай өң, жаңа тональдылық табасың. Сол кезде сөз де өзінен-өзі құйылып келе бастайды, бірақ бұрынғы тақырыптың емес, жаңа тақырыптың соны лұғаты болып келеді. Распутин өмір бойы деревняны жазбаған, оның қала өмірінен жазғаны да бір жосын, мысалы, «Уроки французского», «Рудольфино» дейтін әңгімелері. Солардан басқа Распутинді, әдеттен тыс Распутинді көруге болады.

Өкініштісі, біздегі Рахымжан — жалғыз-ақ. Басқа тақырыпта жазған, сөйтіп екінші қырынан ашылған Рахымжан жоқ. Соған сай тілдік бірөңкейлік, соңыра стильдік белгіге айналған бірыңғайлық белең алып кеткен. Сол ерекшелік тілдің майын қалқып, сорпасын сапыруға ұласады, көне сөз болып құлақ кеседі, авторды сөзді шекесінен ғана шертіп пайдалану әдісінен, тіл мен ойды қыз бұрымындай қатар өруден алыстатады. Құлынның сақауын, құнанның тісеуін ұдайы шығарманың өн бойына үйіп-төге беру форма, пішін қуалайтын парнассизмге әкеп соқтырады. Ал әдеби шығармада тілдің байлығы емес, қызметі маңызды. Бұл турада Тәкен Әлімқұловтың «Шешендікке бой ұрып кету, ділмарлық ой мен сезімнің қуатын қашырады» дегені бар. Лев Толстой болса, одан да дәл айтады. «Литературная вещь, — деп жазды ол, — создаётся не посредством языка, не движением мысли, а сцеплением образов, то есть через монтажа». Яғни, туынды әдеби бейнелердің қабаттасуымен, қаттасуымен, соларды қолдан қиып, қиыстыру арқылы жасалады дейді. Ал Рахаң көбінесе сөздің бояуын ол қажет болғаннан да артығырақ жағып жіберуші еді және осынау сөз қызықтап кету бір жерде қоюланып, бір тұста сұйылып қана тұрмай, шығарманы тұтас қаусырған кезде тілмен стиль жасауға айналатын. Тіл – туындының құрылыс материалы, қаңқасы, бірақ әсте де стильдің өзін білдірмейді. Тілмен, сөз байлығымен журналистік мақаланы яки эссені ғана алып шығуға болады. Ал прозада шын жазушы ең қажет, ең орынды бір сөзді табу үшін жүздеген тонна сөз рудасын қопарып шығады. Олай болмаған жағдайда тіл эквилибристикасы стильге айналады да, оның соңы жағын сауған авторлық позицияның шамадан тыс белсенділігіне әкеп ұрындырады, деталь, характер ашу тәрізді шығарманың негізгі заңдылықтарын белінен басады. Абырой болғанда «Атырау-Алматы пойызы» әлгіндей кібіртік-сықырлардан қойын аулақ жайған дүние болып шықты. Оны айтасыз, шап-шағын хикая аса үнемді неміс прозасының хас үлгісін танытады: барынша дәл детальдар, қысқа да екпінді сөйлемдермен берілетін авторлық ремаркалар, шетін ғана көрсетіп, соңын жауып тастайтын ұтқыр диалогтар, телеграфтық стильдегі шымыр репликалар, диалогтар мен полилогтардағы тілдік мінездемелер және осының барлығы да жинала келіп авторлық позицияға қызмет етеді. Ал автордың позициясы айқын және өте белсенді.

Құранда «...Негізінде адам баласы тым нәсүкір» деген сөз бар. Рахаң болса «Қазақтың ішінде өмір сүруге болмайды екен, қазақтың ішінде өлу керек екен» деп кетті. Және де кейде назаланып, жердің қанын сорып отырған «бұл жердің кісісі көп, адамы аздау» деп салатын. «Атырау – Алматы пойызында» сол әбігер тіршілік, адамы емес, кісісі көп бір вагондағы бір күндік тірлік қаз-қалпында құйылып түскен және жазушы сол арқылы объективті түрде елдегі жалпы жағдайды мозаикалы миниатюра түрінде көрсеткендей болады. Ала таңмен Атыраудан аттанып, қайыстай созылып Күнге маңдай төсеп келе жатқан «есек» пойыз... Ертеңгі тұнық ауаны оңды-солды кескілеген тынымсыз доңғалақтар... Жазушыны оңаша купеге ыңғайлағысы келетін жолсерік қыз... Бір жартының басын жарып, купеде көсіліп отырған базаршы әйелдер... Бала көп ойнаған қуыршақтай жұлмаланып қалған сорлылардың көр-жер өсегі... Айналдырғандары – ботаның көзіндей титтей айна... Сүйреңдеп қас аңдыған инеліктей сым темір... Көрші купеде «гарб» сызып гүжілдескен төрт жігіт... Перронда қалыңдық пен күйеу жігітті ортаға алып, тарсылдатып билеген тойшы қауым... Былқыл қаққан бөкселер... Ақ бу атып күрсінген пойыз... Шифері жаңбыр мен күн кеміріп тозған, кірпішіне ақ сортақ жүгірген жапандағы жалғыз үйлі разъездер... «Жаным-ай!» деп, оңаша купеде ышқынған... «Сыпырып алды!» деп күңіренген карташы... Дәлізде жазушының руын, жүзін айырмақшы болып оңазаланып кетпей тұрып алып, малтасын езген малматымақ....

Ақыры, не керек, жазушы әлгі малматымаққа «Жалпы қазақ емеспін» деп сыздана жауап беріп, Қызылордадан сыпырылып түсіп қалады. Осы жерден асықпай самолетпен ұшпақшы.

Оның «А» нүктесіне тоғышарлар мінген пойыздан бұрын жеткені жайында ресми ақпарат лям-мим. Мүмкін ұшпаған да шығар. Немесе күміс қанат сұңқар кеудесін ыза буған жолаушысын басқа жаққа – мәңгілік тұрағына алып кеткен болар...

х х х

Жоғарыдағы «пойыз хикаясында» Рахаң өзіне тән юмормен автопортретін де сомдай кетіпті. Ол жолсерік қыз бен саудагер әйелдердің арасындағы диалог арқылы беріледі.

- Бұл кім өзі?

- Тс-с! Белгілі адам. Жазушы.

- Сол екен ғой. Бәсе... Жақында «Қазақстан» каналынан жағын сауып тұрған.

- Е, мен де көрдім. «Егемендік алдық. Мемлекетімізді қалыптастырдық. Бірақ бізде мемлекетшіл тұлғалар неге жоқ», — деп жер тепкен...

Рахаң өмірінің соңғы кезеңінде елдің жадында көбінесе осы қалпында, яғни «жер тепкен» күйінде қалды. Мысалы Ресейдегі Жириновский, Макаревичтер сияқты. Рахаңның рухани інісі, белгілі журналист Ерболат Қаменнің әңгімелеуінше, бір күні екеуі елге барып, сыртқа шығып тұрса, бір кішкентай бала жандарына таяйды. Рахаң оны бұрыннан біледі екен, «Е, мынау мені атақ шығаратын ата дейтін бала» деп таныстырады. Ерболаттың Рахаңа жиендігі және соған сай нағашы жұртынан құрық әкеткен айтқыштығы бар-ды, дереу «Одан да шатақ шығаратын ата демей ме?!» деп, зік еткізеді. Сөйтіп тауып айтып, Рахаңның өзін сөзден бір шалып кеткен. «Ине көзінен сынады, шешен сөзінен сынады» деген осы.

Сөзді ұзатпай айтайыншы, Рахаңның жаңағыдай шатақшыл тұрқы басқалар былай тұрсын, өзінің бірқатар тілеулестеріне де, соның ішінде маған да аса ұнай қойған жоқ. Қисынсызға қышқыратын тантықтық оған жат еді, не болса да халықтың көкейінде жүрген нәрселерді айтатын, бірақ тым ашынып, ащы айтып, батылдықты асылық айтуға, тіпті өткенге топырақ шашуға ұластырып алатын. Мен ағамның осы қылығының себебін түптеймін деп ойым шартарапқа кетіп жүрген қазақпын. Шынымен де кеден неден болды? «Өлсем де аяғымды қайқайтып жатайын» деп өзі айтатындай, қолдан қалып қиып, канон жасайтын стандарт атаулыға, жазушының жерден тары терген тауық сияқты ұлан-қиыр азапты еңбегін көзге ілмей, талантты тірісінде танымай, өлген соң жоқтайтын, «мақталғың келсе — өлуің керек» деген күпірлікке дейін алып баратын көрсоқырлыққа ақиқатшыл үлкен жүрегінің қарсылығы ма? Әлде үш ықтиярсыздан — атақ, байлық, махаббаттан болатын еріксіздіктер себебінен бе? Атақсыз қазақ өзін сапсыз жау сияқты сезінетін ұлттық діліміздің белгі беруі ме? Әлде кісінің төрт тіреуінің — қара өтен үйі, сол қара орманы тұрған жер, қызметі, той күндері де, жай күндері де бірге өткізетін жолдас-жорабаның, — төрт таяуының біреуінің таянышы жіңішкеріп, сыр берді ме? Содан біреуі ақсап, орнынан сырғыған тас сияқты орнықпай қойып, ақыры үстінен тау құлағандай болды ма?

Білмеймін. Әйтеуір осының өзі адамның бар үміті үзілген, кесілген кездегі трагедия сияқты көрінеді де тұрады.

Блок «Пушкинді Дантестің оғы емес, ауаның жетпеуі өлтірді» деп осындай жағдайды айтқан болуы. Немесе Горькийдің Шарль Бодлер жайлы «Жил во зле, добро любя» дегені... Есенин өзін ұрыс-керіспен сарқып бітіп, 30 жыл ғана жасады... Әр кәллада — бір қиял. Осының бәрін көріп отырып, кісі қалайы құрлы салмағы жоқ атаққа неге қызығады екен деп таңқаламын. «Марапат жайында көп ойлану — артық нәрсе. Жазушы болудың өзі — марапат» деген Апдайк. Жетіп айтқан сөз! Ал Рахаң болса «Ақ қағазға сөз ойып шаршадым» дейді. Жазғанының, жасаған еңбегінің өтеуіне ештеңе ала алмадым деген өкпе-соқпамен айтқандай болады да тұрады осы сөзді. Иә, әрқандай еңбектің, соның ішінде жазушылық еңбектің өтеуі, бодауы болуы керек. Себебі, қалыптасқан ұғым бойынша, қандай да бір атағы шыққан қаламгер Отанына, отандастарына қызмет етуі тиіс, ал әлгі екеуі соны лайығымен бағалауы керек. Өтеусіз, қайтарымсыз жазбай қою, яғни оқырмандардан, сыншылардан пікір күтпей, үкіметтен марапат күтпей жазу әлем қаламгерлерінің ішінде Сэлинджердің ғана қолынан келген. Ал осы бір американ жазушысы сияқты бір ғана романымен атағы дүркіреп, одан кейінгі қырық жылда жазғанын жарыққа шығармай қою үшін Сэлинджер болып қайта туылу керек. Ал біздің Рахаң американ арасында туылған Сэлинджер емес, қазақтың ортасында туған Отарбаев. Сэлинджер жазғанына ешнәрсені, ештеңені талап етпесе, біздің Рахаң еңбегінің зейнетін көргісі келді. Өйткені ол — Рахымжан. Сөйте тұра, қайран ағам, өзінің Сэлинджер боп туылмағанына тірісінде өкінген де сияқты ғой. Жалғыз тұяғы Ермерейдің тойында сөйлеген сөзінде: «Кітап жазам, оны шығарам дедім. Пьесамен айналыстым, спектакль қойғызам дедім. Бар ғұмырым осымен өтіп барады. Мына шешелеріңе жұрттың күйеуі сияқты жақсылық жасаған адам емеспін. Алдымен осыны сыйлаңдар», — депті. Мұнысымен ол «Жазушылық — өзінше бір дін, бүкіл уақытыңды алатын, оны отбасыңа да, күнделікті басқа тірлігіңе де бұйыртпайтын өзімшіл дін» деген Сэлинджермен бір ізді басқандай болады. Осылай болғандықтан жазбай кету үшін көп күш-жігер керек. Жай жазбай қоюдың өзі үлкен күш, ал өтеуіне ештеңе сұрамай жазбай кету, жазса да жарыққа шығармай кету үшін зор қайрат, зор жігер қажет. Сэлинджер өз бойынан соны тапты. Рахаң таба алмады. Әлде тағдыры, әлде жазмыш-қадары, немесе Чехов «лаборатория больных самолюбий» деп атаған өмір театры кеселдік келтірген...

Шіркін, Рахаң сол Сэлинджер сияқты қырық жыл жазғанын баспаға бермей, өзі кеткеннен кейін шығаратындай етіп уәсиеттеп кеткенінде, қазір жағдай қандай болар-ды! Басқаны қайдам, кітаптары көшеге шығарылып өртелмес еді. «Халқынан шыққан қасарма» деген ат сыраның бөтелкесіне жапсырылған қағаз сияқты жалбырап тұрмас еді. Исаны ағашқа керіп өлтірген тобыр, одан кейін Бруноны отқа өртеген кер заман демей-ақ қояйын, бірақ Гельвецийдің «Ақыл-ой жайлы кітабын» ғақыли рационализмді айтқаны үшін Сорбонна отқа жағып жіберген жендет ХVIII ғасыр анық еске түседі. Сол қаратүнек Ортағасырдан бері бақандай екі ғасыр өтпеген тәрізді, адамзат арбадан галактикааралық кемелерге ауысып отырмаған тәрізді. Ғылымы, ілімі өскен, бірақ сана баяғы аң күйінде қалған. Сонда не үшін? Абай, «Абай жолы» эпопеясы жайында әдеттен тыс, каноннан тыс пікір айтқаны үшін. Ғажабы сол, Рахаңның сол пікірлеріне уәжді жауап берген, ғылыми дәлел-дәйектермен сын иесін тәубеге келтірген ешкімді көрмеппін, оқымаппын. Себебі, ол үшін бас керек, білім керек, қажыр-қайрат керек, ал кітапты көшеге үйіп, от қою үшін соның біреуінің де керегі жоқ — аздап бензин және сіріңкенің талы болса жетіп жатыр. Содан бірнеше жыл өткенде Абай дейтін ақын, тіпті ондай адам болмаған, оның атынан Пәленше мен Түгенше жазған дейтін Зәуре Батаеваның жалғандығы жаға ұстатар эссесымағын, — көшеге шығарып өртемей-ақ қойсын, — алдымен сол нағыз халқынан шыққан қасармаға өлтіре соққы берген жөндемі бір жауап мақала да жазылмады ғой. Мен бұл жерде публицистік сарындағы, алды-әкетті, қашты-қуды мақалаларды емес, іргелі, ғылыми тойтарма мақаланы айтып отырмын. Осы фактінің өзі қазіргі абайтанудың жағдайын, ал объективті түрде Рахаңның шындыққа жақын келгендігін танытады — Рахаң сол сөздерімен рухани саламызды теміреткідей жайлап алған қасаң қағидашылдыққа, сартап схоластикаға қарсы шыққан. Және де оған қарсылар ортағасырлық өртеу әдістерімен біз шынымен де ойсана жағынан ортағасырлық схоластика жағдайында тұрғанымызды көрсетті. Ендеше Рахаңды тірісінде күстәналамау керек еді, ал адамдық ғұмыры тәмам болғасын ол жақсы сөзге ғана лайық.

Рахаң Абайды сынаса, нағыз абайшыл болғасын сынаған. Абайдың рух сынын толық қабылдаған соң да сондай әрекетке барған. Анығында, Рахымжан Отарбаевтың шығармаларын оқығанымда өз басым бір кітаптың тарауларын оқып отырғандай сезімде болам. Ол соларда оқырманына: осы сен адам қалыбыңда, адам боп қаласың ба? деген жалғыз сұрақпен қайырылатындай. Өмір майданында, тіпті кереғар құбылыстар — сүйіспеншілік пен опасыздық, құшырлық пен немқұрайдылық, шынайылық пен жалғандық, ізгілік пен зұлымдық қойындасып, астасып, жігі білінбей кететін тағдыр тәлкектерінде жаман атаулыны еңсере аласың ба деп тұратындай. Адам бол, дейді сол көп үн бұлақтардай жамырап, бір жерге кеп тоғысып. Адам бол... Құдай-ау, қайдан естідім осы сөзді деп отырасың... Е, Абайдікі ғой! Оның бүкіл жазғанын тұтас қаусырып тұрған жалғыз фәлсафа — мына дүние тіршілігінде адам боп қалу ниеті, соған үйрету.

Осы тұрғыдан қарағанда, Абайдың трагедиясы — Рахаңның да трагедиясы. Абай ішкен у — Рахаң ішкен у. Екеуі де тағдырына уланған адамдар. Себебі, міне, қанша ғасыр болды, әдебиет адам баласын адамгершілік, рух тұрғысынан тәрбиелеп түзетуде аянбай қаншама қажыр-қайрат жұмсап келеді, бірақ соған қол жетті ме өзі деген күдік-күмән де сол әдебиеттің ғұмыр жасындай көне екен. Сөйтсе-дағы Абай сынды, Рахаң сияқты қуатты да мазасыз қабілет иелерінің таланты — адам баласын жаратылысындағы ең жақсы қасиеттерін тауып-табыстыру жолындағы әрекет таланты, сендіре білу таланты. Бұлар кесір мен кие, өшпенділік пен ізгілік әлімсақтан егіз-екі қатар өмір сүріп, өзара дүниені теңдестіріп келеді дейтін дүние тіршілігінің сартап шындығымен бітіспейді. Бұлар қай түрдегі болсын жамандық атаулыға әмісе қарсы. Әйткенмен, осы жерде бір ақиқатты мойындауға тура келеді: әдебиет, қалай десе де, адам бойына ізгілік ұрығын күштеп, шприцпен егу емес, әдебиеттің мұраты — бұ дүние ізгіліксіз, жақсылықсыз емес екендігін хасыл ету, көрсету, дәлелдеу. Әлгі ізгілік, жақсылық, кие адам жанының бір бөлігіне айналуы үшін алдымен адамның өзіне еңбек етпек керек. Ал олай болмаса, адамның өзі тағылық-аңдық қалыбынан айырылғысы келмесе, онда соны хасыл еткен зертшіл ақыл, санасы ағарған қабілет иелерінің иініне зор, өте зор жүк, салмақ түспек. «Елі қалай болса, бөркі солай бола» алмағандар мұндай жағдайда әлгі салмақтан мертігіп, майырылып, ақыры өмірден өлімді тәуір көретіні болады... Мұнда белгілі бір дәрежеде эфирге, сайтқа әлгіндей шетін сөз, оқыс пікір айта алатын адамдарды шақырғыш бүгінгі атжалман бұқаралық ақпарат құралдарының да «үлесі» болды-ау деймін. Рахаң «Айтақ көбейген заман ғой, қайсысына шаба бересің!?» дей тұра, көбінше соларға өзі де шабылып қалатын. Сондықтан оның тағдыры, бір есептен, өз қолекі ісінің салдары демеске лаж жоқ. Бірақ бұл сөз БАҚ Рахаңды шап бергенге тап беретін «андердог» жасады дегенді білдірмейді, олар бар болғаны адамның табиғи жаратылысында бар антагонистік мінезді өз мақсаттарына, яғни рейтинг көтеруге пайдаланып, шаптан түртіп, шындықты айтуды шатақ сөз айту деңгейіне апарды десе лайық. Осы орайда базбіреулер Рахаңды, сол сияқты оның алдында кеткен Табылды Досымовты тобырлық «талант өлтіру ойынының» құрбандығы дегісі келіп тұрады. Бірақ біз осылай дегіміз келгенімен, фактілер бұған қарсы: тағдырлары қиындау аяқталған бұл тұлғаларға не десе де өмірде әлдебір сорақы қиянат көрсетілді деп айта алмас едік. Солай бола тұра бастары ноқтаға сыймай өтті. Табылды да, Рахаң да өмірлері трагедиямен біткен тағдырлы ақындар Марат Отарәлиевті, Сағат Әбдуғалиевтерді қадір тұтты, солардың жоқтаушысы болды. Сірә, бұлардың тағдырын өздерінің тағдырындай көрді. Бұларға жасалған қиянаттарды, Светқали Нұржан айтатын «талант өлтіру ойындарын», оның сыртында халыққа жасалып жатқан қиянаттарды өздеріне жасалып жатқан қиянаттай, «өлтіру ойынындай» көріп қабылдады. Яғни олар тағдырларына уланған жандар. «Мен өзім өзімнің кеудемнен, Абақты жасадым ақыры» дейтін оралдық жас ақын Бауыржан Ширмединұлының жүрекжарды сөзі осы жерге дәл. Бірақ қайтсе де, адам өз тағдырын өзімен бірге ала тумайды. Жасағанның жазмышты әркімнің шекесіне шегелеп тастаған ештеңесі жоқ. Пешенеге жазылғанға, тағдырға күштеп, ерік-жігер арқылы да ықпал етуге болады. Әлеуметтану ғылымында «әрекетсіздік теориясы» дейтін қисын бар. Яғни бір нәрседе әрекет көрсетпеудің өзі әрекеттілік: кейде адамның тағдырына зиян шектіретін, залал келтіретін екі асығыс, бір қарбалас қадамдардан гөрі бойына энергия, қуат жинап жататын әрекетсіздіктің өзі пәрмендірек болып шығады. Кезінде Оңтүстік-Шығыс Азия халықтары өрлеу қозғалысының идеологы Хосе Рисал филиппин халқына отаршылдар бұқара санасына енгізіп тастаған құлдық санадан құтылмай тұрып тәуелсіздік жолындағы күресті бастау ерте деп санаған. Революция жеңісін тез арада қамтамасыз етуге болады, бірақ төңкеріс құлдық психологияны жоя алмайтындықтан революция нәтижесінде орнатылған диктатура залым түзімге (тиранияға) айналуы әбден мүмкін деп хауіптенген. Ал тирания отаршылдық биліктен де жаман. Кейінгі филиппин революциясы Рисал пікірінің дұрыс екендігін көрсетіп берді. «100 жыл сабыр сақтадым, 100 жыл сәби болдым, сосын ақылға шықтым» деген екен Ахмет Яссауи бабамыз. Мұны жүз жыл бойы өз тұсындағы сөз ұқпастардың өліп бітуін күтіп, іштей дайындалуы, 113-інде даналық биігіне шығып, 126-сында көз жұмуы деп түсіну лазым. Сонда хикмет кезеңі, яғни даналыққа қол жеткізуі небәрі он үш жыл екен. Осындайда қарасуық-қатқақ 37-де орылып түскен мақтұлдарымыздың тағдыры ойға оралады. «Аман ердің аты шығады» дейді қазақ. Амандығыңның өзі, асқан қажырыңмен өнер-білім жинап, жүрегіңді иман-ынсапқа толтырып, қаламыңмен елге қызмет етуіңнің өзі аз бақыт емес. Фәниден өзің кетіп, сөзің қалуыңның өзі аз күрес емес. «Нам не дано предугадать, / Как слово наше отзовется, - / И нам сочувствие дается, / Как нам дается благодать...» (Тютчев). Расында Рахаңдардың Құдай сый қып берген дарынының арқасында өлшеулі ғұмырында сөзден ғимарат тұрғызуының өзі халқы үшін айтағалсын еңбек еді ғой. Арамдық азбағанмен, адалдық тозбайды. Адам баласын өлтірмей ұстап тұратын нәрсе – қанағат пен үміт. Жаратқанға үрей мен үміттің арасында жалбарыну. Адам пенденің қолынан келетіні сол ғана. Өңгесі – артық байлық, артық дәулет, артық қайрат, артық атақ-үрмет, тіпті артық өнер сұрау, мұның барлығының аты да, арты да – мертігу. Соңғы жылдардың өзінде ғана қиянаттарға көнбеймін деп жүріп талай жақсы адамдар шалғымен шапқандай жапырылып түсті. Ақселеу, Рымғали, Әбіш, Таласбек ағаларым, Табылды інім, енді, міне, Рахаң... Өкінішті. Ажал Алланың аты. Сөйтсе де өте өкінішті...

х х х

Ауланың қарын күреп келіп, жұмысқа кіріскенімше дамылдап алайын деп қисайдым. Ақпан-дақпан санды қыс қарлы болайын деп тұр. Бүгін де ақ қанат көбелектер түнімен-күнімен қалықтап қонып, дүн-дүниені аппақ көрпеге тұмшалап орап тастапты. Мейлі, ертең шаруаға жайлы болады. Енді бірқанша күн өткесін көктем де қылтиып қалар. «Өлмеген құлға болды жаз» деген осы. Қыстың жаймашуағы болса да, күн сәулесі әлден миллиард бөлшектерге бөлініп, жердің бетін өткір жебесімен сүңгілеп тұр. Бірқатары терезеден сығалады. Еркінсіп, ішке үттің оймақ сәулесі болып шашырады. Көзім ілегіңкіреп кеткен екен. Бөлмеге көршілер жақтан иттің гүмп-гүмп үргені, жерге бауырын төсеп ұшқан қарғалардың қанатының қатқыл суылы, ала қанат сауысқанның шақылдағаны, сосын алыстан, түу алыстан зуыл боп жеткен әлдебір көмес дауыстар құйылды. Маңдайымды бір нәрсе оқыс желпіп өткендей болды. «Інім!» деді бір өр дауыс.

х х х

Дауысыңды естідім, жан аға...


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар